Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

ГЛОССАРИЙ. 4 страница




§ Сөздердің грамматикалық тұлғалар арқылы баяндауыш болуы. Баяндауыштардың мофология-синтаксистік тұлғасы –жіктік жалғаулары. Жіктік жалғаулары әрі баяндауыштық, әрі бастауыш пен баяндауышты қиыстыратын синтаксистік тұлға.

Баяндауыштың негізгі түрлері: етістік баяндауыштар, есім баяндауыштар. Бұл екеуі де дара, күрделі, құрама болуы мүмкін.

Күрделі етістікті баяндауыштың құрамы: негізгі +көмекші. Көмекші етістіктер жоғарғыдай синтаксистік тіркеске түсіп, баяндауыштың шақтық, тұрпаттық, модальдық т.б. мағынасын түрлендіріп, кейде бір қалыптан екінші қалыпқа түседі. Проф. Насилов: су ағып тұр тіркесіндегі етістікке талдау жасай келіп, ағып етістігінің динамиканы, тұр етістігінің статиканы білдіретініні, сөйтіп екеуі тұтасып үздіксіз болып жатқан қимылды білдіретінін көрсетеді.

Күрделі баяндауыштардың қимыл кезеңін білдіруі.

§ Қимылдың басталу кезеңі. Отыр, қал, жатыр, кел, баста, жөнел т.б. етістіктер.

§ Қимылдың болып жатқан кезеңі: тұр, кел,бер, жүр, қой, түс, т.б. көмекші етістіктер болады: Ол Баршагүлге күле сөйлеп келеді.

§ Қимылдың аяқталып қалған кезеңі: қал, кел, кете, жазда көмекші етістіктері болады.

§ Қимылдың аяқталған кезеңі: жібер, кет, бербол, қой, таста т.б.етістіктер болады.

§ Қимылдың дүркінділігі: қой, бер, жатыр, отыр, түс, бар т.б.етістіктер болады. Абай күрсініп қояды.

Есім баяндауыштар: 1. Зат есімдерден болған;

2. Сапалық есімдер мен есімдіктерден болған;

«Бар», «жоқ» сөздерінен.

Есімдерден болған күрделі баяндауыштар:

§ Күрделі атаулар мен күрделі есімдер: Екі ауылдың арасы – сексен бес шақырым.

§ Изафеттік тіркестегі есімдер тобы: Мына қыз кедейдің қызы.

Құрама баяндауыштар. Есім +көмекші етістік: Ол Итбайдың нағашысы екен.

Құрама баяндауыштағы модаль сөздер: сияқты, тәрізді, секілді, шығар, болар,

көрінеді, білем, керек, тиіс.

Баяндауыштың бастауышпен қиысуы: жақтық қиысу, сандық қиысу. Үш жақта

айтылатын бастауыштар баяндауыштарын өздеріне ілестіре белгілі жақтық мағынаға ие қылып отырады. Соған сәйкес бастауыштың баяндауышпен жақтық қиысуының екі түрі бар: 1) жалғаулы қиысу; 2) жалғаусыз, мағыналық қиысу.

Баяндауыштыбастауышпен сандық мағынада қиыстыру үшін І,ІІ ж. жіктік жалғауының көптік формалары қолданылады. ІІІж. Көптік мағынада қиыстыратын арнаулы жіктік жалғауы жоқ.

4. Сөйлем мүшелері құрамына қарай дара, күрделі және үйірлі болып бөлінеді. Үйірлі мүшенің жасалуы құрамы жағынан күрделіге ұқсас болып келеді. Демек, үйірлі мүше де екі немесе одан да көп сөздерден жасалады. Бірақ құрылымдық, грамматикалық семантикасы жағынан күрделі мүшеден ерекшеленеді.

Үйірлі мүшені құрайтын сөздер өз алдына предикатты бірлік болатын бастауыш-баяндауышқа бөлінетін жай сөйлем құрамдас болып келеді. Мұндай өз алдына предикатты бірлік болып саналатын консттрукция (құралым) екінші негізгі сөйлемнің кез келген мүшесі болып синтаксистік қызмет атқара алады. Бұл тектес құралымдар ең бірінші бастауыш қызметін атқарады: Алыпқа өмірі қала көрмеген,үсті-бастарын бит басқандар келді (С.Ерубаев).

Баяндауыш: Есіркеп тұратын үйдің іші сіз көргендей емес.

Толықтауыш: Әкесі өлгенді де естіртеді.

