Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 5 страница




Ал, көне эпостың жоғарыдағы жинақталған белгілері негізінен қаһармандықты жырлайтын тобына қатысты. Бұларды ғылымда қаһармандық көне (героико-архаический) эпос деп те атап жүр. Сөз жоқ, архаикалық эпостың бұл түрлері кейін батырлық жырдың негізін құрады.

Рас, көне эпостың әртүрлі типтері бір-бірінен өте алшақ тұрған жоқ. Олардың көптеген белгілері аралас жүруі мүмкін. Бұл – бір. Екіншіден, көне эпос пен кейінгі батырлық жырлар, романдық эпостарды жанрлық-стадиялық жағынан бөліп қарағанымызбен, олардың орталарында аралық, өтпелі кезеңнің ерекшеліктерін сипаттайтын эпостар да аз емес. Сахалардың олонхосы, буряттардың улигерлері, алтайлықтардың эпостық жырлары, «Калевала», «Нарттар», «Амирани», міне, бұлар көне қаһармандық эпос пен батырлық жырдың ерекшеліктерін бірдей қамтитын жырлар. Демек көпқабаттылық (полистадиальность) эпостық дәстүр үшін заңдылық және әр жырда олардың көрінісі әртүрлі дәрежеде.

Қазіргі ұлан-асыр эпикалық дәстүріміздің туып, қалыптасқан бастау кезінде, сөз жоқ, жан-жақты дамыған көне эпостар тұрды. Оны айғақтайтын жекелеген жырлар да, салыстыра қарағанда кейін қалыптасқан эпостардағы ежелгі қабаттар да жетерлік. Дегенмен мына жағдайды айрықша ескеру қажет. Қазақ эпосы тұтастай алған өзінің стадиялық-жанрлық белгісі бойынша Солтүстік, Қиыр Шығыс, Сібір, Алтай халықтарының эпикалық дәстүрімен салыстырғанда ілгері кеткен, даму деңгейі бойынша жаңа сатыға көтерілген. Рулық қауым ыдырап, оның орнына феодалдық-патриархалдық қоғамның келуіне байланысты, саяси-әлеуметтік өзгерістерге лайық эпостық дәстүріміз түрлі эволюциялық өзгерістерді, жіктелуді бастан кешірді.

Қазақтың ең ескі замандарда дүниеге келген эпостары туралы сөз қозғағанда олардың кейбір нақтылы жанрлық белгілері туралы топшылаулар жорамал түрінде, жалпы типологиялық салыстырулар арқылы анықталады.

Архаикалық пен классикалық эпостың өзіндік өрнегін ажырата танудың өзіндік шарттары бар екендігін фольклор зерттеушілер негізінен жүйелі түрде талдап шыққан. Ол шарттылықтар, жинақтап айтқанда, төмендегі ұғымдарға саяды: мифтік уақыт адамдар санасында бірте-бірте қиялға айналып, бір кезде өтіп кеткен «алтын дәурен» туралы ұғымды туғызады, мифологиядағы ұнамды ерлер батырлық эпостың қаһарманына ұласып, аждаһа, жалмауыздар, зұлым жаулар бейнесіне көшеді, ертегілік, мифтік образдар тарихи образдарға айналады; рухани өмірдің күрделене түсуіне байланысты алғашқы мифология ыдырап, оның кейіпкерлері бұрынғы «киелі» қалпынан өзгеріп, көркемдік тұлғаға ауыса бастайды; ертедегі жеке мүдде үшін күресетін кейіпкер ұжым (ру, тайпа, ел) намысын қорғайтын қаһармандар пішініне ие болады; мифтік, ертегілік сарындардың жаңаша жырлануы ел өміріндегі өзгеше жағдайларда, тарихтың тәжірибесін тірілту, еске салу қажеттігі туған кезде тың өріс алады; қаһармандық эпостың жасалуына қуатты негіздің бірі тарихи аңыздар болып есептеледі.

