Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 11 страница




Аса үлкен әлеуметтік-тарихи маңызы бар 1916 жылғы көтеріліс тақырыбы тағдырлары тамырлас Орта Азия мен Қазақстан халықтар әдебиеттерінде көптеген прозалық, поэзиялық, драмалық шығармалар тудырды. Мұхтар Әуезовтің “Түнгі сарын” драмасы осылардың жуан ортасынан орын алады. Шығарманың тууына себепші өмірлік материал, қаламгердің жазуға кірісер алдындағы жоспарлары, күнделік дәптерлері, көңілдес жақын-жуық жандарға жолдаған хаттары, қаһармандардың прототиптері әдеби зерттеудің қызықты объектісі болып табылады. Мұндай өрістегі ізденістер жазушы шығармашылық зертханасына бойлап еніп талант рухын тереңдеп ұғынуға зор қызмет атқарады. М.Әуезовтің отызыншы жылдардағы пьесаларының ішінде “Түнгі сарын” трагедиясы (1934) жазушының үлкен таланты мен шығармашылық мол мүмкіндігін айқын танытты. “Түнгі сарын” пьесасы 1916 жылғы қазақ даласында болған ұлт-азаттық қозғалыстың таптық мәнін ашумен қатар, қазақ қоғамының төңкеріске дейінгі шындығын титік жағдайда суреттейтін құнды шығарма.

“Түнгі сарын” пьесасы тек идеялық тереңдігімен ғана емес, көркемдік шеберлігімен де қазақ драматургиясы тарихынды ерекше орны бар шығарма. Пьеса оқиғасы әлеуметтік мәні зор драмалық конфликтіге құрылса, сол конфликтінің шиеленісіп өрбуі үстінде қаһармандардың характерлері де шынай суреттелініп, жекелік, даралық қасиеттерімен шебер айқындалған. Драманың жанрлық табиғатынан туатын айрықша белгінің бірі – шығармадағы тартыстың ең ақырында зор жарылыс – басты қаһармандар өлімімен аяқталуы. “Түнгі сарын” да осылай тамамдалады. Бірақ шығармадағы күрестің астарлы ағыны, тереңдегі толқыны жеріне жетпегендігі, түптің түбінде, анау Тәнеке, Бөрібасарлар бойындағы қайрат халық жүрегіндегі кекпен қайта тұтанып, Казанцев, Нұрқандардың күлін көкке ұшыратынын іштей сезіп отырасың.

М.Әуезов пен Л.Соболевтің 1939 жылы бірігіп жазған “Абай” трагедиясы – аса көрнекті драматургтің қаламынан туа алатын үлкен еңбектің бірі, шебер ойдан, шын жүректен туған пьеса. Пьеса қазақ академиялық драма театры сахнасында 1940 жылы қойылған. Шығарма орыс тілінде 1941, 1944, 1948, қазақ тілінде 1950, 1960 жылдары жарияланған. М.Әуезов пен Л.Соболевтің бұл шығармасының трагедия деп аталыну себебі, біріншіден, пьесаның бүкіл идеялық мазмұны мен табиғи жаратылысына байланысты болса, екіншіден, Абай басында кездесетін трагедиялық жайлар суреттелінеді. Шығарманың басты кейіпкері – Абай оқиға дамуы үстінде бір қазадан екінші қазаға ұшыраумен болады. Ақырында трагедиялық жағдайда, аянышты халде қайтыс болады.

М.Әуезовтің драмалық туындылары туралы көптеген ғалымдырдардың пікірлерімен таныса келе, қаламгердің әдебиетіміздің драматургия саласында, көбінесе трагедия жанрын дамыту жолында мол еңбек сіңіргендігінің, ұлы тұлғаның үлкен суреткерлігі, көркем сөз шеберлігі оның драматургиясында да ерекше көрініс бергендігінің куәсі болдық.

