Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 36 страница




«Кісім әлі мұсылман екен!– деп сырт жағымнан мұртты қазақ күбірледі де – «қайтсын, азаматтық әдеті ғой!»– деп кәрілеуі құптады. Сылдыр-сұйық мына мұсылмандықтың өзі де суық естілді маған.

– Жерге қоя салыңыз Биға, оны енді мамыққа орасаңыз да өлгені-өлген!– деп Қапас күлімсіреп еді, Тоқбай ашық күлді.

– Өлгенімізді бұлай құрметтей берсеңіз, күндіз-түні бас құшақтарсыз! Мұншалық тасбауыр болып кеткендіктеріне таңдана қарадым. Қиыншылық көрген соң естерінен азып кеткен бе деуге өңдерінен оншалық айрыла қоймапты. Ойшыл көздері жайнап тұр. Хал үстінде жатқан адамға болатын мейірімнен қалай айрылғандықтарына аңырып отырғанымда, арт жағымдағы мұртты енді сықақтай күлді.

– Мұндай бас «алтын табаққа салса шоршып түседі» деуші еді, мынауың қыбыр етпейді ғой тіпті!

Алдымдағының ненің басы екендігін осы мақалдан сездім. Арыздасып-қоштасар шақта итке теңелуі бекер емес қой, бұл да бір шағымпаз жалақорлықпен көптен айрылған сақал болса керек. Басын жерге қоя салып түрегелгенімде менің мөлшерімді Зарықбек анықтады.

– Биға, бұл пәленің өтірік шағымынан, өзі ашаршылықтан жығылған соң ғана құтылып едік, оқыс боп қайта тіріліп кетпесін!

– Бұл ит түгіл нелер асыл азаматтарымыздан да айрылдық!– деп күрсінді тағы бір қазақ...

– Көрші жатақтан екі ұйғыр жігіт шықты да өлімтіктің екі қолынан сүйреп ала жөнелді. Олар да менің мына «тасжүректерімше» күлімсірейді. Мұның өліміне олар да қуанатын тәрізді. Дауал түбіне жатқызып, бірдемемен жаба салды да жатағындағы орнына өлмей тұрып-ақ адалап сыпырып шығарып тастады.

– Шырағым Биғабіл, бізге қарай бердің, жүрек-бауыры жоқ, қайдан келген қазақтар деп, осындағы жасы үлкен бізді кінәлайтын шығарсың, мен сөйлеп берейін,– деп салалы қара мұрттысы бастады сөзді.

Студенттерден басқасы түгелімен Алтайдың Көктоғай ауданынан келіпті. 58-ші жылы коммуна құрылып, «зор секіріп ілгерлеу» басталғанда секіріп көтеріліп тауға шығып кеткен «бандыға ілесушілер» екен. Қылмыстары заң кесіміне толмай, Лопнорға сол жылы айдалып келген жетпісінен қазір жиырмасы ғана қалыпты.

– Көбі осы жылдың басынан бері қарай қырылды!– деп күрсінді мұртты. – Марқұмдардың әрқайсысының өліміне жендеттік-тасбауырлық себеп болған. Оны қазірше айтып қайтейік, сенің мына бауырларың келіп қосылған соң ғана жандайшап жендеттерден теңдік алдық. Қалғандарымыздың буындарымыз қазірше беріктеу сықылды. Мұнан соң не боларымызды кім білсін, өлім-жітім қазір ұйғыр туыстарда көбірек болып тұр!

Бұл өлімге бірінші әтіреттегіден басқаша бір себеп барын сезе сұрадым.

– Қазір жаздық орма уақытында тауық болып теріп жеп тұруға болады екен. Тым болмағанда шөже болуға да өнерлері жетпей қалғаны ма?

