Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Булгакова Д.А. 8 страница




Құқықтың социалистік типі–бұл халықтың еркін б ілдіретін, мемлекетпен қалыптастырылға және қамтамасыз етілетін жалпыға міндеті заң нормаларының жиынтығы.

 

 

17 тақырып. ӘЛЕУМЕТТІК НОРМАЛАР ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚҰҚЫҚ

 

1. Әлеуметтік және техникалық нормалар.

2. Құқық пен моральдың арақатынасы.

3. Құқық және діни нормалар.

4. Құқық және корпоративтік нормалар.

5. Құқық және әдет-ғұрып.

 

1. Әлеуметтік және техникалық нормалар. Қоғам реттеушіліксіз өмір сүре алмайды, ол дегеніміз адамдардың өмір сүрудің әртүрлі салаларындағы жүріс-тұрысын ретке келтіру. Реттеу нормалардың көмегімен жүзеге асырылады, ал нормалар, өз кезегінде, техникалық және әлеуметтік болып бөлінеді.

Техникалық нормалар–бұл адамдардың еңбек құралдарын және табиғат заттарын дұрыс қолдануының ережелері. Мысалы, техникалық нормаларға мыналар жатады: белгілі бір құрылыс жұмыстарын орындау ережелері, шикізатты қолану ережелері, мемлекеттік стандарттар, техникалық жағдайлар. Техникалық нормалар төмендегідей ерекшеліктерге ие: а) бұл жердегі реттеу пәні тек әлеуметтік сипатта емес; ә) «субъектілікң құрамы тек адамдармен ғана емес, сонымен қатар сыртқы әлеммен, табиғатпен, техникамен де байланысты.

Әлеуметтік нормалар–бұл қоғамдық қатынастарды реттеуде қолданылатын жүріс-тұрыс ережелері. Оларға құқықтық, моральдық, діни, саяси, эстетикалық, әдет, корпоративтік нормалары жатады. Әлеуметтік нормалар келесі ерекшеліктерге ие: а) бұл жердегі реттеу пәні тек әлеуметтік сипатта болады, ол–қоғамдық қатынастар; ә) «субъектілікң құрамы әлеуметтік саланың өкілдері ретіндегі адамдармен ғана байланысты.

Техникалық және әлеуметтік нормалар өзара тығыз байланыстылықта болады. Нақты айтқанда, қоғам үшін маңызды техникалық нормаларды мемлекет пен құқық қолдайды, нәтижесінде олар белгілі бір заңды салдарды туындататын, жалпыға міндетті техникалық-заңды жүріс-тұрыс ережелеріне айналады. Мысалы, қылмыстық заңнама құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу әрекеттері үшін жауапкершілікті көздейді.

 

2. Құқық пен моральдың арақатынасы. Мораль–бұл адамдардың жүріс-тұрысын жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттейтін нормалар мен қағидалардың жүйесі. Құқық–бұл мемлекетпен орнықтырылған және қамтамысыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.

Құқық пен моральдың ортақ белгілері:

1) әлеуметтік нормалар жүйесінде олар қоғамға ең кеңінен таралған, кешенді нормалар болып табылады;

2)олардың реттеу объектісі біреу–қоғамдық қатынастар;

3) олар түп негізінде қоғамның өзінен туындайды.

Құқық пен моральдың арасындағы айырмашылықтар төмендегідей:

1) пайда болуы бойынша: егер мораль қоғаммен бірге пайда болса, құқық мемлекетпен бірге пайда болады;

2) көріну нысаны бойынша: мораль қоғамдық қатынастардан көрініс тапса, құқық жазбаша нысандағы арнайы нормативтік актілерден көрініс табады;

3) әрекет ету саласы бойынша: мораль барлық қоғамдық қатынастарды реттей алады, ал құқық аса маңызды және өзі реттей алатын қоғамдық қатынастарды ғана реттейді;

4) күшіне ену мерзімі бойынша: моральдық нормалар олардың түсіну барысында күшіне енсе, құқықтық нормалар нақты анықталған мерзімде күшіне енеді;

5) қамтамасыз ету тәсілі бойынша: моральдық нормалар қоғамдық әсер ету шараларымен қамтамасыз етілсе, құқықтық нормалар мемлекеттік әсер ету шараларымен қамтамасыз етіледі;

6) бағалау негізі бойынша: моральдық нормалар қоғамдық қатынастарды жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік тұрғысынан реттесе, құқықтық нормалар оларды заңдылық пен заңсыздық, құқыққа сәйкестік пен құқыққа қайшылық тұрғысынан реттейді.

