Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Адренотежегіштер 3 страница




Кері көрсеткіштері. Жүректің ауыр аурулары, атеросклероз, асқазан мен 12-елі ішектің ойық жара ауруы, өкпенің ашық туберкулезі, орталық жүйке жүйесінің мүшелік аурулары.

Жанама әсерлері. Коллапс, көрініс елестері, аллергиялық реакциялар.

Шығарылу түрі. 1% ерітіндіні ампулада 1 мл-ден N.10 тері астына енгізу үшін.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Apomorphini hydrochloridi 1% - 1 ml

D.t.d. N. 5 in amp.

S. 1 мл тері астына күніне 1-2 реттен.

#

Бромокриптин (Bromocriptinum), парлодел. Бромокриптин қаракүйе эргокриптин жартылай алкалоидының синтетикалық туындысы. Препарат орталық жүйке жүйесіндегі дофаминдік рецепторлардың ынталандырғышына жатады. Бромкриптин бала емізетін аналарда сүт бөлінуін азайтады, аздап жатыр жиырылуын төмендетеді. Етеккірдің қалыпты келуін қалпына келтіреді. Ағзада өсу гормонының мөлшерін азайтады; сүт түзілуін реттейтін гормон мөлшерін азайтады, бүйрек үсті бездері қабатының қызметін реттейтін гормонды азайтады. Препарат паркинсонизм кезінде (бұлшықет дірілі, жоғарылаған бұлшықет тонусы, қозғалыс белсенділігінің төмендеуі), артериалдық қысымды, дене қызуын төмендетеді. Құстыру әсерін береді қозғалыс белсенділігін азайтады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Акушерлікте препаратты босанғаннан кейінгі сүт секрециясын (лактация) төмендету үшін, галактореяда (сүттің патологиялық ағуында) қолданады. Гинекологияда аналық безі жасушаларының қызметінің бұзылуында, бедеулікте, гипофиздің лактогормонының шамадан тыс бөлінуіне байланысты етеккір циклі бұзылуында қолданылады. Неврологияда препаратты Паркинсон ауруы мен бірқатар осыған ұқсас жағдайларда қолданады. Эндокринологияда өсу гормонының көп болуынан байқалатын бас, аяқ-қол сүйектерінің тепе-теңді өспеуінде (акромегалиялар) қолданады. Бүйрек үсті бездерінің қабаттарынан көп мөлшерде гормондар бөлінуінде пайдаланады (Иценко-Кушинг ауруы). Препаратты тамақтану кезінде күніне 2 - 3 рет 0,5 - 1 таблеткадан сүт серециясы толығымен тоқтағанша, етеккір циклі қалпына келгенінше тағайындайды. Паркинсон ауруы кезінде күніне 4 рет қабылдауға 4 - 6 таблеткадан беріледі.

Кері көрсеткіштері. Психикалық ауруларда, шеткері тамырлардың зақымдануларында, жүректің ишемиялық ауруларында, аритмияларда, төменгі артериалдық қысымда қолдануға болмайды. Препаратты сондай-ақ жүктілік кезінде, емізу кезеңінде, асқазан-ішек торабы ауруларында және 15 жасқа дейінгі балаларға бермейді. Препаратты бала көтертпейтін ішке қабылдайтын дәрілермен қосып беруге болмайды.

Жанама әсерлері. Дұрыс таңдалған мөлшерлемеде препарат жақсы өткеріледі. Жекелеген жағдайларда бірінші күндері лоқсу, құсу, іш қатуы, мұрынның кілегейлі қабатының ісінуі байқалуы мүмкін. Бромкриптинді ұзақ мерзім қолдану кей кездері артериалдық қысымның төмендеуіне, аритмияға, орталық жүйке жүйесінің қозуына, тоңғанда қол мен аяқ саусақтарының бозаруына әкеліп соғуы мүмкін.

Шығарылу түрі. 5 мг N.30 капсулада және 10 мг N.20 капсулада; 2,5 мг N.30 таблеткада, 4 мг N.10 таблеткада және 10 мг N.30 таблетка түрінде.

