Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 12 страница




– Болса қане, көрсетші!– деді Ынтықбай. Ду күлдік. Күлән қатты күлсе де тез тиылып, демеп жіберді мені.

– Үлкен бір ойын түсіндіруге алып отырған мысалы ғой, қалжыңға айналдырмашы!..

Осы мезетте сырттан тықыр естілді. Ұшып тұрып терезе ашып қараған Мақпал, таңырқай қайтты.

– Әлияштарыңыз сіздерді қимай жүр ме, мас болды ма, қайтып келіп есікте тұр екен. Велосипетімен қайта ағыза жөнелді!– деді. Дереу мен шығып барып қақпаны бекітіп қайтып жалғастырдым сөзімді.

– Мен қазір адамзаттың ең жойымпаз ажалы болған өзімшілдікті де, ең асыл қасиеті болған ар-намысты да партия басшылығынан мәселе іздемей, көрмей келгендігімнің себебі ретінде айтып отырмын. Ойыма түскен тағы бір жайт, Маужушидың «пұт пен өліктен басқаның бәрінде де кемшілік бар» дегені, қай мақсатпен болса да жай айта салған сөз емес. Күләштің жаңағы сұрауы – осы сөздің де, біздің талқылап отырған мәселеміздің де шындығын табудың шабыты болды. Біз бүгін оңаша, өзіміз ғана отырмыз ғой, білгенімізді ортаға салып көрелікші!

– Ол сұрауың қалай еді ей?– деп жалт қараған «Ынтасына» Күлән күліп жіберді де, Мақпал қайталап айтып берді.

– Әсіресе осы жақыннан бері неғып науқаннан–науқан болып кетті? Бірін көңілдегідей тиянақтандыра алдық па?»– деген.

– Нүктесіне де қалдырмай ұстап отырғанын қарашы!– деп Күлән Мақпалға сүйіне қарады. – Нұрияшым менің!

Күләннің жасқа тола қалған қара көзі дәл қарсымнан жалт ете түскенде құйып жібергендей, менің көзім де жасаурай, бұлдырай қалды. Келмеске ізсіз кеткен аяулымыздың дәл өзіндей, орнын ортасыз толдырған Мақпалға тең иігеніміз еді бұл. Күлән екеуіміздің жанымызды бөлек деп кім айта алар!...

– Иә, бұл тізбекті науқандар жақыннан бері ғана емес, «Жекеге табынуға қарсы» талқымен басталған ғой,– деді Ынтықбай. Күләннің сұраулары осыдан туындап бізді өкшелеп қуалай жауды.

– Ал, сол талқы біздің қоғамға қандай із қалдырды? Турасын шорт-шорт айтыңдаршы!

– Меніңше болғанда ол талқы, «Жекеге табынушылық біздің елде жоқ» және «Біздің елде де бар» деген екі көзқарас пайда қылды,– деп Ынтықбай маған қарады. Мен айқындадым.

– Хрущевтің Сталинды табындырушы деп бүтіндей жоймақ болуына біздің көсеміміз қарсы болғандықтан «бізде табындырушы жоқ» дейтін жағымпаздықтың жандайшап көзқарасы бұл науқанды жүргізбей тоқтатып тастады. Ал, шындықты іс жүзінен іздеуші саналылар жағы «Бар» деген пікірді мықтап ұстады. Тіпті Шаңхайдың Хупың атты дарынды ақыны табындырушы көсемнің дәл өзіне қарсы ашық пікір көтеріп, жазамен өлтірілді. «Хупыңға қарсы науқан» соны жеп қана тоқтап қалды. Екі түрлі көзқарас әлі де сол қалпы тіресіп тұр.

– Ал, бұдан соң қай науқанға көштік, қоғамға ол қандай жеміс берді? Мұны да ашық айталық!– Бұл сұрауды Күлән күбірлеп қана қойды да, Ынтықбай күбірлеп қана жауап берді.

