Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Сіздерден медет тілеймін. 3 страница




Бақсының ойыны міндетті түрде үй ішінде өткерілетін (далада, ашық аспан астында ойын өткізілгені жөніндегі дерек кездеспейді). Ойынды көруге үлкен-кіші, ұрғашы-еркек деп бөлінбей, түгел қатыса беретін. Бірақ ол үшін балиғатқа толған жастар мен үлкендер жағы тазаланып келу шарт[431].

 

Бақсы біліп қояд деп,

Дәретін жөндеп алады[432].

 

«Дәрет алу» шамандықтың мұсылмандықпен астасқан бір қыры екендігі даусыз. Мұсылмандық жетпеген Сібір шамандығында мұндай рәсім болмаған. Көрермендер үй ішін шыр айнала отыратын. Сыймағандар жабықтан сығалап, қызықтайтын. Бақсының ойыны өзінің атынан да көрініп тұрғандай, кішігірім театрдың немесе цирктің қызметін атқаратындықтан оған қатысушылар бақсыға болысып, жын қуу үшін ғана келмейді, барды-жоқты жақсысын киініп, көңіл көтеру үшін де жиналған. Мұнда әртүрлі эротикалық қимылдар да көрсетілетіндіктен (айталық, кейбір бақсы жолбарыс болып арқырап, әйелдердің үстіне асылатын немесе олардың ұятты жеріне қол жүгіртетін), бай-мырзалар ондай жерге бойжеткен қыздарын жібермеуге тырысатын. Ойын, әдетте, кешқұрым басталатын. Оған дейін бақсы арнайы даярланған дәмге отырады.

Бақсы ойынының іңірге қарата өткерілуінің себебі мынада. Жындар өмірі адамзат өміріне қарама-қайшы бағытта дамиды деп саналған. Адамның тіршілігі, қарекеті жарық дүниеге қатысты болса, жындардікі, керісінше, қараңғылық әлеміне байланысты. Жындар кешке қарай қимыл-қозғалысқа түсіп, адамдарға деген қастандық әрекетін көбінесе түнгі уақытта іске асырады. Яғни шаманизмге тән жалпы сенім бойынша, жындар түнде жортып, күндіз тынығады. Сондықтан Азияның, Африканың, Австралияның, Солтүстік Американың байырғы халықтарындағы бақсы (шаман) атаулы жындармен негізінен түнге қарай алысады.

Бақсы ойыны өткеріліп жатқан үйде ошақта жанып жатқан оттан ғана көмескі сәуле шашырайды[433]. Ошаққа қазан көтерілсе, астындағы отқа кетпен, күрек немесе басқадай темір заттар тасталып қыздырылатын.

Жын келгенде күркіреп,

Қызып тұрсын дайын деп,

Отқа темір салады, –

 

деген өлең жолдарында да отқа темір салу рәсімі анық көрінеді. Қыздырылған темір әлтаман бақсы ойыны кезінде қажет. Одан басқа нәрселер де даярланатын.

Бақсы ойынына жұрт жиналып болған соң есік жабылып, тұтқасы жіппенен байланып тасталатын. Оның себебі бақсыны жындары қысқан кезде қаскөй зиянкестер сырқаттың жанын есіктен ала қашуы мүмкін деп саналған [434].

Ауырған адам, әдетте, ортада аяқ жағын отқа қарата жататын [435], не отыратын. Бақсы 2-2,5 қадам мөлшерінде оған қарама-қарсы отырады. Астына кілем төселеді (жоқ болса: сырмақ, көрпе). Сырқаттың үстіне мата жауып қоятын [436]. Мата жабу салты Орта Азия шаманизмінде кең өріс алғаны белгілі [437].

Бақсы сарыны. «Сарын» терминін ғылыми әдебиетте тұңғыш қолданған Шоқан Уәлиханов болатын. Ол бақсының ойыны кезінде қобыздың сүйемелімен орындалатын өлеңді «сарын» дейтінін 1854-1855 жылдар шамасында жазған [438]. Алайда, «сарын» сөзі халықтық терминологияда бақсыға қатыссыз да қолданыла беретінін ескерген жөн. Айталық, осы термин үйлену салтына қатысты фольклор құрамында да [439], ақындар поэзиясында [440] да кездеседі, бүгінгі фольклортану ғылымында «мотивтің» баламасы ретінде де пайдаланылады.