Рецепт үлгісі. Rp.: Bromocriptini 0,005

D.t.d. N. 30 in caps.

S. 1 капсуладан күніне 2-3 реттен.

#

Хлорпромазин ( Chlorpromazinum), аминазин, ларгактил, плегомазин. Хлорпромазин - нейролептиктердің негізгі түрі, фенотиазиндердің туындысы, ол антипсихикалық, тыныштандыратын, құсуға қарсы әсері бар және басқа ерекшеліктері оның орталық адренергиялық және дофаминергиялық рецепторларға тежеуші әсер етуімен байланысты. Мұнымен қатар ол наркоздық, ұйықтататын және орталық жүйке жүйесін күйзеліске ұшырататын бірқатар заттардың әсерін ықпалдайды.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Шизофрения мен психомоторлық қозу белгісі бар агрессия, гипожелікпелік, желікпелі жай-күй, жедел елестік және сандырақтау синдромын, деменция кезінде қозу күйін тудыратын жағдайлар, айқын мазасыздық, үрейлену күйіне ену кездерінде үздіксіз ауырсынуларда ауыруды басатын, ұзақ ұйқысыздық пен агрессия байқалуларында ұйықтататын заттармен қоса беру ұсынылған. Ішке 25 – 600 мг тәулігіне 3 – 4 рет қолданады; 25 – 150 мг-нан 600 мг-ға дейін бұлшық етке; 40% глюкоза ерітіндісіне 50 – 100 мг-нан 2 мл мөлшерлемеде көк тамырға егеді.

Кері көрсеткіштері. Бауыр, бүйрек зақымдануларында, қан түзу мүшелерінің бұзылыстарында, микседемада, ауыр депрессияларда, өршитін ми мен жұлынның жүйелік ауруларында, жүректің декомпенсациялық ақауларында, тромбоэмболиялық ауруда, жедел инфекциялық ауруларда, феохромоцитомада, аталық безінің гипертрофиясында, сонымен қатар, бронхоэктазды аурудың кеш сатысындағы науқастарға беруге болмайды. Кей кездері өт және несептас ауруларында, жедел циститте, ревматизм кезінде, ревмокардит, қояншық, қант диабеті (сусамыр) кездерінде де беруге тыйым салынады.

Жанама әсерлері. Маужырау, әлсіздік, апатия, гипотермия, экстрапирамидтік бұзылыстар, ауыздың кебуі, іш қатулар, ауырсынып зәр бөлінуі, диплопия, аритмия, галактория, гинекомастия, етеккір циклінің бұзылуы, бедеулік, тері мен кілегейлі қабаттардағы аллергиялық көріністер, бет пен қол-аяқтың домбығып ісінуі, сондай-ақ терідегі фотосенсибилизация көріністері.

Шығарылу түрі. Балалар үшін 10 мг таблеткалар; 25, 50, 100 және 250 мг драже N.50, 100; 2,5% құтыдағы ерітінді түрінде 1, 2, 5 және 10 мл N.5, 10.

Рецепт үлгісі. Rp.: Dragee Chlorpromazini 0,025

D.t.d. N. 50

S. Күніне 1-2 дражеден 4 рет.

#

Сульпирид (Sulpiridum), эглек, эгнонил. Сульпирид орталық жүйке жүйесіне «реттегіш» әсер беруімен сипатталатын препарат, ол орташа антипсихотикалық белсенділікке ие (дофаминдік рецепторларды тежеуіне байланысты) әлсіз депрессияға қарсы және ынталандырғыш әсерлері де білінеді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Өзге нейролептиктермен, антидепрессантармен қиылыса отырып, әлсіздікте, тежелу көріністерінде, анергияда, соның ішінде елестік-сандырақтауда және аффективтік бұзылыстармен байқалатын бұзылыстарда, сонымен қатар маскүнемдік психоздар кезінде. Белсендіруші зат ретінде бәсең өрбитін шизофрения кезіндегі невротикалық бұзылулар кезінде қолданылады. Психоздар кезінде 0,8-1,6 г, ал невротикалық жағдайларда тәулігіне 0,4-0,6 г күннің бірінші жартысында 2-3 қабылданымда береді.

