Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 21 страница




Зал ыңыранып, үрейлене күрсінді бұл «фактке».

– Рас па?– деп Жаубасар шақшиды маған қарап.

– Бұл, менің сөзім емес, иесін тауып беремін,–дедім мен – сол отырыстағы қылмысты сөздері әлі бар, сөйлеп болсын!

– Екінші факт,– деп Құлжан бүйірін таяна көтерді өкшесін. – «Ақиқатты іс жүзінен іздеу» дегенде партияның іздейтін ақиқаты, басшыларға құйрығын бұлғаңдатып, табанын жалайтын жағымпаздар табу ғана» деген және сол отырыста!

– Рас па?

– Тағы бар, сөйлеп болсын!– деп тағы жымидым.

– Бұл отырыстан алған үшінші фактым: партияны кім жақтаса, Биғабіл сонымен қастасады. Мені үйінен қуып шығарып, есігін бекітіп алып, сырластарымен сөйлеседі. Сондағы құрған, партияға қарсы блогын өзі әшкерелесін!

– Рас па?

– Тағы бар, өзі сөйлеп болған соң бір-ақ жауап берейін!

– Алдымен осы факттеріме жауап бер, басқа қылмыстарың қаша қоймас!– деп Құлжан, жүзі бүлк етпей бедірейе қарады маған.

– Осы сөздеріңнің соңында да талай сойқанды сөзің бар еді ғой!– деп түйіле ескерттім. – «Мен партияға емес, Биғанға ғана шоқынамын» дегеніңді де әшкерелесеңші!... «Партия қатарын ыңғай жағымпаз жаулар толтырды» дегенің қайда? Оған келтірген дәлелдерің де көп емес пе еді, бір сағат сөйлеп едің ғой, бәрін әшкереле!

– Ей тоңмойын, алдымен өзіңнің үстіңнен әшкерелеген факттеріңе жауап бер! Рас па, тағы да «бәрі өтірік» пе?

– Бұл қайтып өтірік болсын, өзіне тиісті көп қалпақты қазыр маған лақытырып тауыса алмай тұрмайма!... Менің үйімдегі сол отырысқа шақырылмай өздігінен келген осы Құлжан, «жекеге табыну» дейтін мәселені көтеріп, үлкен даулы айтыс қозғаған. «Біздің елімізде жекеге табынушылық жоқ» деген жақта Есқали мен Тоқбай, «біздің елімізде жекеге табынушылық тіпті күшті» деген жақта осы Құлжанның өзі мен Мақұлбек тұрып айтысқан. Бұл екеуінің майданына көпшілік қарсы шығып, әсіресе Құлжанға наразылық шектеу айтып еді. Бұл тіпті ерегесе сөйлеп кетті: «Маужушидың өзі шоқындырушы, оған ілескен басшыларымыздың бәрі шоқындырушы болды. Сондықтан партияны ыңғай шоқынушы жағымпаз-қошаметші жау таптар иелеп алды» деген сөзін бір сағат сөйлеп, осындағы партияға кіріп алған жоғары тап өкілдерін санап шықты. Үй иесі болғандығым үшін мен Құлжанға мұндай сөз сөйлемеуін бірнеше рет ескерттім. Ақырында өзімді Құдай сайлап, «мен Биғаннан басқа ешкімге табынбаймын» дегенге көшті. Осы былжырағын екінші рет қайталаған соң үйден жетектеп шығардым. «Бұл үй, партияның үйі, мен партияның құлы. Мені осы партия ғана құтқарған. Саған Құдай бола алмаймын. Қашан партияға табынатын болғаныңша бұл үйге кіруші болма, кет-жоғал көзімнен!» деп зекіріп қуаладым. Бұл тойтарысымды соңымнан ере шыққан анау Әлия да өз әйелім де естіген.

