Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 4 страница. 5. XVII-XIX ғасырларда және XX ғасыр басында туған күйлер мен олардың аңыздары




5. XVII-XIX ғасырларда және XX ғасыр басында туған күйлер мен олардың аңыздары. Бұл кезеңнің рухани мұраларында саяси-әлеуметтік сарынның мейлінше айқын көрініс тауып отыратынын алдымен атау қажет. Әсіресе, ұлттық дербестіктен айырылған халықтың хан-сұлтандарға, бай-патшаларға деген көзқарасы, көңіл күйі, олардың арасындағы әлеуметтік айырмашылықтың ұлғаюы жалпы фольклорлық мұраларда, соның ішінде күй аңыздарында тайға таңба басқандай сайрап жатыр. Содан да болу керек, бұл кезеңде туған күйлер де, күй аңыздары да ерекше молдығымен, тақырыбының әр алуандығымен, оқиғасының деректілігімен назар аудартады.

Күй аңыздарының құрылымын анықтау үшін мотивтік ерекшеліктерінен де бұрын құрылымдық-тақырыптық (структурно-тематический) қасиеттеріне алдымен мән беріледі. Өйткені, күй аңыздарының бәріне тән ортақ мотив бар, ол – күй аңыздарының себепті (этиологический) болып келетіні. Яғни кез келген күй аңызы белгілі бір күйдің дүниеге келу себебі ретінде айтылады. Оның үстіне, күй аңыздарының ішкі оқиғаларында да адамдар арасындағы тосын кездесулер, шекісіп барып табысулар, дау түйінін күйдің шешіп отыруы, табиғат аясындағы күтпеген құбылыстар, жан-жануарлардың ерекше қасиеттері сияқты көшкін мотивтер (мигрирующие мотивы) жиі кездесіп отырады. Ондай мотивтер көбінесе күй аңызы жанрының аясынан шығып кетіп, мүлде басқа жанрлармен шендесіп жатады.

Сондықтан да күй аңыздарын сюжет-мотивтері бойынша емес, құрылымдық-тақырыптық қасиеттері бойынша: тарихи оқиғаларға арналған күй аңыздары; күйші-композиторлар өміріне қатысты күй аңыздары; тұрмыс-салтқа байланысты туған күй аңыздары; арнау күйлерінің аңыз-әңгімелері; қоршаған орта, табиғат туралы күй аңыздары; жан-жануарлар туралы күй аңыздары деп жүйелеуге болады.

Ал күй аңызының жеке жанр ретіндегі төл сипаттары анық. Мәселен, күйдің шығарушысы белгілі болса, сол күйші туралы бедерлі мағлұмат алдымен айтылады. Яғни күйшінің өмір сүрген заманы, ортасы, шыққан тегі, өмір салты, күйшілік жолға қалай түскені, ұстаздары мен шәкірттері, шығарған күйлері сөз болады. Одан соң тартылатын күйдің шығу себебі, яғни аңыз-әңгімесі, күйдің тартылу үлгісі, құлақ күйі, қағыс тәсілдері сөз болады. Тарихтан хабары бар Өнерпаз адамдар күйдің кімдер арқылы жеткені, қай күйші-домбырашы қандай ерекшелік дарытып тартқаны туралы да айтады. Сонымен қатар ол күйдің қандай елеулі басқосуларда тартылғаны, қандай композиторлардың шығармаларына арқау болғанынан да, бұл шығарма туралы белгілі адамдардың айтқан пікір-тұжырымдары да баяндалатын болады.

Күй тартылар алдында сол күй туралы осы сияқты дерек-мағлұматтардың айтылатыны орныққан дәстүр. Былайша айтқанда, тыңдаушының көкейінде сұрақ қалмай, «енді сол күйді тыңдайықшы» дейтін халге келуі керек. Бұл – күй аңызының ежелден қалыптасқан канондық шарты.

Жалпы, фольклорлық жанрдың қай-қайсысы болса да, тап-таза күйінде кездеспейді. Әрбір фольклорлық жанр тарихи-әлеуметтік өмір аясында туындау, қалыптасу, орнығу барысында басқа жанрлармен өзара ықпалдастықта болып, бірде кірігіп, келесіде ыдырап, енді бірде жаңа сапада көрініс тауып отырады. Мұның бәрі де адам қоғамының, әлеуметтік өмірдің, ондағы салт-дәстүр мен талғам-түсініктің ұдайы өзгеріске түсіп отыратындығымен тікелей байланысты үрдіс (процесс).

