Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ойлай-ойлай 4 страница




Ал, осы секілді ортақ қасиеттер қара өлең мен қайым өлеңді шығарып, таратушылардан да байқалады. Бұлар әдеттегі үлкен айтыстарға, ас пен тойларға қатысып жүретін от ауызды, орақ тілді ақындар емес, көбіне қыз-жігіттердің қызықты қынаменде отырыстарында ән салып, өлең айтатын жаңа талап жастар. Сондықтан бұлардың ішінде домбыра тарта білгені домбырамен, ал, домбыра тарта білмегендері ағаш оқтауды домбыра орнына ұстаған болып, айта береді. Тіпті, ат үстінде, айдалада келе жатып та, қолындағы қамшының сабын домбыра қылып, өлең шығарған әзілқой жастар аз болмаған.

Академик М.Әуезов қайым өлеңін бәдік, жар-жар алуандас әдет-салт айтыстарының қатарында тұрған аса ескілікті өлең түрлерінің бірі дейді. Міне, соған қарағанда қара өлең мен қайым өлең бір тұста шыққан болу керек. Мұның дәлелін «қара өлең», «қайым өлең» деген атаулардың жиі, қатар қолдануынан да байқауға болады.

 

Болғанмен малға жарлы, тілім шешен,

Жасымнан қара өлеңге болдым көсем...

...Қара дауыл өлеңді әркім айтар,

Қайым өлең айтпаққа бар ма жайың[1090], –

 

деп келетін жолдардың мазмұнынан бұл өлеңдердің түп-төркіні бір екенін көреміз.

Тегінде, қазақ жұрты қара өлеңге жүйрік. «Өлеңді мен айтамын екіленіп, Жалайды қой баласын мекіреніп» деп басталатын екі жол өлеңді айтпайтын қазақ кемде-кем-ақ шығар. Халық арасында: «қара өлең – нағашы атам, мен соның жиені едім» – дейтін әзіл сөздің де бір шындығы бар.

 

 

Мен өзім кішкенеден қаршадаймын,

Бастаған керуенді наршадаймын.

Несіне айтар сөздің кідірейін,

Келгенде қара өлеңге шаршамаймын[1091], –

 

деуі қара өлеңнің ертеден шығарылған, жұртқа таныс, үйреншікті түр екенін және мұны ойын-сауық үстінде өлең айтуға ебі бар екінің бірі орындай алатынын дәлелдейді.

Сөйтіп, қара өлеңнің сегіз түрлі ерекшелігі байқалады. Бірінші – қара өлеңнің құрылысы қашанда он бір буынды, төрт тармақты болады; екінші – осы өлеңнің 1-2-4 жолдары ұйқасады да, 3-жолы ұйқаспай, бос қалады; үшінші – қара өлеңнің әр шумағында жеке бір ой (идея) айтылады; төртінші – әр шумақтың алдыңғы бір не екі жолы негізгі айтылар оймен тікелей байланысты болмайды, сырт тұрады; бесінші – қара өлең көбіне жұртқа таныс, көп құлағына сіңген, жарым-жартысы жаттамалы жолдардан, теңеу, салыстырулардан тұрады; алтыншы – қара өлең ойын-сауық үстінде айтылатын болғандықтан, мұнда үлкен, күрделі мәселелер қозғалмайды, тек жиналған жұртты көңілдендіріп, күлдіруді көздейді; жетінші – қара өлеңнің қосалқы жолдары негізінен халықтың тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрып, жора-жосығынан туған түсініктерді арқау етіп, табиғат дүниесін суреттейді; сегізінші – қара өлең қалың көпке әбден мәлім ән әуенімен орындалады. Сондықтан белгілі бір мелодия сазына кез келген қара өлеңді ыңғайлап, айта беруге болады.

Сондай-ақ, қара өлеңнің міндетті түрде қайырма қосу арқылы айтылатынын да ерекшелік деп айтуға болады. Және бұл қайырмалар өз алдына дербес өмір сүріп, өлең айтушының жадында жүреді де, қара өлеңді айту барысында әртүрлі қисынға орай, әннің ырғағына байланысты ұрымтал қосыла айтылып отырады.

Міне, қара өлеңнің табиғатына тән негізгі қасиеттер осылар. Мұның мысалы:

Барады аулым көшіп даулы құмға,

Құрықтың мұз қатады баулығына.