Құлжанның қазір менің үстімнен әшкерелеген болып тұрған сөздері түгелімен сол отырыстағы өз сөзі, өз мәселесі. Айтылмағаны әлі бар! «Мені үйінен қуып шығарды да, өздері оңаша қалып блок құрады» дегені де сол оқиға!– деп күліп жібердім де сондағы Құлжанның пікіріне қарсы сөйлегендерді айғаққа тарттым. Асылқан, Ынтықбай, Рақымқаннан бастап, барлық қонақтарымның аты аталды. – Мәселенің анығына жетпек болсаңыздар, осылардан сұраңыздар! Жала жапқанда да жөнімен-қисынымен жаппай, бірқанша адамның көзін бадырайтып қойып, көпе-көрнеу өз мәселелерін жазықсыз біреуге арта салатын осыншалық арсыз жалақордың «төңкеріс» деген аты бар науқанға ешқандай қажеттілігі жоқ! Бұндайлар актив болып ешкімге абырой әпермейді! Мұндайларды құқық жағынан шектеуші шықпаса, адамды адам көпе-көрнеу сойып жеуге құқық бергендік болады! Мұндай жабайы азғындыққа жол қоймаңыздар!

– Сенің мәселеңді әшкерелеушінің бәрі жалақор ма?– деп ақырды Айғайкөк.

– «Бәрі» деп көпке балап тұрғаныңыз, Әлия мен Құлжан ғой! Маған бұл екеуінен басқа, қазірше, осы күрес үстінде ашық жала жапқан ешкім жоқ! Ал, бұл екеуінің маған артқан қылмыстары ыңғай жала болмаса, басы қасында болғандарды менше айғаққа тартсын!... Мәселен, менің үйімдегі сол отырыстағы сөзге Мақұлбек пен Құлжан ғана емес, жиырма шақты қонақ қатынасқан. Сол көпшілікке сөз беріңіздерші қане! Мұндай мәселені дәл осы анықталатын жерінде шешпей, несиеге қалдыруға болмайды!

– Сенің, «басы-қасында болған көпшілік» деп куәға тартып отырғаның кім?– деп Жаубасар шаңқылдады. – Бәрі өз мүриттерің-құлдарың емес пе!

– Сіз осы жиынның төрағасысыз төте жала жаппау – өз бетіңізге төсенші, сабыр етіңіз! Бұлардың бәрі, осы қоғамның ары бүтін еркі бар азаматтары! Ақын-жазушы, баспасөз қызметінің кадрлары. Партбилеттері қойнында отырғандары да бар, мұндай заңсыз қалпақ кигізбеңіз! Сол отырыстағы сөзге қатынасқан осы көпшіліктің мәселені анықтайтын құқығы толық! Көпшілікті инаватқа алмай, жалғыз-жарым жалақордың сөзін ғана аса таяқ қып ұстап, өзіңіз кім болмақсыз, сөзді көпшілікке беріңіз!

– Тоқтат бұйрықты, сен күреске тартылып тұрған жаусың!– деп Айғайкөк ақырғанда активтер ұрандата жөнелді. «Жоғалсын...», «жойылсын...», «байлансын...», «айдалсын...», «жасасын Жұңго коммунистік партиясы!», «жасасын ұлы көсеміміз Маужуши!»...

– Ей, сен соны айтшы, Маужуши мен компартияға сенемісің, сенбеймісің?– деп Жаубасар столын қойып қалды.

– Сенетіндерден де мықтырақ сенетінмін. Ал мұнымен жалақорлардың жалған факттерінің не байланысы бар?.. «Компартия мен Маужушиға сенсең, мұндайларға да басыңды ие бер» демексіз бе?

Жаубасар микрафонға ұмтылып сөйлей бергенінде мені «жоғалтатын» ұран тағы да шу көтерілді де сыбанған он неше жұдырық түйліе жүгірді маған. Қоршай қалды. Тұс-тұсымнан сапылдап-саңғырлай жөнелді.

