Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ар-ождан




Ыстау

Үлкен кісілер қыста жауған қардың қалыңдығын: қырбақ, аттың қара тұяғынан, шамасынан, қызыл асығынан, тұсардан, тізесінен, қара қапталынан деп өлшейтін. Шынында да, біздің қыстаудың күнгейінде қабақ қар жатса, теріскейіндегі омбы қар аттың қары қапталынан келетін. Жан-жаққа жел үрлеп тастаған қасат қар жар қабақтанып, түксиіп тұрушы еді. Жұт жылдары осындай қалың қарды күрекпен аршып, астындағы сары шөпке мал жаятынбыз. Бұл бір ауыр бейнет қой. Кейде қия беттің қары жылжып кетіп, көшкін басып қала беретін. Сол үшін қыста үлкен сайдың күнгей бетіндегі қар жұқа түсетін, ықтасыны мол жыра-жықпылды қуалай қоныстанатын. Ата-бабаларымыз малының қамына бола Арқадан Атырауға дейін көшіп-қонып жүре береді екен. Сөйтіп, өзіне қыс қысқан кезде пана болатын қонысты қыстау деп атапты.

Ендеше, шөбі шүйгін жайлы қонысты иемденіп алуға әркім-ақ тырыспай ма? Мұндайда кімнің іргесі бұрын тисе, қоныс сонікі болған. Әрине, малды адам - әлді адам. Қайда шұрайлы қоныс болса, сонда бұрын жеткен. Бірнеше жыл қыстаған соң, әлгі жер сол адамның атымен аталатын. Мәселен, ауыл адамдары: Көл бұлаққа қарай еңкейіп келе жатып Нұрғазының қыстауына соғып едім, биыл шөп ересен қалың шығыпты, - десіп әңгіме құратын (Н.Қазыбеков).

5-тапсырма: Этимологиялық сөздікті пайдаланып, мына сөздердің шығу тегіне, тарихына талдау жасаңдар. Тарихи жырлар мен эпостық шығармалардан мысалдар келтіріңдер.

...Алафа, алаш, алқалы, шар, сыбай, кешесі, жәреу-келі, берен, шара, толағай, сызу, сыншы, сары, оразды, қайдақ, шерлеп, тақуа, мақам, жаһат, шаһбаз, бастырма, хикмат...

Үлгі: алафа 1) олжа, пайда, табыс; 2) пара, алым, ауыз бастырық; 3) кәделі сыйлық, жөн-жоралғының атауы; 4) бедел, абырой.

Мысалы:

Қырық сан қара қалмақты

Жарлығына қаратқан...

Алафасын арттырып,

Арпалап атты қуантқан (Ш. Уәлиханов, I, 191).

6-тапсырма: Тіліміздегі жер-су атауларының өзі - бір тарих. Оны білу, меңгеру үлкен мәдениеттілік. Сондықтан да мына жер-су, елді мекеннің атаулары қандай жағдайға байланысты пайда болған, байланысы бар ма, соны анықтап көріңдер. Ол үшін түсіндірме, этимологиялық, топонимдік сөздіктерді пайдаланыңдар.

Аманқарағай, Аңқаты, Арқалық, Балқаш, Боралдай, Жабасақ, Жоңғар Алатауы, Кеңгір, Қордай, Қызбел, Мойылды, Нарын, Саралжын, Сарыарқа, Тұран, Ұлытау, Ырғыз, Барбастау, Шілікті, Сайхын, Іле Алатауы, Қара төбе, Ойыл, Сағыз...

7-тапсырма: Көп нүктенің орнына тиісті сөзді қойып көшіріңдер. Мәтіндегі «ар-ождан»,«ұят»,«әдептілік» деген сөздерге түсінік беріп, осы сөздерге байланысты мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден, ақын-жазушылардың ұлағатты сөздерінен мысал келтіріңдер.

 

Бұл дүниеде істеген істеріне жауапкершілікпен қарайтын бір ғана жан иесі бар. Ол -... Өйткені оның дана ақылы, ұшқыр сана сезімі және кісілігі оған... жүктейді. Міне, ол осы тұрғыдан алғанда ғана өзін жан-жануарлардан бөлектеп,... үстемдігін көрсете алады.

Адам өзінің әрбір... жауапкершілік сезімі арқылы ойлағанын дұрыс орындауға тырысып бағады. Әлдебір жасаған... іштей күйініп, дұрыс істеріне сүйсінеді. Тіпті кейде орынсыз істері үшін өзін-өзі іштей жәбірлеп, екінші олай жасамауға сөз береді.

Иә, адамның ішінде оны... осындай бір құдіретті күш бар екені рас. Ол - ар-ождан.

Міне, кісі адамдармен... жасағанда өзінде осындай жауапкешілікті, яғни... - сезінуі керек. («Әдептілік кағидалары» кітабынан)

Көп нүктенің орнына қоятын сөздер мен сөз тіркестері:

...қарым-қатынас, жазалайтын, оқыс қылықтарына, ар-ожданды, әрекетін, жауапкершілік, табиғаттағы, адам, ғаламда.

 

Сөз әсерлігі

 

Қазақ тілі - өзінің өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, қысылтаяң қатал жағдайға қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін ерге, елге медет болып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын ең әсерлі, ең әдемі шешен тіл. Б.Момышұлы

Егер де сөйлеуші адамның сөзі көпшілік қауымды ұйытып, тыңдаушының айызын қандырса, сөзі әсерлі, қызықты, тартымды болды дейміз. Солай бола тұрса да әр сөзді сазына келтіріп, жігерлендіріп айта білу де әрбір тыңдаушыға жақсы әсер етіп, сол сөзге назар аударып мән беруге жетелейді. Ой мен сезімге бірдей әсер етіп жатқан мұндай сөздерді тыңдай беруден ешкім де жалықпайды. Сондықтан орфоэпиялық норманы қатаң сақтап, сол негізде сөйлесе, сөз мәнеріне, табиғатына көңіл бөлсе, даусы ашық, түсінікті, жігерлі болса, сөз әсерсіз, ойсыз болмайды. Әсерлі сөйлеудің тілге тікелей байланысты шарттарының бірі – сөзді сазына, нақышына, мақыныма сай айта білу. Әрбір сөзге, әрбір тілге тән дыбыстық заңдылық болады, тыңдаушының құлағына түрпідей тиіп жалықтырып жіберетіндері де бар. Яғни, қазақ тіліндегі үндестік заңын қатаң сақтап, сол жүйені бұзбай сөйлесек әрбір сөздің сазына, ритмикалық-әдістемелік ерекшелігіне де ешбір сызат түспейді. Мысалы: құлын – құлұн, бұрын – бұрұн, көңіл – көңүл, орын – орұн, досжаран – дошшаран, он қабат- онғабат, мен келдім – меңгелдім т.б. (соңғы сыңары сөздің орфоэпиялық нормасы).