Бір жұмыс екі қолға қиын емес,

Денемнің қуанамын саулығына[1092].

 

Ауылдан шығушы едім ертеңменен,

Ақ қайың, қызыл ескек, желкенменен.

Кетпейді тұрсам ойдан, жатсам түстен,

Жастағы өткізген күн еркемменен[1093].

 

Қараша күз қайтады қатқақ болып,

Қалады көл суалса, батпақ болып.

Ақ кербез отыр ма екен, жатыр ма екен,

Аққудай көлге қонған аппақ болып[1094].

 

Осы мысалдарда жоғарыда біз атаған қасиеттердің бәрі де бар. Демек қара өлеңді буынының он бір, тармағының төртеу болуына қарап, әдебиет тарихында мұны «қара өлең құрылысы», «қара өлең өлшемі» деген. Бірақ бұл үлгімен жасалған дүниенің бәрі бірдей қара өлең бола бермейтінін де ескеру керек.

Сөйтсе де, он бір буынды өлең өлшемі қазақтың халық өлеңдерінің негізгі өлең өлшемі екенін және түп-төркіні халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпында, дағдылы жора-жолында жатқанын проф. М.Ғабдуллин былай түсіндіреді: «Он бір буынды өлең жорық, аттаныс, шабыс картиналарын суреттеуге, оқиғаны түйдектете, жырдағыдай желдірме күйінде айтуға ыңғайсыз, оралымсыз»[1095], – дейді. Бұдан әрі ғалым «Қобыланды батыр» эпосынан мысалдар келтіріп, он бір буынды өлең құрылысымен берілген эпизодтарды атайды. «Тұрмыс-салтқа байланысты әңгімелер айтылатын болса, онда өлең түрі де өзгереді, мұндай жағдайда жырдың орнына он бір буынды қара өлең қолданылады»[1096], – деп, әдет-салт өлеңдерінің біразы қара өлеңнің сыртқы түр, құрылысын пайдалану арқылы жасалатынын айтады. Бұдан, әрине, қара өлең өлшемі жалпы халық өлеңдерінің қай түріне болса да, жаттығы жоқ, ортақ өлең өлшемі екенін көреміз.

Қазақтың қара өлеңдері жайында М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Ә.Тәжібаев, З.Ахметов, Ы.Дүйсенбаев, тағы басқалардың айтуына қарағанда, үйлену салт өлеңдері мен мұң-шер өлеңдері белгілі бір әдет-ғұрып, жора-жосық үстінде туған да, қара өлеңдер жас желең қыз-бозбалалар бас қосқан әртүрлі ойын-сауық отырыстардың кезінде дүниеге келген. Ал, қазақта қыз-келіншектер жиналып, қызық құратын той-томалақ өте көп болған. Қыз ұзатып, келін түсіру, жаңа туған жас баланың шілдеханасын тойлау секілді, қой күзету, бие байлау, киіз басу, ши тоқу жұмыстарында да қыз-келіншектер жиналып келіп, көңіл көтеріп, ән салатын, өлең айтатын болған[1097]. Ал, қыс қысымшылығынан құтылып, жазғы жайлауға көшіп-қонудың өзі де үлкен мереке.

Ойын-тойда ұшқыр ойлы айтқыштар бас қосып, түрлі тақырыпты қара өлеңге арқау етеді. М.Әуезов қара өлеңнің бұл үлгілерін «Тау өлең», «Су өлең», «Жер өлең»[1098] деп, тілге тиек еткен тақырыбына орай атап, соза беруге болатынын айтып кеткен. Бұларға «Ата өлеңі», «Шай өлеңі», «Ет өлеңі», «Қоштасу өлеңін» де қосуға болады. Мұндайда сол орта ғана түсінетін астарлы теңеулер, ұшқыр ойға ғана ілінетін тапқырлықтар тыңдаушы жұртшылықты үйіре еліктіріп отырады.

