Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 57 страница




Бұл материалда жазылған «алты мың адамдық, төңкеріске қарсы құралды зор ұйым» осылай құрылыпты. Маған оқып берген тергеуші, материалды жазған адамның атын атамады.

– Рас па?– деп ақырды кексе тергеуші.

– Өтірік!– Мен кідірмей шорт қайырдым жауабын. – Мүлде өтірік!

– Мойындамағанын көріп алармыз, енді мынаны оқып бер! – Үлкен кіші тергеушіге тағы бір материал беріп оқытты. Бұл да «орнымен», «уақытымен» төндіріп, осы «факттерді» құрастырып жазыпты. «Ұйым бастықтары» бұл материалдарда мен бастатқан жиырма шақты «әшадди кері төңкерісші» ұйғыр-қазақ болып әшкереленіпті. Мұнда тіпті кері төңкерістік программа, тәртіп-ереже, ұйымның әрбір бөлімдерінің бастықтарына дейін аттары аталып жзылыпты.

– Бұл да өтірік пе?– тергеушілердің дауыстары тіпті өктем шықты бұл жолы.

– Өтірік!... жала!– деп мен де бақырайдым.

Бірінен-бірі ащы дауыстармен тағы бірнеше материал оқыды. Мен «факттерінің» де, «орынның» да, «уақытының» да ныспы өтірік екендігін дәлелдей бердім. Ұзын-қысқалы отыз шақты материал оқылғанда күн батуға айланған екен.

Тергеушілер удай зәрлі «насихатпен» уағыздап-уағыздап алып, үй құрылыс әтіретіне қайта айдап апарып тастатты да, ертеңіне кісенімді шалдырлатып тағы да айдатып әкелді. Тағы да оқыды материалдарын... Сөйтіп үш күн материал оқып, қузап-қағыстырып, бірер сөйлеміне де мойындата алмады. Себептерін, қарсы факттерін айтып тойтара бердім. Тіпті бір сыпырасында мен Үрімжіге қашып барып қамалып жатқан уақыттарымда осы майданда кері төңкерістік ұйым құрып жүрген болып жазылыппын. Төрт мықты тергеуші де, әрине мен де қысылып, тер ағыздық. Олардан менің артық қиналған жерім, аяғымды кісен қажап, қан сорғалағаны болды.

– Осыншалық көп адамның сөзі өтірік болатындай сенде осылардың бәрінің өші бар ма? Соны айт ендеше!– деп зықынады бас тергеуші.

– Осы бір жүз үш адамның менде ешбірінің өші жоқ. Жазу подчеркіне, тіл орамдарына қарағанда бәрі таныс достарым!... Маған ешқайысының өздіктерінен жала жабулары мүмкін емес!

– Олай болса бұл материалдардың ешқайсысында өтірік жоқ!... Солардың бәрін шақырып әкеліп беттестіріп, бетіңе түкіртеміз! Тергеу бұл сатыға жеткенде саған рақым етудің титтей де орны қалмады!... Шыдаймысың беттесуге?

– Беттестіріңіздер, неғұрлым беттестіріңіздер!... Бетке түкіруші кім болатынын көріңіздер!

Тергеушілер бір-біріне күбірлеп ымдасқан соң кіші тергеуші шығып кетіп еді. Маған үлкені ақырып, дауалға теріс қаратып қойды. Есік табалдырығынан біреудің ыңқылдап әрең аттағанын естіп, жалт қарадым. Төртеуі бірдей ақырса да беттесуге кірген ұзын бойлы, ат жақты «аруақтың» өзім аға-ағалап сыйлайтын Төлеген деген кісі екендігін тани қайрылдым дауалға. (Гомендаң бригадасының жоғары саяси қызметінде болып, 44–жылы менің тұңғыш жазған драмамды бекітіп сахнаға шығаруға рұқсат еткен осы кісі болатын). Бұрын түк қалдырмайтын иегі бурыл сақалға толып, белуарына түскен. Көз аясы ұрадай ойылып, сүйектен басқа ештеңесі қалмапты. Қарашығы құдықтан көрінгендей тым тереңнен жылтырады. Бұрынғы келіскен балуан денесі шыбықтай бұратылыып әрең кірді есіктен. Кіші тергеуші оған менің сырт жағыма орындық қойып, дауалға сүйеп отырғызды.

