Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 9 страница




Қазір күлкі тудыратын мұндай сөздер үшін кезінде нелер боздақтар күнәсіз күйіп кете берген. Белдесіп алысудан қалған дұшпан әманда жымысқы жолдар, жасырын айлалар іздеп, сарсаңға түседі. Қашан соңғы оғы атылғанша ұмтылу, беріспеу шарт. Таптық шайқастар майданында күрестің сан алуан түрлеріне тартылған адамдар психологиясындағы құбылыстар, нюанстарды бейнелеу үшін әрбір жаңа шығармада көркемдік тәсілдерді шығармашылық мақсатқа орай сұрыптап таңдаса керек.

Осы жайтты Майлиннің «Келін мен шешей» комедиясынан да аңғаруға болады. Басқа шағын пьесалалрдағы тартыстан бұл шығармадағы конфликт сипаты өзгеше. Кейіпкерлер арасындағы іліністің себебі интрига. Бастан байлық, қолдан билік тайған соң, кешегі үстемдер бүгін бақай есеп, ұсақ қулықтан жем іздемегенде қайтеді? Ежелгі тәсіл – алдау, шырғалау, қапысын тауып қолға түсіру. Майлиннің көлемді драмалық шығармаларының бірі – үш перделі «Көзілдірік» комедиясының өмірлік материалы жайлы зерттеуші Р. Рүстембекова таптқан дерекке жүгінсек, драматург лабораториясына қатысты тұжырымдар жасауға болады. Фельетон пьесаға арқау етілген. Шын оқиға, дәлді фактіні көркемдік бояуы қанық туындыға айналдыру үшін шеберлік, биік идеялық нысана қажет.

Шағын пьесалар жазу үстінде драма заңдылықтарын игерген Майлиннің өзіндік тәжірибесі, етене тәсілдері «Көзілдірік» комедиясынан айқын көрінеді. Авторлық ремаркаларда декорацияға, кейіпкерлердің қозғалыс-қимылына, психологиясына, дикциясына қатысты қысқа, дәл ескертулер беріледі. Майлин мүмкіндігіне қарай сахнада кейіпкерді әрекетсіз босқа тұрғызбайды. Осы мақсаттан келіп пьесаны көбіне-көп кішкентай-кішкентай көріністерге бөлу тәсілін қолдану шыққан. Жаңа персонаждар тартысқа араласқанда, өзге қатысы жоқтар бекер, көлденең көк атты секілді қарап тұрмай, сахнадан шығып кетеді. Перде ашылғанда «Көзілдірік» комедиясындағы кейіпкерлер әрекет үстінде: болыс байсалбай тырнағын алып отыр; Ормантай түкіріктеп шашын сипап отыр; қағаз көшіруші Жүсіп бірдеңені жазып отыр; шабарман Бақыт жүген көктеп отыр. Авторлық ремаркада көрсетілген осы қимылдардың өзі күлдіреді. Газет, қағаз қобырап аузы-мұрнынан шығып жатқан екі бөлмелі болыс кеңсесі. Алғашқыда мардымды іс тындырып, шаруа бітіріп жатқандарды көрмейміз. Бозбалашылықтан туған жігіт өлеңі, бас жағында тиын-тебен, дүние сұрай жазылған, аяғы қорқытуға ойысқан қаладан келген хат кейіпкерлердің ішкі сырларынан аздап хабар береді. Бір көріністе шығып, кейін оқиға желісіне мүлде қатыспайтын персонаждарды пайдалану Майлин драматургиясындағы сәтті көркемдік тәсілдердің бірі. Есімі де айтылмайтын шалдың болыс кеңсесіне жұмыс жайымен келуін көрсету арқылы суреткер қызықты ситуация жасаған. Комедияда күлкі тудырудың сан алуан тәсілдері бар. Соның бірі – сөйлемдегі стильдік, мағыналық қателіктер. Болысқа жоғарыдан келген бұйрықтың түрі: «Қайыңтүп болыстың атқару комитетіне уез атком гүберне атком қаулысымен соған сүйеніп майдың он бесі, 1925 жыл, номері 1825-нің үшін сол қаулының үш параграфы бойынша былай яғни майдың он бесі…» (Б. Майлин. Шығармалар, 6-том, 357-б. А., 1964). Нағыз қойыртпақ. Күлмей көріңіз. Ала қағаздан зәресі ұшатын болыстың өзі қолын бір-ақ сілтейді. Кейіпкер сөзінің драмалық сипаты айтылмыш комедияда күрделілене түскен. Диалогтар сұрақ-жауап, жауап-сұрақ сипатында логикалық жүйемен дамып отыратын желілі пікір, ой таластыру формаларынан басқа да түрлер тапқан.

