Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 39 страница




Біздің Жансебілдер әлі тыңырақ еді. Қайтудан өшкен үмітіміз қайта жылтырай қалған соң бар қауқарымызды жия шапқыладық. Құм мен бор басқа арналған жуан кетпендеріміз жарқылдай жөнелді. Сағи мен Шәйзада, Қапастар бір-бір шағылды жеке-жеке міндеттеріне алып қопарды. Толтыруға тиісті ор мен оймауыттарға кетпенмен төте лақтырды. Сөйтіп, бұл міндетімізді бесінші күні бітіріп, екі күн кейін қалсақ та «жасанды серік ұшырған группа» аталып шыға бердік. Басқа группалар бірден-екіден «құрбандық шалса да» міндеттерінің жарымын бітіре алмап еді. Теке сары оларға бақылдап-бақылдап алып, бізге бір күн демалыс берді.

Аштықтан ұйықтай алмасам да сол демалыс күні сәскеде түрегеліп, сыртқа шолақ штанмен ғана шығуға беттедім де, ырсиып сүйегі ғана қалған сиқымнан ұялып, шапан жамылып шықтым. Шидей боп қалған сирағым бұраңдап, бүктетіліп, жер үй баспалдағынан әрең көтеріп шығарды. Аяғымды ептеп қана басып, үйілген отынның сыртына өттім. Март соңында-ақ жалындап ыси бастаған сәскенің сары күннің өтінде ұзын күпісі мен елтірі тымағын баса киіп, Сағи тұр екен. Арқасынан көрінді. Менің шыққанымды сезбей қалыпты. Ұзын денесі бүктетіліп, бірдемені айдаһарша құныға сорып тұр. Ғажаптанарлық сұмдық елестеді көзіме. Қиырлап алдына қарай өтіп байқамақ болдым. Елестегені емес, анық көрген екенмін, Сағи тіс жуатын қоймалжың парашокты қапшығынан сорып жұтып тұрыпты. Сығымдап жілік майынша сорғанын көрдім де, байқамаған бейнемен сырт айланып жүре бердім. Тура қарауға бетім шыдамады. Ту сыртынан біреудің келгенін сезседе, көріп қойғанымды сезбепті. Ол да сырт айланып, сол «жілігін» сора берді.

Жылай кірдім жер үйге. «Ағаларым аман қалса екен деп бізді аяп жүріп алдымен кетті-ау қайран азаматым!» деген сөз алқымымды бүлкілдетіп, өкси жыладым.

– Не болды Биға?... Не болды, үй жағыңнан хат келді ме? – Үңіле сұрады бірнешеуі.

– Жоқ!

– Жаман түс көрдің бе?

– Жоқ!..

«Нарымыз сабын жеп тұр!– деуге, Сағидың қасиетіне дақ түсіргім келмеді, жасырдым. Жасырған сайын төгілді көз жасым. Екі күннен бері ісігі қайта өрлегендіктен жатақ жұмысынан Сағиды шектеп қойғанбыз. Орнына тыңырағынан төртеуі түскен. Қазір екі шелек су көтеретін жігітіміз қалмауға айналып еді.

Капустаның сары жапырақ сорпасы мен күйреуік момымызды Шәйзада мен Заырықбек әкеліп үлестірді. Өзіме тиісті момыны, босағадағы орнына келіп қисая кеткен Сағиға апарып ұсынып едім, басын жалғыз-ақ шайқады.

– Өзің же аға, өзің же!

– Мен бүгін тоқпын, таңға жақын асханадан ептегенмін, мә, же!

– Заман мен Еділбай ептей алмай жүргенде, мұныңызға кім сенбек, өзің же!

Сыбағамның жарымын сындырып, ыдысына тастай қойдым да, қарап отырған Дәмелқанға ым қақтым. Жас боздаққа ажал төнгенін, менің бұл әрекетімнен біліп болған екен. Ол да момысының жарымын сындырып әкеліп зорлап алғызды. Қайтып кеп отырып қарай берді маған. Енді мені аяп отырған сияқты, жасаурай қалды көзі. Жарты момы мен бір аяқ жапырақ суын жұта салып түрегелдім. Егес пе, ызадан ба, буыным қатая қалыпты. Термен ыршып, сормен сірескен жұмыс киімімді жалба-жұлба күйінде кие сала шығып кеттім.

