Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 47 страница




– Баспалдақ бар, домалап кетпе, үшінші тармағына кір!– дей сала құшақтап, қонақ, үй иесі айтқан үшінші бұрмасына кірді. Расында да жау қорқарлықтай үңірейген көп ұялы үңгір екен. Түп жақтағы бір далдасына төсеніш салыныпты. Сенімді жай тапқан қонақ біраздан соң ұйқыға кетті.

Үңгір қақпағының тақылдағанына оянып, сағатына қараған қонақ, уақыт күндізгі онға кеткенін бір–ақ көрді. Тамағын кенеп дыбыс бергенінен Ақия келгенін біліп, қайта құлады орнына. Ақия сипалап келіп тауып, кеудесіне құлай кетті. Аймаласа түсті де бойын тез тартты.

– Мұнан соң нысаптырақ болуды ұмытпайықшы!... Мақпал келгенше сені жап-жас жігітке айналдырсам!...

– Мына үңгірді кім жасаған? – Қонақ құшағына қайта тарта сұрады.

– Халық алдында қылмыс көп жендеттер бірлесіп жасаған!– деп күрсінді Ақия. – Мына жалақорлардағы кегін бізден алады деп қорқып әйелдері тіпті қатты істеді!

– Түнде мен мұнда түсіп алған соң не болды?.. Жасақтар келіп тінтті ме?

– Тінткенде де қандай, бірақ, бұл үңгірді олар білмейді. Анау қортықты тағы да тепкілеп кетті. «Сен осылай құсып-тышып жатып төңкеріс істемекпісің», «штапқа неге бармай қойдың», «екіншімен байланысыңды айт» десіп тепкіледі де, жауап бере алмайтын халін білген соң маған тиісті: «бұған неге арақ бересің, буржуазияша шіріктестіріпсің» деп зекіді. Мен оларға итімнің үстінен шағым айттым. «Бұл маған феодалдық үкім жүргізеді, арақ бермесем ұрады!» деп шағындым. Енді арақ бермеуімді, ұрса штапқа барып мәлімдеуімді тапсырды. Құлжанға таңертең ерте баталион штабына барып жауап беруін, екі құлағын жұлып тұрып ұқтырды. Қасына таңертең кірсем, саңырау болып қалғандығын айтып жылады! – Ақия қуанышын жасырмай сақылдап күліп айтты бұл хабарды. – Саңырау ғана емес мүлде керең болғанын, сөзімді айқайлап ұқтыра алмағанымнан біліп қуандым. Сүйрелеп тұрғызып, суық шай бердім де таяғын ұстатып әрең шығардым қақпадан. «Сен ертіп апар» дейді ха–ха–ха–һа...а... Осында шешіне ғой,– деді сонсоң Ақия. – Жаңа киім дайындап қойдым, кілетке шығып жуынып ауыстырайық!

Қонағын толық шешіндіріп, жаңа көйлек-штанмен ғана шығарды клетке отты мол жағып, су жылытып қойған екен. Үлкен легенге жалаңаштап түсіріп жуындырды да, сонсоң өзі жалаңаштанып жуынды. Қонақ та білегін үй иесінше сыбанып, өзінше сабындап, ысқылап жуындырды. Екеуінің бар әрекеті ләззәтті күлкіге айналды. Ақия көзінен қуаныш жасын парлатып жіберіп күлді де, қонақ күрсіне күледі...

– Саған қазірше мынадай ықшам киім лайық!– деп мақталы сары бешпет-сым кигізді Ақия. – Бүгін-ертең ешқайда шықпайсың. «Бірінші–үшінші жасақ» қуылғанша шықпағаның жақсы!... Олар қазір осы маңды түгел қоршап алды. Ұйғыр мен қазақ көрсе қатты тексереді. «Екінші жасақтың» негізгі көпшілігі институтта қорғанып соғысып жатыр екен. Оларда құрал тапқан сияқты. Басқа райондардағы көмек күштерін келтіріп, мыналарды қала ішіне қайта қуып тастай алса, солардың құпия белгісімен де сақал, балдағыңмен де шығып тұруыңа болады.

– Оғанға дейін Мақпалдарды іздемейміз бе?

– Оларды мен іздеп-сұрастырамын, бейғам жата бер!– деді де қонағының мойнына асылып маңдайынан сүйді. Оның түндегідей ырқына көне қоймады бірақ. – Мен қазір сенен де бетер, күліп жіберді. – тіріліп кеттім. Сөйтсе де уақытқа бағынайық! Мұнан соң сенің арнаулы доқтырыңмын, біліп қой!