– Биғабіл, өздігіңнен мойындағаның жақсы!– деді бас тергеуші, мені өзіне қаратып алып, «ең соңғы тәрбиесін» берді. – Аз болсын, көп болсын, өзің айтқаның ғана жеңілдік әпереді, сөйле!

– Сөйлейтін ешқандай мәселем жоқ!

– Олай болса сен сөйле, өз обалы өзіне!– бас тергеуші столды шарт еткізіп, Төлегенге ресми бұйырды.

– Бір тал темекі беріңіздерші!– деп қырылдады Төлеген. Тұтатқан темекі қолына тиісімен обыға сорып алып, түтінін соза, күрсіне үрлегенін естідім. Осылай үш рет сорып, үш рет үрледі. «Осы өтірікке мойындай беруден басқа лажым қалмады, бауыр!» деген шағым мен кернеген қасіретін білдіргені екенін түсіндім. Біраздан соң өзі жазған материалы бойынша баптап сөйлей жөнелді. Барлық мойындағанын ірікпей төкті сөйтіп. Төрт тергеуші көздерінен от шаша төнді маған.

– Сен Жаһил, енді не айтасың бұған!... Бұл өтірік пе?

– Өтірік! Өтірік болғанда да қанішер жала!– деп айқайлап жібердім де «құтыра» жөнелдім. Бұл жерде шексіз-заңсыз құтырмасам мойындауымнан үміт күтіп әурелей береді ғой. Кісенімді шалдырлатып жалт қайрыла ұмтылдым Төкеме. Жалғыз-ақ әкесін тілдеуге жүзім шыдамай, ұйғыр тергеушілерімнің алдында Төлегенге рақымсыз-ымырасыз көрінуім үшін де тұп-тура қатынын тілдеуім жөн көрінді[128]. Тұфит лағынат!... Хотыныңны с... қарақшы! Енді гүңшандаң дәуірінде ыстық қан ішкің келеді ме! Қайдан таптың мұншалық жаланы?...

Мен Төлегенге қайрыла қарағанда-ақ төрт тергеуші түгел келіп, арамызға тұра қалды. «Жауыма» әлде неше ұмтылып жете алмай әлденеше жұдырықпен тойтарылдым. Тергеушілер кеудемнен түйгілеп құлата берді. Кісенге шалынып жығылып, жер тірей түрегеліп ұмтыла бердім. Тергеушілер қолыма қинаудың тар қыспағын салды. Осынысына да қарамай, атыла бердім «жауыма». Қолым байланса да осы «ағаның» тұмсығына бір сүзіп, қанын шашпай «көңілім көншір емес». «Жан жерінен» тілдей бердім. Текеше тұқырып атыла бердім. Құлай бердім. Төлеген ызасыз-зілсіз қарап қойып көз жасын мөлтілдете берді. Менің бұл позицияма барынша разы болғандай. Менің мына «жыным» тұрғанда ағарып шығатындығымызға сенім тапқандай, шырайынан үміт жылтырата, сүйіне қарап қалыпты.

Мені өлтірмей мына құтырықтан тия алмайтындығын білген тергеушілер кішісіне ым қағып, құрықтай Төлегенді қолтықтатып шығарып жіберді. Қалған үшеуі жуан білектерін енді сыбанды. Көздеріне қан толып алыпты.

– Жә, жетті! Тоқтат!– деп ақырысты. – Өзің бір ауыз мойындамайсың, қойған соншалық көп факттің бірін де танымайсың! Беттестіруге әкелген тірі айғақты өлтірмек боласың! Соншалық қайдан шыққан немесің сен! Қалшылдап, сақылдап дүрсе қоя берді маған. – Сөйле жаныңның барында, мойындаймысың жоқ па!...

