Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Хайуанаттар туралы ертегі 6 страница




Мәселен, жырда айтылатын Тоқтамыс пен Едігенің ортасындағы әу бастағы достық та, кейінгі қастық та, Едігенің Сәтемірге паналап баруы да, одан көмек алып, орданы жаулап алуы да, ұлы Нұралынның Тоқтамысқа қарсы жорығы да, ал, Тоқтамыстың кенже баласы Қадырбердінің кек қайтарып, Едігені өлтіруі де тарихта болған жайттар [752].

Енді жырды тарихи шындықтан алшақтатып тұрған мифологиялық сарындардың мәнісіне үңілейік. Алдымен Едігенің арғы тегін дәріптеу үшін жыр оның атасын – әулие, анасын суда шомылған аққу кейпіндегі пері қызы етіп суреттейді. Ерекше қаһарман адамның арғы тегін ежелгі тотемдік түсінікке сай аққумен (құспен) байланыстыру – әлем халықтарының фольклорында тұрақты кездесетін сарындардың бірі. Мәселен, түрік-моңғолдардың ежелгі аңыздауларында кереметке ие аңшы суға шомылып жатқан аққу қыздың киімін жасырып алып, оған үйленуге келісім жасайды[753]. Ақырында, жырда айтылғандай қыздың үш шартын, яғни тыйымды орындамаған себептен сүйіктісінен қапияда айырылып, жапа шегеді. Демек, осынау кең таралған байырғы сюжет қарадан туып, хан болуға талпынған Едігенің тегін дәріптеуге пайдаланылған. Тіпті, А.Белослюдовтың нұсқасында Едігенің атасы ­– қарапайым аңшы-мерген, ол жаралы бұланды қуып келіп, аң иесі Ғайыперенге жолығып, оның қызына үйленеді де, «ұйықтама» деген тыйымға төзбей, қапыда сұлудан айырылып, есесіне іште кеткен ұрпақ ерекше жағдайда өмірге келеді[754].

Одан кейін жырдың бастауында бала Едігенің дана биліктері мадақталады. Бұл, түптеп келгенде, көптеген халықтарда кездесетін «дана бала» сарыны[755]. Мәселен, қазақта «Бақтыбай би»[756], «Мұстақым» [757], «Киелі бас сүйек»[758], «Адрышь»[759] т.с.с ертегілерде ғажайып жағдайда туған қаршадай бала керемет төреліктер айтып, жұртты таңдандырады. Ал, Едігенің бала мен түйеге таласқан қиын дауды шешуі Інжілде Сүлеймен пайғамбар орындайтын қазылыққа үндес екендігі ғылымда анықталған[760]. Екі еркектің әйелге таласуы, оны қылышпен бөлуге оқталу сарыны сахаларда да бар[761]. Қазақтың «Бақтыбай би» ертегісінде әйелге таласқан екі еркекке (адам мен сайтан) бала би тапқыр төрелік жасайды. Сонымен Алтын Орда заңдарына оң өзгерістер әкелген тарихи Едігенің дана бейнесін сомдау үшін халық мұрасы қалыпқа соғылып дайын тұрған сарындарды оған теліген.

Жыр сарай ішіндегі талас-тартысты бейнелейтіндіктен рәміздерді, тұспалдарды, психологиялық шендестірулерді мол қолданады дедік. Мәселен, Тоқтамыстың Едігені көргенде селк етіп шошынатынын өзіне дәлелдеу үшін оның етегіне ханымы ине шаншиды. Едіге есіктен кіріп келгенде хан селк еткенде ине ортасынан қақ бөлініп кетеді[762]. Ине – көшпелі мемлекеттердің патшасы туралы аңыздарда көп қолданылатын рәміздердің бірі. Ине – найзаның шағын үлгісі, оның сынуы бүтіндікке қауіп төну болып саналады. Мысалы, жоңғарларда мынадай аңыз бар: «Цэвээн-Равданның кенже ұлы Шунуды ағасы Цэрэн-Галдан қызғаныштың салдарынан зынданға қаматады. Сол кезде қоңтайжыға жау патшасы Масан боғда ханнан үш түйеге артқан ине, үш үлкен садақ сыйлыққа келеді. Бұны көріп Цэрэн-Галдан қуанады. Сонда Шуну «Әке, бұған еш қуанбаңыз. Жаудың патшасы менің инедей көп әскерім бар, оны басқаратын үш алып батырым бар деген екен. Инені елге бір-бірден таратып берейік, үш садақты сындырып, өзіне қайтарып, қарымына шақпақ пен бәкі беріп:

 

Далада тас көп болғанымен,

Шақпақтас қолда болады.

Баста шаш көп болғанымен,

Бәкімен қырып салады, –

 

деп әндетіп, жауап берейік»[763] деген екен.

Тағы бір аңызда «Шыңғыс хан қалғып кетеді де, түс көріп, жаудың таяп келе жатқанын сезіп, тоғыз өрлік-батырына: «Инедей түйреп, жіптей шырмап, жау жақындап келеді»[764], – деп жар салады. Бұдан біз көшпелі халықтардың танымында ине найзаның шағын үлгісі болғандықтан қару-жарақтың рәмізі[765], сонымен бірге жауласудың тұспалы қызметін атқаратынын байқаймыз.

Жырда түс көру сарыны да бар, ол Едігенің әулие екендігін дәлелдеуге қолданылады. Мысалы, Едіге он жеті досымен бірге далада босып жүргенде былайша түс көреді:

 

Ақсұңқар құс болыппын,

Көкке таман ұшыппын...

Төбеде жүрген қоңғыр қаз

Көк үстінде іліппін...

Төс етіне тойыппын.

 

Бұл түс былай деп жорылады:

 

Көкке таман сен ұшсаң,

Жұрт алдына шыққаның.

Төбедегі қоңғыр қаз

Көк үстінде ілсең сен,

Төс етіне тойсаң сен,

 

Кеше сені жұртындан қуған Тоқтамыс,

Соны быт-быт қыларсың[766].

 

Жалпы, түрік-моңғол халық мұрасында қыран құс Тәңірден нәсіп етілетін биліктің рәмізі болып саналады. Жырдың Мұрын Сеңгірбайұлы нұсқасында Тоқтамыстың Қуқанат, Нұртуған Кенжеғұлұлы нұсқасында Түктіаяқ деген ерекше қыран құсы болады да, Едігенің әкесі Құттықия соның бір тал жұмыртқасын Сәтемірге ұрлап бергендіктен жазықты болып, басы кесіледі. Осылайша Едіге тумай жатып, Тоқтамыс тарапынан қудаланады, жетім қалады. Бұл жайт бас кейіпкердің әлеуметтік статусын күрт өзгертіп, түптеп келгенде, оны дәріптеудің тағы бір тәсіліне айналған[767].

«Тоқтамыстың Түктіаяқ деген құсы бар болатын. Түктіаяқтан ешбір аң құтылмайтын. Түктіаяққа көрші хандар да, билер де құмар. Бірақ Тоқтамыс ешкімге бермейді. Түктіаяқ жылына бір ғана жұмыртқа туады. Ол жұмыртқаны керегенің басына жіпке тізгендей тіркестіріп қойып, жұмыртқалай сақтайды. Балапан қылып шығарайын десе, «тұқымы көбейіп, басқа елге жайылып кетеді» деп қорқады. Түктіаяққа ажал жетіп өлсе, басқа құсқа біреуін ғана бастырып шығармақ. Басқасы тұра береді»[768].

