Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Хайуанаттар туралы ертегі 3 страница




Эпос зерттеушілері жырдағы баласыздық зары сарынының түбірін рулық-патриархаттық, феодалдық дәуірдің дәстүріне байланыстырып түсіндіреді. Патриархат үстем болғалы бергі кезеңнің бәрінде атадан қалған мал-мүлік ұлға тиесілі болған. Сондай-ақ рулық өмірдің жалғасуы да тікелей сол рудан тараған мұрагердің бар немесе жоқтығына қатысты еді. Ұлы көп адамның сөзі де салмақты, айбыны да артық саналған. Балалы болушылық қауымның мүддесіне қызмет ететін, үрім-бұтақ өсіретін, өзгелермен құдандалы болып, бедел, байлықты күшейтетін маңызды шарттылық, қажеттілік болып есептелген.

Егер эпикалық батырдың өмір бастауы осындай керемет оқиғалармен өрнектелмесе, оның кейінгі алуан, сұрапыл ерліктерін түсіне алмаған болар едік. Есейіп, ақыл, қайраты толысқан кезде мың жауға жалғыз шабатын батырды «жаратылысынан» ерекше ерен етіп көрсетудің психологиялық мотивировкасы осында жатыр.

Жалпы, тылсым, құпия күштерге сену адамзаттың табиғат құбылыстарына тәуелді кезеңінің санаға сіңген көрінісі десек, эпикалық аңыздауларда бұл ұғым ұзақ сақталатынын көреміз. Атап көрсетерлік нәрсе сол – эпостың әсірелеуге (идеалдандыруға) құрылған табиғатына қаһарманды айрықша туған жан деп бейнелеу мейлінше қолайлы болып табылады[654].

Қаһармандық эпостың көбіне тән ерекшеліктің енді бірі – батырдың ерте есеюі, алыптықты жастайынан танытып отыруы[655]. Бұл да кездейсоқ емес, эпикалық идеалдандырудың заңды сатысы. Архаикалық элементтері көбірек сақталған саха (якут) эпостарында қаһарманның жедел жетілуі соншалық көтеріңкі, әрі кең таратылып айтылады[656]. Қазақ эпосында да осы дәстүрдің ізі байқалады, жалпы түркі-моңғол эпостық жырларымен типологиялық ұқсастық заңдылығы анық сезіледі.

Эпоста кездесетін тағы бір сарын – батыр балаларға кейде кеңес беретін, енді бірде ат таңдайтын яки жол сілтейтін дана, қамқор, шын берілген жәрдемші, ақылшылар, дос пейілді жандардың болуы[657]. Бұлар елдің болашақ тірегі, өскелең ерлерге өздері білген өмір тәжірибесін үйретеді, қауіптен сақтандырады. «Қобыланды батыр» жырында мұндай ақылгөй Естеміс жылқышы бейнесінде берілген. Ол Қобыландыға ат таңдап қана қоймайды, аңшылыққа, мергендікке де баулиды. «Алпамыс батыр» жырының басқа тілдес халықтар арасында таралған эпостық, ертегілік нұсқаларында жас батырға ат таңдап беретін жылқышы Құлтай кейде Құлтаба болып көрінеді[658].

Батырларға тарыққанда медет беретін, тар жол, тайғақ кешуде көмекке келетін кәміл пірлер, ғайып ерен қырық шілтендер жөні басқа. Бұлар идеалдық тұрғыдан алынған іс-әрекеттердің адам нанбастық халдерін жеңілдетіп, шындықтың «тігісін жатқызып» жіберудің өзгеше амалы. Реалистік романдарда қаһармандардың әрбір елеулі істері мен аңсарларына жеткілікті психологиялық мотивировка, жағдай, орта, мінез шындығын, себеп пен салдарды қатарластыра келтіру шарт болса, эпос бұл шарттылықтардан сиқырлы, ғажайып күштерді қатыстыру арқылы оңай құтылады.