– Шөже түгіл қораз, тіпті, қасқыр болып алғандар да өліп жатыр. Биыл дымды жерге еккен бидайымізді қамыс басып түншықтырып өлтірді. «Секіреміз» деп қағынып, қағыр далаға шаша берген көп бидайымыз өспей, көде боп бас жара сала солды. Қамысына да, көдесіне де әулекілеріміз орақшылық өнер көрсетіп, үш-ақ күнде сыпырып қырманға өткізіп бере салды да тоған қазуға қуылды. Қазір қырманға да, жүгері тақталарына да жолай алмай құртылып отыр. Бір ай болды тотиғанымызға!

– Биылғы жауыннан үй құласа да «қуаңшылық апат келді» деп жариялап, айлық тамақ нормамызды он төрт килодан тоғыз килоға бір-ақ түсірді!– деп біреуі күңкілдеді.

– Басқаларынан көрі сіздердің өңдеріңіз тәуір екен. Несібелеріңіз үзіле қоймаған сияқты ғой?

– Бұл, бірлік-ынтымағымыздың арқасы еді. Мына бауырлар қырман мен жүгері күзеттеріндегі ханзу-дүңгендермен байланысып жүр еді. Басшылығымыз соны сездіме екен, қырманында қалған екі қап дәнін клеткаға кіргізіп ала қойды да атыздағы жүгері күзетін дүңгендермен көбейтті. Бірін-біріне күзеттіріп, екі-үш күннен бері тынысымызды бір-ақ буды сөйтіп!

Жаңа табысқандағы қуанышымыз осымен тоқтады. Кешкі тамақ болып келген сасық сары сықбасы мен соның суын іше салып қамыс сүтіндегі орнымызға бүрісе-бүрісе құладық. Қасымда жатқан Қапасқа қалыңдығының жынданып кеткен хабарын айтудан шектелдім. Мынадай халде жүргенінде оны естіртуге қарағанда өзін «пері» болып соғуым жеңілірек сияқты...

Өлімімен қуантқан қара сақалдыны таңертең екі жігіт зәмбілмен көтеріп, дөңге әкетті де қалғанымыз кетпен-күрек көтеріп шұбай жөнелдік. Ендігі істеп жатқан жұмыстары төменгі сортаң сазды егіндіктің арасынан сорын тартатын сорғытқыш тоған қазу жұмысы екен. Аяқтарын мұзда келе жатқандай сүйрете ілбіп ауладан тұнжырай шыққандардың алдына тізіліп едік. Арт жағымыздан күрс-күрс құлаған дабыс естілді. Жалт қарасам, жол шетіндегі жар қабақтан екі лаужяу қатар құлапты. Жардың жарылып тұрған кенересі үстілеріне құлап, лезде көміп те үлгерді. Аласалау жерінен секіріп түсіп құтқаруға жүгіргенімде Қапас пен Асылбек атты дазужаң[77] ұстай алды. «Оны қайтесіз» деседі! «Бұлай жығылғандардың біреуін де құтқара алған емеспіз», «құлаған соң-ақ өлді дей бер!»– екеуі екі қолымнан тарта жөнелді.

Сонда да қайрылып қарай бердім. Арт жағымызда шұбай келе жатқан екі жүзден көбірек лаужяудың бірде-бірі көз қырын да салмады құлағандарына. Соңымыздан айдап келе жатқан екі кадрдың бірі аулада қалғандарға дауыстап қойып қана өте берді.

Қазып жатқан сорғытқыш тоған майдан штабының дәл тұсында екен. Бес километр жол жүріп, түске жақын әрең жеттік. Емханасының қайда екендігін сұрасам, біздің әтіреттің ар жағында осындай жерде «көне майдан штабында» десті.

Аға-бауырлардың ең ықыласты жұмысы, қазылып жатқан тоғанның ішінен қамыстың қатпаған ақ тамырын суырып жеу болды. Бұл кәсіпке де бажырая қарап қалғанымда Қапас бір уыс алдыма әкеліп қоя қойды. «Өңештен өткеннің бәрі тамақ, алып жіберіңіз!» дейді. Өңешімнен расында да тамақ тәрізімен өтті.