– Олай болса, мақұл!... Ал, сен оларды қалай іздейсің, кімнен сұрастырасың?

– Қазір құлағы ұзін жесір қатындар көп, айдалып кеткен «оңшыл-ұлтшылдардың», жақында қолға алынған «құқық иелері» мен «кері төңкерісшілердің» әйелдері. Бұлар бұрын менен тыңшы деп қорқатын. Менің жайымды жақыннан бері бір-бірінен естіп, түсініп қалғанын білдім. Құлжанға орнатқан «бақытымнан» түсінген сияқты. Бүгіннен бастап соларды шайға шақырамын. Бәрі арақ ішетін болған. Олардың жоғарырақ білімділері қазір Ұланбайға бақылау астында алынып, шошқа, сиыр бағып жатыр. Оларға да өздері аңсайтын бір нәрселер апарып, көңілдерін сұрап қайтамын. Нұрияшың мен Күләшіңнің қайда екендігін солардың бірі болмаса бірі білмей ме!... Дұрыс па бұл әдісім?

– Осы ақылың үшін, әкелші бір сүйіп алайын!

– Міне жерімнен ғана! – Ақия маңдайын еркелей нұсқады. Қонағы құшақтап тартып алды да миығына сап ете түсті. – Әне, әне!... Сенің ернің... асқан бұзық екен!– дей сала «доқтырдың» өзі де жабыса кетті. Естен тана жабысты...

Таңертеңгі тамақ екеуінің естіне сонан соң түсті.

Ақия екі шыны шайды асыға ішіп түрегелді. Жер асты үңгіріне түннен қалған еті мен коньякты, радио қабылдағыш пен көрпе-жастығын, тіпті дастарқан мен термосын да тасыды.

– Ал, сен сонда барып асықпай іш! Шам жағып қойдым, сырттан басқа дыбыс естілсе өшіре сал! Қақпаны сыртынан құлыптап кетемін. Әлгі маскүнемнің бара салып қамалатыны белгілі!

– Тоқтай тұр, жоғымызды табуға ақша да ес қатып қалар, шіріктескен шақ қой, қанша пара болса да тартынба! – Қонақ жаңа киім қалталарын сипап қойып, үңгірге қарап ұмтылып еді, Ақия ұстай алды.

– Ақша ма?... Өзіңде тұрсын, кейін керек!... Үрімжі базарында қазір еш нәрсе жоқ. Сақтық үшін бәрін де бұрын алып қойғанмын!... Ал түс, үйренген зынданыңа! Мен тез қайтып кеп, дастарқан дайындаймын!

– Гүлниса дейтін әнші қызды білесің ғой, табылса соған мені жасырмай айт, келіп көрісуінен қауіптенбе!

– Ол қолға алынған, қазір ең қиын түрмеде... Оның оқиғасын кейін айтайын!

Қонақ, Гүлниса жөніндегі мына хабардан ауыр күрсініп түсті үңгірге. Ыңғай жаңа төсеніші салынған орнына келіп құлай кетті де, радио қабылдағышты айландырды. Белгісіз бір станциядан түндегі оқиғаның хабары беріліп жатыр екен. Бір жуан дауысты ұйғыр үкіметке ашық қарсы, ауыр наразылық жариялады.

«Төңкеріс шебіндегі екі көзқарасты бірлікке келтіріп тыныштандырудың орнына бір жағына әскери құрал беріп, екінші жағын қырғындатты. Өздері жариялаған «қалам күресінің» орнына «әлем күресін» жүргізіп, ішкі соғысқа от тұтатты. Сөйтіп бұл ретте де қанды қырғынды бастаған үкіметтің өзі! Екінші көзқарастағы жастар да құралдануға мәжбүр болды. Қырылған, жараланған төңкерісші саптастарының адал қанына қан, жанына жан алуға аттанды. Жолдастар, достар, жалпы аттанысқа келіңдер, соғысқа соғыспен жауап бермей, бұл қырғын тоқтамайды. Құтқарыңдар бауырластарыңды!»... «Өздеріңізге мәлім, біз бұларға ешқашан қорыққандығымыздан бағынған емеспіз, коммунистік партияның құрметіне бас игенбіз. Бұл диктаторлардың коммунистік көзқарастан айнып, азғындағаны бүгін ғана емес, саптастар жағынан әлденеше рет ескерту айтылған. Коммунизм әрекетін Маулармен Уаңдарды сыннан қорғау деп қана танитын көзқарасты ұрыңдар тұмсыққа! Бұл маркстік–лениндік көзқарас емес! Сыннан қашатын «коммунизмші», «коммунизмші емес!...», «біз өз отанымызда ақиқи социализм мен коммунизмді ғана қарсы аламыз! Жоғалсын жаңа заман феодалдары!...»

