Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ыз Жібек» жыры 3 страница




«Жанкент туралы айтылатын қазақ аңыздарында бұл қаланы мекендеген елдің жойылып кетуін, оның күйреп бітуін қалаға ордалы жылан қаптап кетуінен деп қауесет етеді. Қаланың даңқты адамдары Қорқыт ата, Сарман құса, Санжақ сұлтан, оның жұбайы Бикем, олардың ата-аналары тегісімен жыланның шағуынан өледі. Жанкент патшалығын сақтау үшін Сыр бойына қара дауыл соқтырып, Қорқыттың күшті рухы ретінде қара бура келеді»[798].

Жанкент шаһарының қирауы туралы аңыздар[799] қай кезде пайда болғанын анықтау қиын[800]. Ә.Марғұланның айтуынша, бұл аңыз «Қорқыт кітабы» мен «Оғызнамеде» айтылатын Қазанбектің ордасын бешенелер қиратқан оқиғаны суреттейді[801]. Біздің ойымызша, бұл аңыз дәл бір тарихи оқиғаны баяндамайды. Мұнда байқалатын нәрсе – тарихи анахронизм: Жанкенттің қирауын бергі дәуірлерде болған деп әңгімелеу. Шындығында, Жанкент қаласы бірнеше соққыны басынан өткерген: арабтардың шабуылы, моңғолдардың шапқыншылығы және Ақсақ Темірдің жорықтары. Осы оқиғалардың дәл қайсысы жоғарыдағы аңызға негіз болғанын тап басып айту қиын. Дегенмен, фольклордың әр дәуір іздерін бойына сіңіріп отыратынын ескерсек, бұл аңызға алғаш түп негіз болған оқиға мұсылман дінін таратушы арабтардың қалаға басып кіруі сияқты. Аңызда мұсылмандық сарынның айқын көрінуі де қосымша дәлел іспетті. Уақыт өте келе аңыз кейінгі кездерде болған оқиғаларды да қамтыған, бірақ бергі замандарда оқиғалар көмескі тартып, аңызда қиял басым бола бастаған. Сөйтіп, біздің дәуірге ол аңыз көркемделіп, көптеген қосымшалармен толықтырылып, басқа сипатта жеткен. Сондықтан мазмұны мен поэтикалық кестесіне қарағанда жоғарыда келтірілген шығарма аңыздан гөрі әпсанаға және хикаятқа жақын. Мұнда әпсанаға тән ғажайыптық (фантастика) бар, кереметтіктің элементтері (элементы чудесного) айтарлықтай көркем функция атқарып тұр. Оның үстіне бұл шығармада хикаяттың басты белгісі – діни (мұсылмандық) мифология айқын көрініс береді. Міне, мұның бәрі Жанкент қаласы туралы аңыздың жанрлық сипаты жағынан әпсана мен хикаятқа айналғанын көрсетеді. Демек, өте ертеде пайда болған көне аңыздар бірте-бірте әпсанаға, хикаятқа, тіпті, ертегіге айналады.

Қолымыздағы материалдарға қарағанда, көне тарихи аңыздардың ішіндегі жанрлық сипатын біршама тәуір сақтағандары қазақ елінің моңғол мен Орта Азия шапқыншыларына қарсы күрес жүргізген дәуірі жайындағы аңыздар болып табылады. Тарихи тұрғыдан дәуірлесек, бұл аңыздардың бейнелейтін шағы – ХIII-ХIV ғасырлар, бірақ аңыздардың өзі қай мезгілде пайда болғаны туралы үзілді-кесілді пікір айту қиын. Дегенмен де, Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір есімдерімен байланысты әңгімелердің сол кездің өзінде-ақ тууы мүмкін. Әрине, олар бізге алғашқы қалпында жетпеген, алайда, оқиғаның өзегін, дәуірдің тынысын, кейіпкерлердің іс-қылығы мен мінез-құлқын біршама сақтай білген. Осындай аңыздардың біразы Шыңғыс пен Жошы ханның қазақ елін билеп-төстеген шағын баяндайды. Бірақ бұл аңыздар нақты болған белгілі бір оқиғаны әңгімелемейді. Олардың көбісі Шыңғыс пен Жошы есімдеріне байланысты болып келеді де, солардың қаталдығын, бүкіл сол заманның рухын айқын сипаттайды. Мәселен, Шыңғыс хан туралы аңыздардан сол кездердегі хандардың арасындағы алауыздықты, бақталасты, таққа таласып, бірін-бірі қуғындаған ағайындылар тарихын аңғаруға болады[802].