Көне эпостың түрлі белгілері қазақ фольклорында да кездеседі. Мұның нақтылы көріністерін эпос туындыларын талдау үстінде ғана анықтауға болады. Сол үшін бірнеше жырға тоқталуды жөн көреміз.

«Құламерген, Жоямерген» жыры бұл ретте өте қызғылықты материал ұсынады. Ең алдымен, бұл эпостың орталық қаһарманы – Құламерген аңшылықпен кәсіп ететін адам. Ал, аңшылық адамзаттың өте ерте кездегі ежелгі тіршілік қарекеті екені мәлім. Ол – күнкөрудің байырғы формасы. Жырдың:

 

Ер екен Құламерген бұрын өткен,

Ақырда мұратына ол да жеткен.

Мұхиттың Гәзар деген аралында

Аң аулап, мергендікті кәсіп еткен[500], –

 

деп басталатын бірінші шумағы-ақ осы жайды аңғартады. Жапандағы аралды жалғыз жайлап жүрген Құламерген бойында «мәдени қаһарман» – ілкі адамдар бейнесін еске саларлық та сипат жоқ емес.

«Құламергенде» стадиялық жағынан матриархат дәуірінің нышанын елестететін қабаттар бар. Бұл, әсіресе, «дүниенің жамандықпен түбін тескен» Құртқа есімді кемпір бейнесінен аңғарылады. Мыстан кемпірдің «ақылымен» Құламерген отбасының алай-түлейі шыққанын көреміз. Ол мергеннің сұлу әйелі – Күнайымды азғырып, теріс жолға түсіреді, Булгар шаһарының ханына зымиян кеңес беріп, бәлені бастаушы болады.

Бір ғажабы – Қасым патшаның жіберген үш жүз палуанын қырып-жойып жеңген Құламерген әлгі мыстан кемпірден қорқады. Өйткені, жеті басты жалмауыз кемпірдің «әр басында жүз кісінің күші бар» екен. Осыны білген Құламерген кемпірмен кездесуге бата алмай, бой тасалап қашады. Бұл арада да көне ұғым ұштығы анық. Мыстан кемпір айласының шегі жоқ жауыз күш иесі сипатында көрінуі ертедегі адамдардың белгісіз күштерден қорыққандығының анық елесі секілденеді. Кейіннен осы мыстанды Құламергеннің ұлы – Жоямерген өлтіреді. Мұнда да ол кемпірді қара күшпен емес, қапысын тауып, «алтын оқпен» атып, өлтіреді.

«Құламерген, Жоямерген» жырында әйелдің қоғамдағы, отбасындағы орны туралы ертедегі көзқарас, түсінік анық нышан береді. Үй иесі – еркек, ал, әйел – оның көмекшісі, тілеулесі деген ұғым эпоста жүйелі оқиғалар үстінде шешімін табады. Құламергеннің әйелі сұлу Күнайымның опасыздық жасап, бірден дұшпанға айналуы, мергеннің жеті жасар қызы Шәрипаның әкесіне қатыгездік көрсетуі үстірт қарағанда дәлелсіз, түсініксіз нәрсе болып табылады. Бірақ бұл әрекеттердің де түпкі себептері барға ұқсайды.