Қара өлең адам қоғамындағы барша өмір салтының, салт-дәстүрінің, моральдық-этикалық нормаларының, сұлулық туралы таным-түсініктерінің, сезім күйлерінің поэзиялық үлгісі сияқты сан-саналы тақырыпты. Мәселен:

 

Мына заман қай заман соқта заман,

Мұнан басқа қызығың жоқ па, заман,

Мұнан басқа қызығың жоқ болса егер,

Ойнап-күліп қалайық тоқта, заман, –

 

деген жолдарда өмірдің ауыр-тауқыметін белшесінен кешіп жүрсе де, мойымайтын, сол ауыр-тауқыметке өзінің оптимистік рухын, сергек те сезімтал көңілін қарсы қоя алатын адамның тұлғасы тұрса,

 

Жолықсаң біздің жақтың тентегіне,

Өмірдің қарамайды келтеңіне,

Қонаққа жалғыз атын сойып беріп,

Жүген ұстап қалады ертеңіне, –

 

деген шумақ көшпелі тұрмыстың өмір сүру тәсіліне айналған салт-дәстүрін танытады. Одан әрі ұласып, тұтас этникалық рәсімнің орныққан нормасын білдіреді.

Бойың түзу мылтықтың теміріндей,

Көзің қара ағаштың көміріндей,

Жақсыменен бір болған жалғыз сәтің,

Жаманның өтіп кеткен өміріндей, –

 

деген жолдары әрі қазақ қызының бітім-болмысына тән ортақ сұлулықты образды теңеумен тап баса елестетеді. Бұдан басқа:

 

Ауылым көшіп барады таудан асып,

Таудан асқан бұлттармен араласып.

Алыс ұзап кеткенде, беу, қарағым,

Ақ қағазбен жүрейік амандасып, – десе,

тағы бірде:

Белбеуім белімдегі он екі кез,

Шетіне әсемдікпен салдырдым жез,

Жолымды Құдай менің оңдайды екен,

Жанына жақсылардың келіппін кез, –

 

деп те көңіл-күйін толғайды.

 

Қағаздың қасың сұлу сиясындай,

Тоғайдың мойның ұзын миясындай,

Қолымды қайтсем саған жеткіземін,

Сұңқардың жатқан жерің ұясындай, –

деген шумақ қыз көркіне үздігіп отырған жігіт былай тұрсын, сол суреттей сұлулыққа өзгені де күмәнсіз сендіре алса, сендіре отырып, көрікті қыздың оңай олжа, жеңіл сауға бола қоймайтынын қиядағы сұңқардың ұясына теңеп, бір гәпті сездіріп қойса, одан әрі бәлкім, жігіттің шыққан жері сай келмей ме екен, әлде қолы қысқалықтан мұратына жете алмас па екен дегізгендей тыңдаушысын, тіптен, қобалжыта түседі.

Қара өлең еш уақытта шектен шықпайды, өзі дүниеге келген өмір салтының барша түсінік-қалыбын аттап кететіндей мінез көрсетпейді. Қазіргі кейбір өлеңдердегідей «Мен жұмыр жердің лүпілдеп соққан жүрегімін» немесе «Мен аспан мен жердің тірегімін» дегендей нақтылы өмір шындығынан алыс, асқақ патетикаға әсте бой алдырмайды.

Әрине, қарапайымдылықты қарабайырлықпен әсте шатастырмау керек.

Қара өлеңде ең мол кездесетін тақырып – махаббат, ғашықтық тақырыбы. Адам сезімінің осынау ғажайып қыры қара өлеңде ұдайы халықтың орныққан талғам-талабы өресінде ғана тілге тиек болып отырады. Ғашықтықты білдіретін сағыныш, аңсау, тілек-талаптар, сыны мол шарттар, адалдық пен кісіліктің үлгілері, мінез-бітімі, тіптен, киім кию үлгісіне дейін барша қасиеттерге, ең алдымен, халық талғамы – төреші. Бұл орайда қара өлең айтушы-тыңдаушыны эстетикалық әсерге бөлеп қана қоймайды, сол қара өлеңді тыңдаған әлеуметтік ортаны реттеуші, пиғыл-ниетін тұтастандырушы, идеалын біріктіруші қызмет атқарады. Қара өлеңді өміршең ететін де, қанатты өнер деңгейіне көтеретін де қасиет – осы. Кез келген әнші суырылып шығып:

 

Ой, Алтай, басың биік, шөбің сұйық,

Ойнайды бауырында арқар, киік.

