Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Алдарында тізілген 3 страница




Ондай күлдіргі адамдар әр жерде болғаны белгілі. Мысалы, Қарқаралы дуанындағы Қонтай, Тонтай деген Шаншардың қулары, сондай-ақ Жетісудағы Жалайыр Тұрсымбет атты қу – ел арасындағы көптеген күлдіргі әңгімелердің кейіпкерлері.

Новеллалық әңгімелердің тағы бір түрі – аңшылық әңгімесі. Ол әңгімелерде табиғат құбылыстары жөнінде, аң мен құстар жайлы, оларды ұстаудың мәнісі туралы пайдалы кеңестер беретін, аң аулауда болған қызықты, күлдіргі әңгімелерді кездестіруге болады. Мысалы: «Жаз шілдесінің орта кезі, қасымда он бір-он екі жасар Тұрар бар, мен тауға еліктің текесі кездессе, соны атып, ол болмаса, бір серуендеп келейінші деп, таң қараңғысынан бір қосауыз, бір сыңарауыз мылтықпен тауға қарай келе жаттық. Ауылдан біраз жер жүргеннен соң Тұрарға: «Тоқта»,- дедім. Көне мерген Белқожа осы араларға келгенде бізді неше рет тоқтатып, қатар тұрғызып, әдейі осы келе жатқан жолда мергендердің қандай жолмен жүруі керек екенін ескертіп, әбден түсіндіріп, сонан соң мылтыққа оқ салдырады. Мылтықты келе жатқан жаққа қарай жоғары ұстап тұрып, оқтататын. Біз де Тұрар екеуміз қос сайдың ортасымен көтеріліп, жотаға шығып, таң сәрісінде көлеңке сай бойына түскенше екі сайдың екі басын екеуміз қарап шығайық деп келістік. Межелі жерге уақытында-ақ жеттік, бірақ ешнәрсе селт етпеді. Әсіресе, менің алдымнан. Көлеңке тік аяқтың басына келгенде, біз орта жотаның кеуде өр жағындағы үлкен жартастың алдында кездесуіміз керек-ті. Осы уәде бойынша мен де сайдан орта дөңге көтеріліп, өрге қарай шығып, жартас алдына жақындай келсем, алдымда үлкен жалпақ тастың үстінде отырған Тұрарды көрдім де: «Ә, жігітім, олжа!» – дедім. Ол күлді де: «Бағана мылтық оқтаған жерде айттыңыз ғой, Белқожа мерген ұстазыңыз «жазында аң аулау ләзім емес, тіпті, обал, өйткені, бұл – жануар, ғайып ерен ит-құстар да тегіс балалайды, сондықтан оларды өлтірмеу керек» деп айтқан. Сол сөзіңіз есіме түсті де, мен бір ешкі, жас екі лағымен жақсы ататын жерге кеп еді, атпадым, сіз ренжиді екен деп», - деді.

...Осы жерде бір сағаттан артық отырып, дем алып, жотаны төмен жоталай отырып, жолай екі кекіліктің қоразын атып алдық та, сайдың табанына түстік. Сай табанында ағып жатқан су бар екен. Осы судың екі жағасына тола тал аралас әртүрлі шөп шыққан. Қайсыбір жерлерінде қамыс бар. Біз бір талдардың түбіндегі тастарға көлеңкелеп отырып, демалдық та. Тұрар бір кекілікті, мен бір кекілікті жұлып отырдық. Жүнін жұлып, ішін жарып, тұз сеуіп, отқа қақтайық деп.

Бір уақытта Тұрар: «Ойбай, аға, ана сұмдықты қараңызшы!» – деп күледі. Біз ағысқа төмен қарай отырғамыз. Сайдың оң жағында бір кішіректеу тас, осы тастың қақ алдында бір шоқ қамыс, жаңағы кіші жартастың түбіне шейін. Осы тастың ең төбесіне жақын сай жағы тік жар, оның үсті тепкішекке ұқсайды. Ол тепкішек үсті үңгір, оның үсті – тағы тас, ол тастың үсті – дөң жер. Міне, осы тастың шетінде, бір кішірек тастың үстінде жылқышы торғайға ұқсас бір қараторғай шиқылдап отырды.