Шағын көлемді пьесалардағы кейбір сарындарды Майлин «Көзілдірік» комедиясында пайдаланған. Алпыстағы шалмен қаршадай қыщды отастырып, пайда түсірмек боп жүрген, есімі аталмайтын, эпизодта ғана көрінетін орта жастағы кісінің қылығы «Неке қиярдағы» Ылаңбай әрекетіне ұқсас. Жазушының шығармашылық эволюциясы белгілі мотивтердің, идеялардың шығармадан-шығармаға ұлғайып, тереңдеп, ұласуынан да көрінбек, Майлиннің шағын комедияларындағы ойлар, көркемдік тәсілдер жаңаша саналық сипатпен «Талтаңбайдың тәртібінде» қайтадан ашылады. Бұл туынды драматургтың комедия салалсында шыққан ең үлкен биігі. Жалған белсенділік, көзбояушылық секілді құбылыстарды «Жасырын жиналыс», «Көзілдірік» пьесаларында бейнелеген драматург өзіне белгілі тақырыптың жаңа қырларын ашады. Назар салып қарағанда «Талтаңбайдың тәртібіндегі» оқиға ағымының берілісі композиция тұрғысынан «Көзілдірікке» ұқсас. Екеуінде де алғашқы сценалар болыс кеңсесінде өтеді. Басқаларға деген қоңыр қабақ. Үркіте-шошыта жеткен уәкіл. Оның мінезі, ел арасына, жұрт ішіне баруы. Шын сырдың ашылып, әділеттің жеңуі. Бұл сырт ұқсастық фабуладағы ұқсастық.

Алып отырған мәселенің әлеуметтік мәнін, саяси астарын терең ұғынған драматург бірінші қатарға ұранды сөздерді, науқан талаптарын шығармай, адам бейнелерінің көрінуіне, етене ситуациялардың ашылуына күш салған. Ортаға лайық іс-әрекет, қимыл әрбір персонаждың өз бойына шақ мінез құбылыстары арқылы танылады. Бейімбеттің айтылмыш пьесасындағы негізгі қаһармандардың есімі мінезінен, әлеуметтік ортасынан хабар беріп, оларға деген автор көзқарасын білдіреді. Шапшаңбай, Сүндет, Парыз, Жанбол, Ақсүйрік, Жақсылық… Талтаңбаев. Көп бүліктің мұрындығы болатын кейіпкерлердің аты да айтылмайды, фамилиясы жетіп жатыр -–Талтаңбаев. Түскен жерін ойып жіберер тас секілді.

Талант қуатына байланысты, қаламгер басынан кешкен өмір соқпағының пәрменді ықпалына орай іштей толығу, пісіп жетілу рухани эвалюциялық заңдылығына сәйкес, әр жазушының шығармашылық тағдыры әр түрлі қалыптасады. Біреулер өз даусын, өз үнін ұзақ уақыт табу азабымен көп шиырға түсіп, талай кемерге құрық сілтейді, босқа шашылып рәсуаланады, ақыры үлкен арнаға жете алмай-ақ өтеді. Алғашқы ұмтылыста ең негізгі туындысын беріп тастап, кейін сол қазықтың төңірегінде шырмалатындар да аз емес. Ізденіс сапарында марқайып, шығармадан шығармаға өсіп, қара қанаттанып, самғап ұшып кету және бар.