Дәуірлеп келе жатқан патриархат қоғамы әйелдің өзіндік білермендігін кешпейтін дәстүр салған. Кімде – кім осы дәстүрге қайшы келсе, ол жауыз, жүзіқара саналған. Бұл өз алдына мәселе болса, мына жерде жағдай сәл басқалау. Мыстан кемпірдің «өмірің айдалада, аралда қызықсыз өтіп бара жатыр» дегеніне Күнайымның тез елігіп, мінезі күрт өзгеруі, күйеуінің хас дұшпаны болып шығуы матриархат дүниесін аңсаудың, «еркін заманды» қолдан бермеудің бір алуан көрінісі емес пе екен? Қалай болған күнде де, Құламерген мен Күнайым арасындағы алалық, кереғарлықтың түбірі әйел опасыздығы деген түсініктен әрі де, терең де жатқаны зайыр. Міне, эпос адам санасында түрлі дәуірлерде орын тепкен салт пен дәстүрдің бұлдыр бейнесін осылайша еске салады. Құламергеннің екінші әйелі – Баллу Маржанның барлық іс-әрекеті патриархат идеологиясына толық үйлеседі, ол үй иесінің әрі ақылшы, әрі тілекшісі. Осының нәтижесінде Жоямерген мыстанды жеңіп шығады. Жыр бертінгі кезеңде дүниеге келгенмен, көне дәуірдің бірталай ұғымын сақтап қалған.

Атап өтерлік нәрсе сол – жырда әйелдің қоғам, отбасы тіршілігіндегі маңызды орны көрінген. Мұнда әйел ердің сенімді серігі болғанда, іс оңына оралады да, дұшпанына айналса, тыныштық, жарастық бұзылады.

Жырда Құламергеннің аты – Құлагер, Жоямергеннің таңдап мінген жүйрігі – Ділдеш ат батырларға керек жерінде ақыл беретін, көмегі тиетін есті жануарлар болып көрінеді. Мәселен, Құлагер жаудың келе жатқанын біліп, иесіне пысқырып, хабар береді, ал, Ділдеш ат теңіз түбінен киелі қазанды алып шығып, Жоямергенді дегеніне жеткізеді. Бұл қазанның қасиеті былайша сипатталады:

 

Қаншама көп мал тойға сояды екен,

Қазанды қайнаттырып қояды екен.

Болса да қанша әскер тойға келген

Бәрі де сол қазаннан тояды екен...

 

Жырдың ертегілік табиғаты айқын. Мұның өзі ертегілік сарындарды эпосқа айналдыру қазақ эпикалық дәстүріне тән құбылыс деген тұжырымды дәлелдей түседі[501].

Сиқырлы күштер туралы көне ұғым жырда күрделі орын иелейді. Тартысты дамытатын түрткі, себеп өңін айналдыра білетін осындай қаскөйлер болады. Жау күш Құламергенге бірде жол үстінде жылап жатқан бала бейнесінде кездеседі. Аяушылық жасап, артына мінгестірген «бала» баяғы жеті басты жалмауыз кемпірдің баласы Орақ деген болып шығады. Орақтың соңында сансыз әскері бар екен. Жекпе-жекте Орақты Жоямерген өлтіріп, жау әскеріне ойран салады. Бұл тұстарда көне эпостың емес, қаһармандық жырдың белгісі басым.

 

Көп қойға тиген қасқырдай

Бір шетінен кіреді.

Мылтық жеткен жер болса,

Атып кетіп барады.

Садақ жеткен жер болса,

Тартып кетіп барады.

Ділдеш аты жануар

Кезі келген жауларды

Тарпып кетіп барады.

Үш мыңдайын әскерді

Қырып кетіп барады.

Өзі білгенін мергенің

Қылып кетіп барады...

 

Жырда оқиғаның бір бөлегі жер асты, су патшалығы әлемінде, жыландар елінде өтетіні де дүниенің құрылысы туралы көне ұғымдармен ұласып жатыр. Осылайша айнала, әлем, тіршілік туралы түрлі түсініктердің аралас- құралас келуі көп елдер эпосының, соның ішінде қазақ жырларының бір ерекшелігі екенін көреміз. Жер астының патшасы Жыланбектің қызы Күнсұлуды Жоямерген неше қилы ауыр сындардан өтіп барып қана алады.

