Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 13 страница




Кейіпкердің ұлы мақсат жолында, қанды шайқас үстінде мерт болуы қаһармандық деуге лайық құбылыс. Азулы империяның осал жау еместігін қолбасшы жақсы сезінді. Сөйте тұра азатшыл жүрек, иілмеген өр кеуде ел мен жер тағдыры үшін атқа қонды.

“Елдігің, бірлігің, игілігің кеткен заманда, етек жеңін түрініп, екіленіп шыққан ерді көксейсің. Қиялай қиқу шыққанда қаңтарыла кететін омыраулы басшыға құштарсың. Жоқ па сондай тәуекел қып тас жұтып жүрген қазақтың қамқоры?.. Арысы Абылай, берісі… Қасымның ұясынан ұшқан жезқанат балапаны мінекей. Алыстан тоят тіленіп, қасқарып ұшқан қырандарың осылар. Ел боламын, сілкінемін десеңдер, екі тізгін, бір шылбырды қолына беретін иең келді”, – деп бірде ел тілегін, халық мұңын толғаған Шеген қарияның үндеу сөзімен берілсе, тағы бірде ел аманатын мойнына жүктеген хан Кененің атымен: “…кеудемде шыбын жаным тұрғанда ақ тілеуіңді ақтармын-ақ, жолыңа міне басым, міне жаным…” – деп айтылады. Пьесаға поэзиялық желпініс, күшті серпін әкелетін Нысанбай ақын жырының арқауы да осы азатшыл ойды, мұқалмаған ерлікті сахнадан жалындата, желбірете жеткізу. Трагедия шиелініске құралып, оқиға өрісі көріністен-көрініске қоюлана түседі. Босқа жүрген бірде-бір персонаж жоқ. Тіпті аты-жөні түстелмеген кейіпкерлердің аузымен авторлық идея, халық пікірі білінеді. Өтіп жатқан оқиғаларға тың көзбен баға беріледі. Мұны уақыт кесімі, мезгіл үні десе де болғандай. Ұлы шығарма – “Кенесары – Наурызбай” дастанын тудырған Нысанбай жырау бір қаһарман ретінде берілген.

Пьесадағы кейіпкерлердің көбі тарихта белгілі адамдар және Кенесарының туыстары. Драматург пьесада олардың аттарын өзгеріссіз алған (Науан, Бопай, Ержан, Қарашаш).

Пьеса күшті тартыста құрылған. Кенесары – Наурызбай бастаған қаһармандық күрес жолы пьесаның негізгі арқауы болса, тартысты күшейтуде, кейіпкерлер мінезін, сезім-сырларын ашуда қосымша желі шебер өрбітіліп жататыны айтылады. Әйтсе де бұл қосымша желілер пьесаның басты оқиғасымен тығыз бірлікте, бірін-бірі толықтырып, кейіпкерлер тағдырының жан-жақты көрінуіне мүмкіндік жасайды. Пьесадағы қаһармандық сипатқа ішкі сезім күйлерін үстейді, психологизмді дамытады. Шығарма құрылымдық жағынан да шебер түзілген. Негізгі желі шашау шығарылмай, Кенесары – Наурызбай төңірегіне жинақталып өрістейді. Автор әрбір көріністің сахнаға орай жинақылығын, драматизмін, сонымен қатар ойнақылығын, әсерлілік қуатын барынша ескерген. Сахнаны әрлендіре түсу үшін қажетті ыңғайда Нысанбай ақын дауылдата өлең төксе, жігіттер мен қыздар тобы домбыраға қосылып ән салады, батырлар тобы кезектесіп жамбы атады. Пьесада байқалатын ерекшелік – негізгі оқиғаның Кенесары – Наурызбай төңірегіне жинақталуы себепті шығармада бір-ақ рет көрініп, бас кейіпкерлерге қатысты міндетін атқарып болған соң іс-әрекетімен енді қайтіп көрінбейтін эпизодтық бейнелер тобының болуы. Шеген қария да сахнада бір-ақ рет көрінуімен ойында айқын сақталады, қаһармандық тұрғыдан дараланады. Оның жалынды да шерлі толғауындағы Әуезов драматургиясының ерекшелігі – шешендік сөз қолданыс, аллитерация, ассонанс, ішкі ұйқас, сөз қайталаушылық заңдарын кең қолданып, ойды құйылтып, төгілте айту. Пьеса тілі шұрайлы. Шеген қария толғауына байланысты айтылған шешендік тіл, ойды жалындата, драматизмін күшейте жеткізу, қажетті орнында қысқа қайыру, қадай айту, ішкі ұйқас, дыбыс үндестігі, ырғақ заңдылықтарын кеңінен қолдану мысалдарын әрбір кейіпкер сөзінен көптеп келтіруге болады. Драматургияның шартын жақсы білетін кейіпкер тілі арқылы оның мінезін, шындыққа қатысын ұтымды ашады.

