Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Хайуанаттар туралы ертегі 1 страница




Фольклордың бұл жанрындағы шығармалардың түптөркіні адамзат тарихының ең арғы заманында, аңшылық өмір кезінде жатыр. Басқаша айтқанда, жануарлар жайындағы ертегілер ертедегі адамдардың аң аулаумен ғана күнелткен шағында туған. Ол кездегі адамдар кейбір аңдарды қасиетті деп санап, қадір тұтқан, оларды өздерімен туыстас деп ойлаған, ал, кейбір жануарларды рудың бабасы деп сенген. Осындай аңдардың мейірі түспесе, аңшылардың жолы болмайды деп түсінген. Сондықтан еркектер аң аулауға кеткенде, әйелдер үйде отырып, сол аңдарды мақтаған, оларға арнап неше түрлі әдемі әңгімелер, өлеңдер шығарған. Оларды өте күшті, айлалы, айбарлы етіп бейнелеген. Мұндай мақтау ертегі мен әңгімелерді ол аңдар естиді, сонан соң мейірленеді деп сенген. Сөйтіп, аңшыларға көмек болады деп ойлаған.

Ол заманда мифпен бірге аңдар туралы әңгімелерге де сенген, олардың магиялық құдіреті бар деп түсінген. Сол себепті бұл әңгімелерде тұспалдау болмаған. Ондағы аңдарды – жануарлар деп түсінген (ал, кейінгі ертегіде аңдар – адам орнында болған), олардың іс-әрекетін шын деп қабылдаған, себебі ол кездегі табиғат, өмір туралы түсініктер мен пайымдаулар тотемизмге, анимизмге және магияға негізделген. Сондықтан дүниені, адамның өзін қоршаған маңайды тануға бағытталған әлемнің, тіршіліктің қалай пайда болуы туралы көне мифтермен қатар жан-жануарлардың шығуы, мінез-құлқы, ерекшеліктері жайындағы әңгімелер де танымдық қызмет атқарған, таза тұрмыстық нысана көздеген.

Алайда, адамзат санасы мен қоғамы ілгерілеп дамыған сайын өмір туралы, тірі табиғат пен өлі табиғат жайлы түсініктер түбегейлі өзгереді. Бір кезде қасиетті саналып, қадірленген нәрселер, бірте-бірте мінеле бастайды, сынға ілігеді. Баяғы заманда тотемдік қасиеттерге ие болып жүрген аң мен құс енді басқаша қабылданады. Сөйтіп, көне дәуірде шыққан мифтер мен әңгімелер келе-келе магиялық сипатынан айырылып, ондағы пір тұтылған жануарлар енді сынға алынады немесе аллегориялық сипат алады. Сөйте-сөйте, баяғы жануарларды қастерлейтін әңгімелер басқаша айтылады, тіпті, уақыт өте келе жаңа әңгімелер шығады, жануарлар қасиетті болып көрінбейді, қайта керісінше бейнеленеді. Байырғы сүйікті жануарлардың мінез-құлқындағы күлкілі жақтары ирониялық түрде суреттеледі. Сөйтіп, қазіргі ғылымда әлі анықтала қоймаған, ел арасында осы күнге дейін сақталған жануарлар жайындағы ескі тотемистік түсініктер мен классикалық ертегілер арасындағы қайшылық пайда болады[649]. Басқаша айтқанда, ескі мифтер мен әңгімелерде жануарлар тотемистік тұрғыдан бейнеленсе, кейінгі әңгімелер мен ертегілерде олар мүлде кереғар көрсетіледі. Демек, мұндағы алшақтық тура мағына мен ауыспалы мағынаның, шын образ бен оның тұспалының арасында болады.