Бұл арадан да дүниені адал, арам, дос немесе қас күштер деп жіктейтін мифтік, ертегілік сананың бірте-бірте қаһармандық эпосқа көшу жолының бір алуан моделін көргендейміз. Мәселен, Жоямергеннің іс-әрекеттері жер астында өткенімен, оның өсу, есею, батырлық үйлену, жаулармен айқаста ерлігін таныту процестері кейінгі қаһармандық эпос дәстүріне жақын келеді.

Ат – адамның, батырдың сенімді серігі деген, белгілі дәрежеде, культке айналған ұғым жырда кеңінен көрсетіледі. Замандар бойында адам баласына адал қызмет еткен атты ақылды етіп, әсірелеп айту эпикалық дәстүрімізге шет емес. Жылқы малының көшпенділер өміріне аса зәрулігі ғасырлар деңгейінде үлкен ореолға, қымбат феноменге айналғаны осыдан. Жыланбек патша су түбіндегі қазанды әкел деп шарт қойғанда, Ділдеш ат Жоямергенге былай деп «тіл қатады»:

– Мергенім, маған құлақ сал,

Айтқан сөзді ұғып ал.

Бұл дарияның түбінде

Алтын қазан рас бар

Ала алмайсың қазанды

Бұл сөзімді естіп қал.

Медет берсе Құдайың

Қазанға өзім барайын.

Сенің үшін, жан достым,

Қорлыққа басым салайын.

Суға қазір енемін,

Сапар тартып қазанға

Дария түсіп көремін...

 

Бұл айтылғандар «Құламерген, Жоямергеннің» түбірлі оқиғалары белгілі дәрежеде қоғам дамуының өте ертедегі жағдайынан хабар береді. Мұны айтушы немесе өңдеушілердің жырдың бітіміне жаңа дәуір ұғымдарын кірістіргені байқалып тұрса да, эпостың ежелгі сипаты тасаланбайды.

Жырда Хазар (Каспий) теңізі, Орал тауы, Булгар шаһары аталады. Құламергенге қарсы күш Булгар ханы болып есептеледі. Бірақ мұндай географиялық көрсеткіштер жыр оқиғаларына қосылған сыртқы әдіптер ғана. Қандай қала, жер, хандық аты аталса да, ол бертінгі қоспалар екені белгілі. Ханның жанындағы кеңесшілер – уәзірлер болатыны мәлім. Уәзірдің орнына мыстанның аталуы, оқиға өрілімінде сиқырлы күштердің көбірек көрінуі, бір замандағы қауымның кәсібінен, ішкі қайшылығынан, күрестерінен нақтылы деректер айтылуы, көп өзгерген түрінде болса да, матриархаттық дүниенің ыдырап, патриархаттық дәстүр үстем болғандығынан, осы жолдағы кейбір тайталастан хабар берілуі жырдың ежелгі өрнегін белгілейді.

Қарақалпақ халқында сақталған «Құламерген» мен қазақ жырының оқиғалық өрілімін салыстырып қарағанда, екеуінің түбірі де, кейіпкерлерінің құрамы да бір бастаудан таралғаны айқын көрінеді[502]. Тек қаһармандар есімінде, жер атында ғана айырмашылық бар. Қазақ жырында Құламерген әйелі – Қаншайым болса, қарақалпақ ертегісінде Қалбике, мергенге жаулық ойлаған патша қазақ нұсқасында Қасым, қарақалпақшада Адешер деп аталған. Бұл эпикалық аңыздаулардың арасындағы негізгі ерекшелік – қазақ жырында Құламерген ұлы Жоямергенге байланысты тың сюжеттік байланыстар қосылуы, жер асты патшалығындағы оқиғалар айтылуы, Ділдеш аттың иесіне ғажайып қызмет етуі, қазақша нұсқаның ең негізгі, сапалық дерлік бөлектігі Жоямергеннің дұшпан әскерлерімен соғысып, зұлымдық иелерін жойып жіберіп, қаһарман ерлігінің жүйелі, күрделі сипатқа ие болуы. «Құламергеннің» қазақша және қарақалпақша айтылып келген нұсқалары эпикалық шығармалардың өмірі, олардың даму заңдылығы және тенденциясы туралы тың да қызғылықты байқаулар жасауға мүмкіндік береді. Бұдан тағы да бір аса мәнді қорытынды шығаруға болады. Ол – ертегі-аңыздардың жалпы схемасында пәлендей өзгешелік ұшырамай келуі бұлардың тарихи-генетикалық туыстығының да кәміл айғағы.