Жұмат Шаниннің драматургтік жолына көз тасатағанда, оның қаламгерлік өрлеуі бірте-бірте болғанын байқаймыз. Алғашқы қадамы шағын пьесалар жазумен бастауы қиын сапардың тырнақалды барлауы секілді. Өзі көрген өмір, қыр тіршілігінің сан алуан сипаты, сахара перзенттерінің қилы-қилы мінезі келістіріліп, қиыстырып жазған адамға таусылмайтын көркем материал еді.Ел арасындағы ойын-сауықтың көркі, әзіл-қалжың перісі, өткір сөздің ұстасы - өнерпаздармен Жұмат дос болған, әсіресе, Қоянды жәрмеңкесіндегі қулардың дүйім жұрттың, жалпақ өңірдің аузында аңыз болып кеткен небір қызықтарын көзімен көріп, құлағымен естіген, сол әңгімелерді тірілтіп, жандандырып айтып та жүрген.

«Торсықбай» пьесасы алғаш 1925 жылы Семейде шығатын «Таң» журналында жарияланып, кейін 1928 жылы Қызылорда жеке кітап болып басылған. 1925 жылдың 6 сәуір күні қазақ жастарының күшімен Москвада қойылған («Еңбекші қазақ», 1925, 7 мамыр, № 325) пьесаның оқиғасы өмірде болған жайттан алынғандығы бірден көрініп тұр. Драматург ықшамдықты ескеріп, кейіпкерлер санын көбейтпеген. Әрекетке қатысушы негізінен 4 адам: Торсықбай (30 жаста), Қайыр (33 жаста), Қайырбол (50 жаста), Ыбырай (45 жаста), аты-жөні көрсетілмеген үш-төрт жігіт, үш-төрт әйел бар. «Торсықбайды» мемлекеттік драма театрының сахнасында Жұмат Шанин 1926 жылы өзі қойған. Ескілікті қазақ өміріндегі арамтамақ топтың өкілі молдалардың азғындығы, зинақорлығы типтік құбылыс еді. Ол қазақ әдебиетіндегі көптеген шығармаларда көрініс тапты. Драматургияның шағын түрін алсақ, Жұматтың «Торсықбайды» Бейімбеттің «Шаншар молдасымен» тақырыптас болу үстіне, идея жағынан сарындас, екеуінде кермек күлкі, ащы сықақ бар. Қалыбек Қуанышбаев Жұматтың «Торсықбайын» пайдаланған, өз нұсқасын жасаған. Халық өміріндегі жоталы тартыстар, белді оқиғалар өнер туындыларында сан алуан жолмен бейнеленеді. Бір төңіректе көптеген жазушылардың қалам тартуы - әдебиет өрісін тарылтпайды, қайта мәселені жан-жақты, әр қырынан, әр жанрда көтеру бағалы олжа болмақ. Жұматтың «Айдарбек» пьесасының да материалы ХХ ғасыр басында қазақ суреткерлері ең көп қозғаған әңгіме - әйел теңдігі мәселесі. Бірақ драматург тақырыпқа бұрынғы таптаурынмен келмеген.

Біз пьесадағы негізгі тартысты тудыратын кейіпкер – Дәметкеннің бұрынғы тағдырын, оған қалай құда түскенін, қалыңмал жөнін білмейміз, бұлар туралы еш нәрсе айтылмайды. Бірақ перде ашылысымен шиеленіс үстінен шығамыз. Қашан да пьеса көркі – характер. Кейіпкер сөздерінің шайыры жойылған жерде, құрғақ декламация, арзан ақылгөйсу орын алып, шығарманың ажары түсіп, сапасы құлдырайды, дәлірек айтқанда, айқын характерлерсіз сахналық туындының өмір сүруі қиын. Тіпті мүмкін емес.

