Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Курс пререквизиттері мен постреквизиттері 15 страница




 

14 тақырып. Меншік құқығын қорғау.

Жоспар:

1. Меншік құқығын қорғаудың маңызы және тәсілдері.

2. Меншік құқығын қорғаудың нысандары.

1. Ғылыми заң әдебиетінде меншік құқығы әр уақытта да абсолюттік құқық, яғни міндетті адамдар шеңбері аңыкталмаған құқық деген пікір басым. Оны ортақ меншік құқығына байланныстырып алатын болсақ, ол тек меншік иелерінің үшінші жақпен қатынастырында ғана дұрыс. Меншік құқығын және өзге де заттық құқықтарды қорғау тәсілдері заттық- құқықтық және міндеттемелік- құқықтық болып екі түрге бөлінеді.

Қорғаудың заттық- құқықтық тәсілдерінің ерекшелігі – олар меншік құқығын және өзге де заттық құықтарды абсолютті құқық ретінде қорғайды, яғни олар нақты шарттық немесе шартсыз міндеттемелермен байланысты болмайды және бұзылған құқықтарды келесі жолдармен қорғайды:

1) өзінен заңсыз алынған затты қайтарып алу жолымен. Мысалы, виндикациялық талап қою арқылы меншік иесі заңсыз алынған затын қайтарып ала алады.

2) бүлінген (бұзылған) затты қайтару жолымен. Мысалы, жалға алушы жалға алынған мүлікті бұзып алса, ол жалға берушіге сол мүлікті жөндеп беруге міндетті болып табылады;

3) затты пайдалану үшін кедергілерді жою жолымен. Ол негаторлық талап қою арқылы жүзеге асырылады.

Осылардың барлығына иелену, пайдалану, билік ету құқықтарын қалпына келтірген кезде қол жеткізіледі, яғни абсолютті құқықты қорғаған кезде қол жетеді. Міндеттемелік- құқықтық тәсілдердің ерекшелігі – олар мүлкі заңсыз алынған немесе бүлінген (бұзылған) меншік иесіне немесе өзге де заттық құқықтар иесіне мүліктің құнын өтейді немесе заттың кемуінің орнын толтырады, яғни келтірілген залалды- шартсыз міндеттемелерден туындаған зияндардың орнын толтырады. Сонымен, қорғаудың заттық- құқықтық тәсілдерін қолданған кезде мүлік заттай күйінде қайтарылады, ал міндеттемелік құқықтық тәсілдер арқылы қорғау кезінде мүліктің ақшалай құны төленеді. Қорғаудың заттық- құқықтық тәсілдерін қолданудың ерекшелігі- олар зат заттай күйінде қайтарылатындай болғанда немесе оның бұзылуын жөндеуге келетін кезде қолданылады, өйтпесе, міндеттемелік- құқықтық тәсілдер қолданылады.

Меншік құқығын және өзге де заттық құқықтарды қорғаудың заттық- құқықтық тәсілдеріне жататындар: меншік құқығын немесе өзге де заттық құықтарды тану; мүлікті біреудің заңсыз иелігінен талап ету (виндикациялық талап); иеліктен айырудан байланысты болмаса да меншік құқығын және өзге заттық құықтарды бұзуды жою (негаторлық талап).

Меншік құқығын және өзге де заттық құқықтарды қорғаудың міндеттемелік- құқықтық тәсілдеріне жататындар: меншіктенушінің немесе өзге де заттық құқықтар иесінің құқықтарын бұзатын мемлекеттік басқару органы, жергілікті атқару органы, лауазымды тұлғаның заңсыз нормативті- құқықтық немесе жеке актісін шығару нәтижесінде меншік немесе өзге де заттық құқытар иесінің залалдарын өтеу; мемлекеттік басқару органының, жергілікті атқару және өкілді органның немесе лауазымды тұлғаның актісін заңсыз деп тану және заңға қайшы келетін актіні қолданбау туралы талап қою; меншік құқығын заңмен көзделген негіздер бойынша қорғау.

