Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 3 страница. Фольклорлық анекдоттар, әдетте, қала, өмірімен немесе белгілі бір жер аттарымен және Ахмет Ахай




Фольклорлық анекдоттар, әдетте, қала, өмірімен немесе белгілі бір жер аттарымен және Ахмет Ахай, Қожанасыр, Жалайыр Тұрлымбет сияқты кейіпкерлермен байланысты болып келеді. Қазақ анекдоттарының көпшілігі аты шығысқа мәшһүр, әрі сүйікті тұлға Қожанасыр атымен байланысты. Қазақ Қожанасыры, сырт қарағанда, ақыл-ойы шамалы ғана қарапайым жан. Ал, сәл еңкіш тартқан, иегінен арғыны көре алмайтын оның сырт тұлғасына арырақ бойлап, терең үңілсеңіз, Қожанасырдың бейне бір бет перденің артында жасырынып тұрған жылы да жұмсақ, күлкілі де жабырқау жүзін көресіз. Ол адамдарға сенімділікпен қарайды («Мен сізге сенемін ғой», «Қожа қалай сот болды»), жаманатты жағдайларға мысқыл білдіреді («Менің шапаным үшін шу шықты»), т.т. Тұрмыс ауыртпалықтарын жеңіп, дүлей де құбылмалы өмірден жанына сая табуда Қожанасырға қызмет ететін тапқырлығы мен әзіл-қалжыңы болады. Қожанасырды халықтың сүйікті қаһарманы еткен де осы ішкі еркіндік пен сабырлы рух.

Анекдот – өте сергек және өміршең жанр. Ол халық өмірінің әр кезеңінде туып отырады. Мәселен, жоғарыда қарастырылған анекдоттар, негізінен, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың жемісі болса, біршама анекдот ХХ ғасырда туған және, тіпті, бүгінгі шақта да пайда болып жатыр. Мұның себебі – анекдоттың ерекшелігінде. Қазіргі анекдоттар қоғамда немесе тұрмыста болып жатқан алуан түрлі жағдаяттарға деген халықтың көзқарасын, бейресми қатынасын білдіреді. Өзі онша жақтырмаған оқиғаға немесе ситуацияға байланысты халық дереу анекдот шығарады, сөйтіп күлкі арқылы жұртшылықтың ойын, пікірін жария етеді. Сол себепті бүгінгі анекдот өте қысқа болып, әңгіме шұғыл аяқталады және баяндалған жәйттің шешімін ашып айтпайды. Оны тыңдаушыға қалдырады, өйткені, анекдоттың міндеті – күлдіріп отырып сынау. Сондықтан да анекдот сатиралық ертегінің құрамында қарастырылады.

Сатиралық ертегілердің қаһармандары – өздерінің әлеуметтік жағдайын, өмірдегі әділетсіздікті түсіне де, сезіне де білетін және оған қарсы күресе де алатын жандар. Сөйтіп, ертегі әрбір қаһарманға нақтылы әлеуметтік сипаттама береді. Сатиралық ертегілердің қаһарманы – барынша жалпылай қорытылған әлеуметтік тип.

Әлеуметтік өмірде және тұрмыста кездесетін кемшіліктерді сынау міндетіне сай сатиралық ертегілердің өзіндік формасы жасалған. Ертекші әңгіменің кейіпкері арқылы және тікелей өз атынан қаһарманның адамгершілігі, оның жаулары, кейіпкерлердің қоғамдық және әлеуметтік жағдайлары туралы баяндайды. Олардың мінездемелерінен сөз етіп отырған мәселесіне байланысты ертекшінің шын тілегі немесе тәлкегі айқын аңғарылып отырады.