– Мұнан соң Маужуши өз бетімен социализм мен коммунизмнің «Ең төте жолын» жасап жариялады. Соны үйрену науқаны басталды. Бұдан менің өзім алған жеке түсінігім мынау: Совет одағында жүргізілген жекеге табынуға қарсы науқанмен келісе алмай қалғандығымыздан социализм құру ісін дербес өз алдымызға белгіледік. «Өз күшімізге ғана сүйенуге» бекіндік. Бұған тәуекел етуімізге Хрущевтен «марксизмді дамыту жолында Қытай жақсы үлгі көрсетті» деген мақтау алуымыз да себеп болды ғой деймін,– деп Ынтықбай күліп жіберді. – Артықша бөртіп тым асыра сілтеп жібердік пе екен, әйтеуір сол үйрену науқанымыз да аяқсыз үзіліп қалды. Сол «Сара жол» да, «Зор секіріп ілгерлеу» де қайтадан ауызға алынбай тоқтап қалып тұр.

– Сол өздігінен тоқтап қалды ма, иә, «оңшыл оппортонизм» секіртпей, етегінен алып тұр ма? –дегенімде,

– Ә, міне!– деп қалды Күлән. – Ең ашық жауап іздейтініміз осы сұрау!... Тоқтай тұршы!

– Ал «тоқтай тұрайын», асықпай шеш!

Ынтықбайдың бұл соқпа қалжыңына шиқ ете күліп жіберген Мақпал шыға жөнелді де, мен қарқылдап күлдім.

– Ең қажетті сөзге келгенде қалжақтай қалатының-ай сенің!– деп шытынап қалған Күләннің өзі де күліп жіберіп жалғастырды сөзін. – «Сара жол» туралы соңғы бір сөзінде Маужушидың «оңшыл оппортонизмші» деп атағаны, оның алдындағы жекеге табыну жөніндегі талқыда қарсы жақтан көрінген кісілер шығар?

– Әрине солар!– деді Ынтықбай,– табынбаушылар болмаса табынушылар Маужушидың өз қолымен жасалған «сара жолға» қарсы пікір айта ала ма!

– Олай болса, Орталық Комитетте «жекеге табынуға қарсы тұру» науқанына қарсылықпен «сара жолға» қарсылық Маужуши басшылығына қарсы бір топты құрастырды. Маужуши оларға «оңшыл оппортонизм» деген қалпақ кигізді. «Сара жол» мен «зор секіріп ілгерілеуді» Маужушидың өзі қалдырғаны жоқ, сол «оңшылдар» секіртпей, алқымынан тіреп тұр. Биғанның әлгі сұрауының өзі жауап болып шықты!– деп түйіндеген Күлән науқандар жөніндегі үшінші сұрауына көшті. – Ал енді одан кейінгі жүргізген науқан туралы сөйлесейік!

– Онан кейінгісі, «зор ханзушылдыққа қарсы тұру» науқаны,– деді Ынтықбай. – Мұнысын нағыз интернационализмші шынайы коммунистік идеяның әрекеті дер едік. Бірақ, ол, төңкеріс жолымен жүргізілмей, күбірмен, ымырамен тынды. Демек, бұл, басы таудай, аяғы қылдай, аты бар заты жоқ, немкетедінің науқаны болып қалды. Менің бұдан алған түсінігім тіпті бұзық. Жасырмай сөйлеп берейін, неғұрлым түзетіңдер! Мұны былай түсіндім: Орталық Комитетте өзіне қарсы топ пайда болғандықтан Маужуши өз сабын нығайтып, оларды жеңу үшін идеялогиялық жақтан да секіріп ілгерілеген болып, зорайып көрінбек болды. Нағыз интернационализмші болып көрінгісі келді. «Зор ханзушылдыққа қарсы» науқанды сол үшін бастады. Бірақ, мұны төңкерістік батыл әрекет етіп жүргізсе, өз тіректерінен айрылып қалатын болған соң зор ұлтшылдарымен қайта ымыраласты. Науқанның атын сақтап, затын тастай салды. Дұрыс па осы жорамалым?