– Сіздерге рақымет!– дедім мен, қыспақты қолымды қосарымен тік көтердім. –Үш күннен бері расында да маған кеңшілік позиция тұттыңыздар! Менің сөзімнің де ісімнің де бітуіне енді бес-ақ минут қалыпты. Соның төрт минутын өзіме тағы беріп тыңдаңыздар, осы төрт минутта бәрін сөйлеп боламын!... Рұқсат па?

Тергеушілер бір-біріне қарасып алып, иек көтерісті де, тілмаш қайтып кірісімен сөйлей жөнелдім.

– Жаңағы Төлегеннің бұрынғы дене құрылысын сіздер де білесіздер. Осы фактсымақтарыңызды мойындағанша неше өліп-тірілгені көрініп тұрмай ма! Мына түрмелеріңіздегі жүз неше зиялы осы өтірік материалға мойындауға осыншалық мәжбүрленген. Ал, менің денсаулық халім мынау, оншалық қинап әуре болмай-ақ, бір-екі шапалақпен ғана мойындата аласыздар! Ең ақырғы тергелуші – мен екенмін. Мен мойындап қол қойып берсем біткені, қазіргі мына өткір жағдайда Ақсу орта сотына бекіттіре сала сот құрасыздар. Бас қылмысты деп аталған жиырмамыз атыламыз. Кім болғанда отызымыз мүддетсізге кесілеміз. Демек, бұл мойындату, ең аз болғанда елу адамның қанымен бітеді. Бұған асықпаңыздар! Мұншалық зор делоны гұңшандаң қашан болса да қайталап бір тексермей қоймайды. Нахақтығымыз соншалық анық, қайталап тексеруде біз сөзсіз ақталамыз! Бірақ, бізге «өліп болған соң саяси оқудың қажеті жоқ», бәрібір қайта тірілмейміз ғой, сондықтан, обалымызға қалмай, осы тірі шағымызда жіңішкелеп тексеріп анықтауларыңызды өтінемін!

– «Енді бізге де бұйрық жүргізбекпісің!», «кері төңкеріс бастығы болған соң бізге де үкімім жүрер деп ойлап тұрмысың!», «қара мұның асуын!» – десіп тергеушілер дүрілдей жөнелді.

– Мен, бұйрық емес, қояндай бейуаз жанымызға обалды іс істемеулеріңізді сұрап тұрмын! Мәселен, «Алтайдан құрал алып келуге міндеттелген» екі қашқын қолдарыңызда екен. Сол екеуінің бірін болса да кішкене машиналарыңыздың құйрығына байлап, сол құрал бар деген үңгіріне апарыңыздаршы!... Жіңішкелеп тексеру деген осы. Сол жерден егер бір мылтық табылса да біздің қылмысымыз рас болсын!... 47–жылдан бері армия басып, неше жүздеген қанды тергеу, қаһарлы тексеру болған жерден, енді жиырма неше жыл өткенде тінтілмеген үңгір қалды, мылтық табылады деп жынды адам үміттенет ме!...

– Ей жаһил, саған жан керек болғанда Алтайға қашқан сол екеуіне жан керек емес пе? Қойылған құрал шын болмаса мойындай ма!

– Атылып тез өле салудан қинауларыңыз қиын тигендіктен ныспы өтірікке мойындаған! Қиналуға шыдамай көки берген! Нанбасаңыздар сол үңгірін, сол құралын тапқызыңыздаршы қане!... Бізге жабысқан жала осы екеуінен шығыпты. Өз жандары үшін құраған осы өтіріктеріне бір жүз бірін мойындатыпсыздар...

– Ей малғұн, енді бізді зорлап мойындатты дегелі тұрмысың?