Сонымен сөзді сазына келтіріп, нақыш өрнегін сақтап айту, сөйлейтін сөзіне, тыңдаушысына селқос қарамау, әдеби тіл нормаларын сақтап сөйлеуді мақсат ету – сөз әсерлігінің ең негізгі шарттары. Кейде әдеби шығармаларда деректі ұғымдағы сөздерді әдеттегідей бәрімізге үйреншікті, қарапайым үлгіде қолданатын болсақ, әрбір сөздің не сөйлемнің ешбір әсері болмайды. Мысалы: Жел соқты, қар жауып, боран болды деген сөйлемнің айтылуы кім-кімге болса да таңсық емес. Шығарма тілі де бастан-аяқ осындай дағдыла сүрлеуден шықпай, үйреншікті қолданыста құрылса, ешкімді қызықтырмайтындығы, әсерсіз болатындығы айдан анық. «Тілі тартымсыз», «сөзі бедерсіз» деген үлкен мін тағылып, ондай шығарманың сыналып жататындығы белгілі. Сөз шеберлерінің қолданысында сөз әдеттегі қызметінен басқа күйге көшіп, тосын құбылысқа тап болады. Мұндай тосын қолданыстың әсері айрықша болып, шығарма тіліне шырай беріп отырады.

«Боран үскіріп соғып тұр. Асау жел ащы күйінен жаңылған жоқ, ойнақ салып ысқырып тұр. Ақ дала меңіреу болып түнеруде. Қайғылы сары бел боран әкеліп тұрған ақ киімін қымтай түсіп жата берді» (М.Ә.)

Сол сияқты мына үзіндіге көңіл бөлейік: Ай сүттей жарық, ауыл адамдарының бәрі тегіс ұйқыда. Қыбырлаған жан жоқ. Тек қана күйіс қайырған малдың дауысы ғана естіледі (студенттің шығарма жұмыстарынан).

Осы бір көріністі көркем әдеби шығармада жазушының қалай суреттеп бергеніне назар аударайық. «Қазіргі жарық түннің тыныштығының ортасында көкөзек ұйқыға кеткен сұлудай болымсыз дымқыл тұманмен бусанып, тыныс алған сияқты. Өзек бойына шашырап қонған ақ шұбар ауылдар әр жерде тарғақтың, үйрек-қаздың ұядағы жұмыртқасындай болып, өзінше бір жарастықпен дөңгеленіп, үрмелей отыр еді, ауылдардың көпшілігі жатқан. Түңліктері жабылған ақ тұнжырай қарауытып, түн тыныштығына бойсұнып қалқығандай. Қотандағы мал тегіс жатқан, тегіс қалғыған ұйқыда» (М.Ә).

Әдеттегі тіл жұмсауымызда «асау жел», «қайғылы сара белборан», «ұйқыға кеткен сұлудай болымсыз дымқыл тұман», «ай сәулесі түсіп маңқиып» деген сөз тізбектерін қолдана бермейміз. Алайда, жансызға жан бітіру, сөзді тосын қолдану құр мақсат емес.

Алайда тұрақты сөз тізбектерін шамадан тыс, бірінен кейін бірін бастырмалата қолданудың әсері басқаша болуға тиіс. Негізінде басы артық бейнелі қолданыс оқушы ойын алаңдатып, көркем шығармаға деген ықыласын төмендетеді. Өйткені, үсті-үстіне, іргелес қолданылған тұрақты тізбектердің бояуы шымқай, жылтыры басым болған сайын өзара «бәсекелесіп» біріне-бірі бөгеліс болады. Басқаша айтқанда, тіл көркемдігіне кері әсерін тигізеді. Мысалы:

«Жанымызды шүберекке түйіп, қанымызды торсыққа құйып, басты оққа байлап, қыз асылатын мойнымызды қылышқа тосып, тәуекел деп, жалаңдаған қылыш, жасанған жаумен жамыраған қойдай араластық та кеттік» (журналдан).

Осындағы «жасанған жаумен жамыраған қойдай араластық та кеттік» тәрізді қолданыс қой қоралап, көгеннен қозы ағытып көрген қазаққа сүйсінер сурет бола қояр ма екен? Шындыққа жүгінсек, қой емес, жамырайтын қозы ғой. Көгеннен ағытылған қозылар өрістен қайтқан енелерімен жапа-тармағай еміреніп, табысып жатпай ма? Олай болса, жалаңдаған қылыш, жасанған жаумен сарбаздардың қоян-қолтық айқасын автордың жамыраған қой арқылы бейнелеймін деуі құр сөз әурешілігі сияқты.

Кейде кейбір әңгіме, повестерді оқып отырғанда «сыңғырлаған күлкі», «қозғалмайтын тау», «таза ауа», «өзгеріссіз өмір» тәрізді дағдылы тіркес, дайын теңеулердің шектен тыс көбірек қолданылуы тіл шеберлігін таныта бермейді. Болмысты өз көзімен көріп, оны өзіндік тіл өнерімен жеткізе білу жазушының дүниетанымын, ой-өрісін, стильдік ерекшелігін, эстетикалық талғамын көрсетіп қана қоймай, көркем сөз шебері аталуының мықты бір дәлелі де бола алады.

Сөйлеу мен жазудағы басты назарда ұстар қағидалардың бірі – сөздің әсерлі жетуі. Сөздің әсерлігі сөйлеушінің даусына, сөйлеу мәнеріне, сөздерді дұрыс таңдап ала білуіне байланысты.

Дауыстың түрлі болуына қарай біз көңіл-күй жағдайын, сөйлеушінің ойға, іске қатынасын анықтай аламыз. Көптеген мамандық иелері үшін дауыс үлкен рөл атқарады. Сөздің дәл, орнымен қолдануымен қоса, көркем де әдемі сөздерді таңдап алғанымен, орынсыз дыбысты, сөзді көтеру, созу немесе ақырын айту сөздің, ойдың әсерін төмендетіп қана қоймай, тыңдаушыны жалықтырып та жібереді. Екпіні, кідірісі дұрыс қойылған, жағдайға лайық сөздер дұрыс таңдап алынған әнгіме, сұхбат, кез келген жазбаша үлгідегі мәтінге тыңдаушы үшін де, оқушы үшін де әсерлі болатыны сөзсіз.

Сөздің әсерлігінің екінші жағы – сөздің тура мағынасында қолданумен бірге оны суреттеп, бейнелеп, ауыстырып айту. Мысалы: қуанды дегеннен де «көзі жайнап, жүзі бал-бұл жанды» деген әсерлі болары сөзсіз.

Сөз мағынасының басқа мағынаға ауысуы:

Метафора тәсілі – сөз мағынасын салыстыру, жақындату негізінде астарлы тың мағына жасау. Мысалы: «Өзім – Күнмін, өзім - от» (Мағжан). Осындағы «Күнмін», «от» метафора тәсілі арқылы ауыспалы мағынаға ие болған.

Метонимия – зат, құбылыс атауларының екінші бір зат құбылысқа шектестігі, ұласпалылығы негізінде жұмсалуы. Мысалы: Ақпа құлаққа айтсаң, ағып кетер, Құйма құлаққа айтсаң, құйып алар (мақал). Ақпа құлақ «ұғымсыз» мағынасын, құйма құлақ «ұғымтал», «зерек» мағынасын ауыстырып тұр.