 

3. Құқық және діни нормалар. Діни нормалар деп әртүрлі діндермен орнықтырлған және осы дінге сенуші тұлғаларға міндетті болып табылатын ережелерді атайды. Олар әртүрлі діни кітаптарда көрініс тапқан: Құранда, Інжілде, Тәуратта, буддистердің діни кітаптарында және т.б. Бұл нормалар діни бірлестіктердің ұйымдастырылуының және қызмет етунің тәртібін анықтайды, діни рәсімдерді орындау, шіркеулік қызмет тәртіптерін реттейді.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, бірқатар дәуірлерде діни нормалар заңды сипатты иеленіп, кейбір мемлекеттік, саяси, азамттық-құқықтық, отбасы-некелік және т.б. қатынастарды реттеген. Қазіргі кездегі бірқатар ислам мемлекеттерінде Құран мен Сүннет мұсылмандардың өмірінің барлық салаларын реттейтін діни, құқықтық және моральдық нормалардың негізі болып табылады.

Діни ұйымдар орнықтырған нормалар бірқатар қатынастарда қолданыстағы құқықпен тығыз байланысқа түседі. Мысалы, Конституция әрбір адамға ар-ождан бостандығын, кез-келген дінге еркін түрде сену құқығын кепілдей отырып, діни ұйымдардың қызметінің құқықтық негізін бекітеді. Діни бірлестіктерге заңды тұлға мәртебесі берілуі мүмкін. Олар шіркеулерге, оқу орындарына иелік етуге құқылы.

 

4. Құқық және корпоративтік нормалар. Корпоративтік нормаларға мүшелікке негізделген еркін қауымдастықтардың, кәсіптік одақтардың партиялардың жарғылары мен басқа да құжаттарында бекітлген нормалар, сонымен қатар, кооперативтік және коммерциялық ұйымдардың жарғыларында бекітілген нормалар жатады.

Қорпоративтік нормалар мен құқықтық нормалардың ұқсастығы олардың екеуінің де белгілі бір ресми тәртіппен қабылданған жазбаша құжаттарда бекітілуінен байқалады. Ал корпоративтік нормалардың құқықтық нормалардан айырмашылығы–олар өздеріне сәйкес ұйымдардың мүшелерінің ғана еркі мен мүдделерін білдіреді және солар үшін ғана міндетті болып табылады. Корпоративтік нормаларды бұзушыларға ұйымның жарғысында көзделген әсер ету шаралары қолданылады.

 

5. Құқық және әдет-ғұрып. Әдет ретінде күнделікті қалыптасқан әрекеттердің нәтижесінде қалыптасқан ережелерді атайды. Ұзақ уақыт бойы өмір сүруінің нәтижесінде оларды сақтау әдетке айналған нормалар әдет нормалары деп аталады.

Құқық өз өмір сүруі барысында құқықтық нормаларға көпшіліктің әдетті түрде бағынуына негізделеді (заңдарды сақтау әдеті). Кейбір жағдайларда санкцияланған әдет құқықтың қайнар көзі болып табылады.

 

 

18 тақырып. ҚҰҚЫҚ ЖҮЙЕСІ

 

1. Құқық жүйесінің түсінігі.

2. Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде.

3. Құқық саласы.

4. Құқық институты.

 

1. Құқық жүйесінің түсінігі. Құқық жүйесі–бұл құқықтың өзінің құрылымы, оның салаларға, институттарға бөлінуі. Құқықтың жүйелік құрылымы оның белгілі бір байланыстағы көптеген элементтерден құралған біртұтас құрылым екендігін білдіреді.

Құқық жүйесінің негізгі сипаттары:

1) оның алғашқы элементі болып құқық нормалары табылады, олар, өз кезегінде, біріге отырып, ірі құрылымдарды–институттарды, салаларды құрайды;

2) оның элементтері бір-біріне қайшы келмейді, іштей үйлескен, тығыз байланыстылыққа ие; бұл құқық жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етеді;

3) ол әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұлттық, діни, мәдени, тарихи факторлармен тығыз байланысты;

4) ол объективтік сипатқа ие, себебі, объективтік сипаттағы қатынастарға тәуелді және адамдардың субъективтік қалауы бойынша қалыптасуы мүмкін емес.

