Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 4 страница




Эпикалық трагедия

Халық қиялы оқшау жәйттерді, ерекше істерді уақыт өткен соң басқа бір қырынан көріп, жаңаша тірілтіп, жаңғыртып, ұмытпай жадына сақтайды, есіне тұтады. Солай кете береді ұрпақтан-ұрпаққа. Жиырма жасар Мұхтар Әуезовтің қиялын қозғап, қолына қалам алдырған Еңлік пен Кебек жайлы халық аңызы болатын. Дүние жүзі әдебиетіндегі бірталай ұлы шығармалар халық аңызы негізінде туғандығы белгілі. Жеріне жеткен шеберлікпен, асқан ақындық күш-қуатпен ғаламат философиялық шындықтарды поэтикалық суретпен берген Гетенің "Фауст" трагедиясының сюжеттік желісі халық әдебиетінде жатыр. Неміс Клингер "Фаустың өмірі, қызметі, өлімі" деген роман, ағылшын Марло "Доктор Фаустың қайғылы тарихы" атты трагедия жазды. Тақырыпты әр түрлі пайымдағанмен бұлардың бәрі де көркемдігі, тереңдігі жағынан Гете трагедиясынан көш кейін. Мұндай фактілер арқылы аңыз бен көркем әдебиеттің байланысы, әр жазушы аңызды өз творчествосында қалай пайдаланды деген мөселелерді айқындауға болады. "Енлік - Кебек" аңызының нұсқаларына тоқталғанда, осы мақсат көзделеді. Тартысты үсті-үстіне ширықтыру, психологиялық кризиске жаңа түрткі беру, сөйтіп қаһармандар келбетін кескіндеу реалистік драматургияға етене нәрсе. Шекспир Гамлеті де, Горький Булычовы да, Ибсен Пер Гюнті де, әлем драматургиясындағы толып жатқан ірі характерлер осы тәсілмен қалыптанғаны аян.

Пьесадағы тартыстың үдеп барып, асқынып кеткен тұсы екі ел билерінің тоқайласу сценасы. Өмірлік қайшылық көркем образдар арқылы өнер тілімен тамаша көрініс береді. Бұл жерде Еңлік пен Кебек оқиғаға араласпаса да контраст өз-өзінен байқалып тұрады. Оларға деген симпатия молая түседі. Билер сценасын деміңізді ішіңізге тартқан жітілікпен қадағалайсыз.

Адамгершілік-тұрмыстық трагедия

Қат-қабат қайшылықтарды, үлкен тартыстарды аз ғана адамдардың тағдыры, тіпті бір отбасы мүшелерінің қым-қиғаш тірлігі арқылы көрсетіп беру тәжірибесі дүниежүзілік әдебиеттің ұзына бойы тарихынан белгілі дәстүр. Басқа жанрларды ауызға алмаған күннің өзінде, драматургиядан ондаған мысал келтіруге болар еді: көне грек әдебиетіндегі «Патша Эдип», ағылшын әдебиетіндегі «Любовь Яровая» пьесалары.

Бір отбасындағы мінез-пиғыл, арман-тілек, білім-өре, характер-сипат айырмашылықтары – ерекше шиеленіскен түйін ретінде, әсіресе, драмалық шығармаға жақсы өмірлік материал. 1918 жылы жазылып, 1932 жылы жарық көрген «Бәйбіше-тоқал» трагедиясы - Әуезовтің төңкеріс алдындағы қазақ өмірін суреттейтін драмалық, прозалық шығармалар циклі ішіндегі бір алуаны. Бұл трагедия тақырыптық жағынан Қошке Кемеңгеровтің «Алтын сақина» пьесасымен ыңғайлас келеді. Негізінен, бір семья ішіндегі рухани қақтығыстардың шиеленісін, көк жұлын болып, ішкі-сыртқы соққылардың дүмпуінен жиылып келіп, ақыры кісі өлімімен аяқталуын көрсететін пьесаның қаһармандары, олардың әлеуметтік ортасы, тұрмыс-салты типтік жағдайда берілгендігін бірден айту қажет. Материалды іріктеу принципінен жас драматургтің әлемдік әдебиеттің классикалық үлгілерінен сабақ алғандығы жақсы аңғарылады.