Зор жиында кезіккен Тоқты Бәсит, «бірдеме тапсам сонда көмемін» деп белгілеген шағына, дем алмай тез-ақ жетіп едім. Әлсіздіктің жан теріне малшынып, қаншалық тінтігеніммен ештеңе табылмады. Шолақ ыштаннан басқа киім сымағымның барлығын шешіп, қолтыққа қыса жөнелдім. Ендігі іздейтінім саңырауқұлақ. «Алдыңғы күні түнде жауған мол жаңбырдың күшімен жерді сүзіп-жарып, сол дулығалы батырлар қалай шыға келмейді» деген үмітпен жорттым. Тораңғылы, қамысты ойпаңның бір тобы әрең табылды. Бешпет пен сымның сау жерлеріне тәптіштеп орап, қыратқа қайта шыққанымда қарсы алдымдағы тораңғы тоғайдан зор бір оранқұтан[83] шыға келді. Таңырайған жуан тұмсығы мен көзінен басқа түк баспаған жері жоқ. Борбасқа аунаған оранқұтан сияқты. Бурыл, жуан басы аппақ қалың сақал мен ұзын шашы тұтасып, тіпті қорқынышты көрсетті сол басты. Бұрыла жөнелдім бір жағыма...

– Қашпаңыз, қашпаңыз! Мен, есі дұрыс адаммын! –деп барылдады. Дауысы да қорқынышты болғанымен тілі қазақша. Қайрылып тұра қалдым. Баяу жылжып жетті. Сәлем берді.

– Уағалайкүмұссалам, өзің менен де жалаңашырақ жүріп, қашқаның не жігітім?–деп күлді. Байқасам, үстінде көйлек-штансымақ лыпасы бар екен. Сонда да қарны мен кеудесі бурыл түкпен ғана жабылғанын көзім дұрыс көріпті.

– Жалаңаш болғаныммен орынқұтандай қорқынышты көрінбесем керек!– деп мен де күлдім. Бұл жақта жоқ жануардың атын дәл түсініп, қарқылдай күлгенінен, оқыған шал екендігі де байқалды.

– Бәсе, ха–ха–ха–һа...а... жаңа, есек мінген бір топ лоптық мені көре сала тырым-тырақай қашып еді. Мені жынды көріп қашты ма десем, арангутан, иә, кісі киік деп қорыққан екен ғой!... Артта қалған жастау бірі тіпті, шабан есегінен түсіп, бақыра қашты. «Мен сау адаммын» дегенімді ешқайсысы тыңдамай жоғалды!... Сөйтіп жүріп, адам екендігімізге ешкімді сендіре алмай өлер ме екенбіз!

– Өлмеу үшін өлгенше күресу – нағыз адамның ісі, үміт үзбелік, ақсақал, сендірер күнімізге аз қалды!

– Таныспаппыз ғой, атың кім шырақ?

Атымды айтысыммен қос қолдап амандасқан шал, ажаптана қарады тұрқыма.

– Анау күнгі зор жиында мұндай емес едіңіз, неғып мұншалық халге түсе қалғансыз?

– Бүгін ғана осылай болдым...

– Мен сізді сол жиында ғана көргеніммен, бұрын естіп жүргенмін. Ләтипаны білесіз, Шаңхайдан солармен бірге келгенмін. Атым Ағызамқожа. Мен де ілелік, өзбекпін. Отырыңыз, отырыңыз! – малдасты құрып алдымен өзі отыра қалды да маған темекі ұсынды. Дорбасынан саңырауқұлақ көріп, мұның да менің кәсібіммен жүргенін байқап едім. Бір зағыра шығарып, халі менен сәл жоғарырақ екендігін көрсетті. Тағы да күліп жіберді. – Жаңа менен үріккен лоптықтардың бірінің белбеуінен түсіп қалды. «Ой, наның түсіп қалды, ала кет!» десем онан сайын қашты!... Жә, ашаршылықта бөліп жеген дәміміз болсын! –Зағыраның дәл жарымын сындырып, маған бере сөйледі. Ұмытпалық осыны, сен жассың, аман қаларсың да. Бірақ қатты жүдеген екенсің. Ісіктен сақтан, суды мүмкіндігінше аз іш, жұмыстан зорықпауға тырыс!... Менің қалған өмірімді мына күйреуігі күйретер-ақ, ісіп кеттім!