Күлән маған қарап сұрау қоя құптады.

– Бұл науқанның жымия қалуына қарағанда осы дұрыс жорамал-ау деймін?

– Бұл, дұрыс жорамал ғана емес, айқын көргендік. Қате емес, дұп-дұрыс түсінік болды!– деп құптадым. – Құтырған әшкере зор ұлтшыл гомендаңның үлкен ұлтқа да, кіші ұлттарға да Гитлерше шашып кеткен уын жойып, уытын қайтару – коммунистік партияның интернационалдық ең алдыңғы борышы болатын. Маужуши мұны тек, шынайы коммунистердің өзіне қарсы тобы құрылған соң ғана оларды жеңер ақынның әдісімен сөйлеп қана өте шықты. Төңкерістік науқан ретінде жүргізгені жоқ. Сол сөйлеген сөйлесінің өзінде де мақсатты қателік бар. Ханзулар кіші ұлттарды тарих бойына езіп келген» деген сөзі бар. Бұл сөзі кейінгі «ашылу–сайрау» науқанында кіші ұлттар интеллигенциясын есіртіп көкітуге есе қосты. Мұндағы бір мақсаты «ашылу–сайрау» науқанының мақсатын талқылағанымыз да көрінеді!– дей сала түрегеліп шарап құйдым.

– Олай болса, осы «ашылу–сайрау» науқанын қайта талқылап алып бір-ақ ішелік!– деді Күлән. – Пікіріміз шәшіліп кетпесін!... Ал, осы «ашылу–сайрау» науқанының мақсаты не болды?

– Жоғарыдағы ахуалдарға қарағанда бұл науқанды «партия ішінде стиль түзеу» үшін жүргізген емес,– деп жалғастырдым сөзімді. – Сол сылтаумен қалпағын оң жақ шекесіне қондыра қойып, өз ісіне қарсы пікірді және өзіне төнген қатерді мүлде жою үшін жүргізіпті. Мақсаты сондай қос қабатты: бірінші мақсаты, сызат түскен өз образын, осының алдында өткен науқансымағындағыдай тағы безіп бүтіндеп, өз шебін күшейту. Сөйтіп, қарсы топтың шабуылынан қорғану. Екінші мақсаты, қорғана отырып «жауын» ыдыратып, олардың барлық жақтаушыларын бір-бірден жұлып тастаудың шартын толтыру. Сайратып ашып, барлық саналылардың пікірлерін қузап ақтартуының мақсаты осы екен. Енді мұның растығын әрекет барысынан анықтап көріп шығалық.

«Барлық гүл тегіс ашылсын, барлық тіл жарыса сайрасын» деген атақты ұранмен асқан демократ болып көрініп, өз маңдайына ұрылған «Дара табынушы» деген таңбаны сонымен жапты. Сөйтіп обыразын бүтіндеді. Мәселен, «Зор ханзушылдыққа қарсы тұру» деген әлгі науқансымағындағы «ханзулар шағын санды ұлттарды тарих бойына езіп келген» деген сөзі мен осы науқандағы «Пұт пен өліктен басқаның бәрінде кемшілік бар, партияда да бар, менде де бар» деген сөздерді бір жақтан өзін шексіз демократияның періштесіндей көрсетіп, алғысқа бөлетті. Ал, екінші жағынан қарсы топтың пікіріне де шексіз еркіндік бергендей көрініп, еркінсітіп сайратып, екінші мақсатын орындаудың да дайындығын жасап болды. «Жаулары» ақтарыла ашылып сайрап, жалаңаштанып болды. Енді қасап пышағына ілінуден басқасы қалған жоқ.

Егер бұларды жоймаса, Маукең халықты өзіне мұнан соң табындыра алмайды. Өз өктемдігімен жасаған әсіре солшыл жолымен секіріп, негізгі мұратына да жете алмайды. Тіпті ушыққанда өзі осы тәңірі тылсымындай биігінен құлап түсуі де мүмкін. Сол үшін тездетіп олардың өздерін құлату, Маукең үшін өте зәру іс болып қалды.