Әрине, бұл сюжеттің төркіні аңшылық дәуірге де меңзейді. Әйткенмен, жырда осы құстың бір тал жұмыртқасын Едігенің болашақ әкесі Құттықия Сәтемірге ұрлап береді де, содан ұлы ханның басынан бақ тайғандығы астарлы тұспалданады. Тіпті, Тоқтамыс ордасына бала Едігені шақырып оң тізесінен орын бергенде былай дейді:

 

Көкала жорға ат мін деді,

Көн дабылпаз байлан деді,

Ұшан теңізді айлан деді,

Тұтам бауы сом алтын,

Ақсұңқар құсты бұйыр да.

Көл айнала шүй деді[769].

 

Түйіндегенде, ежелгі көшпелі ел хандарының рәмізіне айналған қыран құсты жырдың біз айтып отырған нұсқаларында Тоқтамыс пен Едіге арасындағы тартыстың себебі етіп, биліктің Сәтемірге аууының ишарасы қылып көрсеткен.

Тоқтамыс ханның Ақсақ Темірге мәміле жасау мақсатында ақсұңқар құс бастаған тоғыз сәйгүлікті тартуға тартқаны, сол сұңқарды Тұран әмірі бекзаттықпен қолына қондырғаны туралы да дерек бар[770]. Осылайша мемлекеттік рәсімде де, халықтың наным-сенімінде де елеулі орын алған қыран құсты билік пен құттың символы етіп жырда жиі қолданғанын байқаймыз. Әсіресе, жырдың татар нұсқасында Түктіаяқтың құт рәмізі екендігі айқын жырланады. Онда Әмір Барлас Шах Темір ғажайып қыранды өзіне беруді Тоқтамыстан талап етіп, хат жазады. Оған хан былай деп жауап береді:

Кара лачын Төкле Аяк,

Сиңа булмас, Шаһ Тимер!

...Аннан кала Бүз тойгын –

Ул да булмас, Шаһ Тимер!

Тешең житсә, таш кемир![771]

 

Бірақ Түктіаяқтан туған балапан қыран болмай шығады да, күдікті құсбегі Құтлықия қаһарлы жазаға ұшырайды[772].

Жырдағы тағы бір тұспал – қашып бара жатқан Тоқтамыстың тоғыз көзді кіреукесін шешуі, оны қанжығасына бөктеруі, біраздан соң түсіп қалуы, тауып алған Нұралынның киіп алуы да ханның жаудан жеңіліп, қаза табатындығының емеуріні ретінде алдын ала қолданылған[773]. Жалпы, көшпелі халықтардың аса киелі санайтын нысандары – тоқсан басты ақ орда, тоғыз көзді кіреуке, ақсұңқар құс, алтын ер, ақ боз ат, ер азаматтың кеудесі сияқты қасиетті ұғымдар жырда шешуші сәттерде үлкен рәміздік қызметтер атқарады.

Тоқтамыс ханның Нұралынмен кездесіп, көз жұмардан бұрын айтқан жырында психологиялық параллелизмдер мол. Бұл жыр қазақ өлеңінің классикалық үлгісіне айналып, кейінгі жыраулар поэзиясына да үлкен әсер еткенін ғалымдар құптайды[774].

 

Сен бекер тұрып тықырамашы, торыша ат,

Мен күн-түн қатсам тұрарсың;

Бекер тұрып, дүрсілдеме, сұм жүрек,

Едігеде – екеу, мен – жалғыз,

Сайысқан жерде тынарсың.

Солқылдама, ақ найза,

Сайысқан жерде сынарсың;

Бекер тұрып жапырылма, көк орай,

Бұл қатерден жан қалса,

Ноғайлының ауыр жұрт,

Басшы болып мен келсем,

Байларым үстіңден баса бір айдап жайғанда,

Қу шөп болып соларсың;

Толықсыма, тұнық су,

Байларым жылқыны баса айдап, бір суарса,

Сонда құрым бір батпақ боларсың;

Қиқилама, қызғыш құс,

Даусың зарлы, байғұс құс.

Қанатың қушық, мойның бос сенің.