– Соны деп тұрмын. Ол екеуін өз әтіреттерінің активтері неше өлтіріп, неше тірілтіп қинап мойындатқан. Оларға жаздырып алған өтірік материал арқылы басқаларын қинап мойындатқан. Сондай заказды қинау болмаса, мына жүз неше өтірік материалдың сөзі бірдей шығуы мүмкін емес, бұл логиканы "малғұн" да түсінеді!

– Ей, тарт тіліңді, кім малғұн?

– Малғұндыққа да жаңа мені сайлағансыз ғой, менен басқа кім малғұн бола алмақ! Мен, сіздердей заң тергеушілерінің алдында тергелгендігімнен ғана өз шындығыммен жауап қайтарып тұрыппын. Ал, ол бейшаралардың тергеушілері, әтіреттеріндегі содырлардың жұдырығы ғана болған. Жауапкерлердің ауыздарына қанды жұдырық тығып мойындатқан! Сондықтан заң тергеушілері ғылыми жолмен жіңішкелеп қайта тексеріп анықтауға борышты! – Осыны сөйлеп тұрғанымда тергеушілер бір-біріне көз астымен қарағыштай берді. Алғашқыдан босаңсып қалғандықтарын байқап, өз шындығымды тағы үстемелеп баяндай түстім. – Ал, мен, тым болмағанда өзімнің өлерімді білетін зиялымын. Қияли емес – жынды емес, ес-ақылым бүп-бүтін. Тауды мына жұдырықтай ғана басыммен сүзіп құлатамын дейтін ақымақтықтан аулақпын. Жаңкайшының сегіз миллион армиясын жойған гұңшандаңды осындай бес-алты ақсақ-тоқсақ лаугаймен құлатамын деп үміттенермін бе!... Сонау Алтайда он неше жыл бұрын көмілген бес–алты шиті бар дегенге сеніп, соларды алдырып, осы майданды, сонсоң Үрімжіні басып алармын деп үміттенермін бе! Мұндай қиялдың тек өзімізді ғана қырғындататын жындының қиялы екендігін түсінбеймін бе!... Өзіме-өзім өлім тілеймін бе!...

– Ей, тоқтат сөзді!– деп ақырды бас тергеуші. – Таста бетсіз жайылдығыңды!... Шық ауыз үйге, ойлан!

Ауыз үйге шығып, есік сыртынан тыңдап тұра қалдым. Сөздері естілмеді. Он минуттай күбірлескен соң кіші тергеуші шығып, айдаушы әскерлерді шақырды да жаңағы «құтырғанымда» қолыма салынған шойын қыспақты алып қайтарды.

Үй құрылысы әтіретінде кісенмен істей бердім. Мені тергеуге осыдан соң шақырмады. Түрмедегілердің қайта тергеліп жатқанын естіген қарт лаугайлар маған жалынатын болды: «сені енді тергесе аямайды, ондайда мойындай сал шырағым, бәрібір мойындатпай қоймайды бұлар, бекер қинала бермеңдер!» деседі. Дәл қазір өздерін шақырып алып, «осы ұйымда сендер де бар екенсіңдер!» десе, «ие, ие, бармыз ағатайлар, жаздық – жаңылдық!» деп алдыларына түсе жөнелетіндей, су жүрек болып қалыпты.

Уақыт өткен сайын менің жүрегім берки түсті. Өйткені, қос мүйіздерінің бірі түбінен қопарылып сынып түскені естілді: Лиңбяу Совет Одағына қашып, Мұңғолияға өткенде аэропланына қуғыншы оқ тиіп өртеніп, бала-шағасымен күйреп түсіпті. «Ұлы ұстазын» шексіз қолпаштап-қорғап, нақтылы Құдайға айналдырған сол еді ғой...

