Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Баяндауыш 6 страница




Төртіншіден, құрмалас сөйлемнің өзіндік интонациясы болады. Құрмалас сөйлем компоненттері арасында интонациялық кідіріс болатыны белгілі. Бірақ ол интонациялық кідіріс сөйлемді жеке синтаксистік тұлға бірліктерге айырып, олардың әрқайсысын тиянақтап тұрмайды, ол предикативтік сыңарларын бір-бірімен байланысытырып, құрмалас сөйлемге тән мағыналық-құрылымдық тұтастықты, сол арқылы ой бірлігін қамтамасыз етіп тұрады. Сондықтан құрмалас сөйлем компоненттерінің арасындағы интонацияны ажыратушы емес, жалғастырушы, ұластырушы интонация деуге болады. Ол интонация құрмалас сөйлем компоненттерін әрі ажыратып, әрі байланыстырып, екі жақты қызмет атқарып тұрады. Бесіншіден, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын лексикалық-семантикалық, грамматикалық амал-тәсілдер болады. Қазақ тілінде олардың тұтас бір қалыптасқан жүйесі бар.

Ең алдымен, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын жай-олардың мағыналық жақындығы. Компоненттер арасында мағыналық жағынан жақындық, іліктестік қатынас болмаса, олар құрмалас құрамына еніп, бір бүтін болып тұра алмайды. Құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын арнайы грамматикалық тәсілдер болады. Оларға компоненттерінің бірінің баяндауышының тиянақсыз тұлғалары жатады: көсемше, есімше, шартты рай тұлғалары, септік жалғаулары, кейбір жұрнақтар мен көмекші сөздер тобы. Бұлар-синтетикалық тәсілдер. Бұл жігіттерді бөгей алмасын сезіп, Омар да ас үйге қарай кетті (Мүсірепов).

Құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыруда интонация мен компоненттерінің орналасу тәртібінің ерекше маңызы бар. Құрмалас сөйлем мәселесінде интонация тұтастығы барлық жағдайда да ерекше мәнді. Құрмалас сөйлем компоненттерінің белгілі орналасу тәртібі бар: баяндауыштары тиянақсыз тұлғаға аяқталған компоненттері әдетте алдыңғы шепте орналасады да, баяндауышы тиянақты тұлғадағы компонентін байланыстырып, оларды бір бүтіннің құрамына біріктіреді.

Сонымен, құрмалас сөйлем құрамындағы предикативтік компоненттер екі не одан көп жай сөйлемнің жай ғана тіркесі ретінде қаралмайды, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа түсіп, соның нәтижесінде бір компоненті мағыналық, құрылымдық, интонациялық тиянақтылықтан айырылып қалып, екіншісіне тәуелді болады. Сондықтан құрмалас сөйлем компоненттері өз бетінше дербес қарым-қатынас бірлігі ретінде қаралмайды. Олар тұтас бірлікте ғана қарым-қатынас құралы бола алады. Демек, құрмалас сөйлем компоненттері дербес жай сөйлемдермен бірдей емес, олар бүтіннің бөлшегі ғана.

Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келсек, мынадай қорытындыға келуге болады: жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-біріне ұқсас жақтары да бар, сонымен қатар бір-бірінен түбірлі айырмашылықтары да бар. Ұқсас жақтары: 1) жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де тілдің қарым-қатынас бірлігі, атқаратын қызметтері бірдей; 2) жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де предикативтік қатынасқа ие, олар сөйлемдік қасиетке ие предикативтік орталықтан тұрады; 3) жай сөйлемде де, құрмалас сөйлемде де тиянақты интонация бар: ол сөйлемді аяқтап тұрады. Айырмашылықтары: 1) жай сөйлемде бір ғана предикативтік орталық болса, құрмалас сөйлемде екі не одан да көп предикативтік орталық болады; 2) жай сөйлемде бір ғана ой берілсе, құрмалас сөйлемде күрделі ой беріледі; 3) жай сөйлемдегі тиянақсыз интонация сөйлем мүшелерін мағыналық топтарға бөліп тұрса, құрмалас сөйлемде предикативтік топтарға бөледі.

