Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 43 страница




Маған осындай екі жүз шақты трагедияны сөйлеп берген он жігіттің төртеуі, кейінірек қашып, бекітілген шекараның бер жағынан қайтқан жігіттер екен. Бес жылдан кесіліпті. Алтауы нағыз «қызылтабан қылмыстының» дәл өзі: шекарадан ұрланып өтіп, кепіл боларлық туыстарының адрестерін таба алмай, «қытай шпионы» деген күмәнмен ұсталып, шекарадан қуылып қайтыпты. Бұл жақ оларды «шужыңжуйдің шпионы» деп ұстап мылжалапты. Зақымдалған сүйектерін жамап-жасқап, он-онбес жылдан кесіпті де осы майданға жіберіпті.

Ал, Советке қашқалы жүр деген жаламен қолға алынғандары тіпті көп екен. Олардың «қашпаймын, астық сатып беріңдер!» дегендері сотталыпты да, «аштан өлсем де қашпаймын» деп ант еткендері ғана кесілмей, жоңғар шөліндегі бір лагерге жер аударылыпты. Олар да Такламакандағы осы майдан сияқты еріксіз еңбекке салынып, тың игеріп жатыр екен. Совет одағында туыс-туғандары бар халықтың көбі шекарадан алыс құмдағы сондай лагерлерге қуылып, бұрынғы мекен, дайын қора жайларына ішкері жақтан келген көшпенділер мен әскери семьялар орналасыпты.

Әділетті тергеушім, сол үркіндегі ең қандыбалақ қылмысты әрине қашпай қалғандар. Олай болатыны, кесімсіз-мүдесіз, аштан өлсе де қашпайтын лаугай болулары соның дәлелі ғой. Екі үкімет арасындағы бітпейтін бедеу дау құлындағанша жазаланатын шығар. Олардың өздеріне қойылған «көмілген бомбы» деген құбыжық атауды естісімен қорқып қашқандары, сөз жоқ, екі дүниенің де қара жүз қылмыскері. Олай болатыны, екі елге де шпион аталулары соның дәлелі. Оларды енді Құдай тағаласы да шпион санап, «бақи дүниесіне» жолатпай қоюға хақылы шығар. Ал, осыларға лаужяулық қалпағым алынған мені әкеліп қосуларыңыз тіпті даусыз әділет. Олай болатыны, менің де сіздерден осыларша безініп қашудан басқа тіршілік жолым қалмағандығы әрине соның дәлелі...

Сөйтіп, бізше тіршілік үміті кесілген көпшілік қамалып таусылғанда осы әділеттеріңіз әрине өздеріңізге ауыз салады. Олай болатыны, бұл әділеттеріңіздің зор секірмелі жыннан туғандығы соның дәлелі ғой. Соңында қалған өздеріңізден басқа кімді соғар. «Ит құтырғанда иесін қабады» қылмыс жолының ақырғы бекеті сол емес пе!

 

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

 

ХИКМЕТТІ ҚАРА ҚҰЙЫН

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

Кесіммен жазаланған лаугайлармен қосақталып, мылтықпен қоршалып істеп жазды өткіздім. Биіктегі автоматтан айқайлап рұқсат сұрап, қосағымдағы лаугайдың арт жағына ғана дәреттенемін де, мәселені ап-аман шешкендігімді тағы да айқайлап мәлімдей түрегелемін. Дәретте не «туғаныма» дейін мәлімдегендей адалдықпен істеп күзді өткізсем де қайту мәселемнің не болғандығынан жауап шықпады. Он мың лаугай жиылған бұл майданның басшылары тіпті нән екен. Іштеңе білмейтінсіп жауап бермей талайы өтті. Мен тұрған су құрылысы әтіретіне, лаугайлар мақтап жүретін, майдан штабының бір ұйғыр кадры келгенін естіп жүгіріп, соған барып шағындым. Менің ісімнен хабары бар сияқты.

– Білеміз, бірақ қазір бүкіл қоғамда социалистік тәрбие жүргізіліп жатыр,– деп түйілді ол. – Бұл науқан уақытында қалпақ алудың нұсқауы жоқ!

– Менің қалпағым жоқ, қалпағы жоқ адамды жазалау орнында ұстап тұратын принцип те жоқ қой, осыны жазып қана бұрынғы орныма қайтарып беріңіздер!