Тұжырымдар

1. Хан Кене шын мәнінде туған елінің тәуелсіздігін көксеген ер тұлға. Бұған көптеген тарихи мағлұматтар айғақ. М.Әуезов те тарихи тұлғаға осы ой қазығы тұрғысынан келген. Рас, шығармада он жылға созылған көтеріліс оқиғалары толық қамтылмайды. Жанр талабы оны қажет етпейді. Осы ретте шебер драматург Кенесары басындағы осы маңызды, тартысты кезеңдерді таңдаған. Ол – Кенесарының хан сайлануы, бүйірін отаршылдықтың темір құрсауы қыса түскен халықтың күйзелісі, азаттықты аңсаған тілегі, көтеріліс сәттері, жорықтар, елшілік хабарлар, бас кейіпкер өмірінің трагедиялық сәті.

2. Пьесаның жазылу негізінде, автордың тарихи шындықты қабылдауы мен суреттеуінде Нысанбай жырының орны айрықша. Әуезов Нысанбай дастанындағы деректерді нақты шындықпен сабақтастыра отырып, 1928 жылы ең алғашқы қазақ тарихи трагедиясы – “Хан Кенені” жазған.

3. Жалпы “Хан Кене” трагедиясы – қазақтың тарихи драматургиясы қатарын байытқан сүбелі шығарма. Фольклорда да, жазба әдебиетте де Кенесары бейнесін сомдауға қалам тартқан жазушылар аз болған жоқ. Фольклорда Кенесары тек өз бойына ғана тән (стиль, өмірбаянының жеке сарындары, тұлғаның ерекшеліктері, “өзіндік” іс-әрекеттері) және оны сыртқы саясатқа қарсы күресуші ұлттық батырлардың белгілі қатарына қосуға мүмкіндік беретін типологиялық қасиеттерді біріктіреді.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясының көркемдік ерекшелігін, тарихи шындықтың берілу жолдарын, бас кейіпкер концепциясын, шығрма тілінің шұрайлылығын саралай білуі қажет.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А., 1984.

2. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2001, 129-133-б.

3. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. А., 2007, 10-44-бб.

11-сабақ. І.Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет” пьесасы

Мақсаты: І.Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет” пьесасының көркемдік қырлары, қаһармандар бейнесі, өнер адамдарының сомдалу ерекшеліктері, Махамбет пен Қуан жыраудың Исатай алдында кезектесіп айтқан философиялық толғауларының замана шындығымен үндестігі туралы талдап, саралау.

Сұрақтар:

1. Әуезов дәстүрінің қазіргі әдебиетіндегі даму сипаты.

2. І.Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет” пьесасындағы көркемдік ізденістер.

3. Исатай – Махамбет және Кенесары – Наурызбай арасындағы ұқсастықтар.

4. Махамбет пен Кенесары монологы.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: тарихи трагедия, персонаж, сахна, пьеса, ассонанс, аллитерация, анафора, эпифора, градация, метафора, метонимия, литота.

Сабақ мәтіні (тезис)

“Хан Кене” трагедиясы қазақ әдебиетінде ең алғаш тарихи трагедия дәстүрін қалыптастырды. М.Әуезовтен үлгі-өнеге ала отырып, ХІХ ғасырдың екінші жартысында жазылған І.Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет”, Қ.Бекхожиннің “Ұлан асу”, Т.Ахтановтың “Ант”, Ә.Кекілбайұлының “Абылай хан” драмалары тарихи трагедия дәстүрін жалғастырған туындылар болды.

Ілияс Жансүгіровтің лирикалық өлеңдерінің арқауы ақын сезімінің әр түрлі құбылуы десек, поэмаларында, әңгімелерінде, драмаларында, романында, ең алдымен, автордың туған, өскен, ержеткен ортасының табиғат көрінісі, деректі оқиғалары, дәлелді істері, көпке мәлім тартыстары жатқанын аңғару қиынға түспейді. Өзі естіген, өзі көрген, бастан кешкен оқиғаларды шығармаға өзек ету шығармашылық сапардың алғашқы кезеңіндегі сипат болса, кемелденген тұста жазушы әдейі мақсатты зерттеу, іздеу, тексеру арқылы жаңа тақырыптарды игере бастайды. Ұлттық өміріміздегі ерекше мәнді оқиғаларға терең назар аударып, халқымыздың ұлы перзенттерінің ғұмырынан шығарма жазуды биік мақсат, өр нысана ету – Ілияс Жансүгіров талантының асыл нәрі, алтын өзегі; тарихи зор әрекеттерді ойшыл, зерттеуші көзімен дәл танып, нәзік бейнелеуді армандаған қаламгер қажыры.