Батырдың мінген аты жүйрік болып көрсетілуі қаһармандық эпостың идеясына – елді сыртқы жаудан қорғау мақсатына тікелей байланысты. «Ат – ердің қанаты» деген нақылда замандар бойында қалыптасқан түйінді пікір жатыр. Соғыстың, жеңістің тағдырын атты әскер шешетін заманда жүйрік аттың қаншалықты қадірлі болғанын түсіну қиын емес. Жүйрікке қол жеткізу ер жігітке қаншама мәртебе болса, жаяу қалу соншама қорлық саналған. Қысқасы, көшпенді елдің тұрмыс қалпында қуса – жеткізетін, қашса құтқаратын аттың орны бөлек еді. Міне, осы ұғым халықтың эпикалық санасында әбден сіңгенін көреміз. Жырларда жүйрік атқа деген махаббат ерекше көркемдік қуатпен бейнеленеді.

Қаһармандық эпоста батырдың аты түрлі жағдайға алуан сипат танытатын киелі жануар есебінде елестейді. Сол қасиеттерді жинақтап келгенде мынадай белгілері екшеліп шығады: ұшқан құстан озатын ересен жүйріктігі; алыс жолға алқынбай жететін қайратты, төзімділігі; батырдың мінезі мен тілегін сезіп отыратын, дұшпанның арам пиғылын танитын естілігі; қысылтаяң тұстарда «тіл бітіп» сөйлеп, батырға ақыл-кеңес беретіндігі; сын сағаттарда түсін өзгерте алатын сиқырлы өнері болатыны; жау келе жатқанын күн ілгері сезіп, иесіне қауіпті білдіретіндігі; батыр мерт болса, денесін далада қалдырмай, еліне алып келетін опалылығы, т.б.

Жүйрік аттың осындай қасиетін ерекше бағалайтын халық оны жан-жануардың бірі деп қана қарамай, адам ойын, ниетін түсінетін киелі деп санаған. Батырдың көңіл күйін «танитын», керек кезінде ақыл-кеңес беретін жүйрік көп жырда кездесіп отырады. Атты «сөйлетудің» бір мысалын «Қобыланды батырдан» кездестіреміз. Қобыландының қамшысы жанына батқан Тайбурыл батырға «тіл қатады».

Алпамыс батырдың киімінің иісін сезген Байшұбар темір торлы қапасты «бұзып» шығады. Жырдың бір нұсқасында қалмақ батыры Қараманның астындағы қара аты алыста келе жатқан Алпамысты «болжап», аяғын ілгері баспай қояды. «Ер Тарғын» жырында Тарлан ат соңынан қуғыншы бар екенін батырға «сездіреді». Жалпы алғанда, тұлпар тұлғасының жасалуы қаһармандық эпостың ең екшелген, көркемдік бояуы қанық тұстарының бірі болып табылады.

«Қарасай-Қази», «Ер Сайын» жырларында ер қанаты – аттың қадір-қасиеті салдарлы әңгіме ретінде көтерілген. Заманында талай жауын мұқатып, ел еңсесін көтерген, ерегіскен дұшпанға «қысқа күнде қырық шапқан» айбынды Мамайдың өзі көздеген атын тақымына баса алмай, арманда кеткен делінеді. Бұл арманның көңілге ұялағаны соншалық – мұны Мамайдың батыр туысы Орақ та «шіркін, сол ат» деп балаларына өсиет айтып кетіпті. Міне, осы аманат тапсырма Орақтың баласы Қарасайға көшеді. Мамай қолға түсіре алмай кеткен Қызылат жырда аңыздай бұлдырап елестейді.

Орал, Орал, Орал тау,

Орал таудай тау болмас,

Орал таудың басында

Шұбырып өскен бес тұлпар,

Бес тұлпардай мал болмас.

Бес тұлпардың ішінде

Ешкітұяқ Қызылат...

