Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Баяндауыш 4 страница




Сөйлемнің түрлері

Сөйлемді топтастыру принциптері

Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлері

2. 1. Хабарлы сөйлем2. 2. Сұраулы сөйлем2. 3. Бұйрықты сөйлем3. Лепті сөйлемдер – сөйлемнің эмоционалдық типі

Сөйлем – синтаксис зерттейтін басты тіл бірліктерінің бірі. Ол атқаратын қызметі жағынан да, мазмұны жағынан да, грамматикалық белгілері тұрғысынан да өзге синтаксистік формалардан (сөз тіркесі) ерекше синтаксистік категория болып саналады.

Сөйлемнің сөз бен сөз тіркесінен басты айырмашылығы оның коммуникативтілік қызметінде. Сөз номинативтік қызмет атқарады, яғни заттың, құбылыстың не солардың белгілерінің, қасиеттерінің атаулары ретінде қолданылады. Ал белгілі бір хабарды жеткізу, әлдене жайында сұрау т. б. біршама тиянақталған ойды білдіру қасиеті тек сөйлемге ғана тән.

Сөйлемнің белгілері туралы ғалымдар арасында түрліше пікірлер бар.

В. В. Бабайцева сөйлемнің негізгі белгісі ретінде предикативтілік және интонацияны жатқызса, Н. А. Чахоян предикативтілік пен модальділікті, Н. С. Валгина оған предикативтілік, модальділік пен интонация үшеуін жатқызады. Р. Әміров, Т. Сайрамбаевтың пікірлері де соңғы пікірімен сәйкеседі.

Сөйлемге тән қасиет, ең алдымен – предикативтілік. Предикативтілік сөйлемнің негізгі қасиетін айқындайтын синтаксистік категория. Бірдей ұғымды білдіретін синтаксистік құрылымдарын: Мыс: «болған той», «тойдың болуы», «той болды» соңғысына ғана айрықша функционалды сапаға – предикативтілікке ие. Предикативтілік сөйлемде жақ, шақ тұлғалары арқылы жүзеге асады. «Жалпы сөйлем бір бас мүшелі, екі бас мүшелі немесе мүшеленбейтін сөйлемдерден құралса, предикативтіліктің ең жоғары түрі екі бас мүшелі сөйлемдерде нақты, ал бір бас мүшелі сөйлемдерде жартылай, ал мүшеленбейтін сөйлемдерде болмайды да. Міне, бұған қарағанда, предикативтілік тек бастауыш пен баяндауыш арасындағы таза грамматикалық құбылыс», - деп түсіндіреді Т. Сайрамбаев.

Предикативтілікте білдіретін тілімізде ең көп жұмсалатындар – бастауыш – баяндауыш құрамындағы сөйлемдер. Сөйлемді құрау үшін ең аз болғанда екі мүше қатысуы керек – ойдың кім, не туралы екенін білдіретін мүше, яғни бастауыш; сондай-ақ ол туралы не айтатынын білдіретін мүше, яғни баяндауыш мүше қатысады. Осы екі мүшенің грамматикалық қатынасы сөйлем құрауға негіз болады. Өйткені сөйлем пікірді, яғни болмыстағы, заттардың өзара қатынасын білдіру үшін жұмсалады.

Бастауыш – баяндауыштың қатынасы предикативтік қатынас деп аталады. Тілде осы предикативтік қатынасқа ілесіп жүретін грамматикалық формалар болады. Олар баяндауыш құрамынан орын алатын шақ, жақ және рай формалары.

Шақтық форма сөйлемде айтылған пікірдің болмысқа шақ, мезгіл жағынан, қандай қатынаста тұрғанын білдіру үшін қызмет етеді. (Жаңбыр жауды – Жаңбыр жауып тұр – Жаңбыр жауады).