Сонымен, құрмалас сөйлем деп екі не одан да көп предикативтік компоненттердің өзара лексика-семантикалық, грамматикалық тәсілдердің көмегімен мағыналық, құрылымдық, интонациялық біртұтастық жасап бірігуі арқылы күрделі ойды білдіруге қызмет ететін коммуникативтік бірлік түрін айтамыз.

Салалас құрмалас сөйлемдер

Құрмалас сөйлемнің түрлері.Салалас құрмалас сөйлемге жалпы сипаттамаСалалас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдарыСалалас құрмалас сөйлемнің түрлері.

Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемді таптастыру А. Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады. Ол “Сөйлем жүйесі мен түрлері” атты еңбегінде құрмаластарды алдымен сыйыса құрмаласу (қазіргі бірыңғай мүшелі сөйлемдер) және қиыса құрмаласу (қазіргі салаластар мен сабақтастар) деп жіктесе, Қ. Жұбанов салалас және сабақтас деп,

С. Аманжолов төртке бөледі: салалас, сабақтас, аралас және тиянақты басыңқысыз құрмаластар.

Құрмалас сөйлем синтаксисін арнайы зерттеген Н. Сауранбаев соңғы топтастыруында құрмаластарды төртке бөледі: салалас, сабақтас, аралас, және үйірлі мүшелі сабақтастар. С. Жиенбаев құрмаластың тек салалас, сабақтас деген екі түрінің бар екенін, ал аралас құрмаластың өз алдына бір бөлек заңдары жоқ екенін көрсетеді. Лингвистикалық ғылымда құрмалас сөйлемдерді топтастыру принциптерінің бірнеше түрі қолданылып келеді. Олардың негізгілері: дәстүрлі және құрылымдық-семантикалық. Дәстүрлі немесе логика-грамматикалық топтастыру бойынша құрмалас сөйлемдер: салалас, сабақтас, аралас болып үшке бөлінеді. Құрылымдық-семантикалық топтастырудың негізінде құрмалас сөйлемдер жалғаулықты және жалғаулықсыз болып жіктеледі. Құрмалас сөйлемдер құрамындағы предикатив сыңарларына қарай екі құрамды және көп құрамды болып жіктеледі. Екі құрамды құрмаластар салалас және сабақтас болып жіктелсе, көп құрамды құрмаластарды көп компонентті салалас, аралас және көп бағыныңқылы сабақтас деп бөлу дәстүрі бар.

Салалас пен сабақтастың арасындағы айырмашылық - олардың компоненттерінің құрмаласу тәсілінде, мағыналық байланыстарында, интонациялық құбылыстарында, компоненттерінің негізгі екі мүшесінің бір-бірімен синтаксистік қатынастарында, әсіресе компоненттердің баяндауыш формасында. Құрмалас сөйлемнің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің арасында мынадай өзгешеліктер бар:

Салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары тиянақты формада айтылады да, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің алдыңғылары тиянақсыз формада айтылып, тек соңғысы ғана тиянақты формада болады. Салалас құрмаластың баяндауыштары тең дәрежеде, теңдік қатынаста тұрып, салаласа байланысса, сабақтас құрмаласта бағыныңқы компонент баяндауышы басыңқы компонент баяндауышына бағына байланысады.Салалас құрмаластың жай сөйлемнен кейін болатын интонациялық кідірісі едәуір тиянақты болады да, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы интонация тиянақсыз, елеусіз болып келеді. Салалас құрмалас компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыса байланысса, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыспайды.

Салалас құрмалас сөйлем компоненттерін бір-бірімен құрмаластыру үшін жалғаулық шылаулар қолданылады, ал сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерін құрмаластыруда септеулік шылаулар қолданылады.Салалас құрмалас сөйлемнің 1-компоненті 2-компонентке тәуелсіз, оның ішіндегі мүшелерге байланыссыз болып келсе, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағынышты компоненттерінің көпшілігі өзі жетектеліп тұрған компоненттің белгілі бір мүшесіне тәуелді болып, соны түрлі жағынан айқындап, тұрлаусыз мүше тәрізденіп кетеді.