Тұжырымдар

1. Қалың қауым Мұхтар Әуезовтің төңкерістен бұрынғы қазақ тұрмысын классикалық шеберлікпен көрсеткен трагедияларымен, драмаларымен ертеден жақсы қанық, біліс еді, енді ұлы суреткердің көп томдық кітаптары басылған соң жаңа шындықты бейнелейтін пьесаларымен, замандас тұлғасын сомдап шығару жолындағы ізденістерімен жете таныса бастады.

2. Жазушының драматургия саласындағы ең алғаш шығармасы – “Еңлік-Кебек”. Алғаш жазылған кезде сахара сауыққойларының ойыны арқылы Абай ауылында Әйгерім отауында қойылған, кейін 1925 жылы қазақтың тұңғыш ұлттық театрының сахнасын ашқан бұл пьесаға автор да, театр да талай рет оралды. Пьеса өңделген сайын оның тынысы кеңейе, көркемдік бояулары да құлпыра түсті. Ел арасында кең тараған көне мазмұнды М.Әуезов қазақтардың сөз өнерінде бұрын-соңды болмаған жаңа пішінге көшіріп, “Еңлік-Кебек” трагедиясын жазып шыққан.

3. 20 жылдар драматургиясын талдап айтқанда, ең алдымен, көңіл бөлетін жай – ескі өмір мен жаңа үміт әкелген жаңа қоғамға, оның адамдарына деген қызыға қараушылық. Драматургтер жаңа ой, жаңа толғаныс әкелген заманның жай-жапсарын, хал-қадірін, бағытын түрлі суреткерлік тәсілдермен өрнектеп, оны замандастырына жеткізуді ойлады.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент М.Әуезовтің драма саласындағы еңбегін зерделеп, автордың драмалық туындыларын теориялық тұрғыда талдай білуі қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А., 1984.

2. Ордалиев С. Қазақ драматургиясының очеркі. А., 1964, 146-151-б.

3. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2001, 314-318-б.

4. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. Астана, 2007, 4-10-бб.

9-сабақ. “Хан Кене” трагедиясының тағдыры және әдеби сында бағалануы

Мақсаты: М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясының жазылуы, сахналануы, әдеби сында бағалануы, нұсқалары, азаттық тақырыбының берілу жолдарын талдап, саралау.

Сұрақтар:

1. М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясының жазылуы.

2. Пьесаның нұсқалары.

3. М.Әуезовтің «Ашық хаты».

4. Трагедияның сахналануы.

5. Сахнаға қойылғаннан кейінгі 1934 жылғы сын-пікірлер.

6. Сахналық көріністегі бас кейіпкерлер рөліндегі актерлер шеберлігі.

7. Кенесары қозғалысының жаңаша қырлары.

8. Пьесаның жазылуы мен сахналуы туралы қаламгерлердің сын-пікірлері.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: режиссер, пьеса, сюжет, композиция, сахна, театр, трагедия, идеология, акт, перде.

Сабақ мәтіні (тезис)

Қазақ халқы ел тарихындағы ұлы оқиғалар мен жұртқа танымал есімдерді әрдайым аңызға айналдырып, құрметтеп, ән-жырға бөлеп, жүректерінде жаттаған. Халық қалаулыларына ескерткішті ең алдымен сөзбен туғызып, поэзия тілімен сомдаған. Халық әдебиетінің алтын өзегіне айналған сондай әйгілі оқиғалардың бірі – Кенесары, Наурызбай бастаған ұлт-азаттық көтерілісі.

Халықты дүр сілкіндірген Кенесары Қасымұлы қозғалысы туралы алғашқы кең көлемді шығарма – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясы. Тоталитарлық жүйе, казармалық социализм, догматикалық ойлану, толғануға негізделген, империялық шешендікке сүйенген идеологияға қарамай ұлы жазушы ұзақ жылдар бойы өзінің тарихи көзқарасын шыңдады. Осы бағытта ұлы суреткердің шығармаларының ішінде “Хан Кене” пьесасы мен “Қилы заман” романы ерекше орын алады.

