Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 1 страница




Тарихы

Ежелгі римдіктер грек драматургиясының сыртқы пішінін мұра етіп, оны өздерінің қоғамдық өмірінің қажеттілігіне сәйкес жаңа рухпен байытты. Олардың трагедиялары қанды оқиғаларға (Сенека, б.з.б. 47 — 65), ал комедиялары гротескке (Теренции, б.з.б. 195 — 159,[1] Плавт, б.з.б. 3 ғасырдың ортасы — 184) толы болды. Орта ғасырларда драматургия көпшілік ойын-сауық, пұтқа табынушылық дәстүрімен қайта жаңарды. Христиан діні Еуропа халықтарының негізгі сеніміне айналғаннан кейін (5 — 6 ғасырлар) шіркеулерде литургиялық драма (10 ғасыр) пайда болды. Қалалардың дамуына байланысты драматургияда Тәурат оқиғаларын суреттеген мистерия, фарс жанры пайда болды. Қайта өрлеу дәуірінде Испания мен Англияда драматургия өзінің “алтын ғасырын” басынан өткерді. Англияда У.Шекспир адамзат трагедиясын суреттесе, Испанияда Лопе де Вега мен Кальдерон (1600 — 1681) әлемнің қайшылығын көрсетеді. Қайта өрлеу дәуірінде трагедия мен комедия өз дамуының жоғары сатысына көтерілді. 17 ғасырда Францияда абсолюттік монархия орнағаннан кейін классицизм драматургиясы дамыды. Драматургияда ішкі композициялық үйлесім, бөлімдер арасындағы логикалық байланыс басты орынға шықты. Классицизм трагедияларының ішкі пафосы — адам сезімін қорғауға құрылды (П.Конель, Ж.Расин). Классицизм драматургиясы Мольердің комедияларында жоғары көркемдік биікке көтерілді. 18 ғасырдағы ағартушылық дәуірінің өкілдері (Францияда Дидро, Германияда Лессинг) драматургияда өмірдің ақиқатын реалистік тұрғыдан бейнелеп, оны жанр, сюжет, мінез бен тіл жағынан бір қалыпқа келтіруге тырыстты. Классицизм мен реализмге қарағанда ақыл мен сананы бірінші орынға қойған сентименталистер мен “штюрмерлер” (“Дауыл мен тегеуірін” драматургиясының өкілдері), сезімді өнердің ең басты өрісі деп есептеген романтизм өкілдері (Гете мен Шиллердің бастапқы пьесалары) ерте кездегі тарихты нақты суреттеуге талпынды (В.Гюго, А.Виньи, Байрон, Шелли, А.Дюма) Батыс Еуропадағы драматургияның дамуындағы жаңа кезеңді 19 ғасырдың 2-жартысында қоғамдық өмірде өте маңызды әлеуметтік-философиялық және этикалық мәселелерді көтерген Г.Ибсен реалистік драмамен ашты. 19 ғасырдың аяғында драматургияда да екі бағыт: натурализм және символизм пайда болды. Натурализмді негіздеуші теоретик Э.Золяның айтуынша, пьесада кейіпкерлердің өмірін нақтылы түрде көрсету керек (Ибсен, Г.Гауптманның кейбір шығармалары). Ал символистер, керісінше, өмірді нақтылы түрде суреттеуден бас тартып, болмыстың мистикалық мәнін түсіндіруді көздеді (М.Метерлинк, Верхарн). 18 ғасырдың соңы мен 19 ғасырдың басында Ресейде сыншыл реализм дамыды (Д.И. Фонвизин). А.С. Пушкин драматургияда әлеуметтік талдау жасап, өмірдегі қайшылықтар мәніне үңілді. А.С. Грибоедов әлеуметтік-сатиралық комедияны жалғастырды. Н.В. Гоголь, И.С. Тургенев, М.Е. Салтыков-Щедрин, А.В. Сухово-Кобылин, А.Н. Островский сыншыл реализм драматургиясының арнасын кеңейтті. Өмір шындығына терең бойлау, қоғам кемістіктерін сынау бағдары Л.Н. Толстой, А.П. Чехов драматургиясында әлеуметтік-философиялық мазмұнға ие болды. 20 ғасырда драматургиядағы көркемдік бағыт-бағдарларға бай ғасыр болды. Сыншыл реализм де (Б.Шоу, Дж.Голсуорси, М.Горький, т.б.). сонымен қатар символистік драматургия (Метерлинк, Г.Д. Аннунцио, А.Блок, т.б.) одан әрі дами түсті. 1-дүниежүзілік соғыстан кейін реалистік драматургиямен (Францияда М.Паньоль, АҚШ-та Л.Хелман. А.Миллер, Англияда С.Моэм, т.б.) қатар, өмір шындығынан бас тартпай, бірақ шарттылық, фантастика, эксцентрика формалары қолданылған “сана драматургиясы” (Англияда — Шоу, Италияда Л.Пиранделло, Францияда — Ж.Жирору, Ж.Ануй, Ж.П. Сартр, Швейцарияда — Ф.Дюрренматт) өріс алды. 20 ғасырдың 20 — 30-жылдары экспрессионалистік драматургия (Германияда — Г.Кайзер, В.Газенклевер, АҚШ-та — Э.Райс, т.б.) кең етек жайды. 20 ғасырда дүниежүзілік соғыстар мен қоғамдық өзгерістер әсерімен үлкен әлеуметтік мәселелер көтерген жаңа көркемдік ізденістегі драматургия үстем болды. Қазақ сөз өнерінде драматургия 20 ғасырдыңдың басында қалыптасты. Қазақ жастары ұйымдастырған әдебиет, ойын-сауық кештері ұлттық сахналық өнер мен драматургияның бастамасы болды. Бұлардың тәжірибелері отандық драматургияның пайда болуына, ұлттық драм. шығармалардың жазылуына ықпал жасады. Қазақстанның әр түкпіріндегі алғашқы сахналық талпыныстар Қазан төңкерісімен ілесе, ұлттық драматургияның дүниеге келуіне негіз болды. 1915 жылы К.Тоғысовтың “Надандық құрбаны” драмасы жеке кітап болып Уфада басылып шықты. Төңкеріс қарсаңында және одан кейін Ж.Аймауытов, М.Дулатов, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ж.Шанин, т.б-дың алғашқы драма шығармалары ұлттық драматургия жанрының негізін қалады. Еуропа үлгідегі драматургияның қыры мен сырын меңгеруге қазақ топырағында алғаш рет ден қойған Аймауытов. Оның тұңғыш үш пьесасы (“Рәбиға”, “Мансапқорлар”, “Қанапия — Шәрбану”) 1916 — 1917 жылы, ал “Ел қорғаны”, “Шернияз”, “Сылаң қыз” 1920 — 1925 жылдар ішінде жазылған. Бұларда сол уақыттағы қазақ қоғамындағы тұрмыс-салттан бастап, әлеуметтік оқиғалар суреттелген. Аймауытов қазақтың ауыз әдебиетін жетік біле тұра, көне дәуірді бейнелейтін пьеса жазбаған. Оның пьесаларының барлығында өз кезеңінің болмысы суреттелген. Және басқа драматургтердің шығармаларына ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері де айқын. Барлық пьесаларының шымылдығы жеке кейіпкерлердің психология толғанысынан бастау алады. Аймауытов пьесалары сол жылдары жеке-жеке кітап болып басылып шыққан.

