Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 8 страница




Революцияға дейінгі қазақ драматургиясының туындылары ретінде саналатын тағы бір пьеса бар. Ол – Алматы, Жаркент уездерінің крестьян начальнигі болып қызмет істеген А.И.Лиханов деген орыстың қазақ өмірінен алып жазған «Манап» атты драмасы. Пьеса қазақ тіліне аударылып, 1914 жылы «Айқап» журналының бірнеше номерінде басылып шыққан. Драмаға аударма жасаған Мұқаметқали Есенгелдин «Айқап» журналына бұл шығарманы баспаға шығарғанда алдын-ала түсіндірме мақаласын бастырады. Онда қысқаша мағлұмат беріп өтеді. Драманың төрт бөлімнен тұратындығын айтып, әр бөлім туралы қысқаша қайырады.

Жазушы бұл драманың суретін шын болған оқиғадан алып жазған. Шын қаһарманы драма жазылған уақытта көзі тірі болған. Бұл пьесада да қазақ даласындағы сорақы істің, зұлымдық әрекеттің салдарынан болған трагедиялық оқиғалар суреттелінеді. Ұзақ деген бай бірнеше жылдар бойы халыққа істеген қиянаты мен озбырлығына, талай адамдарды қанға бояған зұлымдық тірліктеріне өзі шошынып, күнәсін, көтеретін адамдарға мал беріп ақталмақ болады. Бірақ ескі әдетіне басып бай көп кешікпей-ақ өзінің жалғыз қызы Күлбарамды Әлімбек дейтін сексендегі шалға тоқалдыққа беріп, күнәсінен арылу үшін шығарған малдарын қайтарып алуды ойлайды. Күлбарам әкесінің бұл ойына көнбейді, өзінің сүйген жігіті Атамқұлмен қашып кетеді. Ұзақ крестьян начальнигіне шағым жасайды. Ол Күлбарамды Ұзаққа қайырып береді, қыз әкесіне қарсы тұрады. Ұзақ тілімді алмадың деп өз қызын өзі өлтіреді. Қызының өлген күйігіне шыдай алмай анасы да өзін-өзі өлтіреді.

Сөйтіп, бұл пьесада да ауылдағы қараңғылық пен надандықты пайдаланған шынжыр балақ, шұбар төс жуандардың зорлық-зомбылығы, өрескел қылықтары, қазақ әйелдерінің бас бостандығының жоқтығы суреттелінеді. А.И.Лиханов өзінің бұл драмасында феодалдық дәуірдегі қазақ арасындағы жексұрындық мінездерді жинақтап, драмадағы оқиғаларды мейлінше жеккөрінішті етіп суреттеуге тырысқан.

Драматург негізгі кейіпкерлерден басқа ақшаға сатылып, пара алып, Ұзақ тәрізді манаптардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып жүрген құзғындар – адвокаттар мен тілмаштардың да екіжүзділік бейнелерін жақсы суреттейді. А.И.Лиханов крестьян начальнигі және отаршыл патша үкіметінің өкілі бола тұра, қазақ даласындағы әділетсіздікті бұқара халықтың жүрегімен сезініп, зор адамгершілік рухта бейнелеген.

Пьесаның тағы бір жетістігі, мұнда феодалдық қоғамның әділетсіз өкілдерінің тұрпайы бейнелерін көрсетумен қатар, ұнамды кейіпкерлерді де келешек жақсы өмірге ұмтылдырып, өзіндік ой-санасы бар, ішкі сезімі күшті образдар түрінде суреттейді. Ондай еркін өмірге жету үшін сол кездегі феодалдық құрылысты жойып, жаңа дәуірді орнату керек, оған тек ұлы орыс халқының ағалық көмегі арқасында жетуге болады деген қорытынды шығарады. Пьесада қазақ әйелдерінің өкілі ретінде көрінген Күлбарам да өзіндік ой-өрісі бар, ар-намысы үшін бас көтерерлік шамасы бар жігерлі жастың бейнесінде суреттелінеді. Күлбарам «Надандық құрбанындағы» Хадиша сияқты барлық әділетсіздікке мойынсұнған ынжық, дәрменсіз емес, қайта жүрегі ақтық рет соғып, өлім құшағына кіргенше, қатал заманның тұрпайы әдет-ғұрпына қарсы тұрады. Малға сатылып қор болғанша өлген артық деген шешімге келеді.