Түскі келген тамақтан қамыстың осы ақ тамыры жағымдырақ сезілді. Бір күрек топырақ лақтырған болып мен де екі тұтам тамыр суырдым да тұрдым. Кеште аш адамша қиралаңдамай, тік жүріп қайттым да ертеңіне тіпті дәндеп, саздан шұбалшаң суырған қараторғайша суырып, қылғи бердім. Ал, шыңына жетіп қалған лаужяулар қайтар жолда бірнеше жерге отырып, қойындарындағы осы жолазықтарымен «қона-түстене» жылжып, ымырт жабылғанда әрең жетеді. Айдаушы кадрлардың мұндайда көк есектегі жидашы зужаңға тапсырудан басқа амалы жоқ. Бірінші әтіреттегідей сүйреп әкетуге жол ұзақ екен.

«Өзі өлгісі келіп жығылып өлетіндерді» есепке алмағанда, әйтеуір күз маусымын «аман» өткіздік. «Ап-аманмын, алаң болмаңдар, денсаулығыма бұл жер тіпті жақты» деп Мақпалға үшінші рет хат жазып жөнелттім. Одан жауап хат келмесе де, хатым жетсе де, жетпесе де ай сайын жазып тұрмасам, жеген қамысым өңешімнен өтер емес. Тым болмағанда қырылып жатқан қанды майданға әдейілеп айдап салған сақшы назараты ескере тұрсын деп жазамын.

Жауған қарын тоқтатпай жұтып қоятын сорлы сахараның қара қысы қақап басталды. Өліп үлгере алмай қалғанымыз әлі де жүз елудей бар едік. әтіреттің қожасы, Ма фамилиялы бір қақа тұяқ зыдауян[78] келді де қазып жатқан сорғытқышымыздың жарымын басқа бір әтіретке өткізгендігін айтып, жарымымызды алыстағы бір жерден қазылатын сорғытқышқа айдап жөнелді. Менің бауырларымнан Асылбек, Зарықбек, Тоқбай, Ақбай, Жақан, Шайза да соған бөлініп кетті.

Сөйтіп бұл сорғытқыштың қалған жарымын зор секіріп бірінші айдың соңына дейін бітіру міндеті бізге артылғаны ұқтырылды. Кадрлар мен әскерлер келіп жетпісіміздің желкемізде қыдиып тұрып алды. Екі күннен соң-ақ олардың талабының керісінше, лаужяулардың көбі отырып қалды. Қыр көрсету үшін емес, кәдімгі көтерем малша жер тіреп шоңқиды. Түртіп қалса құлай кетіп, қалшылдаған иектерін жалғыз-ақ қағатындардың көбейгені көрінді. Алақтай қалды кадрлар. Қайтарда бәрін көтере алатын көк есек барма, түнгі суыққа қалса, түгел қырылғаны. Соны ойлап олар да шоңқиды. Тіп-тік қалпымда мен де қисая кетіп, «ал секірт!» дедім. Қаза берсек, осы жыраға өзіміз көмілетіндігіміз көрініп болған.

Майдан штабындағы бастықтар тұсымыздан көріп отырыпты. «Жалқаулығымызды» жойып, мықтап секіртудің жаңа бұйрығын жариялай қойды ертеңіне. Қырылса маңымызды сасытпай, алыста қырылсын деген сияқты: «мұздың қатқан шағынан пайдаланып, көл қасындағы кейін басталған сорғытқышты алдымен бітіріп алыңдар» депті. Сөйтіп алдыңғы кеткендердің соңынан бізді де айдай жөнелді.

Бірінші әтіреттен көшіп келгендегі қиыншылықтан зәтте болғандығымнан төсенішім мен көрпемді ғана иін ағашқа іліп көтердім. Қашып шығу орайы келе қалса керек болар деп жеңіл батинкамды ғана алыппын.