– Социалистік тәрбие дегеннің не екендігін түсінемісің өзің!– деп, менің «надандығыма» қынжылды жез түймелі кадр. – Бұл, социализм мен капитализмнің парқын айырып, тап жауларына пролетариат дектатурасын жүргізетін науқан. Қиянат, ұрлық, көп ішіп, көп жеу мәселелерін анықтайды!... Кедейлер мен төмен орта шаруаның бірлескен қосынын құрып, таптық күресті барлық істің арқауы етеді. Сөйтіп, таптық күрестің қақпағын ашады... Дәл қазір қайтып барсаң, алдымен сен көресің көргілікті!..

– Таптық күрестің қақпағы «енді ашылса» тіпті жақсы. Көргілікті енді мен емес, таптық жаулар көреді!– деп осы түсінігіне қасақана жармаса түстім. – Ол қақпақты буржуазия жалпақ құйрығымен басып отырғанын партиямыз анық білген болса... менің барлық тілеп жүргенім осы еді, кожаң[94]! Обалыма қалмай, дәл осы кезеңде қоя беріңіздерші, осы науқанға қатынасып, бар мұңымды айтып алайын!... Кедей іздесе ең кедейі де, адал іздесе, осы қоғамның ең адалы да мен едім. Дектатура астында помещиктер мен буржуазияның жаласымен ғана түскенмін. «Пәле-жаланың бәрінен партия құтқарып», қалпағымды 64-ші жылы алды. Қоя берсеңіздер социализм үшін ең пайдалы қызмет істеп бере аламын!

Кадр күліп жіберді бұл сөзіме.

– Сен атағы бар оңшылсың, дәл қазіргі кезеңде осы майданға аман-есен келіп алғаныңа ғана қуан!– деп тағы күліп алып, тыжырына сөйледі. – Қоғамнан мүлде артта қалыпсың!... Азаттықтың алғашқы жылдарындағы, жер реформасындағы белсенді қызмет көрсетіп жуапты кадр дәрежесіне көтерілгендердің қазір қызметтен түгел тоқтатылып, социалистік тәрбиенің күрес нысанасына айналғанын білемісің?... Олармен салыстырғанда сен кім?... Оңшы, жерлік ұлтшыл аталып қалған сендер қазір ең алдыңғы күрес объектісіңдер!

– Мен енді оңшы емеспін, деломды көрген кадр маған мұны қайталап айтпайды. Ал, азаттықтың алғашқы кезеңінде партия қатарына тартылып, лауазымға ие болғандардың көбі алдамшылықпен кіріп алған орайшылдар болатын. Қазіргі көріліп жатқан қиянат, ұрлық, сырапшылдық солардың қылмыстары екендігінде сөз жоқ. Социалистік тәрбиенің бұл қызметі де мені қуантатын игілікті қызмет!...

– Сендер, шіріген жұмыртқасыңдар!... Қазір ауыздан не шықса да баспен жауап беретін уақыт, біліп қой!

– Білемін, мен де өзіме сеніп сөйлеп тұрмын. Ақиқи социализмге мен ешқашан шіріген жұмыртқа бола алмаймын! Қате сөйлесем басым міне, дап-дайын тұр! Тезірек қайтып, социалистік тәрбиеге қатынасуы ма, барлық мәселені ашып тастауыма рұқсат етіңіздер!

– Қоғамда соғыс дайындығының жүріліп жатқанын түсінемісің?... Соғыс дегенің сөйлесу-дауласу емес екендігін түсінемісің?

– Мұндай істеріңіз болса да түсіндіру міндеттеріңіз бар. Мұндай соғысқа менің титтей де іліктестігім жоқ. Сондықтан дауласатын хақым бар!... Қазір мен қалпақтан, жаладан құтылған соң лаугайға қосылған себебімді тіпті де түсінбеймін. Бұл Жұңхуа халық республикасының заңында жоқ!

– Сенің бұл ахуалыңды шындығында біз де түсінбейміз,– деп кексе кадр қайта жұмсара қалды. – Сұрастырып жатырмыз. Бірақ, жоғарыдан қайтару бұйрығы келмей жатыр. Қазірше тып-тыныш қана істеп тұр!– деді де, түсінік беру орнына қолындағы газетті беріп қайтарды.