Меншік құқығын және өзге заттық құықтарды қорғау тәсілдерінің аталған топтарымен қатар, кейбір ғалымдар олардың тағы екі тобын көрсетеді.

Меншік құқығын және өзге де заттық құқықтарды қорғаудың үшінші тобын заттық- құқықтық та, міндеттемелік- құқықтық тәсілдерге де жатпайтын тәсілдер құрайды. Олар азаматтық құқықтың әр түрлі институттарынан туындайды.

Сонымен қатар, төртінші топқа заңда көзделген негіздер бойынша меншік құқығы немесе өзге де заттық құқықтар тоқтатылған жағдайда оларды қорғауға арналған тәсілдер жатады. Бұл тәсілдерге мемлекеттің мүлік ұлттандырған кездегі кепілдіктері жатады. Ұлттандыру тек қана заң негізінде жүзеге асырылады. Оның өзге құқықтық негіздері болмайды. Меншік иесіне сол мүліктің құны немесе өзге де шығындардың өтелуі кепілденеді. Залалдарды өтеуге міндетті тұлға болып мемлекет табылады, ал залалдарды өтеу туралы даулар сот арқылы шешіледі.

2. Азаматтық іс жүргізу заңымен азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, олары бұзылған немесе бұзылу қауіпі болған кезде қорғау нысандары көзделген.

Құқықтық қорғау әдісі- материалдық құқық категориясы болып табылады. Азаматтық құқықтарды қорғауды сот (төрелік сот немесе аралық сот): құқықтарды мойындату, құқық бұзылғанға дейінгі болған жағдайды қалпына келтіру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупін туғызатын әрекеттерге тиым салу; міндетті заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, төленетін айыпты өндіртіп алу; мәмілені жарамсыз деп тану; моральдық зиянның өтемін төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттік басқару органының немесе жергілікті өкілді не атқарушы органның заңдарға сәйкс келмейтін құжатын жарамсыз не орындауға жатпайды деп тану; азаматтың немесе заңды тұлғаның құқыққа ие болуына немесе оны жүзеге асыруына кедергі жасағаны үшін мемлекеттік органнан немесе лауазымды адамнан айыпұл өндіртіп алу арқылы, сондай- ақ, заң құжаттарында көзделген өзге де әдістермен жүзеге асырады.

Құқықты қорғау нысаны – бұл процесуалдық сипаттағы категория. Құқықты қорғау нысаны ретінде құзіретті органдардың құқықты қорғау бойынша, яғни фактілік мән- жайларды анықтау, құқық нормаларын қолдану, құқықты қорғау әдісін анықтау, шешім қабылдау бойынша заңмен көзделген қызметі танылады. Заңмен көзделген құқық қорғау әдістерін қолдану құқық қорғаудың бір емес, бірнеше нысандарымен жүзеге асырылады.

Құқықты қорғау нысанының әр түрлі болуы бірқатар факторларға:

- қорғалатын құқықтардың ерекшеліктеріне,

- құқықтық қатынастардың күрделігіне, немесе, керісінше, олардың қарапайымдылығына;

- құқықтық дәстүрлерге;

- қоғамдағы демократиялық процестердің даму дәрежесіне байланысты болады.

Оны процесуалдық заңнамамен бекітілген істердің соттылығына қарай соттар жүзеге асырады. Азаматтық құқықтарды әкімшілік тіртппен қорғау тек қана заңмен көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Әкімшілік тәртіппен қабылданған шешімді сот тәртібімен шағымдануға болады. Азаматтық құқықтарды қорғаудың жоғарыда көрсетілген әдістерін қолдану әр түрлі юрисдикциялық және өзге де органдармен, сондай- ақ, өз әрекеттерімен мүмкін.