Ал, оппортонизмші дегендерінің де арқа тірегі мықты. Қалқаны мен дулыға-сауыты қалың, даңқы мен абыройы жоғары кісілер болса керек. Мәселе көтерген көтерілістеріне қарағанда, бүтін көзі бар халық пен ғылым-сана қауымы түгел қолдайтын «жау» екен. Сондықтан оларды құлатуда оңай емес. Тірек-қорғанымен, сауыт-сайманымен, тамыр, пұтақ-пұтақшасымен түгел қопармаса құламайды. Бұл қиын мақсат үшін «өзінің стилін түзеу» сылтауымен қозғаған осы «ашылу–сайрау» науқаны – «толық ашып, толық сайратуын» іші кепкен сиырша тышқақтата қуып жүріп, еркіне қоймай сайратуды, қанша көкісе де тоймай сайратуды, «ханзулар шағын санды ұлттарды тарих бойына езіп келген деп есірте сайратуы, «пұт пен өліктен басқаның бәрінде қателік бар, партияда да бар, менде де бар» деп еліктіре сайратуы... Бәрі де өзінің құрып қойған қыл тұзағына қарай айдауы емес пе. Бұл, Асылқан айтқан «от амалының» отамасы болмай не болмақ!... Осы науқанның аты мен затында, «қорықпай сайраңдар» деп берген антында, қолданған сөздерінің шартында титтей таптық негіз болды ма?... Қиыннан қиыстырып, әдейлеп осылай күшеп, мың мәшәхатпен сайратуының арты, мұндай ахуалда, таптық принциппен сірестіріп, тергей жөнелу болмай не болмақ!... «Оңшыл оппортонизмнің» өнген топырағы мен тамыры деп енді миы бүтінірек сауаттыларды түгелімен «оңшыл», «жерлік ұлтшыл», «кері төңкерісші» деген қалпақтармен бастырып мыжымай қояр ма екен?

– Қазірше атын атамай қоя тұрайын деп едім, төбесінен дәл түсіп отырсың,– деп күліп жіберді Ынтықбай. – «Оңшыл оппортонизм» дегендерінің бастаушысы – Қорғаныс министрі және бас қолбасшы Пыңдехуай екен. Бұл өзі мемлекет азаттығының батыры, орталық комитеттегі нағыз пролетариат өкілі саналатын үшеудің бірі болатын.

– «Бәсе!, бәсе!»– дестік Күлән екеуіміз бір-бірімізге қарап:

– Ал, Күләш, сұрауларыңа білгенімізше жауап беріп болдық,– дедім мен – бізді сен де табындырғың келмесе, өзің де бір ашылып, қортынды пікіріңді айтшы!

Келте күлісіп, соза күрсіністік.