Жоғарыдағы белгілері негізінде салалас құрмаласқа мынадай анықтама беруге болады: предикатив сыңарларынаң баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп, белгілі бір лексика-грамматикалық тәсілдер арқылы мағыналық, құрылымдық және интонациялық тұтастық құрайтын құрмалас сөйлем түрін салалас құрмалас сөйлем дейміз. Салалас құрмалас сөйлем жасалуының негізгі 2 түрлі тәсілінің болатындығын, оның бірі жалғаулықтардың дәнекерлігі, екіншісі-жалғаулықсыз, жай сөйлемдердің бір-біріне тіркесе, іргелесе айтылуы арқылы, яғни жалғаулықсыз құрмаласатыны 1939 жылы жарияланған “Қазақ тілінің грамматикасы” атты оқулықта дәлдеп көрсетілді. Кейбір зерттеушілердің жалғаулықсыз салаласты салалас құрамына қоспай, құрмаластың дербес бір түрі деуіне қарамастан, кейінгі зерттеулердің барлығында да салаласты жалғаулықты, жалғаулықсыз деп бөлу дәстүрге айналды. Демек, салалас құрмалас сөйлемдер компоненттерінің байланысу тәсілдерінің негізгі екі түріне қарай жалғаулықты және жалғаулықсыз салалас болып бөлінеді.

Салалас құрмаластың түрлерін саралауда қазақ тіл білімінде әртүрлі пікірлер болды. А. Байтұрсынұлы салаластарды бес түрге бөлді: жиылыңқы, қайырыңқы, айырыңқы, сұйылыңқы, қойылыңқы. Ал

Қ. Жұбанов топтамасы қазіргі қазақ тіліндегі құрмалас сөйлем түрлерін саралауға негіз болды: ыңғайлас салалас, ереуіл салалас, талғама салалас, себеп-салдар салалас, шарт-жағдай салалас. Кезінде Н. Сауранбаев көрсеткен іргелес салаластар қазір жалғаулықсыз салалас ретінде қарастырылады.

Компоненттерінің мағыналық қатынасы жағынан алғанда, қазақ тілінде салалас құрмалас сөйлемнің 8 түрі бар. Олар:

Мезгілдес салаласСебептес салаласҚарсылықты салаласТалғаулы салаласКезектес салаласТүсіндірмелі салаласСалыстырмалы салаласШартты салалас.

Бұлардың мезгілдес, себептес, қарсылықты түрлері жалғаулықты да, жалғаулықсыз да болып келеді, ал талғаулы және кезектес түрлері тек жалғаулықты, ал түсіндірмелі, салыстырмалы, шартты түрлері жалғаулықсыз айтылады.

Салалас құрмалас сөйлемнің түрлері

Мезгілдес салалас сөйлем қазақ тілінде жазылған тұңғыш оқу құралынан, яғни А. Байтұрсынұлының “Тіл құралынан” бастап сөз болып келеді. Бұл еңбекте салаластың бұл түрі “қиысуы бірыңғай, біртектес жайылыңқы сөйлем ” деп аталған. С. Аманжолов, Н. Сауранбаевтар авторлығымен 1939 жылы шығарылған “Қазақ тілінің грамматикасы” атты оқулықта “Тіркес салалас” деп аталып, “мұндағы ой бір-біріне тіркесе айтылады” деп анықтама берілген. Бұдан кейінгі жылдардағы зерттеулерде салаластың бұл түрі бірде “ыңғайлас”, бірде “мезгілдес” деген атаумен аталып келеді. 1961 жылғы Т. Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тілі” оқулығынан бастап “мезгілдес салалас” деген атау тұрақталды.

Предикатив сыңарлары ыңғайлас, біртектес оқиға, құбылыстарды не бір мезгіл ішінде жүзеге асып жатқан іс-әрекеттерді бейнелейтін салалас сөйлемнің түрін мезгілдес салалас деп атаймыз. Мезгілдес салалас сөйлем құрамына енетін жай сөйлемдер бір-бірімен да, де, және, әрі жалғаулықтары арқылы да, жалғаулықсыз да құрмаласады. Мысалы: Келгендер арасында Абай бұрыннан білетін Дәндібай, Еренай сияқты қарттар бар және түстері жүдеу, ашаң тартып сұрланған, киімдері жыртық екі-үш орта жасты адам бар (Әуезов). Осыдан кейін қалай қимылдайтындарын түсінісіп алды да, Байжан көк жорғамен ілгері асып кетті (Мүсірепов). Қаңтарулы аты қасында, қамшы мен шылбыр белінде (Мүсірепов). Әбіштің сөздерінде әрі саяси шеберлік бар, әрі Семейдің үркек, қорқақ чиновниктерін сескендіру де бар (Әуезов).