Мен Тұрардың жақпар тасты нұсқап, «ананы қара» дегеніне жақпар тасқа қарасам, осы тасқа өрмелеп бір жылан басын көтеріп, тастың тепкішегіне бір қарыстай жетпей, басы түсіп кетіп тұр. Осы жылан басын көтеріп, тепкішекке көтерілгенде жаңағы қараторғай шырылдап кеп, осы жыланды жұтып қойғандай болады да, тағы да бір аянышты «атой-аттан» деген үндей бір шырылдайды. Осы кезде мен Тұрарға айттым: «Ана сыңарауызды ал да, ана жыланды ана тасқа өрмелеп бара жатқанда тепкішектен бір қарыс төмен ал да, ат», - дедім. Бір уақытта жылан тағы тепкішекке қарай жорғалап, басын көтеріп, тепкішекке жеткізе алмай жатқанда, Тұрар атып жіберіп еді, жылан ирелең етіп, шоқ қамыстың ар жағына жоқ болды.

Жыланның жерге құлағанын көрген жаңағы қараторғай дереу үн-түнсіз тепкішекке келіп қонады да, біраз отырып, бір байсалды, көңілі жай тапқандай үнмен қоңырлатып, ысқырумен өзінің шүкіршілік деген үнімен ән салды да, тепкішекке кірді де, онда біраз уақыт болып, тағы шығып, осы тастың алдына қонып отырып, енді Тұрар екеумізге ұзақ уақыт ән салып бергендей болады»[1132].

Қорыта айтқанда, әңгімені ауызша айту әңгіме мен оның желісін тұрақтандырады, олардың түрленуін тудырады. Әңгіменің жасалуына, оның поэтикалық тәсіліне және одан әрі қарайғы дамуына әсер етеді.

Сонымен әңгіме деп біреудің немесе қауымның өміріндегі бір ерекше жағдай туралы баяндауды айтамыз.

 

2-ТАРАУ. ХХ ҒАСЫРДАҒЫ ФОЛЬКЛОР

 

§ 1. 1916 жылғы көтеріліс туралы фольклор

ХVІІІ ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы бүкілхалықтық соғыс пен XIX ғасырдағы Исатай-Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі ерекше атап өтерлік оқиға. Соларға байланысты туған жырларға назар салсақ, бұлардың бәрінде импровизация үлгісін ұстанған жекелеген эпик ақындардың шығарғанын көреміз. Бұл жай 1916 жылғы көтеріліске байланысты туған тарихи жырларда біршама өзгешелеу. Өйткені, мұндай жырларды шығаруға белгілі ақындармен бірге бұрын-соңды ақындықпен айналыспаған адамдар да белсене атсалысып отырған. Бұл ерекшеліктердің өзі де сол ұлт-азаттық көтерілісінің сыр-сипаты мен өзіндік даму заңдылықтарына келіп саяды.

1916 жылғы көтеріліске байланысты жырларды шығарған ел ақындары, ең алдымен, халық ауыз әдебиетінің қалыптасқан ежелгі дәстүрін тарихи жаңа кезеңге сәйкес онан әрі дамытушылар болды. Сонымен бірге бұрын ақындығымен көзге түспеген, бірақ өлең-жырға бейімі бар кейбір кісілер өзінің көрген-білгенін, әсер-сезімін жырға қосуды әдетке айналдырған. Соның нәтижесінде көтерілістің әрбір кезеңін бейнелейтін көркемдік сапасы әрқилы халықтық шығармалар дүниеге келді. Олар халық арасына ауызша таралғанмен, авторларының (бірен-саран жырларды есепке алмағанда) болғаны белгілі болып отыр. Бұған кеңес дәуірінде 1916 жылғы көтеріліс жырларын жинау жұмысының тез қолға алынып, зерттелуі, баспасөз беттерінде әр кез жарияланып отыруы себепші болды.