Әрекет етуші процессуалдық заң актілеріне сәйкес, келесі нысандарда жүзеге асырылады:

- соттық (мемлекеттік сотпен);

- қоғамдық (третей сотымен, келісім комиссиясымен);

- нотариаттық (нотариатпен);

- әкімшілік (биліктің өкілді және атқару органдарымен);

- өзін- өзі қорғау (құқығы бұзылған тұлғаның өз әрекеттерімен).

Жоғарыда көрсетілген азаматтық құқықтарды қорғау нысандарының ішінде бірқатар белгілерге байланысты басым болып соттық нысан табылады. Құқықты қорғаудың бұл нысаны:

- әмбебап, себебі, ол кез келген бұзылған немесе дауаланып отырған құқықты қорғау үшін қолданылады. Сот билігі Конституция, заңдар, өзге де нормативті актілер, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде пайда болған барлық істер мен дауларға таралады;

- ең жетілген, себебі, азаматтық іс жүргізу заңымен тәтпіштеп реттелген;

- өте тиімді, себебі заңды күшіне енген сот актілерін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы азаматтар, азаматтығы жоқ тұлғалар, шет ел азаматтары, ұйымдар, мекемелер, кәсіпорындар, лауазымды тұлғалар, мемлекеттік органдар орындауға міндетті;

- оптималды, себебі, ол, әдетте, құқық нормасын дұрыс қолдануды қамтамасыз етеді, өйткені істердің барлығын жоғары мамандандырылған маман- заңгерлер қарап, шешеді.

Сот билігінің мақсаты – азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Конституцияның, заңдардың, өзге де нормативтік актілердің Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету. Сот қорғауына құқық- ол конституциялық құқық. Конституция әркімнің сот қорғауына құқығын және білікті заңгерлік көмек алу құқығын бекітіп отыр. Заңмен көзделген жағдайларды заңды көмек ақысыз түрде көрсетіледі. Азаматтық іс жүргізу кодексімен тұлғаның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сотпен қорғау туралы арнайы бап көзделген. Онда әркімнің заңмен көзделген тәртіптерде сотқа өзінің конституциялық құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғандығы туралы сотқа жүгінуге құқығы бар деп көрсетіліп кеткен. Егер ол заңға қайшы болса, немесе біреудің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын болса, бұл құқықтан бас тартуға жол берілмейді.

Сот қорғауына құқық соттар жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы Конституциялық заңмен де бекітіледі. Сол Заңның нормаларына сәйкес:

1) әркімнің мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың, ұйымдардың, өзге де тұлғалардың Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен көзделген құқықтарды бұзатын немесе шектейтін кез келген құқыққа қайшы әрекеттері мен шешімдерінен сот тәртібімен қорғауға құқығына кепілдік беріледі;

2) ешкім оның ісін заң және әділеттілік талаптарын сақтай отырып, әділетті, тәуелсіз соттың қарауынан шеттетілмейді;

3) сот тәртібімен қаралатын арыздарды, шағымдарды, және өзге де өтініштерді басқа мемлекеттік органдар немесе лауазымды тұлғалар өзінің бақылауына ала алмайды.

Азаматтық құқықтарды қорғау бойынша сот органдарының қызметі азаматтық сот өндірісі тәртібімен жүзеге асырылады. Азаматтық процес бірте- бірте азаматтардың ар- намысы мен қадір- қасиетін қорғаудың, еңбек дауларын және өзге де дауларды қарап, шешудің, моральдық және материалдық зиянды өтеудің, азаматтық құқықтық қатынастардың барлық субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиімді құралына айналып отыр. Мүдделі тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етіп, қорғау мақсатында сот актілерін іс жүзінде орындауға бағытталған атқару өндірісінің органдарын қайта құру жүзеге асырылып жатыр. Құқықты қоғамдық тәртіппен қорғауды қолданудың шарты болып дауласып отырған тұлғалардың өзара келісімі табылады. мысалы, тараптардың келісімі бойынша еңбек дауларын келісім комиссиясы қарайды. Сондай- ақ, тараптардың келісімі бойынша олардың арасында пайда болатын мүліктік дауды третей соты қарауы мүмкін, мысалы, Қазақстан Республикасының Сауда- өнеркәсіптік палатасының жанындағы Арбитражды комиссиямен дау қаралуы мүмкін.