“Хан Кене” трагедиясын жазушы 1928 жылы жазған еді. Бірақ көп уақытқа дейін театр сахнасына шығаруға жолдама берілмей, тек алты жылдан кейін ғана Қазақстан Республикасы мемлекеттік театрының сахнасында бірінші рет қойылған. Трагедияның алғашқы сахналық көрінісіне байланысты көп ұзамай-ақ баспасөз бетінде көрермендердің пьеса туралы бір-біріне қарама-қайшы, авторды жазғыруы басым пікірлері “Социалды Қазақстан”, “Казахстанская правда” газеттерінен, “Әдебиет майданы” журналынан орын ала бастады. Осы пікірлерге байланысты трагедияның сахна төрінен орын алуына уақытша тыйым салынып, ұзақ жылдар бойына мұрағат шаңында көміліп жатты. Баспасөз бетінде “Хан Кене” трагедиясы жарты ғасыр уақыт бойы жарық көрмей, 1983 жылы ғана Мұхтар Әуезовтің жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томында қайтадан жарияланды. Осы кезге дейін отыз мың данамен басылып келген М.Әуезовтің кітаптары он төртінші томында он мың данамен ғана шықты. “Хан Кене” трагедиясы туралы қарама-қайшы пікірлердің тууы оның нысаны мен тақырыбына, тарихи тұлғаны драматургтің қалай көрсеткеніне тікелей байланысты. Кенесары есімімен байланысты өткен ғасырдың отызыншы-қырқыншы жылдарындағы оқиғалар – қазақ тарихында ұзақ уақыт бойы пікірталас тудырып келген мәселелер. Кенесары туралы пікірлер екіге бөлінді. Бір тобы Кенесары хан тағы үшін күрескен, сол ойлаған мақсатына жету үшін ешкімді де аямаған, халықты азапқа салған қатыгез деп кінә тақса, ал екінші топтағылар оны қазақ халқының еркіндігі үшін жан аямай күрескен халық қаһарманы, ұлт батыры деп мадақтады. Мұхтар Әуезов “Хан Кене” трагедиясында өмірі де, өлімі де шырғалаңға толы ірі тарихи тұлғаны терең зерттеп, бейнелеуге батыл қадам жасады. Тұлға мен заманның, дәуір мен тағдырдың, тұлға мен халықтың қарым-қатынасын әдеби бейнелер арқылы көрсетіп, қазақ ұлтының тарихи болашағына толғанып ой жібереді. Жазушы шығармашылығында көркем сомдалған тарихи бейнелер терең философиялық мән табады. Қазақ әдебиетін әлемдік аренаға шығаруда, қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салуда, қазақ драматургиясының, қазақ сахна өнерінің іргетасын қалауда – жалпы қазақ мәдениетін дамытуда көшбастаушылықтан бір танбаған Мұхтар Әуезов тарихи танымды таразылауда да сол дағдысынан айнымапты. Олай дейтініміз, 1928 жылы ол “Хан Кене” атты пьеса жазып, қатерлі 1934 жылы аталмыш шығарманы сахнаға қойыпты. Бір таңданарлығы, дәл осы аралықта, яғни 1930 жылдың 17 қыркүйегінен 1932 жылдың 20 сәуіріне дейін ол тұтқында болып, өзінің “ұлтшылдық”, “байшылдық” көзқарастары үшін үш жылға шартты түрде қамауға кесілген. Одан соң, 1932 жылдың 10 маусымы күні “Социалды Қазақстан” газетінде жарияланған “Ашық хатында” “мен өз шығармаларымның көпшілігінен анығында беті ашық ұлтшылдық күйіндегі жазушы боп шықтым” деп кешірім сұраған М.Әуезовтің “Хан Кене” пьесасы премьерадан соң “халықтың қас жауы, кертартпа хан – Кенесарыны” суреттегені үшін репертуардан алынып тасталған.