Сөйтіп, 1916 жылғы көтеріліс поэзиясы халық ауыз әдебиетінің бай дәстүрі негізінде туып, дамыды. Сондықтан бұл жырларда халық ауыз әдебиетінің түр-құрылысы, суреттеу тәсілі сияқты қалыпты үлгісі толық сақталған. Алайда, оның өзіне тән ерекшеліктері мен жаңа сипаттары да мол.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісіне байланысты жұртты күреске шақыратын қысқа үндеу жырларымен қатар үстем таптың өктемдігін әшкерелейтін өткір мысқылдар, әжуа-сықақ өлеңдер туды. Өлеңмен жазылған сәлем хат, қоштасу, жоқтау өлеңдері халық арасына кең тарады. Кейінірек айтулы кезеңдерді кеңінен қамтып сипаттайтын жыр-толғаулар, халық батырларының қаһармандығын суреттейтін поэмалар, елдің басынан кешірген жайлары мен майдан өмірін еске түсіретін күнделік (мемуар) поэзиясы қалыптаса бастады.

Қоштасу, естірту, жоқтау, жұбату түріндегі жырлар халық ауыз әдебиетінде бұрыннан бар. Бұлар көне заманнан бергі қазақ халқының көңіл-күй, тұрмыс-салтына байланысты айтылып келе жатқан жырлар. Ал, 1916 жылғы көтеріліс поэзиясындағы бұл жанр тарихи жаңа жағдайға сәйкес тереңдеп, соны сипат алды. Бұрын үй-іші, отбасылық қана маңызы бар қоштасу, естірту, жоқтау, жұбату лирикалары енді әлеуметтік ірі оқиғаларды жырлау дәрежесіне көтеріліп, оның жанрлық сипаты мен қоғамдық қызметі өзгерді. Тәрбиелік мәні арта түсті.

Ел аузындағы «Қоштасу», «Жұбату», «Аманкелдінің өліміне» тәрізді лирикалық өлеңдер дәлел бола алады.

Патша өкіметінің қазақтан қара жұмысқа адам алу туралы 1916 жылғы 25 июньдегі жарлығы шыққаннан кейін ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мейлінше шиеленісіп, тап жігі күн санап айқындала түсті. Патша мен ел ішіндегі парақор би-болыс, ауылнайлардың момын шаруаларға жасаған озбырлықтары шегіне жетті. Қалың бұқара көтеріліп, мұның ақыры тегеурінді қозғалысқа келіп ұласты. Шектен шыққан әділетсіздік билеген заман жайы көптеген жыр-толғауларда әлеуметтік мәні зор мәселе тұрғысында жырланды. Айталық, 1916 жыл оқиғасы тұсында туған «Құрдым заман қуарған» атты өлеңде «тілі майда, қанды қол» үстем тап өкілдерінің талай боздақтың басын саудаға салғаны әшкереленсе, майданға алынған Қабылбек Сауранбаев деген кісі өзі тәрізді кедей-жалшылардың бай балаларының бодауына кеткенін айтады. «Бай ағайынның жанына көрші қонған» қазақ жалшыларын көлгірсіген екіжүзді залым байлардан сақ болуға шақырады. «Тақсырлап би-болысқа, пасық байға жалынғаннан» түк өнбейтінін ескертіп:

 

Бай үшін кеттім, міне, жылай-жылай

Төреден көзім талды сұрай-сұрай.

Бай баласы орнына кедей кетті,

Нашарлар байға сенбе бұдан былай[1133], –

 

деп, таптық мәні бар қорытынды жасайды. Сол жылы майдан жұмысына зорлықпен жөнелтілген Сәмет дейтін жігіт (Алматы облысы, Нарынқол ауданынан) «бай ұлының орнына спескеге ілінген» барлық нашарлардың қайғы-мұңын:

 

Сұрасаң руымды менің Қозған,

Солдатқа ұстап берді мені қолдан.