Сюжеттік желісі, басты қаһармандары халықтық аңыздан өрбіген «Еңлік – Кебек» трагедиясынан кейін араға небәрі бір-ақ жыл салып, фабуласын, композициясын, архитектоникасын, образдарын, идеясын өз жанынан шығарып, соны, оригиналды драматургиялық шығарма тудыру - Әуезовтің творчестволық эволюциясының тез өскендігін, жылдам марқайғандығын дәлелдейтін факторлардың бірі. Бұл күрт өсу тенденциясы Мұхтардың өзінен бұрын қазақ әдебиетінде қозғалмаған қабатты қопарумен қоса, драматургияның жанрлық ерекшеліктері мен объективті көркемдік заңдылықтарын бажайлап түсініп, материалды еркін баурап пайдалануынан да байқалады.

«Бәйбіше-тоқал» трагедиясын тақырыптық жағынан алғанда, Спандияр Көбеевтің «Қалыңмал», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» тәрізді шығармаларымен сабақтастыра қарау қажет.

Талант, тәжрибе, шеберлік әр қилылығынан туған өзгешеліктерге қарамастан, бұл шығармалардың бәрін ұқсас ететін нәрсе бар. Ол – қалыңмал кесапатын сынау, әйел теңсіздігін әшкерлеу. «Еңлік-Кебектің» алғашқы нұсқасындағы негізгі сарынның бірі осы болса, «Бәйбіше-тоқалда» бұл тақырыпты Әуезов басқа қазақ жазушыларынан өзгеше кемерде шешеді, жаңа бір пайымдау жасайды. Әуезов трагедиясына әйел теңдігі мәселесі дара күйде алынбайды. Билікке таласу, партиягершілік сұмдығы, түрлі ситуациялар көрініс береді,әлденеше типті адамдар өзіндік психологиясымен ашылып, қазақ қоғамының бір қыры көз алдымызға келеді. Жоғарыда аталған шығармалардың қайсысында болмасын әйелдер запы көрген, соры қайнап, сорпасы төгілген пұшаймен жандар ретінде суреттелсе, Әуезов суреттің екінші қырын қақас жібермейді. Кейбір әйелдердің өзінің де зорлықшы, тізе батырушы, қолшыл сипатын бейнелейді.

«Бәйбіше-тоқал» трагедиясы Есендік байдың қызы Дәмеш пен келіні Күләштің қоңыр қабақ, қамкөңіл пішінде төмен қарап, мұңайып отырып айтатын әңгімесінен басталады. Авторлық ремаркадан бұл үйдің қаралы екендігі белгілі болады. «Еңлік-Кебектің» алғашқы нұсқасындағыдай тұрмыстық детальдары санап көрсеткен ремарка емес, көңіл күйге, психологияға қатысты дәлді, қысқа ремарка бар. Бір қарағанда, алғашқы көрністе қимыл, сахналық әрекет аз сияқты. Ал, шындығында «шу» дегеннен көп сырдың беті ашылады: Есендіктің бәйбішесі Бәтима дүние салғалы жиырма күн болыпты; тоқалы Қайшаның бәйбішемен, одан туған балалармен қаны қас; Есендіктің тоқалына бүйрегі бұрған сыңайы бар; от басы, ошақ бұтының күндестігі емес, мал-мүлікке, дүние-байлыққа таласу – бұл шаңыраққа түскен жарықшақтың ең үлкені.

Дәмен мен Күләш арасындағы диалог көп түйіннің қарасын көрсетіп, әр кемерге сілтеп, тартыстар ауданын аңғартады. Сырттай аз мінездеудің өзінен Қайша сырынан хабардар болып қаламыз. Бұл көрініс – трагедияның экспозициясы. Салған жерден негізгі тартыс арнасының бағыты айқындалады. Рас, Дәмештің көбіне сұрақ қойып, оған Күләштің жауап беруі ретінде қиыстырылған бұл сценада ширыққан драмалық әрекеттен эпикалық баяндау басым. Пьесаның әр пердесі бірнеше көрініске бөлінген. Бірақ сол көріністер арасында пышақ кесті су ағар жоқ, оқиға бөлшектенбес ағын сияқты тұтасып келіп отырады. Кішкентай-кішкентай эпизодтар өзара байланысып, сюжет бірлігін құрайды.