Драма — көркем шындықты ерекше тәсілдерімен шиеленіскен тартыстар желісіне жинақтап, оқиғаға қатысатын кейіпкерлер сөзі мен іс-қимылы арқылы көрсететін сөз өнерінің күрделі тегі. Драмалық шығармаларда баяндау болмайды. Оқиға, яғни тартыс желісі репликалар (кейіпкер сөзі) арқылы дамиды. Автор кейіпкерлердің қимыл-қозғалысын білдіретін түсініктемелерді жақша ішіне бөлек жазып отырады. Оларды авторлық ремарка не ремарка деп атайды. Оқиғаның негізгі даму арнасы болып табылатын кейіпкерлер сөзі, яғни репликалар, көбінесе, диалог, кейде монолог түрінде болады. Қалай болғанда да репликалар шымыр, ондағы кейіпкер мүддесі мен құштарлығы, аласұрған сезім әлемі көрермендерді еліктіретіндей деңгейде құрылуы қажет. Олар өлең түрінде де, қара сөз түрінде де бола береді. Драмалық шығармалардың құрылымы ондағы оқиға мен тартыстардың даму қарқынына және ауқымына байланысты көріністерге, актілерге, бөлімдерге бөлінеді. Ал композициялық тұрғыдан Драмада оқиғаның (тартыстың) басталуы, шиеленісуі, шарықтау шегі, шешімін табуы болады. Кейбір шығармалар мұндай классик. үлгіден өзгеше, яғни бірден тартыстың шиеленіскен тұсынан басталуы мүмкін. Ежелгі грек трагедияларында сахналық шығармалардағы тартыс аяқталып, өз шешімін тапқан соң, міндетті түрде бас кейіпкердің азапты күйі көрсетілген. Мұны катарсис, яғни күйіне отырып күнәсінен арылу деп атаған. Сезім мен қайғы-қасіретке толы бас кейіпкер монологі көрермендерге қатты әсер еткен. Қазіргі заманғы драмаларда, әсіресе, қазақ драмаларында осы үрдіс қолданылып жүр

