Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 23 страница




– Биғабіл стиль мәселесін тексерсін!– деген талап көтерілді осы сәтте. Стиль мәселесі деп ер-әйелдің әуейілік байланысын атайтын. Алдыңғы үшінші қатарға орын тепкен Әлияның көзі бағжаңдап кетті бұл талаптан. Өзіне қатер төндірген арт жаққа қайрыла қарап алып, бұл талапты қабылдап қояр ма дегендей Жаубасар мен Айғайкөкке қызара-көгере жаутақтады. Ол екеуінің көзі де Әлияда екен, сыбырласа қалды. Менің стильдік қылмысым сөз болса, мына активі бүтіндей масқараланатындығын, оның жапқан жалаларының сыры ашылып қалатындығын ескергендей. Жаубасар атыла түрегеліп сөйледі.

– Биғабілдің негізгі қылмысы саяси мәселеде, стиль мәселесі қала тұрсын!– дегенінде Әлия енді азат болғандай жайраңдай қалды да қолын соза көтерді.

– Сіздің асығыс пікіріңіз бар ма еді?– деп Жаубасар өңешін соза сұрады одан.

– Саяси мәселе... кері төңкерістік ұйым мәселесін әшкерелеймін!

Жаубасар Мақұлбектің көтерген қолына да бір қарап қойып, микрафон алдында тұрған Құлжанға иек қақты. Құлжан көтеріле сөйлеп, кейінгі құраған жалаларынан төрт-бесін басыма төге салып жөнелді. Мақұлбек шықты орнына. Бұл жолы мені «қылмыспен» тіпті бастырмалатты ол: Жағданы менің нағашым етіп дәлелдеп, Қалық Қасқырбаевті бөлем етіп шығарды да, қанымызды қосып жіберіп, бірлесіп ұйытқан кері төңкерістік айранымызды ақтара берді. Он неше жаласын бір-ақ төкті сөйтіп. Зал тынысы тоқтай қалып, тағы да ыңыраныс пайда болды да Гүлнисаның көзі маған тіпті жаутақтады.

– Бас қарақшының өзі бір жауап берсін!– деген талап тағы шықты. Мұндай жалаға денем үйреніп қалғандығын байқаттым.

– Бұл жалаларды дәлелмен тойтару үшін кемінде бір сағаттық уақыт қажет!– деп жымидым. Екі бастық ентелей төнді маған.

– Тағы да жала демекпісің!... Мақұлбектің не өші бар еді сенде!

– Өзің қамқорлық етіп қызметке, одан ұйымыңа тартқан бірден-бір сенімді адамың жала жабама саған?

– Бұл, өзінің күн көрісі, тіршілік жолының еңбекшілерден бүтіндей басқаша екендігін ғана айқындады,– дедім мен. – Онысын кейін ұзағырақ сөйлеуге құқық алғанымда сөйлермін. Иә, жазып дәлелдермін. Қазірше айтарым біреу-ақ.

«Күшік асырап ит еттім,

Ол балтырымды қанатты!

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол, мерген болды, мені атты!» [36]

 

Бұл жауабыма ыза-кектері бомбыша жарылған «активтерге» Асылқан да қосыла айқайлап түрегелгенде жүрегім зу ете түсті. Жаубасардың мені соғуға іздеп тұрған сойылы – басатын көзірі осы сияқты; Сөйлеу кезегін соған бере қойды. Асылқан сахнаға жақындап келіп, қарсы алдымнан сөйлемек болып тоқтап еді. Екі бастық жікжапар болып, сахнадағы микрафонға шақырды. Зал өліктей тынды. Мені сонау гомендаң қасқырларынан да қорғаушы болып көрініп келген осы қормалым, енді қорыққанынан жаратын болды-ау деген хауіп, тұла бойымды тінткілеп барып тоқтай қалғандай сезілді: «әзер болса, бесінші жалақорым болып шығар, жағаласып тұрғаным осы ғана ма!» деген оймен беки қалыппын. Асылқанның дауысы атқақтап, тым қатты шықты:

– Ей бирократ, не сөйледің жаңа?... Абайдың найзасын кімге жұмсап тұрсың?... Кімді асырап, кімге өнер үйретіп едің? – Асылқанның бар қаһарын төккендей қанталап кеткен үлкен көзі мен мына адыраңдаған асқақ сөзінің салмағына қарап, әртістік істеуге шыққандығын байқай қалдым. Мен де өшіккенсіп түйіле қадалдым. Асылқан тіпті өрлей ақырды. – Ей айтшы, азат болған осы жеті-сегіз жылдан бері бізге бір рет лекция өттің бе?.. Ей, сені біз өз табымыздан шыққан филология ғалымы, математик деп әлпештеп келдік. Сондағы күткен үмітіміз не болды сенен? Үйіңе қай сайқал келіп, құйрығын бұлаңдатса соның азығы болыпсың!... «Күшік асырап ит еттім» дейді тағы да! Күшік өсіп ит болмағанда кісім болушыма еді!... Ей шошқа, қайсы адамды асырадың деп сұрап тұрмын мен сенен? Кімді тәрбиелеп өсіріп едің?

Бұл сөзіне мен де қатал наразылық көрсеткенсіп, қарсы жауап айттым.

– Жеті жыл бас алмай отырып, адам ұрпақтарына кәмелетті оқу құрал жасап бердім. Тіліңді тартып сөйле, оным да шошқалық па!

– Тоқтат!– деп Жаубасар ақырып қалды. – Кім сөз берді саған!... Асылқан жолдас, сөйле! Әшкерелеп рәсуасын шығар!

– Биғабіл аталған бұл жойыт, біздің арамыздағы жоғары білім иесі еді. Ең төменгі таптан шығып, қайыр тілей жүріп оқып жетілгеніміз еді. Басы бар болғандықтан мұны оқыту жолында әкесі мен екі аға бір інісі өмірлерін түгел жалданба егіншілікпен, малайлықпен өткізген. Аңсаған социализміне енді жетіп, бостандық табалдырығын енді аттағанда сол арманына қарсы кері төңкерістік ұйым құрды деп кім күмәнданған!... Ей азғын, сені оқытқан сол туысқандарың мен әкеңнің қан-терлерінен арақ жасап, ыңғай арақкеш, айырқұйрық шаяндарды жиыпсың ғой маңайыңа!... Сені оқымысты етеміз деп өздері сауатсыз қалған сол бейшараларға не пайдаң тиді деймін! Мойныңдағы олардың қарызы қайда деймін! – Асылқан ұмтылып келіп, шапалақпен бетіме шарт еткізді. Тұмсығыма тигізбей қалғаныма қуанғаным ба екен, күліп жібере жаздап, езуім қисая берді. Қапаланғансып тыржия қарадым Жаубасарға.

– Мына оқыған лүкшегіңізді әкетіңіз, бірер жасы үлкендігін сыйламасам, менде де қол бар, бір-ақ салып ұшырамын сахнадан!– дегенімде залдағы активтер дүр көтеріліп, қаптап берді маған қарай.

– Сөзім әлі біткен жоқ, тоқтаңыздар!– деді Асылқан оларға. – Менің өз күшім де жетеді бұған! – Активтерді сол сөзімен қайтарып жіберіп, маған қайталай ақырды. – Ей доңыз, гомендаңға қарсы төңкерісте қан кешіп, жан қиып соғысқандағы мақсатың не еді сенің?... Төңкерістің қатерлі жасырын қызметінде жүрген сен үшін жас жанын құрбандыққа шалған Нұрияның арман-тілегін де ұмытқанбысың, өй қара жүз?!... Ей ұждансыз, не деп жауап бермексің сол жаны бір құрбандықтарыңның зираты алдында!.