Драмадағы екінші ұнамды кейіпкер Атамқұл да «Надандық құрбанындағы» Аспандиярдан жоғары тұр. Жалғыз өзі зұлымдық пен әділетсіздікке толы шірік заманның қаупінен сескенбей, арманына жету үшін сүйген жары Күлбарамның еркіндігін қорғап қалу үшін крестьян начальнигінің алдына барып, өз ойын тайсалмай ашық айтады. Күлбарам үшін қандай ауыртпалық болса да көтеретіндігін сездіреді.

Пьесаның кемістігі неде еді? Мұнда да «Надандық құрбанына» тән олқылық байқалады. Пьесада халық бейнесі жоқ, жалғыз Атамқұл бүкіл қоғамдық өрескел тәртіптерді өзгерте алмайтындығын, тек қалың бұқарамен тығыз байланыста болып, бірігіп күрескенде ғана нәтиже болатындығын автор ашық айта алмайды. Рас, мұнда Атамқұл өзінің барлық батыл да жігерлі іс-әрекеттерін қалың бұқарамен тығыз байланыста суреттеу керек еді. Сөйтіп, сол кездегі қазақ даласындағы кездесетін жексұрын көріністердің басты-басты себептерін әшкерелеуге болар еді. Міне, автор мұндай мақсатты қоя білмеген, қазақтың тұрмыс-салтын теріс суреттейді. Үстем тап пен бұқара халық арасындағы қайшылықты көріп дұрыс баға бере алмаған. Осы кезеңде Сәкен Сейфуллин «Манап туралы» деген сыни мақаласын да жариялаған болатын. Онда бұл драманың көптеген кемшіліктерін тайға таңба басқандай етіп ашып-ашып көрсетеді. Ол бұл шығарма қазақтың тұрмыс қалпына тіпті сәйкес келмейтіндігін айтады. Ол: «Манапты» бұл қалыппен кітап қылып шығаруға әуре болмаңыз», - дейді. Сонымен қатар оны қазақшаға аударғандар сөзбе-сөз аударған дейді. Осындай кемшіліктеріне қарамастан А.И.Лихановтың «Манап» атты драмасы қазақ әдебиеті үшін елеулі маңызы болғаны анық. Сол кездегі баспасөздердің хабарларына қарағанда оны қазақ жұртшылығы қызығып оқыған сияқты.

Революцияға дейінгі қазақ драматургиясынан баспа бетін көргендері: Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны» мен А.И.Лихановтың «Манап» атты пьесалары.

Қазақ әдебиетінде баспа жүзін көрген алғашқы пьесалардың қатарында 1922 жылы Орынборда басылып шыққан Міржақып Дулатовтың «Балқия» драмасы да айтылуға тиіс. Бұл шығарманың нақты қай жылы жазылғаны туралы дерек белгісіз. Пьесада көтерілетін әлеуметтік-қоғамдық мәселе жазушының бұрынғы поэзиялық, прозалық, публицистикалық шығармаларындағы арналарды одан әрі жалғастырып, драмалық жанр шарттарына орай лайықталып алынған материалдарды алдымызға тартады. Авторлық ремарка ең алдымен кейіпкерлерді қысқаша мінездеп, олардың жас мөлшерін, бір-бірімен туыстық, кәсіби қатысын дәл көрсетеді. Мысалы: «Жарасбай – дәулетті адам. Жасы 68-де. Балқия – Жарасбайдың қызы. Ақылды, ашық ойлы. Жасы 19-да. Қасым – осы ауылдағы жәдит мұғалімі. Пікірлі, халықшыл жігіт. Жасы 25-те. Болыс – бай, жебір, зорлықшыл адам. Жасы бай, жебір, зорлықшыл адам. Жасы 53-те. Тілмаш – болыспен жемтіктес, сұм жігіт. Жасы 31-де, - деп әр персонажға түсінік берілген.