Бірақ, Құдай болған зат өзінің арқа тірегі түгіл, отырған алтын тағын жұтып алса да міз бақпайды екен, сыңар мүйізін тіпті күшеп шайқағаны естілді соңынан. Қара құйын үдей түсті. «Құтырған Құдайдың» ісіне енді кім дау айтпақ. Мәнсапқа кім таласа алмақ онымен!... Өкпемізді қорқыныш желі қайта кеуледі. Сол көзбен қысты ауыр кісенмен арба сүйреп, дамылсыз топырақ тасып өткіздім.

Маған бір келмей, жүрегімді қыс бойы сұрақсыз-жауапсыз қысқан тергеу қатері апрель туып, күн жылына келе ыдырай қалғандай болды бір күні: үй құрылысы әтіретінің кадры дүйжаңы арба сүйреп кірпіш тасып жүрген мені темірші дүкеніне шақырды да кісенімді алдырды.

– Мына трактор қазір су қоймасына жүреді. Осыған түсіп, өз әтіретіңе қайт!– деді жалғыз-ақ.

– Менің мәселем тергеліп болған жоқ қой?

– Тергеліп болмай сені қоя бере салудан мен де қорқам, ха–ха–ха–һа–һа... а... мен қайт деуден қорықпаған соң сен де қорықпай қайта бер!

Жақыннан тыңдап тұрған құрылысшы лаугайлар ду күлді. «Сөзсіз атылатын бас кері төңкерісшінің» мына құтылысына, үй қалап жатқан ұсталар да аңырыса қалыпты. Мен дүйжаңға қарап өтініш айттым.

Егер біздің нахақтығымыз анықталған болса, майдан басшылығына менің арызым бар, Уаң дүйжаң. Осында қала тұрайын. Саучыңсау тұрғанда ол әтіретке қайтпаймын!

– Саучыңсау?.. Саучыңсауды енді ол әтіреттен іздеп те таба алмайсың, ха–ха–ха–һа...а.. Қайта бер, барғанда естисің, арызың сол жерден де жетеді!

Не болғанын ұқпасам да трактор кабинасына кіріп тырқылдата жөнелдім. Қарқылдап күле қол бұлғап кадрлар қалды. Трактормен бірге жаңа үйлі қысқа көшеде, жолдың екі шетіндегі жиде, теректерде күлгендей. Ең биіктен жарқыраған күн ғана бажырая-аңыра қарайды.

Азат болған жайымды ханзумен орыс арасында туылған шофер шынсың түсіндірді.

Былтыр күздегі төрт күндік тергеуден соң, менің жауабым үстінен үлкен талқы жүргізіліпті де бұрынғы мойындаған жауапкерлерді қайтадан тексеруге ұйғарылыпты. Істі ең басынан – алтайлық екі қашқыннан қайта бастапты сөйтіп. Ол екеуі қайта тергелуден азарда-безер болыпты: «біз өзіміздің бала-шағамызды көру үшін ғана қашқандығымызды айтсақ, кадрларымыз бастап, активтеріміз қостап, «сендерді Биғабіл төтенше міндетпен жібергенін білмейміз бе!... Сендер де 58–жылғы көтерілістен қалған тығынды құрал барын білмейміз бе!.. Қане, оны жоққа шығарып көріңдерші қане!»– деп тепкілеп өлтіретін болған соң айтқандарына мойындай бергенбіз. Егер енді тағы да шындығымызды айтсақ, тағы да қасқырша талайтын болсаңыздар атылғанымызша қиналмай тұралық, сол мойындағанымыз, мойындаған!» деп, қайта жауап беруден мүлде бас тартыпты.

Көтерем, саңырау, ақсақ, шолақ болып қалған басқа жауапкерлер де түгел соны айтыпты. «Егер қинамай тексерсеңіздер бұрынғы мойындаған факттеріміз мүлде өтірік. Өлер халге жеткенде күн жарығын бір сағат болса да көре тұрайық деп, не десе соған мойындай бергенбіз. Тағы да қинайтын болсаңыздар, сол жалаға тағы да қол қоя саламыз. Олай қиналудан сотта атылып өлгеніміз мың есе жеңіл!» десіпті.