А. Байтұрсынұлы еңбектерінде себептес салалас деген сөйлем түрі жоқ. Салаластың осы түріне жатқызылуға тиісті сөйлем “себеп пысықтауыш бағыныңқы” деп аталған. Салаластың аталмыш түрі 1936 жылы жарияланған оқу бағдарламасында тұңғыш рет сөз болады.

Себептес салалас сөйлем деп компоненттері бір-бірімен себептестік қатынаста тұратын құрмалас сөйлемді айтады. Себептес салалас сөйлем өйткені, себебі, сондықтан, сол себепті деген жалғаулықтардың дәнекерлігі арқылы да, жалғаулықсыз да жасалады. Мысалы: Бұл мәжіліс жаздай асыл аға, үлкен ұстаз болған Біржан мен Тобықты жасының айрылар мәжілісі еді, сол себепті өзге әнші жастардың бәрі де өз өнерін көрсетпек керек. Екі жас жігіттің мезгілсіз, түнделетіп жүргені сезікті көрінеді, бұлар Тезектің Қарашоқысын бауырлап жазықпен тартты

(Әуезов).

Себептес салаласты байланыстыратын жалғаулықтарды мағына жағынан 2 топқа бөлуге болады. Егер құрмаластағы екі компонент сондықтан, сол себепті жалғаулықтарымен байланысса, алғашқы компонентте іс-оқиғаның себебі, соңғысында соның салдары беріледі. Ал екі компонент өйткені, себебі жалғаулықтарымен байланысса, алғашқы компонентте іс-оқиғаның салдары баяндалып, соңғысында оның себебі баяндалады.

Компоненттеріндегі іс-оқиға бір-біріне қайшы мәнде тұратын салалас сөйлемнің түрі қазақ тілінде жарық көрген алғашқы зерттеулерден бастап сөз болып келеді. А. Байтұрсынұлы еңбегінде салаластың бұл түрі “қайырыңқы салалас” деп аталып, оған “соңғысы алдыңғы сөйлемге қарсы мағыналы болып қиысады” деген анықтама берсе, 1936 жылы жарық көрген оқу бағдарламасында салаластың бұр түрі “ереуіл салалас” деп аталған да, ол бірақ, сонда да, сөйтсе де, дегенмен, қайта деген дәнекерлер арқылы жасалады деп анықтама берілген.

Қарсылықты салалас сөйлем деп құрамындағы компоненттерінің мағыналары бір-біріне қарама-қарсы келетін салаластың түрін айтамыз. Салаластың бұл түрі бірақ, дегенмен, алайда, сонда да, солай болса да, сөйтсе де, әйткенмен, әйтпесе деген жалғаулықтардың дәнекерлігі арқылы да, жалғаулықсыз да жасалады. Мысалы: Кіршіксіз таза көңілдің бар қиялы осы ғана, бірақ екеуінің арасына өмірдің үлкен бөгеттері, қарсылығы кеп төнді. Ербол алып қашты, бұл жолы “қой” алу оңай болған жоқ (Әуезов).

Қарсылық мәндегі жалғаулықтардың бір-бірінен мағыналық айырмашылығы жоққа тән, олар бірінің орнына екіншісі қолданыла алады. Компоненттері жалғаулықсыз байланысқан қарсылықты салаластың көпшілігіне жалғаулықты қойып айтуға да болады. Қарсылықты салаластың жалғаулықты түрі мен жалғаулықсыз түрі арасында ешқандай өзгешелік жоқ, бұл екеуі қарсылықты салалас деген атпен аталатын бір ғана сөйлем компоненттерінің құрмаласуындағы 2 түрлі тәсіл ғана.