Күй аңызы ертегіге жатпайтын прозалық фольклордың дербес жанры ретінде өз ішінде жанрлық түрлерге бөлініп, іштей тарамданып, бытыраңқы категориялық сипат алып жатады. Атап айтқанда, күй аңызы жанры өз құрамындағы аңыз-әңгімелердің өмірге келу үрдісі мен шындыққа қатысы жөнінен мына сияқты ішкі жанрлық түрлерге бөлінеді: миф, әпсана (легенда), аңыз (предание), жағдаят (бытовые рассказы). Осынау ішкі жанрлық түрлердің таза мифтік, әпсаналық, аңыздық, жағдаяттық сипаттары айқын болғанымен, олардың қай-қайсысы да белгілі бір күйдің шығу себебі ретінде айтылатын болғандықтан, ең алдымен, күй аңызының жанрлық ерекшелігін жасақтауға қызмет етеді. Сондықтан да күй аңыздарының ішінде кездесетін мифтік, әпсаналық, аңыздық, жағдаяттық сюжеттер мен мотивтерді біртұтас күй аңызы жанрының көп құрамды сипаты ретінде тану қажет. Түптеп келгенде, ертегіге жатпайтын прозалық фольклордың ішінде күй аңызын дербес жанр ретінде айқындап көрсететін ең бір мәнді ерекшелігі де осы болса керек.

Мифтік күй аңыздары. Күйші-композиторды халық жадында сақталған мифтік сюжет немесе мифтік таным-түсінік толғандырады. Сол толғантқан тақырыбына арнап күй шығарады. Ол күйді дүниеге келтірген себеп мынау еді деп, әлгі толғандырған мифтік оқиғаны айтып береді. Мұнан әрі мифтік оқиға, мифтік сюжет немесе мифтік таным-түсінік өзінің бұрынғы дербестігін көмескілеп, енді күй аңызы ретінде, яғни күйдің шығу себебі ретінде айтыла бастайды. Күйші мифке сенбейді, бірақ ондағы қиял-ғажайып оқиғаны ғибрат етеді, бүгінгі өмірді реттеу үшін мысал ретінде айтады. Мифтік күй аңыздары күйші-композитордың мифтік санасының немесе мифтік таным-түсінігінің жемісі емес. Керісінше, күйші-композитор мифтік таным-түсінікті жаңғыртушы, мифтік сюжетті ой-ниетінің қажетіне жаратушы. Былайша айтқанда, мифті мифологияға айналдырушы.

Мифтік күй аңыздарына «Тау – құдірет», «Қызылқан», «Шұбар киік», т.б. күйлердің аңыздары жатады. Егер осынау мифтік күй аңыздары тартылатын күйге телінбей, дербес айтылса, онда ол мифтік сананың көрінісі ретінде қабылданады. Егер сол миф тартылатын күйдің шығу себебі ретінде айтылса, онда дербес миф ретіндегі жанрлық сипатын өзгертіп, күй аңызының идеялық айғақ-құралына айналады. Яғни фольклор жанрының өзара кірігу немесе ажырау, дербестену заңдылығынан миф жанры да, күй аңызы жанры да шет емес деп тұжырымдауға болады.

Әпсаналық күй аңыздары. Әпсана жанрына тән тарихи-мекендік, кітаби-діни, әлеуметтік-утопиялық және жан-жануарлардың түрлері күй аңыздарында да айқын белгілерімен танылып отырады. Бұл түрлердің қай-қайсысында да әпсаналық күй аңыздары өзінің баяндау стилінің лекіткен жүрдектігімен, сюжеттік желісінің тосын да тартымдылығымен, идеялық мазмұнының ғибраттылығымен ерекшеленеді.

Әпсаналық күй аңыздары санатына «Шақыру», «Қос мүйізді Ескендір», «Тарғыл тана», «Ел айрылған», «Қайың сауған», «Жорға аю» сияқты көптеген күйлердің аңыздарын жатқызуға болады. Осынау күй аңыздарының қай-қайсысында да тарихи-мекендік, кітаби-діни, әлеуметтік-утопиялық немесе жан-жануарлық тосын оқиғалар жай ғана таңсық үшін келтірілмейді, ең алдымен, тағылымдық, ғибраттық мақсатты нысана етіп отырады.