Аралық сот – қоғам тарихындағы ең көне және ең демократтиялық жолмен қалыптастырылатын орган. Қазіргі кезде әлемде әр түрлі аралық соттар (коммерциялық арбитраждар) бар. Олардың әр түрлі болуына қарамастан, бастапқы жағдайлары бірдей болып табылады: құқық туралы даудың екі тараптары үшіншіден дауды қарап, шешу туралы сұрайды. Осыдан аралық соттың да атауы шыққан. Аралық сотты таңдай отырып, тараптар алдын ала оның шешіміне бағынуға келіседі.

Бұзылған немесе дауланып отырған құқықты қорғаудың бір нысаны ретінде Қазақстан Республикасының әрекет етуші заңнамасы аралық сотты көздеп отыр. Бірқатар нормативтік актілер аралық соттың қызметін реттейтін нормалардан тұрады. Азаматтық кодекске сәйкес, азаматтық құқықтарды қорғауды соттар (мемлекеттік соттар) және аралық соттар жүзеге асырады. Құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін аралық сотқа жүгіну мүмкіндігі Азаматтық іс жүргізу кодексінің 25- бабымен де көзделген. Сондай- ақ, судья істі сот талқысына дайындау барысында тараптарға олардың дауды шешу үшін аралық сотқа жүгіну құқығы бар екенін және ондай жүгінудің салдарын түсіндіреді.

Азаматтық іс жүргізу кодексінің 192- бабына сәйкес, сот мәжілісіндегі төрағалық етуші істі қарамастан бұрын тараптардан олар дауды төрелік соттың шешуіне беруге тілектері бар ма екенін анықтайды. Азаматтық іс жүргізу кодексі 249- бабының 5- тармақшасында, егер тараптар арасында дауды қарауды аралық сотқа беру туралы келісім болса және істі мәнісі бойынша қарамастан бұрын жауапкерден істі сотта қарауға қарсылық түскен кезде сот арызды қараусыз қалдырады. Аралық соттың құрылу және оның экономикалық дауларды қарау тәртібі 1993 жылдың 4 мамырында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетімен бекітілген экономикалық дауларды шешу үшін төрелік соттар туралы Үлгілі ережемен реттеледі.

Қазақстан Республикасы Сауда- Өнеркісәптік Палатасының жанындағы Арбитраж комиссиясы туралы Ереженің 1 тармағына сәйкес шарттық және өзге де азаматтық- құқықтық қатынастардан туындаған іскерлік (соның ішінде инвестициялық) даулар Арбитраж комиссиясымен шешілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының «Шет ел инвестициялары туралы» Заңының 27- бабына сәйкес инвестициялық даулар халықаралық коммерциялық (аралық) органдарымен де қаралуы мүмкін. Шет ел соттары мен арбитраждарының шешімдерін танып, орындау тәртібі Азаматтық іс жүргізу кодексінің 425- бабымен реттеледі.

Аралық сотта дауды шешудің мәні құқықтық қатынас қатысушыларының олардың арасында пайда болған немесе пайда болуы мүмкін дауды қарауды және оны шешуді үшінші тұлғаға сеніп тапсыратынында көрінеді. Аралық сот тәртібімен мүліктік сипаттағы азаматтық- құқықтық) даулар қаралып, шешіледі, сондықтан, аралық сот өндірісі талаптық болып табылады. Осы өндірісті құқықтарды қорғаудың талаптық құралдардың (талап арыз беру, қарсы талап беру және т.б.), талапкер мен жауапкердің болуы сипаттайды. Аралық сот үшін заңмен шарттық соттылық белгіленген. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 25- бабына сәйкес, аралық сот соттың (мемлекеттік соттың) қарауына жататын кез келген мүліктік дауды тараптардың келісімі бойынша қарауға құқылы.