“Хан Кене” пьесасы жазылғанына елу үш жыл болса да жарық көрмей, М.Әуезов мұражайының қызметкерлерінің ерлігі арқасында 1983 жылы жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томына енгізілген. Пролог пен қырық жеті көріністен тұратын бес перделі тарихи пьеса 1841 жылдың қыркүйек айындағы Кенесарының хан сайланған кезеңінен бастап, өмірінің соңына дейінгі, яғни 1847 жылдың жазына дейінгі аралықты қамтиды. 1934 жылы жазушыға “хан Кененің тұлғасы дәріптелді, тарихи өткен заман дұрыс сарапталмады” – деген айып тағылды. “Алашорда” қайраткерлері тап болған зауал әлемдегі бір де бір ұлт-азаттық қозғалыс басынан кешпеген зауал еді. Оларды патшалық монархия бір, империялық мемлекет екі, кеңес өкіметі үш жақтан жаныштап, қуғын мен түрмеден көздерін аштырмады. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов те сол “қилы заманға” тап болды. Ұлт азаттығы үшін ұмтылған ұрпақтың өкілі ретінде қазақ халқының саяси, әлеуметтік және рухани бостандыққа жетуіне барлық азаматтық қажыр-қайратын жұмсады. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтарды рухани дос ете жүріп, қазақ мемлекетінің дербестігі үшін жанын сала еңбек еткен Мұхтар Әуезов азаттық жолына барлық жастық қуатын арнады”. Бұған дәлел ретінде жазушының 1932 жылы жазған “Ашық хатын” алуымызға болады. Кеңес өкіметінің барлық жазалау саясатын басынан өткерген М.Әуезовтің тағдырына бұл хаттың ерекше әсері бар. Сол кездегі саяси жағдайға байланысты өмір үшін өнерінен бас тартудан басқа М.Әуезовтің лажы жоқ еді. Қазақстан Республикасының бірінші басшысы болған Голощекин қазақ зиялыларының көзін жою мақсатымен 1928 жылдың күзінде жаппай жазалау науқанын бастады. Қазақ ұлттық театрының тұңғыш директоры Дінше (Дінмұхамед) Әділовті қамаудан бастау алған, одан басқа жетпіс бір адам тартылған Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіндегі тергеу ісі 1928 жылдың 17 желтоқсанында басталған. Жетпіс бір адамның ішінен жоғарыда аталған ашық хатты жазған Мұхтар Әуезов пен қазақтың алғашқы математик, профессоры Әлімхан Ермеков қана тірі қалған. Бірақ олардың тағдыры барлық саяси жазалау кезеңдерінде басты нысана болды.

Мұхтар Әуезов “Ашық хатта” өзінің төрт түрлі қателігін мойындады. Олар:

1. Малды тәргілеу, зорлап отырықшыландыру, күшпен мойынсерік құру қазақ жұртын сөзсіз ашаршылыққа ұшыратады.

2. Қазақстан үшін өнеркәсіпті өркендету орыстардың көбеюіне әкеледі. Кәсіпорындарды біртіндеп салу керек.

3. Көркем әдебиет пен өнерге таптық талап сай келмейді. Ол өнердің құнын жойып, жалған ұраншылдыққа жол ашады.

4. Халықтың әдеби-мәдени мұраларынан бас тартпау, оларды таптық тұрғыдан жіктеп, шетке қақпау.

Өзінің негізгі қателіктері ретінде мойындаған бұл “кемшіліктердің” шындық екенін сол күндердің нәубеті анық байқатады. Бірақ осы “Ашық хатты” жазумен М.Әуезов өнерінен мүлдем бас тартты деп түсінбеу керек. Бұған дәлел автордың 1932 жылы осы ашық хатты жазып, ал 1934 жылы жұртшылықты дүр сілкіндіріп “Хан Кене” трагедиясын театр сахнасына шығаруы. Өкінішке орай, пьеса жарық көрісімен бораған сынның астында қалды да, 1934 жылы 8 маусымда ВКП(б) Қазақстан Өлкелік Комитетінің бюросы “Хан Кене” пьесасы туралы арнайы қаулы қабылдады. Онда жазушыдан тарихи өткенді большевиктік тұрғыдан жазуды талап етіп, “пьеса қайтадан өңделсін” деген нұсқау берілді.