Аңыздық күй аңыздары. Күй аңыздарының ең қомақты бөлігі аңыздық күй аңыздары болып келеді. Мұның себебі, біріншіден – жалпы көшпелі өмір салттағы рухани мәдениеттің қоғам өміріне белсенді араласып отыратындығынан, әсіресе, күй өнерінің ситуация үстінде туындайтын өмір жырлағыштығынан болса керек. Екіншіден – күй аңызы жанр ретінде деректілігімен, мағлұматтылығымен, ғибраттылығымен ерекшеленеді. Ал, аңыздық күй аңыздары болса, күй аңызының ішіндегі жанрлық түр ретінде көрініс табады және бұл да өзінің деректілік, мағлұматтылық, ғибраттылық сипаттарымен күй аңызы жанрын әрі жасақтауға, әрі даралауға айрықша үлес қосады. Үшіншіден – аңыздық күй аңыздарының басым көпшілігі авторлы күйлердің аңызы ретінде айтылады. Мұның себебі, күйші-композиторлар дүниеге күй келтіру үшін өмірдің кесек оқиғаларына, сондай оқиғаларға мұрындық болатын тұлғалардың кесек мінез-әрекеттеріне ден қояды.

Жалпы, аңыз жанры сияқты, аңыздық күй аңыздарына да тән мына сияқты ортақ қасиеттерді атап өтуге болады:

1. Тарихта болған оқиғалар аңыздық күй аңыздарын қалыптастыратын негізгі себепші;

2. Аңыздық күй аңыздары да өзінің таза этникалық сипатымен дараланады. Яғни аңыздардың сюжеті көп жағдайда ұлттық қана
болады, бір елдің аңызы екінші елге ауыспайды;

3. Аңыздық күй аңыздарына арқау болатын оқиғалар қайталанбайды, өмірдің өзіндей алуан түрлі болып келеді.

4. Аңыздық күй аңыздарының кейбіреулері көп вариантты болып келеді;

5. Күй белгілі бір оқиғаға, дәлірек айтқанда, бір сәттік ситуацияға
байланысты шығатын болғандықтан, оның аңыз-әңгімесіне де көбінесе
бір қайырым оқиға арқау болып отырады;

6. Ең соңында, аңыздық күй аңыздарына ортақ қасиет ретінде олардың танымдық, деректік және ғибраттық қасиеттерінің айқын болып келетінін айтуға болады.

Жағдаяттық күй аңыздары. Фольклорлық жанр ретінде жағдаятқа мына сияқты анықтама беруге болады: күнделікті өмір ағымында, әсіресе, әлеуметтік тұрмыс-тіршілікте белгілі бір адамның басынан өткен немесе біреулер куә болған оқиғаның сұхбат-әңгіме, үлгі-өнеге, мысал-айғақ ретінде айтылуын жағдаят деп атайды. Әрине, жағдаяттық күй аңызы болу үшін айтылар әңгіменің бәрі де белгілі бір күйдің шығу себебі ретінде айтылуы керек.

Жағдаяттық күй аңыздарының оқиғасы күнделікті өмір-тіршілік аясында өткенімен, ол оқиға қаншалықты қарапайым болғанымен, бәрібір өзіндік тосындығы назар аудартады. Яғни бір ырғақты әлеуметтік-тұрмыстық өмір аясында да тосын жағдайлар, назар аударатын оқиғалар болып тұрады деген сөз. Ондай жағдайлар тосын болғандықтан да күйдің дүниеге келуіне себепші болып отырады.

Фольклорда тұрақты, құбылмалы және ауыспалы элементтердің болатыны табиғи қасиет. Алайда, фольклорлық жанрлар қаншалықты өзара ықпалдасқанымен ешуақытта бірін-бірі жоққа шығара алмайды немесе бір-бірімен қосылып кете алмайды. Сондықтан да күй аңызын өз алдына бір бөлек жанр деп, оның аясындағы мифтік, әпсаналық, аңыздық, жағдаяттық сюжеттер мен мотивтерді өз алдына бөлек-бөлек жанр ретінде қарастыруға әсте болмайды. Өйткені, күй аңызы жанрының мифтік, әпсаналық, аңыздық, жағдаяттық түрде айтылуы оның өмір сүру формасы. Былайша айтқанда, күйдің шығу себебі миф, әпсана, аңыз, жағдаят түрінде айтылады да, мұның өзі күй аңызының жанрлық төл сипатын айғақтайды. Әлбетте, мифтің де, әпсананың да, аңыздың да, жағдаяттың да өз алдына дербес фольклорлық жанр екені рас. Тек мұндай дербестікте көрініс табу үшін олар күйдің шығу себебі ретінде емес, өз алдына оқшау айтылуы керек. Ал, күйдің шығу себебі ретінде баяндалған соң-ақ ертегіге жатпайтын прозалық фольклордың жанрлары өзінен-өзі күй аңызы жанрының сойылын соғып, күй аңызы жанрын жасақтауға қызмет етеді. Сол себепті де күйдің дүниеге келу тарихы ретінде айтылса болды, жанрлық дербестігіне қарамастан миф те, әпсана да, аңыз да, жағдаят та күй аңызы ретінде қабылданады. Міне, күй аңызы жанрының әрі күрделі құрамын, әрі төл ерекшелігін білдіретін өзекті қасиеттердің бірі осы.