Кейінгі замандарда туған әңгімелер мен ертегілер бұрынғылардан тек кейіпкерлерді ғана мирас еткен, ал, олардың іс-әрекеті мен мінез-құлқын басқа тұрғыдан бағалаған. Бірақ мұнда бір айтатын нәрсе сол: жануарлар жайындағы классикалық (аллегориялық) ертегі мен ескі мифтік әңгімелер арасында әлі де болса тотемистік ұғымды сақтаған әңгімелер бар. Олар феодализм қоғамын басынан толық өткізбеген елдердің фольклорында сақталған, бірақ, әрине, сол алғашқы күйіндей емес.

Ал, таза ертегі көркем жанр ретінде мифтік ұғымдардан біржола қол үзгенде ғана қалыптасады. Онда жануарлар образы адамды тұспалдап бейнелеу деп қабылданады. Жануарлар жайындағы классикалық ертегі мифтік және діни ұғымдардан таза, мұндағы қиял көркемдік қызмет атқарады.

Егер жануарларға байланысты тотемистік түсініктерге негізделіп туған көне әңгіме-мифтердің мақсаты әрбір адам білуге міндетті мифологияны білдірсе (хабарласа), көркем ертегінің мүддесі басқа. Бұл жанр пайда болып, қалыптасқан шақта адамзат таптық қоғамда өмір сүрген еді. Сол себепті мұндағы қиял тұспалдау түрінде болады да, әлеуметтік-таптық мүдделерді көрсетуге жұмсалады. Сөйтіп, жануарлар жайындағы классикалық ертегілерде әңгіме шын мәніндегі аң мен құстар жайында емес, адамдар жайлы болады.

Міне, жануарлар жайындағы ертегі жанрының туып, даму процесі осындай. Ол – типологиялық құбылыс, барлық елдің ертегісіне тән заңдылық. Қазақ ертегісі де осы заңдылық бойынша туып, қалыптасқан. Рас, оның өзіне тән ерекшелігі де бар.

Жануарлар жайындағы қазақ ертегілерін үш топқа жіктеуге болады. Біріншісі – шығу мерзімі жағынан ең көне миф жанрымен байланысын толық үзе қоймаған, жануарлардың пішініндегі, немесе жүріс-тұрысындағы, я болмаса мінез-құлқындағы, әйтеуір, қандай да бір ерекшелігін түсіндіре баяндайтын этиологиялық ертегілер. Екіншісі – Шығыс және Батыс халықтарының көпшілігіне мәлім, яғни дүниежүзі елдерінің жануарлық эпосын құрайтын классикалық ертегілер. Бұлар бүгінгі дәуірде балалардың үлесіне тиген. Қай елдің болса да, жануарлар жайындағы классикалық ертегілері адам мінезінің ақылдылық, ақымақтық, қулық-сұмдық сияқты жақтарын қарапайым аллегория арқылы ашып береді. Үшінші топқа мысал ертегілер (апологтар) жатады. Бұл ертегілер көбінесе кітаби болып келеді де, әдебиетке жақын тұрады. Мұнда жануарлар бейнесі шартты түрде алынғанмен, ғибрат ашық айтылады. Енді осы екі топты жеке-жеке, нақты мысалдар арқылы қарастырайық[650].

Хайуанаттар туралы классикалық ертегілер. Бұл топтағы ертегілер саны жағынан ең көбі және ел арасына ең кең тарағаны. Олардың барлық сюжеті дерлік дүниежүзі халықтарының фольклорына әйгілі. Өйткені, бұл ертегілердің көбісі типологиялық жолмен әр халықта болған ұқсас қоғамдық, әлеуметтік жағдайда туған. Бұл – біріншіден. Екіншіден, қазақ халқының этногенезін құраған рулар мен тайпалардың бірнеше түркі тектес халықтардың құрамына енуімен бірге олардың ертегілері де сол халықтардың фольклорына кірген, яғни тарихи туыс елдердің ертегілік сюжеті ұқсас. Үшіншіден, қазақ халқының басқа ел-жұртпен тарихи, саяси, мәдени, сауда қарым-қатынасы, араласы арқылы келген сюжеттер де бар. Олар да ұқсастық туғызады. Бірақ дүниежүзілік фольклорға ұқсастығына қарамастан, қазақ ертегілері өзіндік сипаты мен соны тұрпатын сақтап қалған. Сөйте тұра, мұнда жалпы адамзатқа тән мінез-құлық бірдей болғандықтан жануарлар образы да басқа елдер ертегісіндей болып келеді.

