Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 52 страница




– Құлжан «жолдас», қане сөйлей отыршы!... Биғабіл «сұмырайды» жедік қой әйтеуір. Бала-шаға, қазан-ошағын да шағып тентіретіп жіберіп, енді қайта Биғабілшыл болып алып қайда бара жатырмыз?... Оны қазір Совет радиолары өлді деп жоқтап жатқанда, «міне аман, хат жазысып тұрмын» деп жақсы аттана алар ма екенбіз?... Соның сізге хат жазғаны рас па?... Қане, сол хатты бір көрейікші!

– Хаттары үйде қалды,– дей салдым мен. Сондай хаттан бірін жазып ала келмегеніме енді өкіндім. Мені шынымен-ақ Құлжан санап өшіккенін біліп отырмын. Сондай қимас Биғабіл ағасының дәл өзі екендігімді енді айтсам, мына қызба жынды арақкеш дүниеге жар салатын сияқты. – Сіздің маған неліктен өштесе қалғаныңызды қалт жібермей түсініп отырмын,– дедім аз ойланып алып. – Дүниеде жау дегеннің екі түрлі болатындығын енді айқындадым: бірі, жауласудың себебін түсінетін, өліспей беріспейтін антагонстік түйсікті жау. Бұл нағыз жау ғой. Ал, бірі, білместіктен соқтығып – жауласып қалып, танысып-біліскен соң онысына қатты өкінетін арсы-күрсі нақұрыстау дос. Мұны, «сүйікті жау» деп атағым келеді. Сіз қазір менің осындай «сүйікті жауым» болып отырсыз!

Бұл сөзіме Омар қатты күлді де Азат арақ құя сөйледі.

– Құлжан жолдас, сіз мені өштесіп отыр деп қалдыңыз ба?... Маужушидың атымен ант етейін, сізге ешқандай басқа көзқараста емеспін. Қане арақ қағысалықшы осы сертім үшін!

– Үй сен, «сүйікті жау» дегеннің не екендігін ұқпай қалдың-ау деймін балақай!– деп мырсылдай күлді Омар. Менің «сүйікті жау» дегенге берген анықтамамды дәл өзімдей қып қайта сөйлеп берді. Аңыра қалған Азаттың ойын, қайта келіп кірген Әнуар бөліп жіберді, дереу ұмытып аяқсыз қалдыра салды бұл сөзді.

– Әнуар аға кел, кел отыршы, кешірші мені! Төңкерістік ынтымақ жөнін Омар аға қарсы алды ғой, оғашырақ кеткен қалжыңымызды кешірелікші!...

Төртеуіміз осы тақырыптағы тостымызды қайталап, бірге көтерістік. Оппортонизмін арақпен бірге асқазанына айдай салғандай жылмия танып, мені де Омарды да сипалаған Азат сұмдық сұрауларының екі-үшеуін «ағаларына» қойып үлгерді. Оның ішінде біздің қазақтың «ежелгі әдет-әдебінде қанды қанмен жуу бар екен ғой, жаланы жаламен жуу да бар шығар?» дейтін сұрауы да бар. Бұған Омар дұрыс жауап қайтарды.

– Біз бұрынғы қара түнек феодализмнің қазағы емеспіз ғой, Әнуар жолдастың бағанағы айтқаны адамгершілік негізінде құрылған ең қастерлі әдет пен әдеп. Зұлым бирократ феодалдың әдет-әдебін қорғайық демейміз. Ондай қара жұдырық зұлымның заңын қолдансақ, сол зұлымның өзіне айналып кетпейміз бе! Социализмнің саналы, жаңа адамы жауына қарсы қолданатын шараны да адамгершілік негізіне – адамзатқа жақсы үлгі болатын негізде қолдануға тиісті.

– Ит бізді қапқан екен деп біз де иттің өзінше қабайық па!... Сол иттен не парқымыз қалады онда! –деп Әнуар менің қолданатын сөзімді тіпті дәл жеткізді. Маған, яғни «Құлжанға» қарап қарқылдап күлді Азат.