 

Қарасайдың алғашқы мықты әрекеті осы Қызылатты іздеуге кетеді. Орал тауды жайлаған бес тұлпардың иесі Көкше деген қарт болады. Ол Қарасайға: «қарындасың Қибатты маған берсең ғана Қызылатты аласың», – деп шарт қояды. Ақырында, Қызылатты мініп, алыста жаумен алысып жатқан Мамайға Қарасай көмекке келеді, дұшпанды жайпап жібереді. Кейіннен Қырымның билеушісі Әділдің әскеріне басшылық етіп, қалың қызылбасқа аттанғанда да, батырдың сенімді аты оны қаншама қатерден құтқарады.

Қазақ жырларында ерліктің «тұқым қуалап», атадан балаға ауысатыны, бірінің бастаған ісін екіншілер жалғастыратыны дәстүрге айналған нәрсе. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп келетін нақыл жай ғана айта салынбаған. Мұның терең астары, ірі мағынасы бар. Көшпенді ел жағдайында әкеден қалған мұраға ие болатын ұлдың тууы ерекше оқиға саналған. Перзентсіздік ең ауыр қасірет болып танылған. Мұның көрінісі эпостық жырларымызда мейлінше мол орын алғаны белгілі. Алпамыс та, Қобыланды да, Шора да, Сайын да ата-аналарының көп арман етіп, жаратқаннан медет тілеп алған балалары болып сипатталады. Бұл сарын «Қорқыт ата кітабында» да кездеседі.

«Ер Сайын» жырының бастапқы тұсында баласыздық зарын тартқан қарт Бозмұнайдың намысын жыртатын баласының жоқтығын пайдаланып, оған есігінің алдында жүрген тоқсан құлы қорлық көрсетеді. Өмір бойы жинаған мал-мүлкінің талапайға түскелі тұрғанын көрген Бозмұнай жатса да, тұрса да, Тәңірден бала тілейді. Ақыры, арманы орындалып, Ер Сайындай ұлды көреді. Осындай кәміл пірлер «көмегімен» пайда болған ұлдардың бір де болса, бірегей туысты болып келетініне мысал мол.

Эпостық жырларға хас белгілердің бірі – ел қамқоры батырдың ең жақын досы, әрі жары – тамаша сұлу, ақылды, опалы әйелдер бейнесінің жасалуы. Ал кейбір халықтардың (бурят, т.б.) эпосында әйел қаһармандар батырлық жағынан ерлерден кем қалмай, кейде асып түсетін болып суреттеледі[659].

Батырлық эпоста қаһарманның үйленуі де ерекше жағдайда өтеді. Сондықтан да оны фольклоршылар қаһармандық үйлену[660] деп атайды. Әдетте, болашақ батырға өзінің қалыңдығын алу үшін, жаулармен соғыс жүргізуге, түрлі сындардан өтуге, палуандық, мергендік жарысында озып шығуға тура келеді. Бұнда, әрине, терең өмір шындығы бар. Қаһарманның алғашқы күрделі қайраты, тегеурінділігі жар үшін күрестен басталуында символдық мағына жатыр. Елдің, рудың басшысы болып табылатын жас батырдың өмірлік серігі қандай болу керек дегенге эпос өзгеше мән береді[661]. Қазақтың қаһармандық жырларында батырлар қашанда өз жарларын үлкен ұрыс жүргізіп, жауын мұқатып барып алатындығы, бір жағынан, көшпенді жаугершілік өмірдің объективтік шындығына сәйкес келсе, екіншіден, эпостың құрылысындағы қажет көркемдік тәсілдің бірі болып саналады.