Жануарлар жайындағы ертегілердің өте терең моральдық және әлеуметтік мәні бар. Мысалы, хайуандар қанша бір-бірімен шайқасып, қақтығысып жүрсе де, жыртқыштар ешуақытта жеңіске жетпейді. Зерттеушілер ертегілердің таптық жақтарын үнемі көрсетіп отырады. Алайда, ертегілердің өзі таптық түсінікті ашық айтпайды. Онда кейіпкер мінезі көрінеді. Жалпы алғанда, ертегілерде жинақтық мағына басым: әңгіменің соңында жыртқыштар мен озбырлар міндетті түрде жеңіліске ұшырап, дәрменсіз болып шығады. Ертегілердегі мораль мен әлеуметтік утопизм, міне, осында.

Екінші жағынан, ертегілердің тек әлеуметтік қана емес, жалпы адамзаттық сипаттары да мол. Қазақ ертегілеріндегі жануарлардың сипаттамасы жалпы дүниежүзілік ертегілермен үндес келеді. Өте кең тараған ертегілік қаһарман – түлкі. Ол – асқан айлакер, екіжүзді де қу. Залымдығының арқасында ол көбінесе жолбарыс, қасқыр, аю сияқты өзінен күшті жыртқыштарды үнемі жеңіп жүреді: еттің дәмін тат деп, қасқырды қақпанға түсіреді, өзін ордан шығару үшін ешкіні алдап, мүйізін пайдаланады, аңқау аюдың масқарасын шығарады. Бірақ түлкінің осыншама айлалы әрекеттері оның өзінен әлдеқайда әлсіз жануарлармен, немесе адамдармен қақтығысы үстінде ашылып, я болмаса әшкереленіп отырады. Мәселен, бірде түлкі әтештен алданып қалады, бірде оны бөдене ақымақ қылып кетеді, бірде тасбақа және кенемен жарыста жеңіліс табады, енді бірде малшының итінен қорқып, зәресі кетеді. Түлкі өзінен күшті, бірақ ақыл-айласы төмен айуандармен кездескенде әруақытта олардан қулығы мен сұмдығын асырып отырады, ал, өзінен әлсіздерге зұлымдық көрсеткенде, керісінше, ақыл-айласынан айырылып, басқа жыртқыштар сияқты жеңіліс табады. Түлкі бейнесінен жалпы ертегі жанрына тән эстетика заңы анық байқалады: ертегі қашан да әлсізді, зәбірленіп жапа шеккенді қорғайды, соны жақтайды.

Жануарлар жайындағы қазақ ертегілеріндегі екінші басты тұлға – қасқыр. Оның сиқы да жалпыға мәлім – ақымақ та ашқарақ. Түлкінің алдағанына иланып, өзінің көтеншегін суыртып, қаза табатын да, ешкі, қой, жылқы сияқты жануарлардан алданып, қор болатын да қасқыр. Сонымен бірге қасқыр – зорлықшыл, зорлықшыл болғанда, сәтсіздікке көп ұшырайды. Ол әрі сараң, әрі қорқақ. Қасқырдың басын көрсеткен қойдан қорқып, қашатын да жері бар. Тіпті, қиын-қыстау кезеңдерде ақылымен жол тауып кететін қозы мен лақтан әлсіз болып шығады.

Қазақ ертегілерінде бұлардан басқа жануарлар сирек кездеседі. Жолбарыс адуынды, бірақ ақыл-айласыз (қасқыр екеуінде көп ұқсастық бар, әртүрлі ертегілік нұсқаларда олар бірін-бірі жиі алмастырып отырады), аю икемсіз де қарапайым. Ат, түйе, ит сияқты үй жануарлары ертегілерге аз араласады. Қазақ фольклорында ат – поэтикалық тұлға. Батырлық, қиял-ғажайып ертегілер мен эпос қаһармандарының ең сенімді серіктері – осындай ғажайып аттар болып келеді. Сондықтан да прозамен баяндалатын жануарлар жайындағы ертегілерде ат образы сирек кездеседі.