 

2. Құқықтық реттеу пәні мен әдісі құқық нормаларын салаларға бөлу негіздері ретінде. Құқық нормаларын салаларға бөлу үшін екі негізді басшылыққа алады: құқықтық реттеу пәні мен әдісін.

Құқықтық реттеу пәні–бұл құқық реттейтін қоғамдық қатынастар. Ол басты негіз болып табылады, себебі, қоғамдық қатынастар объективтік түрде қалыптасады және олардың белгілі бір сипаты сәйкес құқықтық нысандарды талап етеді. Мысалы, еңбек қатынастары еңбек құқығының, ал отбасы қатынастары отбасы- неке құқығының реттеу пәні болып табылады.

Қосымша негіз болып құқықтық реттеу әдісі табылады. Егер пән құқықтың нені реттейтініне жауап берсе, әдіс оның қалай реттейтінін көрсетеді.

Құқықтық реттеу әдісі–бұл олардың көмегімен біртектес қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүзеге асырылатын заңды құралдардың жиынтығы. Құқықтық реттеудің төмендегідей негізгі әдістері болады:

1) императивтік–бұл тыйымдарға, міндеттерге, жазаларға негізделген биліктік ережелер, субординация әдісі;

2) диспозитивтік– рұқсат етуге негізделген, тараптардың теңқұқылығы, координация әдісі;

3) марапаттаушы–белгілі бір жақсы жүріс-тұрыс үшін марапттаау әдісі;

4) ұсынушылық–мемлекет пен қоғам үшін тиімді жүріс-тұрысты жүзеге асыруға кеңес беру әдісі;

 

3. Құқық саласы– бұл белгілі бір қоғамдық қатынастар түрін (саласын) реттейтін заң нормаларының жиынтығы.

Құқық саласының белгілері;

әрбір саланың өз пәні болады;

әрбір саланың өз заңнамасы, яғни, дербес кодекстері болады;

құқық субъектілерінің құқықтық жағдайын реттейтін, құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру тәсілдерін және құқықтық нормаларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік-құқықтық шараларды орнықтыратын ерекше заңды режимі болады.

Құқық салаларының түрлері:

1) негізгі салалар; бұлар басты құқықтық режимдерді қамтиды, жалпы алғанда, құқық салаларының жүйесінің ең басында конституциялық құқық, одан кейін материалдық құқықтар–азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқықтар және оларға сәйкес іс жүргізушілік салалар–азаматтық іс жүргізушілік, қылмыстық іс жүргізушілік және әкімшілік іс жүргізушілік құқықтары орналасқан;

2) арнайы салалар; бұларда құқықтық режимдер қоғамның ерекше сфераларына бағытталған: еңбек құқығы, жер құқығы, қаржылық құқық, әлеуметтік қамтамасыз ету құқығы, отбасы құқығы, түзеу-еңбек құқығы;

3) кешенді салалар; бұларға негізгі және арнайы салалардың әртүрлі институттарының бірігуі тән: шаруашылық құқық, аграрлық құқық, экологиялық құқық, сауда құқығы, прокурорлық қадағалау, теңіз құқығы.

 

4. Құқық институты–бұл қоғамдық қатынастардың белгілі бір түрін (тобын) реттейтін заң нормаларының жиынтығы. Құқық институты–заң нормаларының құқық саласына қарағанда аз жиынтығы. Әрбір құқық саласында бірқатар институттар болады. Мысалы, еңбек құқығында–еңбек тәртібі институты, жалақы институты, азаматтық құқықта–ескіру мерзімі институты, өкілдік институты және т.б.

Белгілі бір нормалар жиынтығының нақты бір құқықтық инстиутты қалыптастыруының заңды негізі болып үш белгі табылады: 1) құқықтық нормалардың заңды теңдігі; 2) қоғамдық қатынастарды реттеудің толықтығы; 3) құқықтық институтты құраушы нормалардың заңдар мен басқа да нормативтік-құқықтық актілердің тарауларында, бөлімдерінде және басқа да құрылымдық бірліктерінде жинақталуы.

 

 

 

19 тақырып. ТҰЛҒА, ҚҰҚЫҚ, МЕМЛЕКЕТ

 

1. Тұлғаның құқықтық мәртебесі.

2. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы.

3. Экономика, саясат пен құқықтың арақатынасы.