– Жалпы ереже ғой, сізге қаратылған сөз емес! –деп жаймашуақтағансыды.

– Қазіргі маған емес, бұрынғы ит Құлжанға қаратылған сөз ғой. Бұған қазір мен өзім де жүзде-жүз қосыламын!– дей салдым мен. –Тек әйтеуір өздігінен өлуге айналған қазіргі Құлжанға асығыс обалды іс істеп алмай, соңын күтсеңіздер болғаны!... Бұл тартыс оп-оңай шешіледі әлі!

Күлісе, құптаса түрегеліп, сыртқа беттедік. Азат есік ашып, әлденеге дауыстап алдымен шықты. Әнуар мен Омар шыға сала екі жағымнан ортаға алып аяңдады мені. Иттен қорғағаны шығар деп сезіп едім. Иттен де қатерлі шибөріден қорғағаны екен: қараңғыда тұс-тұсымыздан тас жауып кеп кетті. Бірнеше тас жақыннан дәлдеп тиді маған. Үйден шығарда Әнуардың малақайымды баса кигізгені де бекер емес екен. Жартылай қоршап атқылаған бірқанша бала жақындап төне түсіп еді. Бір жағымыздан бір топ ірі балалар келіп араға түсті де әлгі «батырлардың» өзін қуа соққылап шулатып, алыстатып әкетті.

– Бұл жерде де екі көзқарас жасақтары соғысып жатыр ма? –Үшеуіне жалт-жалт қарадым да Азатқа төндім. Үлкенірек тас тиген шекемді сипалай тұрып сұрадым. – Ал, бұл үкіметсіздіктің бізде несі бар! Тексермей өлтіре салмақ па?..

Бір тас Омардың бетіне қатты тиген екен. Білегін сипалай тұрған Әнуар да үнсіз.

– Мен біліп келейінші! –Азат сойқан зыта жөнелді.

– Осының істеп жүрген ісі! – Мектеп бастығы ол кеткен соң күбірледі. – «Нәтижесін ұзаққа қалдырмай-ақ көрсетермін» демеп пе еді бағана. «Кішкене қызыл батырларын» қаптататындығын сол сөзінен сезіп, олардан қорғайтын батырларды жаңа мен барып дайындап келгенмін...

Кіші дәретімізді алыстамай жібере салып қайттық. Тіземе тиген тастан мен шындап ақсадым да мектеп бастығы сылти басып кірді үйге. Ал, денесі мол дадүйжаңға тіпті көп тиіпті. Ыңқылдай жатып қысқаша сөйледі:

– Бұлардың мұндай тентектігін тергесең, төңкеріске қарсы шықты деген үлкен пәлеге қаласың, Биға, әй, Құлжан жолдас!– деп жаңылған жаңылысына үшеуіміз қатар күлдік. Ең қызығы, жараланған жерлерімізді сипап тыжырыныса отырып күлгеніміз болды. Әнуар Омардың бұл жаңылысын сонда да аңғармағандыққа салынды:

– Мен бағана Ыбырай тұрған ауылдың ең жақын құдасын сонда жөнелттім. Ол, іштесіп сөйлесе білетін кісі. Ыбырайдың хабарын сол кісі әкеледі. Бізді жонға жақын, ішкері бір мектептен табатын болды. Біз енді таңертең жүріп кетпесек, Азаттың лаңы зорайып, көзқарас соғысы «батырларды» түгел қозғап жіберуі мүмкін! – Мектеп бастығының тамақ үстіндегі сөзі осы тақырыпта болды.