Драматизм сондай-ақ, әрі негізгі ұғым. Қаһармандары өмір сүріп отырған қоғамның тынысы, заманның ағысы, кейіпкерлері атқарған әрекет – барлығы жағдайға байланысты дамиды. ХХ ғасырдың басында жанр есебінде дүниеге келіп, басқа халықтардың драма жанры тарихымен салыстыра қарағанда, аз ғана уақыттың ішінде әлемдік деңгейде дамып үлгерген қазақ драматургиясының қалыптасу жолы күрделі. Халықтың шындық, әділет, ақиқат ұранын алтын арқау еткен қазақ әдебиеті-қалың қауым арманының шапағатты нұрынан жаратылған, ең үздік дәстүрлерді ілгері жалғастырған, адам баласы қан-қазынасына толымды қор қосқан жаңа сапалы құбылыс.

Ұлт әдебиет үлгілерінің өзара әсері мен бірін-бірі құнарландыруы, жанрлық формалардың дамуы мен баюы, үздік жетістіктер мен дәстүрлердің ортақ игілікке айналуы, асылында, қазіргі әдеби процестің негізгі тенденциясы екендігіне дау жоқ. Ұлтымыздың рухани паспорты болып табылатын қазақ әдебиеті аз уақыт ішінде аса шапшаң даму кезеңдерінен өтіп, кемелденген өнерге тән жанрлық салалардың бәрін тудырып, жетілді, өрлеу бағытында реализмнің кең, даңғыл айдынына шықты. Өнер мен әдебиеттің, күллі мәдени қазынаның көзі ашылып, драматургия, опера, балет, симфония сияқты барша өркениетті елдерге тән жанрлық формалар қаулап өсті.

Қазақстан драмаратургиясы

Қазақ ұлттық драматургиясы – бүгінгі күні жан-жақты даму үстіндегі жанр. Арнайы зерттеу нысанасына алынып және жекелеген белгілі қаламгерлеріміздің шығармашылықтарын қарастыруда да бірнеше құнды еңбектер жазылған. Қазақ драматургиясы өзінің даму жолын, сатысын – әлем, батыс драматургиясының озық шығармаларынан үлгі алып, сабақтастырады.