Бақсы сарындарын дін салтына қатысты десек те, наным-сенімдерге қатысты десек те айырмашылығы жоқ: екеуі бір ұғымды білдіреді. Егер нақтылай айтсақ, бақсы сарыны шаманистік салттардың құрамына енетін поэтикалық пішін болып табылады.

Бақсының сарындары ертегі, батырлық жыр немесе мақал-мәтел сықылды кез келген сәтте орындала бермейді, белгілі бір ғұрыпты атқару кезінде ғана орындалады және оны орындайтын кісі – бақсы ғана. Бақсы сарыны бақсы ойынының үстінде орындалады, сондықтан ол бақсы ойынының ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл бөлік басқа бөліктермен бірлікте, байланыста болғанда ғана басы бүтін құбылыс туады. Ол құбылысты бақсы ойыны дейміз. Бақсы ойыны дәстүрлі ғұрыптар жиынтығынан тұратын сеанс болса, оны өткеруші орталық тұлға – әрине, бақсы.

Ал, бақсының сарындары дегеніміз өзге діндердегі дұғаның, мінәжаттың міндетін атқарады.Алайда, дұға алдын ала жазылып қойылған діни сенімдер жиынтығының эталоны саналатын қасиетті кітаптардан үзінді түрінде оқылса, бақсының сарыны, әдетте, импровизацияға негізделеді.

Ойын алдындағы дайындық рәсімдері толық атқарылып болған соң, бақсы қолына қобызын алып, ойынын бастайды. Алдымен қобыз күйлері орындалады. Күй ырғағына беріліп, біраз қызып алғаннан кейін бақсы қобыз үніне өзінің мұңлы, зарлы дауысын қосады. «Бақсы,– дейді А.Левшин,– қобызын ойнап, сарнап, ақырын теңселе бастады. Сосын оның денесі музыка ырғағына сай қимыл-қозғалысқа түсті. Дауысы біртіндеп күшейген сайын, оның теңселуі де күшейді» [441].

Бақсы, әдетте, өзінің сарынын әулие-әнбиелерге сыйынудан бастаған. Ол мына сияқты болады:

 

Мағруптағы әулие,

Машруптағы әулие,

Түркістанда Түмен баб,

Сайрамдағы сансыз баб,

Отырарда отыз баб,

Ең үлкені – Арыстан баб,

Ең кішісі – Алаша қап,

Сіздерден медет тілеймін.

Қазығұрт ата, әулие,

Арғы жақта Қыңырақ бар,

Бергі жақта Қарақ бар,

Сіздерден медет тілеймін.

Қарамұрт ата, әулие,

Бекбау ата, бек ата,

Бегіш ата, қолдай гөр.

Шақпақ ата, әулие,

Қошқар ата, әулие,

Сіздерден медет тіледім.

Тектұрмас ата, әулие,

Қарахан бабам, қолдай гөр,

Шілтен бабам, қолдай гөр.

Айналайын атыңнан,

Тілеуімді оңдай гөр,

Шайқы Борық, әулие,

Аруақты жиын жинаған,

Сайтан көрсе байлаған,

Жина бермен, дәу пірім!

 

Бақсы бұрын-соңды естіп-білген әулие-әнбиелерінен ешкімді қалдырмай түгел атап, ақырында:

 

Жер жүзіндегі әулие,

Күн көзіндегі әулие,

Ал, сыйындым сіздерге,

Жәрдем бергей біздерге,–

 

деп бір-ақ түйеді. Тәңірі, Құдай, Алла және де Мұхаммед пайғамбардан бастап, Омар, Оспанға дейінгі сахабалар - бәрі аталады. «Мен оның сөзінен түк те ұққаным жоқ,– дейді А.Янушкевич,– бірақ әртүрлі құдайлардың, әулиелердің ішінде Ысырайыл мен Жебірейіл де болды» [442]. Бақсы әулие-әнбиелерге сыйынып болдым-ау деген кезде сарынын аз-кем тоқтатып, отырғандарға: «Ля алла иль алла» (Алладан басқа Алла жоқ) деңдер», - дейді, қатысушылар мұны бір ауыздан қайталайды [443]. Бұдан кейін ол аруақтарды шақыруға кіріседі. Аруақтарды шақырудың бірнеше типі бар.