Бұлардың мазмұны «Моңғолдың құпия шежіресімен» үндес[803], алайда, қазақ аңыздары «Шежіредегі» оқиғаларды түгел және дәлме-дәл қайталамайды. Тіпті, қазақ аңыздарында айтылатын кейбір оқиғалардың шындықтан алшақ екені де байқалады, ал, енді бір шығармаларда оқиғалардың мезгілі, адамдары шатастырылып, қайсыбір жағдайда әр дәуірде болған оқиғалардың елесі шоғырланғаны сезіледі. Мысал үшін атақты «Ақсақ құлан» аңызын алайық. Аңыздың сюжеті баршаға аян: ханның баласы аңда жүріп, жаралы құланның тұяғынан өледі.

Аңыздың біраз нұсқаларында бұл оқиға Шыңғыс пен Жошыға байланысты айтылады және зерттеушілердің көбісі солай деп тұжырымдайды[804]. Ал, басқа бір нұсқаларында құланнан өлген Жошы болады да, оның әкесі Алаша хан болып баяндалады[805]. Енді бір нұсқаларда аң аулап жүріп өлетін – Жошы емес, оның баласы[806], ал, кейде Жәнібектің ұлы[807], я болмаса Ақсақ Темірдің баласы[808] болып әңгімеленеді. Тіпті, кейбір мәтіндерде баласы Жошы делініп, әкесінің есімі аталмайды[809]. Міне, бір ғана сюжетті (оқиғаны) баяндайтын бірнеше шығармада кейіпкерлер әр басқа: Алаша, Шыңғыс, Жәнібек, Темірлан, Жошының өзі. Бұлар әр заманда өмір сүрген адамдар, бұл – анахронизм, аңыз, әдетте, тарихи дәуірлерді, оқиғалар мен адамдарды жылнамадағыдай дәлме-дәл суреттемейді, оларды тарихи тұтастану заңына сәйкес өзгертеді. Олай болса, өлген баланың әкесі болып бірде Шыңғыстың, бірде Алашаның, бірде Жошының, бірде Жәнібектің көрінуі тарихи аңызды фольклорлық жанр ретінде тағы да бір сипаттайды. (Соның өзінде де аңыз өмірде болған адамдарды әңгімелеген).

Ал, осы аңыздағы оқиғаның өзі өмірде болған ба, ол қаншалықты шындыққа сәйкес келеді?

Аңыздың сюжеті құрылысы жағынан үш бөлшектен тұрады. Бірінші бөлшек: Жошының аңға шығып, құландарды қууы. Құланның айғыры жаралы болып, оны мерт қылуы. Екінші бөлшек: Шыңғыстың «Кімде-кім Жошының өлімін естіртсе, аузына қорғасын құямын!» - деген жарлығын бұзып, Кербұғаның (Кет Бұқа, өнерпаз күйші, домбырашы, ұлы жыршы) өнер арқылы Шыңғысқа қазаны естіртуі, Шыңғыстың домбыраның шанағына қорғасын құюы. Үшінші бөлшек: қаһарлы әкенің елге ғаламат ор қаздырып, құлан біткенді орға түсіріп, қыруы.

Осы үш бөлшектің біріншісі – негізгі оқиға: Жошының қаза болуы. Бұл тарихқа сәйкес: Жошы әкесінің тірі кезінде өлген. Ал, Жошының өлу себебін баяндау – фольклорлық қиял, бірақ шындыққа саятын қиял, өйткені, ол кезде Шыңғыс та, оның балалары да құлан аулауды машық еткен.

Алайда, осы негізгі оқиға аңызда тікелей айтылмайды. Аңыз басты көңілді екінші және үшінші бөлшектерге аударады. Мұнда фольклорлық дәстүр күшіне еніп, оқиғадан гөрі Шыңғыстың қаһарлығын, қаталдығын көрсетуге күш салынған. Бұл, сөз жоқ, аңыздың көп уақыт бойына көркем фольклормен қатар, солардың ортасында өмір сүргенінің нәтижесі. Сондықтан да, «Ақсақ құлан» аңызында тарихи оқиға көмескіленіп, оның есесіне біршама әрлей баяндау етек алған.