Таңертең «әкімшілік төбесіндегі» кедей – төмен орта шаруа жушиын шай үстіне шақыртып, Құлжан екендігімді, не жұмыспен жүргенімді, оның қызмет куәлігін көрсете отырып сөйледім. Тексермей, өз оқушыларымызға өзімізді сабатудың мектеп тәрбиесіне бүтіндей қайшы екендігін түсіндірдім. Ал, Құлжанның «төңкеріске қаншалық еңбек сіңірген белсенді қайраткер» екендігін Омар мен Әнуар бүлкілдетті. «Мектептерді түгел көріп шығуға» мектеп бастығын соның көзінше ертіп әкете бердім сөйтіп.

Әнуардың Ыбырайға жіберген адамы жолығуға уәделескен мектепке екінші күні жетіп едік. Соңымыздан қуа шыққан қызыл қорғаушылар әтіреті мектепті қоршап алып, мені ұстады. Куәліктерімді көре отырып, «осы Құлжанның өзі керек бізге» деп шынын айтты.

– Азат, алдыңғы күнгі «жаланы жаламен жуу» дегенін орындапты!– деді Әнуар маған дауыстап сөйлеп. Келген қызыл қорғаушылар әтіретінің бастығына «Құлжан жолдасын» ақтап, сөз сіңіре алмады. Азаттың «Құлжанға» не деп жала жапқаны белгісіз. Ұстаушылардың сөз төркініне қарағанда «Құлжанның ілелік, аз елден шужыңжуишы» екендігіне дәлел жасап, «осы таумен қашып кетіп алмақ» деп көрсеткен сияқты. Атымнан айрылмауды Әнуарға жартылай ишаралап тапсырдым да жоғарырақ басшыларының тексеруінен өтіп қана қайтатындығымды әдейі ханзуша күле сөйлеп ұқтырдым. Айдаушылардың алдына шойнаңдап барып түсіп едім, біреуіне мінгестіріп әкете берді.

«Қызыл бірінші қосынның» сол бөктерге жақын бір әскери баталионына апарып қамады. Сол баталионның көк азық склатында табан сегіз ай жатыппын. Анда-санда зеріккендері болмаса, арнаулы тергеуші шықпады маған. Өздерін де үкіметсіздік желі кеулеп алғандығы еді мұнысы.

«Әке, әке, жүй-жүй!», «бізге алаң болма, өз денсаулығың, денсаулығың...» деген сағынышты үндер мазамды ала берді. Қашып шығып түнде барып, Әнуардағы атымды міне зытуға әр күні қамданғаныммен шығар тесік табылмады. 1968-жылы туысымен Үрімжіге екі әскер шанаға байлап әкеліп, «қызыл бірінші қосынның» бір полк штабына домалата салды.

Әділетті тергеушім, «халық үшін қызмет істелік!» сол штап сіздің осы штап. Шанадан домалап түсісіммен құйрығыма тепкілеп тұрғызып, тағы бір зынданға домалатқан, өзіңіз едіңіз ғой. Қазірге дейінгі қылмысым осы. Түйіріне дейін қалдырмай түсіндіріп болғаныма, егер түсіне білсеңіз, сенімім толық. Социализм мен коммунизм ісіне көзқарасы берік, туы айқын Биғабіл болып тұрып-ақ жаламен жазаланған басым, құбылмалы Құлжан болып, жаламен тағы жазаланды. Енді кім болсам құтыла алармын? Жалақорлардың әйелдеріне жалаңдай бермей, өз бала-шағамды тауып алуыма рұқсат ете көріңіздер! Бұл қылмысымның пәле-жала кәсібіндегі «арбаптарға» өлімнен де үрейлі қылмыс екендігін болмыс өздеріңізге де көрсетіп отырмайма, халық үшін қызмет істелік!

 

V

Төбесінде темір мен торлап тастаған кішкене болса да екі көзді терезесі бар осы базда дәл екі жылым өтті. Апрель тағы жетті. Қылмысқа тойымсыз тергеушімнің қарнына «ел қондырамын» деп барымды төктім. Тез жазып бітірсем тез қоя берер деген үмітпен тездетіп-ақ көкідім. «Айтып қояйын» деп қайталап-қайталап тапсырған мәселелерін берген қағазына толтырып болысыммен айқайлап едім, тергеушім шықпады.