Жақтық форма іс-қимылдың және оның субъектісінің сөйлеушіге қатынасын білдіреді: сөйлеушінің өзі не соның тобына (мен, біз), тыңдаушы ма не сөздің адресаты ма (сен, сендер), сырттағы кісі, яғни пікір алысу процесінен сырттағы субъекті ме (ол, олар).

Шақ, рай, жақ формалары – сөйлем арқылы айтылған пікірдің болмысқа байланысын, қатынасын білдіретін формалар. Баяндауыш мүше осы формаларды бойына жиып предикативті білдіретін мүше сапасына көтеріледі. Предикативтік дегеніміз – пікірдің болмысқа қатысын білдіру. Сөйлемде бұл мағына баяндауыш мүше арқылы көрінетін болғандықтан баяндауышты предикат мүше деп атаймыз. Ал бастауыш пен баяндауышты предикат мүше деп атаймыз. Ал бастауыш пен баяндауыштың грамматикалық байланысы предикаттық қатынас деп аталады.Сөйлем тән негізгі белгілердің бірі – модальділік. Сөйлем пікірді болмысқа қатынасы тұрғысынан ғана айтып қоймайды, ол пікірге сөйлеушінің қатысын, көзқарасын да қоса білдіреді. Сөйлеушінің сөйлемде айтылған ойды құптауы, құптамауы, сенуі, жормалдауы, мүмкіндік, керектілік, болжамдық т. б. қасиеттердің барлығы да модальділік белгісі арқылы беріледі де, олардың негізгі көрсеткіштері рай категориясы, модаль сөздер мен демеулер болады.Рай формалары пікірді болмысқа қатынастыру ерекшеліктерін танытады. (келді, келеді – ашық рай, бұл форма іс-қимылдың анық болғанын, болатынын, кел-бұйрық рай, іске қосу, жұмсау талабын білдіреді). Ал демеуліктер ол сөздерге әр түрлі қосымша реңктер үстейді. (сұраулық, күшейткіштік, нақтылық, шектік).Сөйлемге тән негізгі белгілердің бірі – интонация. Тиянақталған интонацияның болуы оның сөзден де сөз тіркесінен ерекше қасиеті. Интонация тілдің грамматикалық құрамы мен сөз тіркестері, сөйлеммен тығыз байланысты. Себебі сөз тіркестері мен сөйлем мүшелерінің, бүтіндей сөйлемнің мазмұны мен мағынасы көп жағдайда интонация арқылы ажыратылады. А. Шахматов интонация арқылы тек бір сөздің өзі де сөйлем бола алатындығын, осы сөздің не сөз тіркесінің сөйлем болуы үшін ондағы ойдың аяқталмағандығы анықталуы қажеттігін, ал ойдың аяқталуы интонация арқылы жүзеге асатындығын көрсетеді. Жеке сөздер мен сөз тіркестері сөйлем түрінде жұмсалғанда міндетті түрде сөйлемге тән тиянақталған интонациямен айтылуы шарт (Түн. Ауыл маңы).

Тіл білімінде сөйлемдерді таптастыру синхронды және диахронды таптастыру бойынша жүргізіледі. Диахронды классификация бойынша сөйлемнің қалыптасып, даму жолы тарихи тұрғыдан сараланса, синхронды классификация бойынша сөйлем тілдегі қазіргі қолданылуы қалпында бірнеше ұстанымға сәйкес іштей сараланады. Предикатив тұлғаларының санына қарай сөйлем жай және құрмалас болып жіктелсе, айтылу мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті болып жіктеледі.