Үнемі жалғаулықты қолданылатын салалас сөйлемдерге талғаулы және кезектес салаластар жатады. Компоненттеріндегі іс-әрекет, жай-күйлер таңдалып, сараланып, бірі болмаса, бірі орындалатыны сұрыпталып берілетін құрмалас сөйлемдер талғаулы салалас деп аталады. Салаластың бұл түрі А. Байтұрсынұлы еңбегінде “айырыңқы салалас” деп аталса, Қ. Жұбановтың басқаруымен 1936 жылы шығарылған мектеп бағдарламасында “талғама салалас” деп аталған. Талғаулы салаластың мағыналық жағынан да, жасалуы жағынан да бір ізге түсуі 1939 жылы шығарылған “Қазақ тілінің грамматикасы” атты оқулықтан басталады. Іс-әрекеттің бірі болмаса бірі міндетті түрде орындалатынына әр сыңар сайын қайталанатын жалғаулықтардың рөлі ерекше, егер олар болмаса сөйлем өз мәнінен айрылып, белгілі мақсатқа құрылған ой бейнеленбеген болар еді. Талғаулы салаластарды жасауға сол мәнді туғызушы жалғаулықтар тобы қатысады. Ондай жалғаулықтарға: не, немесе, не болмаса, я, яки, әйтпесе, әлде, мейлі жатады. Мысалы: Күндіз ылғи ұзақ жырлар жырланады немесе әредікте шешендер, ділмарлар айтқан тақпақ, тартыс, билік, даулар айтылады (Әуезов). Кезектес салалас сөйлем деп құрамына енген жай сөйлемдердің мағынасынан байқалатын іс-әрекеттің бірінен соң бірі кезектесіп болып отыратындығын білдіретін салалас құрмалас сөйлемді айтамыз. Кезектес салалас сөйлем компоненттері бір-бірімен бірде, біресе, кейде деген кезектестік мәндегі жалғаулықтар арқылы құрмаласады. Мысалы:

Кезектес мәндегі жалғаулықтардың бір-бірінен айтарлықтай мағына өзгешеліктері жоқ, сондықтан олар бірінің орнын екіншісі ауыстыра береді және ондай ауыстырудан сөйлем мағынасына ешқандай нұсқан келмейді. Салыстырмалы салалас сөйлем құрмаластың бір түрі ретінде

Т. Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тілі” оқулығынан бастап қолданылып келеді. Үнемі жалғаулықсыз қолданылатын салаластың бұл түріне антитеза немесе аналогия ретінде алынған 2 түрлі субъектінің іс-әрекеттерін, қасиеттерін, жай-күйлерін салыстыра баяндайтын сөйлемдер жатады. Олар негізінен мақал-мәтелді сөйлемдерді жиі кездеседі. Мысалы: Тозар елдің жанжалы бітпес, озар елдің арманы бітпес. Саналы адам сағыңды сындырмас, санасыз адам жағыңды тындырмас.

Түсіндірмелі салалас сөйлем құрмалас сөйлемнің бір түрі ретінде

Т. Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тілі” (1961 ж.) бастап қолданылып жүр. Түсіндірмелі салалас сөйлемде бірінші компонент жалпылық мәнде айтылады да, кейінгі компонентте оның мәні, себептері сараланып ашылады, талданып түсіндіріледі. Түсіндірмелі салалас алғашында іліктес, анықтамалы болып әртүрлі аталып келді. Жасалу жолдары:

Алғашқы компонентінің баяндауыштары сол, сондай, сонша есімдік, үстеу сөздерінің қатысы арқылы жасалады.

Алғашқы компонентінің құрамында мынадай жалпылауыш сөзі қолданылады. Кейде ол сөз жасырын тұруы да мүмкін.

Алғашқы компонентінің баяндауыштарында түсіндірмелі мәндегі есім, етістік сөздер де қолданылады.

Мысалы: Балалар ол ұяға барудың да әдісін табады: сирағын қияққа тілдірмеу үшін олар аяғына жас қоғажайдан етік өріп алады, қолына қоғажайдан қолғап өріп киеді (Мұқанов).