– Қиын екен!– деді Күлән. – Қане, бір ішіп алайықшы! –қағыстырып жіберіп, ойлана сөйледі. – Менің мөлшерімнен де қиын екен!... Сендердің жауаптарыңнан айқындалып болды!... Енді сенше бір сөйлеп көргім келді Биғаш. Мәселе, жекеге табынуға қарсы талқылардың Маукеңнің шынайы марксизмшілдік бетпердесін жыртуынан басталды: марксизмшілдік атағынан айрылса тағынан да, сол арқылы дүниеге салмақ шатағынан да айрылып қалатындығын өзі жақсы біледі. Күшке салып ол пердесін дереу жамап алмақ болды. Марксизмнің асқан әсіре «адал перзенті» болып көріну жолына өршелене секірді. «Социализмге өтудің сара жолын» жасай қойды. Мұнысы тым қарадүрсін ұран болса да осымен мол Жұңгоның бар қаракүшін төгіп жіберіп, Совет одағынан да, Англия–Америкалардан да озып, теңдессіз құдіретті империя құрудың, сөйтіп дүниенің төбесінде ойнақтаудың кілтін таптым деп жасады. «Сара жол» – осы түпкілікті мұратына жетудегі өлермен тәуекелдің жемісі. Бірақ, ғылымға жат мұндай тәуекелшіл қаракүшпен «социализм құрамын» дегеніне білімді әріптестері қарсы шықты. Ал, Маукең, бүкіл Жұңго халқы қарсы шықса да бұл ниетінен қайтпақ емес. Өзі тақта тұрса, жағымпаз қолшоқпарлары көбейе беретіндігіне сенеді. Қайтсе де іске асырмақ. Ашық қарсыларды «Оңшыл оппортонизмге» жатқызып шектей қойды да, бір мезет зорлық күшке басуды тоқтата тұрып, мұндайларды, өзі зиян тартпай, өнімді түрде түгел жоюдың амал-айласын іздеді. «Зор ханзушылыққа қарсы» науқансымағы да, «ашылу–сайрау» науқаны да, ондағы екі басты – екі құйрықты сөздері де... тіпті, үш басты – үш құйрықты сөздері де бар, бәрі де сол айлакерлік фокс. Өз ниетіне кедергі болатын саналылар қауымын шексіз демократияның ыстық желімен жалаңаштап алып, іле-шала террорлықтың аязымен үсітіп жоюдың фоксы. Қазір ыстығымен пысынатып жалаңаштап болды. Енді аязын айдап, үскүртіп жіберу ғана қалып тұр. Мұнысын «оңшылдармен жерлік ұлтшылдарға қарсы тұралық» деп ұрандай түрегеліп үскүртпек. Биғаш, сенің жаңағы «қыл тұзақ» дегенің осы шығар?... Мен аяздың үскүрігіне теңегім келді. Үскүрткенде де тіпті зымыстан сұрапыл жүргізуі мүмкін. Өйтетіні, халықты соның ызғарымен қорқытып–қалшылдатып секіртпесе, мына «сара жолымен» адам жүруі мүмкін емес қой!... Жиып айтқанда, Әлияштарыңның күбірі рас болды!

Маған жаутаңдай қараған Мақпалдың көңіл күйін сезе қойған Күлән, сақылдап күлді сонсоң. Мақпал көзін қол орамалымен баса қойып сүрткенде тіпті күлді.

– Биғаныңа не келе қояр дейсің!.. Бір сөзін зорлап өзгерткенге моии қоятын Биғабіл бар ма!.. Өзі Маукесінің солай екендігіне әлі де сенбей, өзі айтқандай, оның «ұятты жеріне» әлі де қарағысы келмей отырған шығар! Мұндай сәбиден не күнә табар дейсің!

Ынтықбай екеуіміз қосыла қарқылдадық бұл сөзге.

– Кел, ішелік!... Шәкербайдай жылауық сайқалдар мен Әлиядай күлегеш шайтандардан мен де сабақ алмады деймісің!...

– Қане ішелік!...

– Қанша дегенмен коммунизмші емес пе, гомендан мен Досанша сүзе қоймас. Олардан да аман қалғамын ғой, жаман ырым бастама Мақпалым!... Енді қойдық мұндай сөзді, мүлде қойдық, енді философ емес, әнші боламыз!... Қане ішелік!..

Осылай екі-үш рет ішіп алған соң құшақтаса шалқалап алып әндеттік. Таң бозарғанда екі үйдегі екі кереуетке қосақтарымызбен бөлініп жатып алып сүйісе әндеттік. Жаңа ғана некеленіп, енді ғана қосылғандаймыз, құмарымыз қанар емес...