Кәдімгі тұрмыстық ахуалдар сатиралық ертегілерде танту, сандыраққа дейін жеткізіледі. Ертегілік қаһармандар үшін логика сақталмай, сатиралық ертегілердегі өмір шындығының өңі айналдырылып баяндау қалыпты шекарадан шығып кетеді. Уақиғаның табиғи желісінің бұлайша бұзылуы – сатиралық ертегілерге тән нәрсе, өйткені, соның арқасында ғана қаһарман қоғамның күштілерімен күресте жеңіске жетеді. Ал, өмірде мұндай жеңіс мүмкін емес. Әдетте, айтыс пен тартыста күштінің жеңетіні белгілі ғой!

Адам мінезінің қасиеттері де сатиралық ертегілерде шегіне жеткізіліп, қаһарманның сараңдық, ақымақтық, тапқырлық сияқты басты бір қасиеті ғана бөлініп алынады.

 

§ 3. Аңыз

Тарихи аңыз. Аңыз жанрын ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі тарихи оқиғалар аясынан да кездестіруге болады. Оның мәнісі, аңыздың тарихи тегі мен аңыздалған дәуірі бір-біріне сай келе бермейді.

Мысалы, Сыр бойында сақталған Оқшы ата мазары бар. 1994 жылы сол мазардың шырақшысынан мынадай аңыз естігенім бар.

Ертеде қазақ даласын Тоқбура есімді қалмақ билеп тұрған заманда бір жетім бала қайыр сұрап, күн көреді екен. Оны бір кемпір мен шал бала етіп асырап алып, өздерінің жалғыз қызына аға етеді. Тоқбура елдегі жас қыздардың тізімін жасатып, жасы он беске толған қыздарды қойнына басып отырған.

Жетім бала шал мен кемпірдің қолында өсе береді. Оны ел Көгентүп атап кетеді. Бірде ол ұзақ сапарға шықпақ болады. Бірақ әкесі оған қарсы болып, қарындасың жақын арада он беске толады, соны қалмақтан аман алып қалудың шарасын ойластыр дегенді айтады. Бала өз айтқанынан қайтпай, Қарнақ шаһарына барып, қысқы азығын жинауға кіріседі. Жол жүріп бара жатып, әкесіне: «Егер қалмақтың ханы қарындасыма кісі жұмсаса, менің атымды айтып үш рет айқайла, мен есітемін де, жылдам жетемін,» – дейді.

Көгентүп арпа жинап жүргенде қарындасы он беске толып, ізінше Тоқбураның жендеттері қыз бен бір қойды алып кетеді. Қапаланған әкесі бар дауысымен «Көгентүп» деп айқайлайды. Оның даусын Қарнақтағы Көгентүп естіп, бір уыс арпаны жұлып алып: «Я құдайдың мылтығы ұрсын, Тоқбура қалмақты арпаның қылтығы ұрсын,» – дейді.

Еліне келсе, Тоқбура қалмақ өлген екен. Ел іші қуанышты. Ауылдың кейбір белсенділері оны мен өлтірдім деп, өзара таласуда екен. Көгентүп болған жайды баяндап береді. Мұны естіген ел өлі денені сойып көрсе, бір уыс арпаның қылтықтары оның жүрегіне қадалған екен. Содан бері Көгентүп әулие саналып, Оқшы ата атанған екен деседі аңыз.

Аңызда Тоқбура есімді қалмақ ханы аталса да, оқиға Қоқан билеушілерінің іс-әрекетіне көбірек ұқсайды. Он беске толған қыздардың тізімін жасату, негізінен, солардың кәсібі болған. Жанқожа оқиғасы да осыны білдіреді. Сондықтан бұл ХVІІІ ғасыр емес, ХІХ ғасырдың екінші жартысында болған оқиғаға құрылған аңыз болып шығады. Ешбір жазбаға түспегеніне қарағанда, аңыз фольклорлық айналымға бергі жерде түскен.