Қазақ қаһармандық эпосына тән өзгешеліктің бірі: тілдік, тақырыптық қайталаулардың (формулалықтың) кеңінен кездесуі. Фольклоршылар эпос тілінің формулалығын үш түрге бөліп қарайды. Олар: а) жекелеген бейнелі сөз тіркестері; ә) түрлі ұқсас жағдайлар суреттелгенде қайталанып келетін жолдар; б) эпостағы дәстүрлі ситуацияларды бейнелейтін күрделі суреттемелер[662]. Әлбетте, бұл түрлердің әрқайсысының қолданылу жиілігі әрбір шығармада, олардың версия, вариантында өзгеше құбылып отырмақ. Бұл тарапта түрлі халықтың фольклорында ортақ ұқсастық та, едәуір айырмашылық та ұшырайтыны табиғи. Мәселен, көне эпостық дәстүрі күшті саха (якут) фольклорында жекелеген балама, теңеме сөздер, тіркестер, шумақтар ғана емес, тұтас тақырыптық тараулар да бір эпостан екінші эпосқа еркін «көшіп» отыратындығы байқалған. Якут халық әдебиетінің көрнекті зерттеушісі И.В.Пухов мұндай заңдылықты жете дәлелдеп шыққан. «Бір олонходан алынған кез келген бір сюжет екіншісіне оңай ауыса алады немесе жекелеген эпизодтар мен детальдарды азайту арқылы сюжетке нұқсан келтірмей қысқартылады»[663].

Қазақ эпостарында ұшырайтын формулалықтың бір тобы қысқаша тілдік тіркестер, тұрақты эпитеттер мен теңеулер болып табылады. Бұған «жеті жұмақ», «кәміл пір», «қозы жауырын жебе», «құмырсқа бел», «алтын тұрман», «қара ат», «көк бурыл», «көкала бие», «сары бел», «ақбөкен», «ақсұңқар», «ақсауыт», «ақ найза», «алмас қылыш», «ақсемсер», «тоғыз қабат», «көп жылқы», «қалың әскер», «ақ берен» секілділерді мысалға алуға болады. Бұлар жыр көлемінде әлденеше рет қайталанып келіп отырады, эпостық бейнелеудің күрделі бөлігі болып табылады.

Эпостағы ауыспалы сөздер мен тіркестердің енді бір парасы қайталанып келетін жолдар. Мұндай тармақтар эпостық стильдің дәнекері, байланыстырушы элемент секілді. Жырдың даму барысында оның түрлі бөліктеріне тән осындай жолдар мен шумақтар күрделі орын иеленеді. Бұл үлгідегі формула, қайталаулардың кемі бір жол, молырағы бірнеше жолға ұласады. Эпостық жырлардағы: «әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып», «намаздыгер өткенде, намазшамға жеткенде», «қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тоңып», «жая десе жал берген, шекер десе бал берген», «буырқанды, бұрсанды, мұздай темір құрсанды», «ақ сәлдесі басында, ақ таяғы қолында», «аш күзендей бүгілді, шыбын жаннан түңілді», «сарғайып таң атқанда, таң шолпаны батқанда», «сонда батыр сөйледі, сөйлегенде бүй деді», «ертемен шапса, кеште озған, ылдидан шапса, төсте озған», «шауып кетті еліңді, сындырып кетті беліңді», «шешесі келіп жылайды, көзінің жасын бұлайды», «тар құрсағын кеңіткен, тас емшегін жібіткен», «айт жануар шу деді, аршындап бурыл гуледі», тағы да басқа көптеген байырғы балама, ұйқастар шығарманың көркем сөз жүйесінде де, құрылысында да елеулі қызмет атқарады.

Қазақ эпосында жиі қайталанып отыратын тіркестердің қатарында эпикалық сандарды да көрсетуге болады. Әсіресе, жеті, тоғыз, қырық, алпыс, сексен, тоқсан тәрізді сандар молырақ кездеседі. «Қобыланды батыр» жырында «жеті» саны бірде «жеті пір», екіншіде «жеті жұмақ» тіркестері түрінде жиырмадан артық қайталанған. «Қырық» санының қолданылуы да осы шамалас. «Алпамыс батыр» эпосында бұл сөз «қырық күншілік шөл», «қырық кез сандық», «қырық шөлмек арақ», «қырық қыз», «қырық отау», «қырық балам бар еді», «қырық келінім жанымда», «қырық қақпалы қала», «қырық шиша», «қырық қыз нөкер», «қырық арқан», «қырық қойдың құйрығы», «қырық арқан бойы зындан», «қырық күн тойын» сияқты тіркестер кездеседі. Сонымен, эпикалық сандар да өз орнында формулалық міндет атқарады.