Капуста жапырағынан жасаған кешкі тамақты әкеліп берушіге де жүгері кебегінен жасалған таңертеңгі умашты әкеліп берушіге де айтып, тергеушімді келтіре алмадым. Әр күні таңертең кішкентай тесіктен мұрнын тыжыра сығалап асықтырып кететін құдіретті көрінгенді қойды. Қоғамда «үшке қарсы тұрып, бірге соққы беру науқаны»[115] жүргізіліп жатыр екен. Малманшылық асқындап, қылмыс тасып кеткендіктен оны жаздырып тергеп анықтап отыруға тергеушілердің қағаздары да өмірлері де жетпейтіндігін білген көрінеді. «Көп те тез» бітіріп коммунизмге тез жету үшін барлық мәселені тұп-тура күрес үстінде шешуге кірісіпті. Менің ісімді де соның өшіретіне тізіп қойғанын шошқа аспазы тамағымды әкеліп тұрып айтып кетіп еді. Енді додаға салып қысып мойындату амалымен жұлмалап өлтіретіндігін сезіп, қатты қысылып отырғанымда тауық аспазы келіп, барлық көшеге құралды қарауыл қойылғанын айтты. Бейсауат жүріс мүлде тоқтапты. Түрменің еңбек майдандарынан да сақшы келіп, қашып кеткен адамдарын іздеп жүр екен.

Бір ұлтарағымның астындағы ақшаны түгел алып беріп, соны айтқан тауық аспазына жатып кеп жалындым: Тарым майданынан адам іздеп келгендер болса, менің осында қамалып жатқанымды айтуын өтіндім. Түстен кейін су кіргізіп беру сылтауымен келді әлгі лаухан[116]. Автоном райондық еңбекпен өзгерту мекемесіне барып хабарлаған екен. Тарым майданынан келген бір ұйғыр кадр бес-алты сақшы ерте ілесіпті соңынан. Тауықшы лаухан оларды осы қақпаның алдына тоқтатып қойып кіріпті.

– Мен қақпадан шығып кеткен мөлшерімде айқайла!– дей сала, құлыпты есік ағашының сыртынан жабылған жаман көрпені жұлып тастай жөнелді. Дауысымды сақшыларға естірту үшін істегені екендігін түсіндім де бірер минут өтісімен айқайладым.

– Құтқарыңдар, шығарыңдар сыртқа, шығарыңдар!.. Дәретке!...

Қақпа жақтан бірнеше адамның сарт-сұрт жүрісі естілді де. – Сен кім?– деді біреуі есік алдына келіп.

– Шаяр Тарым майданының жұмысшысымын. Атым Биғабіл, мұнда келіп қамалғаныма екі жыл болды!...

Сақшылардың штап кеңесі жаққа өтіп кеткені сезіліп еді. Қағаздарымды сары шапанға орап дайындалып болғанымда есік ашылды. Киім-кешегімді қолтықтай шықтым. Тарым лаугай майданында мені алғаш арыз айтқан орынбасар бөлім бастығы танымай үңіле қарап сұрады атымды. Қайталап айтқанымда мүсіркегендей басын шайқап-шайқап жіберді.

– Не боп кеткенсің, қашпасаң бұл азап жоқ еді ғой!

– Жуырда рұқсат ала алмайтын болған соң бала–шағамды тауып, алып қайтайын деп келіп едім. Мына таудан іздеп таба алмай жүргенімде қызыл 1–ші қосын ұстап әкеліп осында қамады!– дедім.