Қазақтың алғашқы пьесаларын заманның талабына сәйкес сомдағандар XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алаштың ардақты ұлдары Иманғали Меңдіханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллиндер болды.

Драматургия – қазақ әдебиетінде ХХ ғасырдың басында әлеуметтік-қоғамдық факторлардың ықпалымен, ұлттық өнердің тарихи дамуының заңды жемісі ретінде туған таза жаңа жанрлық түр. Қазақ драматургиясының тез өсіп, жедел жетілуіне әсер еткен негізгі факторлардың бірі – халықтың ғасырлар бойы жинақталған, сұрыпталған, екшеленген бай фольклоры болды. Алғашқы драматургтер эпостық материалдарды арқау ете отырып, жаңа жанрдың үлгілерін жасады. Мәселен, Ж.Шаниннің “Арқалық батыр”, М.Әуезовтің “Еңлік – Кебек”, “Қарақыпшақ Қобыланды”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу”, “Қыз Жібек” пьесалары – эпостық дәстүрлер мен әлемдік драматургия сабақтарын шебер ұштастырудан туған кесек шығармалар, әдеби дамуға ықпал еткен ұлттық классика.

Ұлттық драматургияда төңкеріс тақырыбын алғаш көтерген С.Сейфуллин болды. Оның “Бақыт жолына”, “Қызыл сұңқарлар” пьесаларында драмаға лайықты сипат сақталған. Бұл аталған пьесалардың үгіттік бағытынан, көркемдік және тарихи шындықтың тұтастығынан, оқиғаның құжаттық дәлділігінен, этнограф бедерінің сақталуынан көрінеді. Осы тақырыптың жалғасы ретіндегі Шаниннің “Шахта” пьесасы бірнеше рет жөнделіп, өңделген нұсқасында қазақ жұмысшыларының өмірін, саяси күреске араласуын суреттейді. 20 ғасырдың 20-жылдарындағы отандық драматургияда әйел бостандығы мен теңдігі басты тақырыпқа айналды. Солардың бірі 1926 жылы Кемеңгеровтың “Алтын сақина” мен “Ескі оқу” пьесалары Қазақ драма театрының сахнасында қойылды. Театрдың алғашқы жылдарындағы репертуарынан Б.Майлиннің шағын комедиялары, Ж.Тілепбергеновтің “Сүйіскендер”, “Перизат — Рамазан”, Р.Малабаевтың “Үй тұтқындары”, “Ғұрып күні”, С.Аблановтың “Күндеспейтін қатын”, А.Тоқмағанбетовтың “Екі заң”, т.б. пьесалары орын алды. Бұлардың ішінде театр репертуарында ұзақ сақталғаны — “Перизат — Рамазан” және А.Оспанов пен Е.Өтеулиннің “Зарлығы”. 20 ғасырдың 20 — 30-жылдарындағы драматургияда трагедия жанрының дамуы айқын көрініс берді. Олардың көбісі тарихи-эпостық жырлардың негізінде жазылған. Кезінде театр репертуарынан берік орын алған Шаниннің “Арқалық батыры” 1924 жылы жеке кітап болып басылып шықты. Екі бөлімнен тұратын пьеса премьерасы сахнада қатарынан екі күн жүрген. “Арқалық батыр” трагедиясы — отандық драматургиядағы фольклорлық материалды игерудің тұңғыш қадамы. Шаниннің бірнеше шағын комедиялық шығармалары да сахнаға шықты. Олар — “Торсықбай” мен “Айдарбек”, бұлардың сюжеттерінің желісі — ауыз әдебиетінің негізіне құрылған, қазақтың әйгілі әзілкештерінің төңірегінен өрбитін аңыз-әңгімелер мен олардың күлдіргі әрекеттері. Комедия жанрына ерекше көңіл аударып, негізін қалаушылардың бірі — Майлиннің көптеген шағын күлкілі шығармалары театр мен үйірмелердің репертуарынан берік орын алды. Атап айтқанда “Шаншар молда”, “Ел мектебі”, “Неке қияр”, “Айша”, “Сәлде”, “Көзілдірік”, т.б. Бұларда комедияның шағын үлгілері — скетч, водевильге тән түрлері кездеседі.