– «Маужуши да жалақор демексің бе!», «компартия да жалақор демексің бе!»– дегендері ғана ұғылды көп байбаламнан.

– Сіздерде жұдырық қана емес, ми да, тіл де, құлақ та бар. Осы логика кімнен шығып тұрғанын түсіндіңіздер ме?– дедім жауап кезегін әрең алып, сонсоң Жаубасарға қарап сөйледім. – Иә, мені Сәйда екен деп қалдыңыздар ма? Менің шартым оған толмайтындығын, мұнымен аузым буылмайтындығын сіз де біліп отырған шығарсыз?

– Жолдастар, қайта тұрыңыздар, тағы да біраз шыдап көрелік! – Жаубасар қамқорсыған пішінмен жендеттерін күрсіне қайтарып түрегелді орнынан.

– Ал көпшілік, бұл кері төңкерісшінің қай көпшілікті куәлікке тартып тұрғанын ұғып отырған шығарсыздар. Сонсын өзі де әшкерелеп тұрмай ма! Мұның қайта-қайта сарапқа салып тұрғаны, өзінің кері төңкерістік ұйымындағы көпшілік. Сол «көпшілігі» арқылы біздің осы төңкерістік жиынды да басып алмақ!... Осыған жол беріп қарап отырайық ба?

– Жол бере алмаймыз!– деп микрафонда алдымен Құлжан шыр ете түсті де, сайланулы активтер ду көтерілді. Билетті-құралды үкім иесінің «көпшілігі» аз болмақпа. Көз қырларымен қайшылап, мен сенетін көпшіліктің де быт-шытын шығарғаны көрінді: аты жаман «кері төңкерістік ұйым» аталған соң ондай пәлелі «орда» маңына кім шыдап отырмақ, көбі көтерілді. Жұдырықтарын тастай түйген қатал ұранға зал түгелдей қосылды. Ұлар-шу... «Мен сөйлеймін!», «мен!», «мен!», «мен!» –деседі.

– Жолдастар, менің сөзім біткен жоқ, алдымен өзім сөйлейін!– Құлжан Жаубасардың иек ишарасымен тағы да сөз алып, енді сыбана шырқырады. – Жау не десе, десін, Маужушидың майданында тұрғаным – тұрған. «Шегірткеден қорыққан егін екпейді!» кері төңкерісші Биғабілдің партия мен социализмге қарсы екендігінің төртінші факты: бұл да былтырғы 57-ші жылы бесінші айдың бесінші күні Асылқанның үйіндегі кешкілікте өтілген мәселе. Мен ол отырысқа орталықтағы оңшыл оппортонизмшілдердің Маужуши мен партияға қарсы сөз-әрекеттерін естіп барғанмын. Қатты ыза болып барып, солардың арам ниеттерін әшкерелегенмін. Сонда Биғабіл мені сындай жөнелген. Оңшыл оппортонизмді ақтап, бізді шошқаға теңеген. «Бұл сының, сын емес, қотиындық, бүлдіруші бұзғыншылық» деген. Ал, мұның блогындағы Құмар, Тоқбай, Қапас, Нұралылар жабылып, мені ұрмақ болған!

– Қане жауапкер, рас па бұл факт?– Жаубасар маған мұқатқанси қарап сұрады. – Айтып қояйын, «көпшілік» сенде емес, бізде! Көпшілікті ауызға алып, куәға тартып әуре болма мұнан соң! Рас па мына қойылған факт!