Кері көрсеткіштері. Феохромоцитоза науқастарындағы айқын артериалдық гипертензияда, психомоторлық қозуларда, емізу кездерінде қолдануға болмайды.

Жанама әсерлері. Экстрапирамидтік бұзылыстар, қозу, ұйқы бұзылуы, ортостатикалық гипотензия, ауыз кебуі, етеккір циклінің бұзылуы, потенцияның төмендеуі білінуі мүмкін.

Шығарылу түрі. 50 және 100 мг капсулалар N.10, 30 және 200 мг капсулалар N.10, 12; 50 және 200 мг таблеткалар N.10, 12, 30; 0,5% ерітіндіні 100 мл құтыларда ішіне енгізу үшін; 5% ерітіндіні құтыда 2 мл егу үшін.

Рецепт үлгісі. Rp.: Sol. Sulpiride 0,5% - 100 ml

D.S. 1 десерттік қасықтан күніне 2 – 3 рет.

#

Метоклопрамид (Metoclopramidum), церукал, реглан. Метоклопрамид дофаминдік (D2), сонымен қатар серотониндік (5-НТ3) телімді нейрорецепторлық тежегіш болып табылады. Құсуға қарсы әсерге ие, тыныштандырады және асқазан-ішек торабының қызметіне реттегіш әсерін тигізеді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Лоқсу, құсу белгілері, диспепсиялық бұзылыстар, асқазан атониясы, асқазан мен 12-елі ішектің ойық жаралы ауруы, өтте тас болуы ауруы кезінде қолданылады. Ересектерге 5-10 мг, балаларға 2,5-5 мг тәулігіне 3 рет, ересектерге 10 мг, балаларға 5 мг бұлшық етіне енгізу үшін тағайындайды.

Кері көрсеткіштері. Асқазан-ішекқан кетулері, Паркинсон ауруы, қояншық. Глаукома, феохромоцитома, жүктілік (I үшайында), емшектік кезең.

Жанама әсерлері. Экстрапирамидалдық бұзылыстар, депрессия, ұйқышылдық, ауыздың кебуі, домбығып ісінулер, гиперпролактинемия, дисменорея.

Шығарылу түрі. 5 және 10 мг таблеткалар мен капсулалар N.10, 20, 30, 50, 100; құтыдағы 0,1% ерітіндіні 30, 100 және 200 мл ішіне енгізу үшін және 0,5% ерітіндіні 2 мл құтыда N. 5, 10, 12 бұлшық етіне енгізу үшін; 20% аэрозольды 2 мл және 40% аэрозольды 4 мл құтыда интраназалдық енгізу үшін.

Рецепт үлгісі. Rp.: Aerosoli Metoclopramidi 20% - 2 ml

D.S. 1 – 2 бүркуге күніне 2 – 3 реттен.

#

Домперидон (Domperidonum), мотилиум. Домперидон нейролептиктер тобындағы бутирофенон жақын болып келеді, ал әсері бойынша метоклопрамидке жақын және дофаминдік D2 – рецепторлардың антагонистті саналады. Асқазан-ішек торабы моторикасы бұзылуында аса тиімді препарат.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Лоқсу, құсу, ықылық, асқазан-дуоденеалды аймағының қызметтік бұзылыстары, асқазан гипотониясы, рефлюкс-эзофагит, өт шығару жолдарының дискинезиясы. Ересектерге ішіне күніне 3-4 реттен 10-20 мг, балаларға 5-10 мг тәулігіне 2 реттен береді.

Кері көрсеткіштері. Асқазан-ішек торабынан қан кетулер, гиперпролактинемия, жүктілік.

Жанама әсерлері. Ауыздың кебуі, ауытқып өрби өтетін ішек спазмдары (жиырылыстары), гиперпролактинемия, гинекомастия, экстрапирамидтік бұзылыстар, аллергиялық реакциялар.