Қазақтың көне тарихи аңыздарына Алтын Орда дәуірі мен Қазақ хандығы құрылған шақтың оқиғаларын баяндайтын Тоқтамыс, Едіге, Ақсақ Темір, Жәнібек, Асанқайғы есімдеріне байланысты шығармаларды да жатқызуға болады[810]. Бұл аңыздарда нақты бір тарихи оқиға суреттелмесе де, жалпы сол мезгіл шындығы бірнеше тарихи оқиғаны шоғырландыру арқылы көрсетіледі. Мәселен, Тоқтамыс жайындағы аңызда сол кезде анық болған Тоқтамыс пен Едіге арасындағы (бірде тату, бірде араз) қатынас Хабардин және Сәтемір (дұрысы – Ақсақ Темір) атты қаһармандардың араласуы арқылы баяндалады.

Оғыз-қыпшақ дәуірі мен моңғол шапқыншылығы, Алтын Орда замандарында пайда болып, уақытпен бірге талай өзгеріске ұшыраған көне тарихи аңыздарға қарағанда ХVIII-ХIХ ғасырлардың оқиғаларын баяндайтын шығармалар тарихи негізін айқынырақ сақтаған. Әсіресе, жоңғар қалмақтарына қарсы ұрыс-соғыстар жайындағы аңыздар өзінің тарихи шынайылығымен құнды.

Солардың ішінде нақтылы оқиғаны баяндайтын аңыздар да көп. Мұндай шығармалардың көпшілігі жасақтарды басқарып, кескілескен ұрыста ерлігімен елді таңдандырған қолбасшы батырлар, сұлтандар есімімен байланысты болып келеді[811]. Міне, осындай аңыздардың ішінен мысалға Қазыбек, Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Байғозы, Жапақтардың басынан кешкен оқиғаларды баяндайтын шығармаларды атауға болады. Бұл шығармалардың басты ерекшелігі – нақты болған оқиғаға негізделгендігі. Мәселен, Абылай ханның жоңғарлықтарға тұтқын болуы жайындағы аңызды алайық. Тарихи мағлұматтар бойынша, жоңғарлықтар небәрі 50 жылдың ішінде, яғни ХVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ еліне бірнеше дүркін шабуыл жасап, екі ел арасында 1710, 1717-1718, 1723, 1728, 1730, 1741-1743 жылдары қиян кескі ұрыстар болған[812]. Сондай ұрыстардың бірінде (1741 ж.) Абылай 2 мыңдай жасағымен жоңғарлықтардың қолына түсіп, тұтқыннан Россия елшілігінің араласуы нәтижесінде босайды[813].

Аңызда осы оқиға дәл бейнеленген, бірақ, әрине, тарихи жылнамалар мен құжаттардан өзгеше. Шоқан Уәлиханов жазып алған аңыз бойынша, жоңғарлықтардың кезекті бір шабуылында Абылай жекпе-жекке шығып, Галдан-Цереннің Чарча деген баласын өлтіреді. Галдан баласын өлтірген адамды кім болса да, қайдан болса да, тауып әкелуді бұйырады. Қалмақтар аңдып жүріп, Абылайды серіктерімен аңда жүргенде қолға түсіреді де, Галданға алып келеді[814].

Ал, екінші бір аңызда Абылайдың тұтқынға түсуі басқаша баяндалады. Галдан Абылайға: «Еркімен маған бағынсын, әйтпесе, соғыс ашамын!» - деп, елші жібереді. Абылай ашуланып, елшіні өлімге бұйырады да, «Жау қолын қарсы алуға дайынмын!» - деп, хабар жібереді. Галдан мұны естіген соң бірнеше мың әскер жібереді. Осы ұрыста Абылай қолға түседі. Оның жеңілген себебін аңыз елшіні өлтіргендіктен болды деп түсіндіреді[815].

Міне, Абылайдың тұтқынға түсуін екі аңыз екі түрлі баяндайды. Бұл – фольклор табиғатынан туып отырған құбылыс, сондықтан бұл жерде ешбір жалғандық жоқ. Өйткені, фольклорлық шығарма қаншалықты шыншыл болғанмен тарихи фактіні сол қалпында суреттемейді. Халық ол фактіні өзінің қалауынша суреттейді. Мәселен, Абылайдың дәл қандай жағдайда жау қолына түскенін ешкім тура айта алмайды, себебі оны көрген адамдардың, я болмаса Абылайдың өзінің сөзі сол кезде хатқа түспеген, демек, ауызша тарап, бірден-бірге айтылып, біздің дәуірге дейін көп өзгеріске түскен. Сондықтан айтушылар оқиғаның өзін сақтап, оны өздерінше түсіндіріп отырған. (Фольклорлық шығармалардың нұсқалары болатыны да осыдан). Сонымен бірге Абылайдың тұтқында не көргені, қандай жағдайда болғаны да дәме-дәл аңыздалмаған. Ол туралы әзірге тарихи дерек те жоқ.