– Жетер, тоқтат енді!– деп шынымен айқайлап жіберіппін, Нұрияның абақтыда төгілген қаны елестей қалып, көзімнен жас ыршып кетті. Сырт айланып сүрте салып зекірдім. – Олардың кегі мен таптық тегімді ешқашан ұмытқан емеспін!.. Жаппаңдар жалаларыңды!

Қарасам, Асылқан да көзін сүртіп тұр екен. Адырая қараған активтердің арт жағындағы бастар иіліп, кей біреулері бырс-бырс, пыс-пыс ете түсті. Асылқан өзін тез жиып, қайта ақыра жөнелді.

– Өй сол өсірген табың үшін не істеп бердің деймін!... Иттеріңді арақпен, тамақпен сол табың үшін асырадың ба деймін!... Кенже қалған өз бауырларыңның қаншасын тәрбиелеп, қанша өнер-білім үйретіп едің?... Өй тым болмағанда осы Үрімжідегі тіл-әдебиет, баспа қызметкерлеріне дәйекті бір лекция жасап бердің бе деймін!... Садаға кет Абайдың жанкүйер сатирасынан!...

Соншалық күркіреген Асылқан нажағайдан бір ұшқын да көрсетпей, түсе жөнелді сахнадан. Ең қауіптенген бір қорқағымның боқтаған болып тұрып, ақтап кеткен мына батырлығына – өнеріне сүйіндім. Шарт еткен сол шапалағы бетіме жарымның алақанынан да жұмсақ тигендей сезілді.

«Гранит басты жауымызды бір иіп берді» деп түсінген қара жұдырық активтер Асылқаннан өздерінше күш алыпты. Иілген жау жығылмай ма дегендей шабуылдарын жиылете түсті. Төрт жалақордың «факттерінен» кесек-кесегімен алып атқылай берді маған. Шулай берді. Тек Жаубасар ғана ішінен жел қарысқандай тыжырынып, Асылқанға кіржие қарап қалды. Кері төңкерістік ұйым әшкерелеудің орнына менің төңкерісшілдігімді мына қалың жұрт алдына жайып кетпеді ме!...

«Гомендаңда қанды кегі бар, намыс қайраты күшті азамат, өзінің қандас жауына Әлия айтқандай шпион болды деуге кім сенер?... Соншалық жалаңаш кедейден шығып тұрып, қазіргі жоғары тұрмыс пен өрелі білімге жеткен мынаған социализмге қарсы ұйымды таңудың мүмкіндігі қалды ма деген тәрізді бір ой түсер»– деп Жаубасарға мен де әр күннің әр сәтін сынай қарап өткіздім. Қаншалық көр соқыр, қара жүрек тас бауыр болса да осылай бір ойланып, біраз босайтын кезеңге әлдеқашан жетіп еді.

Бірақ мына мәнсәпқор, сол үмітімнің керісінше күн сайын қатайды. Күндіз клубта, түнде Құдай берген кабинетінде шақылдады. Активтерін бақылдатып өшіктіре-ушықтыра түсті. Ынтықбайды да қамап, сахнада менің артыма тіркеп қойып тықсырды. Талай рет қосақтап матамақ болып, мойнымызға арқандарын асып қойып тексерді. Бірнеше күннен соң Өлзе кәрі мен Рақымқан да қосақталды бізге.

«Төңкерісте жаумен атысқан – біз, жау жойылған соң кері төңкерісші тағы біз болмақпыз ба!» деп Ынтықбай мен Өлзе тіпті ашық қарсылық жариялады. Күрес тіпті ушыға түсті.

Бұлай қосақтай берсе күшейе беретінімді біліп, бір күні мені қайта даралап қамалады. Аласапыран айқайға басты. Көзіме шұқып тұрып шуласты. Сәйдаға қолданған содырлық сылтауын істетіп қарсыластырып қолға алмақ болғандықтарын байқатты. Мен де соған бекіп, заң іздемек болдым.