Алпамыс батыр

«Алпамыс батыр» – қазақ фольклорындағы классикалық батырлық жырлардың бірі. Алпамыс есіміне байланысты өзбекте «Алпамыш», қарақалпақта «Алпамыс», қазақта «Алпамыс батыр» жырлары мен башқұртта «Алпамша мен Баршын-Хылуу», татарларда «Алпамша» ертегілері белгілі. Ал, алтайлықтарда «Алып Манаш» мифтік сипатты молынан сақтаған, ол VІ-VІІІ ғасырларда қалыптасқан[664]. Мұнда Алып Манаштың әкесі Байбарақ «аспан мен жер жаралғанда, алғашқы орман мен шөп пайда болған мезгілде өмір сүрген» және оның бейнесін «екі жауырынының арасында отыз құлын ерткен жылқылар табыны жайылып жүре алады»[665] деп суреттейді, жырда бұдан басқа да мифтік түсініктің әсерін сақтаған сюжеттер мен сарындар бар.

«Алпамыс батыр» жырының әр халықтағы нұсқасына «Алып Манаштың» әсері тиген және «Алпамыс (Алпамыш)» пен «Одиссейдің» жақындығы да кездейсоқ емес, олар ежелгі шығыстық ертегілік бір сюжеттен пайда болған[666]. «Одиссей» де, түркі халқына ортақ «Алпамыс батыр» жыры да батырлық ертегіден бастау алған.[667] Орта Азия халықтарына ХІV-ХVІ ғасырларда қалмақтардың жасаған соғысы кезінде «Алып Манаштың», т.б. көне батырлық жырлардың сюжеттері ел жадында қайта жаңғырып, елге рухани қажеттілік туған соң қаһармандық эпос жанрының негізінде Алпамыс жырдың кейіпкері ретінде сомдалды. Сондықтан «Алпамыс батыр» жырының пайда болу мерзімі туралы патриархальді-рулық қауымның ыдырауымен патриархалды-феодалдық дәуірдің орнығу кезеңінде[668] немесе ХVІ ғасырда [669] деген пікірлер бар.

Эпикалық сюжеттің негізін – ғажайып туу, қаһармандықпен үйлену және әйелінің тойының үстінен шығу сарындары құрайды.

Қаһармандық эпостың жанрлық ерекшелігінің өзі сол – патриархалды-рулық қоғамдағы батыр ел қорғаны.

«Алпамыс батыр» жырының барлық нұсқасында дерлік перзентсіздік зарын тартқан қарттардың бала тілеп, әулие-әнбиелерді аралауы, тілегі қабыл болған олардың баласы ғажайып туу сарыны бойынша дүниеге келуі, ана- сының тотем аңға («Алпамыс батырда» - қабылан, «Манаста» – жолбарыстың жүрегі) жерік болуы тұрақты орын алған. Ал, «Алып Манашта» перзентсіздік зары мен ғажайып туу және қаһармандықпен үйлену сарындарының жоқтығы – бізге жеткен нұсқалардың толық күйде жетпеуімен байланысты[670].

Майкөт-Сұлтанқұл нұсқасында перзентсіздіктен зар илеген Байбөрі мен Аналық әулиелерді аралап, жолдан шаршап, шеңгел арасында ботадай боздап жүреді де:

...Сол уақыттар болғанда

Топ қараған қасынан

Бір шеңгелдің басынан

Иіліп келіп бір шыбық

Маңдайынан тіреді.

Жазайыншы дегенше

Екі елі батып кіреді.