Кір жуып, кіндік кескен, қайран Алтай,

Кетеді сені ойласам ішім күйіп, –

 

деп, шырқап қоя берсе, бұл өлең еш уақытта сол әншінің ғана сезімі болып қабылданбайды. Асыл өнерді дүйім жұрт иемденіп, ортақ сезімнің игілігіне айналдырады. Әрине, нағыз өнердің парқы мен нарқын білетін әркім-ақ бұған таң қалмайды. Солай болуға тиісті екенін біледі. Алайда, қара өлеңнің ең бір типті қасиеті жаңағы жақсы әнді тыңдағандағы көпке ортақ сезім-күйі бар, сол әрбір субъектіні жеке басының мұңы мен сырындай тебірентеді. Бұл қасиет жазба әдебиетте, фольклорлық әдебиеттің кейбір жанрларында бола бермейді. Оларда тарихи белгілі жағдай суреттеліп немесе тарихи болған адамның сезім-күйі мен бастан кешкен оқиғасы нақтылы көрініп тұрады. Оқушы-тыңдаушы мұндай шығармаларға сырт көз ретінде қарап отырып, жақсысынан үйренеді, жаманынан жиренеді. Ал, қара өлеңде әркім өзінің ғана арман-мұңын жеткізіп отырғандай сезімге бөленіп, әрі тыңдаушысын ұдайы құптайтын күйге түсіріп отырады. Мұның сыры көшпелі өмір салтында әлеуметтік-мәдени идеалдық біртұтас болғандығынан.

Алты ай қыс біріне-бірі қатыса алмай, сағынысып, сарғайған жастардың көрісуі көңілді ойын-сауық, ән мен өлең базарына ұласатын. Міне, осындай шақтарда өлең шығарып, әзіл-қалжың айтып, сауық құрудың соңы қыз бен жігіттің бір-бірімен ұғынысып, табысып кетуімен аяқталған. Мұның мысалын қазақтың ескілікті өлең-жырларынан да көруге болады. Жібек пен Төлегеннің, Қозы мен Баянның, Әлібек пен Айманның алғаш кездесулері осындай әзіл-күлкілі өлеңдер айтудан басталады.

Қазақта қара өлең шығарып әдеттенудің, жастарды өлең-жырға баулудың әртүрлі жолдары бар. Бұл, әсіресе, асық иіру, қолсоқпақ, хан жақсы сияқты талай көп ойындарды ойнаған тұстарда ерекше байқалады. Мысалы, асық иіру ойынында асығы жығылып қалған жігіт ойынды басқарушының жазасынан:

 

Базардан алып келген тайлы бие,

Демесең құлыны еркек сайлы бие.

Асығым алшы иірген дейді шіге,

Бетіне пәстәуйдің майлы күйе[1099], –

 

деп, бір-екі ауыз өлең айтып, құтылады. Айтпаса, бес арық, бес семіз қамшы алады немесе теке болып бақылдап, ойын басқарушыны арқалау жазасына кесіледі.

Қазақ ойын-сауықтарының тағы да бірі – «Хан жақсы ма?» ойыны. Ойынның тәртібі бойынша хан мен ханша және бір уәзір сайланады. Жастар бір қыз, бір жігіттен араласып отырады. «Хан» жігіттерді кезекпен шақырып, өлең айтқызады. Өлеңдері бірін-бірі қайталамайтындай болса, әрі айтушы оны қызықты етіп орындап берсе, «хан» жігітті таңдаған қызының жанына отырғызады. Ал, өлең айта алмаған жігіт өлеңдерінің төлеуін не ақшамен, не затпен өтейді. Оны да өтей алмаса, қыздар арасынан қуылып, «алты қатынның абақтысына» жіберіледі.

«Хан бұйрығымен» айтылатын өлеңдердің түрлері мынадай: бұйрық бойынша ақын жігіт әуелі ханды, онан соң ханшаны, сосын уәзірді мақтап, үш ауыздан тоғыз ауыз өлең айтуға тиісті. Содан кейін қасындағы екі қызды көтеріп тұрып, әрқайсысына арнап, үш ауыз өлеңді және де айтады. Бұдан соң ылғи жанды заттардың атын қосып, үш ауыз, жансыз заттардың атын қосып, үш ауыз өлең шығару міндетін өтейді. Онан кейін барып үш ауыз өтірік өлең ойлап табады. Ақыр аяғында, үш ауыз «кер өлеңмен» құтылады. Кер өлең айту былай болады, мәселен:

 

Базардан алып келген шай тостаған,

Тар жерде қиын екен ән тастаған.