Көркемдік қасиеттеріне келгенде, «Хан Кене» пьесасының көп сарындылық, полифониялық сипатын ерекше айту керек. Халық өмірінің ең бір күрделі, қиын, қанды кезеңіне арналған трагедиялық үлкен шығарма үшін бас-аяғы жиырма екі кейіпкердің алынуы туындының мейлінше ықшамдылығын көрсетеді. Прологы бар, бес пердеден, ұзын саны қырық жеті көріністен тұратын бұл пьеса драмалық жанрдың композицияға, характерге, психологиялық талдауға қоятын ең қатал-шарт талаптарына жауап береді. Мінездер қақтығысы, тағдырлар шарпылуы Шекспирлік биік деңгейде.

Босқа жүрген бірде-бір персонаж жоқ. Тіпті, аты-жөні түстелмеген кейіпкерлердің аузымен авторлық идея, халық пікірі білінеді, өтіп жатқан оқиғаға тың көзбен баға беріледі. Мұны уақыт кесімі, мезгіл үні десе де болғандай, ұлы шығарма – «Кенесары-Наурызбай» дастанын туғызған Нысанбай жырау бір қаһарман ретінде берілген. Кенені хан көтергендегі Шеген бидің сөзі халық даналығының айнымас белгісіндей, Ағыбай, Жоламан, Бұқарбай, Ержан батырлар көз алдыңда қалып қояды. Трагедияда Кенесарының хан сайлануы салтанатын былай қойғанда, негізінен, ұлт-азаттық қозғалысының соңғы кезеңі, оқиғаның оңтүстік өлкеде өрбуі бейнеленеді. Сондықтан орыс әскерлерімен арадағы шайқас, қазақ ішіндегі соғыстар, Қоқанмен қақтығыс оқиғалары жоқ. Мұның бәрі бір драмалық шығарма сыймайды да. Оның есесіне қазақ-қырғыз қатынастары ешбір бүркемесіз, барлық ащы шындығымен айқара ашылады. Қазақ ру басыларын еркіндік, азаттық, тәуелсіздік жалауының астына топтай алмаған Кенесары қырғыз манаптарына да бұл ойын өткізе алмайды. Патша өкіметінен жасырын көмек алған, әрі қоқандықтармен ауыз жаласқан, Дулат басшыларымен жең ұшынан жалғасқан Орман, Жанқараш, Жантайлармен бейбіт мәмілеге келмеген соң, күшпен тізе бүктірмек болған Кенесары-Наурызбай қосындарының кейбір шектен асқан зорлығы қырғыздың қара қауымын да шапқа түртіп, өшпенділік отына май құйған. Қырғыз елшілері Жманқара, Кәрібоз осы шындықтарды хан Кенеге бетің бар, жүзің бар демей, көзге қамшы соққандай етіп, қасқайып тұрып айтады. Әке, ағаларының дұшпан қолынан мерт болғанын табалай сөйлейді. Өліспей беріспейтін айбат көрсетіп, аспанға шапшиды. Сондай ерегес сөз үстінде Наурызбай елші Жаманқараны өлтіріп жібереді.

Драматург бүйрегі қазақ, қырғыздың ешқайсысына бұрмайды. Тарихи қанды оқиғаны, хан Кененің соңғы сәттерін зор трагедиялық қуатпен реалистік тұрғыда көрсетіп береді. Ұлттық өміріміздегі ерекше мәнді оқиғаларға терең назар аударып, халқымыздың ұлы перзенттерінің ғұмырынан шығарма жазуды биік мақсат, өр нысана ету – Ілияс Жансүгіров талантының асыл нәрі, алтын өзегі; тарихи зор әрекеттерді ойшыл, зерттеуші көзімен дәл танып, нәзік бейнелеуді армандаған қаламгер қажыры.