Содан екі-үш күн өткенде Күләннің осы қортындысы басқалардың аузымен толық расталды. «Оңшылдар», «Жерлік ұлтшылдар» дейтін терминдер газеттен де орын алып, жел теріскейден шыға бастады. Ызғары ревматизмдеріне сезілді ме, мына аты шыққан қыл тұзақтардан денелері шімірікті ме, әйтеуір, адам басты достармен тәжірибелі ағалар сыртқа шығуды, барыс-келісті тоқтата қойды. Кешкі сауық, қонақ шақыруларда тоқтай қалды. Тіпті, қызмет жөніндегі талқы-кеңестер де азайды. Қызметтестер бір-біріне емтихан сұрауларының жатталған жауабын бергендей ресми дауыспен тоқ етер сөйлем ғана қолданатын болды. «Менің атым молламысық, тышқан жесем Құдай атсын» дейтіндей күлкіні келтіретін жалған момақандық, «Тарих тапсыру», «Үшке қарсы», «Беске қарсы» науқандардағыдай жамаулы ескі киім «Мүсәпірлігі» көбінің мойнына қайта міне бастапты.

Мұндай құбылмалылықтан намыстанатыным бойынша тұрмыс еркімді сақтауға тырыстым.

– Не бола қалды үй, ініңе біреу су құйып жібергеннен сау ма?– деп қарсы алатын болдым ондайларды.

Көне достардан маған өйтіп шырай өзгертпей келіп тұрғаны Өлзекары болды. Ол ең соңғы сайрау жиынына қатынасып сайраған екен. Бірақ, мен туралы сайраған сөзі газетке басылмай, тағы қысқартылып қалыпты. Өз талабыма да жауап жоқ. Маған бір тергеу барын ішімнен біліп, ішімнен бел будым да жасап жатқан оқу құралдарымды бітіруге асыға кірістім.

Кешкі демалыс уақытымда келіп, көңіл көтерісіп тұратын сауықшылдарымның да сапасы өзгере бастады. Кекселеулерінен Мақұлбек, Құлжан сияқты «арзанқолдылары» болмаса, инаваттылары мен адал қалжыңшылары тым сирек көрінетін болды. «Зиялы» қатарына еркін қосыла қоймаған, ән мен жырдан, гармон-гиттардан басқа сайрайтын тіл бар деп білмейтін жас ақын-әртістер ғана келіп тұрды.

Биылғы мектеп бітіріп, оңтүстікке бөлінген студенттер сайрап болған соң да үйлеріне қайтарылмай қалған болатын. Талаптарына жауап та жоқ, жауап бер дейтін үміттері де жаурап қалып еді. Жүз-абыройымның осындай бүтінірек шағында бұларды қабілеттеріне лайық қызмет тауып орналастырып қоюдың жөнін іздестірдім. Мекеме – қоғам орындарының құқығы бар, басты қызметкерлерінен өжет қаридарлар табылса болғаны ғой, телефон арқылы-ақ...

«Алло, сенбісің ей, аманбысың?... Мен ап- аман. Ей, сендерге қабілетті, жоғары оқыған жас қызметкер қажет пе?... Олай болса, мен таптым. Ойыңдағыдай істеп кете алатындығына сенім бере аламын. Аты пәлен... пәлен факультетті бітірген, дипломы мықты. Жалғыз-ақ шарт, Оңтүстіктегі мектептерге айдалмай тұрғанында ие болып талас та, жолдама–қалталарын пәлен басқармадан тезірек алып кет!» –Үрімжідегі баспа, ақпарат, мәдениет орындарының қазақ бөлімдеріне осылай телефон бердім де, қалған оқушыларымды да өзді-өз аймақтарының оқу-ағарту басқармаларына осы жолмен таныстырдым: «ало, маған... пәлен жолдас керек!... Мен Биғабіл... ало, сіздің мектептерге жоғары оқыған, қабілетті жас мұғалім қажет емеспе еді?... Олай болса...»