Қазақ фольклорындағы халықаралық сюжеттер де ұлттық түр алған. Мұның өзі кейіпкерлердің құрамына да, олардың қимылы мен іс-әрекетіне де, қимыл жасалатын жағдайға да әсерін тигізген. Ертегілердегі оқиға көбінесе қазақтың шетсіз-шексіз кең даласында өрістетіледі.

Жануарлар жайындағы классикалық ертегілердің құрылымы айтарлықтай күрделі емес. Олардың композициялық негізі – жануарлардың кездесулері мен қақтығыстарының тізбегі. Сондықтан да ертегілер баяндаудан гөрі көбінесе диалогқа құрылады. Кей жағдайларда кездесулер көп болады, бірақ ертегіде олардың бір-екеуі ғана пайдаланылады. Ал, бір сарынды эпизодтардың түрі өзгертілмей, үнемі қайталанып отыруы дүниежүзілік фольклорда кең тараған «кумулятивтік композиция» деп аталады. Бұған «Айлакер тышқан», «Қотыр торғай» ертегілері мысал бола алады. Бұларға тән тізбекті композиция өте көне болып есептелінеді. Қазіргі кезде мұндай ертегілердің белгілі дәрежеде тәрбиелік мәні бар: мұнда заттар мен құбылыстар, адамдар мен жануарлар жалпылай байланысқа қатыстырылып, бірінен-бірі алыс та, шашыранды заттарды жақындастыруға тырысатын тәрізді. Кумулятивтік (тізбекті, тіркесті) ертегілер – балдырғандар мен жасөспірімдердің жан-дүниесіне жағымды ертегілер.

Жануарлар жайындағы қазақ ертегілерінің енді бір түрі – мысал ертегілер (аполог). Мұнда баяндау белгілі бір моральдық қағида мен тұжырымды дәлелдеуге бағытталады, сол себепті ертегі афоризммен аяқталып отырады. Ертегінің айтылу мақсаты да осы афоризмді дәлелдеуді көздейді.

Қазақтың мысал ертегілері шығыс фольклорымен тығыз байланысты. Олардың көбісінің қайнар көзі – «Панчатантра», «Хитопедаша», «Шукасаптати» сияқты үнді жинақтары мен Орта Азияға әртүрлі жолмен келген «Калила мен Димна» және «Тотынама» тәрізді кітаптар. Мысал ертегілердің көбінесе кезінде қазақтардың басқа түркі халықтарымен белсенді байланыс жасаған аймағы – Оңтүстік Қазақстаннан жазылып алынуы тегін болмаса керек.

Ескі үнділік сюжеттер Қазақстанда жаңғырып, сыртқы сипаты мен ішкі мағынасы жағынан мәнді өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, сюжеті «Калила мен Димнада» кездесетін қазақтың «Сегізбай мен Тышқан қыз» және «Көгершіндер туралы ертегісін» алайық. Біріншісі – түркі халықтарының арасына кең тараған «Кім күшті?» атты ертегінің бір нұсқасы. Айырмашылығы – қазақша нұсқасында қырғауылдың: – Мұз-мұз, сен неден күшті болдың? – деген сұрағына ол – аяз, ал, аяз – жел деп жауап береді, бірақ барлығынан күшті құмырсқа болып шығады. Алайда, «Сегізбай мен Тышқан қыз» туралы ертегі «Калила мен Димнадағы» нақылмен байланысын үзбеген. Оны «Кім күштінің?» сюжеті сияқты ертегілерден бөлектеп, оған өзіндік үн беріп тұрған да осы байланыс. «Калила мен Димнадағы» мысалда діншіл тақуа қаршығаның тырнағынан түсіп қалған тышқанның баласын тауып алады. Тақуаның тілегі бойынша тәрбиелеуге жеңіл болу үшін Құдай оны қызға айналдырып жібереді. Кейіннен бойжеткен қызға тақуа күйеу таңдауды ұсынады. Күн, жел, бұлт және тау бірінен соң бірі өздерінің күшті екендіктерін мойындата алмай, таңдау кезегі көртышқанға келеді. Күйеу-тышқан қызға ұнап, ол әміршіден өзін қайтадан көртышқанға айналдыруды өтінеді.