«Дотан батыр» жыры да ертегілік сипатымен ерекшеленеді. Мұнда Құбақанбай дегеннің қырық ұлының кенжесі Дотанның жалмауыз кемпірдің қорқытып, шарт қоюымен жеті жыл жолдық алыстағы Шынтемір ханның сұлу қызы Күнікейді алып келуге аттанғаны, жолда оған бірнеше батыр серіктер кездескені, Күнікей сұлуды көп қиындықпен (Күнікейді тартып алмақ болған қалмақ ханын жеңіп, түрлі жарыстарда бәйге алып) қолға түсіргені; қайтып келіп зорлықшыл жалмауыз кемпірді өлтіргені; тағы да бір дұшпан хандық әскерімен соғысып, ағаларын үйлендіргені, сөйтіп, мұратына жеткені көрсетіледі. Басы «таза» ертегіше басталған «Дотан батырдың» ақыры эпостың деңгейіне көтеріледі, Дотан бір ғана отбасының мүддесімен шектеліп қалмай, ел қамқоры, қорғаны болып та сипатталады.

Жырдың оқиғалары көне дәуір санасын елестететіні әр тұстан-ақ көрінгендей. Соның бірі – қалыңдық іздеу, белгісіз қауіп-қатері мол қиын сапарға аттану идеясы. Зерттеушілердің көрсетуі бойынша, қаһарманның қандай да болмасын мақсат көздеп жолға шығуын көрсету эпикалық аңыздаулардағы ең ескі сарын болып табылады.

Құбақан байдың ұлдары қалыңдық іздеуге бет қойғанда айналада қандай ел бар екенін білмейді. Олар үшін дүние толған жұмбақ, ашылмаған құпия секілді. Бұл арада адам санасының әлемді танымаған балаң кезінің халі елес беріп өткендей. Бай балалары жол, жөн сұрап, қарт малшыға барады («Жақын жерде барар ел бар ма екен деп, малын баққан бір шалдан сұрайды енді»). Тәжірибесі толыспаған, қиындықпен күресіп, ысылмаған жас батырларға кеңесші болатын дана қарттар бейнесі түрлі ел эпосында-ақ көрініс беретіні мәлім[503]. «Дотан батырдағы» бақташы шал бір-ақ рет көрінетін эпизодтық кейіпкер. Сонда да болса, ол ең қажетті кеңесті тауып береді, қауіптің қай жақта екендігін нұсқайды.

 

...Оңтүстікте бір тоғай бар деп айтты,

Миуалы қалың тоғай тал деп айтты.

Тілімді алсаң менің, шырақтарым,

Бәрің де қолға қару ал деп айтты[504].

 

Ежелгі адамдар қалың орман ішінде алуан қаскөй күштер бар деп есептеп, сақтанғаны, жыртқыш аңдардан қорғану үшін қолына қару алып жүргені анық. Жыр кестесі арасынан дәл сондай түсінік айқын аңғарылатынын көреміз.

Әлгі ақылды шалдың тағы да бір кеңесі бойынша болашақ батыр Дотан жылқыдан өзіне лайық ат таңдап мінеді. Ол ат – Қаракөк тай болады. Үлкен өмір жолына қадам қойғанда ерлерге керек алғышарттың бірі – мінетін ат таңдау екені түркі-монғол халықтары эпосында кең таралған құбылыс. Бұл көрініс эпикалық жырлардың барлық түрінде де кездеседі. Батырдың ат таңдау мәресімі жылқы түлігінің қолда үйретіле бастаған кезеңінен бері желі тартып келе жатқан сарын, әлденеше мың жылдық тарихы бар ұзақ процесс.