Баттауық толған жылқым жоқ,

Тор толған жұмыртқаң,

Етектеп алар ұлым жоқ,

Мен елімден айрылдым,

Сен көліңден айрылсаң,

Сен де мендей боларсың!

Бұл қатерден жан қалса,

Алдам иер ес болса,

Жұртыма басшы болып, мен келсем,

Менің мініскерлерім үстіңден,

Қара лашынды басып салса,

Сонда бір қорқып жымарсың![775]

 

Жалпы, жырда Едіге Сәтемірден қолдау тауып, орданы жаулағалы келген сәттен бастап оның бейнесіне көлеңке түсіп, керісінше, елін қан төгіссіз тастап, қош айтып кеткен Тоқтамыс ханның парасатты да дегдар тұлғасы өзгеше өрнекте сомдалады[776]. «Ханнан қайрат кетіп, биге медет жетіп, хан қашып, би қуған»[777], бір сөзбен айтқанда, ата салттан аттап, бөтен елден ғаскер әкелген опасыздыққа жырлаушы да наразы екендігі осы тұстан бастап айқын көрінеді. Сол себептен де жыр соңында Едіге ит қорлық көреді, өз ұлы Нұралын оның көзін шығарып, қолын сындырады, ал, Тоқтамыстың баласы Қадырберді соқыр Едігенің кеудесіне шығып, үш секіріп, қорлайды. Бұл қорлыққа намыстанып әкелі-балалы екеуі құсаменен өледі де, ақыры, Қадырберді еліне төре болады. Сонымен жыр Едігені дәріптеп басталғанымен, аяғында Тоқтамыстың ұлының жеңісімен тәмамдалып, сатқындықты жақтамай, отаншыл рухқа елді үндеуі де айрықша құндылық еді.

Ш.Уәлиханов нұсқасы тарихқа жақын дедік, өйткені, оны әу бастағы жырлаушы ордадағы оқиғаны көзімен көрген куәгердің бірі болуы да мүмкін. Ал, бертіндегі Мұрын Сеңгірбайұлы мен Нұртуған Кенжеғұлұлының нұсқасында керісінше – тарихтың сұлбасы, тарихи тұлғалардың аты-жөні бар болғанымен, жыр желісі соны мазмұнға көтерілген. Бұл нұсқалардың жанрлық тұрғыдан қаһармандық эпосқа жататыны даусыз. Мұрын Сеңгірбайұлы нұсқасында Едіге сыртқы жау – қалмаққа қарсы соғысып, халқын бақытқа кенелтетін эпикалық мінсіз кейіпкер.

 

Сонда Едіге сөйледі:

– Қалмақ едің сен деді,

Ноғай едім мен деді...

Тыңда мені, ит қалмақ,

Менің айтқан кебімді,

Өзіме қоныс қылармын,

Сенің отырған жеріңді[778].

 

Ал, Нұртуған Кенжеғұлұлы жырлаған «Мәулімнияз-Едіге» жырында Сәтемір – ноғайлының бір ханы, ол – Едігенің қайын атасы. Оған Едігенің әкесі, Тоқтамыстың құсбегісі Құттықия Түктіаяқтың бір тал жұмыртқасын ұрлап бергендіктен, хан тағы мен қызы Қағазды Едіге ержеткенде беруге уәде етеді. Яғни ер Едіге Тоқтамыстан кеткенде бөтен елге емес, өз қайын жұртына барады. Жолда Сәтемірдің елін шауып кеткен қалмақ Қабантиын дәуге жорық жасап, өлтіріп, Қағазды азат етіп, қаһармандықпен үйленеді. Бір сөзбен айтқанда, Едіге қалмаққа қарсы шауып, ноғайлының бір ханы, қайын атасы Сәтемірдің елін жаудан азат еткен батыр болып суреттеледі. Қалмақты жеңгеннен кейін «Сәтемір Едігеге тағын берді. Едіге сол өлкедегі ноғайы, қазағы, маңғұлы, тағы басқасы бар – төрт арыс елге хан болды»[779], – дейді жыр. Демек, бұнда эпикалық мінсіз қаһарман Едіге өзін де, елін де бақытқа кенелтеді.