Төрт аяз он аяз болып амалдап, қаншалық үскіріп, қаншалық ысқырса да жүз неше аруақтан осыдан басқа шындық шықпапты. Қайта тексерілген жарым жылда өздерінің жартыкеш қылмыстарынан да нәр тартырмай қойыпты.

Шофер Саучыңсаудың құлаған жайын да айтты: ол тұп-тура арғымақ боз байталдың үстінен тым биіктен ұшып кетіпті. Басқа бір орында қатал тергеуде жатыр екен...

Саучыңсаудан азат болғанымды енді түсініп, су басқару пунктіне қуана жеткенімде алдымнан шыға келген летчик достыммен құшақтаса түстім. Сүйегі ғана қалған арқама қағып, күшті қолымен күрс-күрс ұра берді ол.

Менен үш ай кейін босаған аға-бауырларым да арсиған арқама осылай күрсілдетіп құшақтасты. Олардың көбі өксіп, қуаныш жастарын төге, шағына құшақтасты. Еш бірі қалпақ кимей құтылыпты.

Данышпан тергеушім, маған қылмыс-қылмыс деп қылқыңдай беруіңізден ханымыңыз қылмысқа жерік болып қалған ба деп таңырқай беруші едім. Бұл жарықтықтың қасиетін әлмисақтан бері біледі екенсіз. Қылмыс деген қашан да Құдайы иіген шарапатты жерден шығатын киелі өнім екен ғой. Бұрын көбінесе мәнсапты, дәулетті, әулие-машайық шаңырақтарынан ғана мүңкуші еді. Бүгін құқығы жоғары «данақор коммунизмшілердің» шаңырақтарынан будақтай бастады. Самародни сап қылмысқа Лиңфужуши мен Сау зыдауяндарыңыздың басқан іздері мен кірген індерінен-ақ қарық болған шығарсыз. Демек қылмыстың дәулет құсы енді сіздердің бастарыңызға қонды деген сөз. Деңіздің саздықтан су емгеніндей қасқырдың қояннан күнә іздегеніндей бейуаз бізден емініп-сұрана бергенше мол қылмысыңыздан енділікте өзіңіздің зекет бергеніңіз дұрыс шығар!

Бесінші кітаптың соңы.

 

 


[1] Шужи (ханзуша) – секретар.

[2] Маузыдұң сөзі.

[3] Тақсы (ұйғырша) – тарелке, жайпақ табақша, тақсыпаз – қошаметші, жағымпаз.

[4] Әнзі (қытайша) – дело (іс, жауапкердің қылмыс жинағы)

[5] Әнзі аудару – қылмыстының өзін ақтауы, мойындамау, қабылдамай қайтарып тастау да кері төңкеріс ретінде қаралады.

[6] Маузыдұң сөзі.

[7] Меллатшы (ұйғырша) – ұлтшыл.

[8] Дашуесің (ханзуша) – студент, мұнда жоғары мектеп бітірген қызметкер.

[9] Сәй (ханзуша) – көказық, көктат.

[10] Гүй (ханзуша) – жын, албасты. Гүй (ұйғырша) – әйелінің намысын сатып күн көруші.

[11] Тақсы (ұйғырша) – тәленке. «тақсы көтеру» – жағымпаздық. Қошаметшілдік мағынасында. Тақсыпаз – тәленкеш – көталақы адам.

[12] Қазақ арасында сайтан сарала қамшыдан, тікеннен қорқады дейтін аңыздар бар.

[13] Бужаң (ханзуша) – бөлім бастығы, мемлекеттік үкімет орнында – министр.

[14] Юанжаң (ханзуша) – институт бастығы. Емхана бастығы.

[15] Райыс (ұйғырша) – төраға.

[16] Намайшы – ереуіл.

[17] Дүй бүшүй (ханзуша) – кешірім сұрау, кешіріңіз.

[18] Гансы (ханзуша) – іс жүргізуші (бөлімнің қол салып істейтін төмен дәрежелі кадры).