Бұл газетте социалистік тәрбие қызметінің жоғарыда айтылған міндеттерінен сырт мен естімеген қызметтерден «жер асты үңгірлерін терең қазу», «су қоймаларын жасау», «үшті көтере беру» дейтін сөздер ғана бар екен. Сырластар ара сыбырласып талқылай келе «жер асты үңгірлерін терең қазу» дегені, соғыс дайындығы, яғни, өздерінің тығылатын үңгірлері екендігін айқын түсіндік. «Су қоймаларын жасау» дегені – жерді көтереге беру, өндіріс құрал-жабдықтарын көтереге беру, мал мен жайылымды көтереге беру деп, қоғамнан жаңа келген бір лаугай ұқтырса да мұның кімнен, қалай шыққанын түсіне алмадық. Өйткені, бұл көтереге берулер «үш қызыл туды», оның ішінде әсіресе халық коммунасы мен зор секіріп ілгерлеуді керексіз ететін, қарама-қарсы шара. Өндірісті қалпына келтіріп, апаттардан құтылуға тиімді шара болғанымен мұны Маузыдұң қабылдар ма!... Ішкерілеп талқылауды да тоқтата салдық сөйтіп. «Үш қызыл туға» шек келтіру, бұл шақта мұсылмандардың құранға-иманға шек келтірсе, кәпір қауымында кетеді дейтіндей ең қорқынышты кері төңкеріске жататын сөзге айналған. Бұл көтереге берулер, қалай да қазіргі «оңшыл оппортонизмші» аталатын саналы коммунистердің ісі деп ішімізде ғана сақтадық. Бұлардың орталық комитетте жасырынып қалып, саясат белгілеуге қатынасып отырғандары әлі де недәуір санға ие сияқты. Мұнымен социалистік тәрбие қызметінің де баянсыз-тиянақсыз тоқтап қалып, тағы бір аласапыран ауыр тергеуге қалдыратындығын мөлшерлегендейміз. Өйтетіні, бұл науқан қызметтерінің арасындағы өзара қайшылық ашық көрініп тұр. Орталық комитеттегі әскери зорлық күш пен саналы саяси күш иық тіресе қалғандай. Мұндайда өз бөгетіне мүйіз шайқамай қара күші қояр ма!... Осы көтереге берулер арқылы коммуналардағы тажал тайқазандарын шақырып қояр ма екен?

Осындай қайшылықтарды ойлап жатып, көзім таңға жақын әрең ілініп еді. Бір жағымда қатар жатқан Ысқақ атты қызай шал «астағыпралласын» күңірене шұбыртып көтеріліп оятып жіберді.

– Ұйықтаңыз Ысқа, әлі ерте!– дедім. Сырттағы күшті шырақ жарығынан ұзын қызғылт сақалы мен көзін жауып тұратын ерекше мол қасының дірілдеп тұрғанына көзім түсті. Үңіле қарадым. – Не болды, түсіңізден шошыдыңыз ба?

– Оятып қойдым ба Биғаш, ұйықта, ұйықта, кейін естірсің, ұйықтап ал! – Қамқор қарт, ашылып қалған көрпемді түзеп жауып, қымтай сала түрегелді де сыртқа шығып кетті. Мен қайта ұйықтап қалыппын. Даладағы жуан тораңғыға асылған жартыкеш қазан ломмен ұрылғанда ыршып тұрдым. Тұру қоңырауы еді бұл. Ұйқыдан тұруу мен еңбекке шығудың арасында белгіленген мүддет жоқ еді. Киімімді апыл-құпыл кие сала сыртқа шықтым. Күз соңының елең-алаңдағы суығы бет қариды. Екеуіміз сүйрейтін қол арбаны Ысқақ шал жыңғыл қоршау қақпасының алдына апарып, әтірет түгендеуіне тізіле қалған екен. Артына барып тұра қалып жоқтамадан өттім де арбаны мен алып сүйредім.

Қалың жыңғыл қоршаудың төрт бұрышының сыртындағы төрт мұнара үстінде құрулы төрт пулемот астынан шыққан соң ғана сөйлесе алатынбыз. Ұзыннан ұзақ тізбекті айдайтын әскерлер, сыртқа шыққан соң бізден алыстап, оқшау жүретін. Ысқақ шал бүгінгі шошытқан түсін сонда ғана сөйледі.