Драматургия саласында тамаша туындыларға жол ашқан қаламгерлердің бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Оның бұл жолы да ерте басталған. Алғашқы драмасы - «Қанапия – Шәрбану». 1926 жылы Мәскеуде басылып шыққан бұл пьесасына берілген ескертпесінде: «Бұл драма 1917 жылы жазылған еді, Семейде және басқа қалаларда бірлі-жарымды ойналғаннан кейін жазған дәптерім жоғалып кетіп еді», - деп көрсеткен.

Бұл драмада да халық өмірінің терең шындығы, ауылдағы бай мен кедей арасының жыртылып айрылуы, әйгілі 1916 жылдың зарлы оқиғасы тап басып, дәл көрсетіледі.

Осы жылдары ұлттық драматургияның алғашқы туындылары жазылып, баспа бетін көрді әрі оның бірқатары әуесқойлар күшімен сахнада қойылды. Мұғалім Б.Х.Серкебаев (“Бақсы”(халықты неше түрлі қулық-сұмдығымен алдайтын бақсыны әшкерелейді, оған қарама-қарсы мұғалім әрекеті көрсетіледі), “Ғазиза”(қалың малға сатылған қазақ қыздарының қайғылы өмірі суреттеледі), «Жер дауы» (жер үшін ру мен ру арасындағы талас-тартыстардың бір көрінісі алынады) т.б.) пен И.Меңдіханов (“Малдыбай”(комедияда өзінің туған қызы Жібектен малды артық көретін Малдыбай деген байдың озбырлығы әшкереленген. Пьесаның идеялық желісі – Малдыбай мен еті тірі жігіт Сәлімнің арасындағы қақтығыс және бас бостандығы, махаббат бостандығы жолындағыСәлімнің жеңісі,сүйген жары Жібекті қапастан алып шығуы), бәрі де 1912ж.) тұңғыш пьесалар жазды.

Ал, баспаға басылып, жарық көрген пьесалар саусақпен санарлықтай. Олар 1915 жылы жеке кітап болып Уфада басылып шыққан Көлбай Тоғысовтың «Надандық құрбаны» мен уездік крестьян начальнигі А.И.Лихановтың «Манап» атты драмалары «Айқап» журналының бірнеше санына жарияланды.

«Надандық құрбаны» драмасының қысқаша мазмұны: үш әйелі бар Байжан деген болыстың үйіне өтірік дәрігер болып Сүлеймен дейтін татар молдасы келеді. «Пайғамбардың сілекейі» деп ол өзі алып келген кәмпиттің екі қадағын екі қойға сатады. Мұны болыс бала таппаған әйеліне дәрі ретінде алады. Тамыр ұстап, балгерлікпен адам «емдейтін» молданың осындай әрекетінен кейін болыстың үйіне балаларға шешекке қарсы дәрі егетін фельдшер Андрей келеді. Ортаншы әйелі Нұриладан туған 16 жасар Жақыпқа дәрі ектірмей, фельдшерден жасырып қояды. Кейін бала шешек ауруынан өледі. Байжанның кіші тоқалы Майсара босана алмай жатқанда «албастысын қағамын деп» оны бақсы ұрып өлтіреді. Осыдан кейін Байжан төртінші әйел алуға бел байлайды. Қаладағы Тоқсанбай саудагердің 16 жасар қызы Хадишаны айттырмақшы болады. Бірақ, Хадишаны сол маңдағы оқыған жігіт Аспандияр ұнатады. Мұны сезген болыс Аспандиярдың үстінен жалған қылмыстық деректер жинап, жоғарғы ұлықтарға шағым түсіреді. Қайын жұртына келіп, қалыңдығын алып кетейін деп жатқанда Аспандиярды бес жылға жер аударуға ұстатады. Драма оқиғасының ұзын ырғасы осы.