Жиырма шақты автомат айдаған жетпіс лаужяу жығыла-сүріне жылжып, түс ауа құм шағыл төбелер арасындағы бір әтіреттің жыңғыл қорғанына әрең жеттік. Асхана тайқазанына капуста түбірін қайнатып қойған екен. Ыдыстарымызға екіден-үштен санап салып берді. Арт жақтағы ошақ аузына айланып барып отыра кеттім. Мұздап қалған жалғыз сары сықпамды қоламтаға қоя салып, капуста түбірінің бірін кеміре бастадым.

Кеудесін түк басқан жалаң төс бырысқан тері бөрікті, үйітілген қалың күрең сақалды бір дәу екі көзі өрттей тұтанып қарсы алдыма келіп қалғанын бір-ақ көріппін. Құтырған қасқырдай сиқынан шімірігіп сәлем беріп едім, тыңдар емес. Жұтып жіберердей, кірпік қақпай қадалып ентелей түсті. Екі аяғымның арасындағы ыдысыма қарап қойып жылжыды. Алқымымнан ала түсердей арбиған екі шеңгелін бүркітше ыңғайлап алыпты. Тоқта дегендей қолыммен ишаралағаныма да қарар емес. Адамдық сезімнен мүлде айрылған аса жыртқыш көзінен нақтылы құтырған адам көрінді. Сескенерме деп мен де қадала қарадым. Бассалуға ыңғайланып еңкейе төнді. Жалпақ тері шақайлы аяғының ұшы ыдысыма тиді. Аяғымды жиып, ыдысты бір қолыма ала түрегелдім. Қос шеңгелімен жармаса кетті ыдысқа. Бір қолыммен кеуідесінен итеріп қалдым. Жай итеру емес, сасқанымнан бар күшіммен түйіп жіберіппін. Арт жағындағы үйген күлге сылқ етіп құлай кеткен «дәу дию» кішкене балаша шыр ете түсті. Бүйімтайын сонда түсіндім:

– Мен бұл жайыңызды білмей, қолымды қорыққанымнан жұмсап қалдым!– деп сүйемелдеп отырғыздым да қолымдағы ыдысты ұстата қойдым. Капустаның қатты екі түбірін тісімен қарсылдатып жіберіп жұта салды. Сары кебек сықпамды көрмеген екен. Жартысын сындырып аузына тыққанымда сүйінген де, күйінген де рай көрінбеді жүзінен. Көзі сол өшіккен қасқыр қалпында шатынап қадала берді. Сықпаның қалған жарымын өз аузыма салдым да ыдысымды алып жүріп кенттім. Жылап барамын, тамсана шайнаңдап барамын. Ошақ аузынан алыстаңқырап барып қарасам, дәуім әлі сол қадалған – «жауласқан» қалпы, құтырған көзін менен аударар емес. Асхана бұрышына барып мен де қарап тұрып қалыппын.

– Осы сырттан жылаған баланың дауысы естілді ме?– деп сыртымнан көктоғайлық мұртты келіп сұрады. Мен, бала емес, «дию» екендігін көрсете тұрып, болған оқиғаны сөйлеп бердім.

– Ой бейшара-ай, бұл да біткен екен ғой, осы әтіреттің отызыншысы болатын!– деді мұртты ағай.

Көп көргендігі әңгіме-кеңесінен білініп тұратын бұл кісінің аты Дәмелқан еді. Мен тебірене айтқан бұл оқиғаны солай тұжыра салды да өзімді кінәлай сөйлеп, ерте жөнелді.