– «Жоғалсын жиянгерліктің қарғылы иті!», «шошқа Биғабіл жоғалсын!», «есек Биғабіл жолғалсын!»– деп активтер залды борандатқанда.

– «Жоғалсын жалақорлар!»– деп бастап, микрафоннан мен дауылдаттым. «Жоғалсын жалған активтер!», «жойылсын заң бұзғыншылары», «жоғалсын жойымпаздар!», «марксизмге қарсы улы шіріткіштер жойылсын!», «социализмге жабысқан мерездер жойылсын!..»

Электр құдыреті қолдап, менің кеңірдегімді бәрінен асырды. Залдағы қорыққандықтарынан қосылып тұрған мыңдаған дауыс, микрафондағы жалғыз менің дауысымнан тұншықты. «Активтер лап қойды маған қарай, зал у-шу, астаң-кестең бола кетті.

Арт жақтан Қалық Қасқырбаев сахнаға қарай кимелеп келеді екен.

– «Менің әшкерелейтін мәселем бар! Тоқтаңыздар мен сөйлейін!» дейді. Тіксіне қалдым. Дәл осы кезеңде мына «дәу», қорқақ-жуас атты «абыройларымен» келіп, мына жалалы кері төңкеріске мойындай салса құрығаным ғой!... Мұны жалақорға шығарып кімді сендіре алмақпын!..

Қалық сахнаның бір шетінен қарап тұрған Жаубасарға жете тағы қойды әлгі талабын. Жаубасар ереуілді шаңғырлап жіберіп тоқтатты. Қалық әшкерелеушілер микрафонына келіп тұра қалды. Қайратты көкбурыл шашын сылай тұрып қарады маған. Күрсініп жіберді. Неңді әшкерелемексің дегендей азуымды басып сырт қарай бердім.

– Анау тоңмойын «әшкерелеме» деп ымдап қойды!– деп Құлжан шыр ете түсті де Айқайкөк Қалыққа ақырып қалды.

– Ей алашорда, оған қарамай сөйле!

– Асықпаңыздар, кері төңкерістік ұйымға қарық қыламын сіздерді!– деп Қалық сөзін жымия бастады да кеудесін ұрып-ұрып жіберді. – Менің бір өзімде үш ұйым бар!...

Алдымда асқар таудай көрінетін ағаның мына аузына аңыра қарап күліп жіберіппін. Айғайкөк маған дүрсе қоя берді.

– Ей неге күлесің сен тоңмойын, неге күлесің?... Алдымен соны айт!

– Оның күлетін, таңданатын жөні бар, әшкерелеп тұрған мені тыңдаңыз! – Қалық бәсең үнмен саспай жалғастырды сөзін. – Менің социализмге қарсы ұйымдарымның жайын Биғабіл расында да білмей ілескен. Идеясы толық қызыл болғандықтан, марксизмнен айнымайтындығын біліп, бұған ашық айтпай, сыртынан басқарып келгенмін. Мұның бізге алданып қосылып кететін бір ғана осалдық жері бар: бұл, саясатшы емес, ғылымның мүриті. Қажымас-қайтпас ағартушы. Өз ұлтының ұлттық мәдени-ағарту қызметі жолында еркі мықты ағартушы...

– Кері төңкерісшіңді мақтамай сөйле!– зекіп қалды Жаубасар.