М.Әуезовтің “Хан Кенесін” сынау елуінші-алпысыншы жылдарға дейін толастамады. 1947 жылы С.Бәйішев “Профессор Мұхтар Әуезов өткендегі қателерінің шырмауында” деген үлкен мақаласында: “Мұхтар Әуезов ескі өмірдің, ескі тақырыптың әуеніне түсіп кетіп, жаңа өмірден, совет өмірі мен шындығынан қол үзген… Осыдан он бес жыл бұрын берген уәдесі мен ісінің арасында қандай байланыс бар? Соңғы он бес жылдың ішінде жазғандарының бәрі – “Айман – Шолпан”, “Хан Кене” пьесаларынан бастап, ең соңғы жазып жүрген “Абай” романына дейін – ескі тақырыпқа арналған”, – деп айыптайды.

Пьеса 1934 жылы-ақ сахнадан алынып, театр репертуарынан шығарылып қалса да, айтыс толастамады. 1951 жылы баспасөз бетінде Кенесарыны дәріптеушілерді қайтадан сынай бастады. “Кенесарыны дәріптеудің қазақ әдебиетіндегі төркіні – Мұхтар Әуезов” – деген айып тағылып, Е.Ысмайылов, Е.Бекмаханов, С.Мұқановтармен бірге М.Әуезов те сынға ілінді. М.Ақынжанов “Қазақстан тарихындағы буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы” мақаласында тарихшы Бекмахановты жер-жебіріне жете сынай келіп, Әуезовке ауыз салды. Ол Қазақстан ВКП(б) Орталық Комитетінің ҮІІІ пленумында сөйлеген Шаяхметовтың баяндамасына қосылды. Онда былай делінген: “Мұхтар Әуезов отызыншы жылдардың өзінде “Хан Кене” деген ұлтшылдық пьесасында Кенесары Қасымовты және оның қозғалысын жақтады. Мұхтар Әуезовтің қырқыншы жылдары “Әдебиет және искусство” журналында басылған “Ақындар азасы” деген романында да Кенесары Қасымовтың өз басын дәріптегендік болды”. Ал “Әдебиеттің жоғары идеялары үшін күресейік” деген мақалада “Мұхтар Әуезов “Қазақ әдебиеті тарихының” бірінші томында “Хан Кене” деген арнаулы пьесасында Кенесары – Наурызбайды, олардың маңындағы феодалдарды үнемі мақтаумен, оларды бұқараның көсемдері етіп көрсетумен болды”, – деп жазылған.

Осыларға жауап ретінде Мұхтар Әуезов: “Мен 1928 жылы “Хан Кене” пьесасын жазған едім. Бұл шығармада автордың ұлтшылдық дәріптеу бағыты айқын көрініп еді. Алғашқыда бұл пьеса театр сахнасына қойылмады, басылған да жоқ, тек қолжазба күйінде қалды. Бес жыл уақыт өткен соң отыз үшінші жылы театр қызметкерлерінің пьесаға біраз түзетулер жасап бер дегенін ескере отырып, пьесаны едәуір өңдедім. Отыз төртінші жылы пьесаның премьерасы қойылды да, репертуардан алынып қалды. Өйткені пьеса саяси мазмұны жағынан қате, совет жұртшылығына керексіз болды. Осыдан кейін мен бұл пьесаға қайта оралған жоқпын. Өз қателерімді ескере отырып, мен соңғы кездерде Кенесары маңындағы әдебиетті және ХІХ ғасырда оның идеалы болып алғаш дәріптелген Досқожа мен Нысанбай туралы әдебиетті қайта қарап шықтым. Олар Кенесарыны мадақтаудан басқа ештеңе жазған жоқ екен. Енді оларды мақұлдап сөз ету – Кенесарыны дәріптеу болып табылады”, – деген болатын.