– Мен де айтып қояйын, бұл мәселені де сол жерде естіп отырған көпшілік анықтайды!... Қашан болмасын солардан сұрамай, сырттағы ешкім де тиянақтандыра алмайды! Енді өз жауабымды берейін: мен Құлжанды өз үйімде компартияға қарсы сөйлегендігі үшін қуалағанымнан соң бір айға дейін маған көрінбей кеткен. Содан Асылқанның шақырған кешкілігінде бір-ақ көрінді. Тағы да өтірік мас болып барыпты. Бұл үйде партияға қарсы сөйлесе тағы да қуылатындығын біліп, бізге жағыну үшін оңшыл оппортонизмді тілдеп барды. Тілдегенде де ол оппортонистерді ғана емес, бірлік саптағы барлық ауқатты таптарды түгел қосақтап, фашистік үкім жариялап иянаттады. «Бұрынғы жалаңаш кедейлерден басқа таптарды бүкіл ұрпағымен құртпай, бұл иттер партияның балағынан алуын қоймайды!»– деді. Бұл сөзі әрине тағы да бұзғыншылықтың сөзі болды. Әрқандай тапты тұқым-тұқиянымен, бала-шағасымен құрту, кім істейтін іс? Жоғары таптардың езіп-қанаушы тісін ғана шақпай, тұқым-тұқиянымен қырсақ, өзіміз қасқыр болып кетпейміз бе деген мағынадағы сөздер содан шыққан. Ал, бұл кешкіліктегі мұндай сөзге мен мүлде қатынаспағанмын. Сондықтан Құлжанның маған қойған бұл факты тағы да жала! Құмар мен Қапастардың мұны ұрмақ болғаны да өтірік. Олар Құлжанға «енді саяси мәселе қозғамай..... қысып қана отыр!» деп күліскен болатын. Оған тоқтамаған соң, «тыныш отырмасаң шығып кет!» деп үй иесі – Асылқанның әйелі ғана қаттырақ ескерту айтқан. Демек, Құлжанның бұл сөзі де адамгершіліктен жұрдай жала!

– «Жын секірсе секірсін, мен секірмей ойнаймын!»[32]– деп Құлжан енді әумәсірлене жалғастырды сөзін. – Кері төңкерісші Биғабілдің партиямен социализмге қарсылығының бесінші факты: биыл 58-ші жылы бірінші айдың 12-сі күні іңірде осы кері төңкерісшіні жалғыз тағы бір байқауға бардым. Биғабілдің өзі жалғыз, тым көңілсіз отыр екен. Неге ренжігенін сұрағанымда «мен өлсем, осы мемлекетте мына жалғыз ұлым аштан өледі, соған қайғыланып отырмын» деген!

– Осыны қайсы аузыңмен сөйлеп тұрсың, ей бетсіз!– деп жіберіп жауап бердім бұл жаласына. – Сөйлесе отырып арақ ішу үшін, социализм жөнінде сұрау қоймап па едің!... «Биға, сіз социализм–социализм деп тамсана бересіз. Сонда социализмнің жақсылығы қай жерінде»– деп жылтыңдай қалғансың. Мен оныңа бір мысалмен ғана жауап бергенмін: «социализмнің ең абзал бір қасиеті, мәселен, мен өліп мына бала жастай панасыз қалса да социалистік қоғамда аштан өлмейді, көштен қалмайды. Қоғам тәрбиелеп өсіреді. Ал, капиталистік қоғамда тірексіз-панасыз адам жасай алмайды!» деп қана анықтап тұрып айтып едім ғой!... Жалалар жинағыңа мұны да құйрығыңнан ағып жүретін жиркенішті сұйықтығыңмен сасытып жазыпсың ғой!

Зал ду күлді. Бұл жолы күлкі бастаған алдыңғы қатардағы активтер болғандықтан Жаубасарлар шаңқылдамай, тістерін үнсіз шайнап, жұдырықтарын ауаға сермеп қана тоқтатты. Күлкішілер осы күнәларын жуу үшін дереу ұрандата-борандата жөнелді. – «Жоғалсын!...», «жойылсын!...»