Шешеңнен сені тапқан, айналайын,

Бәйгеден келген кердей ойқастаған, –

 

деген өлеңді керісінше:

 

Бәйгеден келген кердей ойқастаған,

Шешеңнен сені тапқан, айналайын.

Тар жерде қиын екен ән тастаған,

Базардан алып келген шай тостаған, –

 

деп айтса, кер өлең болып шығады[1100].

Қазақ ескілігінде жастардың басы құралып, қынаменде ойын-сауықпен жүретін көңілді отырыс-жиындары көбіне елдің жазғы жайлауға шығып, малымен малы, жанымен жаны араласып кететін қызықты бір шақтарда өтетін. Мұндай кездерде ағайын-туыс, ауыл-аймақ бір-бірімен шұрқырасып көрісетін де, оны жастар жағы өзінше пайдаланатын. Бұрыннан бір-біріне көзі түсіп, көңілдері күпті болып жүрген қыз бен жігіт осындай сәт үстінде амандық-саулық сұрасып, сөз тастасып, сағыныштарын басатын. Міне, сондай «Амандасу» аталатын өлеңнің бір түрі мынау:

Жігіт:

Бұдан былай көрінген хабар асу,

Түйе тайып, жығылған жаман асу.

Көрмегелі көп айдың жүзі болды,

Бұрынғыдан қалыпты амандасу.

 

Қыз:

Жылқы айдаймын көшкенде жалбаспенен,

Ортан жілік бітеді жамбаспенен.

Көрмегелі көп айдың жүзі болды,

Ауыл-аймақ аман ба, мал-баспенен[1101].

 

Амандықтарын айтып, есен-саулықтарын сұрасып болған соң қыз бен жігіт енді өздерінің ата-тегін, сол ата ішіндегі білікті, батыр, бағылан адамдарын атап, өлеңге қосады. Қазақта мұны «Ата өлеңі» дейді.

Жастар дастарқан үстінде де қарап отырмайды. Шай құйылған кесені біріне-бірі ұсына отырып, өлеңге кіріседі. Өлеңді бастайтын көбіне қыздар болады. Мысалы, қыз:

 

Ендеше езек-безек, езек-безек,

Бөрнекейдің бойынан тердім тезек.

Төртеуара келіпті бір шыны шай,

Кел, төртеуміз ішейік кезек-кезек[1102], –

 

деп, қолына тиген шай кесені жанында отырған жігіттерге ұсынады. Бұған жігіттер өлеңмен қарым қайтаруы керек, әрі бағанадан бері айта алмай отырған ой ұштығын да сездіруге тырысады.

 

Ендеше оқпа-соқпа, оқпа-соқпа,

Басында жүйрік аттың күміс ноқта.

Алайық ұсынған соң кесеңізді

Қарызы шайыңыздың бар ма, жоқ па?

 

Бұған қыздың берер жауабы да әзір. Қыз:

 

Дегенге мұсылманым, мұсылманым,

Тар жерде өлең таппай қысылғаным.

Шайымның сізге берген қарызы жоқ,

Сыйлас құрбы болған соң ұсынғаным, –

 

дейді. Ұсынылған шайды шыдамсыздық жасап, кім бұрын татып қойса, сол әзіл-күлкіге ілігеді.

 

Апырмай, мына шіркін дарбаң екен,

Түк татпай, өз үйінен талған екен.

Алмай жатып кесені ұрттап жатыр.

Кешіксе енді өлуге қалған екен![1103]

 

Отырған жұрт қыран күлкіге батып, «Шай өлеңін» де осындай қызықпен аяқтайды.

Жастар шай жиналған соң да өлеңді әрі жалғастыра береді. Олардың әрқайсысы қай жерде туып, қай тауды қыстайтынын, қандай көлді мекендеп, қай өзен суды сағалап, жайлайтынын баяндайтын «Тау өлең», «Су өлең», «Жер өлең» деген өлеңдерді айтуға ауысады. «Су өлеңнің» бір мысалы:

 

Жетісудың бірі – Іле, басы – Текес,

Байынқол, Қақпақ өзені оған тіркес.

Қарқара, Кеген, Нарын, Шелек, Түрген,

Қаскелең, Күрті, Талғар о да еншілес.

 

Екіншісі – Қаратал, басы – Шажа,

Шажадан Көксу аққан сарқырама.

Текелі, Тентек, Быжы тағы да бар,

Олар да қосылады Қараталға[1104].