Күй аңыздарының ішінде хикаялық аңыздардың кездеспейтіні назар аудартады. Күй аңыздарын жинау, зерттеу барысында бес мыңдай күй аңыздарын сараптан өткізгенде, хикаялық оқиғаға тән жезтырнақ, үббе, албасты, күлдіргіш, жалғыз көзді дәу, шайтан, дию, пері туралы айтылатын бірде-бір күй аңызы кездеспеді. Мұның себебі, біріншіден, күй аңыздарының негізіне нақтылы өмір шындығын арқау ететіндігінен болса, екіншіден, күй аңыздарына арқау болатын оқиғалардың міндетті түрде ғибраттық, тағылымдық және дерек берушілік сипатының болатындығынан деп тұжырымдау қисынды. Хикаялық күй аңыздарының ұшыраспауының өзін күй аңызы жанрына тән ерекшеліктердің бірі ретінде қабылдауға да болатын шығар.

Келесі бір ойдың жосығы – күй аңыздарының дүниеге келген уақытына байланысты. Мұның өзі күй аңызының қай кез-кезеңді сөз ететіндігімен, қай кездің дерек-мәліметін жеткізетіндігімен сабақтас. Сөз жоқ, бұл мәселе де күй аңызының жанрлық ерекшелігін бажайлай түсуге септігін тигізуге тиіс.

Жалпы, фольклорлық туындылардың дүниеге келген уақытына тарихи зердемен ден қоюдың өзіндік қиындықтары бар. Әрбір хатқа түскен фольклорлық мәтін (текст) хатқа түспес бұрын көптің жадында өмір сүріп, көпшіліктің талғам сүзгісінен өткен көркем дүниеге айналатыны белгілі. Дәстүрді тұғыр еткен кез келген фольклорлық туынды халықтың жадын жерсіну (бытования) барысында өзгеру, түрлену, шыңдалу арқылы ғана мәтіндік қалыбын орнықтырады.

Кейбір фольклорлық туындылардың, оның ішінде күй аңыздарының да сюжеттік негіздері мейлінше байырғы замандармен сабақтасып, тіптен, алғашқы қауымдық фольклормен ұштасып жатуы мүмкін. Міне, осынау мәселелердің қай-қайсысы да фольклорлық туындылардың дүниеге келген уақытын анықтауды мейлінше қиындатады. Сол себептен де фольклорлық туындылардың басым көпшілігінің дүниеге келген уақытын анықтау болжал (гипотеза) деңгейінде ғана жүзеге асады.

Күй аңыздарының төл табиғатынан туындайтын өзіндік ерекшеліктерінің бар екені назар аудартады. Бұл ретте, күй аңыздары, біріншіден – халық күйлерінің аңыздары, екіншіден – халық композиторлары күйлерінің аңыздары болып, екі арна құрайды. Осынау екі арнадағы күй аңыздарының дүниеге келген уақытын анықтау үшін екі түрлі талғам-талапты басшылыққа алуға тура келеді. Халық күйлері аңызының дүниеге келген уақытын анықтау үшін аңыздың тарихи-деректік, тарихи-этнографиялық болмысына бірінші кезекте мән берген жөн. Яғни халық күйлері аңыздарының оқиғалық (сюжеттік), дүниетанымдық, наным-сенімдік, өмір салттық деректері оның дүниеге келген уақытын анықтауға дес беретін бірден-бір айғақ болып табылады.

Ал, халық композиторлары күйлерінің аңыздарына, олардың дүниеге келген уақытына ден қойғанда, онда сөз жоқ, бірінші кезекте күйдің авторына, оның өмір сүрген заманы мен ортасына назар аударылады. Рас, халықтың күйші-композиторлары кейде шығаратын күйіне өзінен көп бұрын өткен тарихи оқиғаларды арқау ететін кездері болады. Мәселен, Ықылас Дүкенұлы (ХІХ-ХХ ғ.ғ.) өзінен бірнеше ғасыр бұрын өмір сүрген Шора батырға (XVI ғ.) арнап «Қазан» күйін шығарады. Мұндайда, әрине, күй аңызының дүниеге келген уақытын бір бөлек, сол аңызға арқау болған оқиғаның уақытын бір бөлек зерделеу қажет. Яғни автордың өмір сүрген уақыты мен фольклорлық уақыттың екі бөлек болатыны қаперге алынады.