Синекдоха – жалпының орнына жалқы, бүтіннің орнына бөлшек немесе керісінше қолданылатын мағына. Мысалы: Көп қорқытады, терең батырады. Мақалда көп «халық», «ел» мағынасын береді.

Ауыспалы мағына метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеу т.б. бейнелеу тәсілдері арқылы беріледі. Ойды неғұрылым кең берем деп тыңдаушы, оқышыға тегеурінді әсер беретін ауыспалы мағынадағы сөздерді тым қоюлатып, сурет-сөзге әсері еліктеп кетуге де болмайды.

Қорыта келсек, сөздің әсерлі жетуі сөзді мәнерлеп айтуға қажет: екпін, дауыс кідірісі, дауыс күші, дыбыстың айтылу ерекшелігіне, тілде бейнелеу құралдарын: метафора, метонимия, синекдоха, эпитет, теңеуді орнымен қолдану, жағдайға қарай сөздерді дәл тауып, қолдануға байланысты.

 

Сұрақтар мен тапсырмалар:

 

1-тапсырма. Әр сөйлемді бірнеше түрде жазыңдар.

1. Өзен жағасында жалғыз тал бөлек тұр. 2. Таң атты. 3. Бөлме іші ысып кетті. 4. Асқар қатты қуанды. 5. Алыстан малшылардың қой қайырған дауыстары естіледі.

Үлгі: Өзгеден оқшау тұрған жалғыз тал төңірегіне тәкаппарсып қарайтындай.

Өзен жағасында жалғыз тал бөлек тұр

Мұң басқан жалғыз тал топтасқан тұстағы у-шуға қызыға, қызғана қарайды.

Ылғалы мол, күн көзі өзіне ғана еркін жеткенімен, жалғыз тал өзеннен алысырақтағы, тоғай ішіндегі, көп ағаштың бірі болмағанына өкінеді.

2-тапсырма. Сөзді әсерлі жеткізуде кестеде көрсетілген әр бөліктің орны қалай екенін айтып беріңдер.

 

Сөздің әсерлі жетуі  
Дерек-дәлел Ойға қатысты түрлі беделді пікірлер
статистикалық өмірден заң мақал-мәтел
ғылыми әдебиеттен, тарихтан қанатты сөздер қалыптасқан әдет дәстүр, ережелері

Үлгі: Әдептілік пен халықтық таным ортақ. Мысалы: адамды айналма, адамға қарап түкірме, есінеме деген тыйым сөздер әрі әдептілік, әрі таным. «Айналайын» сөзінде емірену, толғанумен бірге саған келген қиындықты мен көтеріп алайын деген түсінік берер, сол адамды айнала жүріп жамандықтан қорғар дәстүр де бар.

Ұлттық мәдениет және өнер

Біздер осы уақытқа дейін өзіміздің төл тарихымызға да, ежелгі мәдениетімізге де Еуропа жұртшылығының көзқарасымен қарап, батыстық тұрғыдан баға беріп келдік.

Оған кезінде белгілі орыс ғалымы Л.Н.Гумилевтің: "Әрбір этностың өзіндік ішкі құрылымы және өзіндік қайталанбас қасиет-білімі болады",- деп айтқаны куә.

Адамзат өркениеті мәдениеттердің әртүрлілігімен және әртектілігімен бай. Ендеше, осыған орай қазақтың да, одан арғысы ежелгі түріктердің де мәдениеті ерекше қалыптасқан және адамзат мәдениетінің белгілі бір қайталанбас дара бөлігі екендігі ақиқат. Сондықтан әуелі мәдениет дегеннің өзі не? Соған тоқталайық. Мәселен, Қазақ Кеңес Энциклопедиясында: "Мәдениет дегеніміз - адамдардың сан ғасырлар бойы жасап келе жатқан рухани және материалдық игіліктері болып табылады делінген. Бұл жалпылама, жалаң ғана пікір, сірә тоқырау жылдары кезеңінде ұлттық мәдениетке мән бермеуден туса керек. Ал шын мәнінде мәдениет ауқымы кең, алар орны ерекше. Бұл турасында қазақтың көрнекті ғалымдарының бірі Ә.Марғұлан: "Мәдениет дегеніміз - адамзат баласының акыл-ойы, маңдай тері, қажырлы еңбегі, мұның бәрі - зор қоғамдық сипат"- деген екен.

Сонымен мәдениет, халық мәдениеті - ұлттық тарих сахнасында қалыптастырып мәдениет мұрасы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, яғни мәдениет өз топырағында дамып, өркендеуі тиіс. Мәдениетті сонымен қатар қоғамдық болмысымыздың барлық саласымен тамырлас, астас жатқан қасиетті ұғым ретінде де қарағанымыз жөн.

"Адам мәдениетті дамытады, мәдениет адамды тәрбиелейді" деген ұлағатты ұғымға сүйене отырып мәдениет тарихының - рухани және материалдық болып екі салаға бөлінетінін білеміз.

Рухани мәдениетке - күллі басылымдар, радио, теледидар койылымдары, кино, оқу-ағарту істері т.б. жатады. Ал тарихи ескерткіштер, театр үйлері, клубтар, мұражайлар т.б. толып жаткан мәдени мекемелер, сонымен қатар қол өнер мұралары, зергерлік т.б. материалдық мәдениетке жатады. Жалпылай айтқанда мәдениеттің қатыспайтын саласы жок. Мысалы, олар экономикалық, экологиялық, халықаралық-дипломатиялық, саяси мәдениет т.б. болып жалғаса береді.

Рухани мәдениеттің өзі этикалық, эстетикалық болып түрлене түсер еді.

1. Этикалык мәдениетке - жүріс-тұрыс мәдениеті, сөйлеу мәдениеті, жазу-сызу мәдениеті, тамақтану мәдениеті, көрермендік-оқырмандық мәдениет, діни мәдениет жатады. Осы айтылған пікіріміздің баспасөзде көрінісі қалай деген мәселеге келетін болсақ, онда еліміздің ұстанған бағыт-бағдарынан бастап, адам жан дүниесіне дейін газет беттерінде күнделікті жазылып жүр. Әсіресе казақ басылымдары оның ішінде "Қазақ елі", "Қазақ әдебиеті", "Ана тілі", "Егемен Қазақстан" т.б. газеттерде халықтың басына түскен ауыртпалықты, экономикалық қиындықты, рухани жұтап бара жатқанымыз жайлы мәселелер көтеріп, жарық көруде. Мысалы, "Ақ жол" газетінің 1994 жылғы 14 желтоқсан күнгі санында Қуаныш Иембердітегінің "Депутат және өмір" айдарымен берілген, "Мәдениетін өгейсіткен ел-қанаты қайырылған құс" атты материалы жарық көрді. Материалда сол кездегі халық депугаттары Шерхан Мұртаза мен Уәлихан Қалижан өздері сайланған облыс, ауылдарға барып мәдениет қызметкерлерімен кеңескен әңгімелерін сөз етеді. Мақалаға тақырыптық жағынан келсек: тақырып ашылған: Мысалы, құстын екі қанатының бірі - экономика болса, екіншісі - мәдениет болуы керектігі айтылады. Осы екеуі қатар жүрсе ғана іс оңалады. Өкінішке қарай, бізде қазір, бүкіл ниетіміз тек экономикаға ауып, құсымыз жер сабалап, сыңар жақтау күй кешудеміз...