Дереу дарбаза алдындағы жабық автомобильге отырғызып, лаугай мекемесіне апарып қамады. Үш күннен соң тағы екі қашқынмен қосып құрсаулап, сол жабық автомобильмен майданға қайтарып әкетті. Тоқты Басит ұсталмай қалыпты. Оны білмеймінге шығара салдым. Жазған шарпулы шақпа тілді «қылмысымды» да жасыра тұруға тура келді. Мынадай моп-момын сылтауым тұрғанда сақшы орнына көп сөздің қажеті не лаугай мекемесінің абақтысынан әперген сарала-сасық көрпе мақтасының арасына қаттай салғанмын. Тарым майданына жеткенімде тінтуші кадрлар аю көргендей ол мақтаның арасына қол сұға алмады.

«Үрімжіге қашып бара сала ұсталып қамалған» мені «мәселесі жоққа» шығарып, майдан тергеуіне алып қалмай, өз әтіретіме жөнелтті. Баяғы қисық көз зыдауяным қасымыздағы лаугай әтіретінің кірпіштен қалаған абақтысына апарып кісендеп, құрсаулап қамап, өзі тергеді.

Осы жығылған жерімнен тұрғызбай соғып кестіріп лаугайға қоса салмақ болды ол. Кестірмейтін дәлелім көбейген сайын күшейді. Көз қарашықтары мұрнының бүйіріне тағы кіріп кетті.

Тау ішімен Советке қашып бара жатқаныңда, тұп-тура Совет шекарасында ұсталғансың. Бұл фактты мойындамай шыға алмайсың!– дейді.

– Мен Үрімжінің дәл тұсындағы Нәнсаннан[117], бала-шағамды табуға екі сағаттық жол ғана қалғанда ұсталдым. Нанбасаңыз мені ұстап берген екінші дадүйдың Азат есімді қызыл қорғаушысының өзінен сұраңыз!– деп Азаттың әдресі мен атын қыли көзіне қыстыра бердім. Мұны негізгі факт ретінде ұстаған себебім, біреуі қылмыс іздей барып сұрастыра қалса, Азат менің Биғабіл екендігімді білген соң арашалап, ақтауға кірісуі сөзсіз.

Қыли зыдауянның аты Саучыңсау еді. Өзі құраған жалған фактін қатеге шығарған адаммен үздіксіз жауласатын, асқан тоңмойын сычуандық болатын. Тоқып әкелген жасанды факттері менің алдыма келгенде жыртылып кете берген соң тергеуді қойды. Лаугайдың тамағын абақтының ойма тесігінен бергізіп, дәретке де шығартпай қамай берді.

Бұл абақтының бір «жақсылығы», құмайт борбас үстіне салынған, жер еденді. Кез келген жерін кеулеп ойып жіберіп, дәретті жібере беруге қолайлы абақты екен. Көміп тастаған қиымнан талай жұмыр құрық өсіп-өрбіп шығып, салқын күңгірт дауалға жабысты да он шақты күнде қанатты қоңыр бір жәндікке, одан сәл ширай келе нақтылы көкбас шыбынға айналды да, түңліктен ұшып шығып кете берді. Алғашында бөшке көтеріп ұшқандай боң ете түсіп шошытады да, қарсы дауалға барып тақ ете түсіп, еріксіз өз басымды сипалатады. Сөйтіп шыбын да өзінің ұшу арманына бастан талай жеп барып, әрең жетеді екен.

Ал, бұл абақтының «жамандығы» құралды күзет мұнарасының дәл түбіне салынғандығы болды. Үстімізден күндіз-түн автомат төніп тұрғандықтан, жанашыр лаугайлардың темекі мен тамақ кіргізіп беру мүмкіндігі жоқ.

Алты камералы абақты да күз түсе бір ханзу, бір мәнжу лаугай мен үш адам ғана қалған екенбіз. Есік оймасынан қарап тұрып, қарсымдағы камераның маңдайшасы жарылып кеткенін көрдім. Маған іргелес камераның аралық дауалы соның ертеңіне жарылды. Жарып жатқан мәнжу көршім екен. Аралық дауалды іргесінен кірпіш суырып жарыпты. Сол жарыққа тұмсығын сұғып тұрып менен темекі сұрады. Ар жағындағы көршісінде де темекі жоқ екен. Менен де таба алмай, мүштегімді сұрап алып, ішіндегісін иіскеп-иіскеп жіберді де айқай салды.