Жұмат Шаниннің 1931 жылы «Әдебиет майданында» жарияланған бір перделі «Қара құлып» пьесасы осы талапқа жауап бере ала ма? «Айдарбекте» авторлық ремаркада бөгде жайттар айтылмайды, тек кейіпкерлердің жасы ғана көрсетілген. Бұрынғы пьесалардың арқауында негізінен оқыс оқиға жатса, «Қара құлып» басқа мақамда құрылған. Қысқа ғана скетчте драматург характер қырын ашыға күш салған сияқты. Қат-қабат әлеуметтік орта, аласапыран тарихи дәуір қашан да психологиялық орасан өзгерістер тудырады. Қазақстан жағдайындағы феодалдық ескі әдет-ғұрып институтының әр түрлі шырмауық қарым-қатынастары онсыз да қаһарлы тап тартысын асқындыра түсіп, адамдар санасына мол ықпал жасады. Осы күрделі процестің бір сәулесін «Қара құлып» пьесасының кейіпкері Зікір мінезінен аңғаруға болады. Бұрынғы екі пьесадағы персонаждарға қарағанда, Зікірдің сөздері даралана түседі. Көмекей бүлкіліне қарап, көкейдегісін тану қиын емес.

Бір перделік шығарма көлемінде мінездің көп қырлылығын, құбылмалы сипатын ашып беру – драматург үшін ауыр жүк. Зікірдің колхозшыларға айқайлап, домбыта сөйлеуі, көңілі кеткен қызы Зәуремен жылпындай сөйлеуі оның екі жүзділігін аңғартады. Біз колхоз басшылары Мақат пен Кәрібайды көрмейміз. Олар оқиғаның аяғында бір-ақ шығады. Екеуі де мас, түнімен карта ойнаған. Колхозшылар, орталықтан келген секретарь бұларды түріп қуып тастайды. Пьеса осындай үгіттік-насихаттық идеямен аяқталады.

Жұмат Шанин драмалық шығарманың қалың қауымға тез жететінін, сахнаны көпшілікті тәрбиелеудің пәрменді құралы екенін ұға білді. Қазақ драма театрының бес мүшелеріне арналып жазылған «Жанды сурет» деген шығармасын оқыған кезде бұл ой беки түседі. Айтылмыш туындыда бастан аяқ тартылған сюжет желісі жоқ. Жеке адамдарға тән мінез еректешеліктері айқын байқалмайды. Кейіпкерлер Бірінші зиялы, Екінші зиялы, Бастық, Бай, Молда, Бірінші шаруа, Екінші шаруа, Маман, Инженер, Бірінші жұмыскер, Екінші жұмыскер, Үшінші жұмыскер, Артист деген жалпы аттармен берілген. Автор бұл шығармасын пьеса деп атамаған, сахна көрінісі деп қана қойған. Бірінші пьесасына «сценалар» деп айдар таққан Горький тәжірибесі еске түседі. Декорацияға драматург тарапынан берілген ремарка оның бұрынғы шығармаларындағы ескертпелерінен бөлекше. Нақты, дәлді орта емес, символдық, шартты мәні бар жайлар нұсқалады.

«Жанды сурет» түгелдей алғанда үлкен бір пьесадағы көпшілік сценасы сияқты әсер қалдырады.

Тұжырымдар

1. XX ғасырдың басында дүниеге келген қазақ драматургиясы әр уақытта замана тынысынан алшақтап, дәуір проблемаларынан бойын аулақ салған жоқ, мезгілдің көкейкесті мәселелері, кезеңнің толғақты сырлары сан алуан пьесалар тудырған.