Отызыншы жылдардың ортасында, тарихшыларымыз Қазақстанның өткеніне байланысты ғылыми пікірлерді анық тұжырымдап бітпеген кезде, жазушыларымыз әлі тарихи-төңкерістік, тарихи-ғұмырнамалық тақырыпқа бойлап бармай тұрған шақта, Жансүгіровтің Исатай – Махамбет өмірінен пьеса жазуы шығармашылық үлкен батылдық, әдебиетіміз үшін маңызды қадам болды. Драматург ең әуелі Исатай – Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің әлеуметтік мәнін, қозғаушы күштерін, жеңілу себептерін тарихи тұрғыдан айқын, дұрыс түсінген. Өмірде болған көтеріліске қатысқан адамдардың іс-қылығын дәл көрсеткен. Жер, ру, кісі аттары өз қалпында алынған. Осындай деректі, құжаттық негізі бар шығарма – сахналық өнердің биік, қатал, күрделі талаптарына жауап берерліктей көркем, шебер.“Шығарма өлеңмен, ішінара қарасөзбен жазылған. Ремаркада “үш перделі, алты суретті трагедия” деп анық көрсетілген. Автордың хор, дуэт деп арнайы айтып отыратын тұстарына қарап, туындыны жеңіл құрастырылған жадағай опера либреттосы қатарына жатқызуға келмейді. Біздің ойымызша, Жансүгіровтің бұл шығармасы сахнаға қоюға лайықталып жазылған, басты назар, негізгі салмақ музыкалық әуен, опералық саз, арияларда емес, сөздің ішкі қуатында, астарында, мағына-мәнінде жатыр. Бұл – әдебиетіміздің тарихынан сыбағалы, мәртебелі орын алуға лайық тамаша трагедия. Күні бүгінге дейін еленбей, ескерілмей, бағаланбай келсе, өз салғырттығымыз, әдебиеттанудағы олқылық, асылдың қадірін білмеу”.

Алғашқы оқиғаларға араласатын адамдар туралы ремарканы оқығанда еріксіз ойланып қаласың. Өйткені персонаж саны тіпті көп – атымен берілетін кейіпкерлердің өзі қырық шақты. Мұның үстіне пішеншілер, сарай қызметкерлері, солдаттар, меймандар және бар. Рас, он адамды батырлар деп, жеті адамды сұлтан, билер деп топтап тастайды. Пьесамен түбегейлі танысып шыққаннан кейін кейіпкердің көптігі жөніндегі күдік сейіледі. Әрекет-тартысқа бел шешіп, білек сыбанып қатысатын, мінез-құлықтарымен терең ашылатын сом құйылған қаһармандар ғана ойда қалады. Көптеген персонаж бір жерде, екі жерде бір сөз, екі сөз айтумен ғана тынады. Бұларды драматург әлеуметтік орта, дәуір тынысын сездіруге пайдаланғандығын түсінесің. Алғашқы көріністен бастап Махамбет сөздері сұрақ не жауап түрінде келетін әдеттегі қалыпты арнада емес, от-жалыны бетті шарпитын тебіреністі толғау – монолог сипатында келеді. Бұларды жеке алғанда бас-аяғы жұмыр, құрылымдық келісімі бар, ішкі тебіреніс, зор толқудың көрінісі – аяқталған асау жыр деп қарауға болады. Қалдыбай тобының Қарауыл қожа қысымына қарсылығы бір тартыстың шетін шығарса, екінші шиеленіс қашып келген қыз бен жігіт оқиғасынан басталады. Қыз аты – Қарлыға. Махамбеттің жиені. Жігіт аты – Құрманғазы. Күйші Құрманғазы.