– Жолдастар, Биғабіл мырза қысылғанынан осы рет жіберіп қойды!– деп Құлжан шиқылдап күле жалғастырды сөзін. – Ар-ұяттан безген кері төңкерісші фактке құрмет қылудан бүтіндей қалды. Енді бір фактты әшкерелеп қана қоя тұрайын... Алтыншы факт: жә мырза, «гұңшандаң деген – алдамаса, тіршілігінен айрылатын, өтірікке ғана сүйенген алдамшы партия, дүниені сөйтіп жалмамақ!» дегеніңді енді қай жеріңе жасырмақсың?

– «Рас па?», «сөйле, сөйле!», «ойланбай сөйле!», «расында да жасыратын жер таба алмай қалды!», «тез сөйле!»– десіп шу көтерді қолдаушылары...

– Бұл жала, менің де Құлжанның да сөзі емес!– деп ойлана түстім. – Құлжан былтырғы қуғыннан соң менің алдымда бұлай кері сөйлей алмайтын болып қалған!... Ә, табылды, бұл Мақұлбектің сөзі. Уақыты, мен алғаш күреске түсе бастаған кез, Құлжанның сондағы жалғыз келуінен төрт-бес күн өткен соң Мақұлбек те жалғыз келген. Сондағы сөзі, ол сөзін, «компартияның да кім екендігін көрдік» деп, менің халыма қайғырғанси бастап, осы әшкереленген сөзінен сәл ұзағырақ сөйлеген. Бұл сөзін мені қатты тілдеп, ызамен тойтарғанмын... Сабыр етіңіздер сөйлеп болайын сонан соң жоғалтыңыздар»!... Оған менің жауабым мынау болған: «ей қанды ауыз қасқырдың жалқы күшігі, сен тіліңді тартып, к...тіңді қысып жүр! Мені күреске түсіп, жүрегін кір шалды, енді бетін қарату оп-оңай деп қоңырсып отырғаның ба?» дедім. Ол, «жоқ Биға тіпті де олай емес, сізді жазықсыз күреске тартқанына бұл партиядан жүрегім қарайып барады!» деп мені қолпаштай қалды. Сонсоң мен де тілдеуді қойып, ұзағырақ түсінік бергенмін. Ал, Құлжан бұл жаланы Мақұлбектің кінешкесінен ұрлап алды ма, иә, Мақұлбек Құлжанның қолымен от көсейтін әдеті бойынша сен әшкереле деп өзі айтып берді ме, ол жағын білмеймін. Әйтеуір Мақұлбек маған осыны сөйлегенде Құлжан жоқ болатын. Нақтылы ахуал дәл осылай!

Осы жауабым аяқтай келе залдағы екі мың ер-әйел шаңқылдасып-даңғырласа жөнелді. Өз араларында қайшылық пайда бола қалғанын ғана байқадым. Сөздері ұғылмады. Алдыңғы қатарда отырған Гүлнисаның біреулерімен айтыса кеткен сөзін де ұға алмадым.

– Әкетіңдер мынаны!– деп Жаубасар мені авчаркаларының алдына салып айдатып жіберді. Тым ауырлап қайттым. Күн батып барады екен. Екі-үш күннен берге күресте ыңғай түрегеп тұрғаным, санымды сірестіріп, қорғасынға айналдырғандай. Оған ауыр жалалар қосылып, діңкелетіп тастапты. Абақтыға жете құлап, ұйықтап кетіппін. Тамақтың қай уақытта келгенін білмеймін. Түн ортасында шала-шарпы жеп, қайта құлаппын. Таңертең ерте келген шайды зорлап, тоя іштім. Бүгінгі күрестің ерегеспен ширығып, тіпті қатал жүргізілетін қисыны бар еді. Соны ойлағанда денем де ширығып, қайта ширай қалды. Жалақорлар алдында шаршағанымды білдіріп мойысам, мойындағандық болып көрінбей ме!...