2. Алғашқы қазақ комедияларында, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин туындыларында фарс, скетч, водевиль элементтері аралас-құралас жүргендігін көру қиынға соқпайды. Халықтың күлкілі әңгімелерінің сюжетін пайдалана отырып жазылған бұл шығармалар өз кезеңінің көкейкесті талаптарына жауап беріп, көрермендерді ащы күлкі, өткір әжуа, уытты сықақпен тәрбиелейді

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент XX ғасырдың басында дүниеге келген қазақ драматургиясы әр уақытта замана тынысынан алшақтап, дәуір проблемаларынан бойын аулақ салған жоқ, мезгілдің көкейкесті мәселелері, кезеңнің толғақты сырлары сан алуан пьесалар тудырғандығын ұғынып, Б.Майлин мен Ж.Шанин пьесаларын мазмұндап, талдай білу керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Р. Нұрғали. Драма өнері. А., 2001, 196-200-б.

2. Айқап. Қазақ энциклопедиясы. А., 1995, 220-223, 232-233-б.

3. С. Ордалиев. Қазақ драматургиясының очеркі. А.. 1964, 6-11-б.

7-сабақ. Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезовтің алғашқы пьесалары

Мақсаты: Қазақ әдебиетіндегі әдеби мұралар, Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезовтің алғашқы драмаларының тақырыбы мен идеясы, жазылу тарихы, қаламгерлер туындыларындағы кейіпкерлер жүйесі мен тарихи шындық көрінісі туралы мағлұмат беру.

Сұрақтар:

1. Ж.Аймауытов, С.Мұқанов, М.Әуезовтің алғашқы пьесалары.

2. Ж.Аймауытовтың “Мансапқорлар”, “Шернияз” т.б. пьесалары.

3. С.Мұқановтың "Шоқан Уәлиханов", "Қашқар қызы" т.б. драмалық туындылары.

4. М.Әуезовтің драматургиядағы алғашқы қадамдары.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: режиссер, пьеса, сюжет, композиция, драматург, театр, финал, поэзия, проза, публицистика, сын.

Сабақ мәтіні (тезис)

Жүсіпбек Аймауытов әдеби мұраларының негізгі, салмақты саласының бірі — драматургия. Көптеген пьесалар жазумен қоса, оның кезінде өз шығармаларын, үзеңгілес қаламдастар туындыларын сахнаға қойған алғашқы режиссер қатарында болғаны тарихи шындық. Автордың негізгі туындылары алдымен Семей өңіріндегі сауық кештерінде тұңғыш труппалардың күшімен ойналып, кейін Қызылордада ұлт театрының сахнасына шыққан. Төңкеріс алдындағы тұрмыс-салт, 1916 жыл оқиғасының шырғаландары, әйел тендігі үшін күрес, кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы тартыс, болыстар, тілмаштар, оқығандар, шаруалар - осы алуандас түрлі әлеуметтік топтар арасындағы толып жатқан өзгеріс, құбылыс, эволюцияны жан-жақты көрсетіп берген Жүсіпбек Аймауытов драматургиясы өзінің құнарлы тіл өрнегімен, айқын, дара мінездері бар кейіпкерлерімен, биік халықтық нысана идеясымен ерекшеленеді.