– Ауылдары жайлауға шыққан шақ екен. Осы майданнан қайтыпты. Өзіне таныс асулардан не түрлі машақат қиыншылықпен жаяу асып, ауылы енді көрінгенде бір түрлі түтек қараңғылық төңірегін қоршай қалыпты. Байқаса бұлт емес, түн түнегі де емес, қап-қара қою шаң үйріліп көтеріліп, күн жүзін қаптай бастапты. «Япырай, біздің тауларда мұндай тозатын топырақ жоқ еді ғой, қайдан келе қалды?» дегенінше қара құйын киіз үйлерін жұлмалап көтере жөнеліпті. Кенже қызы ұшып бара жатқан үйден шыға жүгіріп, әкесінің ерттеулі атына міне шауыпты өзіне қарай. «Әке, әке, бұқ-бұқ! Жата тұр сол жерде, мынау тажал құйын!» дей сала ғайып болыпты. Сұрапыл қара құйын қызын ғана емес, бүкіл жайлауды жұтып ала қойғандай, дүлей қараңғылығымен ешнәрсе көрсетпей тастапты. Ысқақтың өзі де тұншығып, бір шұқанаққа етпеттей құлаған екен. «Біз құйын емес, мәңгі соғатын дауылмыз!», «біз, бұрынды-соңды көрілмеген киелі дауылмыз!» десіп сақ-сақ күліп, тұс-тұсынан үйрілген құйын құтыра жұлмалапты. «Құрыдық, құрыдық!... Қырылдық!» десіп шу көтеріпті төңірек. Сол шуыл ішінен бала-шағасының аянышты дауысы анық естілгенде ыршып түрегелген Ысқақ қайта құлапты!...

Осы түсті екінші рет көріп, тағы да шошып оянған соң қайтадан ұйықтай алмапты. Сөйлеп болып, жалтақ-жалтақ қарай берді маған. Жору сұрағандай. Оқымаса да сезімі аса сергек шалдың көп адамға бітпейтін өскелең қасы мен ұзын сақалы түсінде көрген сол құйыннан әлі де ұйтқып келе жатқандай туталақай, арық сарғыш жүзі сұрланып алған.

Адам біткенге мейірімді, қолында барымен қормалдық істеп, өзі аш қалса да басқаны құтқарғысы келіп тұратын осы аяулы қартқа мен де аянышпен қарай бердім. Мына қорқынышты түсінен қобалжытпай, сендіріп, сезімін әлдилейтіндей жақсы жору тапқым келеді. Өз тәжірибесі бойынша жорысам, сирек көрінетін сұмдық түс екендігі анық. Тынштандырарлық пәтуә таба алмай көп ойланып қалдым.

Зор су қоймасын жасауға екі аптадан бері алыстан сорсыз топырақ тасып, қас жасап жатқанбыз. Арбамызға басқалармен таласа-тартыса топырақ бастық. Төпелеп ұрып төбедей үйме етіп баспасақ, айдаушымыз жүргізбейді. Тізіліп жүретін көп арбаны тоқтатып қойып пәлеге қамау үшін тілегенінше тиедік те, екеуіміз қосарлана жегіліп, сүйрей жөнелдік. Менен әлі де жауап шықпаған соң қосарымдағы қарт тіпті жүдеді. Салалы қасы көзін мүлде жауып алыпты. Мені ойлату үшін мықшия сүйреп, арбадағы зілді маған түсірмеуге тырысып келеді. Мойнындағы арқаннан тамырлары адырайып, атылып шығуға айналғандай. Дәл қазір бала-шағасының амандығы жөнінен дәтке қуат жауап табу үшін осы зәл арбаны сүйреуден мойны үзіліп кетсе де дайын сияқты. Жаным ашып барады. Бұл қиналыстан қартты қазіргі ғылымның түс көру жөніндегі шешімі бойынша азат ете тұрғым келді.

– Өрге шығарда болмаса, сіз күшемеңіз, Ысқа!... Бұл көрген түсіңізде шошынарлық түс емес екен, жоруын таптым!– дегенімде жадырап, үміттене қарады маған. Арбаны өрден-өрге ұзақ сүйреп әкеліп, кешегі үйілген топырақтың үстіне шығарып төңкердік. Көзімізге құйылған ащы терді сүртіп, бос арбаны қайта сүйрей жөнелгенде ғана сөзге келдім. Сұрау қойдым қартқа.

– Кешегі газетті оқып талқылағанымызда не түсінік алып едіңіз?

– Апаттар «енді тіпті ерегесіп, қан жаудырар ма екен» дегендерің маған қайғы түсіріп еді. Ұйықтауға жатқанымда сол қайғы қайта шырмап, аунақшып жатып әрең ұйықтағанмын.