Пысықтауыш: Сіз бар деп жасық ойым батылданып...

Осындай құралымдардың бастауыштан кейін өнімді қолданылатын мүшесі- анықтауыш. Өйткені үйірлі мүшенің екінші сыңары көбінесе сын есім болып келеді. Ал үйірлі мүшенің бірінші сыңары зат есім, жіктік, өздік есімдіктері болады да, олар түбір күйінде не тәуелдік жалғауының көбінесе III жағында айтылады. Сондай-ақ үйірлі мүшенің екінші сыңары есімше және бар, жоқ, көп, аз деген сөздер болады: Аласы аз қара көз нұр жайнайды.(Абай)

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Сөйлем мүшесі дегеніміз не?

2.Сөйлем мүшелерінің қандай түрлері бар?

3. Үйірлі мүше дегеніміз не?

4.Дара және күрделі мүшелерге қандай мүшелер жатады?

5.Тұрлаулы мүшелерге қандай мүшелер жатады?

6.Бастауыш қандай сөз таптарынан болады?

7.Баяндауыш қандайсөз таптарынан болады?

8.Күрделі бастауыш болатын сөз тіркесінің құрылысы қандай болады?

9.Үйірлі бастауыштың күрделі бастауыштан айырмашылығы қандай?

10.Күрделі баяндауыштар қалай жасалады?

Ұсынылатын әдебиеттер: 11, 15, 16, 18, 19, 27, 33, 34, 36, 39,41,50,54.

 

Дәріс №5. Сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері

Мақсаты: Тұрлаусыз мүшелерге сипаттама бере отырып, олардың сөйлемдегі орнын, рөлін көрсету. Сөйлемдерді сөйлем мүшелеріне қарай талдауға жаттықтыру

Тірек сөздер: тұрлаусыз мүшелер, анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыш, тура толықтауыш, жанама толықтауыш, айқындауыш, қосарлы айқындауыш, қосалқы айқындауыш, оңашаланған айқындауыш, мезгіл пысықтауыш, мекен пысықтауыш, мақсат, себеп, амал пысықтауыш.

1. Сөйлем мүшелерінің тарихына назар аударсақ, Қ.Жұбанов өзінен бұрынғы авторларды сынай келіп, олардың жүйелеулерінің көбіне мағыналық ерекшелікке тоқталғанын дұрыс емес деп тауып, сөйлем мүшелерін топтастыруда толығырақ принципті басшылыққа алады. Яғни, сөйлемнің тұрлаусыз мүшелері деген терминнің орнына орыс тіл білімі мамандарының топтауы негізінде оларды текайқындауыш деп атағанды жөн көреді. Бұдан әрі ол сөйлем мүшелерін топтауда мағыналық жағынан гөрі тұлғалық жағын қарастыра келе, септік жалғаулы сөздің бәрін толықтауышқа қосып жібереді.

Осы мәселеге С.Аманжолов та тоқталған. Ол Қ.Жұбановтың пікірін қолдай келіп, тұрлаусыз мүшелерді анықтауыш деп атайды. Екеуі екі түрлі термин қолданғанымен, ішкі ерекшеліктері бірдей деуге болады. С.Аманжоловтың кейінгі еңбектерінде тұрлаусыз мүшелерді аныұқтауыш, толықтауыш, пысықтауыш деп бөліп, пікірін өзгерткенін байқаймыз.

Сонымен, қазіргі қазақ тіліндегі жайылма сөйлемдерде тұрлаулы мүшелерден басқа, оларды айқындайтын мүшелер де бар, олар: толықтауыш, пысықтауыш, анықтауыш.

Зат есімдермен атрибуттық қатынаста жұмсалатын түрлі-түрлі тұлғадағы сөздердің бәрі – анықтауыш, етістікпен және кейбір есімдермен объектілік қатынаста тіркесетін, заттық ұғымы бар сөздердің мүшелік қызметі толықтауыш болады. Сондай-ақ, етістіктерге, кейде кейбір есімдерге қатысты болып, мезгіл, мекен, амал т.б. мағыналарда жұмсалатын сөздер, қандай тұлғада болмасын пысықтауыш қызметінде жұмсалады.

2. Анықтауыш сөйлемдегі зат есімнен не зат есім орнына жұмсалған басқа есімдерден болған мүшелерді түрлі жағынан сипаттап тұрады. Қазақ тілінде анықтауыштардың көпшілігі анықтайтын мүшелерінен оқшауланбай, қатар тұрып, қабыса байланысады, олар фразалық бір екпінге бағынып, екпін жағынан бір түйдек болып тұрады. Жалпы ереже бойынша анықтауыш зат есімдерден болған мүшені анықтайды, кейде зат есім орнына жұмсалған есімді, сан есімді де анықтауы мүмкін.