Бірақ осы нұсқада әке кегін қайтарғалы Тоқтамысты қуатын Нұрадин оның елін шауып, ханның ізіне түседі. Яғни жыр қайтадан тарихи шындықпен қауышады. Ал, Мұрын Сеңгірбайұлы нұсқасында да тарихи оқиғаның шоқтықты жотасы әредік-әредік қылаң беріп отыратынын ескерген жөн.

Сонымен, Едіге туралы жырлардың шын тарихпен не жақын, не алыс болуы ­– оның нұсқаларының стадиялық-жанрлық ерекшелігінде жатқандығынан екен. Мәселен, Ш.Уәлиханов нұсқасы тарихи оқиғаға өте жақын, оның пайда болуына Алтын Орда қайраткерлерінің ортасында орын алған талас-тартыс туралы кезінде ел арасында айтылған аңыз-әңгімелер, хикаялар, қауесет-дақпырттар түрткі болған. Тіпті, Едігенің даңқы дәуірлеп тұрған шағында 1400-1411 жылдары Алтын Ордада болған тарихшы Ибн-Арабшахтың жазбаларына осындай халыққа жайылған әңгімелер негіз болған көрінеді[780]. Демек, шырғалаң тарихы бар әйгілі тұлға Едіге туралы аңыз-хикаялар оның көзінің тірісінде пайда болып, түрік халықтарына[781] кең тарала бастаған деуге болады. Әйткенмен, осы нұсқаны тарихтан алшақтатып тұрған мифологиялық сарындар қарадан шыққан Едігенің арғы тегін дәріптеу мақсатында оның ұрпақтары мен соңынан еруші бұқараның мадақтауларынан пайда болған. Ал, Мұрын Сеңгірбайұлы мен Нұртуған Кенжеғұлұлы нұсқаларында Едіге дәстүрлі жау – қалмаққа қарсы соғысып, халқын зұлым жаудан азат етіп, өзін де, елін де бақытқа кенелткен батыр, демек жыр тұтастанып, топтанып, ширығып, қаһармандық эпос жанрына айналып кеткен. Бұл нұсқаларда Едіге мен оның ұлы Нұрадын Тоқтамыс ханға фольклорлық дәстүрдегі «әке кегін қайтару» жолында соғысады, демек әділет орнатушы эпикалық кәдімгі идеалды кейіпкер. Нұртуған Кенжеғұлұлы нұсқасында Едіге атастырылған қалыңдығы Сәтемірдің қызы Қағазға қаһармандықпен үйленіп, әке аманатын орындаушы болып та суреттеледі. Рас, бұл нұсқаларда кейбір кесек-кесек оқиғалар тарихпен үндесіп жатқанымен ол эпикалық соны мазмұнға, тың көркемдікке көтерілген. Әлбетте, Ә.Диваев, Г.Потанин, А.Белослюдов нұсқалары даусыз ертегі жанрына жатады. Қысқасы, Алтын Орда дәуіріндегі айтулы тұлғалар Едіге мен Тоқтамысқа байланысты шынайы оқиғалардан бастау алған ілкі сюжет көлемді эпикалық шығармаға айналған.

§ 4. Ғашықтық жыр

Жалпы сипаты. Қазақ фольклорында екі жастың махаббаты туралы әңгімелейтін эпикалық шығармалар тобы бар. Оларды фольклортану ғылымы «лиро-эпос» деп атайды. Қазіргі шақта «романдық эпос» деген атау да орныққан. Біз қазақ ұғымына түсінікті, әрі ел арасында айтылып жүрген «ғашықтық жырлар» деген атауды қолданғанды жөн көрдік. (Рас, кейде синоним ретінде «романдық эпос» тіркесін де пайдаланамыз).