Исатай Тайманұлының орта дәулетті, ел ішіне сыйлы кісі болып старшина сайланғандығы, көтеріліске дейін патша әкімдерімен де, ханмен де күрделі қарым-қатынаста жүргендігі, әсіресе, 1977 жылы жарық көрген И.Кенжалиевтің “Тайманұлы Исатай” атты тарихи зерттеу еңбегінде ашық, айқын айтылған. Пьесада Исатай бейнесі диалектикалық бірлікте, қайшылық-қасиеті сом тұтастықта алынған. Алғаш кездескенімізде жанында екі солдат, ұлы Жақия, дау иесі Қауғабай, бас старшина Исатай қашып кеткен қыз бен жігітті қуып келіп тұр. Әрбір сөзді тура айтатын Қалдыбайдан тұтылған Исатай бұрыла береді. Сахнадағы Исатай мен Махамбет – халқымыздың тарихында есімі қатар айтылатын егіз тарлан екі есім. Азаттық атты сұңқардың қос қанаты.

Дүниедегі көзі көрген, санасы жеткен қуаныш болсын, қайғы болсын – баршасын жан жүрегімен қабылдайтын ақын зорлыққа шыдамақ емес. Әсіресе халық басына күн туып, ел-жұрт жылап жатқан кезде, ақын сөзімен, ісімен найза ұшында. Махамбет басында дәл осындай күй бар. Үстем тап өкілдері салғырт-салық деп, зекет-шығыр деп халықты зар илеткенін көріп, біліп тұрған ақын қорған іздейді. Тығырықтан шығар жол шыңдалған шалғымен шөп шабу емес, жуандардың ауылын шабу деп біледі. Қашқындарды тауып бер деген Исатай сөзіне айтылатын жауап тіпті қатқыл. Екі мінезде екі түрлі сипат бар. Аты алты алашқа мәшһүр, арғы тегі түбірлі, әзір өз жанына сүңгі батпаған старшина Исатай өзі тұрғылас Қарауыл мен Балқыны бақталасым, дұшпаным деп санағанымен, ханға қарсылыққа әзір баспайды. Ханды халық қамқоры есептейді. Алып-ұшып, жұлқынып тұрған Махамбетке басу айтады, істің артын тосып, сабыр қылғанды жөн санайды. Бәрін көрген, зорлықтан әбден қажыған ақын сенген ері Исатай мынандай момындық, жуастық, бағыныштылық жолын айтып тұрғанда, ашу-ызадан ширығып, жалғыздық-жалқылық жайлы сыр шертеді, шер төгеді.

М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясындағы Кенесары мен Наурызбай арасындағы қақтығыстарды бейнелегеніндей, І.Жансүгіров те негізгі екі қаһарманын бір-біріне ұқсас етіп жібермей, даралап, ерекшелендіріп шығару үшін бұлардың арасындағы достық, тұтастық сезімдерімен қоса, ұғыспаған кезді, мінез өзгешелігін әдейі бейнелейді. Драматург шаруалар көтерілісінің жеңілу себептерін объективті түрде, тарихи тұрғыдан шындық аясында көрсетеді. Көтерілісшілер арасындағы алауыздықты екі күрделі мінезге сабақтастыра бейнелейді. Анталаған жау, қалың әскерге шапқанмен, түбі жеңіске жету қиын, сондықтан ханның өзі келісімге келіп тұрған кезде қара қазан, сары баланың қамы үшін бітімге тоқтағанды Исатай дұрыс көреді. Жалаң қылыш, өрт ақын Махамбет ордаға шабуыл жасау керек деп біледі. “Хан Кенеде” дулаттар мен Кенеге жауыққан би, төрелер – Шотай, Балғожа, Жантөре халықты алауыздыққа итермелесе, “Исатай – Махамбетте” жырынды би Бекжан ру арасындағы ырың-жырыңды пайдаланып, ел арасына оп-оңай іріткі салады. Көтерісшілер қатары сирей бастаған. Исатай бес қаруы бойында, батырлар күші жанында болғанда ордаға шаппай тартынып қалғаны үшін өкініштен “аһ” ұрады.

“Трагедияның тағы бір көркемдік жетістігі деп Махамбет пен Қуан жыраудың Исатай алдында кезектесіп айтқан философиялық толғауларын айтар едік. Қуан жырау толғауы Исатай жүрегіне уайым ұрығын сепкендей болса, Махамбет жыры батырға рух беріп, намысын жани түскендей”.