[19] Лаугай (ханзуша қысқарған атау) – Лаудұң гай зау – еңбекпен өзгерту.

[20] Әшәдді (ұйғырша) – қатерлі, ұшына шыққан.

[21] «Ешкіні Құдай атайын дегенде шопанның таяғына сүйкенеді» деген мақал бойынша ескерткен сөзі.

[22] Шұра – күшті асау жылқыны астыңғы ернінен бұрап көндіретін мықты жіп бет икемді бұрау.

[23] Һошяр (ұйғырша) – қырағы, сергек.

[24] Шәйір (ұйғырша) – ақын.

[25] Сторж (орысша) – күзетші.

[26] Уәзипа (ұйғырша) – міндет.

[27] Тәттімбеттің «Саржайлау» күйі.

[28] Дазыбау (ханзуша) – жуан жазулы газет. (Қылмыс әшкерелеушілер өздері білетін факттерін үлкейітп жазып, дауалға жапсырады.)

[29] Баужаң – ауыл бастығы, жүзбегі.

[30] Қарасарт майданы – Ислам сенімінде өлген адам түгел тіріліп жиналатын майдан. Күнәлі адамдар өте алмай, тозаққа құлайтын «қыл көпір» сол майданда.

[31] Маузыдұң сөзі.

[32] Ұйғыр бақсыларының «жын шақыру» дағы сөзі.

[33] Жұмо (ұйғырша) – «ұғып қой, біліп қой» деген ескерту мағынасындағы сөз.

[34] Абай сөзінен.

[35] О дүниедегі тозақтың тергеушілері.

[36] Абай өлеңдерінен.

[37] «Еркек тоқты – құрбандық» дейтін мақал негізінде алынған атау.

[38] Гүңше (ханзуша) – коммуна.

[39] Домна – шойын темір өндіретін пеш.

[40] Гарди – шахмат ойнындағы уәзір (ең құқықты тас).

[41] Бедек – мал саудасының салакеші, жалданба саудагер.

[42] Құдайды аспанда дейтін наным бойынша айтылған қалжың.

[43] Даяужың (ханзуша) – зор секіріп ілгерілеу.

[44] Дүйжаң (ханзуша) – әтірет бастығы.

[45] Майыл (ұйғырша) – бейім.

[46] Ғазал (ұйғырша) – ән, өлең.

[47] Нақша (ұйғаршы) – ән, өлең.

[48] Таяртап (ұйғарша) – жатып ішер, арамтамақ.

[49] Дашқал (ұйғырша) – қоқыс, қоқ. (мұнда, шойын–темірі толық ерімей, тас, құм, саз топырақ, көмір шақарларымен балқып қосылып қатқан темір тас.)

[50] Мағдан – руда.

[51] Әбләх (ұйғырша) – сұмпайы, оңбаған.

[52] Ғұнсыр (ұйғарша) – элемент.

[53] «Екі шекем солқылдап ауырады, жолдасымның біреуі қыз болмаса» деп айтылатын айтыс өлеңін меңзеп айтылған қалжың.

[54] Лаужяу (ханзуша, қысқартылған атау) – еңбекпен тәрбиелеу, еңбекпен тәрбиеленуші.

[55] Лаужаусо – еңбекпен тәрбиелеу орны.

[56] Зу (қытайша) – жүр.

[57] Лаугай (ханзуша қысқартып алынған атау) – еңбекпен өзгерту. Еңбекпен өзгеруші – заң бойынша кесілген қылмыскер.

[58] Хуйлай (ханзуша) – қайт, қайтып кел.

[59] Гүй (ханзуша) – албасты. Гүй (ұйғырша) – әйелінің абыройын сатып күн көруші.

[60] Зужаң (ханзуша) – группа бастығы.

[61] Дәріпұрыш (ұйғырша–парысша) – дәрі сатушы (шөп дәрі сататын қырық дорбалы саудагер).




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 438; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.