А.И.Лихановтың «Манап» драмасында да қазақ сахарасындағы зорлық пен зомбылықтың трагедиялық оқиғасы суреттеледі. Мұнда Ұзақ деген бай- манап халыққа істеген қиянаты мен озбырлығына, талайды қанға бояп жасаған айуандығына, шексіз зұлымдықтарына өзі шошынып, күнәсін мал беріп сатпақшы болады. Пьесада сол Ұзақтың аузымен бірінен соң бірі айтылатын бес күнәсі – адамның жаны түршігерлік зұлымдық пен жауыздық. Мал беріп ақталдым деген Ұзақ туған қызы Гүлбаһрамды сексендегі шалға қосып, байымақшы болады. Бірақ қыз әкесінің айтқанына көнбей, өзінің теңі Атамқұлмен қашып кетеді. Ұзақтың берген шағымымен крестьян начальнигі Гүлбаһрамды әкесіне қайтарады. Ол айтқаныма көнбедің деп өз қызын өзі өлтіреді. Бұл күйікке шыдамаған анасыда өзін-өзі өлтіреді. Драма оқиғасы осылай қыз бен шешенің трагедиялық өлімімен аяқталады. Бұл пьесада да «Надандық құрбанындағы» сияқты қазақ даласындағы ескіліктің шырмауын, феодалдық дәстүрдің пасық кәделерін пайдаланып, халыққа зорлық жасаған жуандардың сорақы қылықтары, әйелге деген қылмыстары көрсетіледі.

«Манап» драмасы «Айқап» журналына жарияланғандықтан ба, әйтеуір, ол туралы сын-пікірлер баспасөз бетінде көбірек кездеседі. Солардың бірі Сәкен Сейфуллиннің «Манап драмасы туралы» атты мақаласында шығарма біраз сыналған. Әсіресе, пьесаның қазақшаға дұрыс аударылмағанын жеке кейіпкерлердің сөзін келтіре отырып дәлелдген. Оқиға дамуындағы олақтық пен сюжет құрылысының әлсіздігін, жалпы логиканың жоқтығын айтады. Сонымен, қазақ тілінде жазылып, баспаға шыққан бұл тұңғыш екі пьеса көркемдік сапасының төмендігіне қарамастан, қазақ әдебиетінде әуелгі драма жазу үлгісін жасауда маңызды болғаны даусыз. Екі пьесаның сахнаға қойылуы туралы жазба мәлімет жоқ.

1917 жылы маусым айында Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) М.О. Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті. 1918 – 24 жылы Ақмолада (қазіргі Астанада), Әулиеатада, Көкшетауда, Орынборда, Ташкентте, Түркістанда және Шымкентте көптеген қазақ драмалық үйірмелері ұйымдастырылып, Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің, М.Дулатовтың, Е.Ерданаевтың, Қ.Кемеңгеровтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Б.Серкебаевтың, Ә.Сұлтановтың, т.б драмалық шығармалары сахнаға шығарылды. 1918 жылы Алматыда, Семейде, Петропавлда, т.б. қалаларда бірқатар орыс драма театрлары ашылды. “Ес-аймақ” сахнасында сол уақытта жарық көрген Ж.Аймауытовтың (“Рәбиға”, “Қанапия-Шәрбану”, “Ел қорғаны”, “Сылаң қыз”), М.Әуезовтың (“Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Ел ағасы”, “Бәйбіше – тоқал”), С.Сейфуллиннің (“Қызыл сұңқарлар”) т.б. пьесалары қойылды. Бұл спектакльдердің көпшілігін сахнада қойған Ж.Шанин мен Ж.Аймауытов болды.