– Баугау бәнжаң, үй құлады, үй құлады!..

Үшеуіміз қатар бақырдық сонсоң. Ақырзаманды төндіріп екі сағат бақырғанымызда құралды күзет бастығы әрең кірді. Жарықтарды көре сала лаугай әтірет зыдауянын шақыртып көрсетіп, екі көршімді шығарып әкетті де мені сол түнге еру қалдырды. Бүтіндеу бір бұрышқа тығыла отырып таң атырдым. Жарылған аралық дауалдың жарымы ертеңіне түс ауа күс ете түскенде соның дауысын естіп келді бірнеше кадр. Әйтеуір бір жақсысы, лаугай әтірет зыдауянның Саучыңсауды тілдей кіруі болды: адамыңды алып кет деп, абақтының құлап жатқанын хабарласа да мәселемді толық тапсыратын болғанымша келмейтіндігін айтыпты.

Абақты түгел құлауға айналғанын көріп, мені лаугай зыдауянының өзі айдап шықты. Өзіне қарасты әтіреттегі екі группа арасында артылып қалған бір иен үйге апарып қамады. Есігіне абақтының үлкен замогын салды да, бұл маңға ешқандай лаугайдың келмеуін, ақырып тұрып тапсырды.

Сол күні кеште келіп бір тергеді Саучыңсау. Тағы да «шекарадағы таудан» ұсталғандығымды мойындатпақ болып шұқшиды.

Мен, Шынжаңың дәл ортасынан, адам жаралудан бұрын жаралған» Үрімжі тауынан, «бала-шағам тұрған ауылдың» дәл қасынан ұсталғандығымды тағы айттым. Лаугай мекемесіне хабарлауға ақы беріп адам жіберген өзім екендігім де айтылды.

Үрімжі тауынан осы майданға дейінгі тергеушілердің ешқайсысы тексеріп таба алмаған қылмыс, осы су қоймасында жатқан сіздің көзіңізге ыңғай шекарадан көрінетіні қалай?– дедім сонсоң.

– Сөйтіп сенде мәселе жоқ па, мәселе жоқ па?–Саузыдауянның екі қарашығы мұрнының астына тағы кіріп кетті.

– Мәселе бар, ол, тек, үйіме барып келуіме рұқсат бермегенің үшін қашып шығуым ғана! Сол үшін ғана, мына әтірет зыдауяны болмаса, мені құлаған абақтының астында қалдырып өлтірмек болдың!

Зыдауян екі жұдырығын түйе ұмтылғанда кісен мен қолымдағы шынжырлы қыспақты шаңғырлатып мен де түрегелдім. Бұл майданда қалпағы жоқ адамды ұрудың шектелгендігін естігенмін. Қыли қарақшы есік сыртынан бірнешеудің тыңдап тұрғанын біліп, шақ-шұқ басып шыға жөнелді.

– Тұрып тұр, мойындамағаныңды көріп алайын сенің!– деп зекіре шықты.

Ымырт түсісімен жабықтағы жалғыз көзді терезеден бір дорба махорка мен сіріңке топ ете түсті. «Аспаннан сығалап тұратын» сиқыр күштің өзі тастағандай қуандырды мені. Мұнарадағы әскери күзеттен басқа, түнде қорған ішін күзететін лаугай күзетші де бар еді. Бұл күзетшінің маған таныстығы жоқ сияқты болатын. Темекінің төрт айлық кегін енді қайтарып, кере қарыс қып орап тартып отырғанымда сол тесіктен енді ауыр бір дорба әрең өтіп түсті. Шабдол екен!...