Осындай жалынды сөздер радиодан сөйленіп жатқанда үңгірдегі жасырын қонақ мыти берді көкірегін, аунақши берді. Арақ та жұтты, ыстық шай жұтып жіберіп, өңешін де күйгізді. Бір шақта бұл радио өше қалды да, соның дәл қасындағы тошкыден үкіметтің әшкере радиосы ұрандата жөнелді: «теңдессіз көсеміміз Маузыдұң жасасын! Құқық ақиқи Маузыдұңшыларға ғана тән!... Үкіметсіздікке соққы берелік! Барлық кері төңкерісшілерді, барлық кертартпа күштерді, тап жауларын жоялық!» деген ұрандары естіген қонақтың бет-аузы бырыса қалды. Радио қабылдағышты өшіргенше, «шужыңжуйшылар» мен «оңшыл оппортонизмді» де сыбап үлгерді легалды радио.

Қонақ, үңгірдің қақпағы ашылып, Ақияның үні естілісімен ұмтылды жер бетіне. «Бүгінге екі жесірді ғана шақыра алдым. Соғыс қызып барады!»– деп Ақия құшақтай алды. – «Тыңда, тыңда!» деді сонсоң. Екі жақтың электрлі кернайлармен иянаттасып, айтысып, бейберекет шуласып жатқаны естілді.

Ақия клеттің терезе портошкасын ашып қойып, естіп келген хабарын қысқаша сөйледі қонағына.

«Қызыл екінші жасақтың» көрші аудандардағы әтіреттері келіп жатыр екен. Тіпті таудағы қазақтардың атты әтіреттері де келіп қала сыртына орналасыпты. Толық құралып, «қызыл 1, 3» бүгін түннен қалдырмай қуып салудың дайындығында екен. Мына кернайларын сол дайындықтары үшін ғана айқайлатып айтыстырып қойыпты.

– Сондықтан қазірше ешқай жақ халықты тінте алмайды. Сен осы жерден тыңдап тұр, менің жұмысым бар! – Ақия клетті сырттан құлыптап тастап үйіне жүгірді.

«Құрал тастап, қол көтеріп шығыңдар!», «құтылар жолдарың қалмады, берілмесеңдер түгел қырыласыңдар!»– деп айқайлады «бірінші, үшінші» бұл жақтан.

– Қоршауда қалған біз емес, сендерсіңдер, «тарихтың жаратушысы халық»[104] болса, қанішер бұзақыларды жоюшы да халық болмақ!»– деп институт жақтан «екінші» айқайлады.

– «Кім де кім төңкерісші халық жағында тұрса сол төңкерісші, кім империялизм, феодализм, бирократ капитализм жағында тұрса ол кері төңкерісші»[105], жеңімпаз Маузыдұң идеясына қарсы тұрып, арба дөңгелегіне жабысқан тәуетше жаншылмаңдар!

– Осы нұсқауды өздерің оқыңдар жалдан ба иттер! Феодал бирократ құқықтылардың айтағымен арсылдағанша өтіңдер халық жаққа!

– Ей жын-шайтандар, халықтың кім екендігін әліге дейін түсінбейсіңдер ме!

– «Халық» дегендерің – өзін халық деп атап, халықтың құқығын тартып алған бирократ феодалдар ма! Ей соқырлар, халық оның бүтіндей қарсы жағында, міне біз жақта тұр!

«Қызыл екіншінің» осы жауабына «қызыл бірінші мен үшінші» оқтан басқа қару таба алмай қалғандай, автоматтан оқ жаудырды. Кішкене қақпа да автоматша тақылдағанда Ақия жүгіріп шықты үйінен. Кілет терезесіндегі қонағына басылып отыр дегенді қолымен ымдай жөнелді. Үйінің көше жақ терезесінен әйелдердің сасқалақ дауыстарын естіген екен, шақырдым деген «екі жесірі» қақпа ашылысымен сып-сып ете түсті. «Жаңа дәстүрмен дауыстап «сәлем бере» кірді үйге.