Аралық сотта істі қарауға жол бермейтін келесі заң актілері бар:

- банкроттық туралы Заң (Заңның 3- бабы банкроттық сотпен белгіленеді деп бекітіп отыр);

- еңбек туралы Заң (11- тарауда еңбек дауалары тараптардың келісімі бойынша келісім комиссиясымен немесе сот тәртібімен қаралуы мүмкін деп көрсетіп отыр);

- неке және отбасы туралы Заң (7- бапта неке- отбасылық құқықтарды қорғауды сот азаматтық сот өндірісі тәртібімен жүзеге асырады деп көрсетіп кеткен, ал Неке және отбасы туралы Заңмен көзделген жағдайларда осы Заңның сәйкес баптарында көзделген тәртіптерде қорғаншылық және қамқоршылық огандарымен қаралуы мүмкін деп көрсетілген; аталған Заңның 36- бабының 3- тармағында дау болған жағдайда ерлі- зайыптылардың ортақ меншігі, сондай- ақ олардың мүліктегі үлестері сот тәртібімен анықталады деп көзделген.

Сонымен қатар, Азаматтық іс жүргізу құқығы соттылық бағыныстылықтың басымдылығын бекітіп отыр. Азаматтар арасындағы құқық туралы мүліктік дауаларды аралық соттарда қарау Совет үкіметі кезінде де өз қолдауын тапқан жоқ. Осындай ереже бірқатар себептермен түсіндіріледі:

- сот талқысының халықтың басым көпшілігі үшін қолайлы болуы;

- мәжбүрлеп орындау механизмімен күшейтілген сот шешімдерінің беделі;

- азаматтардың аралық сотқа жүгіну арқылы құқықтарын қорғау мүмкіндігі туралы білмеуі;

- бір жағынан субъективті құқықтарды соттық емес нысандарды қолдану мүмкіндігіне жол бермейтін және екінші жағынан, дәстүрлі нысанды қолдайтын адамдар ойлары мен мінез- құлқының инерциясын жоятын психологиялық кедергілердің болуы.

Аралық сот өндірісі дамымағандығының басты факторы болып оның заңмен реттелмеуі табылады. 1999 жылы қабылданған Азаматтық іс жүргізу кодексі аралық сот өндірісі тәртібін реттемейді. 1993 ж. 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетімен бекітілген экономикалық дауларды шешуге арналған аралық соттар туралы Үлгілі Ереже әлі күнге дейін өз күшін жойған жоқ.

Бұл Ереженің елеулі кемшіліктерінің бірі болып аралық соттың қызметінің мемлекеттік сот бақылауында болатындығында. Сондықтан, заңды тұлғалар арасындағы құқық туралы пайда болған даулар аралық сот арқылы шешілмейді. Шешілсе де, ол жағдайлар өте сирек кездеседі. Аралық соттары және Қазақстан Республикасындағы үнемі әрекет ететін соттар, әдетте, шет ел құқығы субъектілерінің қатысуы бар дауларды қарап, шешеді. Қазіргі кезде қалыптасқан жағдай құқық туралы мүліктік дауларды қарап, шешу бойынша аралық соттардың құрылу тәртібі мен қызметін тиімді түрде реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдауды талап етеді.