«Дотан батырда» жау күштер бірде жалмауыз кемпір, бірде озбыр қалмақ ханы болып аралас келеді. Мұның, әлбетте, көнерегі мыстан кемпір бейнесі. Мыстан, әйтеуір, жақсылыққа жаны қас, адамзатқа өш тылсым күштің жинақталған кескіні. Жырдың ішінде жаулар бірде мыстан, бірде қалмақ ханы болып өзгеруі де мұнда әртүрлі дәуір шындығының қатпары бар екендігінің нышаны. Адамдар алғашқы қауым жағдайында табиғаттың күтпеген, танылмаған кездейсоқтығынан қорқып, оларды неше түрлі сиқырлы күштер (жалмауыз, дәу, аждаһа, т. б.) бейнесінде елестетсе, кейін келе жаулардың нақтылы аты-жөні айқындала түседі. Эпостағы жағымсыз кейіпкерлер – жалмауыз кемпір мен қалмақ хандарының арасында уақыттық жағынан алғанда, ұзақ-ұзақ дәуір жатыр. Бірақ халық қиялының эпикалық көркемдік жинақтаудың ерекшелігі сол – мұнда түрлі заманның түсінігі кейде қабысып келе береді.

Құбақан байдың балаларына алғашқы зор қатер жалмауыз кемпірден келеді («иісін адамзаттың алғаннан соң, бұларға бір жалмауыз келе жатыр»). Дотан мыстанды атпақ болады, бірақ күш тең еместігін сезіп, амалсыз оның айтқанына жүреді. Ал, мыстан жас баланы жеті жылдық жолға, Шынтемір ханның қызын алып келуге жұмсайды.

 

Менен сен соны әпкелсең құтыласың.

Болмаса тағы қайта жұтыласың.

Күнікейдің сұлулығы артық дейді,

Соны әкелсең түседі ықыласым,–

дейді мыстан.

Қаһармандық немесе романдық эпоста жас батыр әдетте алысқа жауда кеткен кегі үшін, кейде ғашық жарын іздеп аттанады. Ал, мына жырда Дотанның жырақ жолға бет қоюы еркінен тыс, зорлық әмірмен болып тұр. Демек Дотандар үшін мыстаннан қаһарлы, күшті жау жоқ. Осының өзі жырдың астарында ертедегі өмір ақиқатының заңдылығы жатқанын көрсетеді.

Алыс жолға ағаларының бірде-бірі Дотанға серік болып ермейді. Мұның себебі жырда ол тоқалдан туған жалғыздығынан деп түсіндіріледі. Сонымен қатар бұнда әулет, шаңырақ иесі деп есептелетін кенже баланы «сынға» салып, жетілдіретін көне салт жаңғырығы бар.

Дотанның кетердегі қоштасу өлеңі бізді ертегілік әлемнен нақтылы тіршілік стихиясына алып келеді.

 

...Көп сәлем де атама,

Батасын маған берсін-ай.

Мұратына жеткір деп,

Дұғада болып тұрсын-ай.

Бес уақыт намазда

Көңілін маған бұрсын-ай.

Ғарып ата-анама

Үш қайтара сәлем де,

Тілегім тілеп жүрсін-ай.

 

Бұл ұғымдар бергі дәуірдің, ислам мәдениеті араласқан кездің түсінігін елестетсе, осы өлеңнің жалғас жолдары қайтадан көне кезеңге жетелейді.

 

...Жалмауыз кемпір қорқытып,

Алысқа мені айдады,

Тілегі мұның құрсын-ай.

 

Жырда жас Дотанның жол жүрісін эпикалық әсірелеп, көркем бейнелейтін кестелер мол. Мұндай жерлерде шығармада нақтылы суреттер жасалады.