Рас, Шоқан Уәлиханов нұсқасындағы аңызда тұтқында жатқан Абылайдың тағдыры шындыққа жақын келетін сияқты: өлген баланың шешесі күнде Абылайға, оның серіктеріне қарғыс айтып, лағнеттеп отырады. Шыдамы таусылған Абылай бір күні дірілдеп, тісін шықырлатып, жұдырығын түйіп келе жатқан әйелге: «Ей, қақбас қалмақ! Сенің ұлың сияқты қаңғыбас құл қайда өлмеген!» - дейді. Әйел ойбайлап, Галданға барады да, Абылайды өлтіруді талап етеді[816].

Міне, аңыздың осы тұсы шындыққа жанасады: тұтқындағы адамның өмірі тәтті болмаса керек. Оның үстіне тағы бір айтатын нәрсе: Шоқан жазып алған уақытта Абылай туралы әңгіме, аңыздар тарихи шындықтан онша алшақтамаған болатын, олар әлі фольклорлық жанрдың аясына толық түспеген-ді, өйткені, оқиғаның болған кезінен онша көп уақыт өткен жоқ-ты. Және Абылай тұқымының үйлерінде (Шыңғыстың да үйінде) ол туралы әңгімелер мен аңыздар барынша алғашқы қалпында сақталған болар, сұлтандар өздерінің бабалары жайлы өтірік сөз айтқызбаған да шығар.

Рас, Шоқан келтірген мәтінде Абылайды асыра мақтау үшін фольклорлық дәстүр пайдаланылып, бұрынғы өткен бабалар туралы әңгіме (отбасылық хроника десе де болады) тарихи аңызға айналған да, осы жанрға тән сипаттарға ие болған. Мұны аңыздың соңынан да байқауға болады: әйелінің іс-әрекетін көріп: «Осы Абылайды өлтіріп қояр» - деп қауіптенген Галдан қазақ сұлтанын жанындағы Жапақ батырмен бірге бастатып, еліне қайтарады[817].

Шындығында олай емес, бірақ айтушылар осылай етіп көрсеткісі келген. Жалпы, тарихи аңызда оқиғаның сұлбасы сақталып, адамдардың істері, мінез-құлқы дәуірдің, қауымның талабына сай баяндалады. Сол себепті де Абылайдың тұтқынға түскені туралы аңызда сұлтанның бейнесі сол кездің қажеттігіне сәйкес дәріптеле суреттелген. Аңызды айтушы мен тыңдаушылар үшін Абылайдың өз басынан гөрі қазақ сұлтанын қалмақтың қонтажысынан артық етіп көрсету маңызды. Кейбір осы сюжеттес аңыздарда Абылайдың орнында басқа біреудің болатыны сондықтан, бірақ мұнда біраз сюжеттік өзгешеліктер бар[818]. Қонтажыны нашар етіп көрсету Қазыбек туралы аңыздарда да орын алған.

Қазақ елінің өкілін жаудың ханынан басым қылып, көтере суреттеу – фольклорлық шығармадағы ең басты тәсіл. Сондықтан сұлтандар мен батырларды бейнелейтін аңыздардағы дәріптеу – шарттылықтың бір түрі. Хан мен сұлтандарды халық оның байлығы мен билігі үшін мадақтамайды, керісінше, жауға қарсы күресте ерлік көрсетіп, ел бастағаны үшін, ақыл-айламен жол көрсеткені үшін және ең бастысы – елдің атынан сөйлеп, халықтың жоғын жоқтап, соның көрнекті өкілі бола білгені үшін дәріптейді.

ХVIII ғасырда туған тарихи аңыздар сол кездегі тарихи фактілер мен тарихи жағдайларды нақтырақ, дәлірек суреттейді. Мысалы, сыртқы шапқыншыларға тойтарыс беру жолындағы соғыстар, 1730 жылы Аңырақайда қазақтар жеңген ұрыс, 1741-1742 жылдарғы Абылай бастаған жасақтардың соғысы, олардың тұтқынға түсуі, Абылай ханның Ботақанды өлтіріп, Жанайды байлап алуы, төлеңгіттердің Жағалбайлыны шабуы, т.т. міне, осының бәрі тарихта шын болған оқиғалар. Бұл оқиғалар жайындағы аңыздарда баяғыда болған жәйттер баяндалмайды (оны көне аңыз бен хикаяттан көреміз), керісінше, өз дәуірінің көкейкесті мәселелері, реалды өмірі суреттеледі.