Осылай төтелеп ие болып сөйлесуім, жетімдерімнің көзжасын тиятын, тәп-тәуір шипалы дәрі болды. Құмар мен Қапас, Қапиямен Тоқбайдың қалыңдығы алдымен жол салып, Үрімжіге орналасты да, Ақия той жасап та үлгерді. Захот қыздарым түгелімен ағытылды. Жігіттердің даукесі қаридар шыққандарынан да екі-үшеуі өз аймақтарына қайтты. Маған сол таныстыруымнан өзге іс тудырмай, өздері мен өздері бітісті. Тұқырып алып жұмысымды істей бердім.

Мекеме–қоғам қызметкерлерінің «оңшыл–жерлік ұлтшылдарға қарсы» үйрену науқаны құлақты бір ай үйретіп алған соң, күзде басталды. Мәдениет мекемесіндегі үйренуге қатынасатын болдық деген хабар. Маған да жетіп, іле-шала шақырылып едім. Өз мекемемнің парт-секретарымен сөйлесіп, істеп жатқан жұмысымның бітуіне аз қалғандығын айттым да енді бір айда бітіруге рұқсат алып шықтым.

 

Әділетті тергеушім, осы тарауды оқығанда өкпеңіздің жарымы аузыңыздан шығып та кетті-ау деймін. Әлемді тарсынып, қабынып тұрғанында біздің мына төртеу ара талқымыз көкірегіңізді оқыс сығып жібермеді ме. Артымызды мұншалық қазатындай, қайдан құтырып шыққан кері төңкеріс бұл деп алқынарсыз-ақ. Бірақ та болары болған болмыс қой, кімнің ауру, кімнің сау екендігі соңынан айқындала жатар. Өкпе деген тыныс алып, тірі тұра тұру үшін керек шығар, түгел шығып кетпесін, найзаңыздың сабымен ары қарай баса тұрсаңыз болар ма екен, біздің қылмысымызды ауырлата беріп қайтесіз!

 

 

ҮI

 

«Сөзімізбен әрекетіміздегі дұрыс пен бұрысты айырудың шарттары: 1 – бүкіл еліміздегі барлық ұлт халықтарын бөлшектейтін болмай, халықтардың ынтымағына пайдалы болсын. 2 –социалистік өзгеріс жасауға және социолистік құрылысқа... пайдалы болсын. 3 – халық демократия-дектатурасын нығайтуға пайдалы болсын. 4 – демократиялық орталықтандыру түзімін нығайтуға пайдалы болсын. 5 – компартия басшылығын нығайтуға пайдалы болсын. 6 – социализмнің халықаралық ынтымағына, дүниежүзіндегі бейбітшілікті жақтаушы халықтардың халықаралық ынтымағына пайдалы болсын!»

Октябрьдың орта шеніндегі бір сәскеде мәдениет назаратының жиын залына кіріп келіп осы сөзді естідім. Төр қабырғадағы қара тақтаға ерекше зорайтып сызылған қып-қызыл жүрек алдымен көрінді. Қолқа тамыр, айдарша-қақпақшаларымен бір алыптың көкірегінен жаңа ғана суырып алғандай ап-айқын, тірі бейнеде, тым әсерлі көрінді маған. Келістіріп сызыпты. Бір айдан бергі «жүрек тапсыру» деп аталатын дайындық үйренісінде осы жүректің алдына тұрғызып қойып, төменгі қызметкерлерден ант алып жатқанын естігенмін.

Оң жақ төр бұрышындағы столда отырған семіз қара сұр бастық кере ұстаған қағазының үстінен маған сүзе қарап қана қойды. Сол жақ бұрыштағы столда хатшы болып отырған жігіт тұқыра түсті. Кел-кет деген ешкімі жоқ, жайдақ ұзын орындықтарда төрге қарап тізіле отырған қызметтестердің желкесі мен жауырындары ғана көрінеді. Арттарына қайрылып бірі де қарамады. Тылсым байлағандай қыбырсыз. Қызыл жүрек пен жуан қарасұрдан басқа жаққа мойын бұрмауға қасам ішкендей. Ерін жыбырлатар ешкім болмаған соң арттағы бос орындыққа отыра кеттім.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 302; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.054 сек.