Сөйлем өзінің мазмұны мен грамматикалық белгілеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді:

Айтылу мақсатына қарай: хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті;

Сөйлемде айтылған ойдың объективті шындыққа қарым-қатынасына (грамматикалық сипатына) қарай: болымды, болымсыз;Синтаксистік мүшеге бөліну-бөлінбеуіне қарай: мүшеленетін, мүшеленбейтін;

Сөйлемде сөйлем құрауға негіз болатын бас мүшелердің сөйлем құрылымына қатынасуына байланысты: екі бас мүшелі сөйлемдер, бір бас мүшелі сөйлемдер;

Сөйлем құрамында тұрлаусыз мүшелердің болу, болмауына қарай: жалаң, жайылма;

Сөйлем құрамында ойға қажетті мүшелерінің қатынасына қарай: толымды, толымсыз;

Сөйлемді күрделендіруші элементтерінің қатысына қарай: күрделенген/ күрделенбеген;

Сөйлем құрылысына қатысты мүшелерінің түсу-түспеуіне қарай: ықшамдалған/ ықшамдалмаған сөйлемдер.Сонымен қатар эмоционалдық бояуы жағынан сөйлемдерді лепті, лепсіз сөйлемдер деп қарастыру дәстүрі де бар.Бастауыш пен баяндауыштан құралған не бір ғана тұрлаулы мүшеден болған сөйлемді жалаң сөйлем дейміз. Түн қараңғы. Жұлдыздар көрінбейді. Асығуға тура келді.

Тұрлаулы мүшемен қатар тұрлаусыз мүшелері де бар сөйлемді жайылма сөйлем дейміз. Алуан түрлі бала бар. Сен ауылға қайт.

Сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінетін түрлері

Сөйлемді айтылу мақсатына қарай топтауда ғылымдар арасында бірнеше пікір бар. Көптеген авторлар сөйлемді хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті деп 4 топқа бөледі. Соңғы кезде түркітануда сөйлемді айтылу мақсатына қарай үш түрге (хабарлы, сұраулы, бұйрықты) бөлу принципі орныққан. Ал лепті сөйлем айрықша мағыналық тип екендігін айта келе, О. Төлегенов: «Сөйлемде айтушының эмоциясы баяндау мазмұнына үстемеленіп беріледі, не болмыс, субъект жайында тікелей беріледі... Хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемнің мазмұны эмоциялық мағынаға ұласып та, ұласпай да айқындалады. Алдыңғы жағдайда олармен әрі баяндау, әрі қосымша бір айтушы эмоциясы беріліп отырады».

Сөйлемдердің мақсатына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты болып топтастырылуы тілдің ой білдіру, қатынас жасау құралы ретінде атқаратын басты қызметіне негізделеді.

Хабарлы сөйлем

Хабарлы сөйлемдер – ақиқат-шындық фактілерін, құбылыс, оқиға не зат туралы пікірлері хабарлау мақсатында айтылатын сөйлемдер. Ол қарым-қатынас жасаудың негізгі түрі болып есептеледі.

Профессор Аманжоловтың «Қазақ тілі синтаксисінің қысқаша ғылыми курсы» деген кітабында хабарлы сөйлем: қимыл хабарлы, сын хабарлы, сан хабарлы, мекен, мезгіл, анықтама, себеп, тақырып хабарлы деп бөлінеді. Мұнда автор хабарлы сөйлем баяндауышы болып тұрған сөздің негізгі семантикасына көңіл бөлген.

Профессор М. Балақаев «Қазіргі қазақ тілі» кітабында хабарлы сөйлемдердің мазмұны әр түрлі болатынын және көбіне баяндауыштың мағыналық, тұлғалық ерекшелігіне байланысты екендігін аңғарта келіп, олардың болымды, болымсыз, қалаулы, болжамды түрінде, ал баяндауышының қай сөз табынан жасалуына қарай етістікті, есімді болып бөлінетіндігін атап өтеді. Ал О. Төлегенов хабарлы сөйлемнің айтылу интонациясына, қолдану өрісі мен модальдік мағынасына көңіл бөледі. Хабарлы сөйлемдер мазмұны, құрылымы және қызметі жағынан әр түрлі болады. Өзіне тән хабарлау интонациясымен айтылады. Құрамы жағынан жалаң, жайылма, құрылысы жағынан бір бас мүшелі және екі бас мүшелі, жай және құрмалас болып бөлінеді. Баяндауыштардың грамматикалық ерекшелігіне қарай қалаулы, болжамды, етістікті, есімді, болымды, болымсыз болып бөлінеді.