І.Жансүгіров пьесасында қос жырау Қуан мен Махамбетті қатар салыстыра алуында да мән бар. Бұл жерде жыраулар – қол бастаушы Исатайға бағыт сілтеуші, ақыл-кеңес беруші. Қуан жырауды тыңдаса, драмалық тартыс аяқталып, тасыған теңіз толқыны сабасына түскендей болар еді. Бірақ Махамбеттің жалынды жыры Исатайдың жүрегіндегі кек ұшқынын лаулаған отқа, сұрапыл өртке айналдырып әкетті. Қарт ақын Қуан алыстан орағыта келіп, қарлы борандатып, жауын-шашындатып, ақыры түбі қазылған бәйтеректің теңселе-теңселе құлайтынын ұқтырады. Міне, дәл осы шақта бәйге аттың құйрығынан үзіп алған қылды таққан, аршадан шапқан қызыл күрең қобыздың алпыс екі тамырыңды идіріп бір шығатын үніндей болып Махамбет монологтары беріледі. І.Жансүгіров трагедияны жазу үстінде халық тілінің шұрайлы қазынасын жүйрік аттай жосылтады: Махамбет поэзиясының стихиясын терең меңгеріп, әуез, ырғақ, ұйқас, тармақ, шумақ жасауда ұлы шебер кәдеге асырған тамаша үлгілерді қайта жаңғыртқан; ассонанс, аллитерация, анафора, эпифора, градация, метафора, метонимия, литота – осылардың сан алуан құлпырып, жайнап тұрған соны өрнектерін көруге болады. Трагедиялық монологтар жасау ізденістерінде Ілияс фольклордағы толғау, арнау өлең формаларын дамыта, жаңғырта кәдеге асырған. Халық билерінің, шешендерінің сөздерінде кездесетін тұрақты, мәнді, айшықты оралымдарды жиі қолданған.Трагедия кейіпкерлерінің тілін даралаған, айрықша көңіл бөлген драматург, негізінен, олардың бәрін де шешен, шебер сөз иесі етіп көрсетеді. Әсіресе, бұл қасиет Махамбет монологтарынан ерекше көзге түседі. Махамбет монологтарының кейбіреуі ақын поэзиясының сарынына, идеясына, поэтикасына сәйкестіндіріліп тыңнан жасалған. Кейбір монологтарда Махамбет өлеңдері азды-көпті өзгерістермен алынған, кейбір монолог Махамбеттің өзгеріссіз өз өлеңі. Махамбеттің кейбір өлеңі басқа адамдардың аузымен айтылады.

Махамбет аузынан айрықша терең айтылған көтерілісшілер сырының соңғы түйінін жасайтын – Исатай. Ақын монологында айшықты сурет, жүрек тебірентер толғаныс көп, батыр монологында Кенесары монологындағыдай ой, тұжырым, байлам басым. Исатай – Махамбет көтерілісін бір аймақтың, бір жүздің дүмпуі емес, иісі қазақ баласының кекті намысына тиген шақпақ от етіп бейнелеу – өткен өмірге тарихи объективті көзқараспен қарай білген, құбылыстарды ойшыл қаламгер санатында талғап, саралаған аршынды суреткер позициясына тиянақты дәлел. Көтеріліс басшысы өлім ұстарасы алқымға тақалғанда да жігерлі. Мұрат, нысананы әлі естен шығармаған. Басқа емес, ауызда екі-ақ сөз: халық, ел. Пьесаның ұзына бойында Исатай мен Махамбет монологтарында “ел” сөзі үнемі қайталанып отырады. Бұлардың символдық, жинақтаушылық мәні бар. Тағы да “Еңлік – Кебек” трагедиясының соңғы нұсқасындағы Нысан абыз монологтарындағы “ел” сөзінің қолданылу ерекшелігін еске түсірудің артықшылығы жоқ.

Драматург Исатайдың өлім сценасын реалистік дәлдікпен, психологиялық тереңдікпен, өте сенімді бейнелеген. Ұлы Жақиямен қоштасу монологында ет жүрегі елжіреген әке махаббаты, екі көзден аққан қанды жас бар. Халық қолбасшысы мерт болып бара жатқанда Байеке (Баймағамбет) секілді жендеттер ер-азаматты өлтіргендері үшін қандай шен тағып, қандай шекпен киетіндерін ойлап, көңілдері күпті, тірідей қолға түсірмек. Исатайдың соңғы лебізінде қайғы, өкініш жоқ, келешекке деген зор сенім басым.

Тұжырымдар

1. М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясындағы Кенесары мен Наурызбай арасындағы қақтығыстарды бейнелегеніндей, І.Жансүгіров те негізгі екі қаһарманын бір-біріне ұқсас етіп жібермей, даралап, ерекшелендіріп шығару үшін бұлардың арасындағы достық, тұтастық сезімдерімен қоса, ұғыспаған кезді, мінез өзгешелігін әдейі бейнелейді. Драматург шаруалар көтерілісінің жеңілу себептерін объективті түрде, тарихи тұрғыдан шындық аясында көрсетеді. Көтерілісшілер арасындағы алауыздықты екі күрделі мінезге сабақтастыра бейнелейді.