Қан шыққан жоқ онымен,

Кереметті екен деп,

Ақылмен ойлап біледі[671], –

 

деген жолдарда өсімдікті қасиетті деп таныған сенімнің көрінісі бар. Шеңгел түбінде ұйықтап жатқанда Баба Түкті Шашты Әзіз аян беріп, олардың тілегі қабыл болатынын айтады, яғни болашақ кейіпкердің ерекше жаратылыста тұлғалануын түсіндіруде бұл сарындар әуелі партеногенезис, содан кейін аруақтың араласуы бір-бірін толықтырып, тарихи кезеңдік қабаттардың сатылы көрінісі жасалған.

Ғажайып туу сарыны қолданылған соң ол кейіпкердің ерекше болуы түсінікті. Алдымен ол бала жасынан ерен күш иесі ретінде танылады. «Алпамыс ойнауға бала таба алмай, жалаңдап келе жатып, бір өрмек құрып отырған кемпірдің қасында ұйықтап жатқан баланы көріп: – ей, бала, тұр, ойнаймыз, – деп түртіп қалса, бала ұрғанын көтере алмай, өліп қалды»[672]. Сонда кемпір: «Баламды жалғыз менің өлтіргенше, Алсайшы Гүлбаршынды, қу жүгірмек», – деп, Алпамыс өзінің атастырылған қалыңдығының бар екенін әдеттегідей сырт адамнан естіп, біледі.

Қазақ тұрмысында, жалпы түркі халқында ежеқабыл салты болған, соның өзінде архаикалық жырларға кейіпкер мен оның қалыңдығының бір мезгілде туылу сарыны тән[673]. Сол фольклорлық дәстүр бойынша Алпамыстың әкесі Байбөрі мен Гүлбаршынның әкесі Байсары балалар тумай тұрып, құдаласып, екеуі де бір мезгілде сәбилі болады.

Алпамыс:

Атса, мылтық өтпеді,

Шапса, қылыш кеспеді...

Суға салса, батпады[674].

 

Кейіпкердің мұндай қасиетті болуы - әлемдік фольклорлық сарын. Мәселен, ежелгі грек мифологиясында Ахилл, қырғызда «Манас», т.б. бар. Қазақтағы «Еркем Айдар» ертегісінде қарындасы ағасына «атса – оқ өтпесін, шапса – қылыш кеспесін» деп тілек айтады, бұл, бір жағынан, сөз магиясымен байланысты. Бірақ оның мәні тереңде екендігі Ахиллді мәңгі өлмейтін еткісі келген шешесі Фетиданың жасаған әрекеттерімен түсінікті болады. Ол Ахиллді түні бойы отқа қақтап, күндіз денесін амброзиямен (ежелгі грек мифологиясында құдайларды өмір бойы қартайтпайтын, мәңгі өлмейтін қасиет әкелетін хош иіс) сылайды. Тағы бір нұсқада: мифтік ұғымдағы өлілер әлеміндегі Стикс өзеніне шомылдырғанда Ахиллдің әкесі – Пелейдің кесірінен өкшесі суға тимей қалады – оның ең осал жері сол болып қалады. Бұдан соң Фетида баланы Хирон атты кентаврдың тәрбиесіне береді, ол оны арыстанның, аюдың, қабанның ішкі құрылысымен тамақтандырады[675]. Демек кейіпкердің отқа салса да, суға салса да өлмейтін қасиеттілігі мен батырдың анасының тотем аңдарға жерік болып, кейіпкердің арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты болуының түп-тегінде батырды мәңгі өлмейтін қасиетте таныту бар. Ел қорғаны болған кейіпкердің жыр соңында «мақсат-мұратына жетіп, бақытты ғұмыр кешетіні» айтылады. Бұл батырдың тек қана елдің жауын мұқатып, шаруаны тындырып келуімен байланысты болмаса керек, мұндай бақытты сәттіліктің мәні – оның ешкімнің қолынан өлместей болып жаратылған ерекше қасиеттілігінде екендігі айқындалады. Фольклордағы мәңгі өлмейтін су іздеу, мәңгі ғұмыр кешуге тілек білдіру сарындары осындай ежелгі түсініктердің салдарынан енгізілген.