Екі жастың бір-біріне деген сүйіспеншілігін жырлайтын эпостарда, негізінен, махаббат отына жанған қыз бен жігіттің қосыла алмай, трагедияға ұшыраған тағдыры баяндалады. Әдетте, олардың бақытына кедергі болатын нәрсе – ата-аналардың қарсылығы, немесе қызға ғашық басқа жігіттің жауыздығы, я болмаса екі рудың араздығы болып көрсетіледі. Міне, тақырыптың, оқиғаның осы негізде өрбуі бұл шығармалардың ел арасына кең таралуына себеп болған.

Ғашықтық жырлар көркем фольклордың даму барысында батырлық эпостан кештеу қалыптасқан, бірақ бұл қаһармандық жыр мүлде өшіп, оның орнына романдық эпос келді деген сөз емес. Эпостың бұл екі түрі көп уақыт бірге, бір-бірімен байланыса, қатарласа өмір сүрген. Сондықтан олардың ұқсастықтары да аз емес, айырмашылықтары да баршылық.

Ғашықтық жыр да, батырлық жыр да эпос жанрына жатады, сондықтан олардың жалпы поэтикалық сипаты ұқсас. Айталық, сюжеттік құрылымдардың бір типті болып келуі, образдар жүйесіндегі біркелкілік, яғни кейіпкерлердің тек біржақты суреттелуі, өлең құрылысы мен бейнелеуіш құралдардың біртектілігі секілді белгілер эпостың екі түрінде де кездеседі. Бұлар эпос жанрының табиғатынан туындаған ұқсастық. Сонымен бірге батырлық жырдың ғашықтық эпосқа тигізген әсері де бар. Мәселен, қызды сүйген жігіттің образында қаһармандық қасиеттердің болуын, қыздардың бейнесіндегі әдемілік, адалдық сияқты қасиеттермен бірге ержүректік пен қайрат-күштіліктің көрінуін батырлық жырдың ықпалы деуге болады.

Дей тұрғанмен, романдық эпостың өзіндік белгілері де көп. Ең алдымен, оның басты тақырыбы – соғыс емес, бейбіт өмірдегі екі жастың махаббаты. Сүйгеніне қосылу үшін күрескен қыз бен жігіттің бүкіл тіршілігі, іс-әрекеті кәдімгі қазақ аулында өтеді, сол себепті елдің тұрмысы, салты, ғұрпы жан-жақты көрсетіледі. Ғашықтық жырдың күллі бітімі, ауаны – тынышты жағдай, кейіпкерлердің іс-қимылдары, тартысы – шым-шытырық емес, ал, оқиғаның өрбуі – баяу, кәдуілгі, күнделікті өмірдің ағымына сәйкес. Романдық эпостың тағы бір негізгі ерекшелігі – шығарманың аяқталуы көп жағдайда трагедиялы болып келеді. Ал, бұл жанрдың сюжеттік негіздері мен кейіпкерлері шығу тегі жағынан көне аңыздауларға да, кейінгі уақыттарда болған шын оқиғаларға да арқа сүйейді және оларды таза романтикалық пафоста баяндайды. Соның өзінде де эпостың мәнін жоғалтпай, кейіпкерлердің ішкі сезімдерін, олардың қуанышы мен күйінішін суреттеуге кең орын беріледі, қаһармандардың адамгершілік қасиеттерін ашуға үлкен көңіл бөлінеді. Мұндай жағдай кейіпкерлерді шындыққа жақын етіп бейнелеуге, оларды аспандата әсірелемеуге міндеттейді. Егер батырлық жырларда болашақ батыр ғажайып жағдайда туып, жедел өсіп, ерлік күш-қайратын бала шағында-ақ көрсетсе, романдық эпоста бас кейіпкерлер әдеттегі адамдар сияқты ержетіп, есейеді. Мұнда қаһарман өзінің сүйіктісін де тек ерлікпен ғана емес, сырт пішін-келбетімен, ақылымен, өнерімен тәнті етіп, табындырады. Бұлай болуының себебі – ғашықтық жыр жанры қалыптасып, өркендеген дәуірдегі қоғамда жігіттің (қыздың да) идеалы өзгере бастаған болатын. Енді идеалды жігіт – тек қара күштің иесі ғана емес, ол алдымен өнерлі, білімді, яғни «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болды.