– Жоқ, мен мақтамай да, ақтамай да дәл өз қалпында әшкерелеуге бекіп шықтым сахнаға! Мен Биғабілдің осы ерекшелігінен пайдаланып, өзіне білдірмей, кері төңкерістік ұйымымы зор қызмет істетпек болғанмын. Мұның, мәдени-ағарту саласында, әсіресе жастар арасында бедел-абыройы аса жоғары болғандықтан сонысынан пайдаланып, ынтымақ атымен жастарды өзіме тартып, ұйымдастыру үшін пайдаланбақ болғанмын. Жалғыз-ақ бұған кері төңкерістік ұйым құрмақ екендігімді білдірмеуім қажет болған. Сондықтан Биғабілдің ондай ұйымдарды білмейтіні рас!... Мен құрған алашордаға қарасты қазір үш дәрежелі ұйымның сілемі бар. Біріншісі, жоғары дәрежелі кадрлар арасындағы бас ұйым. Мұны Жағда, Шаймардандармен бірлесіп құрғанмын. Екінші орта ұйым. Мұның өзінің атынан да белгілі, бастан төмен, аяқтан жоғары. Бұл, орта дәрежелі қызметтегі қазақтарға негізделген. Бірақ, бұлардың ішіндегі білікті жігіттер қазірше Биғабіл сияқты ыңғай қызыл болғандықтан сенбей, басалқасын кейін тағайындауға қалдырып келгенмін. Бұлардың бір қасиеті, біздің, әсіресе менің айтқан ақылымның бәрін дұрыс көріп қабылдайды. Аға тұтады. Сондықтан ешқайсысын бастық сайламай-ақ істетіп, пайдаланып тұруыма болады. Үшіншісі, кері төңкерістік жастар ұйымы. Бүтіндей жаңа жастар. Көбі институтта. Бұлар біздің аяқ-қолымыз, құралымыз.

– Бастығы, басалқалары кімдер?– столын шерте сұрады Жаубасар.

– Бұлар негізгі жағынан орта ұйымның шылауында. Орта ұйымдағылардың бас ұйымға өздіктерінен бағыныстылығы сияқты, жастар да орта буын ағаларына өздіктерінен бағынады. Сайып келгенде Шынжаңдағы қазақ азаматтары «алашорданың» тұтас бір денесін құрайды.

– Рас па? – Жаубасар маған зекіре қарады. – Кері төңкерістік ұйым бар ма екен, жоқ па екен?

Жауап берудің орнына Қалықтың шырайына қарап күліп жібердім. Мені қалқан болып қорғап, төнген қатерді өзінен тартып әкету үшін тапқан жалы еді мұнысы. «Басқамызды қаншалық қиратса да туған елі үшін өнімді қызмет істей алатын бір азаматымыз аман қалсын» деп шығып тұр. Жайшылықта титтей шалыс сөйлеп қойған жігіттерден өзіне от тұтап кетердей ат–тонын ала қашатын қорғаншақ, сақ аға бүгін мен үшін осы ең апатты өртке өзін атып, мен–ақ күйейін дегендей кеуде қағып тұр!... «Еркек тоқты[37], Ер азамат делінетіндердің бәрі осындай болсашы! Қорғаншақ, қорқаққа балап жүріппін–ау осындай асыл алмасты да!...»

– Ей, бұл саған қалжыңдап тұрма, неге күлесің? Жауап бер!– деп Айғайкөк зекіргенде Жаубасар шаңқылдап жіберді.

– Ей тоңмойын, мен саған сұрақ қойып тұрмын, енді неңді айтпақсың бұл фактке?

– Бұл кісі өтірік сөйлеп тұр!... Жалақорлар басқаға жала жабады. Жер шарында өзіне-өзі жала жабатын бір адам көргеніме мен таңданып күліп тұрмын.

Аңыра қалған залдан бық-бық, сық-сық күлкі тағы естілді.

– Сен өзіңді ғана ақтап қоймай, енді бүкіл кері төңкерісшілерді, олардың құрған ұйымын жоққа шығаруға ұрындың ба! – Жаубасар осы шаңқылымен булығып жөтеліп қалды да, басқа активтер маған көздерінің ағын ғана көрсетіп, жамырасып-маңырасып бет-беттерімен сөйлеп кетті.

– Нағыз ғаяр кері төңкерісші екен мынау!

– Қалық мұны орта ұйымды деп әшкереледі ғой, демек, орталық ұйымның бастығы осы!