Не күйде, қандай халде жүріп жатыр,

Айрылып кете бардық сүйген жардан[1134], –

 

деген жолдармен білдірсе, Ботаев Ғайкеш деген кісі өзінің «Прием» деп аталатын жырында параға бөккен «сары жезді әкім» ұлықтардың әр алуан әділетсіздіктерін батыл әшкерелейді. Ол сол кездің ащы шындығын айта келіп:

Тазды алды, соқырды алды, ақсақты алды,

Бір байдың үш баласы бірдей қалды.

Бұл күнде тура әкім елде болмай,

Әкімдер дұшпан тұтты жарлыларды[1135], –

дейді.

1916 жылғы көтеріліске байланысты туған лирикалық өлеңдердің үлкен бір саласы – үндеу, үгіт жырлары.

Бұл туындылар езілген елді бостандық үшін күреске ашықтан-ашық шақырған тұңғыш жырлар болды. Осы тектес үндеу-үгіт жырлары арқылы көтерілістің алғашқы ұйымдастыру кезеңінде бір елмен екінші ел өзара хабарласып, байланыс жасай бастады. Көлік жетер елдің азаматтары ағылып, Аманкелді батырдың сарбазына қосылып жатты. Сөйтіп, ел басына күн туған заманда бұқара халық бір тудың астына топтасуға мүмкіндік алды.

Қоштасу жырларында патша мен ел ішіндегі озбыр болыс, алаяқ атқамінерлерге деген халық қарғысы да айқын көрініс тапқан. «Дәметкеннің зары», «Асқардың үй-ішімен қоштасуы» атты жырларда әділетсіздік билеген заманға деген халықтың ашу-ызасы, кеуде кернеген ащы сезімі баяндалса, ел аузындағы «Қоштасу» атты өлеңде жалғыз баласын еріксіз солдатқа жөнелткен қасіретті ананың қарғысы жауыздықтың көзі – патшаның өзіне арналады:

Шыныңменен, құлыным,

Кетемісің солдатқа.

Кім ие болады мұндағы

Иесіз қалған мал-басқа!

 

Қурап қалғыр, қу патша,

Тағынан түсіп, қурасын!

Басына қара күн туып,

Біздей болып шуласын!

Екі көзін шел қаптап,

Көре алмай жарық туласын![1136].

 

Қара жұмысқа алынып, «жер шеті қиянға аттанған» қазақ жастары «кір жуып, кіндік кескен» жерін қимай егіледі. Алды бұлдыр ертеңгі күннің не боларын білмей, дағдарады. Әйтсе де, бұл жырларда тек қана сарыуайымға салынудан гөрі болашаққа зор сеніммен қарау сезімі басым жатады. Олар түнерген қайғы бұлтын ыдыратып, «қауышар күн де болар жүрсек аман» деп, алдағы күнге сенім артады. Қасіреттің ащы уын жұтқан жігіттердің хал-жағдайын қаз-қалпында бейнелеуі жағынан болсын, туған ел, өскен жерді ыстық сезіммен жырлауы тұрғысынан болсын, бұл лирикалық өлеңдер айрықша бөліп атауды қажет етеді. Бұлардан майдан шебіне еріксіз айдалған жастардың мұң-шері мен ой-арманы, тебіреніс-толғаныстары бар болмысымен сипатталып, әдемі көрініс тауып отырады. Мәселен, бір өлеңде:

 

Қош боп тұр, құрбы-құрдас, замандасым,

Көн, сен де, тәуекелге ғазиз басым...