«Дотан батырда» ертегілік элемент екінің бірінде-ақ көрініс беруі, оқиғалар мен мінездерді едәуір нақтылы талдайтын тұстар мен ертегілік заңдылықтың кезектесе келуі өзіндік ерекшелік болып танылады. Бұл айтқанымызды төмендегі жайлар сипаттаса керек.

Алыс сапар үстінде Дотанға көмекші, тілектес дос күштер кездеседі. Олар: саққұлақ, мерген, желаяқ, көзбайлаушы. Бұлардың әркайсысының теңдессіз күштері мен өнері жас батырға таудай тірек болады, мақсатына жеткіздіреді. Халық қиялы өзінің сүйікті қаһарманын ешбір жаудан жеңілмейтін ету үшін, осындай ғажайып көмекшілерді кездестіреді. Шынтемір хан қызын Дотанға бергісі келмей, сылтау тауып, түрлі шарттар қойғанда, сол жарыстардың бәрінде де Дотанның серіктері озып шығады: жаяу жарыста – желаяқ, жамбы атуда – мерген алдына жан салмайды. Атап өтерлік нәрсе – жас батырға ғайыптан кездесетін таусоғар, көлтаусарлар «Ер Төстік» ертегісінде де ұшырайтын. Мұның өзі ертегіде бірінен екіншісіне ауысып отыратын «көшпелі» қаһармандар болатынын да көрсетеді. Оқиғалар мен кейіпкерлердің «ауыс-түйісі» неғұрлым көбірек болуы көне эпосқа сыйымды, жарасымды. Өйткені, онда қаһарман мінезі даралана бермейді, ал, белгілі бір әлеуметтік типтің аты-жөнін өзгертіп, жаңа ситуацияларға сала берудің қиындығы жоқ. Якуттардың архаикалық эпосында да дәл осындай жағдай кездесетіні анықталған. Олонхолардың бірінен екіншісіне тұтас-тұтас бөлімдердің еркін ауыса алатындығын фольклоршы И. Пухов өз еңбегінде дәлелдеп берген еді[505].

Дотанның іздеп келе жатқан елі – Шынтемір хандығындағы оқиғаларға келгенде жырдың тарихилығы өзгеше реңге ауысады. Жалмауыз кемпірдің зорлық әмірімен жол кешкен бала батыр енді іргелі жаумен бетпе-бет айқасатын болады. Ол – эпикалық жау, қалмақ ханы Жазира еді. Өзінің мықтылығына сенген жау Шынтемір еліне қысым жасап, Күнікей сұлуды алуға әзірленіп жатыр екен. Бұл тұста Дотан бір отбасының емес, тұтас бір елдің намысы үшін күреске шығады. Эпос қаһарманының құлашы анағұрлым кеңейе түседі.

Күнікейдің алыстан жас батыр келе жатқанын күн ілгері түсінде көріп, болашақты болжауы да ескі анимизм түсінігіне, адам ұйықтағанда жаны ұйықтамайды дейтін ұғымға тікелей байланысты.

Дотан мен Шынтемір ханның диалогтары объективтік шындықты тереңірек тануға көмектеседі. Бұлар бір мақсаттың адамы ретінде тез түсінісіп, тіл табысады, ортақ жауға қарсы келгенде бірлігі нығая түседі. Мұнда диалог тек оқиғаны ширақ байланыстырудың құралы болып қана қоймай, мінезді айқындауға да қызмет етеді, эпос кестесінің маңызды компонентіне айналады. Сол сияқты жырда адам көңілінің шын аңсарларын ашуға таптырмайтын тәсіл-монологтар да орын тепкен. Құбақан байдың жолаушы кеткен ұлын сағынып, зар-наласын айтуы тебіреністі шындық болып елестейді («Балаларым ержетіп, ел көрем бе деп едім»).




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 2558; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.086 сек.