1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Осы қойылым драматургке игі әсер етіп, 1926 жылы “Парашылдар”, 1927 жылы “Ескі оқу”, 1930 жылы “Күнәсіз күйгендер” атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды.

Алғашқы қазақ комедияларында, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин туындыларында фарс, скетч, водевиль элементтері аралас-құралас жүргендігін көру қиынға соқпайды. Халықтың күлкілі әңгімелерінің сюжетін пайдалана отырып жазылған бұл шығармалар өз кезеңінің көкейкесті талаптарына жауап беріп, көрермендерді ащы күлкі, өткір әжуа, уытты сықақпен тәрбиелейді, эстетикалық ләззат берді, көпшілікке етене таныс, қастарында жүрген Мырқымбайлар мен Айдарбектер, Тарсықбайлар сахнаға шығып, тірі қалпында сөйлеп кеткенде, бұрын ондайды көрмеген көшпелі ауылдың адамдары ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Әсіресе, Қалыбек Қуанышбаев сынды ел арасында «Жынды қара» атанған ұлы актер ойыны қыран жапқандай күлкіге қалдырар еді. Қазақ драматургиясының төркінін іздегенде, ең алдымен, ұлттық әдебиет үлгілеріне ден қою жемісті арна екендігінде шәк жоқ. Жанрдың жалпы заңдылықтарын, драматургия сабақтарын Европа нұсқаларынан үйренген қаламгерлеріміз өмірлік материалды сұрыптап шығарма мақсатына орай пайдалануға келгенде, ана топырағындағы дәстүрлерді ілгері жалғады. Жанрдың тууын, эволюцияны көрсету үшін қазақтың алғашқы комедияларына арнайы тоқталу шарт. Зерттеушілер бұл мәселені қарастырғанда Жұмат Шанин, Бейімбет Майлин есімдерінің қатар аталуы заңды, өйткені олардың шағын көлемді, тақырып, мазмұн жағынан, композиция, архитектоника, форма жағынан тектес тырнақалды комедиялары бір мезгілде жазылған.

Бейімбет Майлиннің алғашқы драмалық шығармалары көркем-өнерпаздар үйірмелеріне, сауық кештеріне арналып жазылғандығы ең алдымен олардың қысқалығынан, авторлық ремаркалардың ерекшелігінен аңғарылады. Шағын пъесалардың қайсысын алсаң да, кейіпкер саны көп емес, олардың киімі екі ауылдың бірінен табыла береді, күрделі декорацияның, ат-көпір театр жабдықтарының қажеті жоқ. Үнемі таныс орта, белгілі мекен. Бейімбет пъесаларының көбіне комедия болып келуі – оның талантының айрықша сапалы, дара сипатын танытады. Авторлық идеалды, суреткерлік мұратты күлкі арқылы, әзіл-оспақ, мысқыл арқылы орнықтыру комедиограф нысанасы.

Бір перделі «Шаншар молда» пъесасында Майлин сахна талаптарын, театр шарттылықтарын білетін, жанр заңдылықтарын ескеретін қаламгер екендігін аңғартқан. Айтылмыш шығарма кейіпкерлері жайғасып отырып алып, ұзын-сонар қысыр әңгіме соқпайды. Диалогтардан әрекет, мінез ашуға мұрындық болатын қасиеттер сезіледі.