М.Әуезов осы айтылған пікірлерді негізге ала отырып, “Хан Кененің” екінші нұсқасын жазып шықты. “Хан Кененің” жазушы мұрасында қазақ, орыс тілдерінде сақталған әртүрлі нұсқаларының машинкаға басылған, бөлек түптелген кейінгі бір қолжазбасы ерекше назар аудартады. Бұл – “1934 жылғы спектакльге байланысты баспасөз сындарынан кейін автор өз еңбегіне қайта бір көз жіберіп, ой елегінен өткізіп, әбден шыңдалған, өз қолымен кейінгі ұрпаққа қалдырып кеткен пьесаның ең соңғы жаңа нұсқасы, жаңа редакциясы”. Мұнда алғашқы мәтіндерде қатысатын кейбір адамдар (кедейлер, диуана кемпір, жесір қатындар, қырғыздар – Жантай, Қалығұл, Жанқараш, Орман манап, Тайсары, Толыбай), кейіпкерлердің жас шамасын айқындайтын автор жазбалары, әр перненің өн бойынан жеке-жеке көріністер, диалогтар мен монологтар (жетім балаларды бәйгеге тігу, қазан басындағы үш кедейдің әңгімесі, жесір қатындар шуы, диуана қатын қарғысы, дулаттар мен кемпір диалогы, диуана кемпірдің Кенесары мен Наурызбайды іздеп баруы), Кенесары мен Наурызбайдың қолға түскеннен кейінгі қырғыздардың дауы мен Кенені қырғыз қатыны, Наурызбайды Толыбайдың өлтіруімен аяқталатын соңғы алтыншы перде біржола қысқартылып, пьесаның әдеби тіл бояуы біраз жетілдірілген. Кезінде біраз сын айтылған диуана кемпір әрекеттері, қобыз сарыны, ән-жырлар мен жалпы сахналық шешім құбылыстарының, режиссер “жамауларының” бәрін де драматург алып тастаған. Латын тілінде машинкаға басылған емле қателеріне дейін автор өз қолымен түзеткен: сызып, қосып, жеке сөздерге, сөйлемдерге өзгерістер енгізген соңғы нұсқасы жиырма томдық шығармалар жинағының он төртінші томында жарияланды. Жазушы мұрағатында осы нұсқаның тағы бір данасы бар (№77 папка, С.Л.). Сол машинка, сол мәтін. Айырмасы – автор қол тигізбеген, емле, қателерін түзеп, өзгерістер енгізбеген. Пьеса машинкадан шыққан бетінде қайта қаралмағандықтан, архивте “5 акт, 6 суретті тарихи пьеса” деп тіркелген. Бір машинкадан, бір мезгілде шыққан осы дәлме-дәл екі дана қолжазба “Хан Кене” пьесасы 1934 жылдың бас кезінде театрда бір рет қойылып тоқтатылған тұста әр түрлі сын пікірлерге орай драматургтің қайта қараған ең соңғы, жаңа редакциясы деп танылды. Жазушының жиырма томдық шығармалар жинағын дайындау барысында “Хан Кене” қолжазбасы бойынша редколлегия тарапынан біраз мәтінтанулық жұмыстар жүргізілген. Мәтін қазіргі емле ережесіне сай түзетіліп, кеткен қателері жөнделген. Оқиғалар желісі бұзылмағанымен, қолжазбада жеке көріністерді реттеуде сандардың кейде қайталанатын, кейде аттап кететін тұстары кездесетін. Баспаға ұсынғанда прологтағы бірінші, екінші, үшінші көрініс деп салалау сол күйінде қалдырылған да, ал перделер бойындағы рет сандары қысқартылып, бірыңғай “көрініс” деп алынған.