Сұраулы сөйлемдер

Бір нәрсе жайында хабар алу үшін қойылған сұрақты білдіретін сөйлемдерді сұраулы сөйлем дейміз. Сұраулы сөйлемдер сұрау есімдері, шылау, интонация арқылы жасалады. Ғалымдар сұраулы сөйлемнің жасалуының 2 түрлі тәсілі көрсетіледі:

1. Сұраулы сөйлемнің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы. Бұған интонация, арнаулы модальдік сөздер мен демеулер арқылы жасалған сұраулы сөйлемдер жатады.

а) Сұраулы сөйлемдер диалогта көтеріңкі ырғақ арқылы қалыптасады. Олардың лексикалық құрамы кейде алдыңғы бір сөйлемдегі сөздер болып келеді. Сонымен бірге бұл сұраулы сөйлемдер жеке бір сөйлем мүшесі мен сабақтас сөйлем бағыныңқысы ыңғайында, толымсыз түрінде де айтылады. Ал өзге сөйлем мүшелері мен басыңқы компонент түсіріліп қалады, бірақ мағынасы айтушыға да, сөйлеушіге де белгілі болады.

М: - Бір түнде көшіп кетсе, қайтесің?

Көшіп? Қайда кетеді?

Белгілі бір сөйлеу жағдайында сұраулы сөйлемдер кейбір модальдік сөзді, эмоциялық-экспрессивтік демеулікті болып келген баяндауыштардың басым сұраулық интонациямен айтылуы арқылы қалыптасады (болар, шығар, қайтеді, неғылды, білем, деймін модальдік сөздері, ғой, да, ау, ә, ма, иә демеуліктері арқылы)

- Өзіңіз жұмыстасыз ғой

- Иә жұмыстамын.

- - Кетті білем, көке?

- Жоқ, тыңдап тұр;

- Оның үйін білесің бе?

- Білем

2. Сұраулы сөйлемнің лексика-грамматикалық жасалу тәсіліне не? кім? қандай? қай? қанша? неше? қайсы? қайда? қалай? қашан? есімдіктері жатады.

Ондай сөйлемде сұраулық интонация синтаксистік амал арқылы қалыптасатын сөйлемдердегідей сұрақ мәнді негізгі, қосымша бір тәсіл тұрғысынан айқындалмайды, сөйлесуші жақтың жауап беруі туралы эмоциялық айтушы қатынасын кейде үстемелей білдіру үшін ғана жұмсалады. Ал сұрау есімдікті сөйлемнің жалпы интонациясы қалай дегенде, олар көбіне хабарлы сөйлемдікіне ұқсас келеді. Бұл сұрау есімдіктерінің лексика-семантика ерекшелігіне, қандай орын тәртібінде болмасын өзіне логикалық екпін түсіріп айтылуына байланысты.

Сұрау есімдікті сөйлемдер, негізінде, ой мазмұнының белгісіз бір жағын анықтап білу, айтушының түсінік, мәліметін кеңейту үшін қолданады.

Сұраулы сөйлемнің түрлері

Сұраулы сөйлемдер негізгі мағыналары жағынан төмендегідей топтарға бөлінеді:

а) ашық мәнді, демеу мәнді, риторикалық мәнді;

ә) қолданылуына қарай: диалогта қолданылатын, монологта қолданылатын болып бөлінеді.