Сахнаға тағы да ұранды жұдырықтар астынан тік өрлеп шығып, зал райына шола қарадым. Алдыңғы қатарда отыратын Гүлнисаның шырайы маған барометр сияқты, Жаубасарлардың кеше кештегі өздеріне түсірген қысымын, жаутаңдай қарап, ауыр кірбеңді қабақпен сездірді. Сөйтсе де миығынан жымиып қана қойып, төмен қарап алды. Ештеңе етпес дегені тәрізді.

Жаубасар бүгінгі жиынды бұрынғыдан да күшеп шаңғырлап бастады. Кеше кешкі жиында көп сөйлеген болса керек, үні қарлығып, тарғылданып қалыпты. Тіпті зорлана шаңғырласа да кей сөзі сыбырлап шықты: «...бұл тоңмойын кері төңкерісші әлінен асып кетті. Қазірге дейін бір мәселесіне де мойындамады. Фактке құрмет етіп, мойындау орнына мойынымызға мініп, көпшілікке керісінше үгіт жүргізумен болды. Тіпті, партияны жалақор етіп көрсетуге дейін жетті. Мұны шорт шектеу қажет! Сондықтан күрес тактикамызды бүгіннен бастап өзгерттік. Мұнан соң бірме-бір жауап алмаймыз. Әшкерелеуші жолдастар нақ-шын факттің өзін ғана ортаға қоя берсін. Жауапты соңынан бірақ аламыз. Сонда да бір-бір сөйлемнен артық сөйлеуіне рұқсат етілмейді. Жаулық етушіге әрине біз де жау!» – Жаубасардың көп сөйлеген жойымпаз нұсқауының мазмұны осы болды.

Сөйлеуді талап еткен «әшкерелеушілер» шу ете түсті соңында. Бүгінгі тіпті көбейіп кетіпті. Соншалық көп көтерілген қолдың немді әшкерелейтініне таңдана қарадым. «Бәрінің де жалақорға айналғаны ма?»... Сөз Мақұлбекке берілді.

– Құлжан жолдас, бұл кері төңкерісшіден әлі де қорқатын көрінді. Әшкерелерлік факттің көбін тастап кетті, –деп күле жетті Мақұлбек. – Ей, түзу тұр! – Аяғымды қағып жұптастырды да әшкерелеушілердің микрафонына барып сөйледі. – Алдымен айтып қояйын, Биғабіл мырзаға менің ешқандай өшті-–қастығым жоқ. Тіпті, қызметке алғаш орналасуыма көмегі тигендіктен аға-ағалап құрметтеп келдім. Бірақ, осы «қамқорымның мақсаты бұзық екен: менің жоғары таптан шыққандығымнан пайдаланып, өзінің партияға қарсы құралына айналдырмақ екен. Бірақ, мен, Жұңго компартиясының нұсқауынан басқа нұсқауды қабыл алмадым. Биғабіл мырзаға қастық істеп, жала жаппақ емеспін. Тек оның кері төңкерістік қимылынан шекарамды бөлемін. Әлия мен Құлжан жолдастардан дәндеген аузымен «жалақор» қалпағын кигізсе кигізе берсін, төңкеріс жолында жау қолынан қаза тапсам да арманым жоқ, барымды партияға арнадым! Биғабілдің мен әшкерелейтін бірінші мәселесі: Құлжан айтқан өз үйіндегі кешкілік отырыста, «тарихта қай патша маған табыныңдар деп табындырып еді, емеурінімен-ақ табындыра бермеушіме еді» деген! «Табындырма десең, өзіңді тамұқтан көресің» деген күлдіргі сөзі тағы бар. Бұл да жала ма?

– Ей кері төңкерісші, жазып ал!– деп Жаубасар енді маңқылдап ақырды.

– Шын факт түскенде жазармын!

– Әммәсін жазасың!– Айғайкөк осы сөзімен бұйырды да хатшыдан қағаз әкеліп беріп, орындыққа иығымнан баса отырғызды. – Ұмытып қалсаң не деп жауап бермексің! Партия ешкімге жала жапқызбайды. Жала дейтін сөзің енді ақпайды жұмо![33]

– Мұншалық мол жала қалай ақпасын, әділетшіл парткомға сарқырап тұрып жетер!– деп салдым да отырғызған соң аяғымды демалдыру үшін жаза бердім. Мақұлбек шұбырта берді менің «қылмысымды».