Қазақ драматургтарының жаңа тақырыптарды меңгеру жолындағы ізденістері Қазан төңкерісімен, төңкеріс тудырған әлеуметтік өзгерістерді, халық санасындағы айрықша құбылыстарды бейнелеу мақсатымен терең ұштасып отыр. Бұл жаңалық С.Сейфуллинің “Қызыл сұңқарлар” драмасынан басталып, қазақ әдебиетіндегі берекелі, жемісті мақсатқа айналды. Қазақ әдебиеті мен өнері туралы тұтас жүйелі ғылым салаларының туып, қалыптасып, шарықтап дамуында А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Исмайылов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев тарихи еңбек сіңіріп, жаңа арналардың негізін салды. Ал Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, Ә.Тәжібаев, Е.Лизунова, 3.Ахметов, С.Қирабаев, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, 3.Қабдолов, Ә.Шәріпов, Т.Кәкішев, М.Хасенов, Б.Наурызбаев, Н.Ғабдуллин, А.Нұрқатов, Т.Қожекеев, X.Әдібаев, Ә.Нарымбетов, Т.Әбдірахманова, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағүлов еңбектері қазіргі әдеби процесс мәселелеріне, жеке қаламгерлер шығармашылығына жанр, стиль және әдеби әдіс проблемаларын саралауға арналған. Фольклордың, әдебиет тарихы мен әдеби байланыстардың өзекті мәселелері - Ә.Марғүлан, А.С.Орлов, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, Ә.Қоңыратбаев, Ы.Дүйсенбаев, М.Фетисов, Е.Ғабдиров, К.Қанафиева, Қ.Мұқаметханов, Ш.Сәтбаева, Л.Әуезова, М.Бөжеев, X.Сүйіншәлиев, С.Сейітов, М.Мырзахметов, Ө.Күмісбаев, М.Мағауин, Б.Уахатов, С.Қасқабасов, Е.Тұрсынов еңбектерінің басты арқауы. Әдебиеттанудағы Б.Майтанов, Д.Ысқақов, А.Қыраубаева, С.Негимов, Ж.Дәдебаев, А.Еспембетов, Ш.Ибраев, Б.Әбілқасымов, Қ.Алпысбаев, Т.Жұртбаев, Қ.Ергөбеков, Б.Ыбырайымов, 3.Бисенғалиев, Б.Мамыраев, А.Жақсылықов зерттеулері ксйінгі жылдардағы жетістіктерімізді көрсетеді. Қазақ әдебиеттану ғылымында поэзия, эпикалық проза, әсіресе, роман түбегейлі зерттеліп келе жатыр. Ал драматургия туралы арнаулы еңбектерден С.Ордалиевтің "Қазақ драматургиясының очеркі" (1964), Р.Рүстембекованың "Қазақ совет комедиясы" (1975). М.Дүйсеновтің "Қазақ драматургиясының жанр, стиль мәселесі" (1977), Е.Жақьшовтың "Дастаннан драмаға" (1979), Н.Ғабдуллиннің "Ғ. Мүсрепов -драматург" (1982) зерттеулерін бөліп атау қажет. Театр сыншылары Ғ.Тоғжанов, I.Жансүгіров (1933), Н.Львов (1957), Қ.Қуандықов (1969, 1972), Б.Құндақбаев (1976), О.Қайдалова (1977), У.Садықова (1967), А.Тоқпанов (1976), Л.Богатенкова (1979), Ә.Сығаев, Қ.Уәлиев еңбектерінде драматургия туралы айтылған құнды тұжырымдар бар. Тұтас алғанда, қазақ драматургиясын зерттеу саласында бірқыдыру істер тынды: жанрлық қалыптасу кезеңдер анықталды; жеке драматургтер шығармашылығы ғылыми тұрғыдан тексерілді, алғашқы жанрлық классификация жасалды. Сондықтан да қазақ әдебиеттануының қазіргі деңгейі драма жанрларының спецификалық ерекшеліктерін, поэтикасын айқындауды, олардың әдеби дамудағы орны мен маңызын ашуды, өрістеу процесін тиянақтауды, жанрлық структуралардың өзгерістерін, олардың өзара байланысы мен баюын көрсетуді талап етеді. Қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеу, идеялық-эстетикалық ерекшеліктерді айқындау, қазіргі жанрлық дамудың теңденцияларын ашып көрсету мақсаттары ізденістің негізгі нысанасы болмақ. Бұл мәселелерді тексеру, біздің ойымызша, бүгінгі әдеби-көркем процесс диалектикасына бойлап енуге, ұлттық және интернационалдық дәстүрлердің арақатынасын көрсетуге, белгілі кезеңдердегі әдеби даму, заңдылықтарын ашуға мүмкіндік берсе керек. Мұның үстіне қазақ драматургиясының дамуындағы қалыптасқан дәстүрлер мен тұрақты байланыстарды анықтау, олқылықтар мен кемшіліктерді көрсету келешек өрістерді болжауға жағдай жасары сөзсіз.