Қазақстан қанша қиын кездерді басынан өткерсе де, рухани дүниемізде бізге кімдер келіп жетті десек, әл-Фараби, Абай, Жамбыл жетті. Міне, рухани мәдениеттің өмірлік азық екеніне тағы көз жеткізесің. Елдігімізді танытатын да осы мәдениет екенін естен шығармаған жөн. Бұл мақалада діни мәдениет туралы да жақсы пікірлер бар.

Міне, рухани мәдениет туралы ойымыздың қорытындысы ретінде мәдениеттің негізгі тірегі "Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін" деген ұғымға саяды. Қоғамды, мәдениетті дамыту үшін бар күшіңді жұмсау, көп сөз, боссөзділіктен арылу, ешкімге тәуелді болмау үшін жас ұрпақты үлкен қамқорлыққа алу.

Мысалы: Эстетикалық мәдениет жайында "Өркен" газетінің 1994 жылғы 26 ақпанында жарық керген Жүмабай Ахметовтің "Мәдениеттілік туралы сөз" атты мақаласын талдап көрелік.

Автор мақалада жүріс-тұрыс, сөйлеу, тамақтану, көпшілік орындарында өзін-өзі ұстау мәдениетіне тоқталады.

Біз өзімізді қоғамдық көлікте, дүкенде, қонақта, туыстар арасында ұстауды білеміз бе? деген өз сұрағына былай деп жауап береді.

"Дөрекі сөз дұрыс қарым-қатынасқа кедергі жасап, адамның көңіл-күйін төмендетеді. А.П.Чехов өзінің інісіне жазған хатында мәдениетті адамға тән төмендегі негізгі талаптарды ашып корсетеді. Олардың кейбіреулері:

1) "Олар адамның тұлғасын сыйлайды, сондықтан сыпайы, биязы келеді".

2) "Олар адамдарды аяғыш".

3) "Олар ағынан жарылады; ешқашан өтірік айтпайды" дейді.

Сонымен қатар, басқышпен көтеріліп, төмен түскен жағдайда ер адам әйелдің соңында жүргені жөн.

Есікті бірінші болып ашады. Егер әйел адаммен тысқа бірге шығатын болсаңыз, киінуге көмектесіңіз көшеде әйел оң жағыңызда жүруге тиіс деген сияқты қарапайым болса да, үлкен мәні бар мәдениеттіліктің тармақтарына тоқталады. Жалпы автор мәдениеттілікті күнделікті өмір тіршілігімен байланыстыра оқырманға жеңіл де түсінікті етіп жеткізе білген.

Мәдениет - кең мағыналы ұғым. Оның салалары мен түрлері қандай көп болса, қоғамдық өмірден алар орны да әр алуан және маңызды. Мәдениеттің өзін ғылым, өнер, ағарту, тіл және әдебиет құрайды.

Енді сол мәдениеттің ең бір үлкен саласы өнерге тоқталайық: "Өнер - өмір шындығын көркем образдар жүйесі арқылы бейнелейтін қоғамдық сана мен адам іс-әрекеті, өзіне тән ерекшеліктерімен дараланатын формасы".

Ал қазақ өнерінің тарихын зерттеушілердің бастауы көзінде тұрған Ахмет Байтұрсынов әлемдік өнер түрлерін, оның атауларын көңіл көзінен өткізе келе өзінің "Әдебиет танытқыш" атты еңбегінің "Аңдату" деп аталатын кіріспе бөлімінде өнер тақырыбы туралы былайша сөз қозғайды.

"Біздің анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы нәрселердің бәрі не табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрсе, не адам ісінен шыққан жасалынды нәрсе. Орман, теңіз, тау, өзен, бұлақ - баулар табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселер. Табиғат ісінен шыққан жаратынды нәрселердің бәрі табиғат дүниесі болады, адам ісінен шыққан жасалынды нәрселердің істеліп шығуына адамның ақылы, әдіс-амалы, шеберлігі, өнер күші кіріскен.

Осы екі анықтамадан өнер ұғымына адамның технологиялық және эстетикалық жақтарынан аса шеберлікпен орындалған адам іс-әрекетінің, қызметінің барлық түрлері жатады деп ой түюге болады.

Демек, өнердің мақсаты - дүниені көркемдік тұрғыдан бейнелеу де, ал міндеті - оқушысын қуаныш пен ләззатқа бөлейтін, рухани жағынан байытып, оның әсемдікке деген сезімдерін оятатын көркемдік заңдылықтар арқылы өнер туындыларын жасау.

Бүгінде қанша жерден қара күйе жаққанымызбен де Қазан төнкерісі қазақ даласына мәдениеті мен өнеріне үлкен өзгерістер мен табыстар әкелгендігін жоққа шығара алмаймыз. Қазақтар Кеңес өкіметі тұсында алуан салалы, көп жанрлы профессионалды өнерге ие болды. Республикамызда Құрманғазы мен басқа да халық композиторларының тамаша туындыларын халқымызға паш етіп отырған - Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі. (1934 ж.), Қызылордада шаңырақ көтерген тұңғыш қазақ драма театры (1928 ж.), сол жылы Советтік Шығыс республикаларының ішінде ең тұңғышы болып Абай атындағы опера және балет театры құрылды. Сондай-ақ 1944 жылы ашылған Алматы мемлекеттік Консерваториясы, 1958 жылы құрылған Көркем сурет училищесі, 1933 жылы Суретшілер Одағының құрылуы Қазақстан мәдениеті мен өнерін жаңа белеске көтергендігі анық. Күні бүгін қазақ жерінде өнердің қай түрі де кең қанат жайып, шырқау биікке көтеріліп, Қазақстан мен Қазақ мәдениетінің, өркениетінің қай дәрежеде екендігін танытып отыр.

Театр өнері туралы баспасөз беттерінде біршама жазылып жүр. Театр өнері халықтар үшін, олардың ерлік-жігерін, сезімдері мен ойларын бейнелеуге, олардың идеялық жағынан баюына және адамгершілік тәрбиесіне әсері болуы тиіс.

Театр өнерін дамытудағы басты бағыт - халықтық өнермен байланысын нығайту, өмір шындығын танымды әрі көркем бейнелеу, коғамның алға басуына бөгет жасаушыларды батыл әшкерелеу.