– Лаужяуға қалай кіріп қалғансыз?

– Түркияға көшуіме виза келген. Семьямдағы ақшаға жарайтын барлық мүлкімді сатып, расхот үшін жолда Австралияға сататын тауарға айналдырғанмын. Барлық істі бітіріп, үкіметтің өз бекітуінен өткізіп, Шаңхайдан жүргелі тұрғанымда қолға алды. Таласатынымыз, олар конфескациялаймыз дейді. Мен бермеймін. Себебі, ол, заңды мүлкіме келген тауар. Бәжісін төлеп болғаныма қарамай бәрін аламыз дейді!... Мен қалай жетпекпін расхотсыз!... Ал, ыстық өтіп кетпесін, жүріп кетелік!– деді де «тірі қалсақ көрісуіміз үшін» тұрған әтіретінің орнын айтып қоштасты. – Биғабіл әфәнді, тірі қалу үшін барынша тырыс. Қазір ақша жүрмейді ғой, лоптықтарға киімің болса да сатып жей бер! Менше арангутан болудан арлан ба!

– Ісіп «семіріп» алмасам сізше орынқұтан да бола алмаспын. Мендей албастыға киімнің қажеті не! – Күлісе айрылыстық.

– Олай болса, шашыңды албастыға үйлестір, лоптықтар көргенде үйлерінен де үрке қашатын болсын, тым болмағанда зағырасы қалады екен ғой!...

Жарты зағыра болмаса, күнім бүгін-ақ қатерлі екен. Жатағыма тірі жете алатындығымды буынымнан байқап, көңілдене қайттым. Дәмелқан мен Қапастар әр төбеден қарауылдап, менің жоғалуымнан қауіптеніп тұр екен. Қазірше қашып құтылатын мағдырдан айрылғандығымыз анықталғаннан бері күндіз әскери күзет тұрмайтын болған. Дәмелқан бұл жүрісімді сөксе де саңырауқұлақ пысып Сағидың алдына барғанда алғысын айтты.

«Ағатайым-ай өлімнен арашалаймын деп өзің өліп қала жаздадың-ау!– деп Сағи жыламсырай асады саңырауқұлақты. Сорпасын ұрттай ішіп, балбырап тұрып терледі. Көп жесе мұның да уы барын айтып, аз-аздан аредік-аредік жеуді тапсырып жаттым.

Ертеңіне бізбен бірге ерте тұрып жұмысқа барды. Басқа группалардың міндетіндегі төбелерден бөліп берген сарытеке қалпағымыздың алыну шарты толып қалғандығын сөйлеп тағы алдады. Тағы да шешініп тастап кірісті Сағи. Демалып отыра беруді айтсақ, «сендерге істетіп қойып, қалай шыдап отырмақпын!» деп ренжиді. Тағы да тізгіндей алмай қойып едік, бірер сағаттан соң дір қағып барып отыра кетті өзі. «Мүлде бола алмай қалыппын» деп енді мойындады. Менен көрі беті бүтінірек Асылбек пен Қапасты сарытекеге салып рұқсат әперіп қайтардық. Ісігі күн сайын молайып барып, үшінші түннің таңында жан үзді.