Аты аңызға айналған орта ғасыр қалаларының бірі – Жанкент. Ол туралы деректер араб саяхатшыларының жазбаларынан кездессе де, ХХ ғасырдың бас кезінде В.Аничков, Н.Веселовский, В.Верещагин, В.Григорьев, П.Лерх, А.Макшеев, Л.Мейер секілді орыс ориенталистері, «Петербургские академические ведомости», «Петербургские ведомости», «Москва», «Сибирские ведомости», «Русский инвалид» секілді басылымдар да түрлі деректер жариялаған. Солардың бірқатары аңызға жуық. Оларда Жанкент бірде жер асты қаласы, бірде көне, тағы бірде Жаңақала болып аталады. Бұл жерде Шаншар ханның сарайы болған-мыс.

Жанкент – түрлі аңыз сюжеттерінің тууына себеп болған қала. Оған қатысты аңызды Е.Александров «Туркестанские ведомости» газетінде (1885, №45-46), одан соң А.Нестеров 1898 жылы жазып алып, жариялаған. Айтушысы – Т.Жайлаубаев. Аңыздың желісі мынадай:

Ертеде Сыр бойы шамамен 32 жастағы Жәңгіт ханға қарапты. Ұзын бойлы, келбетті ханмен ешкім күш сынаса алмайды екен. Оның Айсұлу атты жанындай жақсы көретін әйелі бар екен.

Бірде Жәңгіт аң аулап, саят құруға шығады. Айсұлу болса, үйде қалып, қалың қара шашын тарап отырады. Бір сәтте шауып келе жатқан аттың дүбірін естіп, Жәңгіт келеді екен деп қуанып отырса, қақпадан араб құл кіреді. Айсұлу жаман хабар әкелген деп шошып, сұрақ қоюға бата алмайды. Артынан есін жиып: «О, менің иемнің құлы! Не болып қалды, айтшы маған?» – дейді.

Жәңгіттің амандығын, сарайда аңға шыққанда пайдаланатын қылышын тастап кеткенін айтқан құл өзінің Айсұлуға ғашықтығын білдіріп: «Сені құшағыма алып, сағынышымды басқым келеді. Егер Жәңгіт аман қалсын десең, менің айтқаныма көн. Егер қуып жіберсең, сені үлкен қайғы күтіп тұр,» – дейді.

Құлға қылышты ұстатқан Айсұлу оның жағынан тартып жібереді де: «Жылдам шап, қара ниетті құл, ханға барғанда басыңды иіп тұр, мына қылыш сенің өміріңді өшірсін,» – дейді.

Құл ханға көп кешігіп келеді. Хан ашу шақырып, оның себебін сұрағанда, құл: «Айсұлу сіздің көзіңізге шөп салғысы келді. Мені құшағына алғанда басым айналып, бірақ ат кісінеп, тез есімді жиып алдым,» – дейді.

Жәңгіт ордасына қарай шауып, алдынан шыққан Айсұлудың қолдарын шауып тастайды. Осы кезде қызын көруге Айсұлудың әкесі келген еді. Ол қызының жайын көріп себебін сұрайды. Болған жайды білген соң: «Егер қызым кінәлі болса, оны Алла ең қиын жазамен жазаласын,» – дейді.

Сонда Жәңгіт хан тұрып: «Егер Айсұлудың кінәсі жоқ болса, Алла тағала мені жазаласын,» – дейді.

Осы кезде қыз орнынан тұрып, ұзын қолдарын әкесіне созады. Қала үстінен қатты құйын тұрып, қараңғылық орнайды. Жан-жақтан сұсты жыландар қаптап, шаһарды басып қалады. Жәңгіт, оның құлдары опат болып, ақбоз ат мінген Айсұлулар ғайып болады.

Бұл ХІХ ғасырдың аяқ шенінде хатқа түскен аңыз болса да, әлі күнге дейін фольклорлық айналымнан түспеген. Оның шағын бір үлгісін 1978 жылы біз де жазып алғанбыз. Мазмұны Жанкент шаһарын жыландар басып қалыпты деген ұғымға саяды.