Құқық туралы дауларды шешудің балама әдістерінің дамуы – бұл елімізде ұйымдар мен азаматтардың бұзылған немесе дауланып отырған субъективті құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тиімді жүйесін жасаудың қажетті шарты. Нотариаттық нысанға келетін болсақ, нотариат туралы Заңға сәйкес нотариустар мен нотариаттық іс- әрекеттер жасауға құқылы өзге де тұлғалар жеке және заңды тұлғалардың даусыз құқықтарын қорғауды жүзеге асырады. Мәселен, нотариус шаруашылық серіктестіктердің мәмілелері мен құрылтай құжаттарын куәландырады; мұрагерлік мүлікті қорғауға шаралар қолданады; мұраға құқық туралы және ерлі – зайыптылар мен ортақ меншік негізінде мүлкі бар өзге де тұлғалардың мүлкіндегі үлеске құқық туралы куәлік береді; мүлікті иеліктен айыруға тиым салады және оны алып тастайды; депозитке ақша қабылдайды; сақтауға құжаттар мен бағалы қағаздарды қабылдайды; теңіз наразылықтарын жасайды; дәлелдемелерді қамтамасыз етеді және нотариат туралы Заңмен көзделген өзге де әрекеттерді жасайды.

Нотариаттар құқық туралы дау болған жағдайда оны шешепейтінін айта кеткен жөн. Олар тек қана даусыз құқықтарға қатысты нотариаттық әрекеттер жасай алады. Олар, мәселен, міндеттеме тараптарының құқықтары мен міндеттерінің бар болуын, атап айтқанда, сол құқықтар мен міндеттердің пайда болуының негізі ретіндегі міндеттеме орын алғандығы фактісін куәландырады. Мәмілелерді куәландырған кезде нотариустар олар даусыз болуын тексередеі, егер олар дауланып жатқан болса, нотариустар оны куәландырудан бас тартады.

Қазақстан Республикасының әрекет етуші заңнамасы азаматтық- құқықтық дауалардың басым көпшілігін соттың қарауына беріп отыр. Құқықтар мен мүдделерді қорғау нысандарын заңмен реттеу тенденциясы оның әкімшілік нысаны қазіргі кезде өте сирек кездесетіні туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Егер заң актілерімен өзгеше көзделмесе, бұзылған немесе дауланып отырған құқығын қорғау туралы билік органдарына жүгіну сол мәселе бойынша сот органдарына жүгінуге кедергі болмайды. Мемлекеттік органмен немесе лауазымды тұлғамен қабылданған акт сот тәртібімен шағымдануы мүмкін.

Азаматтық құқықтарды қорғаудың әкімшілік нысаны тек қана заңмен көзделген жағдайларда орын алады. Мәселен, неке және отбасы туралы заңдар кодексінде қорғаншылар мен қамқоршылардың әрекеттеріне қорғаншылық және қамқоршылық органында немесе қорғаншылық немесе қамқоршылық орнатылған адамның тұрғылықты жері бойынша сотта соңғысының мүддесінде шағымдалуы мүмкін. Мысал ретінде азаматтық істер бойынша Жоғарғы соттың сот алқасы көңіл аударған оқиғаны келтіруге болады. Қазақстан Республикасы соттарымен 1997-1998 жылдары қаралған автокөлік құралдарына меншік құқығын тану туралы істерді зерделеу барысында автокөлік құралына оған құжаттардың (техникалық паспорт) болмауы салдарынан меншік құқығын тану туралы арыздары соттың қарауына жатпайды деп түсіндірді. Осындай арыздар берілген кезде соттар оларды қабылдаудан бас тартып, Жол полициясына жаңа құжаттар беру туралы өтінішпен жолдану керек деп түсіндірулері керек. Әрекет етуші азаматтық заңдарда субъективті құқықтар мен заңды мүдделерді қорғаудың бір нысаны ретінде өзін- өзі қорғау көрсетіліп кеткен. Азаматтық кодекстің 9- бабының 4- тармағына сәйкес, заң актілерімен арнайы көрсетіліп кеткен жағдайларда азаматтық құқықтарды қорғау құқығы бұзылған тұлғаның тікелей іс жүзіндегі немесе заңды әрекеттерімен жүзеге асырылуы мүмкін (өзін өзі қорғау) деп көрсетіліп кеткен.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-10-15; Просмотров: 444; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.037 сек.