"Әдеби дамудың әр кезеңінде, - деп тұжырымдайды академик Д.С.Лихачев, - жанрлар түрлі өзгермелі факторлардың әсерінен қалыптасып, сан алуан қасиеттерге ие болғандықтан, әдебиет тарихы алдыңда ерекше міндеттер туады: жанрларды ғана емес, жанрлық саралауды тудыратын принциптерді зерттеу керек, жеке жанрларды, олардың тарихын ғана емес, әр дәуірдегі жанрлар жүйесін (системасын) зерттеу керек". (Д.С.Лихачев. "Көне орыс әдебиетінің поэтикасы", 3-басылуы, М., "Ғылым", 1979, 55-б).

Қазақ ұлтының өміріндегі елеулі кезеңдердің бәріне де драматургтер үн қосып отырды. Ұлы Отан соғысы жылдарында да драматургтер қаламынан бірқатар айтулы пьесалардың туғандығы белгілі. М.Әуезовтің “Сын сағатта” пьесасынан бастап драматургияда майдан тақырыбы соғыс біткенше жалғасты. Уақыт озып, әдебиет жанрлары уақыттың, қоғамның талабына сай жаңарып, жаңғыруына байланысты әдебиеттегі драма жанры да осы жалпы даму процесін басынан өткізген.

Драматургия кез-келген қалам иесіне жалына сипатар жанр емес екені баршамызға белгілі. 1970-1990 жылдардағы драмашылар өздерінің драмалық шығармаларында тақырып, образдар, тартыс, характер, драма монологы мен диалогын, кейіпкер сөзін, психологиясын, драмалық жағдай тудыруда шеберліктерін айқын танытуда. Себебі, қазір халыққа бүгінгі күннің тақырыбын қозғайтын асығыс жазылған шығарма емес, оның ақыл-ойына, ар-ұжданына ықпал жасай алатын, жүрегінен мәңгі орын алатын асқан шеберлікпен жазылған құнды пьесалар керек.

Тұжырымдар

1. Драма (грекше drama – қимыл-әрекет) – сахнаға арналған оқиғаны, оған қатысушы кейіпкерлердің іс-әрекетін, көңіл-күйін көрсету арқылы баяндайтын әдеби шығармалар.