– Сіз өте көңілшек екенсіз, біз өзіміз де осы халде жүрміз ғой, өлім алдындағы бәріне жаныңыз ашып, аузыңыздағыны жырып бере берсеңіз, бәрінен бұрын өзіңіз кетесіз! Тастай қатты мына тұрмыста темірдей беріктік қажет. Таптырған әкеге де қарасып-қайрылысатын кез емес!... Ал, бүгін баратын жерімізге жете алмайтын болған соң осы әтеретте қонып қалатын сияқтымыз. Басқалардан бұрынырақ барып, бос үйдің біріне орналаса қоялық!

Осыны айта сала менен оза ұмтылып, ең шеттегі жер үйге кіріп кетті. Мен жеткенде қамыс төселген орындарға түгелімен бір-бір нәрсесін қойып үлгеріпті. Шапаны қойылған өз орнының қатарындағы тымағы қойылған орынды маған нұсқады. Белдігі қойыған орынды «Қапастікі» дей сала тымағын қолына ала жүгіріп, сыртқа қайта шықты. Асхана жақтан көрінген қазақтың бәріне сол тымақты үнсіз бұлғап қойып тұр екен. Сөйтіп, басқа сапарластардың бәрінен бұрын, екі ғана бос үйдің бірін иелене қойыппыз. Жетпіс лаужяудың қырық ауруы түгел далаға қисайды.

– Үй жылытатын отын тереміз деп әуіре болмаңдар, сағи бағана кеткен!– деді сонсоң. Мына шақта бір адамның әкелген отыны бір түнге жетпейтіндігін айтып, мен де шығуға ұмтылып едім.

– Жететіндігін қазір-ақ көресіз, төсенішіңізді жай да тынық!– деп бұйырды.

Бұтарлап сидалап байланған, атан түйенің теңіндей қу жыңғыл күрс ете түсті есік алдына. Қыр мұрынды қараторы сұлу жігіт екі иығына төрт адам мінгескендей зор денесін екі бүктеп кірді жер үйге. Сағи дегені осы жігіт еді. Әтіреттің отынын тасып, арбакештермен бірге жататындықтан сирек кездесетінбіз. Керейше шошақ тымағын бусанған басынан алып, есік жақтағы бос орынға тастай салды. Ұзын көпісін шешіп жатып, от жағуға кіріскендерге тойтарыс айтып қайтарды.

– Өзім жағамын, тынығып жата беріңдер!

– Жақын маңда мұндай отын жоқ, недәуір алыстан әкеліпсің, рахмет, енді сен кіріспей-ақ қой!– деп Қапас отын алып кіріп еді. Сағи оны қолынан тартып апарып, орнына отырғызды.

Бәріңнен кіші мен тұрғанда отын-су жұмысына күш шығармаңдар!

Қапас, сықақшыл көзін күлімдете қадап тергеді оны.

– Сен біздікінен артық қанша кебек, қанша томар жеп едің?... Бұл жерде кішілігіңді айтқанша соны айт! Норма тең болған соң, тең ғана күш шығар, әйтпесе тырапай асасың! Жаңа түскен келіншегіңнің тірі қайтады деп күтіп отырғанын ұмыттың ба?

– Менің мына сүйегімнің қаншалық жуан екендігін сіз де ұмыта көрмеңіз, «жуан жіңішкергенше жіңішкенің үзіліп кететінін» білмейсіз бе, енді бұдан да азайып кетпесек екен ағалар!... Үкіметтің зорлық жұмысынан басқасын маған-ақ артыңыздаршы!

Мен елжірей қарап жаттым жүзіне. Ол жер үй түңлігінің дәл тұсына отын үйіп тұтатты да, екі шелекті ала жүгірді. Су әкеліп, қара шелекті отқа асты. Ыстық үйде былқытып ет асып жатқандай-ақ күңкілденіп едік. Крушкамызға бір-бір шымшым шай салып, құрдай құрық-құрық ұрттағанымызда ғана «кедейлігімізді» еске алып тұқырастық. Дәмелқан менің жұтаған жайымды сонда сөйледі басқа ағайындарға. Әсерлендіре әңгімелеп еді. Олардың көңілін босатып есіркетпек екен де оларға татырмайтын дәмін маған беруге разылықтарын алмақ екен: беліне байлап жүретін шай дорбасының ішіндегі кішкентай дорбадан бір шымшым бидай алып, ішіп отырған шайымның бетіне себе қойды.