Демек фольклорлық жанр ретінде тарихи аңыз ХVIII ғасырда жаңа сатыға көтеріліп, өзіне хас белгілер мен сипаттарға толық ие болады. Сөйтіп, ол бізге сол дәуірдің тарихын баяндап, сол кездегі оқиғалардан, өмірден мәлімет береді, білімімізді арттырады.

Топонимикалық аңыз деген атау мен жіктеу шартты, өйткені аңыз болған соң ол міндетті түрде бір оқиғамен байланысты болады, яғни тарихи шындыққа негізделеді. Сондықтан топонимикалық аңыз жартылай тарихи болады. Олай болмаған жағдайда ондай шығарма аңыз жанрына жатпайды.

Қазақтарда жер-су, тау-тас, елді мекен, өзен-көл жайында ауызша айтылатын әңгімелер өте көп. Ол түсінікті де. Бүкіл өмірін табиғат аясында өткізген ел өзін қоршаған әлем туралы білгісі келіп, сол дүниенің ерекшелігін ескеріп, немесе тіршілігінің қажеттігіне байланысты, я болмаса қиялға ерік беріп, неше түрлі миф, әпсана, аңыздар шығарған.

Алайда, жер-су, мекен аттарына байланысты әңгіменің бәрі түгелімен аңыз болмайды. Олардың ішінде тек бір тарихи оқиғаға немесе адамға байланыстысы ғана аңыз деп танылуы керек. Басқаша айтқанда, жер-су, мекен аттарын түсіндіретін этиологиялық (себеп-салдарлы) мәндегі әңгіме аңыз болып саналмайды. Егер әңгіме сол жерде, яки қалада болған оқиғаны баяндап, ешқандай ғажайыпты, тылсым ұғыммен байланыстырмаса, ондай әңгімені топонимикалық аңыз деп білу қажет. Мұндай әңгіменің басты нысанасы – мекеннің атының қайдан пайда болғанын түсіндіру емес, сол мекенде болған оқиғаны хабарлау, бірақ сырттай қарағанда әңгімеші мекеннің атын түсіндіріп отырған сияқты болып көрінеді.

Ал, жер-су, мекеннің қалай пайда болып, оның атының қайдан шыққанын түсіндіруді мақсат тұтатын әңгімелерді мифке немесе әпсанаға жатқызу керек, өйткені, мұнда себепті-салдарлы (этиологичность) сипат бар, я болмаса саналы көркемдеу бар. Әрине, мұнда бір нәрсені ескеру керек: мекеннің пайда болу тарихының түп негізі шын болуы ықтимал. Мұндай жағдайда әңгіменің көркемдік қасиетіне көңіл бөлу керек. Саналы түрде көркемдеу жоқ болып, мекен тарихы шындыққа сәйкес келсе, ондай әңгімені аңыз деуге де болады.

Топонимикалық аңыздар таза тарихи аңыздан гөрі көркемдеу болады, сондықтан онда сөз өнерінің нышаны байқалады. Мұнда көркем қиял шығарма мазмұнының хабарламалық сипатын өзгертіп, оған ғибраттық сипат бере бастайды. Сондықтан аңыздың бұл түрінде әпсананың белгілері бой көрсетіп қалады. Оқиға болған мезгіл алыстаған сайын топонимикалық аңызда бірінші қатарға сол оқиға болған жер туралы хабар шыға бастайды да, тарихи негізі көмескілене түседі. Уақыт өткен сайын бұл аңыз көркемделе береді де, бірте-бірте әпсанаға айнала түседі[819].

Қазақтың топонимикалық аңыздары екі түрлі болып келеді. Бірі – тарихи оқиғамен, дәлірек айтсақ, қалмақтар мен қоқандықтарға қарсы соғыстармен байланысты болып келеді де, сол ұрыс болған жерлерді суреттеп, оқиғаны баяндайды[820]. Сондай аңыздардың қатарына, мысалы, «Сары өзен» деп аталатын күй аңызын жатқызуға болады[821]. Мұнда қазақ пен қалмақтардың арасындағы жаугершілік заманда жау қолына түсіп, тұтқында малшы болған жылқышы Саймақтың тағдыры баяндалады. Өзінің күйшілік өнерінің арқасында ол тұтқыннан босап, еліне қайтып келе жатқанда Сары өзеннен өтеді. Осы кезде астындағы Сарыжорға кісінеп қоя береді. Жануар болса да, туған жерін сағынған атқа таң қалып, Саймақ өзінің көрген-білгенін баяндап, еліне деген сағынышын білдіріп, «Сары өзен» күйін шығарады.