2. Қазақ ұлттық драматургиясы – бүгінгі күні жан-жақты даму үстіндегі жанр. Арнайы зерттеу нысанасына алынып және жекелеген белгілі қаламгерлеріміздің шығармашылықтарын қарастыруда да бірнеше құнды еңбектер жазылған. Қазақ драматургиясы өзінің даму жолын, сатысын – әлем, батыс драматургиясының озық шығармаларынан үлгі алып, сабақтастырады. Қазақтың алғашқы пьесаларын заманның талабына сәйкес сомдағандар XIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында алаштың ардақты ұлдары Иманғали Меңдіханов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллиндер болды.

3. Қазақ драматургиясының жанрларын жүйелі түрде зерттеу, идеялық-эстетикалық ерекшеліктерді айқындау, қазіргі жанрлық дамудың теңденцияларын ашып көрсету мақсаттары ізденістің негізгі нысанасы болмақ.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент драма жанрының табиғатын, өзіндік белгілерін, қазақ ұлттық драмасының табиғатын, өзіндік белгілерін, қазақ ұлттық драматургиясының қалыптасу жолдарын білу қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Р. Нұрғали. Драма өнері. Алматы Санат, 2001, 3-8 б.

2. Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2001,

3. Қ. Жұмалиев → Драмалық жанрдың түрлері. Әдеби әлем - adebiet.kz сайты.

4. Кардулло Берт. Драматургия деген не? Нью-Йорк: Peter Lang Publishing, 2005. 4-бет.

2-сабақ. Драма жанрының ішкі түрлері. Драмадағы тартыс және характер

Мақсаты: Драма жанрының түрлері, драмадағы мінез бен тартыс, кейіпкерлердің ішкі әлемі, қаһармандық, саяси-әлеуметтік, ғұмырнамалық драмалардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы түсінік беру

Сұрақтар:

1. Драмадағы тартыс, сюжет және тақырып.

2. Драма жанрының ішкі түрлері.

3. Драмадағы тартыс және характер.

4. Драма жанры түрлерінің қалыптасып, даму жолдары.

5. Қаһармандық драма.

6. Саяси-әлеуметтік драма

7. Тарихи-ғұмырнамалық

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: тартыс, характер, сюжет, тақырып, қаһармандық драма, саяси-әлеуметтік драма, ғұмырнамалық драма.

Сабақ мәтіні (тезис)