Отызыншы жылдардың орта шенінде, тарихшыларымыз Қазақстанның өткеніне байланысты ғылыми объективті пікірлерді анық тұжырымдап бітпеген кезде, жазушыларымыз әлі тарихи-төңкерістік, тарихи-ғұмырнамалық тақырыпқа бойлап бармай тұрған шақта Жансүгіровтің Исатай - Махамбет өмірінен пьеса жазуы шығармашылық үлкен батылдық, әдебиетіміз үшін маңызды қадам болатын. Драматург ең әуелі Исатай – Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің әлеуметтік мәнін, қозғаушы күштерін, жеңілу себептерін тарихи тұрғыдан айқын, дұрыс түсінген. Өмірде болған, көтеріліске қатысқан адамдардың іс-қылығын дәл көрсеткен. Жер, ру, кісі аттары өз ақлпында алынған. Осындай деректі, документті негізі бар шығарма сахналық өнердің биік, қатал күрделі талаптарына жауап берерліктей көркем, шебер. Трагедияны жазу үстінде І. Жансүгіров қандай архив деректеріне, жазба материалдарға, кімдердің ауызша әңгімелеріне, шежіре-жырларға сүйенді, дәл бүгін, ақын архивін толық танысу мүмкіндігі тумай тұрған шақта бұл мәселеге толық, орнықты жауап бере алмаймыз. Пьесаның зор олжасы – Исатай бейнесі диалектикалық бірлекте, қайшылық-қасиеті сом тұтастықта алынған. Абзалында Ілияс Жансүгіровтің «Исатай-Махамбет» трагедиясы өмірлік фактілерінің дәлдігі, оларды сұрыптауы, кейіпкерлерді даралауы, драматургиялық құрылысы, идеялық-эстетикалық нысанасы – жалпы маңызы жөнінен осы тақырыпқа арналып бұрын-соңды жазылған, М. Ақынжановтың «Исатай – Махамбет», Ғ. Слановтың «Махамбет», Б. Аманшиннің «Жақия» пьесаларынан шоқтығы биік туынды десек, бұл – ұлы ақынның аруағы алдында бас ию емес, шығарманы нақты анализ жасаудан туған дәлелді тұжырым, әдеби дамудың шындығы.

Көлем жөнінен алғанда күні бүгінге дейінгі жасаған қазақ қаламгерлерінің ішінде ең мол мұра қалдырған Сәбит Мұканов қандай жанрға, қандай тақырыпқа бармасын, ең алдымен, зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізетін. Оның бұл саладағы ізденістері арнаулы ғылыми зарттеудің объектісі болуға алайық.

Ұлттық рухани тарихымыздағы ғажап құбылыстардың бірі, аз ғұмырда бітірген істері жөнінен келгенде күллі әлем ауызға алатын данышпандармен қатар тұра алатын жалғыз қазақ бар десек, ол дау жоқ – Шоқан Уәлиханов. Осы ұлы адамның өмірін, ғылыим еңбектерін зерттеуде екі академигіміз Сәбит Мұқанов пен Әлкей Марғұлан көп жылдар мол еңбек етті, зор қажыр-қайратпен мезгілсіз уақытта туған азаматеңбегінің халқына табыс етілуіне жағдай жасады. Бірінші жазылған “Шоқан Уәлиханов” трагедиясынан кейін көп томдық романдар шоғырының алғашқы кітаптары дүниеге келді. Кітапханалар, архивтер, Шоқан болған қалалар, Шоқан басқан жолдарды Сәбит Мұқанов түгел көрді, шекарадан өтіп Шығыс Түркістан, Қашқарға дейін барды. Ұйғыр халқының қалың ортасында болып келгеннен соң, ойланып, толғанудан, тақырыпты терең білуден, материалдың маңыздылығынан барын драматург бір объектіден өзектес екі шығарма пьеса-дилогия тудырады. Сөйтіп Шоқанның жас жігіт кезін көрсететін “Қашқар қызы” атты екі бөлімді тарихи драма дүниеге келді. Трагедияны талдамас бұрын, алдымен, кейін жазылса да, осы драмаға тоқталайық. Пьесаның негізгі арқауына өмірде болған, тарихи дәл фактілер – Омбы кадет корпусын бітірген орыс армаясының жас офицері,Абылай ханның немересі, сұлтан Шоқан Уәлихановтың патша үкіметінің арнаулы әскери тапсырмасымен Қашқарияға барған сапары алынған. Рас, сол тапсырмадан оралған соң Шоқан тарихи, этнографиялық еңбектер жазды. Жазушы ол материалдарды пьесаға еркін, кең, сәтімен пайдаланған. Ал, пьесадағы бір қыдыру линиялардың, тартыс жүлгелерінің, сарын-идеяның, образдар кескіндерінің автор позициясынан, суреткердің фантазиясынан туғандығы хақ.

Кейіпкерлер саны көп емес, 12 адам. Оның бәрі бірдей белсенді әрекетке араласпайды, негізге тартыста жүргендер осының жартысығана. Ремаркада бұлардың түр-түсі, мінез ерекшелігі көрсетілмеген, жас шамалары, кейбіреулерінің кәсібі айтылған. Оқиға өтетін жерлерге, декорацияға қатысты ремаркалар ықшам әрі дәлді: заттар, мекен-жайлар, қимыл-қозғалыс айталыда; музыкалық сүйемел пьесада бастан-аяқ жүріп отырады. Персонаждардың қимылына, жүріс-тұрысына, жүз құбылыстарына, көрермен – сахнамен арадағы қарым- қатынасқа байланысты ескертпелер нақты.