Ішкен суымыздың барлығы көзімізден жас болып төгілгеннен не пайда, бізді өлім апатынан арқалап өткізсем деп жүріп, өзі алдымен өлді! Бөлекше жаралған адамгершіліктің бөлекше жаралған мол тұлғасы тіл қатпасы, шырай бермесі, қайрылып қарамасы, сұп-суық мүрдеге айнала қалды! Шулай көтеріп, ашық қалған басқа жемтіктерден аулағырақ шағылға шығарсақ та халсіздіктен ақымдап жерлей алмадық. Жерошақ қана қазып жыңғыл мен бүркеп құммен көмдік те өзіміз де құмша егіліп-езіліп бір жолата шашылып қайттық.

Сөйлесе де алмай, жеке-жеке үнсіз шоқиып, өзімізге-өзіміз ғана міңгірлеп, жеке-жеке тәлтіректейтін болдық. Қайрат-жігерімізді үрейдің жұтуы еді бұл. Көбі, тірі қалу жөніндегі үгіт пен үміткерлікті тыңдаудан да қалды. Менің ағара бастаған шашым, тез қарқынмен қурап бара жатты. Танитынымыз, өзді-өз ыдысымызбен өзді-өз аузымызға кіретін күйреуік қана болып қалды. Ұрлап тапқан лобысы мен шамғұрын көбі өзінен де ұрлап тыққыштап, жасырып жұтатын халге түсті. Басқа группадағылар көптен-ақ қалыптастырып болған бейне еді бұл. Соларға енді теңелгенде де күрт түсіп, тез теңелдік. Ашаршылықтың рақымсыз соққысы жанды жерімізден жетемізге жете тиді.

Ашаршылық шындап жайлағанда игерген білім-мәдениетің түгіл жаратылысыңмен бірге тоқылған ар-намыс, тума ақылыңды да қабаттап жалмаса керек. Қашып шығуға сақтап жүрген жеңіл батинкам жоғалған күннің ертеңіне Асылбек дазужаңымыздың бір шұңқырда қоян үйітіп жеп отырғаны көрініп еді. Одан екі-үш күн өткенде Шәйзада бастон сымымды көтеремнен өлген қойдың басына айырбастап әкеліп жеп қойды. Тоқбай мен Қапас әлсіреп қалған ол екеуін қосақтап қойып шапалақтауға кіріскенде көмекке Дәмелқанды шақырып, әрең құтқардым.

Содан бастап, өтімі бар тәуір киімімізді жатаққа қалдырмай, боқшамен көтеріп жүріп істейтін болдық. Ондай бірер жемдік арзанға айырбастай салуға қимап едік, өз бағасының тым болмағанда жарымына жеткізе саудаласуға орайы табылмады. Кадрлар естісе сатушыны да алушыны да тонайды.

Сөйтіп «көше жүріп» төбелерді жыраға тығып тегістедік те арық пен қыр жасап, су жүргіздік. Жұмыстың ендігі кезегі тракторларға тиген соң ғана жетті «үлкен жексенбі». Бірақ бұл «жексенбі» алысқа кезетін сауданың емес, жап-жақын жерге Құдайдың өз қолымен тегін ырыздық шашқан «жексенбісі» болып естіле қалды: өзенге тасқын келіп, жайылма су ойпаң-ойпаңды көлге айналдырған екен. Ащы сорға тойған жайылма су, өзімен бірге келген балықты түгел улатып – мас қып тастапты. «Торпақтай-торпақтай балықтар су бетіне шығып, қарындарын жарқыратып жатыр!» деген хабар гу ете түсті. «Қазір барып аламыз да келеміз» деп барып әтірет штабына дауыл соқтырдық. Тұтас барып, тұтас қайтыңдар деген рұқсатын ести сала ұмтылып едім, Тоқбай келіп алдымнан тоса қалды: «Биға, екеуімізге жетерлік балықты мен-ақ әкелемін, сіз бармай-ақ қойыңыз, аяғыңыз ісіп жүр, суға түссеңіз асқынып кетеді. Осы жатақтың өзіне де сенімді күзетші қажет!» деп тоқтатты. Пікірі сиымды болған соң қолымдағы кенеп мөшекті бердім де қала бердім.