1. Ашық мәнді сұраулы сөйлем мағынасы мен қолдануы кең сөйлем түріне жатады. Олар мағынасына қарай: нақты сұрақты білдіретін және альтернативті сұрақты білдіретін; қолданылуына қарай: диалог сұрақ, монолог сұрақ деп бөлінеді. Монолог сұрақ айтушының өзіне арналады. Айтушы белгілі бір оқиға жайын не біреудің іс-әрекетін өз тарапынан бағдарлай біліп, айқындай түсуді мақсат етеді. Мұндай сұраулы сөйлемдер стильдік бір амал ретінде көркем әдебиетте ғана қолданылады. Диалог сұрақ сөйлесуші жаққа арналады. Ол бірде айтушы көзқарасын айқындау үшін жұмсалса, бірде сөйлесуші жақ қатынасына қарай сұраулы сөйлемдер тіке және қарсы сұрақты болып бөлінеді.

Тіке сұрақта сөйлесушіге ақиқат сұрақ қойылып жауап алынады. Қарсы сұрақта алдыңғы кісінің сөйлемдерінде қолданған кейбір сөздерді өзі сұрап тұрған тыңдаушы тұрғысынан қайталап отырады.

Сонда байыған соң не қылар ең?

Мен бе? – деп, жігіт ойланып қалды.

2. Демеу мәнді сұраулы сөйлем. Демеу мәнді сұраулы сөйлемдер диалогта қолданылады. Олар сөйлесуші жақтың көзқарасын анықтау тұрғысынан жұмсалып, айтушының оны іске қосудағы басым не үстеме бір талап тілегін білдіреді. Жеңеше, сабыр етіңіз, Әбіштей баласы бар шеше жылай ма екен? – деді. Мұндай сөйлемдерде ІІ жақты жауап беруге ғана емес, жанама түрде іс істеуге көндіру тұрғысынан да жұмсалады.

3. Риторикалық мәнді сұраулы сөйлемдер. Ой мазмұнын эмоциялық, экспрессивтік мағынада білдірудің әдеби тілге тән негізгі бір синтаксистік-стильдік амалы. Риторикалық сұраулы сөйлемдер белгілі бір сөйлеу мазмұнына тыңдаушыны сендіру үшін не оның назарын аудару үшін айтылады: алдыңғы жағдайда хабар-лепті сөйлем ретінде жұмсалып, байымдауды білдіреді. Соңғы жағдайда оның жұмсалып, байымдауды білдіреді. Соңғы жағдайда оның мәні сұраулы сөйлем ретінде жұмсалып жеке бір іс-әрекет, болмыс туралы сұрақты білдіреді.

1) Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек?

2) Мен сіздерден не талап етемін? Алдымен,...

Бұйрықты сөйлемдер

Бұйрықты сөйлемдер сөйлесуші адамдарға қандайда болмасын істі істеуі не істеткізуі өнінде айрықша ықпал жасау үшін айтылады. Бұйрықты сөйлемдер диалогта қолданылады, публицистикалық стильмен байланысты кейде монологта да қолданылады.

Бұйрықты сөйлемдер басым интонациямен айтылады. Мұнда да ерекшелік бар: сөйлем не бәсең ырғақ арқылы не көтеріңкі ырғақ арқылы тиянақталып жұмсалады. Бұйрықты сөйлемдер белгілі бір грамматикалық тәсіл-жүйеде қалыптасады:

а) етістіктің бұйрық райы арқылы жасалады. Әсіресе ІІ жақта бұйрық етістікті сөйлемдердің мазмұны нақтылы да басым мағынада беріліп тұрады.

- Тараңдар! Тастаңдар жалғыз ұлықты! – деді (Әуезов).

Сөйлем мазмұны тілек, алыну, ескерту, қауіп, сес білдіру мағыналарында берілгенде, бұйрық етістік баяндауыштар кейде -шы/-ші қосымшалы болып келеді.

Иә, қоя тұрсаңшы, Зайкүл, - деді оған Майра, - Ағайдың әңгімесін айтсаңызшы (Нұршайықов).

ә) етістіктің шартты, қалау, ашық рай тұлғалары арқылы қалыптасады.