– «Халық үшін істелік!»[106]

– «Белді бекем буып, құрбан болудан қорықпай, үздіксіз жеңіске жете берейік!»[107]

– «Бірінші қиыншылықтан қорықпайық, екінші өлімнен қорықпайық!»[108]– деп үй иесі «сәлем алды».

Өздерінің сәлемдескен болмыстарына үйге кіре сала сақылдап күлісті өздері.

 

Данышпан тергеушім, сіздің «халық» атты ойыншығыңыздың сыры, ертегідегі «ұр тоқбақтан» да қиындап кетті. Мына шулап жүрген пенделеріңізде жарылмаған бас, шықпаған көз қалмай барады. Өзіңіз қамқорлық етіп, жалғыз құйрықты айқын түсінік бермесеңіз менің басым быт-шыт болғаны ғой. Олай болғанда жаныңызға жағарлық қылмыс тауып бере алуым мүмкінбе!...

Баяғыда бір мәнсапты халыққа тән барлық құқықты құрал күші арқылы шатына жиып алған екен. Сол мықты, «халықтың ең құқықты қожасы – мен, сондықтан мені мен менің сойыл соғарларым ғана халық» депті. Ал, сізше?... «Халық» деген сондай сойылдылар ғана ма, иә осы елді өз сәнімен құрап, күшімен асырап отырған көпшілік еңбекшілер жұртшылығы ма? Егер сол мәнсаптының үкімі дұрыс болса, «халық жауы» деген кім болмақ?

Әділетті айтқысы келетін төрешінің осы жөніндегі қылмысты айырудан басқа пәлендей қажеттілігі жоқ болса керек қой!

 

 

ІІІ

 

Институт жақтан кеш түсе мылтық атысы жиылей түсті. Соғыстың қайта күшеюінің дерегі еді бұл. Әйел қонақтар шыға жөнелді. Бірге шығып есігін құлыптаған Ақия үйіне қайтып келіп кіргенде институттың тұс-тұсынан көп қолдың қарама-қарсы атысы басталды. Атаканың ұранымен бірге звес гранаттар да жарылды. «Бірінші мен үшінші» шабуылға өтті!» деп Ақия келді клетке. Іле-шала бүкіл қала көтерілгендей, алыс-жақын, батыс-шығыс, түстік-терістік түгел атака шуын көтерді. Маңайдағы көшелер тасыр-тұсыр жүгіріс, ат шабысы, айқай-ұранға толды. «Сырттан қоршаған әтіреттер шабуылға өтті!» деп Ақияның күлімсіреген шырайы пулемотпен автомат тақылдағанда өше қалды. Мені құшақтай алып ышқынды. «Екіншінің» сырттан келген көмегіне «бірінші мен үшіншінің» ашқан қырғын оты екендігі белгілі еді. Оқ тигендердің жан дауыстары шыққанда атака үдеп, араласа кеткендей болды. Тасыр-тұсыр, сарт-сұрт сойыл-шоқпарлардың, кіжінген боқтықтардың үні күшейіп, жақындай берді құлағымызға. «Қуып келеді «екінші» жеңді, жеңді!» деді Ақия. – «Міне, осы көшеге де келіп қалды. Үңгірге түспей тұра тұр, өтіп кетер!»

– Әлем күрес тоқтатылсын!– деп дәл осы шақта күшті микрафон саңқылдай жөнелді. – «Жазалаушы армия шықпай тұрғанда» екі жақтың да құрал тапсыруын, қалам күресінен басқа күреске жол қойылмайтындығын қайталап-қайталап жариялады. Оған қарсы «екіншінің» электрлі кернайы айқайлады көшеден.

– Қалам күрес естеріңе енді түсті ме! Біздің төңкерісшілердің қанын төккен құралдар кімдікі?... Жолдастар, достар, тыңдамаңдар оны! Шабуылқор құралды жаудан кегіміз қайтқанша тоқтамаймыз! Қуыңдар, соғыңдар!... Шапқан қасқырды соқпасақ, қасқыр қайта шабады, шағыңдар қол-аяқтарын!...

Осы көшеге «екіншінің» звес бөтелкесінен үшеуі түсіп жарылды да уралап қуғандар тасырлатып өте шықты. Ендігі бір сәтте соғыстың бізден алыстаңқырап құлдап кеткенін ұқтық.