Поэзия, проза, публицистика, сын, зерттеу салаларында тең-қатар қалам тартқан, олардың әрқайсысында тамаша туындылар берген автордың драматургиядағы жолы да ерте басталған. 1926 жылы Москвада басылып шыққан "Қанапия-Шәрбану" пьесасына берілген ескертпеде: "Бұл драма 1917 жылы жазылған еді, Семейде және басқа қалаларда бірлі-жарымды ойналғаннан кейін жазған дәптерім жоғалып кетіп еді. Биыл кітапты қолыма түсіріп түзетіп жаздым. Ескі жазбасы қолында бар кісілерден ол күйінде ойналмауын тілеймін, - деп көрсетуінен бірталай сыр аңғарсақ керек. Ең алдымен, Жүсіпбек Келбай Тоғысов, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов қатарлас алғашқы қазақ драматургтерінің бірі, екіншіден, оның туыңдылары әуелде қолжазба күйінде тарап, сахнада қойылған. Халық өмірінің терең шындығы, ауылдағы бай мен кедей арасының жыртылып айрылуы, әйгілі 1916 жылдың зарлы оқиғасы "Қанапия-Шәрбану" драмасында тап басып, дәл көрсетіледі. Қазақ даласында жиі кездескен, әр жерде қайталанған оқиға алынады. Момын қара шаруа иесі Шатай мен оның әйелі Ұмсынай жалғыз ұлдары Ынтықбайды солдатқа кетсе, өлімге баратындай керіп, қолдағы малын түгел шығандап, қарызданып-қауғаланып әлекке түскенмен, баласын құтқара алмайды. Қайта қыздары Шәрбану Сазамбай бай мен оның кекайыл бәйбішесі Қалипаның қорлығына түседі. Тұрмыс-салттың, ескілікті тіршіліктің сенімді суреттері көз алдына келеді. Қай кейіпкерді алсаң да, өз бойына шақ лайықты киім киген. Жүріс-тұрыс, қылық-әрекет бәрі сенімді мөлшерде. Артық-кемі жоқ, қалыпты өмір ағысы. Шәрбанудың сүйген жары Қанапияның солдаттан келуі, оның дуана кейпіне еніп, Шәрбануды алып қашуы, ақыры милиция алдында әділетке жету көріністерінде, пьесаның: "Жасасын бостандық! Жасасын әйел теңдігі! Жасасын бұқара өкіметі!" деген сөздермен аяқталуында сол заман талабына лайық үгіт-насихат әуендері, жаңа идеяларға ден қою, публицистикалық бояулар да бар.

Қорлықтан құтылу, тапталғандардың бас көтеру, үйқыдан ояну, мәңгүрттіктен сілкініп тұру сарындарын жазушы көптеген шығармаларына арқау етіп алып, кейіпкерлерін сатылап өсіріп отырады. "Рабиға" пьесасында да (1926, Москвада басылған) осы күйікті мәселе көтеріледі. Жас алшақтығы өз алдына, ең бастысы рухани кереғарлық адамдар басын бір шаңырақ астына біріктіре алмайды деген ой айтылады. Байділда қойшыны мазасыз жұмыс есейту орнына, есеңгіретіп, жабайыландырып жіберген, оның ұғымында алдындағы жыбырлаған малы да, жаны да, әйелі де бір секілді, ұра ма, соға ма, не істейді - өз еркінде. Автор қойшы деп жалған патетикаға бармайды, сүйіспеншілік жоқ жерде теңдік жоқ, теңдік болмаса ерлі-зайыпты тату-тәтті өмір жоқ деп біледі. Сондықтан жас Рабиғаның шідер үзіп кетуіне сенесің. Комедиялық, трагедиялық элементтер бар болғанмен, негізінен Жүсіпбек пьесалары таза драма шарттарына орайлас келеді; тақырып таңдау, кейіпкер сомдау, тартыс-күрестердің өрістеу сипаттары тұрғысынан қарағанда да бір шығарма екінші шығарманы толықтырып жатқандай әсер қалдырады; кейіпкерлер санының ықшам болуы, түрлі мінездердің айқындығы, сахналық талаптардың берік сақталуы, оқиғалардың шашау шықпай шымыр қозғалуы, тіл бояудың қанықтығы - осы тәріздес сапалы қасиеттер бар. Ескі қазақ ауылының қат-қабат, қос қыртыс тұрмысынан алынған "Мансапқорлар" драмасының негізгі тартысына қатысатын адамдар көп емес: Қасқырбай болыс, оның әйелі Күләнда, болыстың туысқан інісі, тілмаш Мүсілім өзгелер - молда, қажы, ауылнай шабармандар қосақ арасында жүр. Бас-аяғы сегіз-ақ кейіпкер. Сахналық әрекет ширақ, салған жерден кеселді түйіннің үстінен түсеміз. Негізгі тартыс бірден ашық көрінеді. Қасқырбай қордалы байлықпен мансапқа жеткен, көп кебеже қарынның бірі емес, тепсе темір үзетін, көзді бақырайтып отырып зорлық жасайтын, тапа тал түсте, түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын жалмауыз, қадалған жерден қан алады; дұшпанын түрегелтіп тұрып бауыздайтын жендеттің өзі. Сорына қарай бір шикі өкпеге зар, ол аздай жас әйелі Күләнда көзіне шөп салып жүр. Інісі Мүсілім, бармақ басты, кез қыстымен топ жинап, болыстықтан дәмелі. Автор классикалық драматургиядағы тартыс өршіту тәсілдерін жақсы білетіндігін аңғартады; бүл ретте әсіресе Шекспирдің "Гамлет" трагедиясындағы кейбір ситуациялардың сарыны еске түседі. Қасқырбайдың жақын інісі, әрі тілмашы боп істеп жүрген, жас оқыған Мүсілім ғашық отына күйген сипатқа еніп, жеңгесі Күләнданың басын айналдырып, түбі саған үйленем деп сендіріп, оны алдап-сулап жүріп, ақыры күйеуі болыс Қасқырбайға у бергізеді. Болыс болу үшін топ жинау, сайлаушылар аузын алуға берілетін пара, жуанның кедейге жасайтын зорлыгы - осы алуандас ұстасулар қатар жүріп отырады. Ағасын өлтіріп, жеңгесін күнәһар етіп, елді алдап, оязға пара беріп ақыры мансапқа - болыстыққа қолы жеткен жас оқыған, тілмаш Мүсілім жаңа жауыздықтың енді бел алмақ зұлымдықтың кескінін танытады.