– Бастығын қорғау міндеті бойынша, ештеңе білмейдіге шығарып тұр анау!

– Шынжаңдағы барлық кері төңкерісшілердің жүрегі осы екендігі көрініп тұр!– десіп бірін-бірі қуаттай жөнелісті. Жаубасар қарлыққан дауысын шаңғырлата-сыбырлата, шұп-шұбар ала кеңірдекпен зекірді маған.

– Қалықтың өзіне өштігі бар деп сендірмекпісің енді!

– Жауап беруіме рұқсат па?– сұрана жауап қайырдым. – Адам өзіне-өзі өштесу арқылы да мұншалық жала жаппайды! Мұның жүрек ауруы бар, мынадай айқайдан жүрегім тоқтап қалама деп қатты қорқатын адам. Өткенде өз үстінен күрес басталысымен-ақ «алашордашыл» болып мойындай салған себебі сол болатын. Ал, бүгін, менің үстімдегі күрес ең жоғары шиеленіс шегіне жеткенде жүрегі тағы да шыдамай қалды. Бізге жабылған жалаларды не болса да өз мойнына түгел көтеріп алып тынышталмақ болып шықты. Бұл, күлкіні келтіретін іс. Шындығында мұның құрастырып тұрғанның бәрі өтірік! Нанбасаңыздар ғылыми жолмен тексеріп көріңіздер, үш ұйым түгіл бір ұйымның да орнын тауып бере алмайды. Себебі, ол мүлде жоқ ұйым. Тағы бір шындықты айтайын...

– Әкет мынаны!– деп шаңқ ете түсті Жаубасар. Айғайкөкке сыбырлап бөлек қағаздарын тапсырды да мені айдатып қайтарды. Қалыққа сұрақтың жауа жөнелгенін шығып бара жатып естідім.

Айғайкөк тексеру столын менің абақтыма құрды. «Кері төңкерістік ұйым мүшесі», «ұлтшыл» деп табылған адамдардың менімен болған байланысын бір-бірден қайта сұрауға кірісті. Сөзі мен іс-әрекеті түгіл кей бірінің тіпті күнделік не жеп, не ішетіндігі де қалмады. Пәлен жылы пәлен жерде пәленге менің не сөйлегенім, дәретханаға қалай бірге барғандығым жайында да күштеп қазбалады. Бұлардың ішіндегі маған ең қатерлісі институтта күреске түсіп жатқан жас «ұлтшылдардың» байланысы екенін байқадым.

Нұралыға мойындатқан «программа» дегендерінің көбі сол жастардың өткізген кейбір ұсақ қылмыстарынан құралыпты. Мәселен, кітап магазинінен Ленин жайындағы брашураны ұрлап шыққан бір жас оқушы күреске түскенде оны «кері төңкерістік ұйымымыз үшін ұрладым» дегізіп, зорлап мойындатқан екен. Бұл «факт», сол күрес районының өзінде «кері төңкерістік ұйымның расхотын оқушыларға кітап ұрлатып сатумен қамдау» деп программаның бір тармағына айналдырыпты. Жаубасар мұны нанымды етіп шығару үшін, «жалпы ұрлық-қарақшылықпен қамдау» етіп өзгертіпті. Нұралы мұның екеуіне де мойындаған болыпты да, программаның өтіріктігін айқындап тұратын сол алдыңғы күлкілі тармақтан айрылмай, көпшілік алдында бетпе-бет әшкерелеген болып маған жеткізіпті.

Былтырғы жазғы Оңтүстікке бөлінген студенттердің наразылық талаптарын Жаубасар кері төңкерістік көтерілістің бастамасы етіп, автоном район райысына бірінші болып арыз айтқан Қапасты Биғабіл тағайындаған қолбасшы етіп шығарыпты. Қысқасы, домбыраны да кері төңкерістік сөйлесу-хабарласу құралымыз етіп қосыпты: Біздің үйге келгенде Жақанның шерткен күйлерін, маған жеткізу үшін домбыраға «сөйлеткен» жасырын мәліметке айналдырып мойындатыпты. Айғайкөк мені осы жөнінде де көп тергеді.