1) Шартты райға + сен-ші немесе -йшы/-йші тұлғасы жалғанады. Шешінсейші, шай қояйын, - деді Хадиша (Шашкин).

2) -айық, -ейік, -йық/-иік+шы/ші

Күләнда, мына үйдің ішін жинастырайықшы, - деп, түрегелді (Т.Ахтанов).

б) Баяндауыштың алдыңғы компоненті етістік + керек, қажет, шарт, тиіс, жөн, мақұл, дұрыс т. б. сөздер. Мұндай құрылымды баяндауышты сөйлемдер жақсыз сөйлем болып, грамматикалық субъект І жақта қатысты болып, берілу мазмұнына қарай хабарлы сөйлем болады. (Менің баруым керек. Маған бару керек). Ал грамматикалық субъект басқаша жақтық құрылымда болса, іс-әрекеттің бұйрықтық мағынада берілуі басымдау болып келеді.

в) Бұйрықты сөйлем қызметтерінде әй (ей), жә, сап-сап, сабыр, тек, тәйт, тсс, мә деген одағайлар да жұмсалады.

- Тсс, Давыдов келе жатыр!

Бұйрықты сөйлемдер мазмұны жағынан да, оның берілу сипаты жағынан да біркелкі емес. Олар нақты бұйрық пен бірге сөйлеу ситуациясына қарай кейде кеңес білдіру (әсемпаз болма....) ұсынас жасау (Бүгін киноға барайық), ескерту жасау (Осыған ұқыпты бол, келін), тілек, өтініш, жалыну мәнді (Жастар да аман болсын, сіз де аман болыңыз. Тығыз шара қабылдауыңызды өтінемін) болып та жұмсала береді. Бұйрық сөйлемнің осындай мағыналарын нақтылы тұлға-құрамына қарап ажырату мүмкін бола бермейді. Оларды белгілі бір сөйлеу жағдайында қолданушыға қарай, соған сәйкес, өзіндік құрылымы мен басқа да айтушы сөздеріне қарай анықтауға болады.

Лепті сөйлемдер

Сөйлемдер дүниедегі болмыс туралы пікірді хабарлап қана қоймайды, ол сөйлеушінің болмысқа қатысты эмоциясын да білдіреді. Сөйлеушінің эмоциясын қоса білдіріп, арнайы лептік интонациямен айтылатын сөйлемді лепті сөйлем дейміз.

Лепті сөйлемді сөйлемнің қай тобына жатқызу жөнінде ғалымдар арасында пікірталастар болды. Ғалымдардың бір тобы мұны сөйлемнің айтылу мақсатына қарай бөлінген тобына қосса, екінші бір тобы оны басқа топқа жатқызады. Соңғы пікір бойынша, сөйлемдерді лепті, лепсіз, яғни эмоциялы, эмоциясыз деп бөлу өз алдына бір принципке сүйенеді. Бұл топтау сөйлемдердің мазмұнына эмоцияның қатысуына, қатыспауына және эмоцияны білдіретін формаларының көріну, көрінбеуіне негізделеді.

Сөйлеуде сезімді білдірудің негізгі құралы дауыс ырғағы болғандықтан, сезім мақсатына сай хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдерге де лептік интонация қосылып, лепті етіп айтыла береді.

Лепті сөйлем жасауда интонациямен қатар одағайлардың да қызметі мол. Одағайлардың өзі – басқа сөз топтарымен салыстырғанда әуезділік, ырғақ, сезімдік құбылмалылық пен көтеріңкі интонацияға бай сөздер. Олар лепті сөйлем құрамына енгенде, олардың эмоциялық мағыналары сөйлем мағынасымен ұштасады.

Қорқу, сескену, аяу, өкіну, таңырқау сияқты кісінің көңіл-күйін білдіретін сөйлемдердің баяндауышының құрамында -ау, -ай демеуліктері айтылады. Апырай, желісінің қаттысын-ай! (Ғ.Мүсірепов).