Жалпы, әлем халықтары фольклорының тарихына көз салсақ, ғашықтық жыр көркем эпос ретінде, негізінен, өркендеген феодалдық қоғамда қалыптасып, дамиды екен. Оның себебі бұл кезеңде адамдардың санасында, өмірде рухани өзгеріс орын алып, жаңа қоғамдық идеал пайда болатын көрінеді. Енді өмір сүру үшін тек батырлық көрсетіп, сыртқы жаулармен соғысу ғана емес, бақытты болу мақсаты алға шығады да, елдің сана-сезімінде жеке адамның тағдыры мен әлеуметтік мәселелер көкейге қонып, актуальді бола бастайды. Бұл тұста бүкіл мәдениет қайраткерлерінің, ақындар мен жыршылардың назары жеке адамның бақыты мен тағдырына, махаббат пен отбасы мәселелеріне ауысады. Мұндай өзгерістің болуы заңды еді. Өйткені, әрбір жаңа дәуір мен жаңа ұрпақ бұрынғы мұраны ғана пайдаланып қоймайды, олар өз талабы мен талғамына сай дүниелерге мұқтаж болады да, өз уақытының сауалдарына жауап беретін шығармалар тудырып, соған сәйкес кейіпкерлерді сомдайды. Өстіп, дүниеге екі жастың тағдырын баяндайтын көлемді эпикалық жыр дүниеге келіп, романдық эпос жанрын қалыптастырады.

Біздің ғашықтық жыр жеке көркем жанр ретінде Қазақ хандығы кезінде қалыптасқан. Әлбетте, оның кейбір сюжеттері мен сарындары өте ерте заманда пайда болған. Бұл тұрғыдан қарағанда, ондай сюжеттер мен сарындар сонау рулық қауымның ұғым-түсініктеріне, алғашқы мемлекеттер мен Түркі қағанаты замандарындағы наным-сенімдерге, дүниетанымға меңзейді. Мұның өзі романдық эпостың көркем түрге дейінгі даму жолы өте ұзақ болғанын аңғартады. Мұны, мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырынан көруге болады.

 

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жыры

 

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырының қай кезде пайда болғаны жөнінде ғалымдар әрқилы болжам айтады. Бір топ зерттеуші бұл жыр Жошы ұлысында дүниеге келген десе, екінші топтағы оқымыстылар Ноғайлы дәуіріне телиді. Ал, үшінші топтағы ғалымдар аталмыш эпостың пайда болуын Қазақ хандығымен байланыстырады. Бұлардың бәрінен өзгеше пікірді М.Әуезов пен Ә.Марғұлан ұсынады. М.Әуезов 1927 жылғы кітабында былай деп жазады: «Қозы Көрпеш нағыз қазақ жұртының әңгімесі болса да, өлгенше ескі заманның әңгімесі. Бұған дәлел – барлық түрік жұртына тегіс жайылғандығы, екіншісі, елдің салтын суреттеген жерлерінен білінеді... Меніңше, «Қозы Көрпештің» өте ескілігін білдіретін дәлел: осы әңгіменің якут (саханың) ішінде болғандығы, олар мұсылман емес. Алыс солтүстікке кеткеніне көп заман, қазақтан оларға «Қозы Көрпеш» әңгімесі артынан қуа баруға қисынбайды. Ол ел жалпы түрік шеңберінен жырылып кеткен күнінде осы жақтан ала кеткен жолдасы болуға лайық. Олай болса, «Қозы Көрпеш» тым кәрі әңгіме болуға керек»[782].




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 931; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.358 сек.