Драматургиядағы шығармалар – әдебиет оқырмандары мен театр,
кино көрермендеріне арналған көрнек өнері (көркемөнер) рухани құндылықтары.
Қазақ топырағында драматургияны дамытқандар қатарында Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жұмат Шанин пьесалары ұлттық классикалық дәстүр жолын қалыптастырды және т.б. кейінгі толқын драматург-қаламгерлер шығармашылығы арқылы жалғасты. Драматургия саласындағы әдебиеттану мен театртану, өнертану тұрғысындағы егізделе, теориялық-тәжірибелік тұтастықпен өрілген зерттеулер, танымдық бағалаулар да үздіксіз жазылумен келеді. Аристотельдің «Поэтика», Никола Буалоның (1636-1711), «Поэтикалық өнер» (1674), Дени Дидроның «Актер туралы парадокс» (1773-1778 жылы жазылып, 1830 ж. жарық көрген), «Драмалық поэзия туралы», Гатхохольд Эфраим Лессингтің «Гамбургтік драматургия» (1767-1769) атты еңбектерінде классикалық драматургияның поэтикалық табиғаты туралы бағалаулар жазылды. Георг Вильгельм Фридрих Гегельдің (1770-1831), В. Г. Белинскийдің (1811-1848) еңбектерінде де драматургия мәселелеріне байланысты пікірлері бар. Әдебиеттану, театртану-өнертану тұрғысында жазылған қазақ зерттеушілерінің (С. Сейфуллин, М. Әуезов, Ж. Шанин, А. Тоқпанов, Ә. Тәжібаев, С. Ордалиев, Б. Құндақбаев, Р. Нұрғалиев, Р. Рүстембекова, Ә. Сығаев, Ә. Бөпежанова және т.б.) еңбектері осы саладағы зерттеулер жүйесін құрайды.
Сонымен бірге біз мелодраманы драма жанрының бір түрі ретінде қарастырамыз. Мелодрама (гр. melos — өлең және драма) — драма жанрының бір түрі. Шиеленіскен тартысқа құрылатын, моральдық тенденциялармен ерекшеленетін пьесалар. Мелодраманың пайда болуы 18 ғасырдағы француз ағартушы демократиялық ағыммен тығыз байланысты. Алғашқы мелодраммалар 18 ғасырдың аяғында Француз буржуазиялық төңкерісі жылдары пайда болды (“Монастырь құрбандары”, Монвель, 1791; “Робер, қарақшылар атаманы”, Амартельер, 1792, тағы басқа). Олар әлеуметтік әділетсіздікке,,тиранияға, діни фанатизмге қарсы жазылған пьесалар еді. Мелодрама авторлары сюжетті негізінен “үрей мен құпия” жайындағы немесе “готикалық” романдардан алды. 18 ғасырдың аяғы мен 19 ғасырдың басында Францияда мелодрамманың көрнекті өкілдері — Г.Пиксерекур, Л.Ш. Кенье, Кювелье де Три, Ұлыбританияда М.Г. Льюис, Т.Холкрофт, тағы басқа болды. Мелодрама классицизм ережелерін бұзып, романтиктік драманы қалыптастыра бастады. Мелодрама авторлары трагедия мен комедияны үйлестіріп, драматругия тақырыбын кеңейтті. 19 ғасырдың 20-жылдары мелодраммада көңілсіз оқиғалар басым келіп, соңы трагедиямен аяқтала бастады. Мелодраманың романтиктік драмаға жақындауы әсіресе В.Дюканждың (“Отыз жыл немесе Ойыншының өмірі”, 1827; “Ламмермурлық қалыңдық”, 1828, тағы басқа) шығармаларында айқын көріне бастады. 19 ғасырдың 20 — 40-жылдары ағылшын мелодраммасында өмірлік, шынайы сарындар пайда болды. Мелодрама актерлік өнердің қалыптасып, дамуына ықпалын тигізді. Классицизмге тән рационалистік догмалары жоқ мелодрама актер шығарманың диапазонын кеңейтті. 19 ғасырдағы романтиктік және реалистік бағыт-бағдардағы театрлар жасаған сахналық реформаларға түрткі болды. Қазіргі кезеңде мелодрама ұғымы кино өнеріндегі жанрдың атауы ретінде де қолданылады. Қазақ киносында мелодрамалық сарындағы телесериалдар (“Тоғысқан тағдырлар”, “Шегіртке”) түсіріліп, көрермендер назарына ұсынылды.ъДрамалық жанрға жататын шығармалар диалог түрінде жазылады. Автор қатысушылардың сөздерін бұлжытпай, төл сөз күйінде береді. Және артист қалай айтуы керек, әр жағдайда қимыл, құбылыс қандай болуы керектігін көрсетеді. Қатысушылардың сахнада айтатын сөздері - реплика делінеді де, ал артистердің бет-құбылыс, қимыл, қозғалыстары қандай болуы керектігіне берілетін сілтеулерді - авторлық ремарка деп атайды. Ремарка (француз тілінде - «ескерту»)- драматургиялық термин. Ремарканың негізгі мағынасы - әрекеттің орны мен уақыты, сонымен бірге сахналық қимылдар мен персонаждың психологиялық жағадайы. Жалпы қағида бойынша ремарка тек қызметтік функциясын орныдайды, бірақ кейде ол драмалық шығарманың жеке көркем-баянды бөлшегі бола алады. Ремарка драматургия тарихында ешқашан жалғыз ғана мағынаға ие болмаған және біржақты болмаған. Антикалық дәуірде ремарка актерлердің қимылдарын білдіріп, сахнаға шығу мен кетуді көрсеткен.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1684; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.