Туған жер, баурым төсеп өскен елім,

Кір жуып, кіндігімді кескен жерім,

Ойнаған бауырында құлын-тайдай,

Асқар тау, қош аман бол, биік белім[1137], –

 

делінсе, екінші бір өлеңде «үйірінен ұзап шығып көрмеген» жігіттерді алыс сапарға аттандырған халықтың қайғы-зары «жаяуға – ат, ашқа – тамақ, киім болған» туған жердің байлығымен астастыра жырланады. Мұнда да алдағы бұлыңғыр өмірге байланысты үміт пен күдік қатар жүріп отырады.

 

Қайран ел, қайран жерден кетеміз бе?

Мұратқа әлде алда жетеміз бе?

Қауіпті су, қатерлі кезеңдер бар.

Жол тауып, аман-есен өтеміз бе?[1138].

 

Бұл кезде қоштасу лирикаларымен қатар естірту, жоқтау, сүйінші, бата жырлары да кең тарады. Әрине, қарапайым халық тудырған бұл өлеңдердің мазмұны мен көркемдік сапасы да әр қилы еді. Теміршенің астан кейінгі батасы мен Қибай Қыдырәлиевтің естіртулерін бұрынғы дәстүрлі нұсқалардан пәлендей өзгешелігі бар деп айта алмаймыз. 1916 жылы Қарағаш, Жыланды, Көпе болыстарының азаматтары мен Ақмоладан келген патшаның жазалаушы отряды арасында болған қырғын соғыста Ақылбек, Зидеғали атты екі ұлы бірдей қаза тапқан қасіретті ананың жоқтауы да сол көне үлгіні түгелдей қайталайды. Алайда, айта кететін бір жай, бұл жоқтауларда да қоштасу жырларындағы секілді өз ойын диалог түрінде (үй-іші адамдарының қатысуы арқылы) беру белгілі дәрежеде дәстүрге айналған.

Халық азаттығы үшін алысып, қан майданда мерт болған батырлардың қайғылы қазасын жырға қосу да елеулі орын алады. Ол жайларды ақындар орны толмас ауыр қаза есебінде толғайды. Әсіресе, Аманкелді батырдың өліміне байланысты туған жоқтау өлеңдерде таптық, әлеуметтік сипаттың ерекше айқындала түсетінін байқаймыз. Айталық, Аманкелдінің әйелі Балымның жоқтауында батырдың қазасы езілген еңбекші бұқараның мүддесі тұрғысынан бағаланса («Кедейлер бүгін жылады, хас батырсыз қалған соң»), ал, енді «Аманкелдінің өліміне» деп аталатын халық аузындағы бір жырда батырдың бүкіл саналы өмірінің бостандық жолындағы күреске арналғаны, сол шайқаста қапыда тап жауларының қолынан мерт болғаны ел атынан баяндалады:

Еңбекшіні қорғап жаудан,

Құтқарам деп шынжырлаудан.

Қарсы атыстың, қарсы шаптың,

Бермеймін деп жасты қолдан,

Шыныңменен қаза таптың ба?[1139].

Қоғамдық-әлеуметтік әуен ел мен майдан арасындағы сәлемдесу хаттарында, тіпті, тереңдей түседі. Майданнан жазылған хаттарда (Т.Қилыбаевтың «Науан қазіретке хаты», «Ақбастың Нұржанға хаты», «Нұржанның Ақбасқа жазған хаты», З.Әбдірахмановтың «Окоптан хаты», С.Бегімовтың «Туған елге хат», Әкмал, Молдаш, Байтас, Нұғман, Әлімхан мен Бөлденнің хаттары, ел аузындағы «Ауылдан хат», тағы басқаларда жігіттердің туған жер, өскен елге деген ыстық сезімі жарқын сипатталып, әділетсіз атқамінер, би-болыстар мен патша өкіметінің зұлымдығы батыл әшкереленеді. Патшаның күні санаулы екенін, көп ұзамай, үлкен өзгеріс болатынын хабарлайды. Мұнда бұқараны ашық күреске шақыратын жігерлі үн де, болашаққа деген зор сенім де бар. Сөз жоқ, бұл жәйт алдымен жалпы Ресейде, қала берді майдан шебіндегі революциялық қозғалыстардың игі әсерінен туған аса бір елеулі құбылыс еді.