Анықтауыштар құрылысына қарайдара, күрделі және үйірлі болып үшке бөлінеді. Мағынасына қарай –сапалық және меншікті болып бөлінеді.

Сапалық анықтауыштарға сын есім, сан есім, есімдік, есімше, атау тұлғалы зат есімдерден болған анықтауыштар, ал меншікті анықтауышқа ілік жалғауында айтылған анықтауыштар жатады.

Сапалық анықтауыштар анықтайтын сөздерімен қабыса байланысса, меншікті анықтауыштар матаса байланысады.

Анықтауыштар да басқа сөйлем мүшелері сияқты бірнеше сөзден де құралады. Күрделі анықтауыштардың бір тобы (ұзын бойлы, қара мұртты) өзара атрибуттық қатынастағы сөздерден құралған. Екінші бір тобы (өңі құп-қу, жасы келген) зат есім мен сын есімнен немесе зат есіммен етістіктен құралған. Олар өзара анықтауыштық ыңғайда айтылмаған, бірібастауыш, екіншісі оның баяндауышы ыңғайында айтылған. Мұндай анықтауыштарды предикаттық қатынастағы үйірлі анықтауыштар дейміз.

Айқындауыш анықтайтын сөзінің заттық не пысықтауыштық сапасын қосымша, жанама қасиет ретінде айқындайды. Анықтауыштан айырмашылығы: анықтауыш анықтайтын сөзінің алдында тұрып, оның өзіне тән басқа заттан ерекше сынын, сапасын білдірсе, айқындауыш айқындайтын сөзінен кейін келіп, көбіне оның лексикалық мағынасын, мүшелік қызметін басқа сөздермен дәлелдеп толықтырады: біз, студенттер, инженер-механизатор т.б.

Айқындауыштар құрылысына қарай үшке бөлінеді:

1)Қосалқы айқындауыш: Алпамыс батыр, Айбазар ақсақал т.б.

2)Қосарлы айқындауыш: телефон -автомат, Алматы -бірінші т.б.

3)Оңашаланған айқындауыш: Артынан, Абай ұғындырған соң, олар үндемей қалды (М.Әуезов).

Айқындауыштар айқындайтын сөзімен тұлғалас, мағына жағынан әуендес болып келеді.

3. Толықтауыш –қимыл процесінің объектісі болатын мүше. Өзі бағынған сөзбен грамматикалық байланыста тұрып, барыс, табыс, шығыс, көмектес, кейде жатыс жалғауларының бірінде жұмсалады.

Мағынасына, синтаксистік қызметіне және тұлғасына қарай екі топқа бөлінеді: тура және жанама.

Табыс септігінде жұмсалатын сөйлем мүшесі тура толықтауыш болады. Ол заттың(субьектінің) қимыл процесін білдіретін сабақты етістіктермен тығыз байланыста болады: Олар өткен жылғы табыстарын баянды етті.

Тура толықтауыштардың жалғаулы және жалғаусыз айтылуы туралы пікірлер ертеден бар. А.Казембек: «қимылға қатысты зат белгісіз болғанда және ол етістіктің дәл алдында тұрғанда табыс себтік атау септігімен алмастырылады», -дейді.

П.М.Мелиоранский субьективтік жағдайға сүйенген ереже ұсынады, яғни сөйлеушінің көзқарасына байланысты (көңіл аударғысы келсе, жалғаулы, келмесе, жалғаусыз).

ХІХ ғасырдың аяқ шенінде бұл мәселе жөнінде чуваш тілі материалдары негізінде Н.А.Ашмарин оң пікір айтқан, дәлірек айтсақ, тура толықтауыштың жалғаулы және жалғаусыз айтылуы белгілілік пен белгісіздікке байланысты емес екенін көрсеткен.

Қазіргі қазақ тілінде тура толықтауыштар мына жағдайларда үнемі жалғаумен айтылады:

§ Тура толықтауыш өзі қатысты сөзден (көбінесе сабақты етістіктен) қашықтап тұрып, екеуінің (толықтауыш пен толықталатын сөздің) ортасында басқа сөйлем мүшесі тұрса, ол жалғаулы болады: Малды өріске жайдық.