– Япырай Дәке, Биғаңның бүгін-ақ шиқылдайтындығына қабырғамыз қайысып отыр еді, бәрімізді қуанттыңыз-ау, рахмет, рахмет! –десті бірнешеуі. Еділбай атты таңқы мұрын шой қара тіпті ақтарыла жаудырды алғысын.

Ертеңіне ерте түрегеліп, қатып қалған сары кебек сықпадан (жаңа жүгері ұны шыққаннан бастап соның кебегін жейтін болғанбыз.) Бір–бірден үлесіп алдық та тағы ілбідік. Бетіміз күншығыс. Құм, таусылмайтын тырбық сары қамыс, қатпайтын борбас, сары аурудай салбыраған сарғылт сұр аспан. Қанша шағылдан айланып өтсек те ұп-ұқсас осы көрініс. Егер күн мен жұлдыз көрінбесе, қайдан келіп-қайда тұрғанымызды білмей, әудем жерде-ақ адасар едік.

Жансебіл қазақтарымның белдеріне байланған «қарулары» да ұпұқсас: құйрық жақтарында қап-қара мескейі мен крушка. Оң жақ мықынында шай дорба мен өңештен өтетін бірдемені тауып сала жүретін запас дорбасы. Сол жақ мықынында ине–жіп, жамаулық шүперек, қиқым былғары, тері салған дорбасы. Су құйып алған құмырасы болады. Арқаларындағы жүк екі иыққа ілмектелген жіппен асылған. Екі қол запас, жолында кезіккен шөмшекті де қалдырмай тере жүреді.

Арттағы лаужяулар ілесе алмай, әр жерге шоңқиып, бізден басқасы қалып болғанда, тұсымызда жүретін бір автоматтан бес минуттық демалыс жарияланады. Жансебілдерім иықтарындағы арқан ілмегін ағыта салып, жүктен сол секунтта босайды да терген шөмшектеріне от тұтата қояды. Мескейлеріне су құйып, жалынға орай сала быж еткізеді. Шай қайнады деген осы жалын жұтқан қожалақ кебек сықпамызға бар ауызды бір-ақ салып, ғашықтың ерніндей құшырлана сорамыз. Лезде бітіп кетеді. Ләззәт деген осы. Екі-үш минуттан соң-ақ түк көрмегендей қайта аңсаймыз...

Арттағы автоматтар көтеремдерді қақпалап жетісімен жүгімізді біз көтере түрегелеміз. Өйтетініміз, олар өзді–өз «ғашықтарын» әлдеқашан бітеу жұтып қойғаны белгілі.

– Мал дауысын естігендерің бар ма? –деп сұрастырады, Заман атты ұрымызбен Дәмелқан:

– Оңтүстік жағымыздан аңыраған бір есектің дауысы әрең естілді!

– Ол шошқаның дауысында шек бар ма, тым алыстан болғаны ғой!...

Үмітсіздік жеңді бәрімізді, үнсіз ілби бердік. Шағыл төбелер сиреп, қамыс жиылей түсті де, ойдым-ойдым көлшік көрінді. Күн екінтіге жете нар қамысқа оранған ірірек қарын көл көрінгенде, жеттік десті білетіндер. Мұзы күрсілдеп жарылып, ыңыранып-ышқынып қарсы алды. «Жаз болса, балық көп-ау, ә!» деп тамсанысады жігіттер. Солтүстік жағында екі-үш шақырымдай келетін жалаңаш жазықтық бар екен. Біздің қазатын сорғытқышымыз, көлдерден сол жазықты бөліп, дегдітетін терең тоған болып табылды. Бергі шетінен көрінген түтінге туралап тарттық.