Мұндай таптық мазмұнды көп болып әнмен айтатын марш іспеттес жырлардан да айқын аңғарамыз. Халық көтерілісінің жалынды жыршысы болған ақындар жүрегінен шығып, көпшіліктің игілігіне айналған бұл жырлардың кезінде тәрбиелік мәні аса зор болды. Өйткені, өздерінің бас бостандығы жолында үстем тапқа қарсы күрес жүргізген жас жігіттер бір-бірінің көкейтесті ой-арманын өздері қосылып айтатын жырлар арқылы ұғып отырған. Мәселен, 1916 жылы Мерке ауданында жергілікті пристав пен байларға қарсы көтеріліс жасаған кедей шаруалардың атты әскерлерінің өлеңінде көтерілістің шығу себебі мен түпкі мақсаты халық мүддесі тұрғысынан баяндалады. Туған халқы үшін басын өлімге байлаған азаматтар «мың жылдар бойы жылап өткен ата-анадан біздің өлсек жанымыз артық емес» деп түйіп, приставтарды «кегі бітпес ата жау» деп сипаттайды, сөйтіп, олар «ақсақ қойша сатылып, Николайға солдат болғанша, өз жерімізде кек алып, өлген артық» деп, ел ішіндегі тап жауы – Ботбай тәрізді зұлымдарға қарсы ашық күреске шығуға үндейді. Бұл өлең идеясының айқындығы, мазмұнының өткірлігімен ғана емес, сонымен бірге жастардың таптық санасының қаншалықты дәрежеде екенін айқын танытады.

 

Ту көтер аспандатып, жас жігіттер,

Жау қирап, талқандалып, өссін жігер.

Би, пристав сансыз жыл сорған елді

Тартпаймыз аттың басын, құртпай бекер.

Әскерміз ел-жұрт үшін қиған жанды,

Арман жоқ халық үшін төксек қанды.

Кел, жастар, бер Ботбайды біздің қолға

Құртайық халық болып қан сорғанды.

Болғанша жауға әскер өлген артық,

Тепкілеп, терең қазып, көмген артық.

Ата-ана мың жылдары жылап өткен

Өлсек жаудан олардан неміз артық.

Бармаймыз солдат болып Николайға,

Сатылып, байлар үшін ақсақ қойға.

Ел-жұрт болып байлардан кек аламыз

Босатып жалшы-малшы бай қолында[1140], –

 

делінген.

Көтеріліс тұсындағы халық өмірін жырлайтын шығармалардың бірі – «Құлақасқа» дастанына арнайы тоқтала кеткен жөн.

Бұл дастанда майдан жұмысына адам алу туралы жарлыққа қарсы Обалы елінің көтерілгені айтылады. Бұларға Құлақасқа деген елдің жігіттері де қосылады. Кейіннен бұл топқа Ырғыз, Торғай, Қостанай төңірегінен келгендер ілесіп, бәрі Аманкелді батырмен байланыс жасағаны әңгімеленеді. Езілген ел Ысмайыл, Мейірман сияқты би-болыс, ру ақсақалдарының екі жүзді әрекеттеріне қарсы тұрады. Олардан өш ала бастайды.

«Құлақасқа» дастанындағы басты кейіпкер – халық. Шығармада халық өкілдері мен үстем тап арасындағы әлеуметтік қайшылықтар қиян-кескі шайқас үстінде айқын көрініп отырады.