1. Бұрын-соңды өткен атақты хандардың, батырлардың, бай-мырзалардың аруағын шақыру. Мысалы:

 

Уақ атасы Ер Көкше,

Ерлігінің белгісі –

Садағына келген сан кісі,

Мылтығына келген мың кісі.

Сарыбай, Сарыш, Өтеулі,

Үш жүзге сексен ат

Бәйгеге қосқан Көрпебай.

Арғы атасы Қарақожа,

Ханда – Абылай,

Қарада – Қазыбек,

Төрт ұлды Торайғыр,

Жағалбайлы Түнғат,

Қаракерей Қабанбай,

Қу дауысты Қазыбек,

Қаракерей Мұрында – Қандыбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Тобықтыда – Дөненбай,

Ішіндегі Доғалбай,

Өте шықты заманында – Құнанбай,

Таздың арғы атасы – Шойынқара,

Қара, Сары, Қондыбай...

 

2. Тікелей өз ата-бабаларының аруағын шақыру.

3. Атақты бақсылардың аруағын шақыру.

Әулие-әнбиелер мен аруаққа сыйыну көбінше іркес-тіркес келеді, кейде араласып та кетеді. Бұлардың бәрі (әулие-әнбиелер, аруақтар) бақсының жебеуші пірлеріне жатады.

Пірлерге сыйыну рәсіміне бақсы сарындарының композициялық бастауы ретінде қараған жөн. Бұдан кейін бақсы өзінің көмекші жындарын шақыра бастайды. Олардың әрқайсысына тән номенклатуралық қызмет болады. Сондықтан да бақсы жындарды қалай болса солай емес, белгілі бір тәртіппен шақырады. Әрине, алдымен болжаушы жындар шақырылуға тиіс. Бақсы сарынының бұл бөлігіндегі негізгі мақсат – ауру себептерін іздеу. Бақсы оларды былайша шақырады, ақыл-кеңес сұрайды:

 

Ал, шақырдым, жын-дағы,

Жынды қылған Құдайым,

Кел бермен, жын мұндары,

Сенімен кеңес құрайын,

Атаңның аузын ұрайын.

Шақырайын көк Қабан,

Басқан жері он табан,

Ал, шақырдым, Шойтабан.

Қара қасқа ат мінген,

Жал-құйрығын шарт түйген.

Ал, шақырдым, Темірқан,

Болжа деймін сендерге.

Ақ сөйлесең керек-ті,

Қара басты, қабақтым,

Лақа шортан тамақтым,

Ал, шақырдым, Қараман,

Бұл ауруға не қылған?

Ішіндегі бүйрек деп,

Кеудедегі жүрек деп,

Өкпе менен бауырдан,

Қай жерінен ауырған?

Қарашы оңдап Тәңір ұрған,

Он екі түрлі Балқия,

Шақырайын, Наркүміс,

Алма мойын, ақ шұбар,

Әлгі менің Әтпенім,

Тінтуші, қара Жіпбике,

Болжа бір деймін сендерге!

 

Бұл уақта «жуан ішектерді бойлап, ысқы үздіксіз жүгіреді, біртіндеп бақсының дауысы құлақ жаратын дәрежеге жетеді»[444]. Бақсы жындарына «әділ сөйле», «өтірік сөйлеме» дегенді қайта-қайта айтады, өйткені, ол аурудың диагнозын соған қарап қояды:

 

Қобыз алдым Алла деп,

Ары-бері толғайын,

Өтірікші болмайын,

Ал, сөзіңді оңдайын,

Әділ бір енді сөйлесең,

Шақыруды қоймайын.

...Әділ сөйле, ер Қабылан,

Ақмарал атты еріміз,

Әділ сөйлеп келіңіз,

Сырдың бойы сырғақ-ты,

Ашамайлы күн қақты,

Байқай сөйле аруақты.

Өтірік сөйлеп, ерлерім,

Сындырмағай белімді.

Өтірік енді сөйлесең,

Шақырып сені не етейін?

Әділ бір сөйле, кел бері,

Байқап сөйле, сен бері,

Өтірік енді сөйлесең,

Ал, қараңды көрмеймін,

Жөніңе түсіп жүрмеймін!