Қазақта үнді ертегісінің сюжеттік желісі сақталғанмен, баяндау барынша ұлттық түр алған. Мұнда діншіл тәуіп жоқ, жалғыз басты, бала көрмей, қартая бастаған Сегізбай бар. Қазақша нұсқада мысалдың мәні де біршама өзгерген, бірақ негізгі ойы сақталған. «Қарға қарғаның даусын естіп ұшады. Аттар бірін-бірі пысқырғанынан біледі», – дейді дана Сегізбай. Бұл тұжырымның үндінікімен салыстырғанда біршама өзгеріп, халықтың практикалық философиясына жақындай түскенін байқау қиын емес.

Тегі жағынан шығыстың кітаби мисалдарынан тараған қазақтың мысал ертегілері шығыс тәмсіліне тән тиектелген (обрамление) композиция бойынша құрылады.

XIX ғасырдың екінші жартысында орыс тіліндегі шығармалардың қазақшаға көптеп аударыла бастаған кезеңінде аудармашылар И. А. Крылов мысалдарына ерекше назар аударады. Олардың аудармалары Ы. Алтынсарин мен А.Байтұрсыновтың, А.Е.Алекторовтың хрестоматияларында, «Дала уалаятының газетінде» басылады. И.А.Крылов мысалдарын Абай да аударғаны белгілі. Абай аударған Крылов мысалдары халық арасына кең тарап, қазақ топырағында жаңаша түлеп, қайтадан фольклорға айналады да, шығыстық үлгілер сияқты өзгерістерге ұшырайды. Орыс сюжеттері «ұлттанып», оның моралі қазақ тұрмысына, этикасына бейімделеді. «Бақа мен құмырсқада» («Шегіртке мен құмырсқаның» бір нұсқасы) уақиға қазақтың шаңқан даласында өрістетіледі. Бақа қаншалықты көңілді мінезімен дараланса да, оның ертеңгі күнін ойламайтын әдеті және бар. Құрғақшылықтың түскенін біле тұрып, қыс қамынан құралақан қалған бақа құмырсқадан көмек сұрауға бел буып, дала әкімшілігінің тәртібін сақтау әдетімен әуелі құмырсқалар патшасына келеді. Бақалардың ойын-сауықты ғана кәсіп қылып, еңбек етпейтінін, сондықтан берілген қарызды қайтара алмайтынын білген құмырсқа патшасы бақаның бұйымтайын орындамайды. Демек, қазақ ертегісіндегі құмырсқаның көмек беруден бас тартуы – олардың желбуаздығы мен арамтамақтығын әшкерелеуден ғана емес, сонымен бірге құмырсқаның өзімшіл психологиясынан да туған. Бұдан «Еңбек етпесең, қарыз да ала алмайсың» деген қағида туады.

Қазақ фольклорында ауысып келген сюжеттер ұлттық сипат алған. Бұл қасиет, әсіресе, оқиға ситуациясы мен кейіпкерлердің психологиясынан айқын байқалады. Ауысып келген сюжеттердің желісі де, шығыстық үлгілердің рамалық түрде өрнектелуі де бұзылмай, құрылымдық белгілері сақталып отырады. Ең негізгі өзгерістер мысал ертегілердің идеялық мәнінде ғана болады. Ауысып келген мысалдардағы мораль абстрактылықтан арылып, қазақтың әдет-ғұрыптары мен түсініктеріне сай қайта құрылып, дала жұртының философиясына жақындай түседі.