 

1. Тұлғаның құқықтық мәртебесі–бұл субъектінің қоғамда заңды түрде бекітілген жағдайы. Құқықтық мәртебе тұлғаның іс жүзіндегі (әлеуметтік) мәртебесін, оның қоғамдағы нақты жағдайын бекітеді. Құқықтық мәртебе дегеніміз субъектілердің құқықтары мен міндеттерінің, сонымен қатар, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өз әлеуметтік рөлдерін орындауға бағытталған өкілеттіктерінің конституция мен заңнамада танылған жиынтығы.

Құқықтар мен міндеттер құқықтық мәртебенің негізін құрайды. Құқықтық мәртебенің құрылымы төмендегідей элементтерден құралған:

құқықтар мен міндеттер;

заңды мүдделер;

құқықсубъектілік;

азаматтық;

заңды жауапкершілік;

құқықтық қағидалар.

Құқықтық мәртебе жалпы, арнайы және жеке-дара болып бөлінеді. Жалпы мәртебе–бұл тұлғаның мемлекет азаматы ретіндегі Конституцияда бекітілген мәртебесі. Ол барлық азаматтар үшін бірдей болып табылады. Арнайы мәртебе азаматтардың белгілі бір санаттарының (студенттердің, соғысқа қатысушылардың, зейнеткерлердің және т.б.) жағдайының ерекшеліктерін бекітеді, олардың арнайы функцияларды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жеке-дара мәртебе жекелеген тұлғаның ерекшеліктерін (жыныс, жас, отбасы жағдайы, лауазым және т.б.) көрсетеді және тұлғаның жеке дараландырылған құқықтары мен міндеттерін білдіреді.

 

2. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы. Мемлекет және құқық теориясында осы уақытқа дейін мемлекет пен құқықтың арақатынасы туралы басты екі бағыт орын алған.

Біріншісі–этатистік; бұл бағыт мемлекеттің құқыққа қарағанда артықшылығын таниды, құқық мемлекеттің қызметінің өнімі, оның жалғасы ретінде қарастырылады.

Екінші бағыт табиғи-құқықтық көзқарастар негізінде пайда болды және құқықтың мемлекетке қарағанда артықшылығын бекітті.

Алайда, аталған мәселеге қатысты үшінші бағыт та бар, бұл бағыт жоғарыда аталған екі бағыттың көзқарастарын өзіне үйлестіре білген. Бұл теорияны жақтаушыларды алғашқы орынның мемлекет пен құқықтың қайсысына тиесілі екендігі қызықтырмайды, олар мемлекет пен құқықтың бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындығына, яғни, олардың арасында функционалдық байланыстың бар екендігіне назар аударады. Бұл бағыт біржақтылықты болдырмауға, құқықтың мемлекетке не беретінін түсінуге және мемлекеттің құқықты қамтамасыз етудегі шынайы рөлін анықтауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттің құқықты қамтамасыз етудегі рөлі мыналардан көрінеді:

1) құқықшығармашылық қызметті жүзеге асырудан. Тура мағынада бұл мемлекеттің құқық нормаларын орнықтыратынын білдіреді;

2) тіккелей мемлекеттік емес сипаттағы нормаларды мемлекеттің санкциялауынан. Мысалы, мұсылман құқығының қалыптасуы мемлекеттің мұсылмандық доктрина нормаларын санкциялауымен сипатталды;

3) іс жүзінде қалыптасып қойған қатынастарды жүріс-тұрысты заңды міндетті реттеуші ретінде тануынан. Мысалы, әдет құқығы осылай қалыптасады;

4)құқықты жүзеге асыруды қамтамасыз етуден. Құқықты пайдаланудың мемлекетсіз жүзеге асырылуы мүмкін емес;

5) мемлекет құқықты және құқықтық қатынастарды қорғауды қамтамасыз етеді;

6) мемлекет құқықтың әлеуметтік кеңістікке таралуына жәрдемдеседі, яғни, қоғамдық қатынастардың қатысушыларын құқыққа сәйкес әрекет жасауға міндеттейді.