 

«Әділ сөйле», «байқап сөйле», «өтірік сөйлеме» дегендерді бастырмалата, үсті-үстіне қайталау арқылы ол біртіндеп аурудың сеніміне кіреді. Бақсының:

Жын үлкені, Ер Шойлан,

Кідірмей бермен кел, Шойлан,

Өтірік айтпа, жын, ойлан.

Басыңды баудай қағармын,

Қаныңды судай шашармын,–

 

деген қаһарлы әмірін өз құлағымен естіп отырған сырқаттың жабыраңқы көңілі көтеріліп қалады, бақсының шексіз күшіне иланбасқа шарасы қалмайды. Сөйтіп, шамандық диагноз қоюға дейін-ақ дерт қуудың алғашқы психологиялық дайындықтары жасалады. «Арасында,– дейді Құдабай Қостанайұлы, – бақсы ауыр-ауыр күрсінеді. Қобыз үні бірте-бірте тыныштала береді. Міне, бақсы үнсіз қалады. Кенет ол селк ете түсіп, қолдарын ербеңдете жөнелді. Қобыз шанағына ілінген сылдырмақтар сыңғыр қақты. Бақсы сол сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр үнге құлағын тосады, аракідік көзін бір ашып, бір жұмып, бет-аузын қисаңдатады. Осы күйде ол бірнеше минут отырады. Көрермендердің айтуынша, бақсы бұл кезде сырқаттың тағдыры туралы жындардан жөн сұрап жатады»[445].

Сылдырмақтардың сыңғыр қағуы, бақсы қолдарының ербеңдеуі мен бет-аузының қисаюы жындардың келгенінен хабар береді.

Бақсының сырт көзге мүлде жат, түсініксіз қимылдар жасауында, яғни өзімен-өзі арпалысып, шыр айналып, керіліп-созылып, еңкейіп-жантайып, бұлқан-талқан болуында елеулі мағына бар. Олар – жындардың жиылып, бақсының бойын қыса бастағанын білдіретін пантомималар. Ал, экстаз дәрежесіне жеткенде бақсының аузынан ақ көбік ағып, талып қалуы – оның жындар әлеміне баруын, сонда болуын білдіреді. Тұрып, есін жинаған соң, бақсы ол жақта өзінің не көріп, не білгенін әңгімелейді, сырқаттың не себепті ауырғанын, қаншаға созылатын, не дауа болатынын айтады.

Осымен бақсы ойынының бір бөлімі аяқталады. Әрі қарай емдеу процесі басталады. Бақсы емі жоғарыдағы болжам нәтижесіне тікелей байланысты: не ол дәрі-дәрмектерді пайдаланады, не әртүрлі магиялық шараларды қолданады, не сиқырлы сарынын одан әрі жалғастырып, дертке дауа табатын көмекші жындарын шақырады.

Қалай болғанда да, бақсы ойынының сырқатқа ғана емес, оған қатысып отырған көрермендерге де әсер ететіні күмәнсіз. Бақсы – өзін де, өзгені де трансқа түсіре алатын қабілет иесі. Ол сырқаттың жан-дүниесін көз байлау (гипноз) арқылы да басқарады. Сөйтіп, ерекше психологиялық ем қолданады. Сендіру – бақсы ойынының басты міндеті. Бақсының емі жүйке және жан дүниесінің ауруына ұшырағандарға көбірек дауа болатыны да сондықтан. Қобыздың күңіренген үні, бақсының зар илеп, жындарын шақыруы, нанбасқа нандыратын неше түрлі фокустар, мың құбылған пантомималар, міне, мұның қай-қайсысы да нар көтерер сенім жүгін арқалайды. Әрине, бар сенімнің ішіндегі тірегі, темірқазығы – шаманистік сенім: аурудың иесі болады деп білу. Оған бақсы қалай әсер етеді – мәселе сонда. Неғұрлым күшті бақсының жындары да көп, әрі әлуетті.

Шамандық түсінік бойынша жындар әлемі екі үлкен лагерьден тұрады: мейірімді жындар (добрые духи) және зиянкес жындар (злые духи). Бақсыға бағынатындары, әрине, мейірімді жындар. Жалпы аты солай болғанмен, олардың өзі іштей жіктеледі екен (пері, жын, шайтан). Бақсы сарындарында жын қатарында пері де, шайтан да атала бергенмен, кейбір бақсылар оларға жеке-жеке мән берген. Қорғанбай бақсының:

 

Өтірік басқа – шын басқа,

Шайтан басқа – жын басқа.