Алғашқы сахнадаң бастап шым-шымдап бел алған тартыс жүлгелері айқындала бастайды. Қашқар елінің әлеуметтік теңсіздігі,әсіресе, әйел халінің ауырлығы, бұл жерде көз тіккен отаршыл мемлекеттердің әрекеті – осылардың әрқайсысы адамдар мінездері, характерлер қақтығысы арқылы көз алдыңа тартылады. Драматург бұл пьесадағы табысының бірі жалпы рухы жақын болғанмен, бауырлас халықтың өмірін бейнелеудің оңтайлы әдістерін таба білді: қолайлы, деректі, тарихи негізі бар материалдарды таңдап алу, тұрмыс, этнография детальдарын пайдалану, музыканы орынды кірістіру, түркілік, діни лексиканы шеберлікпен, орынды кәдеге жарату – осының бәрі қаламгердің маңызды, колорит – бояуы айқын, қызық тартысты сахналық шығарма тудыруына мүмкіндік берген.

Тарихи-ғұмырнамалық драматургия І. Жансүгіров, М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов, М.Ақынжанов, Ш. Хұсайынов тудырған отызыншы-қырықыншы жылдарда жазылған белгілі шығармаларда, негізінен, ұлттық топырақ, қазақ ортасы көрсетіледі; бұларда бірен-саран ғана өзге халық өкілдері кездеседі. Қазақ драматургиясындағы шоқтықты туындылар – М. Әуезовтің “Еңлік – Кебек”, Ж. Шаниннің “Арқалық батыр”, Ғ. Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” трагедиялары эпостық материалдарды шығармашылықпен игере отырып, ұлттық дәстүрді шебер ұштастырып жазылған аса көркем, сахнамыздың ұзақ жылдар сәні болған әйгілі шығармалар. Бұл пьесалардың көптеген ортақ сипаттары оларды бір топтастырып, эпикалық трагедия деп қарауға толық мүмкіндік береді.

Фольклор материалдарына сүйеніп жасалған М. Әуезов, Ғ. Мүсірепов трагедиялары жанрға деген жаңа көзқарастың, дамудың сапалы кезеңінің айғағы. Эпостан алынған дүниелер көп зерттеліп, авторлық идеял, суреткерлік концепция тұрғысынан қайтадан құйылып шыққан. Бұларда ауыз әдебиеті үлгілерін сөзбе-сөз көшіру, вариация жасау, белгілі мотивтерді қайталау жоқ. Халық даналығына үлкен суреткерлер өз тарапынан көп ой қосып, реалистік, типтік деңгейге көтерілген образдар жасап, өнерді байытты.Олардың қаламынан туған трагедиялар эпостық дәстүрлер мен әлемдік драматургия сабақтарын шебер ұштастырған кесек шығармалар, әдеби дамуға ықпал еткен ұлттық классика. Оптимистік рухтағы тарихи трагедиялар алыс дәуірлер, өткен күндер оқиғаларын көрсеткенде жақсылық, бостандық, теңдік үшін алысқан қайратты қаһарман өзінен әлдеқайда басым жатқан зұлмат күштердің табанына түскенімен, түптің түбінде, жаңа нашын, тың қуат салтанат құрып, әділет мерейі үстем болатынын өрісті екпінмен, ерекше пафоспен бейнелейді. Мұндай шығармалардың негізгі сүйегін нақты болған айғақты фактілер, дәлді деректер құраса да, ұшқыр қиялға, ойдан қосуға, суреткер фантазиясына ерекше көңіл бөлінеді. Орталық қаһарман қарақан бастың қамы үшін емес, ел, халық, жұрт тілегі жолына жалаң аяқ жар кешіп, асыл мұрат, қымбат ақиқат туын көтереді. Әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтардың тас диірменінде мерт болады. Мұндай ерлердің ісі мәңгі жасарына жүрек сенімі кәміл.