Шығарылу түрі. 10 мг таблеткада N. 10, 20, 30; құтыдағы 0,1% суспензиясы 200 мл ішке беру үшін шығарылады.

Амантадин (Amantadinum), мидантан. Амантадин ең алдымен вирусқа қарсы А 2 типтегі тұмау вирустарына тиімділігі зор дәрі ретінде ұсынылған. Кейіннен оның паркинсонизм кезінде тиімді екендігі айқындалды. Ол нейроналдық қордан дофаминнің бөлініп шығуын ынталандырады және дофаминергиялық рецепторлардың медиаторға (дофаминге) сезімталдығын жоғарылатады; сонымен, дофамин түзілуінің азаюының өзінде базалдық ганглийлерде қалыптасу үшін тиісті жағдайлар туады, мұнымен қоса мидантан ОЖЖ моторлық нейрондарында импульстердің генерациясын тежейді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Паркинсон ауруы мен түрлі этиологиядағы парксинсонизмде қолданылады. Препарат ең алдымен ригидтік және акинетикалық түрлерінде тиімді, аз мөлшерде гиперкинетикалық синдромға (дірілге) әсерін тигізеді. Белдемелі теміреткі кезіндегі невралгияда қолданады. Мидантанды күніне ішке тамақтан соң тағайындайды. Алдымен 0,05-0,1 г бастайды күніне 2 реттен, кейін тәулігіне 3-4 реттен қабылдайды. Тәуліктік мөлшері 0,2-0,4 г. Емдеу курсының ұзақтығы 2 – 4 ай.

Кері көрсеткіштері. Бауыр мен бүйректің жедел және созылмалы ауруларында, сонымен қатар жүктілікте, препаратқа деген жоғары сезімталдықта, бауыр және бүйрек жеткіліксіздігінде; қояншықта, глаукома; аталық безінің аденомасы; ауыр жүрек жеткіліксіздігі кері көрсеткіш болып саналады.

Жанама әсерлері. Жекелеген жағдайларда бас ауыруы, ұйқысыздық, бас айналуы, жалпы әлсіздік, диспепсиялық көріністер, жүрек лүпілдеулері, ауыздың кебуі, лоқсу; қол, аяқ терілерінде көкшіл реңді бояу білінуі; көз көруі өткірлігінің төмендеуі.

Шығарылу түрі. 100 мг N. 10, 30, 100 қаптамадағы таблеткалар; құтышадағы 500 мл инъфузияға арналған 0,04% ерітінді; 0,5% көз тамшылары түріндегі ерітінділер құтышада 10 мл.

Рецепт үлгісі. Rp.: Amantadinі 0,1

D.t.d. N.100 in obd.

S. Күніне 2-3 рет 1-2 таблеткадан.

#

Селегилин (Selegilinum), элдеприл, юмекс. Селегилин қайтымсыз түрде МАО баяулатады. Басым түрде катехоламиндерді тотықтыратын МАО (дофамин, норадреналин, адреналин, серотонин) байланыстырады. ОЖЖ дофамин шоғырымын жоғарылатады да оның экстрапирамидтік жүйедегі тапшылығының орнын толтырады. Тура емес адреномиметиктер мен серотониннің белсенділігіне ішкі мүмкіндік бермейді. Синапстарда дофаминнің қармалып ұсталуын басатын метаболиттер (амфетамин, метамфетамин) түзейді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Паркинсон ауруы, симптоматикалық паркинсонизм. Ішке тәулігіне 10 мг мөлшерлемеде таңғы және түстік ас үстінде 5 мг 2 қабылданымда береді. Әдетте, леводопа/карбидопа қосындысында қоса қолданылады. Ұзақ терапия кезінде леводопа мөлшерлемесін азайтуға болады.

Кері көрсеткіштері. Гиперсезімталдық, дофамин тапшылығына байланысы жоқ экстрапирамидтік бұзылыстар (эссенциалдық дірілдеу, Гентингтон хореясы); жүктілік, бала емізу.