Балықшылардың алды түс ауа, арты екінтіде қайтты. Не қилы көтеремдері де өзінен ауыр балық арқалап, ырғап-жырғап қайтты. Әтіреттің қазіргі қалған жетпісінің ішіндегі ең семізі болып қалған біздің Тоқбай месі әлі жоқ. Өз группамыздағылар, жайылмаға жеткен соң оны көрмепті. Басқа группалардан сұрасам, жауап шықпады. Балықтың дауы, оттың-ошақтың дауы, мескейдің дауы... Өңдері ме, түстеріндегі даума өздері де білмейді, ию-қию, у-шу. Не сұрағанымды ұқпай-ақ бастарын шайқай салады.

Күн ұясына отыра бере әтірет штабына жүгірдім. Тоқбайдың өзінен малту білетін білмейтіндігін сұрамай қалғаныма өкіне жүгірдім. Мәт сопы гансы оның әлі қайтып келмегенін менен ести сала ұмтылды. Аш әтіреттің тіршілік есірткен шуылын ақырып басып, тізіп қойып сұрағанда ғана естеріне келгендей, Тоқбай жөнінде қарсы сұрау шықты бір мұрттыдан:

– Әлі келмеді ме?– деп үдірейе қалғанында төбе шашым тік тұрды...

Осы мысық мұрт екеуі жайылмаға төбе-төбемен ішкерілеп барып, шалқалап жатқан бір үлкен балықты көріпті де қатар жүгіріпті. Судың ең терең жері белге әрең жеткен екен. Жақындап бергендерінде балық шалп еткізіп сүңги жөнеліп, жиырма метрдей алыстықтан қайта көрініпті. Мұртты соңынан қалмай соны қуалап кеткенде Тоқбай тағы бір үлкен балық көргендей, бұрыла жүгіріпті күншығыс жағына. Мұрт, қуған балығын әрең ұстап, айқұлақтан жіп өткізіп алып қарағанда Тоқбай бір қос төбенің қапталынан еңкейіп, суға төніп тұр екен. Мұрт екінші рет қарағанда оның сол төнген тұсынан толқын ғана көрініпті.

– «Өз қуған балығын ол да ұстапты» деген мөлшермен жүре беріппін!– деді мұрт, қайта қайрылып қарамапты.

Мәт сопы соны ести сала құлағынан ұстай алды. Су білетін бесеуімізге жол бастап баруға қосып берді. Сол қос төбені тауып барсақ та түн болып кеткендіктен айқайлап-айқайлап Тоқбайды таба алмай қайттық. Ертеңіне күн шығысымен группамыз бойынша қайта іздеп барып, сол жайылмадан ақынымыздың жамбасынан қырқылған жалғыз санын ғана таптық. Ақ шолақ штанының балағы шайнаған өткір тіспен етіне кіріп жабысып қалыпты. Басқа денесінен бір жапырағы да табылмады!...

Ол түскен судың шет жағындағы үш қадам жері таяз екен де төртінші қадамда құлама шұңқыр бар екен. Мен түсіп, тереңдігі екі жарым метр шамасында екендігін білдім. Ал содан алты–жеті метр алдыға жылжи алса таязға шығатыны да көрілді. Амал не, білмегеннің бәрі қатер!... Мұртты сапарласының екінші рет қарағанда көрген толқыны, малтау білмейтін Тоқбайдың жанталастағы толқыны болып анықталды: жергілікті халық лоқо деп атайтын жуан бас жайындар оны өлген соң тапқан. Таласып-жұлқыласып жүргендерінде үлкен біреуі қырқып жіберген сан, су бетіне қалқып шығып кеткенін байқамай, ұлы денеге таласып-тартысып ала жөнелген!...

Кішкентай шағымда мұндай тынық жайылма емес, алай-дүлей тасқыннан түйедей жындыны да алып шыққан едім ғой! Сол өнерімнің осы бір аяулы ақын досыма септігі тимей қалғаны жүрек бауырыма өрт қойғандай болды. «Қастың қастық жазасында балық пен бақаға да жем болғанымызды көрмеймісің, сұм дүние!» деп еңіреп жібердім де сол жайқынды жалпағынан басып жүзе жөнелдім. Күйік отымен оқтай атылып, сол жайылма көлдің бүйір-түкпірлерін түгел шарладым. Бауырыма басып қоштасуға бас сүйегі де табылмады. Айлана шарлап, күншығыс жақ шетімен қайтысымда шалқасынан сұлап жатқан ірі жайынның бірі көрінді.