Үшінші топта қаралатын семьялық-адамгершілік трагедияларында оқиға шағын ортада, бір түтін бір шаңырақ астында, тіпті ет-жақын адамдар арасында өтеді. Актуалды гуманисті мәселелерді көтеретін мұндай трагедиялар қатарына “Қарагөз”, “Бәйбіше-тоқал” (М. Әуезов), “Алтын сақина” (Қ. Кемеңгеров) “Шернияз” (Ж. Аймауытов) пьесаларын жатқызуға болар еді.

Сөйтіп, қазақ драматургтерінің трагедиялық шығармаларын классификациялау және талдау бұл жанрлық форманың ұлттық әдебиетімізде кең өріс алып дамығанын көрсетеді. Үздік трагедиялық туындылар сахнадан түспей, үнемі қойылып жатқан классикалық спектакльдерге арқау болды. Бұл трагедияның драматургиямыздағы ең піскен, жетілген, толық қанды жанр екендігінің тағы бір айқын белгісі.

Тұжырымдар

1. Трагедия қаһармандары сұм заманның қатігез әдеттерімен шайқаста опат болады; олардың алдарында тас қамалдай неше түрлі кедергілер, асу бермес тосқауылдар тұрады; трагедия асқақ рухты қайсар жанның алапат күресін суреттейді. Трагедия қаһарманы теңіздей сұрапыл тебіреніс құшағында; ол өз ішіне терең бойлайды; қамырықты, қайғылы, азапты хал кешеді; кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі.

Трагедияның ең басты ерекшелігі трагедиялық тартыста көрінеді. Трагедиялық конфликт кейіпкердің тартқан азабы мен өліміне де сабақтас.

2. Ұлттық материалға сүйене отырып, екінші жағынан әлемдік әдеби дәстүрлер сабағын ескеріп, қазақ трагедиясының мынадай спецификалық ерекшеліктерін анықтап айтар едік:

- күні өтіп бара жатқан ескілік пененді туа бастаған жаңаның арасындағы бітіспейтін идеялар мен құштарлықтар арасынан туатын трагедиялық тартыс;

- асыл армандар, биік мұраттар жолында күресу үстінде қалыпты өмірдің тас қорғанына соғылып мерт болатын дара тұлғаның трагедиялық қателігі яки адасуы;

- өлім мен өмірдің шекарасында, адам мүмкіндіктерінің шегінде жететін тұстарында өтетін аса тартысты сюжетпен әбден ширатылған композицияның шығарманың барлық структуралық көркемдік эелменттерін шашау шықпас жүйеге түсіруі;

- ересен психологиялық, адамгершілік-эмоциялық әсер күшінің оқырманды (көрерменді) ерекше эстетикалық сезіммен баурап, өмірдің тұңғиық сырларын ұқтырып, жаңғыртып, өзгерткендей ықпал етуі;

- таудан аққан селдей ғажайып шешендік, найзағай жарқылындай отты айтыс, орасан бай, ерекше өрнекті халықтық орамды, бейнелі көркем тіл құнары.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент трагедия түрлерін, ерекшеліктерін, қазақ драматургиясындағы шоқтығы биік туындылары – М. Әуезовтің “Еңлік – Кебек”, Ж. Шаниннің “Арқалық батыр”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” т.б. трагедиялардың көркемдігі мен тарихи негіздерін білуі қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2002, 10-25, 91-97, 126-130 беттер.

2. Кардулло Берт. Драматургия деген не? Нью-Йорк: Peter Lang Publishing, 2005. 4-бет.

3. Трагедия // http://kk.wikipedia.org сайтында

4. Ордалиев С. Қазақ драматургиясының очеркі. А., 1964, 61-70-б.

 

4-сабақ. Комедия. Өзіндік ерекшелігі. Ішкі түрлері.

Комедиядағы тартыс. Комедиядағы характер мәселесі

Мақсаты: Комедия жанрының түрлері, комедиядағы характер және конфликт, комедия табтғаты, сатиралық және лирикалық комедияялар туралы түсінік беру

Сұрақтар:

1. Комедия. Өзіндік ерекшелігі. Ішкі түрлері.

2. Комедиядағы тартыс. Комедиядағы характер мәселесі.

3. Комедия жанрының жалпы табиғатына қатысты зерттеушілердің тұжырымдары.

4. Комедияның жанрлық ерекшелігі.

5. Комедиядағы сюжет, ситуация.

6. Сатиралық комедия.

7. Лирикалық комедия.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: комедия, характер, конфликт, лирикалық комедия, сатиралық комедия, фольклор, сюжет, ситуация.

Сабақ мәтіні (тезис)




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1438; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.