Жалпы, күй аңыздарына арқау болатын уақыт аясы (диапазоны) мейлінше кеңдігімен назар аудартады. Бұл орайда қазақтың күй аңыздарына арқау болған оқиғалар соңғы екі жарым, үш мың жылдық уақыт аясын қамтиды деп сеніммен айтуға болады. Бұл жерде күйдің шыққан мерзімі емес, сол күйлер арналған тарихи оқиғалардың уақыт аясы сөз болып отырғаны ескеріледі. Мәселен, «Қос мүйізді Ескендір» атты халық күйі мен М.Хамзиннің «Космонавт» күйін алайық. Бұл күйлерге арқау болған тарихи оқиғалардың арасында екі жарым мың жылға жуық уақыт жатыр.

Әдетте, фольклорлық проза атаулының танымдық, мағлұматтық және көркемдік-тәрбиелік қызметінің болатыны белгілі. Күй аңызы жанрының да өн бойынан осы қасиеттерді кезіктіруге болады. Тек алғашқы екеуі, яғни танымдық және мағлұматтық қасиеттері көркемдік-эстетикалық қасиетіне қарағанда анағұрлым басым түсіп жатады. Күй аңыздары өмір шындығын бейнелеуге бейім болғандықтан көбінесе нақтылы өмірлік деректерді жеткізуді нысана еткендіктен, оның сюжеттік және көркемдік жағына айтарлықтай мән берілмейді. Сол себепті де күй аңыздарының, әдетте, сюжеттік арқауы бостау, композициялық құрылысы шашыраңқылау және көркемдік тұтастығы әлсіздеу болып келеді. Оның есесіне берер мағлұматы мен айтар дерегі өзінің мәнділігімен, молдығымен, шындықты нысана етуімен ден қойдырады. Сондай-ақ айтушысына байланысты күй аңыздарының тіл-стилінің шалымды, ширақ болып келетіні назар аудартады.

Күй мен күй аңыздарының арақатынасы айтыс күйлерінен тереңірек байқалады. Күймен айтысу, күймен сайысу арқылы өнерлерін сынға салу қазақ күйшілерінің ертеден бар дәстүрі. Елге есімі мәлім күйшілердің қай-қайсысы да небір әсем өрнекті күйлерін егес үстінде төгіп тастайтын болған. Күй айтысында ердің намысы ғана емес, елдің де намысы сынға түскен сәттер аз емес. Бұған қазақ пен түркімен, қазақ пен қырғыз, қазақ пен қалмақ арасында болған күйшілер сайысы, соған орай туындаған толып жатқан күйлер куә. Дәулеткерей, Өскенбай сынды күйшілердің түркімен күйшілерімен, Ықылас, Тоқа сынды күйшілердің қырғыз күйшілерімен арада болған күй сайыстарында дүниеге келген небір сиқырлы саздар мен шежірелі аңыз-әңгімелері ұрпаққа мұра. Күй айтыстары тек әсем сазды күйлерді ғана дүниеге әкеліп қоймайды, сол күйлердің қалай дүниеге келгенін баяндайтын тамаша аңыз-әңгімені де туындатып отырады. Мұндай аңыз-әңгімелер өзінің деректілігімен, ширыққан оқиғасымен ерекшеленеді.

Халық ұғымында тармақты күйлер деп бір тақырып төңірегіне топтасқан, белгілі бір күйшілік мектепті шыңдауға үлес қосатын, бір атаумен аталатын күйлер тізбегін атайды. Қазақтың тармақты күйлерін «Бақсы сарыны», «Тоғызтарау», «Кеңес күйі», «Аққу», «Ақжелең», «Қосбасар», «Ақсақ құлан», «Ноғайлы сарыны», «Байжұма», «Кертолғау», т.б. деп жіктеуге болады. Халықтың дәстүрлі талғам-танымында осынау тармақты күйлер «Алпыс екі тармақты ақжелең», «Қырық тармақты қосбасар», «Тоғыз тармақты кертолғау» деген сияқты тұрақты сөз тіркестерімен әспеттеле аталады.

Қазақ күйлері негізінен қобыз, домбыра, сыбызғы, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай сияқты аспаптарда тартылып, дүниеге келіп отырған. Көптеген күй аңыздары осынау дәстүрлі аспаптардың қалай пайда болуына, қандай ерекшеліктерінің бар екеніне, дыбыс мүмкіндіктеріне, құлақ күйіне, ойық-пернелеріне, ішек-тиектерінің қызметіне қатысты баяндалып, халықтың музыкалық таным-түсінігі туралы қызықты да мол мағлұмат береді.

 




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1054; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.036 сек.