Құрамындағы жай сөйлемдерінің мағыналары өзара шарттас болып келетін салалас құрмалас сөйлем шартты салалас деп аталады. Шартты салалас сөйлемдер 2-компоненттегі әрекеттің болу-болмауына 1-компоненттегі әрекет шарт болып келеді. Мысалы: Осыдан келіп көр, жазаңды менен аласың (Мұқанов). Бермесің бар, ол кедейді неге әуре қыласың (Майлин).

Салалас құрмаластың түрлері

Салаластың түрлері Жалғаулықтары Жалғаулықты Жалғаулық сыз
1. Мезгілдес салалас     Да, де, та, те, әрі, және Құнанбай тез бұрылып сәлемдерін алды да, қысқа ғана амандық сұрады. Қадырбай мен Қуандық мына сөздің тұсында бір-біріне қарасты, іштен ұғысқандай болды.
2. Себептес салалас     Сондықтан, сол себепті, өйткені, себебі Қолымда әмір құдіретім жоқ, сондықтан істей алар шарам да жоқ. Бұрын өз тұсында мұндайлық істі істемеген Құнанбай басқа қырға мінді, Жігітектің мына жастары бастаған істің түбінен ол аса қатты сескенген.
3. Қарсылықты салалас     Бірақ, дегенмен, әйтсе де, алайда, солай болғанмен Көштер қиыс өтіп кетіп еді, бірақ бұл топ әлі асыққан жоқ. Бірнеше күн бұрын жұрттың қозғалысында бір асығыстық бар еді, қазір ол жоқ.
4. Талғаулы салалас     Не, мейлі, немесе, я, яки, я болмаса, әлде, мейлі Бұл жерде не шөп жоқ, не қамыс жоқ.  
5. Кезектес салалас     Бірде, біресе, кейде   Ойы дана, мінезі майда, жолы даңғыл қарт ақын Абайдың бұрын көрген ақындарына кейде ұқсайды, кейде ұқсамай кететін сияқты.  
6. Салыстырмалы салалас     - - Білген адам тауып айтады, білмеген адам қауып айтады.
7. Түсіндірмелі салалас     - - Менің сендерге берген парам сол: дәл сол Құнанбай баласы да өзіміздей адам баласы екенін таныттым.
8. Шартты салалас     - - Осы жолмен жүре бер, алдыңнан бұлақ кездесер.

Көп компонентті салалас сөйлемдер

Тілімізде ойлаудың табиғаты күрделене түсуіне байланысты соңғы кездері 2 компонентті құрмалас сөйлеммен қатар көп компонентті құрмалас сөйлемдер қатары көбейе түсті. Қазақ тіл білілімінде көп компонентті құрмалас сөйлемдер туралы алғашқы пікір айтқан А. Байтұрсынұлы болатын. Ғалым мұндай құрылымдағы сөйлемдерді “өрнекті сөйлемдер” деп атап, оған мынадай анықтама береді: Өрнекті сөйлем деп құрмалас сөйлемнің бастары қосылып, кестелі болып құрылуын айтамыз. Ондай сөйлемдер нақ текеметке, я кілемге салынған түр сияқты болғанмен, өрнек өрнегімен айтылады. Өрнекті сөйлемді айтқанда дауыс көтеріліп, төмендеп әнше оралып, қайырылып отырады. Сондықтан өрнекті сөйлем оралым деп аталады.

Үш немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, компоненттерінің баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп, өзара теңдік қатынаста тұрып байланысқан көп компонентті құрмалас сөйлемнің түрін көп компонентті салалас құрмалас деп атаймыз. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің негізгі бөліктері өзара екі түрлі мағыналық қатынаста тұрады: 1) бірыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер, 2) әрыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер. Бірыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер дегеніміз - жеке сыңарларының аралығындағы мағыналық қатынастың біртектес болып келуінен түзілген сөйлем түрі. Демек, алғашқы екі сыңар аралығында болатын бір мағыналық қатынас (мезгілдік, түсіндірмелі, қарсылықты және т.б.) келесі сыңарлар аралығында да, болмаса бірінші сыңар мен соңғы сыңарларды өзара байланыстыруда да сақталады. Мысалы: Елегізер жел де жоқ, елең етер үн де жоқ, айналаң тым-тырыс, тыныштық.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-02; Просмотров: 2511; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.036 сек.