2. І.Жансүгіров трагедияны жазу үстінде халық тілінің шұрайлы қазынасын жүйрік аттай жосылтады: Махамбет поэзиясының стихиясын терең меңгеріп, әуез, ырғақ, ұйқас, тармақ, шумақ жасауда ұлы шебер кәдеге асырған тамаша үлгілерді қайта жаңғыртқан; ассонанс, аллитерация, анафора, эпифора, градация, метафора, метонимия, литота – осылардың сан алуан құлпырып, жайнап тұрған соны өрнектерін көруге болады.

3. Ілияс Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет” трагедиясы өмірлік фактілерінің дәлдігі, оларды сұрыптауы, кейіпкерлерді даралауы, драматургиялық құрылысы, идеялық-эстетикалық нысанасы – жалпы маңызы жөнінен осы тақырыпқа арналып бұрын-соңды жазылған, М.Ақынжановтың “Исатай – Махамбет”, Ғ.Слановтың “Махамбет”, Б.Аманшиннің “Жақия” пьесаларынан шоқтығы биік туынды десек, бұл – ұлы ақынның аруағы алдында бас ию емес, шығарманы нақты анализ жасаудан туған дәлелді тұжырым, әдеби дамудың шындығы.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент І.Жансүгіровтің “Исатай – Махамбет” трагедиясының көркемдік ерекшелігін, тарихи шындықтың берілу жолдарын, бас кейіпкер концепциясын, монологтардың берілу ерекшеліктерін талдай білуі қажет.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Жансүгіров І. Бес томдық шығ. жинағы. Пьесалар. А., 1988

2. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. А., 1984.

3. Нұрғали Р. Драма өнері. А., 2001, 134-146-б.

4. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. А., 2007, 86-93-б.

 

12-сабақ. Т.Ахтанов. “Ант” драмасы

Мақсаты: Т.Ахтановтың «Ант» трагедиясының тақырыбы мен идеясы, тарихи шындық көрінісі, құрылымдық ерекшелігі туралы мағлұмат беру.

Сұрақтар:

1. Әдебиеттегі Әбілқайыр бейнесі.

2. «Ақтабан шұбырынды» трагедиясын тақырыбындағы тарихи трагедиялар.

3. Т.Ахтановтың «Ант» пьесасын жазуына негіз болған оқиға.

4. Пьесаның құрылымдық ерекшелігі.

5. Шығармадағы кейіпкерлер жүйесі.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: тарихи трагедия, персонаж, сахна, пьеса, монолог, диалог, тарихи дерек.

Сабақ мәтіні (тезис)

Мұрағат деректерінің, ескі фактілердің жарыққа шығуы, ғалымдардың арнайы зерттеулері, қазақ тарихи романдарының табыстары көзін таба білген кісіге мол байлық. Өткен мұраға тарихи тұрғыдан, реалистік позициядан қарап қалам тербейтін драматург үшін ұлттық тарихымызда сан алуан, шытырман қайғылы халдердің, қат-қабат тағдырлардың мол екендігі айдан анық. Жүрекке жара салған, халық санасында терең із қалдырған атышулы “Ақтабан шұбырынды” трагедиясы, содан кейінгі бетбұрыс, еліміздің Ресейге қосылуы бірнеше прозалық шығармаларға арқау болғанмен, сол кезеңнің психологиялық, философиялық шындығы әдебиетімізде толық ашылған жоқ. Бұл тақырыптарды жеңіл-желпі, асығыс, ат үсті меңгеру әсте мүмкін емес. Ғалымның табандылығымен, көздің майын тауысып, бел ауыртып, ұзақ сарылып, деректерді сұрыптау, екшеудің үстінде тебіренген жүрекпен, зор шабытпен сілтейтін талант қайраты керек. Мұндай объектілер қаламгерден бөлінбей-жарылмай, тұтас берілуді, махабатты тілейді. Осы орайда туған Қ.Бекхожиннің “Ұлан асу” және Т.Ахтановтың “Ант” пьесаларының әдебиетімізде алар орны айрықша. Бұл екі пьесаның да тақырыбы ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар, қазақ арасындағы соғыстан туған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 2789; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.042 сек.