– Бұл көшеде үрейлі қараңғылықтан басқа ештеңе қалмағандай еді. Тамаққа енді отырғанымызда ыңырсыған үн естіліп, қақпа әлсіз ғана қағылды.

– Соғыста ауыр жараланған біреу шығар!– дедім мен. Ыңырсыған үн тағы естіліп, қақпа тағы да әлсіз қағылды. Ақияның көзі жалтақтай түсті.

– Қай жақтың адамы екендігі белгісіз, есік ашпайық, мұнда келіп өліп қалса, жаласы бізде қалады!

– Сонда да кім екенін байқамаймыз ба?

– Қорқамын!– деп жымиды Ақия.

– Олай болса мен біліп келейін!

– Болмайды, сен шықпа, дауалға шығып қарап отырған біреу болса, көріп қояды! – Ақия шығып клетті құлыптады да, өз үйіне барып кірді. Мен шырақты өшіріп, клет терезесінің пердесі мен портшканы аштым.

Қақпа алдында жатқан адамның сыртынан біреу келіп, тергей бастағаны естілді.

– Мен, мен.. Құлжан! – Ыңырсыған дауыс жауап берді. – Мен... мен.. осы үйдің иесімін!

Тергеуші саңыраудың құлағын қос қолымен қоршап қатты айқайлап сұрады.

– Олай болса мұнда неғып жатырсың?... Мұнда неғып жатырсың деймін?

– Қатыным... қатыным есік ашпай...

– Жаңағы қашқан жаудың жорығына қатынасқансың ғой?... Хұңисанссінің[109] жорығына деймін!

– Маужуши де ағатай, Маужуши де!... Маужуши алдында қасам етейін, оған мен қатынаспаймын дегемін ғой, Маужуши!... Хұңисансі мені таңертең ерте айдап әкетіп, абақтыға қамаған. Содан бері тіпті кешеден бері... Тіпті алдыңғы күннен бері аш едім! Өзімнің... әй өзіміздің Зұңарсы[110] азат етті ғой!..

– Қайдағы сенің хұңарсың? Үш күннен бері үйіңе келіп тамақ іше алмаған себебің де түсінікті емес пе!... Жүр біздің штапқа барасың, тексереміз!... Ей, біздің штапқа барып жауап бер деймін!

– Ағатай дедім ғой, ағатай, жүре алмаймын!... Аштан... аштан өлемін!

– Жүре алмасаң мұнда қалай келдің, хұңисансі неге міндетпен қалдырды, толық әшкерелетпей қоя бермейміз сені, жүр былжырамай!... Ақия! –деп айқайлады тергеуші, бұл үйдің жайын білетін жігіт тәрізді. – Ақия апай!

Ақия көше жақ терезесін ашып дауыстады.

– Ақия мұнда!

– Мына «кісіңізге» екі-үш күндік азық беріңіз, тексерілетін мәселесі бар, үйіне, кіргізбей әкетуге тура келді!

– Ақияш-ау, әкешім-ау мына кісіге менің жөнімді... қамалып шыққанымды айтшы, өлетін болдым ғой, алып қалшы, алып қалшы!...

Дауысы әрең шығып жалынып жатқан Құлжанға Ақия, қақпадан бірдеме шығарып беріп, құлыбын қайта салды. Айдаушы ысқырық тартты да ыңырсытып-шықынытып сүйрей жөнелгендей болды саңырауды.

Құлжан қайта сүйрелгенді қойып, қазір өлсе де өзінің тұрмысына титтей байланысы жоқ іспетті, Ақия клетке сықылықтап күле кірді. Маған тақала келіп отырды да, коньяктен бір-бір рюмка құйып қағыстырып ішкен соң күрсінді.

– Әлгі екі жесір Мақпал мен Күлән туралы ештеңе естімепті!– деді сонсоң. Іздеп-сұрастыра жүріп, бір дерек тапсақ, саған дереу жеткізелік деп қайтты. Тамақ жеші, бүгін жөндеп тамақтанбай қалдың!... Бұл әйелдер тосыннан сұрағанда білмей қалғанымен іздегенде жер астындағыны еститін сұмдар. Әрқайсысына осылай тапсыра берсек, таппай қоймайды!... Кел, бүгін мен де шаршадым, енді бір-бір рюмка алайық!..

– Сөйтіп, Гүлниса не бопты дедің?

– Ол, асқан жүректі қыз екен. Мықты жігіттерден жиырма шақтысымен бірлесіп, үлкен қызмет істепті. Көшеге үкіметке қарсы көптеген ұран, тіпті бірқанша жарнама шығарып, «оңшылдар» мен «ұлтшылдарды» ақтапты.