Хайуанаттар жайындағы мысал ертегілердің классикалық ертегілерден бір ерекшелігі – жануарлар сипаттамасының біркелкі болмауы. Классикалық ертегілердегі түлкінің өзінен күшті хайуанды үнемі жеңіп, ал, өзінен әлсіздерден жеңіліп отыратын тұрақты мінездемесі мысал ертегілерде кездеспейді. Мұнда эпикалық фон, я болмаса кейіпкердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын сипаттау болмайды. Оның есесіне ғибраттық сарын мен шартты түрде алынған жануарлардың аллегориялық образы бар. Ертегінің құрылысы көп жағдайда оның мазмұнынан шығатын афоризмді дәлелдеуге бағытталады. Көркемдігі жағынан алғанда, ішінара өлең мәтіндері кездескенімен, аполог формалары көбінесе қарасөзді болып келеді. Ал, өлең түріндегі фольклорлық аполог жеке жанр ретінде толық қалыптаспаған, себебі XIX-XX ғасырда әдебиеттің жедел дамуы мысал жанрын әдеби арнаға түсіріп жіберген.

§ 2. Батырлық ертегі

Батырлық ертегілердің басты тақырыбы – ерлікпен үйлену, неше түрлі құбыжықтармен, адам жегіш жалмауыздармен соғысу, рудың, елдің намысын қорғау. Қаһармандық үйлену болашақ батырдың өзіне қалыңдық іздеп, ұзақ жолға сапар шегумен байланысты болып келеді. Бұның арғы түп негізінде өз руластарының ішінен қыз алуға тыйым салатын экзогамия заңы жатыр. Оның үстіне көне заманғы эндогамия заңы бойынша болашақ батыр тек тиісті ғана рудан қыз алуға міндетті. Міне, осы қызды іздеп, ол алысқа аттанады. Ұзақ сапарда ұшырасып оның жеңетін неше түрлі мақұлықтары, сөз жоқ, ерте кездегі адамдардың табиғат күштері туралы түсінік-пайымдарын көрсетеді. Қиял-ғажайып ертегіге қарағанда мұнда қаһарман тек құбыжық жалмауыздармен ғана қақтығысып қоймайды, ол тарихи жаулармен де соғысады, соның бәрінде ол жалғыз өзі жүреді.

Батырлық ертегі – өзінің стадиялық тегі жағынан қиял-ғажайып ертегі мен қаһармандық эпос аралығындағы жанр, ол осы екеуінің де жанрлық белгілерін бойына сіңірген. Түптеп келгенде, батырлық ертегінің бір бастауы көне миф пен хикая, ал, екінші көзі – қиял-ғажайып ертегі. Соған қарамастан, ол өз бетінше, өз жолымен қалыптасып, дамыған. Батырлық ертегіде жеке адамның рулық ұжымнан дараланып шыға бастағаны және ол өзін жеке адам ретінде сезіне бастағаны көрініс тапқан. Табиғатқа толық тәуелді «әйтеуір, бір адамнан» басқа, керемет күш пен қасиеттердің иесі – алып батыр тұлғасы пайда болады. Ол – алып батыр ғана емес, небір сиқыр сырларды білетін ерекше адам, сол себепті ол өзінің іс-әрекеттерінде керемет көмекшілерге емес, қара басының қасиетіне, білегінің күшіне сенеді. Егер қиял-ғажайып ертегіде керемет көмекшілер дәріптелсе, мұнда елден асқан батыр мадақталады, оның күші мен қимылы, ерлігі әсірелене баяндалады.

Батырлық ертегілердің тақырыптық диапазоны соншалықты кең емес. Мұнда екі сала түрлі топ бар. Бірі – болашақ батырдың некелік сынақтан өтуі: қыздың немесе әкесінің қиын-қиын тапсырмаларын орындау, балуандық пен мергендік сыннан сүрінбей өту, жаяу жарыста жеңіп шығу, т.т. Екіншісі – әртүрлі ғажайып мақұлықтармен және жау елдің қолымен соғысу. Осы екі тақырыптық цикл кейін қаһармандық эпосқа көшеді, бірақ онда кейіпкердің бала кездегі ерлігі жеке тақырып болып қалыптасады.