баяндауыштары етістіктің шартты рай тұлғасында айтылып, бірдеңені көксеу, арман ету мағынасында лепті сөйлемдер жасалады. Шіркін, тезірек ауылға барсам!

Өткен шақ есімшеге екен көмекші етістігі қосылып, өкініш мәнді лепті сөйлемдер жасалады. Балаңды кеше жібермеген екенсің де!

Масаттану, мақтан ету мағынасындағы лепті сөйлемге қандай, ғажап, неткен, болғанда қандай деген сөздер қатысу арқылы жасалады. Айналаға қарасам, елім қандай тамаша!

Тұлғасы сұраулы сөйлемдер де кейде экспрессивті мағынада лепті болып жұмсалады. Шіркін, Көкшетау! Дүниеде сендей жер бар ма екен! (С.Мұқанов).

Лепті сөйлемнің төмендегідей түрлері бар: Құрамы ағынан бейімделген лепті сөйлемдер; баяндауыш мүшенің формасы арқылы қалыптасқан лепті сөйлемдер; үстемелеу амалы арқылы жасалған лепті сөйлемдер; реплика ретіндегі лепті сөйлемдер; ренішті, сесті білдіретін лепті сөйлемдер.

Лепті сөйлемдер эмоциялық бояуы мол сөйлем болғандықтан, пгоэзия мен публицистикада, ауыз екі сөйлеу стилінде кең қолданылады. Ал іс қағаздары мен ғылыми стильде лепті сөйлемдер кездеспейді.

Болымды, болымсыз сөйлемдер

Сөйлемдерді болымды, болымсыз деп бөлу - болмыс пен ақиқат шындықтың қарым-қатынасының көрінісіне, грамматикалық сипатына байланысты. Осыған орай, тіл ғылымында ғалымдардың бір тобы мұны модальдіктің көрінісі деп түсіндірсе. (Галкина-Федерук, Пешковский, Шапиро, Адмони, Төлегенов, Балақаев) бір тобы сөйлемдердің болымды, болымсыз болып бөлінуін дербес грамматикалық-семантикалық дәрежедегі бөлініс деп түсіндіреді (Кононов, Шендельс И. Е., Р. Әміров т. б.).

Болымды сөйлемдерде істің болатындығы хабарланса, болымсыз сөйлемдерде істің болмайтындығы айтылады. Тіліміздегі барлық сөйлемдер осы сияқты екі түрлі синтаксистік құрылымның бірінде беріледі. Болымсыз сөйлемнің айырмашылығы – оның баяндауышының грамматикалық формасында. Болымсыздық мағына білдіру үшін сөйлем баяндауышы арнайы грамматикалық өзгеріске түседі. Мен келдім-келмедім. Мен келген жоқпын.

Болымсыз сөйлемдер төмендегідей грамматикалық формалар арқылы жасалады.

Баяндауыштары -ма/-ме тұлғалы болымсыз етістіктерден жасалады.

Есім, есімдерден болған баяндауыштар құрамында емес деген көмекші етістік жұмсалады.

Жоқ сөзі баяндауыш қызметінде күрделі баяндауыш құрамында айтылу арқылы да болымсыз сөйлем жасалады.

–сыз, -сіз тұлғалы сын есімдер баяндауыш қызметінде жұмсалғанда сөйлемнің мазмұны болымсыз болады.

Кейбір сөйлемнің тұлғасы болымды, мазмұны болымсыз ыңғайда айтылады. М. – Үйге келуді қойды – келмейді. Мұнда сөйлемдерді О. Төлегенов 1) риторикалық сұрақты болымсыз сөйлемдер, 2) айрықша интонация арқылы қалыптасқан хабар лепті сөйлемдер деп бөліп қарастырады.

Мысалы: Өлең табылса да, көңіл табыла бере ме? Тынығу қайда?

Мыналар сені, тыныш жатқызар.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 4356; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.077 сек.