Драматург әрбір көріністің әрекет қимылына мән береді. Сахнаға жаңа персонаж келеді, не біреу кетеді. Үшінші, бесінші, оныншы көріністерде молда жалғыз өзі. Оның оңаша сөздері интонацияның жетімсіздігі, инверсияның аздығы, екпіннің солғындығы секілді кемшіліктері бола тұра, реалистік монолог үлгілеріне жақын. Шығарманың айтпақ идеясы мұғалімнің сөздерімен сабақтас. Төртінші көріністегі монологында мұғалім мән-жайды, Дәрібай жауыздығын тәптіштеп баян етеді. Бұл пъесаның драматизміне нұқсан келтіріп тұрғанын аңғару қиын емес. Шағын көлемді шығармада кей жайттарды сахналық әрекет арқылы бейнелеу қиын болған соң, автор эпикалық тәсілдерді әдейі мақсатты түрде пайдаланған. Сабақ оқыту сцеансында күлкілі ситуация сәтті жасалған. Әйелдердің хат танысақ, бірдеңе білсек деген ұмтылысына қарсылар көп. Ниет пен іс арасы кереғар. Диалогтарда күлкі бар.

Идеяның берілу тәсілі жағынан «Қос қақпанда» үгіттік-насихаттық нысананы көздеген. Майлин шығармашылығын түгел зерттеп, байсалды монография жазған Т.Нұртазин бұл туындыны водевиль қатарына қосқан. Расында, жанрдың Европалық анықтамаларына ден қояр болсақ, водевильдің тартысы жеңіл, оқиғаларда алогизм басым, диалогтар көбіне өлеңмен беріледі, ән, би жиі кездеседі. Ендеше, Б. Майлиннің шағын көлемді комедияларының баршасын водевиль санау оларда көтерілген әлеуметтік мәселелерді ескермеу, драмалық сипатын танымау болмақ. «Қос қақпанда» драмалық ұғымдағы тартыс жоққа тән.

Жоламан кедейдің ұзақ өлеңінен зорлық-қорлық көргенін, кісі есігінен барлық таптқаны қос қақпан ғана екенін білеміз. Үкібас қойшының ұстанғаны «құдай салды – мен көндім» принципі. Қаламқас – Құралайға қатысты әңгіме қосалқы эпизод. Молдаш мұғалім сөздерінде ашық үгіт, таза насихат бар. Кейіпкерлердің сөздерін жеке-жеке өлең ретінде қарауға болады, олар біртұтас тартыс шеңберіне енбеген. Заман өзгеріп, Жоламан, Үкібастар қолына билік тиіп, Асылбайдың өзі қос қақпанды ұстап қалуының мезгеулік мәні бар. Бұл шығармада көркемдік құрал ретінде заттың, қос қақпанның, алынуы сәтті ізденіс кепілі. Майлин пъесаларындағы комизм табиғатының күрделілене түскенін көреміз, жеке диалог, бірер ситуация, оқыс жағдай тудыратын күлкіден әлеуметтік салмағы ауыр, қоғамдық мәні мол күлкіге ауысамыз. Шағын көлемнен іргелі туыныдыларға ойысу ең алдымн творчестволық мақсаттың өсуінен туған.