Уақыттың көкейкесті әлеуметтік қайшылықтарын Жүсіпбек айқын көріп, әр жанрдағы шығармаларында жан-жақты бейнелеп беріп отырады. Ол көп мәселелерді қалың қауым алдына тайсалмай ашық жайып салады. 1925 жылы Ташкентте басылып шыққан "Ел қорғаны" драмасында жазушы позициясы, оның саяси көзқарасы "Оқыған" деген атпен берілген кейіпкердің аузымен айтылатын толғау сөздерде анық көрінеді.

Әділіне келгенде, Жүсіпбектің ең үздік пьесасы - өлеңмен, ішінара ақ өлеңмен жазылғаны, Сұлтанмахмүт Торайғыровқа арналған, 1926 жылы Семейде басылып шыққан, кейін театр сахнасында қойылған әйгілі "Шернияз" драмасы. Бұл шығармада негізінен алғашқы ұлттық интеллигенция өкілдерінің екі ұдай жолға түсуі, екі қиырға тартуы, екі түрлі сенім-наным қақтығысы бейнеленеді. Шернияз үшін туған жер қасиетті де қадырлы, аманат-борыш, қарыз-парызды өтеу жолында күреспек керек, осы орайда үй болмақ, қызмет қылмақ, бойдағы бар күш-қайрат, білім-талант түгелдей ел қамына жегілсін деген арманда.

Шернияз әлеуметтік істе де, үй-ішінде де опасыздық көріп, басын тауға-тасқа соғып, аласұрып, шығар жол таба алмай тұрған шақта төңкеріс дабылы қағылады. Өмір күресі, тірлік тартысы, рухани ұстасуда шыңдалған Шернияз сынды азамат, сөз жоқ, енді революция толқынына қосылмақ. Көлем жөнінен алғанда күні бүгінге дейінгі жасаған қазақ қаламгерлерінің ішінде ең мол мұра қалдырған Сәбит Мұканов қандай жанрға, қандай тақырыпқа бармасын, ең алдымен, зерттеу, барлау жұмыстарын жүргізетін. Оның бұл саладағы ізденістері арнаулы ғылыми зарттеудің объектісі болуға ылайық.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 970; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.027 сек.