– Аттарын атап ақтап па?

– Бұл өзі үш жылға созылған қозғалыс болды. Алғашқы кезде әрқайсыңды жеке-жеке атап жазып, қылмыссыздықтарыңды дәлелдеп жүргенін естігенбіз. Кейін жалпыластырып ақтап, үкіметті жендеттерімен қосып сындай берді. Халықтың қашан болса да кек алмай қоймайтындығын айтып, дереу босатуларын үздіксіз талап етті. Тобында баспахана наборшиктерінен де бірнешесі бар екен. Жарнамаларын басып көбейтіп, қолдан-қолға өткізіп тарата беріпті. Сақшы орындары тыңшыларын қаптатып жүріп, жігіттерді 63–жылы жазда қолға түсірген. Гүлниса солардың байланып жатқан үстіне барып өзін әшкерелеп, бірге байланыпты да бәріне жауап үйретіп болыпты: «бар қылмысты маған жауып, сүйем-тием дегеніме алданған болып құтылыңдар! Сендерге қолданған жазаны маған қолдана алмайды» депті. Тергеу басталғаннан жігіттер де қыз да осы жауаптан танбай қойған екен. Жігіттер екі ай-үш айдан қалмай, түгел ақталып шығыпты. Ал, сол әрекеттегі бар қылмысты өз мойнына алған Гүлнисаға не үкім шығарғанын білмедім. Тірілігінен ешқандай дерек жоқ. – Ақия сөзін осылай доғарды.

– Әттегене!– деп қалдым, қатты түйіліп. Халықтың бірқанша азаматы үшін құрбандыққа жараған аяулы аруды қимай қиналдым. Жүрегіме бір кесек шоқ түсіп кеткендей сезілді. Жастыққа қисая кетіп дөңбекшідім. Дәл қазір оны ең адал ел батырынан неше жүз жігітке теңдестірмейтіндеймін. Қадір–қымбаты асып тұрған жас сұлудың сонау бір шақта бүкіл өмір қызығын, тіпті ар-намысын да маған арнайтындығын айтқанда, санасына көрсе қызарлықтың лап етпе жалыны қосылып кетті ме екен деп жорығаным бар еді. Адамсүйер күрескердің мұндай, еш қоспасыз алтын жүрегін толық бағалай алмаппын ғой!...

Таңырқай қарап қалған Ақия, қазір мұндай қатерлі іспен қолға алынғандардың, ашық-жасырын өлтірілушілердің де көбейіп кеткенін айтқанда басымды көтеріп алдым. Тағы құйды коньякті, үнсіз қағыстырып іштік.

– Гүлниса, егер өлсе де недәуір іс істеп, бірқанша азаматты құтқарып өлді. Көпшілік жүрегінде жасайтын ардақты қыз болып қалды ғой! –деп күрсінді Ақия аздан соң. – Ал, мен опасыз аталып, өз намысымнан ғана өлер шағымда сен келіп қалдың. Әйтпесе, арақкеш Құлжан мен Мақұлбектің арам бастарын мұжып өлуді ғана армандап жүргенмін!

– Осы сасыған екі жемтікпен құның төленер ме еді сонда?– дегенімде күліп жіберген Ақия алдыма құлай кетті.

– Мені сол екі жауыңды өлтіріп өлуіме де қимайды екенсің!..

– Солардың өлгенінен осылай ғана «тірі жүргені» жақсы емес пе!... Мұнан соң Құлжанның күтімін біраз жақсарт, шегіне жетіп қапты!

– Мақұл, арақ жағындағы күтімін толықтайын, хы–хы–хы–һы–һы–һы...

– Жоқ, тамақ жағынан толықта!

– Тамақ жемейтін өзі!

– Тамақ жемесе, арақ бермейтіндігіңді айтып шарт қоймаймысың!

– Жаным-ау енді осы жалақорыңа да жаның ашып отыр ма!... Иә мені, азабын тарта түссін дейсің бе? – Ақия мойныма асыла түсті.

– Жоқ, екеуі де емес!... не қалды енді бұларда, зиянын енді тигізе алмайтын болған соң тез өле салуына себеп болудың қажеті не!... Тіріліктеріндегі өз «еңбектерінің» жемісін жеп, көргісі келген қызықтарын көрсін де!




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 367; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.343 сек.