Екі перделі «Неке қияр» комедиясын молданы сынаған, әйел теңдігін паш еткен шығарма деп қана тұжырымдасақ, драматургтың бірталай олжаларын көрмей кеткен болар едік. Автор ең алдымен комедияға лайық өмірлік ситуацияларды сәтімен таңдап алған. Революциядан бұрынғы заманды бейнелейтін туындылар үшін көп материалдың бірі ретінде қаралатын дүниелердің жаңа дәуір жағдайында комедияға өзек етілуі заңды құбылыс. Қыз көре бару, құрдастар әзілі, құдалық ритуалы, жастар арасындағы түсінбестік – екі күннің бірінде кездесетін жағдай. Жаңа заман мораліне сыйымсыз, тарих бетінен көшіп бара жатқан институттың рәсімдерін сахнада көрсету арқылы Майлин әлеуметік талапқа жауап берер жігерлі күлкі тудыра білген. Алғашқы көріністе отыздағы Жомарт, қырықтағы Кәрім отыздағы сұр бойдақ Жәленді қажап, таптап отыр. Қазақ ішінде кімнің жағдайы қиын. Оң жақта сопиып ұзатылмай қалған кәрі қыздың жағдайы қиын, басында үйі, бауырында баласы жоқ сүр бойдақтың жағдайы қиын. Солар сүр бойдағың мынау Жәлен. Кісілігі, ірілігі жоқ, сөйлер сөзі жоқ осал. Драматург әрекетті сахна аталаптарына лайық өрбітеді. Әрбір жаңа персонаждың өзіне лайық ісі бар. Заман өзгерістерін, өмір құбылыстарын дәл аңғарғыш, сергек қаламгер Майлин қазақ әйелінің санасындағы заман тудырған жаңалықтарды әр қырынан, жан-жақты бейнелеген жазушы. Қазақ арасында енді орнығып келе жатқан жаңа қарым-қатынастарды, сананы көптеген жазушылар жағымды кейіпкерлер әрекеті арқылы бейнелесе, Майлин түрлі әлеуметтік орта адамдарының күлкілі істерін суреттей отырып, комедиялық, сатиралық шығармалар тудырды. Шағын көлемді пъесалардың тартысы дәуір талабына орайлас, өмірге қарап бой түзегенін көреміз. Дер кезінде уақыт мақсатына қабысып жазылған кейбір дүниелер біраз қызмет атқарып, көркемдік қуатынан тез айрылып қалатыны болады. Әрі заманында актуалды мәселе көтерген, әрі өнер тарихында терең із тастаған шығарма сирек олжа.

Рулық, феодалдық психология шылауынан толық арылмаған қазақ шаруасының колхозға келу жолы – шытырманды, шырмауықты жол. Шала сауатты, әлеуметтік шайқас майдандарында шынықпаған жандарды дұшпандар тал түсте алдап, соқыр сүрлеуге түсіріп жіберген. «Мал ортақ, жер ортақ, бәрі ортақ» деген ұшқары ұранмен талайлар аранданған. Өз қолдарынан билік, байлық кетіп бара жатқан соң кешегі жуандар, олардың оқыған үрім-бұтақтары, әртүрлі саяси науқандардың өңін теріс айналдырып, талай жерге от қойып, өрт шығарған. Соның кесір-кесапатын, сор-сұмдығын, түптеп келгенде, көрген шаруа. Малынан-жанынан, ауыл-аймақ, бота-тайлағынан айрылып, ақ сүйек боп, жүген ұстап қалған да сол шаруа. Бұл үлкен трагедияның бір ұшқынын Майлин «Жасырын жиналыс» пъесасында шет пұшпақтап сахнаға шығарған. Бар ынтызар пейілдерімен, ықылас ниеттерімен колхозға, бірігіп еңбек етуге жұмылған ұста Ержан, ағашшы Нұрыш, Таңқыбайларды оп-оңай қуырып, тықсырып бара жатқан біреу бар. Ол белсенді Құлтай. Мұның да оқып білгені, саяси сауаты шамалы. Бірақ жұртты қорқытатын, елдің зәресін ұшыратын сөздерді жаттап алған. Өзге шығармаларында Майлин мұғалімді жағымды кейіпкер, автор идеалын қуаттаушы адам бейнесінде алса, «Жасырын жиналыстағы» мұғалім колхозшылардың білімсіздігін, саяси санасының балаңдығын пайдаланып, бүлік шығарып жүрген сойқан. Әлеуметтік жағдай, аумалы-төкпелі мезгілдің перзентін драматург бірер штрихпен көз алдына әкеледі. Не дейді бұл мұғалім: «Білдім, сен атқа мінерсің, контрсің! Сенімен кейін сөйлесермін. (Қағазды Таңқыбайға ұсынып). Мына Қолыңызды қойыңыз». «Ә… агитатор ауызды қалай біріктірген көрермін…» (Б.Майлин шығармалар. 6-том 340-бет. А., 1964).




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1284; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.009 сек.