Ал, келесі аңызда топонимикалық сарын мен тарихи нақты оқиға аралас келеді. Жер атының неліктен «Шом қалған» деп аталуы бұл аңызда өмірде болған тарихи оқиғамен байланыстырылады: Отар маңайындағы Қопа өзенінің бойында көшіп жүрген қазақтар қоқандықтардың қысымына шыдамай, олардың салықшыларын өлтіріп, тірі қалғанын масқаралап, қуып жібереді. Қаһарланған Қоқан ханы қазақтарды жазалауға қисапсыз көп әскер жібереді. Қоқандықтар қазақтардың еркектерін өлтіріп, әйел мен балаларын тұтқынға алып, мал-мүлкін талан-таражға салады.

Қазақ елі де намысқа тырысып бағады. Осы кезде Шапырашты руынан ер жүрек батыр Сұраншы Ақылбайұлы шығып, аман қалған жігіттерден аз ғана қол жинап, қоқандықтарға тойтарыс беруге қамданады. Сан жағынан басым жауды бетпе-бет ұрыста жеңу қиын екенін білген Сұраншы жасағымен түн қараңғылығын жамылып, қоқандықтардың шебіне тақау келеді де, жігіттеріне әр жерден көп қылып от жағып, у-шуды көбейтуді бұйырады. Содан соң қоқандықтарға «еркімен берілсін!» - деп елші жібереді.

Қоқандықтар қаптаған отты көріп, азан-қазан болып жатқан шуды естіп, Сұраншы көп әскер жиған екен деп шошиды. Осы сәтті күтіп тұрған Сұраншы қолымен лап қояды. Жау бытырап қашады, тіпті түйелерінің қомдарын тастай зытады. Содан бері осы жер «Шом қалған» деп аталады, - дейді аңыз[822].

Мысалға келтірілген екі аңыз да таза топонимикалық, мұнда бұл жанрға тиісті белгілердің бәрі бар десе де болады: тарихи шындыққа сай келетін оқиға болуы, белгілі бір жердің, судың аталып отыруы, ешқандай кереметтіктің жоқтығы, көркемдеудің біршама жұпынылығы.

Топонимикалық аңыздың екінші түріне жер-су, мекен атын нақты бір тарихи фактіге қатысы жоқ, бірақ жалпы шындыққа саятын оқиға арқылы баяндайтын, сондай-ақ белгілі бір жер-судың пайда болуын ешбір мифтік ұғымға байланыстырмай, бірақ қиялға негізделе әңгімелейтін шығармалар жатады[823]. Бұл аңыздардың мазмұны көбіне қайғылы болады, әңгіме кенеттен аяқталып, оқиға күрт үзіледі, ал, кейіпкерлер бақытсыз жағдайға душар болады.

«Баяғыда Ақтөбе деген шаһарда Махмұт деген хан билік жасап тұрыпты, - дейді «Жорғабел» деген жер атына байланысты аңызда. Оның Жипар (Жұпар? – С.Қ.) атты әйелі болыпты. Бір күні әйелі күйеуіне назданып: «Маған құланның еркегі мен ұрғашысын ұстатып, сыйға тартшы!» - депті.

Махмұт хан құба жоннан бір еркек, бір ұрғашы екі құланды ұстатып, оларды жан-жағын қоршап, арнайылаған жерге жіберіп, әйелінің өтінішін орындапты. Бұл құландарды бір уәзір күтіп-бағатын болыпты, ал құландар қамауда жайылған жері «Құлан қорық» деп аталыпты.

Қамаудағы құландар төлденіп, олардың саны көбейіп, қорыққа сыймай, бір күні дуалды үш жерден бұзып, құба жонға қашып кетіпті. Қорықшы құлан үйірін тоқтата алмаған соң «Құландар қашып кетті, оларды ұстау мүмкін емес», - деп, Махмұт ханға хабар береді. Хабарды естісімен Махмұт Байбаш (Байшұбар? – С.Қ.) деген жорғасына міне салып, бірнеше жігітпен құландардың артынан кетеді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1123; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.033 сек.