§ Экспрессивті мағынада жұмсалатын күрделі не қосарлы етістіктердің жетегінде айтылатын тура толықтауыштар да әрдайым жалғаулы болады: Ол атқа қамшыны басып-басып жіберді.

§ Сөйлемде тура толықтауыш болған сөзге не онымен байланысты сабақты етістікке логикалық екпін түскенде: Өнерді үйрен де, жирен.

§ Бір сөз бір сөйлемде екі рет айтылып, бірі бастауыш, бірі тура толықтауыш қызметінде жұмсалғанда, олардың сол синтаксистік қызметі айқын болу үшін: Адам адамды сыйлайды. Бір кемпір бір кемпірді әже дейді.

§ Бір етістікке бағынған бірнеше бірыңғай тура толықтауыш мен, бен, пен жалғаулықтары арқылы не жалғаулықсыз интонация арқылы байланысып, екеуі бір тұлғаға ортақ болып айтылу керек болғанда: Әдебиет пен тарихты бөлуге бола ма?

§ Тура толықтауыш қызметіндегі зат есімдер қос сөз болса: Сай-сайды жағалай ілгері жүрдік.

§ Тура толықтауыш болған сөздің мағынасы етістіктің лексикалық мағынасымен тығыз байланыстыболмай, әдетте ол екеуі қатар келмейтіндей сөз болса: Пароход теңізді тіліп барады.

§ Кісі аттары мен олардың орнына жүретін есімдіктер тура толықтауыш (ТТ) қызметінде жұмсалғанда: Абайды оқыдым.

§ Сын есім, сан есім, есімшелер, сілтеу есімдіктері ТТ қызметінде жұмсалғанда: Жақсыны көрмек үшін.

§ Тәуелдік формадағы сөздер ТТ болғанда: шашымызды алдық, құмарымды қандырдым.

§ Мағынасы абстракт туынды зат есімдер ТТ болғанда: абыржуды білмейді.

Барыс, шығыс, жатыс және көмектес септіктеріндегі толықтауыштар жанама толықтауыштар деп аталады. Олар салт және сабақты етістіктермен алшақ байланыста тұрып, оларды жанама түрде толықтайды.

4. Пысықтауыш та, анықтауыш сияқты, басқа сөздің ерекше белгілерін білдіру үшін жұмсалатын тұрлаусыз мүше. Одан айырмашылығы: анықтауыш зат есімнен болған мүшені анықтаса, пысықтауыш етістіктен болған мүшені анықтайды. Сондықтан көбінесе анықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер етістікке қатысты болып, етістікті «анықтаса», оларды пысықтауыш деп танимыз.

Пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер –үстеулер, үстеу мәндес есімдер, сапалық есімдер мен мекендік, мезгілдік, мақсаттық, амалдық мағыналарда жұмсалатын септеулі (жатыс, барыс, шығыс, көмектес) зат есімдер.

Пысықтауыштың мағыналық түрлері:

1.Мезгіл пысықтауыш – етістіктің шақтық мағынасына мезгілдік мағына үстеп, оның қашан, қай мезгілде болған процесс екенін білдіретін пысықтауыш. Мезгіл пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер –мезгілдік үстеулер, зат есім, сын есім мен кейбір сөз тіркестері. Мысалы: Лезде қайта оралды. Мен бүгін тойға барамын.

2.Мекен пысықтауыш – қимылдың, іс-әрекеттің болу орнын, бет алысын, қайдан екенін білдіретін пысықтауыштар. Мекен пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сөздер –мекен үстеулері (жоғары, төмен, ілгері, кейін т.б.). Мысалы: Ол үйге қарай кетті. Торғайлар бұтаққа қонды.

3.Мақсат пысықтауыш – іс-әрекеттің не үшін, қандай талапқа лайық істелетінін білдіретін пысықтауыш. Кім үшін? не үшін? неге? қандай мақсатпен? деген сұрақтарға жауап береді. Мысалы: Ол жорта айтып отыр. Мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалатын үстеулер өте аз: әдейі, қасақана, жорта, босқа, бекер, әшейін. Сондай-ақ -у қосымшалы қимыл есімдер барыс жалғауында кел, кет, әкел, бер сияқты етістік баяндауыштарға қатысты болғанда, олар мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы: Біз мұнда білім алуға келдік.