“Төрт актылы, бес суретті тарихи пьеса” дейтін ұғым да алғашқы нұсқалар әуенінде сақталып қалған болу керек. Машинкаға автор өзі бастырған мәтінде тек бесінші сурет берілген де, өзгелерінің жігі бөлінбеген. Ал перде төртеу емес, бесеу (бұрын алтау еді, драматург алтыншыны өзі алып тастаған). Сондықтан жиырма томдықта “Бес перделі тарихи пьеса” деп көрсетілген. Екіұштылау мағына туғызатын, бүгінгі ұғымға келіңкіремейтін кейбір сөйлемдер де қысқартылып, ол тұстарға көп нүкте қойылған: прологта – бірінші, үшінші көріністе (3, 5-беттерде), бірінші екінші перделерде (7, 15, 19, 28, 39, 40-беттерде), ең соңғы пердеде – Кенесары монологында.

Мұхтар Әуезов “Хан Кене”, “Қилы заман” сияқты шығармаларынан өздігінен бас тартқан деудің ешбір қисыны жоқ. Бұларда жазушы отаршылдықты әшкерелеп, халықтың басына түскен ауыр жағдайды тебірене бейнелегені белгілі. Кейін мүмкіндік туғанда “Қилы заманды” қайта өңдегені “Хан Кененің” қазақша екі нұсқасын, орыс тілінде үшінші нұсқасын жазып шыққаны тегін болмаса керек.

1928 жылы жазылған “Хан Кене” трагедиясы тек алты жылдан соң, яғни 1934 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік театрында алғаш рет қойылған. Осы қойылымда басты рөлдерді елімізге танымал әртістер ойнаған. Олар: Кенесары рөлінде – Қалыбек Қуанышбаев, Науан рөлінде – Елубай Өмірзақов, Кәрібоз рөлінде – Қапан Бадыров, Бопай рөлінде – Мәлике Шамова, Бұғыбай рөлінде – Серке Қожамқұлов.

Пьесаның сахнада қойылуы туралы қазақ тілінде “Социалды Қазақстан” газетінде 1934 жылы 24-26 мамырда Ғабит Мүсіреповтің, 10-12 маусымда Сәкен Сейфуллин мен Ілияс Жансүгіровтің, орыс тілінде “Казахстанская правда” газетінде 21 маусымда Темірбек Жүргеновтің, 10 шілдеде Ғабит Мүсірепов пен Ілияс Жансүгіровтің мақалалары жарық көрді. Ал 1990 жылы “Жұлдыз” журналының оныншы санында Жайық Бектұровтың мақаласы жарияланды.

1934 жылдың 24-26 мамырында “Социалды Қазақстан” газетінде жарық көрген Ғ.Мүсіреповтің “Хан Кенені” қалай түзету керек?” деген мақаласының негізгі көтерген идеясы – “Хан Кененің” қойылуын тоқтатып, қайтадан жазып, түзету керек. “Хан Кененің” негізгі кемшіліктері, біздің қабылдамайтынымыз – пьесаның алдына қойған негізгі мақсаты. Бұл мақсат – ханның қазақ еліне “қамқор болғандығын” дәлелдеп, олардың құлағанда да өзгеше ерлікпен құлағандығын қастерлеу. Бұл – үгіттің бір түріне жататын нәрсе. Жұртшылықты бір күрсіндіріп, “жарықтық еркек-ақ екен ғой, шын басшымыз болған екен ғой өздері” дегізуге арналған, көркем түрде осыны үгіттейді”, – деп жазған еді. Ғ.Мүсірепов өз пікірін “Хан Кене” сахнаға қайта шығу үшін оны түзету керек, түзетіп қана қоймай, қайта құру керек”, – деп тұжырымдаған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 3721; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.026 сек.