Қоғамымызда болып жатқан өзгерістер, жаңаша ойлау, жариялылықтың театр өнеріне де әсері болмай қойған жоқ. Бұрын атын атауға қорқып, тұншығып жатқан дүниелер қозғала бастады. Нәтижесінде белгілі қаламгеріміз III. Мұртаза дүниеге жаңа шығарма әкелді, өнер ұжымдары сахналап Ш. Мұртазаның заманының заңғар, мемлекет қайраткері, елім, жерім деп өткен азаматы алып тұлға Тұрар Рыскұловтың өмірін бейнелейтін "Сталинге хат" пьесасы, "Бесеудің хаты", драматург Қ. Мұхамеджановтың "Біз періште емеспіз" атты пьесалары осының айғағы. Сонымен қатар жариялылықтың лебі, осы уақытқа дейін бізге белгісіз болып келген қазақ халкының өнер мәдениетіндегі алғашқы карлығаштары, жарық жүлдыздарының шығармаларымен таныса бастадық. Шығармалары әдебиетімізден орын алып, театрымызда қойыла бастады. Мысалы: Ж. Аймауытовтың "Ақбілек" спектаклі т.б.

Театр - ұжымдык өнер. Мұнда тек қана актер ойыны емес, режиссер, суретші, композитор, тіпті драматург те үлкен рөл ойнайды.

Өнер - жер бетінде тіршілік ететін халықтар мен этностардың, ұлттар мәдениетінің көрінісі. Адамзат баласының бүгінгі күнге дейін қол жеткізген табыстары мен жетістіктері, мәдениеті мен өркениеті өнер арқылы өрілгені анық. Егеменді елімізді өзгеге таныстыратын, әлем алдындағы абройымызды да насихаттайтын осы мәдениетіміз бен өнеріміз.

"Сымбатты өнер болмаған елде, мағыналы тіршілік жоқ",- деп М.Әуезов айтқандай, ешбір қоғам мәдениетсіз, өнерсіз алға басаалмайтынын тағы да көз жеткізгендейміз.

Өнер мәселерін жазуда қазақ басылымдары біршама еңбекетуде. Жарық көрген дүниелердің көбіне көп, мақтау, мадақтау, мүшелтой материалдары, шығармашылық кештер т.б. тұрғысындағы мақалалар. Ал проблемалық мақалалар, көбіне өнер адамдарының тұрмысына барып тіреліп, сол өнер проблемасын емес, өнер адамының проблемасы яғни тұрмысы төңірегінде жазылып жатады. (Иә, "үйі жоқтың күйі жоқ") тұрмыстың да өнерге қатысы бар, бірақ өнер өз уақытынан қалмау керек.

2 бөлім

Тәжірибелік сабақтар

1-тақырып: Мәтін мәдениет мұрасы ретінде

Мақсаты: студентердің логикалық көзқарастарын дамыту. Сонымен қатар тіл, мәдениет ұғымдарына мәлімет беру.

 

Тіл мәдениетінің тірегі - әдеби тілдің нормалары мен стильдік жүйелері. Бұлар әдеби тілдің қоғамдық қызметімен астарласып жататындықтан, «тіл мәдениеті» деген ұғымының аясы кең.

«Мәдениет» сөзінің бұрын қоғамның материалдары, рухани байлықтарының түрлі тарамдарын қамтиды деп қолдансақ, осы күндері оның жұмсалу аясының кеңейгені байқалады, мысалы: еңбек ету мәдениеті, сауда-саттық мәдениеті, егін жинау мәдениеті, мәдениетті дақылдар. Осылардың қатарында «Тіл мәдениеті» деген ұғым да жиі қолданылатын болды. Тіл – адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл, оның ішінде қазақ тілі де, халықтың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болғандықтан, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадірлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Тіл арқылы айтылатын ой сөзге, сөз тіркесіне, солардан құралған сөйлемдерге негізделеді. Тілдің бас арқауы – сөз. Арқаусыз кілем, алаша, мата тоқылмайтыны сияқты, сөзсіз сөйлем де құралмайды. Сөйлем адам ойын айтудың негізгі формасы болатындықтан, оқушының сөзден сөйлем құрап, өзгелермен тілдесе, жаза білуі – оның ақыл-ойының дамып, сана-сезімінің арта түскенінің белгісі.

Тіл - әлеуметтік құбылыс. Бала ана тілін қоғам мүшесі ретінде пайдалануды табиғи айналадан үйренеді. Балаға дем алу, тамақтану қаншалықты табиғи болса, жастайынан тіл үйрену де сондай табиғи. Бірақ олардың әрқайсысының тіл үйрену негізі, болмаса, оның себеп-салдары әр түрлі. Ана тілін жақсы білу - әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Сондықтан бастауыш мектептен бастап бала ана тілін білу, үйрену, тіл мәдениетін арттыруды барлық саналы өмірінің әрекеті деп түсінуі керек. Әркімнің, оқушының да сөз білу дәрежесі екі түрлі: кейбіреулер көптеген сөздердің мағыналарын, жұмсалу аясын жақсы түсініп, сөйлеген сөзінде, жазған жазуында емін-еркін пайдаланады. Ондайды «актив қор» дейміз. Ал бірқатарымыз сөздерді басқалар айтып тұрғанда, мағынасын түсінеміз, бірақ өзіміз ол сөздерді емін-еркін пайдаланбаймыз, өйткені оларды жақсы білмейміз. Сондай емін-еркін естілетін, жадыңа әбден ұяламаған, бірақ өзің, шала білетін сөздерді «пассив қор» дейміз. Мақсат - актив қорды молайту. Халық тілі - сөзге бай. Сол байлықтардын ішінде біз бұрын естімеген, түсініксіз, мән-жайын білмейтін де сөздер көп. Мысалы, нөпір, көшет, қарық, тыма, сүдігер сөздерін екінің бірі біле бермейді. Сөздердің әдебиетке еніп, жалпы халыққа бірдей түсінікті болғандары бар да, ескіріп қолданудан қалып бара жатқандары, әдебиетке көп енбегендері, диалектілер, кәсіби сөздер, түрлі ғылым, өнер, кәсіп саласына тән терминдер де бар. Солардың бәрін білу мүмкін емес. Сонда да көп білуге тырысқан кісі түрлі әдебиетте жиі кездесетін сөздерді жақсы «актив қор» ретінде білуге тиіс. Кейбір адамдардың тілі қазақша болғанымен, сөйлеген сөзі сылбыр, ынжық, пәлендей әсерлі болмайды, жаңағы, нетіп сияқты басы артық сөздерді көп қолданады. Тыңдаушының ықыласын өзіне аударып, делебесін қоздырып, еліктіре алмаған сөз - жасық сөз. Айтылған ой жігерлі, жалынды жастың аузынан шығып, нысанаға дәл тиіп жатса, ана тілінің құдіреті сонда байқалады.

Орта мектепті бітіргендердің ана тілінен білім дәрежесінің қандай екенін жоғары оқу орындарына түсу алдындағы сынақтарда байқауға болады. Олардың көпшілігінің қазақ тілінен дайындығы жақсы болғанымен, кейбірінің тіл мәдениеті дәрежесінің төмендігі байқалады:

1. Жазуларында бадырайып түрған стильдік қателер кездеседі, орфографиялық, пунктуациялық қателер самсап тұрады.