Жанама әсерлері. Жүйке жүйесі мен сезім мүшелері тарапынан мына сезімдер байқалады: мазасыздық, шаршап-жабығу, бас айналуы, бас ауыруы, ұйқышылдық немесе ұйқысыздық, депрессия, елестер, сананың ауытқуы, сөйлеу, жүру бұзылулары, супраорбиталдық ауырсынулар, көз көру өткірлігінің бұзылуы, диплопия. Жүрек-тамыр және қан жүйесі тарапынан (қан түзу, гемостаз) мына белгілер байқалады: аритмия, ортостатикалық реакциялар, АҚ жоғарылауы, домбығулар.
Асқазан ішек торабы тарапынан: лоқсу және құсу, тәбетінің төмендеуі, ауыздың кебуі, диспепсия, іш қатуы немесе іштің өтуі, ойық жаралы аурудың ушығуы, бауырлық трансаминазалар белсенділігінің жоғарылауы.

Шығарылу түрі. N.10, 20, 30, 50. 100 түріндегі 5 және 10 мг таблеткалар.

Рецепт үлгісі. Rp.: Selegilini 0,005

D.t.d. N. 10 in tab.

S. 1 таблеткадан күніне 2 реттен

#

 

6.2. Серотонинергиялық дәрілер

 

Серотонин рецепторлар өзінің химиялық құрамы бойынша 5-гидрокситриптамин (5-НТ) болып табылады (6.2.1 сурет) және вазоконструкция көрінісін тудыра отырып көптеген физиологиялық үдерістердің кезеңді тізбегін реттейді. Серотониннің шеткері ұлпаларға реакциясын, оның әрекеттерін тежейді және радиолигандалардың байланысуына әсерін тигізетін дәрілік заттар, серотониндік рецепторлардың антогонисттеріне жатады.

Серотониндік рецепторлардың қандай да бір түрін ынталандыруға немесе баяулатуға қабілеттілігін, сондай-ақ, өзге биологиялық белсенді заттармен – адреналин, гистамин, опиаттарға жақындығын ескере отырып, серотониндік рецепторлардың алуан қырлы екендігін атай аламыз.

Серотониндік рецепторлардың көп мөлшерінің анықталуына байланысты рецепторларды қандай да бір типке жатқызу мүмкіндігін беретін нақтылы белгілерді айқындау қажеттігі туындалып келеді. Рецепторлардың номенклатурасы бойынша Халықаралық Комитет серотонин рецепторларын 7 түргее бөлуді ұсынған: 5-НТ1, 5-НТ2, 5-НТ3, 5-НТ4, 5-НТ5, 5-НТ6, 5-НТ7. Өз алдына 5-НТ- рецепторларының түрі бірнеше рецепторлар бөлімдерінен тұрады.

Серотониннің 5-НТ3-рецепторларынан басқа барлық рецепторларына жасуша ішіне дабыл беру әрекеті G-ақуыздарының көмегімен жүзеге асырылады, жасуша беткейінің G-ақуыздарымен байланысқан бұл рецепторлар рецепторлардың өте жоғары туыстастығына жатады. Рецепторлар баяулатқыштық G-ақуыздары арқылы аденилатциклазамен байланысқан болады, сол себептен рецепторлар белсенуі кезінде аденилатциклаза белсенуі баяуланады.

5-НТ3-рецепторлары иондық каналдар түзейді, олар Nа+, К+ және Са++ иондарының ағымын реттейді, сол себептен де шын мәнісінде иондық түтікшелер болып келетін рецепторлардың өте жоғары туыстастығына жатады. 5-НТ1-рецепторларына жалпы сипаттама бере отырып, туыстастыққа кіретін барлық 5 бөлімдерінің рецепторлары қарапайым протеиндер болып табылады.

 

Сурет 6.2.1. Серотонинергиялық синапс

 

Сонымен, серотониндік рецепторлар плазматикалық мембраналарға ендірілген көптеген гомогенді макромолекулалар, олар серотонин мен оның үйлестері молекулалық дабылдарын жасушалардың өзіндік жауабы ретінде трансформациялайды. Олар пре- және постсинаптикалық мембраналарда шоғырланады, нейроналдық мембраналар мен миоциттерде, сонымен қатар, тромбоциттерде болып, ОЖЖ алуан қилы қызметтеріне, шеткері мүшелердің және тромбоциттердің агрессиялық белсенділігін реттелулеріне т.б. қатысады.