– Міне сол қайғыңыз, ұйықтағаныңызда түс болып көрінген! Түс, өңіңізде ойлағаныңызды тіпті өсіріп бейнелеп көрсетеді. Мұндай сандырақ түсті өз тәжірибеңізден де көп көрген шығарсыз?

– Мұның рас. Бірақ, анық түс пен танық түстің парқын да білуші едім. Осындай анық көрген түсім жазбай келуші еді. Түскер болатынмын. Мына сұмдық екі ретінде де анық көрініп, өзімді алжастырып жібере жаздады: бала-шағам бір жақта, өзім бір жақта тозып, мәңгі көрісе алмай жоғаларма екенбіз деп шошып қалдым, Биғаш!... Тоса тұр! Осы түсімде сол сұмдықтың дәлелі де көрінгендей болды. «Біз құйын емес үзілмей, мәңгі соғатын дауылмыз, киелі дауылмыз» деді ғой құйынның өзі!...

– Біздің кешегі газеттен хауіптенген құйынымыз, бір ауыл емес, бір аймақ емес, бүкіл қоғамға келетін хауіп еді ғой. Сіз сонда өз ауылыңыз жөнінде көбірек хауіптенгенсіз де, түсіңізде бар пәлені өз ауылыңыздың үстінен ғана көргенсіз. Кең төскейдегі айранын ұрттап, қойын құрттап жатқан момын аулыңызда бұл құйынның жеке ойрандайтын ештеңесі жоқ. Ал, сіз өңіңізде көріп жүрген науқандардың «дауылмыз, үздіксіз төңкеріс жүргіземіз, бізді тоқататын ешқандай күш жоқ, киелі дауылмыз» демей келгені бар ма еді. Маузыдұң: «социализм дәуірінде үздіксіз төңкеріс жүргізіледі» дегеннен бері лекциялардың барлығы осылай емес пе!... Құйынбыз, алатынымызды қазір ғана алып өте шығамыз деп келген бірі бар ма!... Сана-сезіміңізге солай «үздіксіз» болып сіңген қаранауқандар, қиялыңызды хауіп жеңген күні түсіңізге шетсіз-шексіз қара құйын көрінбес пе!... Ал енді өз тәжірибеңіз бойынша «айқын түс» ретінде жорығанда да бұл оншалықты жаман түс емес. Сол құйынның сізді өз жайлауыңыздағы шұңқырдан жұлып әкете алмағанына қуаныңыз! Түсте көрінген өзіңіз, өз үйіңіз болады. Балаңыздың «әке-әке, бұқ-бұқ» дегені, аулыңыздың да бұққан күйі аман қалатындығын хабарлағаны. Бұл түстен ерекше хауіптенетін дәлеліңіз жоқ!

Аз уақыт ойлана қалған Ысқақ серпіле күлді.

– Әй енді сендірдің-ау Биғаш! Көкейіме осы екінші рет айтқан түсінігіңнің бәрі қонды, көп жаса!... Жынды деген жынды, құйын деген – құйын ғой баяғы, пәтуә барма, бәрінде де мәңгілікпіз деп төніп келе мәңгіріп қалып жатпай ма!– дегенінде борбаста сүйреп жүрген зілдей арбамыз жеңілдей сала берді.

Айланасы отыз шақырым келетін осы су қоймасының жұмысында әлсіреп барып арбаға жаншылып, талай адам өлді. Жаңа жыл басталған шақта менің жіліктерім 62-ші жылдағыдай қайта шидиіп, сіңірлерім ғана қалып еді. Құйрығым қайта үңірейіп, шошыта бастады. Енді қайта ісітіп, өзім сүйреген арбаға өзімді жаныштырмақ қой!..

Қасымдағы қартым талтаңдап арбаға ілесе алмай қалды. Ана жылғы өзімше ісіп, умасы пұтына симай бара жатқанын мөлшерлесем де намыскер қарт айтпайды. Кадрларға мен бірнеше мәлімдеп дохтырға жіберте алмай қойдым. Ал, бала-шағасынан анда-санда келетін майын көп көтеремге қалақтап тасып, лезде тауысатын өзі де бір «жомарт» шал болды.

Лаугайлар арасындағы қалпақсыздармен кесімді мүддеті біткендердің талабы күшейгендіктен жаңа жылдың январы соңында «түрмеден шығу әтіреті» дейтін бір әтірет құрыла қалды да мен соған алдымен баратын болып тізімделдім. Ауру Ысқақ қартқа бір жеңілдік әпере кеткім келді. Қолтықтап-сүйемелдеп апарып әтірет штабына кіргіздім.