Батырлық ертегілердегі сюжеттің өрілуі осы екі тақырыптық циклге сәйкес. Яғни бұл жанрдағы шығармалар екі үлкен бөлімнен тұрады деуге болады. Бірінші бөлім – некелік сынақ (немесе ерлікпен үйлену) – қиял-ғажайып ертегіде бар, демек, сол жанрда қалыптасқан. Олай болса, бірінші тақырып стадиялық жағынан екінші тақырыптан бұрын шыққан.

Ал, екінші тақырып туған елдің намысын қорғау актуальді болып тұрғанда пайда болған, яғни қаһармандық эпостың аз-ақ алдында немесе сонымен бірге қалыптасқан. Сол себепті бұл тақырып екі жанрға бірдей ортақ. Батырлық жыр барлық жанрдан басым түскенде бұрынғы ертегідегі аңшы-мерген енді батырға айналады.

Батырлық ертегінің стилі де өзіндік белгілерімен сипатталады. Мұнда асықпай баяндау басым, біраз эпикалық тыныс бар. Батырдың жаумен айқасы шабытты түрде баяндалады. Осы қасиеттері мен тақырыбы (ерлік пен үйлену, жаумен соғысу, мақұлықтармен шайқасу) батырлық ертегіні қаһармандық эпосқа барынша жақындатады. Қаһармандық эпостағы батырдың образы, оның мінезіндегі ерлік пен қайсарлық, сөз жоқ, батырлық ертегінің негізінде дамиды. Халық прозасының бұл жанры батырлық жырдың, яғни эпос жанрының аса маңызды қайнар көзі, көп бұлағының бірі.

Алайда, қаһармандық эпоспен салыстырғанда батырлық ертегіде оқиғалардың баяндалуы кең құлашты эпикалық түрде емес және ерлік істердің пафосы батырлық жырдағыдай ұжымдық, бұқаралық сипатта болмайды. Мұнда ел тағдыры, халық өмірі қаһармандық эпостағы деңгейде әңгімеленбейді.

Қазақтың батырлық ертегілері шығу тегі мен сюжетінің сипатына қарай үлкен екі топқа бөлінеді. Бірінші топта – көне батырлық ертегілер де, екінші топта кейінгі дәуірде, XVІІІ-XIX ғасырларда жырдан туған ертегілер.

Архаикалық батырлық ертегінің сюжеті кейіпкердің бүкіл өмірбаянын қамтиды: а) пролог, яғни кейіпкердің туу тарихы; ә) кейіпкердің үйлену тарихы (некелік сынақтан өту); б) кейіпкердің үйленгеннен кейінгі өмірі (жаумен соғысы, оны жеңуі, қартаюы, т. т.).

Екінші топтағы ертегілердің сюжеті мұндай кең емес, яғни ғұмырлық тұтастану түгел болмайды. Бұл ертегілердің негізгі тақырыбы – рулар мен тайпалар, қалмақтар мен қазақтар арасындағы ұрыс, жанжал, бір ру батырының екіншіден кек алуы. Кейде ертегі сюжеті кейіпкердің ұрпағы туралы эпилогты да қамтиды. Екінші топты құрайтын ертегілердің дені – батырлық жырдың прозалық түрі. Бірақ кейбірі батырлық жырдың мазмұнын түгел қайталамайды, олар басқа, қосымша оқиғалармен қаһармандық эпостың сюжетін толықтыра түседі. Ал, енді біреулері қиял-ғажайыптан батырлық ертегіге, әйтпесе, батырлық ертегіден эпосқа айналып үлгермеген шығармалар. Мұнда кейіпкер тек құбыжықтармен ғана кездеседі, я болмаса дұшпан елдің батырымен шайқасады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 3974; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.041 сек.