4.Себеп пысықтауыш қимыл процесінің себебін білдіреді. Неліктен? Не себепті? Деген сұрақтарға жауап береді. Себеп пысықтауыштар сөйлемде тек баяндауыш болған етістіктің мағынасын айқындап, тек сол қимылдың болу-болмау себебін ғана білдірмейді, көбінесе, оның қасындағы басқа амал, мекен пысықтауыштармен демағыналық байланыста тұрады: Оның даусы шаршағандықтан бәсең шықты.

5. Амал пысықтауыш қимылдың қандай тәсілдермен атқарылуын білдіреді. Сұрақтары –қалай? қайтіп? қалайша? Амал пысықтауыштар тәсілдік амал және сапалық амал болып екіге бөлінеді.

  • Тәсілдік амал пысықтауыш болатын сөздер –үстеулер, еліктеуіш сөздер, көсемше тұлғалы етістіктер.
  • Көбінесе етістіктің көсемше формасында келеді: Олар бір-біріне күлімсіреп қарады.
  • Өткен шақтық есімшеге -ша, -ше жалғанып, қимылдық меже, шек қою мағынасындағы пысықтауыш болады: тойғанша жеді, шаршағанша жүгірді.

Сапалық амал пысықтауыш болатын сөздер –сын есімдер (жеңіл, жылы, теп-тегіс), сын есімге ұқсас үстеулер және сан есімдер.

Негізгі сын есімдерден гөрі, туынды сын есімдер пысықтауыш болып өте жиі қолданылады. Онда да олардың бәрі емес, үстеумен шендес сын есімдер(сен сіз, дәлел сіз, жауар күн дей, найзағай дай, балық ша, кісі ше).

Сан есімдер пысықтауыш қызметінде келгенде түбір күйінде, кейде олардан кейін рет, есе деген көмекші есімдер тіркесіп айтылады: Қарға екі шоқып, бір қарайды. Оған екі рет ескерттім.

Осы мысалдардағыдай, сандық сапа ретінде пысықтауыш қызметінде жұмсалатын сан есімдер –тек есептік сандар. Олардан басқа жинақтау, болжалды сандар көсемшеге айналып және шығыс жалғауда тұрып пысықтауыш бола алады: екеулеп істейік, бір-бірлеп кіре бастады.

Заттың анық санын білдірмей, сандық ұғымда айтылатын аз, көп, шамалы, азырақ, көбірек, едәуір, талай т.б. сияқты сөздер де сапалық пысықтауыш қызметінде жиі қолданылады.

Өзін-өзі бақылау сұрақтары:

1.Тұрлаусыз мүшелер деп қандай мүшелерді атаймыз?

2.Толықтауыш қандай мүше?

3.Толықтауыштың қандай түрлері бар?

4.Анықтауыш қандай сөз таптарынан жасалады?

5.Айқындауыш мүше дегеніміз не?

6.Анықтауыштың қандай түрлері бар?

7.Күрделі және үйірлі анықтауыштардың айырмасы?

8.Пысықтауыш қандай мүше?

9.Мағынасына қарай пысықтауыштар қалай бөлінеді?

10.Пысықтауыш қай сөз таптарынан болады?

Ұсынылатын әдебиеттер: 11, 15, 16, 18, 19, 30, 33, 37, 38, 39,41, 50, 52,54, 63,65.

 

Дәріс № 6. Жай сөйлемнің күрделену жолдары.

Мақсаты: жай сөйлемнің күрделену жолдарын көрсету.

Тірек сөздер: бірыңғай мүшелер, үйірлі мүшелер, оқшау сөз, қаратпа сөз, қыстырма сөз.

1.Сөйлем мүшелері сөйлемде жеке-жеке қолданылумен бірге топ-тобымен де қолданыла алады. Осындай сөйлем мүшелері бір сөз табынан да және бір ғана синтаксистік қызметтегі әр түрлі сөз таптарынан да жасалады, олардың бәріне бірдей бір-ақ сұрау қойылады. Бұлардың тұлғалары да көбінесе бір формада болып келеді. Бұндай мүшелер сөйлемнің барлық мүшелері осылай бір сұрауға жауап беріп, бір синтаксистік қызмет атқарып, тобымен бәрі сөйлемнің белгілі бір мүшесімен ғана қатынасқа түсіп сөйлемнің бірыңғай мүшесі бола алады. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері санамалы интонациямен бөлініп-бөлініп айтылады.