– Баугау дүйжаң!... мына қартың енді екі жылдық мүддеті бар, үш жылын әрең өтеді. Егер ауруханаға қабылданбаса екі айлық өмірі де қалмады. Советке қашады деген күмәнмен ғана нахақ қолға алыныпты. Жан біткенге жан ашып алданғанынан басқа жазығы жоқ момын шал еді! –дегенімде көзімнен жас ыршыды. Бұл әтіретте қазір біраз абырой өндіре бастаған кезімдегі мына жыласыма кадрлар үңірейе қарады. – Ысқақ, «ауруын жасырғанды өлім әшкере қылады» деген. Мына кісілерге көрсетіңіз!

– Ұйбай-ау мынау не дейді?– деп Ысқақ қарт талтаңдай жөнелді есікке қарай. – «Ұят бар жерде иман бар» ғой!...

Ұстай алып дауалға қараттым да екі қолын қоса құшақтап, бір қолыммен штан бауын шештім.

Ұжмаққа жеткізетін иман умаңыз да болса да көрсет!... Қане, зыдауян, дүйжаң, көрмей сенбейсіздер, көріңіздерші мынасын!

Сөз ұғатын ұлттық кадрлар күліп жіберді де бір-бірден келіп қарады. Төрде бажырая қарап отырған зыдауянға ым қақты, көріп қайтқан біреуі. Ол келіп үңіле қарады да шәугімдей болған уманы закүн таяғымен астынан көтере қарап қайтты.

– Тездетіп емдетпесе бұл ісік жүрекке енді екі-ақ күнде жетеді де өлтіреді!– деп зыдауянға ханзуша сөйлеп ұқтырдым.

Зыдауян екеумізді суық қана ымдап қайтарды. Күбірлесіп сөйлесе бастағанын ести шығып едім. Түскі демалыстан жұмысқа шығар шағымызда.

– Ысқақ Абдолла!– деп шақырды бір ұйғыр кадр. – Киініп, таза көрпеңді ала кел!

Ауруханаға жатқызуға апаратындығын біліп, қолтықтап апардым алдына. Қолында әтірет таңбасы басылып, зыдауян қолы қойылған ханзуша қатынас қағазы тұр екен. Отыншының арбасы жетіп келіп, қартты арбаға жайлап отырғызды да жылжи жөнелді.

– Бұл қайғымнан да құтқаратын болдың Биғаш, бата-тілегім сенің соңыңда болар!... Басқа әтіретке ауысып кетсең, аман бол!– деп өксіп қалды қарт.

– Сонда да көрісіп тұрамыз, қашан жазылғанша қамсыз жатыңыз, үйіңізден хат келсе, жеткізіп беріп тұра алатын біреуіне тапсырып кетемін!...

Содан екі күн өткенде түрмеден шығу әтіретіне сол арбамен көшіп мен де кеттім.

Түрмеден шығу әтіреті де Қарашаһардағы саяси мектепше «қуаңшылық апаты» мен «шужыңжуидің қылмыстарын» оқытты. Бұл курстың мүддеті де үш ай екен. Лаугай әтіретіндегіше күндіз тыным таптырмай, тіпті жауынды күндерде де тың жер ашқызып, ыңғай түнде «оқытты». Әйтеуір еңбек майданында лаугайдағыдай автоматпен айдап жүрмей, еңбекпен өзгергендігімізді сынау сылтауымен істетеді екен. «Жақсы істесек, үйлерімізге қайтарар» деген үміттің мылтықтан артығырақ қузайтындығын білетін қу әтірет болып шықты.

Үш ай бітісімен қайғы бұлты қайта торлады басымызды: «жоғары жақтан жаза майдандарына жаңа бұйрық түсті»– деп жариялай қойды жаңа сұмдығын. – «Кесім мүддеті біткен қыылмыстылардың ешқандайы үйлеріне қайтарылмайды. Өздерін өзгерткен майдандарына «кәсіпке орналасушы» болып істеп тұрсын, толық өзгермегендерінің қалпағы алынбайды. Ал, лаугайлықтан шыққандықтары айқын түсіндіріліп, шынсың[95] әтіреті болып құрылсын!...»– деген жарлық екен.

Сөйтіп, «түрмеден шығару әтіреті» лаугай әтіреттерінің зыдауяндарын шақырды да тізім бойынша бөліп-бөліп, алдыларына қайта салып жөнелтті.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 314; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.035 сек.