2. Көптеген оқушылардың тіл мәдениетінің төмен екенін көрсететін кемшілік - олардың сөздік қорының нашарлығы. Сөздік қордың аздығы оқушының ой-өрісінің тарлығын да байқатады. Олар тілде бар синонимдерді жақсы білмегендіктен кейбір сөздерді орынды-орынсыз қайталайды, кейде сөздерді өзорнында қолданбай, мағыналық үйлесімі жоқ, еркін және тұрақты тіркестер құрамында жұмсайды.

3. Оқушылардың әлемге әйгілі, әдебиетте жиі кездесетін термин сөздерді, олардың мағыналарын түсінбеуі де елеулі кемшілік.

Тіл мәдениеті жоғары адамдардың әрдайым көз тігетін жарық жұлдызы - әдеби тіл. Өйткені ол екшелген, сұрыпталған мәдени тіл, белгілі қалыпқа түскен стандартты әрі ресми тіл, халық тілінің шұрайлы байлықтарымен сусындаған, көркем, өткір тіл. Солардың бәрі жалпыхалықтық сипат алып, тілдік нормалар біршама тұрақталып, жаңа нормаларпайда болды, стильдік жүйелері сараланып, қоғамдық қызметі кеңейді.Солардың бәрін игеріп, игілікті іс-әрекетіне пайдалану кісіні тіл мәдениетіне жетектейді. Мәдениетті адамның көп қыр-сырының бір көрінісі - тіл мәдениетінің жоғары болуы.

Адамның қоғамдық өмірі қарым-қатынассыз болмайды. Сол қарым-қатынаста біреуге біреу ойын айту, пікір алысу тілдік қарым-қатынасты тудырады. Адамның тіл жұмсауы - оның қоғам мүддесіне лайық көптеген іс-әрекетінің бір бөлігі.

Тіл мәдениетінің шыңына жету жолы ұзақ әрі тарам-тарам. Оның негізі отбасында, балалар бақшасында қаланады да, бастауыш мектептен бастап ана тілін жүйелі оқып үйрену, тіл дамыту, сауатты жазу, грамматикалық кұрылыстардың жүйелерін, заңдылықтарын білдіру мақсаты қойылады. Мектептерде тілден білім беру - баланың тіл мәдениеті жоғары болуының да қамы.

Оқушының мектептен алатын тіл сабақтары отбасы мен айналаның, әдебиет пен театрдың, кино мен теледидардың, радио мен жиналыстардың тіл «сабақтарымен» ұштасып жатады.

2-тақырып: Қазақ тілі - ұлттық мұра

Мақсаты:Студенттерді қазақ тілін қадірлеуге, сыйлауға шақыру. Олардың сөздік қорын молайту арқылы, тілдің байлығын көрсету.

 

Қазақ тілінің қоғамдық қызметі арта түсіп отырған қазіргі кезде оның үздіксіз даму үдерісін терең ұғынып, өмірлік мәселелерін жан-жақты зерттеуге ерекше мән беріліп отыр. Солардың қатарында теориялық, тәжірибелік биік талаптар деңгейінен қарайтын сала - тіл мәдениеті мәселелері болмақ.

Бұл - қазақ тіл білімінің өзінің даму жолына түскен саласы. Тіл мәдениеті халқымыздың жалпы мәдениетімен астарлас дамуға тиісті болатындықтан, бұл ғылым саласы алдымен тіл мәдениетінің дәрежесін арттыруды, тілдің қатынас құралдық қызметін жетілдіру үшін оның күнделікті өмірлік мәселелерін ғылыми тұрғыдан дұрыс шешіп, жөн сілтеуді көздейді.

Еңсесі биік еліміздің барлық іс-әрекеті мәдениетінің, әсіресе тіл мәдениетінің дәрежесін көтеру халыққа кызмет ету мүддесімен ұштасып жатса, әрине, ондай іске тілшілер ғана емес, көп болып көмектесу талабы қойылады. Тіл қоғамдық құбылыс болғандықтан, тілді жасаушы, тілді өмір құралы етіп жұмсаушы қоғамның сана өкілдері, көзі ашық тіл ұстартушылары тіл мәдениеті мәселелеріне әрдайым көңіл бөліп, игілікті істерге ат салысуы тиіс. Тіл мәдениетінің басты талабының бірі - тілдің халықтық қасиетін дамыту, ана тілінің байлықтарын талғам елегінен өткізіп молынан әдеби тіліне енгізу.

Талдау бөлімі:

Халық тілі, К.Д. Ушинский айтқандай, оның рухани өмірінің ең жақсы, еш уақытта солмайтын және әрдайым гүл-гүл жайнап тұратын қоры, оның өмірі тарих шекарасынан әлдеқайда әріден басталады. «Кен байлығы - жерде, сөз байлығы - елде» екенін жақсы білетін ақын-жазушылар және басқа қалам қайраткерлері сол байлықтарды әдебиетке емін-еркін ендіріп келеді. Енді әдебиеттің, ең алдымен көркем әдебиеттің көп табысының бірі - халық тілі байлықтарына кенелгендігі дей аламыз.

Ана тілін тірлігінің тірегі етемін деген ақын-жазушылар үшін ол тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар, көрікті, көркем нақышқа толы туындыларының да бірден-бір құралы. Сөз шеберлерінің жасампаздык қабілеті мен шабытына үйлесе дүниеге келіп, игілік қорына қосылған шығармаларынан кестелі тілдік бояуларын да көреміз Абай, Ыбырай, Сәкендерден бастап жібі үзілмей келе жатқан осындай тіл жұмсалудағы «мәдениет» деген терминді бұрын қоғамның оқу-білім, ғылым, өнер, т.б. рухани табыстарының жиынтығы деп қана түсінеміз.

Жеке кісінің мәдениеттілігі қоғамда алатын орнымен, білім дәрежесімен, өнерге қанықтығымен өлшеніледі. Оқымысты, мәдениетті кісінің білім, ғылым, өнер дәрежесі ғана биік болмайды, солармен қатар, оның жүріс-тұрысы, басқалармен қарым-қатынасы, әсіресе тіл жұмсау дағдысы ерекше болады. Тіл мәдениетінің екі түрі бар: баспасөз тілінің мәдениеті және сөйлеу тілінің мәдениеті. Бұлар өзара тығыз байлынысты. Қазақ елінің қазіргі әдеби тілі жалпыхалықтық ауызекі сөйлеу тілі негізінде қалыптасқан. Әдеби тіл сөйлеу тілінде бардың бәрін емес, оның құнарлы, жалпыға ортақ әрі тиімді байлықтарын бойына сіңіреді де, керісінше сөйлеу тіліне ықпалын тигізеді, әдеби тілдің дәстүрлі жаңа нормалары сөйлеу тіліне ауысады. Осыдан келіп әдеби тілдің екі түрі пайда болады біріншісі - әдеби тілдің жазба түрі, екіншісі - әдеби тілдің сөйлеу түрі. Бұлар өзара тығыз байланыста дамиды. Жазба әдеби тіл жасалмай тұрьш, ауызша әдеби тіл жасалмақ емес.