Серотонин мен оның үйлестері (мексамин) дәрілік зат ретінде кең қолданыс тапқан. Мидың төмпешікті безінде түзілетін эндогендік сипаттағы потенциалды зат ретінде мелатонинді атауға болады, ол құрылымы жағынан серотонинге жақын, бұған қоса серотонин рецепторларының агонисттерін (суматриптин, наратриптин) және анагонисттерін (пизотифен) атауға болады.

Мексамин (Mexaminum) серотониннің синтетикалық үйлесімі, радиқорғаныстық қасиетке ие (қан түзу мүшелері - сүйек майында, көк бауырда, тамырлар тарылуы есебінен туындалатын гипоксияға орай). Мексамин серотонин тәрізді шеткері тамырларды тарылтады, ішкі мүшелердің бұлшықеттерінің жиырылуын тудырады, сонымен қоса тыныштандыратын әсерін тигізіп, ұйықтататын дәрілер мен ауыруды басатын дәрілердің әсерін күшейтеді.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Сәуле терапиясы кезінде жалпы сәулелік реакцияның алдын алу үшін. Ішке 50-100 мг мөлшерлемесінде әр сәуле терапиясы алдында 30-40 минут бұрын тағайындалады.

Кері көрсеткіштері. Жүрек пен ми тамырларының айқын атеросклерозы, жүрек-тамыр жеткіліксіздігі, бронх демікпесі, бүйрек қызметінің бұзылуы, жүктілік.

Жанама әсерлері. Диспепсия көріністері, жеңіл түрдегі бас айналуы, лоқсу, эпигастраль аймағының ауырсынулары, сирек кездері құсу.

Шығарылу түрі. 50 мг таблеткалар N. 2, 4, 6.

Мелатонин (Melatoninum), мелаксен. Мелатонин бұл мидың төмпешікті безі (гипофиз) өндіретін эндогендік қосылыс, химиялық құрылымы бойынша серотонин мен мексаминге жақын. Ол физиологиялық ұйқы және ағзадағы бірқатар үдерістердің реттегіші болып табылады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Ұйқы ырғақтығын, әсіресе уақыт белдеуін ауыстыру кездерінде реттеуші дәрі ретінде қолданылады, ағзаға шамадан тыс күш түсуінде адаптогендік зат ретінде беріледі. Ішке ұйықтар алдында 3 мг мөлшерінде тағайындайды.

Кері көрсеткіштері. Бүйрек қызметінің айқын бұзылуы, аллергиялық және аутоиммундік ауруларда, лейкоз, лимфома, миелома, қояншық, қант диабеті, жүктілік, емізу кездерінде беруге болмайды.

Жанама әсерлері. Бас ауыруы, диспептикалық бұзылыстар, аллергиялық реакциялар мен домбығып ісінулер орын алуы мүмкін.

Шығарылу түрі. 3 мг таблеткалар мен капсулалар түрінде N. 2, 6, 12, 24, 30, 60.

Суматриптан (Sumatriptanum), имигран. Суматриптан триптимин туындысы 5-НТ-рецепторларының талдамды агонисті, ол бас сақинасы кезінде байқалатын ми тамырларының пульсациялық тонусын басады, осыған орай бас ауырғандығы тыйылады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Бас сақинасының ұстамалары, сонымен қатар лоқсу, құсу, фотофобия көрініс-белгілерін тыю үшін қолданылады. Бір реттік мөлшерлемесінен бастайды - 50-100 мг, әсері жеткіліксіз болса осы мөлшерлемеде бір сағаттан соң, кейде тері астына 6 мг, бір сағаттан соң қайталап береді.

Кері көрсеткіштері. Жүректің ишемиялық ауруында, аритмиялар, бастан кешірілген миокард инфарктында, ми қан айналымы бұзылуында, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылуы, қояншық, жүктілік, емізгенде, егде жастағылар мен жасөспірімдерге бермейді.