Азуымды шақырлата жүзіп жетіп барғанымда сүңги жөнелді. Беталысына қарай қуып кеп бердім. Су бетіне қайта шыға бергенінде-ақ ашылып-жабылып тұрған айқұлағынан ала түстім де бас бармағымды езуінен салып, қоса бүрдім. Аузын денеме жеткізе алмай, құйрығымен қағып жіберді. Ұзындығы бір метрден көп аса қоймайтын, әрі шалажансар болғанымен мендей онның күші бар сияқты. Егер езуі мен айқұлағынан айқасқан саусақтарым айрылса, ұшып түсіп, өзім де жем болады екенмін. Құласам да айрылмай, қыса түстім. Қабуға ыңғайланып әлденеше ұмтылды. Арсиған азуларын көріп, жанталаса мытыдым. Езуі жыртылып, айқасқан саусақтарым шықшып сүйегін сықырлатқанда ғана жауси бастады.

Ертіс толқынын жарып өскен Еділбай да жетіп келген екен. Бірдемемен алысып жатқанымды көріпті. Жыңғыл түбінен сындырып алған екі қарыстай ғана шоқпарымен жайынның тас төбесінен сақ еткізді. Сылқ түсті жыртқыш. «Енді тұрса есін жиып алады» дей сала қыл шылбырмен ауыздықтап – тұмшалап, су бетімен сүйрей жөнелді. Жағаға жеткен соң Дәмелқан да келіп екеулеп шағыл төбесіне шығара сала жарды. Тоқбай денесінен ештеңе таба алмады қарнынан.

Сол егіз төбенің күн батыс жақ шекесінен пышақпен ұра қазып, Тоқбайдың санын көме сала еңіреп-боздап көрістік. Нәзір – шырағына осы жайынның өзін арнап апарып астық та әтіреттің кәрілерін жиып, мұсылмандық дәстүр бойынша бата оқыттық. Едел-жедел екі арысымыздан айрылдық сөйтіп.

Майдан басшылығы біздің ашқан жерімізге түгелімен күріш егуді бұйырыпты. Егу–өсіру азабы ең ауыры осы дақыл екендігі белгілі жер жыртылып болған соң метрден биігірек жуан қырлар соғып, суға лықа толтырдық. Ендігі жұмысымыз да тозағымыз да осы көлдің ішінде болды. Асықпай істе, тез істе – бәрі бір, кешке дейін қара саннан асатын лай ішіндеміз. Әлсіреген аш адамға одан қиын жаза да болмаса керек. Сор топырақтан жасалған қыр, сумен еріп-жайылып кетеді. Оны сұйық батпақпен қайта жамаймыз. Лай ішінде сүйреткі сүйреп, себілген күрішті батырамыз. Күн шыжғыра ысыған шақта да мақталы шапан мен жұмыстың ауырлығына қарамай тісіміз сақылдап, тоңып жүреміз...

Әнеу күнгі балық сорпасы әтіреттегі өлімді бір тиып, көбінің ісігін жеңілдетіп кетіп еді. Маңайдағы көк азық әтереттерінің еккені өніп – өсе бастағанда түн бойы соған барып «жайылып» қайтатындар сидаң қағып жүріп кетті.

Ал, қырсық та өлім де менің аяқ жағыма мықтап жабысты, айрылар емес. Суға түскеннен бастап кернеген ісік, сирағымды тіпті «семірте» түсті. Жейтін малын неғұрлым семіртіп жеуді жақсы көретін адамзаттың қулығы «Қазірейілге де» біткен ғой. Күріштің көлінде күн сайын жуарып, ауырлай берді аяғым. Ісік тіземе жеткенде іркілдеп, буыннан мүлде айрылдым. Сарытеке қыстағы өшін дәл осы шақта алуға кірісті. Жатақта дем алуға қалдырмай, өзі айдап апарып салды лайға. Группаластарым жабыла жалбарынып сұрап, рұқсат әпере алмады.

