Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ыз Жібек» жыры 1 страница




 

Қазақ романдық эпосының классикалық үлгісінің бірі – «Қыз Жібек» жыры. Бұл да – ерте заманда туып, Қазақ хандығы тұсында өнерге айналған көркем шығарма. Мұның ең басты ерекшелігі – үлкен екі сюжеттен тұратындығы. Яғни «Қыз Жібек» – екі бөлікті шығарма. Бірінші бөлімінде Төлеген мен Жібектің сүйіспеншілігі мен Төлегеннің қарақшы Бекежанның қолынан мерт болғаны баяндалады. Ал, екінші бөлімнің мазмұны – Төлеген өлгеннен кейінгі Жібектің тағдыры және оның Сансызбаймен қосылуы.

Жырдың жалпы нобайы мен тақырыбына, сюжеттің, оқиғаның даму логикасы мен композициясына қарағанда, оның бірінші бөлімі өзінше жеке шығарма болып туып, ел арасына тараған болу керек. Мұндай пікірді кезінде Ғабит Мүсірепов те айтқан екен[789]. Бұл бөлім жеке күйінде нағыз ғашықтық жырдың үлгісі болып көрінеді, яғни бірін-бірі сүйген екі жастың бақытсыз тағдырын баяндаған болу керек. Ондай жағдайда жеке жыр ретінде өмір сүрген бұл бөлім трагедиямен аяқталған деп ойлауға болады: Төлеген опат болғанын білген Жібек өмірмен өзі қоштасқан тәрізді.

Композициялық құрылымы бойынша жырдың алғашқы бөлімі, негізінен, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» секілді таза романдық эпосқа жақын:

1. Төлегеннің ерекше жағдайда дүниеге келуі: алдыңғы сегіз бала шетінеп кеткеннен кейін, солардың өтемі ретінде тууы.

2. Қалыңдық іздеп, сапар шегуі.

3. Болашақ қайын жұртына келуі.

Рас, Төлегеннің қызды іздеу сапары мен арудың аулына келуі Қозыдан гөрі өзгеше. Ол Қозы сияқты ұзақ жүрмейді, қиналмайды және жасырын да келмейді. Төлеген ашық келіп, өзінің мақсатын ашық айтып, елге жария етеді, Қозы секілді мал бағып жүрмейді. Есесіне ол ұнатқан қыздың әкесіне қалыңмал төлеп, «заңды» күйеуге айналады. Қайын жұртында Жібекпен ойнап-күліп үш ай тұрады да, еліне қайтады. Бірақ әкесі Төлегенге қайын жұртыңа келесі жылы барасың деп, дереу аттануға рұқсат бермейді. Алайда, Төлеген әкесінің тыйымына қарамай, жалғыз өзі жолға шығып, айдалада қарақшылардың қолынан мерт болады.

Міне, осылардың бәрі ертегінің құрылымын еске түсіреді: кейіпкердің бірнеше баланың өлімінен кейін тууы, яғни Құдайдан тілеп алған перзент болуы, оның қыз іздеп, алысқа сапар шегуі, қыздың еліне келуі, қыз әкесінің талаптарын орындауы, қызға үйленуі және қыздың елінде біраз уақыт тұруы мен еліне қайтуы. Тіпті, әкесінің баласына тыйым салуы мен Төлегеннің тыңдамай кетіп қалып, опат болуы да ертектегідей: тыйым – тыйымды бұзу – жаза тарту. Бұл мотив – ертегінің өзегі. Әрине, эпос бұларды өте көркем әрі лирикалық мағынада көрсетеді. Мәселен, Төлеген жай ғана, еріккеннен қыз іздемейді. Ол тек өзі ұнатқан, сүйген қызды ғана алмақ ниетпен іздейді. Төлеген ондай қызды табады, оны құлай сүйеді, қыз да оны сүйеді, сөйтіп, екеуі аз уақытқа болса да, бақыт құшағында болады. Төлегеннің Жібекті сүйгені соншалық, ол, тіпті, әкесінің тыйымын бұзып, сүйіктісіне берген уәдесінен шығу үшін қатерлі жолға жалғыз шығады.

Төлегеннің мерт болған жағдайы да ғашықтық жырға сай көрсетіледі: дұшпаны оны қырық күншілік шөлдегі Қособа деп аталатын жерде қапысын тауып өлтірді. (Жердің Қособа аталуының өзі – трагедиялық оқиға болатынын аңғартады). Төлегеннің өлімі де романдық эпос ауанына сәйкес: ол қырық қарақшымен күні бойы атысады. Астындағы болдырған Көкжорға да тұрып қалады. Бекежан болса, оның сыртынан жасырын келіп атады. Егер Бекежан бетпе-бет келсе, Төлеген бой бермес еді дейді жыр. Сонымен, Төлеген батқан күнмен бірге қапыда өледі...

Ғашықтық жыр жанрының заңы бойынша Төлегеннің өлгенін естіген Қыз Жібек өзі де өмірмен қоштасуы керек еді. Алайда, ол олай етпейді, тірі қалады. Енді оқиға әрі қарай дамиды. Осылай «Қыз Жібек» жырының екінші бөлімі басталады.