«Жақан саған домбыра арқылы не мәлімет жеткізді?... Солай сөйлесумен жымиыстыңдар ғой, жыластыңдар ғой?» деп түріп ышқынады.

Институттағы күрестің мұндай жорамалымен мойындатулары мені тым болмағанда «құтырған ұлтшыл» етіп шығаруы кәдік екен.

Сөйтіп, Айғайкөктің менімен байланысын сұраған адамдары бір аптаның ішінде-ақ үш жүзге жетті. Менің карикатуралық суреттерім мекемедегі жиын залдарына да келіп жапсырылып жатыпты. Тілім екі метрге дейін жалын ата жалақтап, аузым жершарын жұтардай керіліп, ұлы қармақ тістерім сойдиған айдаһар болып та сызылыппын. Заһарлы ұзын денеммен орап шыңғыртып жатқан адамдарым тіпті көп. Олардың ішіндегі ең қатты «сорланып» жатқан Мақұлбек, Құлжан, Әлиялар екен. Тағы бір карикатурада алтын тәж киіп тақта отырған Жағданың алдында сәлделі уәзір болып иіліп, Қасқырбаевпен мен бастатқан көп қазақ сызылыпты.

Мұншалық сұмдықтың карикатуралары мекемедегі тыныш залдарға жеткенде кино студиясының зор залындағы күрес майданын не оңдырғанын қайдан білейін. Ондағы болып жатқан күрестерден хабарсыз қалдым.

Жеке тергеу ештеңе өндіре алмаса да созыла берді. Айғайкөк күндіз сұраған «таныстық тарихымды» алтын тапқандай дәптеріне естелікке ала отырып сұрады да, кешінде өзіме қайта жаздырды. Адамзатты қағазға қараудан жерітуді ғана мақсат еткен шығармадай, шет-шегі болсашы бұл мыжығырт жинақтың. Әйтеуір тергеушілерімнің мені «зор кері төңкерісші» деп жариялап алып, еріндеріне жағарлық қылмыс таба алмай жеңілгендіктерінен ұялудан ғана жаздырып жатқаны екенін түсінген соң қылжаққа айналдыра бердім сөзімді. «Факт» деп біреуге оқып беруден өздері ұялатындай «материал» құралып жатты.

Октябрь туылысымен «зор секіріп ілгерілеудің» ұраны гу ете түсті. «Құрыш – маршал» дейтін тақырыпта үлкен-үлкен мақалалар жарияланды газеттерде. «Бас жол», «халық коммунасы», «зор секіріп ілгерілеу» атты «үш қызыл ту» көз алдымызға бадырая көтерілді. «Оңшылдардың» аяқ–қолы байланып болғандығының дерегі еді бұл. «Жұңгоша социализміміздің жеңісі мен жеңілісін белгілейтін бірден-бір кілт – құрыш темір өндірісі ғана белгілейді», «сондықтан бұл салада шетке сүйенсек-ақ ұттырамыз», «өз күшімізге сүйену – зор секіріп ілгерілеудің шешуші жолы», «әрбір мекеме қоғам, әрбір кәсіп орындарына, халық гұңшесінің[38] әрбір атреттеріне дейін құрыш–темір өндіретін домна[39] құрылып, санды міндет жүктелді». «Бұл жоспарымыз бойынша Англия сынды ең бұрын өнеркәсіптенген, ең кәрі жиянгерді онбес жыл ішінде-ақ басып озамыз!», «Жұңхуа Халық Республикасына қарасты әрбір бұқара осы шахметтің пешкасы болып, қайда қойсақ сонда тұруы, қалай айдасақ солай жүруі шарт!»– газеттер енді осылай сайрап кетті.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 253; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.179 сек.