Дастан шаруалар қозғалысының стихиялық сипатын да сенімді бейнелейді. Қанаушы тапқа қарсы күреске халықтың ашу-ызасы, бостандыққа деген құштарлығы анық, айқын көрінгенмен, қозғалыстың әлі де белгілі бір жүйеге түспегені, ұйымдастыру істерінің дұрыс жолға қойылмауы сияқты ақаулықтар көп кедергі жасайды. Кейбіреулер би-болыстардың алдағанына сеніп қалып, содан опық жейді, зардап шегеді. Мұның аяғы көтерілісшілердің қырғынға ұшырауына әкеліп соғады.

 

Мүлік ойран, адам қырғын, қан жылап ел,

Еңіреген қала берді көз жасы сел.

Баурында әр төбенің жатқан өлік,

Бетінен мұңды күймен сүйеді жел[1141], –

 

деп жырланады осы дастанда.

Бұл жай 1916 жылғы көтерілістің стихиялық сипаты мен сол кездегі халық санасының деңгейін де біршама аңғартса керек. Ел қамын ойлайды деп жүрген би-болыстардың опасыз, сатқындық әрекеттерінің нәтижесінде ойранға ұшыраған елдің жай-күйі жыр арқауына айналады.

1916 жылғы көтеріліске байланысты туған поэзия үлгілері бұрынғы халық ауыз әдебиеті негізінде туып дамығандықтан, құрылысы жағынан бұл екеуінің айырмасы онша байқала бермейді. Дегенмен көтеріліске байланысты болған оқиғалар әдебиетімізге көптеген жаңалықтар әкелді.

Бұл кездегі поэзиядан елеулі орын алатын поэтикалық тілдің маңызды бір саласы – мақал, мәтел, идиом сөздер болып табылады. Бұлардың негізінен екі түрлі жолмен қолданылып келгенін көреміз. Бірі өлеңнің буын, ұйқасына қарай мағынасын сақтай, түрлендіріп қолдану болса, екіншісі – 1916 жыл оқиғасына тікелей байланысты тыңнан құрастырылған жаңа идиом, мақал-мәтелдер.

Бірінші топтағы мақал-мәтелдер тек тұлғалық жағынан ғана өзгеріске ұшыраған. Мысалы: «Суға кеткен тал қармайды» деген мәтел «Баттық суға қармауға жоқ талым да» (Күдері) деп, ал «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» – «Үйірін тапты, айып па ол, ауа жүріп жайылды» (Сәт); «Жауды аяған – жаралы», «Жауды аясаң, сау болмас өзің басың», «Ердің екі сөйлегені өлгені» – «Айтқанынан қайтқанша өлген артық» («Бекболат» дастанынан) болып өзгертілген.

Тұрақты сөз тіркестерінің ендігі бір бөлегі жаңа жағдайға байланысты соны мағынаға ие болып, ұшқырлана түскен. Мәселен, «Жігері құм болып», «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», «Сырты бүтін, іші түтін», «Қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тұрып» деп келетін идиомалық сөздер 1916 жыл жырларында «Жігерін жерге ендіріп» («Құмкен соғысы»), «Сөз шығарып бір жерден, қол шығарып бір жеңнен» («1916 жылғы көтерілісі жайында»), «Сырты бүтін, іші шоқ» («Ер Аманкелді»), «Қабағына қар тұрып, мұртына – мұз» («Бекболат») болып келеді.

Сондай-ақ кейбір мақал-мәтелдер, идиомалық сөздер нақты ұғымды білдіріп, өткен шақ түрімен беріледі. Мәселен, дәстүрлі әдебиет үлгілеріндегі: «Көздің жасы көл болып», «Аш күзендей бүгіліп», «Шыбын жаннан түңіліп» тәрізді көсемше тұлғалы идиомдар енді «Көздің жасы көл болды», «Аш күзендей бүгілдік», «Шыбын жаннан түңілдік» деп қолданылған. Мақал-мәтелдер жайлы да осыны айтуға болады: «Қорқақты көп қусаң, батыр болар» – «Бұл сапарда талай қорқақ ер болды», «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» – «Қорқыттың көрі болды жердің жүзі», тағы басқалар.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1034; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.091 сек.