Соның екінші күні таңертең тағы айдағанында атыз қырынан адамша аса алмай, қоңызша барлық «аяғыммен» жабысып асып барып, лайға домалап түстім. Басымды жандәрмен көтеріп алғанымда батып кеткен аяғым қайта сурылмай қойды. Жығылып бара жатып, қырға қайта жабыстым. Сарытеке кеудемнен сақ еткізіп «сүзіп» кеп қалды. Сұйық лайға шалқамнан түстім. Жақын атыздардан қарап тұрған лаужяулар шу ете түсті. Қазақтар қазақша, ұйғырлар ұйғырша, хұйзулар хұйзуша шуласып дабырласып кетті. Мәт сопыдан басқа кадрлар да келіп, бастықтарына кадрша сыбырлап қайтты. Көзі ит көргендей ойнақтап кеткен сарытеке олардың да кей біріне бақылдап жіберіп қайтарды. «Тұр!»– деп ақырды маған. Қымырламадым. Аяқтарым түгіл, лайға батып алған құйрығымның да ырыққа көнбейтіндігі мәлім еді.

Бұл әтіреттегі аз ғана ханзулар мен хұйзулар күйлі болатын. Егін пысқанда қырманға да, кілеткеде солар ие болып келеді ғой. Бір жуан дүңген балдырлап келіп көтеріп алды мені. Екі қырдан асырып апарып, бір құрғақ қырға отырғызды. «Мына кадрларға қатты сөйлеп қойма, Мазыдауян саған демалыс бермей жұмыс істетуді Мәт сопыға тапсырды. Ол сөзінен қайтты.

Мәт сопы батпақ қырлардан әдемі етігін аяп әрең басып келді де төрт-бес метрдей жақындап келіп отырды маған. «Тәрбие беріп», істеуге көндірмек екен. Саясаттың ресми тілімен сөйлей берді, үн қатпадым. – «Бекер жайылдық қып жазалана берме, осы жұмыс біткенше жақсы істеп, кеңшілік ал!»– деді соңында. – «Мақұл ма, тұр орныңнан!»

Мен қазір тұра алмайтын болып қалғанымды айтып, аяғымды көрсетіп едім, ақыра жөнелді де бұрынғы заманның томардай ебедейсіз шойын мылтығын суырып алды қойнынан. Өзінің кеудесін төтенше жуан көрсетіп жүрген кереметі осынысы екен. Мен тағы да жуас үнмен жұмысқа жалқаулығым да, «жәйілдігім» де жоқ екендігін, тек мағдырымның қалмағандығынан ғана осы қорлыққа лажсыз шыдап отырғанымды айта бергенімде «тәлім-тәрбие гансының» дауысы сақ ете түсті, мылтығының шақпағын қайыра кезеніп сұрады.

– Жұмыс істеймісің, істемеймісің?

Мен енді ызамен ашық қомсына қарап жымидым:

– Гансы, сіз мені осы көлдің үйрегі екен деп қалыңыз ба?... Иә, қорқытып көндіретін кішкене бала деп танисыз ба? – Баса киіліп, лаймен жабысып қалған қыстық малақайымды жұлып алдым басымнан. Аппақ болған шашымды нұсқап көрсете сөйледім. – Мынаны не көрмеген бас деп ойлайсыз?... Өзіңізге абырой керек шығар, бұл көсеуіңізді орнына салып қойыңыз, ата алмайтындығыңызды мен түгіл өзіңіз де білесіз ғой, тәп-тәуір инаваты бар кадрымызсыз, мұндай ойыншыққа менің қайтаратын жауабымды басқалар естімесін, бұл немеңізді көрсетпей ғана орнына, сала қойыңыз!... Бұл заманда осы да жанмылтық па!... Абыройыңызды аяп айтып отырмын, масқара боп қаласыз!... Ып-рас!...




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 358; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.038 сек.