Жанкент – бұл аймақты мекендеген халықтардың ой-санасынан елеулі орын алған шаһар. Ол туралы аңыздан циклдану процесі де байқалады. Бір қызығы, бұл аңыздың жалғасы бар. Оның қысқаша сюжеті мынадай:

Жанкент орпатынан соң бұл шаһарға ешкім бармаған. Бара қалғандары қайтып оралмаған. Сондықтан ел қаланы айналып өтетін болған.

Шаһарды жылан басып қалса да, аман қалған екі кісі бар еді. Олар Көкалтас және Мірғаран медресесіне түсіп, оқиды. Арада жылдар өтеді. Мал қымбаттап, бір қойшы Қазалы жерінен Бұхарға қой айдап барады. Малдарын Сырдариядан түнде өткізіп, таң қылаң бере қараса, серкенің мүйіздеріне оралып тұрған қос жыланды көреді. Олар сабырлы кейіп сақтап, қозғалмай тұрған соң, қойшының да жүрегі орнына түседі. Күн бата жыландар жоқ болып, таң ата қайта пайда болады. Осы бетімен қойшы Бұхар шаһарына жетеді. Жыландар да серке мүйізінен түсіп, өз беттерімен кетеді. Олардың бірі Мірғаран, екіншісі Көкалтас медресесіне қарай бет алып, баяғы аман қалған екеуді шағып өлтіреді.

Аңыз мұнымен де аяқталмайды. Бұхар билеушісі Жанкент туралы сансыз аңыз-әңгімелер естіп, оның байлығына қызығады. Құсбегін бас етіп, 10 000 әскер жұмсап, жыландар басып қалған жердегі байлықьты алып келуге бұйырады. Бірақ, олардың бірде-біреуі қайтып оралмайды. Мұны көрген патша сиқыршы күшімен үш ай бойы жыландарды арбатып, ақыры, байлықты қолына түсіреді. Қалаға алғаш кірген үстіне ақ көйлек, басына ақ шалма байлаған, намаз оқитын қария болады[913].

Қазақ фольклорында эпостық жырлардың циклдануы байқалады. Ал аңыз жанрының тармақталуы сирек құбылыс. Жанкент туралы аңыздардың бірнеше саладан тұратыны оның ел санасына елеулі орын алғанын аңғартады. Басы – миф, аяғы – ислам идеясы.

Осыған жуық аңыз Өзгент шаһарына байланысты да айтылады. Ертеде Өзгент Аққорғанға дейін созылып жатқан үлкен шаһар екен. Бірде көрші тауда адам жұтатын жылан пайда болып, тыныштық бермейді. Ақыры, өзгенттіктер оған күніне 30 жігіт және 30 қыз беріп тұруға уағдаласады. Ел жыланнан зардап көріп, Аллаға жалбарынумен болады. Ақыры, Алла оларға Қылышбурхан есімді жігіт беріп, ол тауға барып, тоғыз басты жыланды өлтіреді. Бірақ олар жыланды көмуді ұмытып кеткен еді. Ел жиналып, той жасап жатқанда, жыланның денесі сасып, халықты улайды. Сол кезден бері Өзгент қаңырап, бос қалыпты дейді.

Мұндағы тоғыз басты айдаһармен күрес – қазақ ертегілерінде жиі кездесетін сарын. Жыланға қыз беру де қазақ фольклорына бұрыннан белгілі. Бұл халықаралық сюжет. Бірақ бұл аңыздың соңында өзгешелік бар. Ол Өзгент шаһарының тағдырына қатысты болып, оның не себепті бос қалғанын анықтап тұр.