Құқықтың мемлекетке әсері мыналардан көрініс табады:

1) құқық мемлекеттің халықпен, жекелеген тұлғамен өзара қарым-қатынастарына әсер етеді; мемлекет азаматтарға құқықтық талаптар шегінде әсер етеді, ал азаматтар, өз кезегінде, мемлекетке құқықтың көмегімен әсер етеді;

2) құқық мемлекеттің қызметін заңдастырады, мемлекеттің қорғау және мәжбүрлеу шараларының рұқсат етілуін қамтамасыз етеді;

3) құқық арқылы мемлекеттің қызметінің шектері, азаматтардың жеке өміріне араласудың шектері анықталады;

4) құқық ұлттардың ерекше мүдделерін қамтамасыз етеді, осы арқылы мемлекеттік биліктің ұлттармен қарым-қатынасына әсерін тигізеді;

5) құқықтық нысан мемлекеттік аппараттың қызметіне бақылау жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, осы арқылы мемлекеттің халық алдындағы жауапкершілікті әрекеттерінің заңды кепілдіктерін бекітеді;

6) құқық басқа мемлекеттермен, жалпы әлемдік қауымдастықпен байланыс тілі рөлін атқарады.

 

3. Экономика, саясат пен құқықтың арақатынасы. Экономика–бұл өндірістік қатынастардың жиынтығы, нақты қоғамдағы өндіріс тәсілдері. Саясат–бұл таптар, партиялар, ұлттар арасындағы билік мәселесіне қатысты мемлекет пен халық арасындағы қатынастарға сипаттама беретін қоғамды басқару өнері. Құқық–бұл мемлекетпен орнықтырылатын және қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған, жалпыға міндетті, формальды анықталған заң нормаларының жүйесі.

Аталған түсініктердің өзара арақатынасына қатысты екі негізгі бағыт бар. Бірінші бағытқа сәйкес, бұл түсініктердің арасында ешқайсысы артықшылық сипатты иеленбейді. Қоғамдық қатынастардың, оның ішінде өндірістік, құқықтық және саяси қатынастардың, дамуы мен әрекет етуінің алғашқы факторлары болып адамдардың мүдделері табылады. Бұл жерде құқықтың экономикадан басымдығы туралы айтуға болады. Мысалы, буржуазиялық революциялар дәуірінде Батыс Еуропада алдымен заңдар қабылданатын, содан кейін барып олардың негізінде жаңа экономикалық қатынастар қалыптасатын. Алайда, кейбір кездері керісінше да болады: алдымен мүдделер жаңа өндірістік қатынастарда жүзеге асырылып, содан кейін барып құқықта бекітілуі мүмкін. Бұл жерде экономиканың құқықтан басымдығы жөнінде айтуға болады. Ал саясат аталған екі құбылысты байланыстырушы болып табылады.

Екінші бағытқа сәйкес, экономика құқық пен саясатты анықтайды. Құқық пен саясат базиске тәуелді болып келеді. Алайда, бұл басымдық рөл тек ақыр соңында ғана байқалады, себебі, құқық пен саясат экономикаға негізделе отырып, өндірістік қатынастардың дамуын ынталандыру немесе оларға кедергі жасау арқылы оған кері әсер етуі де мүмкін. Саясат бұл жерде де құқық пен экономиканы байланыстырушы болып табылады.

 

20 тақырып. ҚҰҚЫҚТЫҢ ҚАЙНАР КӨЗДЕРІ

 

1. Құқықтың қайнар көздерінің түсінігі және түрлері.

2. Нормативтік актілердің түсінігі жән түрлері.

3. Заңдардың түсінігі, белгілері және түрлері.

4. Нормативтік актілердің күші.

 

1. Құқықтың қайнар көздерінің түсінігі және түрлері. Позитивтік құқықтың өзіне тән белгісі болып оның формальды сипаты табылады. Оны құрайтын нормалар заңдарда немесе мемлекетпен танылатын басқа да қайнар көздерде көрініс тапқан жағдайда заңды, жалпыға міндетті болып танылуы мүмкін.

Құқықтың қайнар көздері–бұл құқық нормаларының бекітілу және көрініс табуының мемлекет шығарған немесе ол таныған ресми-құжаттық нысандары, оларға заңды, жалпыға міндетті мағына беру.

Құқықтың қайнар көздеріне ресми сипат тән, оларды мемлекет таниды; бұлар ондағы нормаларды мемлекеттің қолдаудын қамтамасыз етеді. Құқықтың қайнар көздеріне ресми сипат екі жолмен беріледі:

1) құқықшығарсашылық жолы арқылы; бұл жағдайда нормативтік құжаттарды құзіретті мемлекеттік органдар қабылдайды, яғни, тікелей мемлекет шығарады.

2) санкциялау жолы арқылы; бұл жағдайда мемлекетік органдар белгілі бір түрде әлеуметтік нормаларды (әдет-ғұрып, корпоративтік нормалар) қолдап, оларға заңды күш береді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-05-10; Просмотров: 901; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.082 сек.