Жанама әсерлері. Беттің қызаруы, бас ауыруы, жүрек, мойын тұстарындағы ауырсынулар, қарыншалық аритмия, жұтыну актінің қиындауы, ауа жетпеу сезімі, бұлшықет ауырсынулары, аллергиялық және өзге жанама көріністер.

Шығарылу түрі. 50 және 100 мг таблеткалар N. 2, 10; 1,2% ерітінділер 0,5 мл шприцтерде N. 2 егу үшін; интраназалдық енгізу үшін 10 және 20 мг/мөлшерлік құтыдағы аэрозоль.

Наратриптан (Naratriptanum), нарамиг. Наратриптан 5-НТ1В/1Д – серотониндік рецепторлардың таңдап әсер ететін агонисті, бас сақинасы кезінде кеңейген ми тамырларының тарылуын тудырады.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Бас сақинасының ұстамаларын ықшамдау және алдын алу шаралары үшін. Ішке бір реттік тәртіпте бас сақинасы кезінде 2,5 мг тағайындайды, қажет кездері сол мөлшерде 4 сағаттан соң қайталайды.

Кері көрсеткіштері. Стенокардияда, ми және шеткері қан айналымының бұзылуларында, артериалдық гипертензияларда, жүктілікте, егде жастағылар мен жасөспірімдерге бермеу керек.

Жанама әсерлері. Әлсіздік, ұйқышылдық, парестезия, тамақ пен мойын маңында ауырсыну сезімдері, ми және шеткері қан айналымының бұзылулары, диспепсия.

Шығарылу түрі. 2,5 мг таблеткалар N. 2, 4, 6.

 

Пизотифен (Pizotifenum), сандомигран. Пизотифен серотониндік 5-НТ1 рецепторларының антагонисті, яғни 5-НТ1-серотониндік және Н1-гистаминдік рецепторлардың тежегіші.

Қолдану көрсеткіштері мен мөлшерленуі. Бас сақинасы ұстамаларының алдын алу шаралары үшін, вазомоторлық және жарақаттан кейінгі бас ауыруларында, сонымен қатар дисциркуляторлық энцефалопатияларда. Ішке 0,5 мг күніне 3 реттен, кей кездері мөлшерлемесін күніне 3 реттен 1-4 мг дейін ұлғайтып береді.

Кері көрсеткіштері. Жабық бұрышты глаукомада, ауырсынып өтетін несеп бөлінуінде, жүктілік кезінде беруге болмайды.

Жанама әсерлері. Лоқсу, ұйқышылдық, әлсіздік, бас айналуы, дене салмағын қосу түріндегі тәбетінің артуы.

Шығарылу түрі. 0,5 мг таблеткалар N. 2, 4, 6.

6.3. Пуринергиялық дәрілер

Пуриндердің физиологиялық белсенділігін жүзеге асырылуы рецепторлар арқылы жүзеге асады, бұл рецепторлар нейроналдық немесе эффекторлық жасушалардың постсинаптикалық мембраналарында орналасады да пуриндік немесе аденозиндік рецепторлар деп аталады. Пуриндік рецепторлардың қазіргі заманғы жіктелуі қандай да бір рецепторлардың аденозин мен оның туындыларына түрлі сезімталдығына негізділіп құралған.

Пуриндік рецепторлары Р1 және Р2 бөлінеді. Р1 – рецепторлары АТФ үйлесімдеріне қарағанда аденозинге сезімдірек және метилксантиндермен тежелінеді, ал Р2 – рецепторлары аденозиннен көрі, АТФ сезімдірек және кофеин мен теофиллинмен тежелмейді. Заманауи пікірлерге сай, пуриндік рецепторлардың 2 сыныпы бар. Р1 –рецепторлары G-ақуыздарымен ұштастырылған; бұл рецепторларды 4 бөлімге бөледі: А1 - А4 – олардың бәріне аденозин агонист болып табылады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-11-08; Просмотров: 1000; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.06 сек.