Яғни олар сөйлемдегі басқа синтаксистік қатынастағы мүшелер сияқты бірсыдырғы, бір-біріне ұласа айтылмайды. Бірыңғай мүшелер өзара салаласа, бірімен-бірі тең байланысады. Олар бірінен кейін бірі тізбектеле, арасына басқа мүшелі сөз түспей, әрқайсысы дербес интонациялы кідіріспен қолданылады, сонысымен басқа мүшелерден ерекшеленіп, өзара бір топқа бірігеді. Сөйлемнің бірыңғай мүшелері сөйлемнің басқа мүшелерімен сөйлемнің жеке мүшелері тәрізді байланысады және солар сияқты синтаксистік қатынас жасайды.

Сонымен, сөйлемде синтаксистік қызметі бірдей, көбінесе өзара тұлғалас сөйлем мүшелері бірыңғай мүшелер деп аталады.

БМ-дің салаласа байланысуы екі тәсіл –интонация және жалғаулық арқылы жүзеге асады. Интонация санамалы түрде, кезектесе кішкене пауза жасаумен атқарылады: Мақсат –қазақ тілінде қатесіз сөйлеу, қатесіз жазу. Байланысудың екі тәсілі бір сөйлемде қатар, аралас қолданылуы да мүмкін. Интонация жеке сөздерден кейін де, немесе жалғаулық арқылы жұптасқан бірыңғай мүшелерден кейін де келіп байланыстыра береді: Қазақтың қара тырнағы мен көлеңкесінен, ұртын толтырып бауырсақ шайнауынан, сапырып сары қымыз ішуінен де ұлтшылдық іздеген зымиян темір қыспақ ендігі жерде ұлт тарихын, оның Абылай сынды арыстарын жазуға жол қалдырмаған еді(Д.Досжанов).

БМ интонация арқылы, кейде әрі жалғаулық, әрі интонация арқылы байланысып, айырым әуенмен айтылса, жазуда олардың арасына үтір қойылады.

Жалғаулықсыз бірыңғай мүшелерді әрі қарай жалғастыра беруге болады – тұйықталмайды, ал жалғаулықты бірыңғайлар көбіне тұйықталады.

Кейде БМ жалғаулықтар арқылы екеу-екеуден қосақталып айтылады. Олай айту БМ -ді басым мағынада айтудың стильдік амалының бірі болады: Олардың бұтақтарынан алма мен алмұрттың, өрік пен інжірдің, шие мен шабдалының неше сорттарын кездестіресің.

Бірыңғай мүшелердің стильдік қызметін түсіну үшін бірнеше сөйлемдерге талдау жасайық: 1). Қорықпаймын енді мен,

Аңыздан, желден, бораннан (Т.Жароков)

Бұл сөйлемде шығыс тұлғалы үш жанама толықтауыш бар. Олар бір-біріне бағынбай, әрқайсысы өз бетімен, бірақ өзара байланысты тізбек ретінде бір сөзге (қорықпаймын) бағынған.

Осылай ету, бір жағынан, бірнеше сөйлемді бір сөйлем ішіне сыйыстыру амалы болса, екіншіден, көп сөздерді бір сөйлем ішіне тізбектеу арқылы оның іргесін кеңейтіп, жайылма ету амалы болады. Мұндайда бірнеше бірыңғай бастауыштың бір баяндауышы, бірнеше бірыңғай баяндауыштың бір бастауышы, бір толықтауыштың бірнеше анықтауышы т.б. болуы мүмкін. Сөйтіп бірыңғай мүшелі сөйлемдердің мағыналары кеңіп, ой айқындала, саралана түседі.

2). Қыран көзді, қаһарлы, қара мұртты, атақты қолбасшыны бірден таныдым (Ғ. Мүсірепов ). Бірыңғай анықтауыштың төртеуі де зат есімдерге -лы, -ді, ты жұрнағы жалғану арқылы жасалған туынды сын есімдер. Бірыңғай мүшелерді осылай, мағыналық, тұлғалық сыбайластығына қарап сөйлем құрай білуге де дағды керек. Стильдік қателер жібермеу үшін мынадай мүмкіншілікті пайдалана білу керек:

1.БМ-ң ең соңғысы жинақтаушы болады да, тиісті жалғау тек соған ғана жалғанады: Құнанбай... Тоғалақ, Әнет, Бекенді де шақыртты(М.Әуезов).

2. Бірыңғай күрделі мүшелерге қатысты көмекші етістікті не бір көмекші есімді барлығына ортақ етіп, ең соңғысынан кейін бір-ақ рет айтуға болады: Бәкен қуанған да, ренжіген де жоқ(Б.Майлин).




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 1534; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.058 сек.