Пері басқа – жын басқа,

Әрқайсысы бір басқа,–

 

деуі де сондықтан.

Бақсылар керегіне қарай жындарын кезек-кезегімен шақырады:

 

Ақтұйғыным, бопам-ай,

Томағаң сенің күмістен,

Аяқ бауың жібектен.

Екі де бірдей баршын құс,

Күйту-күйту, Сары құс!

Жеген жемің бәрін құс!

Темір қанат Қара құс,

Сексен сегіз құмарлым,

Тоқсан тоғыз тұмарлым!

Сол иығың – үкілім!

Қызыл да жирен ат мінген,

Жал-құйрығын шарт түйген.

Екі найза түйіскен.

Айқайлап жауға тиіскен,

Екі бірдей торы атым,

Құйысқанды Құла атым,

Қызыл шұбар айдаһар.

 

Әрқайсысына мақтаулы сөз, әсерлі теңеу табуға тырысады. Жындарын жеке-жеке атап, шақырған кезде бақсы даңғыра, дабыл қағады, асатаяқпен жерді ұрады. Бақсының ащы дауысына түрлі дүңгір, түрлі сыңғыр қосылып, азан-қазан болады. Әне, жындар да мұны естіді, суыт хабар жеткен соң, бес қаруын сайланып, алдағы қызу ұрысқа апыр-топыр жинала бастайды. Дауыс жетпеген алыс жерлерге шабарға ат, хабарға ителгі жіберіледі. Бақсының шақыруын естіген жындардың қай-қайсысы да жолға шығуы керек. Бірақ олардың ішінде де елгезегі, еріншегі бар. Сондықтан бақсы кейбір жындарына:

Шақырдым сені, Қарабас,

Еріншек едің шала мас.

Қанша жұрт қарап тұрғанда,

Кешіккенің жарамас, –

 

деп қаттырақ ескертеді. Әне, қан майданға жиылған жындардың қарасы да көрінді. Осы сәт Ешмұхамед бақсының сарынында былайша суреттеледі:

 

Қарағай қобыз алған соң,

Оңды-солды шалған соң,

Мұнарланып шаң шықты.

Шаң астына қарасам,

Тоқсан жерден ту шықты.

Ту астына қарасам,

Тоқсан бөлек қол шықты.

Қол ішіне қарасам,

Сансыз әскер жын шықты.

Меке, Мысыр жайлаған,

Қолдың басы Көгаман,

Нөкерімен сол шықты.

Талай жерді аралап,

Қолын бастап шамалап,

Жынның басы Жоламан...

...Дүниежүзін шаң басты,

Істен бақсың адасты.

Байлап дертті алам деп,

Пері мен жындар таласты.

Ал, байлаңдар, алыңдар,

Дертке дауа салыңдар!

 

Көгаман, Жоламан, Темір Шойын, Сораман, Қараман, Тамасалар бастаған тоқсан бөлек қалың қолдан көтерілген шаңнан-ақ дерт иесінің шошынуы кәдік. Мұнда сансыз әскер жынның жалпы сипаты көрінсе, кейбір сарындарда келе жатқан жындардың:

 

Арқасында алты көз,

Желкесінде жеті көз.

Маңдайында жалғыз көз,

Жын келеді алақтап,

Қызыл тілі салақтап, –

 

деген сияқты жеке-жеке бейнесі жасалады. Бақсы жындарының түр-түсін, ісін, қылығын сипаттай отырып, олардың әрқайсысына нақты тапсырма береді, жұмыс белгілейді:

 

Жын үлкені, Дәу перім,

Жын ішінде бір серім.

Ұзындығы тоқсан қар,

Көлденеңі сексен қар,

Жалғыз көзі бермен кел.

Талай жерге еттің ем,

Бізден сізге фарман бар.

Бас-аяғың жиыл де,

Дауасын дерттің ойлаңдар,

Ортаға алып қамаңдар,

Дерт иесін байлаңдар,

Жасырынып қалмасын,

Іздеп, тінтіп қараңдар! –

 

деп бұйырады. Қайсыбір жындары таянғанда бақсы:

 

Жынның басы Жирентай,

Жын келеді, алақай! –

 

деп балаша қуанады.

 

Жын да болса, сырласым-ай,

Өзімнің сырлас болған, мұңдасым-ай.