Тіл мәдениетінің басты талабының бірі тілдік нормаларды қалыптастыру. Олар халық тілінің, әдеби тілдің даму барысында қалыптасады, кейбіреулері (жазу нормалары, терминдер, пунктуация нормалары) қолдан жасалады да, басқалары тілде бұрыннан бар жүйелер негізінде баспасөз арқылы қалыптасады. Әдеби тіл деп - жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түскен, стильдік тармақтары сараланған, қоғамдық қызметі әр алуан тілді айтамыз. Көркем әдебиет тұрғысынан алғанда М.Горький айтқандай, «Әдебиет тезіне түспеген «шикі» тілді халық тілі дейміз де, көркем сөз шеберлері шыңдаған тілді әдеби тіл дейміз». Осылардай қасиетке ие болған тілді әлі де ширата, іргесін бекемдей түсудің орнына «халықтық мұра» дегенді теріс түсініп, сөйлеу тілінде бардың бәрін жаза беретін авторлар аз ба? Әсіресе бірде олай, бірде былай айтылатын сөздер мен грамматикалық тұлғалардың әдебиетте жұмсалуында талғам аз.

Норма мен тілдің ішкі заңы деген бір емес, норманы ойдан шығаруға болады, ал заңды ойдан шығармаймыз, айкындаймыз, ашамыз. Оның үстіне тілдік заң көрінгеннің икеміне көніп өзгеріле бермейді, норманы орайына қарай өзгертуге болады.

Тілдік норма - тілдің әдебиеттілігінің бір белгісі. Біз халықты әдеби тілге баулитындықтан, халықтың, баспасөздің тіл мәдениетіне көз жібергенде, олардың әдеби тіл нормаларын каншалықты сақтау - сақтамауы еленеді. Ол тіл мәдениетінін бір жағы. Оған одан басқа сыпайы сөйлеу, ойды дәл, айқын айту, сөзді орынды қолдану, ой мақсатына лайық сөйлемді дұрыс құру сияқтылар да енеді. Сондықтан тіл мәдениетінің негізі - норма дегені де, онымен тілдік заң бір дегені де қате. Біз норманы заң деп түсінбейміз.

Бұл мәселенің қиын жағы - нормалаудың принциптерінде. Бұл жайында орыс ғалымдарының арасында әртүрлі пікір айтылып жүргені белгілі. Біздіңше, ол нормалау принциптерінің негізгісі әрбір әдеби тілдің дәрежесімен, нормалау объектілігінің ерекшелігімен байланысты. Мұнда да нормалау бағытын көп жылғы тілдік тәжірибе көрсетуге тиіс.

Әдетте әдеби тілде болуға тиісті прогрессивті құбылыс оның белгілі даму кезеңінде қылаң беріп, бой көрсетеді. Біздің мамадардың мақсаты - жоқты жону, барды місе тұту емес, тілдің әлгіндей бір ұшы көрінген даму процесін тани біліп, соларын ұштай, жетілдіре түсу. Нормалардың басты принципі осы болу керек.

Тілдік норма - тарихи кұбылыс. Әдеби тілдің бір кезеңдегі норма кейін басқаша түрде жалпыхалықтық қасиетке ие болған болса, сезімтал, әдеби тілге талғам мұнарасынан қарайтын жазушы бұрынғысын өзгертуді ар көрмейді.

 

3-тақырып: Шешендік өнердің өрісі

Мақсаты: Студенттердің белгілі дәрежеде тіл байлықтарын игеру әрекетін жетілдіру. Шешендік сөз өнері туралы мәлімет беру.

 

Тіл дамыту дегеніміз - адамдардың белгілі дәрежеде тіл байлықтарын игеру әрекеті, әдетте оның нәтижелері әр алуан болады. Өйткені әркімнің тіл байлықтарын қабылдау қабілеттері мен оған деген ықылас, талап-талпынулары түрліше болса, соған керекті жағдайдың кезінде жасала қоюы екіталай.

Сөз байлығын молайту, сөз тіркестерін, сөйлемдерді дұрыс түсініп, дұрыс құрай білу, жұрт алдында сөйлей білу, сөздердің орфоэпиялық нормаларын сақтап дұрыс оқу - қазақ тілі пәнін оқушылардың бәріне ортақ, бәріне тиісті талаптар. Осы орайда тіл дамыту жұмыстары тікелей оқушының тіл мәдениетін арттыра түсуіне қатысты, олар өзара тығыз байланысты екенін естен шығармау керек.

Сөйлеу мәдениетінің жоғары формасы - шешендік. Бұл бірен-саран әуесқойларға емес, қазақ, орыс тілді оқушылардың бәріне, әсіресе студенттерге қойылатын талап.

Шешендік - ой-пікірді тыңдаушыларға айқын, анық, әсерлі етіп айту (жазу) шеберлігі. Сөйлесудің сөйлеудің әдеттегі қарапайым қызметі пікір алысу, өзгелерге сөйлеушінің ой-пікірін білдіру болса, шешендік трибунасына шыққандар нәрлі, тартымды сөздер арқылы тыңдаушылардың сана-сезіміне әсер етуді көздейді.

Талдау бөлімі:

Тілдің қарым-қатынас жасау құралы болу тарихында ерекше қоғамдық күш алатын кездері болады: ол тілді жұмсаушылардың жазуы, пәлендей басқа да әсерлі құралы жоқ не тапшы кезінде, аталы сөздің күші ерекше болды. Қайғы-қасіретке душар болғанды сөзбен жұбатуға, дау-жанжалды сөзбен бітіруге, жауды найзаның ұшымен де, сөздің күшімен де жеңуге болатынын білген адам сөзді қадір тұтпай, оған тәжім етпей тұра ала ма? Таяқ еттен өтетін болғанда, сөз, тіпті сүйектен өтеді деп түсінген елге қарсы дау айтуға бола ма? Сөз өнерінің сондай табиғи күшін сезіп білген халық оны «өнер алды - қызыл тіл» деп түсінген.

Сондай өнер қазақ халқы өмірінде аса зор қызмет атқарды. Сондықтан оны былай белгілейді:

Қас жүйріктің белгісі

Құйрығынан алдырмас,

Қас шешеннің белгісі

Топтан тұяқ шалдырмас

Қазақ өмірінде сөз қадірін білудің тетігі - халықтың парасатты ойшыл екендігі, сөздің бёйбітшілікке, әділеттікке қызмет еткендігі.

Ертеде жұртты аузына каратқан ел басқарушылар, ру, тайпа ақсақалдары әділеттігі, даналығымен ел-жұрт қамын жеп, білектің күшімен ғана емес, сөзінің күшімен беделі артып, жұртқа өктемдігін жүргізді. Ел арасында дау - жанжал, талан - тараж, ұрыс - төбелес, басқыншылық күшейген кезде, сөз алыптары - билер мен ру басы ақсақалдар тарих сахнасында ерекше қызмет аткаратын болған. Солардың сөз өнері - шешендік деп танылады. Ертеде тіл, фольклор, музыка, ойын-сауық бәрі қазақ өмірінің де ұласа тұтасқан өнері болған. Олардың әрқайсысының өнер қызметінде дербес өмір сүруін тек өзара байланыс орайында ғана тануға болады.