Жарылқаушыларымның кім екенін білмегеніммен сол түнде-ақ жарылқанып болдым. Қауын да түсті, жүзім де түсті. Лаугай бишаралардың өздеріне коммуна кенттеріне бармай табылмайтын қымбатты ырыздық, абақтыдағы маған жауды. Мұншалық дәулет екі-үш, тіпті он шақты лаулагайдан да табылмайды. Бұл және олардың өлім халіне жеткен бір тұтқынды тіршілікпен қамдауы ғана емес, жігер-рухыңды аспанға қыранша баптап ұшыратын адамзат шапағаты!...

«Адамзат жасасын!»– деп күбірлеп қалдым да, бұлардың қатарына оқыста тағы да адамзат мүсіндес азғындар кіріп алмасын деген хауіппен «Жаубасар, Саучыңсау сындылардан басқа адамзат жасасын!» деп күліп жібердім. Мұны қашанға дейін дін сопыларынша шұбыртып-сурелетіп отырамын. –«Адамгершілік жасасын!»– деп қорттым соңында.

Үрімжідегі лаужяулар түрмесінде Гүлниса арқылы Мақпалға жазған хатымда айтылған шығармаға енді ерекше шабытпен кірістім. Жазуға қолайлы мұндай абақты табыла берер ме, тек мұндағы соқырлардың көзіне түсіріп алмасам болғаны. Сондықтан Маузыдұң шығармаларының жол араларына өте ұсақтап, басқалар танығысыз етіп жаза бастадым. Қазіргі кезде Маузыдұң шығармаларынан басқа кітаптар шектеліп-өртеліп болған..

Күз күңгіреніп суи келе бұл әтіреттің су қоймасындағы міндеті біткен екен. Қорған-құрылыстарын күз етіп, шошқа бағатын бір группадан басқалары түгел көшіп кетті. Ертеңіне таңертең талпақ танаулардың қорсылынан ояндым. «Абақтымның» есігі ашық қалып, екі шошқа кіріп алыпты. Ойшылдау мінезді біреуі табалдырықтан маған аңтарыла қарап тұр. Сумақы мегежіні иіскелеп-тімтініп, менің дүниелігімді зерттеуге кірісіпті. Мені Саучыңсаудың қайтарп әкетпегеніне ерегесіп, бұл әтіреттің зыдауяны есіктегі құлбын да алып кеткен екен. Бұл жайтты бір бүйірдегі шошқа бағушылардан қайнақсу алуға барып естідім. Мен кеткенше тамақ беріп тұруды осы группаға тапсырып кетіпті.

Сырттың тамағы мұнан соң тіпті еркін келе бастады маған. Дәмелқан, Еділбайлар Лопнордан Шаяр Тарымға келгеннен бері қой бағуға шығып кетіп еді. Лаугайдан кейін босаған Ысқақ шал мен басқа қазақтардан да бірқаншасы малшылдық әтіретіне шығып, бәрі де осы су қоймасының маңында мал бағып жүр екен. Ал, осы қорғанның ішкі, лаугай күзетшісі Үрімжілік, бұрын маған сырт таныс аспаз дүнген болып табылды. Бәріне сол күзетші хабарлап, осы әтіреттегі ұйғыр, ханзу лаугайларды көмекке ұйыстырып жүрген де сол екен. Көшіп кетерінде әр тоғайдың арасында жүрген малшыларға жатқан жерімді айтып кетіпті. Олардың қамдауы тіпті көбейді.

Бұл абақтым байлық ордасы болып алған соң есікті ішінен қос тіреумен тіреп қойып, жазатынымды жаза бердім. Өшіккен саучыңсаудың қашқын тұтқынын бұлай еркіне тастауында сұмдық барын да сезгендеймін. Тым болмағанда ұры етіп ұстауы, тіпті, «қайталап қашқан жолында оқ тиді» деп өлтіріп тастауы да мүмкін ғой. Қалай да бір сылтау табуды ойластырып жүргені сөзсіз еді. Бұрынғы жазылған шығармаларымды суляумен орап, түнде қорған сыртына шығарып көмдім де, ет-май мен жеміс-азықтарымды басқа иен үйлерге орналастырдым.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 328; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.