Жүгімізді алдымыздан шыққан бауырлар көтеріп әкетті де біз артымызды асхана алдынан күттік. Күн бата тізіммен шақырып түгендегенде тоғызының «өздігінен жығылып өліп қалғанын» Халық азаттық армияның кіші командирі мәлімдеді. «Аллаһу әкбар» айтысып, күрсіне тарадық. Шығарған жаназамыз осы болды. Оларды тауып теріп көміп қайтатын, екі-үш сықпа жеген Лаужяу бар ма!... Сол сықпа кебектің үнін жезелекпен елетіп, майға пысыртып жейтін кадрларымызда үн шығармады. Қалтыраған ауыздардан шыққан күңіреністі «Аллаһу әкбарға» азаттық армиямыз ыржыңдасып, дөңестегі өз шатырларына кетті.

Бұл асханамызда баяғы сол бір-бір кебек сықпа мен капустаның қураған сары жапырағын қайнатып берді. Содан Сағи әкелген екі шелек жапырақ суын өкпелей отырып ішіп болысымызбен отын әкелуге дайындалып едік. Сағи тоқтатып, тағы да өзі кетті. Мені қымырламастай тіпті шектеп кетті.

Қатып қалған таяз көкшіл үстіндегі «жатақ-орныма» барып құлай кеттім. Асты мұз болса да қамысы қалың төселіпті. «Басқа жерден ықтасындау болған соң осында қоныстандық» деді Ақбай ақын су тоқтата алмайтын болған түп-түзу танауынан бірдеңесі жылтың-жылтың ете түсті. Сақал-шашы жуан басына жараспайтын қазынасын бұл жолы жылтыңдатқан күш ішіндегі күлкісі екен.

Жеңгейдің салған төсегі де мұншалық жұмсақ сезілмеген шығар!– деп мырсылдады.

– Қапиядан еш хабар айтпадыңыз ғой?– деп енді сұрай қалды Қапас.

– Сендер осылай кеткеннен үш ай өткенде Қапия жөнінен естігенім амандық қана. Аман болғанда да Ақияға титтей ұқсастығы жоқ, мызғымайтын амандық. Сенен шекара айыруға мүлде көнбей, үміттерін үздіріпті. Мақпал маған Қапия жөнінде осыны ғана айтып, былтыр күзде бір көріскен соң қайтып келе алмады. Жазысқан хаттарымызды да тигізбей жөнелтті мені! Сен хат жазсаң, енді Қобыққа, үйінің әдрісі арқылы жаз!...

– Ал, Ақияға не бопты?..

– Ақияны Құлжан әлде не бір жаламен қорқытып–қаймықтырып ертіп жүр деп естідім. Мақпалмен де сөйлесе алмайды екен!..

Біз жатқан көлшіктің арғы жағасынан Тоқбай мен Жақанның дауысы естілді. Жалт қарастық. Қол бұлғап шақырды біреуді. Ымырт үйріле бастаған шақ.

– Екеуіңізге дайындап қойған ерулігіміз бар еді, соған шақырып тұр!– деді Ақбай. – Мына топ қамыстың далдасымен өтіп кетсек, күзетші әскерлерге көрінбейміз!

Қалай да бір мал тауып әкеліп сойған екен деген қуанышпен сырғып өте шықтық. Қараңғыда қарбиып, жыңғыл тіктеп қоршалған қотан көрінді. Ешкім жоқ, иен қотан. Әлгі екеуінің ыңырсып салған әндері естілді. Қотанның арғы шетіндегі бір жырашықтағы жер ошаққа от жағып, істік жасай отырып әндетіпті. Кең маңдайлы сары Жақанның екі езуі екі құлағында. Бұрынғы бейғам, көңілді, әнші-домбырашы қалпына келе қалғандай. Мен де қалжыңдай жеттім.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 308; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.994 сек.