Шешендік - ұзын сонарлы дәстүрлік құбылыс болғандықтан, сөз шеберлерінің соңғылары бұрынғыларынан үйреніп қана қоймаған, олардың терең ойлы сөздерінің мирасқоры болған.

Әдеби тіл жасалмаған кезде шешендік сездер қаншама ұтымды. тартымды болғанмен, жазба әдеби тілдің кызметін атқара алмайды. Олар тілдің алтын қоры ретінде кемелдене келіп, әдеби тіл пайда болғанда, сөйлеудің ауызекі тіл стилінің негізін құрайды. Ал әдеби тіл пайда болғанда, соның ерекшеліктерін де бойына сіңіреді.

Тілдің майын тамызып, сөздің балын ағызатын қас шешен болу оңай да емес. Өйткені шешендік дарындылықты керек етеді. Оған сондай талап қойылатындықтан да халық «жүзден біреу шешен, мыңнан біреу көсем болады» дейді. Шешендік отбасы, ошақ қасында сыналмайды, жиын, топ алдында, сөз қадірін білетін, «көкірегі сезімді, тілі орамды» көпшілік алдында сыналады.

Шешендік-шеберлік сөйлеу өнері. Ол - тіл мәдениетінін бір саласы.

Шешендік - сөйлеу тілінің орамды формасы. Оның қоғамдық қызметі әрбір тарихи кезеңде әр түрлі болып құбылуы қызметінің өзгеруімен байланысты. Сол орайда казіргі шешендер және шешендік бұрынғыларға мүлде ұқсамайды. Қазіргі шешендік саясатпен, өнер-біліммен, экономикамен байланыста дамитындықтан, жұрт алдында айтылған сөз дәл, мүлтіксіз болуды керек етеді. Сол үшін хатқа қарап, жазғанды оқып сөйлеу ерекше күш алды.

Шешендік көркем әдебиет тілінің эмоция, экспрессияға негізделген көріктеу тәсілінің бірі болуға тиіс.

Бидің де биі бар, шешеннің шешені де бар. Сондай билердің биі, шешеннің шешені аталып, қазақ даласына даңқы шыққан. Мысалы, Төле биді, Қаздауысты Қазыбекті, Қаражігіт Әйтеке шешенді, «көмей әулиесі» атанған Бұқар жырауды мақтаныш етпеске болмайды. Олар сөз қадірін білетін, шешендік өнерінің көрнекті уәкілдері ретінде сөз өнері төрінен ерекше орын алады.

4-тақырып: Ауызекі сөйлеу тілінің қазақ тілі тарихындағы орны

Мақсаты: Студенттерге ауызекі сөйлеу тілі мен әдеби тіл арсындағы ерекшеліктерді таныту. Олардың ерекшеліктерін ажырату.

 

Тіл мәдениеті жоғары адамдардың әрдайым көз тігетін жарық жұлдызы - әдеби тіл. Өйткені соңғы екшелген, сұрыпталған мәдени тіл, белгілі қалыпқа түскен стандартты әрі ресми тіл, халық тілінің шұрайлы байлықтармен сусынданған, көркем, өткір тіл. Солардың бәрі жалпыхалықтық сипат алып, тілдік нормалар біршама тұрақталып, жаңа нормалар пайда болды, стильдік жүйелері сараланып, қоғамдық қызметі кеңейді. Солардың бәрін игеріп, игілікті іс-әрекетін пайдалану кісіні тіл мәдениетіне жетектейді. Мәдениетті адамның көп қырлы сырының бір көрінісі - тіл мәдениетінің жоғары болуы.

 

Талдау бөлімі:

Әдеби тілдің не екенін, оның халық тілінен айырмашылығын, карым-қатынасы қалай болатынын білмей тұрып, тіл мәдениетінің биік шыңына кол созуға болмайды. Өйткені тіл мәдениетінің қағида, талаптары жазба әдеби тіл мен «ауызша әдеби тіл» дегеннің арақатынасынан пайда болады.

Ғасырлар бойы жасалып, үздіксіз даму, жетілу процесіндегі тілдің тарихи дәуірлері оны жасаушы халықтың тарихымен, ой-санасының даму процесімен байланысты. Сондай даму кезеңінің бірі, әдеби тіл болып қалыптасу дәуірі. Әдеби тіл - халық тілінің жоғары формасы екені, оның басты белгілері өзінен-өзі түсінікті сияқты. Дегенмен де әдеби тіл жайындағы көзқарастар әр қилы. Көркем әдебиетке қатысты етіп, «әдеби тіл деп көркем сөз шеберлері шыңдаған тілді айтамыз» (М.Горький) десе, әдебиеттің толып жатқан басқа да салаларындағы тілдің қоғамдық қызметін ескертіп, кейбіреулер «әдеби тіл - жазба тіл», ал тағы біреулер «әдеби тіл - нормаланған тіл» дейді. Қазақ тілі мамандары мен әдебиетшілерінің әдеби тіл туралы пікір айтпағандары кемде-кем. Бірақ олардың ешқайсысы әдеби тілдің анықтамасы мынау, сипаттамасы мынау деп, соқырға таяқ ұстатқандай пікір айтқан емес. Міне, осылай әдеби тілдің тарихы жайында пікірлердің шым-шытырық болуы әдеби және әдеби емес тілді айыра алмаудан, әдеби тілдің сипаттамасы қалай болмақ, анықтамасы не болмақ дегенге мән бермеуден деп білеміз. Әдетте бір категорияның не екенін білмей, айқындай алмай тұрып, онын басқа мәселелерін дұрыс шешу мүмкін емес.

Кейбір ғылыми атаулардын әдебиетте екі түрлі аталатыны бар, мысалы, семантика - мағына, субъект - бастауыш, объект - толықтауыш, предикат - баяндауыш, лингвистика - тіл білімі. Бұл сөздердің барлығы орыс тілінен енген. Бұлар дублет синонимдер.

Тіл мәдениетінің басты талаптарыньщ бірі - сөздердің дұрыс айтылып, дұрыс жазылуы. Дұрыс айтылмаған сөз тындаушының құлағына турпідей тиеді,- сөйлеушінің тіл мәдениетінің төмен екенін көрсетеді. Әрбір сөз халық тілінің өшпес дәулеті ретінде ол тілде сөйлеушілердің бәріне ортақ белгілі дыбыстық құрамда жұмсалып, әбден үйреншікті болғаннан кейін, оны әркімнің өзінше құбылтып айтуына болмайды. Болмайтын себебі әр сөздің белгілі тұтастық құрамы белгілі мағына білдіруіне ұштасады. Сауаттылық - тіл мәдениетінің де, мектепте қазақ тілін оқытудың да басты талабының бірі.

5




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-01-20; Просмотров: 2009; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.176 сек.