 

Той-думан қызып, ойын-күлкілері жарасқан кезде ет пісіп, табақ тартылады. Жастар мұны да қалжыңмен өткереді. Әркім өз табағынан дәм татқызбақ боп біріне-бірі сарқыт ұсынады. Сарқыт алған адам еттің төлеуі деп өлең айтады. Мұны ел ішінде «Ет өлеңі» дейді.

Енді той, думан аяқталып, жастардың айырылысар шағы да келеді. Мұндайда біріне-бірі ынтыққан қыз бен жігіт кездесер күндерін белгілеп, уәде байласып қалуға тырысады да, әзілі аралас өлең айтады. Сонда қыз бен жігіттің айтатын өлеңінің төркіні мынандай болып келеді:

 

Астыма мінген атым бұқпа қара,

Шаң тисе ақ бетіңе, ыққа қара.

Ендігі туар айда мен келемін,

Танырсың дауысымнан шыққан дара[1105].

 

Мұндайда бұрыннан айттырылып, не құда түсіп қойған жеріне көңілдері толмай, наразы болып жүрген қыз бен жігіт тәуекелге бел байлап, сол алғашқы кездесудің өзінде-ақ сыр ашысып қалады.

 

Қолында жылқышының ақтан құрық,

Ат міндім күрең төбел баптандырып.

Қайырылып ақ тамақтан бір сүйдірші,

Орнындай түйнеменің дақ қалдырып[1106], –

 

деп, ғашықтық сезімін де сездіріп қояды.

Қара өлеңнің ел ішіне мейлінше кең тарауы және ұдайы тоқтаусыз тасқындап туып отыруы әркімге-ақ өз сезім-күйін жеткізетін шумақтарды қиналмай теріп айтуына мүмкіндік береді. Өмірде сан соқтырып, қапы қалдыратын сәттері де баршылық. Мәселен, мың сан себеппен сүйгеніне қосыла алмаған ару қыз өзінің арыз-арманына қара өлеңді дәнекер етіп:

 

Мен едім ертеменен қозы ағытқан,

Сен едің ақ боз атпен орағытқан,

Түскенде сен есіме сүйген сәулем,

Көл болып көздің жасы сорағытқан, –

деп шырқар еді.

Сонда қыз тағдырын көзімен көріп, ішімен сезіп отырған тыңдаушы жұрт бұл өлеңді сол қыздың жүрек зарындай қабылдайды.

Сөйтіп, түнімен той тойлап, өлең айтқан ауыл жастары таң саз бере тарқаса бастайды. Бірақ көңілдері жарасып, бағанадан бері бауыр басысып қалған қыз бен жігіт бірін-бірі қимай, дәл айырылысар шақ үстінде де қош-қошын айтып қалуға асығады. Міне, сондай айырылысу үстінде айтылатын «Қоштасу» өлеңінің бір түрі мынау:

 

Қыран бүркіт ұшады қыр айналып,

Қызыл көрсе, шықпайды шыр айналып.

Қайда жүрсең, жан қалқа, қош-аман бол,

Кім бар, кім жоқ келгенше жыл айналып.

Немесе:

 

Қаршығаның ұясы қау ұстайды,

Балапанын шақырып, дауыстайды.

Ғашық болып қосылған, қарағым-ай,

Қош есен бол, ауылың алыстайды[1107].

 

Қысқасы, қара өлеңнің әр шумағы – әзілі жарасқан қыз бен жігіттің алғашқы танысу, ұшырасу сәттерін суреттейді, кейде сүйген қызына бір кездесуді армандаған жас жігіттің жан сезімін баяндайды, өмірдің жақсылы-жаманды жайларын айырып, ақыл-кеңес айтуға арналады. Және соның бәрі бұрыннан белгілі, үйреншікті тақырыпты қозғағандықтан, бұл өлеңдер бірінің-бірі көшірмесі сияқты, кейде, тіпті, бірін-бірі қайталап та жатады. Демек қара өлең көбіне қыз бен жігіттің арасындағы ғашықтық, сүйіспендік сезімдерді суреттейді. Сондықтан мұны, негізінен, ойын-сауық үстінде айтылатын жастар өлеңі десе де болады. Бірақ қазақта екі жастың жүрек тебіренісіне арналған өлең түрі жалғыз бұл емес. Қайым өлең, күлдіргі өлең, ән өлең дегендер де осы топқа жатады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1045; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.144 сек.