– Екінші мәселе және сол отырыста: «құрметтеуді шегінен асырып жіберсе, құлшылық болады. Шегінен асыра жеген бал да – у» деген. Бұл, біздің Маужушиды құрметтеуімізді шектеу үшін шашқан уы!... Үшінші мәселе: партия мен Маужушиды жақтаушыларды Биғабіл дайым «арамза» деп атайды. «Халықтың арасына кіріп алған арамза», «осы табынып жүргендер түгелімен арамза» деген!... Төртінші мәселе: Биғабіл тобы саяси талқыға, саяси үйренуге бүтіндей қарсы! Үйреніп жатқан саяси доклатты да талқылаудан шектейді! Бесінші мәселе: Сәйданың үстіндегі күрестен қайтқандағы, бұзық сөздерді алғаш бастаған Биғабіл болатын: «Сәйда шіркін қыз болып қалыпты, әттең еркек болса, Жаубасарды қырық тесікке айналдырып жіберер еді» деген. Жаубасар жолдас партиямыздың ең қаһарман қорғаушысының бірі. Демек, Жаубасар жолдасқа қаратылған қарсылық, компартияға қаратылған қарсылықтан басқа еш нәрсе емес! Алтыншы мәселе: Биғабіл маған «Маужушиді Құдайдан да биікке көтердің» деп бірнеше рет ұрысқан!... Ал Биғабіл мырза, Құлжан екеуімізді «шайтан мен дию» деп қосақтаушы едің, қане жын-шайтан кім екен, енді де мойындамаймысың!

Мақұлбектің бұл сөзіне активтер тағы да ду көтіріліп, ұрандата жөнелді де залды үйіріп әкетті. Бұл реткі «жоғалсындары» күлімді көкке ұшыратындай, дүлей боранша буырқанды маған. Тарғыл дауысына екі қолын бірдей қосып Жаубасар әрең тоқтатты арзан ереуілді.

– Мен әшкерелейтін жетінші мәселе,– деп жалғастырды Мақұлбек. – Шынжаң институтындағы бұзық оқушылар былтыр күзде автоном районымыздың райысын қолға алмақ болып, қоршауға дейін жетіп құтырды. Сол ереуіл бастан-аяқ осы кері төңкерісшінің нұсқауымен көтерілген! Бұл факт тіпті көп: былтыр Оңтүстікке қызметке бөлінген студенттерді «бұл, сендерді қызметке бөлгендік емес, жер аударып жазалағандық» деп құтыртып, өзіне қолшоқпар етіп алды. Сөйтіп, кері төңкерістік ұйымын күндіз-түні кеңейтумен болды. «Блоктас – ұйымдастарына жиын ашарда мені қуып жібереді» деп Құлжан жолдастың айтқаны ып-рас. Мені де бір жаққа жұмсаған болып, талай рет қуған. Қапас бастатқан бірнеше бұзығы жиналған бір кеште мені, жұмсаған жұмысына бармай, терезесінің сыртынан тыңдап тұра қалдым. Оларға бірдемесін күбірлеп сөйлеп келіп, «компартияны құлату үшін іштеріне кіріп алып әрекеттенсеңдер ғана жеңесіңдер!» дегені анық естілді. Оқушыларға шәшіп жатқан бұл уына шыдамай, бір сылтаумен үйіне қайта кіріп бардым. «Жеті әкесін жездей қақтап сайраңдар» деп келіп, мені көре қойған бұл сайқал, кері төңкерісші өсиетін өзгерте қойды: «марксизм-ленинизмге табанды болыңдар!» дей салды....




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 332; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.034 сек.