Манас та осындай ерекше қасиетте, ол да «отқа жанбайды, балта шаппайды, садақ өтпейді». Ал, Алып Манаштың мұндай ерекшелігі одан да көнелеу түсінікпен суреттелген, яғни оның тамырында қаны жоқ, өлуге жаны жоқ[676]. Қазақ фольклорында батырлардың немесе ешкімге бой бермес дәулердің (алып) жаны басқа жерде болуын бір жағдаймен түсіндіруге болады, яғни ондай ерекше жаратылған олардың жаны тәннен бөлек жерде сақталады деген түсінік болған[677].

Алпамыс қалыңдығын алып келу үшін жолға шығады. Ежелгі дәуірде жасөспірім кәмелеттік сынақтан өткен соң ғана ересектер қатарына қосылып, үйленуге құқы болған. Осы сапарда ол өзінің алғашқы ерлігін жасайды. Сондықтан өзіне лайық ат таңдайды. Ерекше кейіпкердің аты – Байшұбардың да ерекшелігі танылады. Ол ат жырда «Бір күн шапса шұбар ат, Айлық жер алып береді»[678] деп суреттелген.

 

«Айналайын, Шұбар ат,

Қолтығыңда бар қанат»[679], –

деген Алпамыстың екі рет айтқан сөзі бар, бұдан жырдың бұрынғы нұсқаларында Байшұбардың қанатты ат болған хабары білінеді [680].

Мифтік сипаттағы аттың бейнесі «Алып Манашта» жақсы сақталған. Ол аттың ерекшелігі – оның тұяғы тиген жерден қайнап жатқан көл пайда болады, таудың үстінен өтсе – ол жазық далаға айналады. Ақ ханның ауылына жақындағанда оң құлағымен – аспанды, сол құлағымен жерді тыңдап, Алып Манашқа бұл жолдың қатерлі екенін болжайды.

Алып Манаштың ақсұр атының тағы бір ерекшелігі – құбылушылық. Ол иесіне осы сапардың қиындығы туралы айтқан соң өзі жұлдызға айналады. Ат жылағанда оның көз жасы аспаннан жаңбыр болып жауады. Алып Манаш тоқсан сажын шұңқырда жатқанда иесіне көмектесу үшін қылға айналады. Аттың құбылушылығы кейін де орын алған. Алып Манаш ауылына қайтар жолында қарт тас-тарақай (тазша) бейнесіне түскенде ат жерге аунап, мәстекке айналады.

«Алып Манаш» жырында аттың жасаған көмегі көп. Ол иесіне көмектесу үшін бәйтерекке келіп, оның қайрат беруін сұрайды. Бұл ежелгі дәуірде бәйтеректің әлем ағашы ретіндегі қасиетін танытады. Бәйтеректің жанында ұйықтап кетіп, ат түс көреді де, түсінде Алып Манашқа қалай көмектесу керектігін біледі. Содан Күлерби ханның еліндегі қасиетті суды (көбік) іздеп, ол жерге барғанда өзі қылға айналып, ешкімге сездірмей, ұртына толтырып алып келеді. Ол судың жартысын иесіне, жартысын өзі ішіп, екеуінің де күш-қайраты артады. Осыдан соң иесін шұңқырдан алып шығу үшін өзінің құйрығын салады, мифтік сипаттағы аттың құйрығы да ерекше, ол – созылмалы болып шығады. Міне, осы тұста өзбектегі «Алпамыш» жырындағы Байчибардың Алып Манаштың атымен салыстырғандағы ұқсас бір мифтік қасиеті көрінеді. Бірақ ол, бәрібір, Алып Манаштың атының қасиетін түгел қайталамайды, яғни Алпамышты зынданнан аттың өзі алып шықпайды, бұл арада қалмақ ханының қызы араласады. Кейіннен қосылған мұндай өзгеріс қазақтағы «Алпамыс батыр» жырында да бар.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1113; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.055 сек.