Мұның бәрі кейінгі заманда аңыздалған сюжеттер. Бірақ, бұдан аңыз жанры ХІХ ғасырмен тұйықталады, ХХ ғасырда туған аңыз жоқ деуге тағы болмайды. Орыс халқындағы Чапаев, Буденный, Котовскийлер секілді, есімдері қазаққа мәлім Қажымұқан, Әміре, Сұлтанбек Қожанов, Ғани Мұратбаев, Бауыржан Момышұлы, т.б. туралы аңыз-әңгімелердің туып, фольклорлық айналымға түсуін аңыз жанрының жалғасы ретінде қабылдауға

болады. Күш иесі Қажымұқан тұсында оның дүлей күші марапатталса, Әміренің даусы 7-8 шақырымға жетеді-міс. Сұлтанбек Голощекин, Сталиндерге бой бермесе, аты аңызға айналған тұлғалардың бірі – Ғани. Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының Ұлы Отан соғысы кезіндегі істері де аңызға ұласа бастаған сюжеттер.

Аңыз жанрына арқау болған тақырыптар тұсында мынадай ерекшелік байқалады. Олар бірде мифологиялық (Көгентүп), бірде топонимикалық (Жанкент, Өзгент), бірде антропологиялық (Қажымұқан, т.б.) болып отырады. Бәрінің арқауында тарихи шындық жатса да, олар аңыздық сипатқа ие бола бастаған.

Әрине, қазақ аңыздары бұл сюжеттермен ғана шектелмейді. Ол көбіне елеулі болған тұлғаларға қатысты туып, бірте-бірте фольклорлық айналымға түсіп отырса керек. Қоғам бар жерде сол қоғамның көркем бір көрінісі ретінде аңыз да мәңгі жасай бермек.

Күй аңызы. Халықтың рухани мұрасының ішінде күй аңыздарының орны ерекше. Кезінде академик М.О.Әуезов былай деп жазды: «Күй аңыздарының көп екенін ел біледі, бірақ кітап, баспа білмейді. Егер олқылықтар толып, күйлердің көрікті аңыздары, тілдегі баяндауыш әңгімелері жазылса, онда қазақ халқының музыка фольклорына әдемі айшық, нақыш қосылумен, мағыналы мазмұн анықталып, жалғасуымен қатар ауызша фольклор да өзінің бір қысқа түрдегі көркем әңгіме, новеллаларын көп байытқан болар еді....Ұмытылып, жоғалып бара жатқан көп-көп ескі күйлердің қызық, терең, сырлы, мол мағыналы аңыздары да мәдениет мұрасы болып, жөнін тауып, жолы ашылар еді» [914].

Қазақ фольклорындағы басқа жанрларға қарағанда күй аңыздарының назар аударатын ерекшелігі – ол қоғам өміріндегі салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен, кісілікті қалыптармен (нормалармен), күнделікті тұрмыс-тіршілікпен, қысқасы, халықтың барша тарихи-әлеуметтік өмірімен біте қайнасып жатыр.

Күй аңыздары – жалпы этникалық мәдениеттің тек-тамырымен сабақтасып жатқан біртұтас рухани құбылыс. Мұның өзі күй аңыздарының пайда болу, қалыптасу және бүгінгі күнге дейін туындау үрдісі көрсетеді.

Күй аңыздары, атауы айтып тұрғандай, музыкамен, соның ішінде күймен тікелей байланыста дүниеге келеді. Демек күй мен күй аңыздарының арақатынасын шендестіре саралау арқылы оның төл ерекшелігін, мән-мағынасын тереңірек ашуға болады.