Келдің бе аман есен

Толықсып, құрдасым-ай,–

 

деп тебіренеді. Оларға кейде өтініш айтады, жыннан көмек те сұрайды.

Міне, өстіп бақсы бір жыннан соң бір жынын шақыра береді, әр жыны келген сайын соған лайықты қимыл-қозғалыстар жасайды. Кейде отырған орнында тыным таппай, селкілдейді. Ондайда:

 

Сары, сен де келдің бе,

Күштеп басшы иығымнан, –

 

дейді. Бақсының ойынына қатысушыларға, әрине, жындар көрінбейді, бірақ бақсының сөзі мен қимылын баққан адамға қай жынның келіп, қай жынның кеткені, олардың не істеп, не қойғаны ап-анық білініп отырады. Әне, бақсы «Ер Көбен, Ер Көбен», – деп, айғай салды:

 

Шақырайын, Көбенім,

Ілме қара имегім.

Көзіңді сал, Көбен-ау,

Мына бір тұрған ауруға,

Бөтен емес, өз інің.

 

Сөйтіп, бақсы бірде-бір бос қимыл жасамайды: әрбір әрекетінде астар бар, әрбір қимылында қатаң қалыпқа, өрнекті өлшемге түскен пантомималық мазмұн бар. Бұдан бақсы сарынындағы сөз бен бақсы ойынындағы іс-әрекет арасындағы ерекше байланыс болатыны анық көрінеді.

Бақсылық ем сеанстары кезінде бақсы өзін-өзі ойнайды, жын болып ойнайды, фокус көрсетіп ойнайды, т.б. Мұның барлығы да актерлік өнермен тікелей байланысты. Бақсының ем-дом ретінде қолданатын ғұрыптық іс-әрекеттері жиынтық түрде ойын деп аталуы да нақ осыған қатысты. Алайда, актердің ойыны эстетикалық сұранымдарды қанағаттандыруға ғана бағытталса, бақсы ойынының қызметі мүлде басқа – емдеу, жору. Сондықтан да бақсы ойыны актерлік ойыннан түбірімен ерекшеленеді.

Бақсылардың денеге пышақ (қанжар, қылыш) сұғу фокусын жеке алып қарасақ, әрине, ол иллюзион өнеріне жатады. Бірақ иллюзион өнерін жете меңгеруіне қарамастан, бақсыны иллюзионшы дей алмаймыз. Иллюзионшы өзінің фокусына адамның ақыл-айласы туғызған өнер дүниесі ретінде қараса, бақсы мұны жындары дарытқан күш, ауруға демеу болатын тәсіл деп біледі.

Бақсының негізгі психотерапиялық әдісі гипноз (сендіру, ұйыту) болса, әлгідей фокустар бақсының гипноздық әрекеттерін күшейте түсу үшін қажет. Бақсы неғұрлым өнерлі, неғұрлым дарынды болған сайын оның гипноздық әрекеттерінің де науқасқа әсері соғұрлым күшті. Бақсының жын шақыру кезінде сырқат та, көрермендер де біртіндеп трансқа түседі. Ұйытушы – әрине, бақсы. Жұрттың сеніміне әбден кіріп болған уақытта ол құдіреті күшті дирижерға айналады. Отырғандар бақсы не айтса, соны істейді, не қимыл көрсетсе, соны қайталайды. Бақсымен бірге теңселеді, бақсымен бірге оның жырына да қосылып кетеді. Бақсының ойыны мен сарыны, әсіресе, науқасқа қатты әсер етеді.

Бақсы ойыны мен сарыны бірнеше бөліктен тұратыны белгілі. Айталық, кіріспе (рәсімді дайындау), жын шақыру, жындардың шайқасы. Ал, бақсылар ойыны мен бақсылар сарынының соңғы бөлімі жын қайтару деп аталады. Бақсы жын қайтарар алдында «саф болды» дейтін. Бұл – көмекші жындар мен зиянкес жындар арасындағы соғыс бітті дегені. Содан соң бақсы қобызын тағы да күңірентіп, жын қайтару рәсіміне кірісетін. Онда былай дейтін:

Айналайын, дәулерім,

Айналайын, беклерім.

Бәрекелде, дәулерім.

Айдашы, Қара, айдап қайт.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1096; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.163 сек.