Күй аңыздарының тарихи деректілігіне назар аударсақ, жалпы күй өнері және онымен шендес өмір сүретін күй аңыздары қазақ халқының рухани мәдениетінде елеулі орын алатыны, сондай-ақ ғасырлар қойнауынан басталатын текті дәстүр екені тарихи, археологиялық, этнографиялық, лингвистикалық, жазбаша айғақ-деректер арқылы көрініс тапқан. Әсіресе, домбыра, қобыз сияқты аспаптардың жаңаша жыл санауға дейінгі кезеңдерде қолданылғанын дәлелдейтін археологиялық олжалардың табылуы немесе «күй» деген сөздің ежелгі түркі заманында қолданылғанын танытатын лингвистикалық айғақтар, сондай-ақ байырғы және орта ғасырлық жазба деректер (Плутарх, Квинт Курций Руф, Сыма Цянь, Плано Карпини, Вильгельм Рубрук, Марко Поло, Рузбехан, Якуб, Махмұд Қашғари, Әбдіқадыр Мұрағи, т.б.), міне, осының қай-қайсысы да күй өнерінің және онымен етене бірлікте өмір сүретін күй аңыздарының тарихи деректілігіне ден қойдырады. Ал, орта ғасырдан бергі кезеңдерді шолғанда, күй өнері мен күй аңыздарының бүгінгі күнге дейін үзілмей, сабақтасып жатқанын көруге болады. Қорқыт (VІІІ-ІХ ғғ.), Кетбұға (ХІІ-ХІІІ ғғ.), Асанқайғы (ХIV-ХV ғғ.), Қазтуған (XV ғ.), Байжігіт (ХVІ-ХVІІ ғғ.), Абылай хан (XVIII ғ.), Құрманғазы (XIX ғ.), Дина (ХІХ-ХХ ғғ.), т.б. ондаған, тіптен, жүздеген күйші-композиторлардың арқалы күйлері мен ол күйлердің шежірелі аңыздары бүгінгі күнге жеткен және олар қазақ халқының ең бір мазмұнды-мағыналы рухани асыл қазынасы болып табылады. Түптеп келгенде, осының бәрі күй аңыздарының тарихи деректілігін аңғартады.

Жалпы музыка өнеріне, оның ішінде күй өнеріне қатысты келтірілген сан ғасырлық тарихи деректер, түптеп келгенде, күй аңыздарына да тікелей қатысты. Себебі, дәстүрлі талғам-таным бойынша күй мен күй аңызы біртұтас құбылыс. Қазақтың бірде-бір күйі себепсіз шықпаған. Күйдің шығу себебі сол күйді тартарда күй аңызы түрінде алдымен ауызша айтылатын болған. Яғни күй аңыздары қазақ фольклорындағы кездейсоқ құбылыс емес. Бұл тұрғыдан келгенде тарихи деректердің қатысы күйге де, күй аңыздарына да бірдей ортақ.

Күй аңыздарының тарихи деректілігін сөз ету барысында оларды тарихи кезеңдерге тели отырып, саралау шарт. Осы орайда академик Әлкей Марғұланның қазақ эпостарын тарихи кезеңдер бойынша саралаған үлгісі басшылыққа алынды. Әрине, мұндай үлгі-жіктеу күй аңыздары үшін де жат емес. Өйткені, қазақ халқы біртұтас этникалық құбылыс болған соң, оның рухани әлемі де біртұтастықта қарастырылуы қажет. Халық өзінің эпостарын тудыру үшін бір түрлі өмір сүріп, күй аңыздарын туындату үшін екінші өмірді таңдай алмайды. Оның үстіне, қазақтың халық ауыз әдебиеті өзінің барша бітім-болмысында музыкамен тығыз байланыста дүниеге келіп отырған.

Күй аңыздарын мынадай тарихи кезеңдер бойынша саралауға болады:

1. Біздің жыл санауымызға дейінгі VІІІ-V ғасырлар мен біздің заманымыздың VI ғасырындағы аралықты қамтитын күйлер мен күй аңыздары. Бұған Еуразияның Ұлы даласындағы көшпелілер арасына ислам діні тарағанға дейінгі қиял-ғажайып тақырыптарға арналған күйлер, жорық сарындары, жаугершілік кезеңдерде ел есінде қалған айтулы батырлар, ақылды арулар, ерге серік болғандай қанатты пырақтар, киелі жануарлар туралы күйлер мен олардың аңыздары жатады. Мәселен, «Қос мүйізді Ескендір», «Көк төбет», «Көк бөрі», «Аққу», «Сарын», «Өгіз өлген», «Тарғыл бұқа», т.б. күйлері мен күй аңыздарын атауға болады. Бұлардың қай-қайсысы да байырғы саз-сарындарымен ғана емес, қосарлана айтылатын аңыз-әңгімелерімен де алыс заманаларды меңзейді. Мейлінше байырғы ұғым-түсініктерді тілге тиек етеді. Тәңірге жалбарынудың табы, табиғат құпияларын тәңір тұту, көк аспанды, аспан түстес жан-жануарларды (көк төбет, көк бөрі, көк өгіз...) культке айналдыру жағдайы айрықша айқын аңғарылады.

2. Оғыз-қыпшақ кезеңінің (VI-XII ғ.ғ.) күй аңыздары. Бұған Қорқыт ата сарындарының аңыздары, «Абыз толғауы», «Саймақтың Сарыөзені», «Балжыңгер» сияқты күйлердің аңыздары жатады. Бұл кезең Орта Азия алабындағы жауынгер тайпалардың өмір салты, тарихи тағдыры ортақтасқан, жан-жағынан анталаған Табғаш (Қытай), Қызылбас (Иран), Ұрым (Византия) сияқты іргелі елдердің қомағай ниетіне қасқайып қарсы тұра бастаған сыны мол шаққа орай туындаған музыкалық мұралардың айрықша сипаты, сарын-сазы аңғарылса, олармен сабақтас айтылатын күй аңыздарында елдің бірлігі, ердің табандылығы, өмірдің мәні, бақыттың баяндылығы (Қорқыттың мәңгілік өмірді іздеуі) сияқты алапат-асқақ тақырыптар арқау болып отырады.

3. Ноғайлы кезеңінің (XII-XVII ғ.ғ.) күйлері. Оғыз-қыпшақ заманының аласапыранынан кейін көшпелілердің ру-тайпалық тұтастануы, Алтын Орда сияқты айтулы мемлекеттің бой көтеруі осы кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Тек ол ғана емес, ілгері ғасырлар талқысында тарихи тағдырын ортақтастырған далалық ру-тайпалардың саяси одақ құрып, бір-бірімен біте қайнасып, «қазақ» деген кең мағыналы этностың тарих сахнасына шыға бастаған кезеңі осы тұс. Сондықтан да елдің өзін-өзі тұтастықта тану сапасы мейлінше шыңдалғанын, бір рудың қырбайлығы тұтас елдің қабырғасын қайыстыратынын, ел шетінен найзаның ұшы көрінсе, тұтас ел болып ереуілдейтінін, әсіресе, фольклорлық туындылардан айқын аңғаруға
болады.

Ноғайлы кезеңінде туған музыкалық және фольклорлық мұралардың санатына «Жошы ханның жортуылы», «Әмір ақсақ», «Қамбар күйі» сияқты халық күйлерімен бірге, Кетбұғаның «Ақсақ құлан», Асанқайғының «Ел айрылған», Қазтуғанның «Сағыныш» күйлерін және олардың аңыздарын жатқызуға болады.

4. Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі (XII-XVIII ғ.ғ.) күйлер мен күй аңыздары. Осынау екі ғасырға созылған аласапыран халықтың сан-сала рухани мұрасында шыншылдықпен, тарихи деректілікпен орын алды. Аңыз-әңгіме, жыр-дастан, толғау-термелерден бастап, ән-күйге дейін халықтың азатшыл рухы аста-төк көрініс тауып отырды. Мұның айғағы ретінде «Қаратаудың шертпесі», «Қалмақ биі», «Беласар», «Қалмақтың қара жорғасы», «Қоржын қақпай» сияқты ондаған, тіптен, жүздеген күйлер мен олардың аңыз әңгімелерін атауға болады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 868; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.048 сек.