Бұл бөлім – батырлық эпос мәнінде баяндалады: Төлегеннің інісі Сансызбай хабарсыз кеткен ағасын, оның әйелін іздеп шығады, бірақ ол тек Жібекті ғана табады. Жесір қалған жеңгесін зорлықпен алғалы жатқан қалмақпен соғысып, Жібекті алып, аулына қайтады. Осы желіге құрылған екінші бөлім, яғни Сансызбай-Жібек бөлімі – эпикалық жанрда жиі кездесетін эпилог болып шыққан. Әдетте, мұндай эпилогта әкесінің, немесе ағасының істей алмай кеткен шаруасын баласы, я болмаса інісі жалғастырып, тындыратын болған. (Мұны ғылымда «шежірелік тұтастану» деп атайды). Ол әкесінен, яки ағасынан әлдеқайда күшті болады да, олардың шамасы келмеген жауларды түгел жайратады, сөйтіп, олардың өсиетін жүзеге асырады.

«Қыз Жібек» жырында мұндай рөлде Сансызбай көрінеді. Ол ағасының алысқа, Жібек аулына жол тартқанда «олай-бұлай боп кетсем, асыл туған Жібекті еш жаманға қор қылмай, өзің бір алып, сүйгейсің» деп айтқан өсиетін толық орындайды. Қалмақтың ханы Қоренді жекпе-жекте өлтіріп, қалың қалмақ қолын қырады да, жеңгесін алып, еліне қайтады.

Жалпы, осы екінші бөлімнің сюжеті өте көне болып есептеледі. Ол сонау ежелгі рулық қауымда жігіттің өз қалыңдығын (немесе әйелін) жау қолынан азат еткені туралы айтатын аңыздау түрінде пайда болған сюжет. «Қыз Жібекте» бұл сюжет тарихи тұтастануға сәйкес кейінгі, ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қалмақ-қазақ ұрыстарының бір көрінісі болып шыққан да, қаһармандықпен қатар лирикалық мазмұнда баяндалған.

Сонымен, көзіміз жеткені – «Қыз Жібек» жыры фабуласы әртүрлі, әр кезде туған екі сюжеттен құралған эпос екен. Қалыңдығын (немесе әйелін) жау тұтқынынан ерлікпен босатып алған жігіт туралы көне қаһармандық сюжет бағы ашылмаған екі ғашық жөніндегі романдық эпосқа кірігіп, осы эпостың жалғасына айналған да, Жібектің күйеуі – Төлеген өлгеннен кейінгі тағдырын көрсетеді. Ал, енді осы айтылған контаминация қашан және не үшін жүзеге асқан? Біздің топшылауымызша, ежелгі сюжеттің ғашықтық жырға енуі ХVІІІ ғасырда жүзеге асқан секілді, себебі бұл тұста қазақ фольклорында эпикалық дәстүр мен шығармашылық мейлінше өріс алып, дамыған болатын.

Қазақ тарихында ХVІІІ ғасыр – ұзаққа созылған ең бір жаугершілік заман болып, қазақ халқы жоңғар басқыншыларымен және Еділ қалмақтарымен жерін, елінің тәуелсіздігін сақтау үшін сан рет соғысқаны белгілі. Осы дүрбелең дәуір ақындар мен жыршыларды ежелгі ру-тайпалық эпостарды қайта жырлауға, жаңғыртуға мәжбүр етті. Олар жаңадан жырлағанда сол шақтағы қоғам алдында тұрған мақсат-міндеттерге сай етіп жырлады және жаңа шығармалар тудырды. Сөйтіп, қазақ эпосы тарихи тұтастануға түсті. Мұхтар Әуезов: «Жырдың екінші саласы осы жаугершілік заманға келіп килігеді. Жайық бойындағы аз ру шектілерге торғауыттардың ол кезде, белгілі бір кезеңде үстем болуы рас»[790], – деп жазуы біздің ойымыздың дұрыстығын көрсетсе керек. Сонымен «Қыз Жібек» жырының екі бөлімі ХVІІІ ғасырда қосылып, тұтас бір көркем шығармаға айналған деп айта аламыз. Сансызбай туралы бөлімнің қосылуының тағы бір себебі – жыршылар мен тыңдаушылардың Жібектің әрі қарайғы тағдырын білгісі келуі мен жұртшылықтың жырды бақытты аяқталуын қалауы. Тегінде, фольклорлық шығармалар әрқашан жақсылықпен аяқталады: ертегіде бас кейіпкер зұлымдықтың бәрін жеңіп, сүйгенін алып, барша мұратына жетеді; эпоста да солай, батыр барлық жауын жайратып, елге тыныштық орнатады, арманына жетеді. Бұлай болуы халық арманы мен эстетикасынан туындаған заңдылық.

Жібек пен Сансызбай туралы сюжеттің жырға эпилог болып енуі, сөз жоқ, эпостың бірінші бөліміне де өзгеріс енгізген. Оны мынадай мотивтер мен эпизодтардан көруге болады: Төлегеннің еліне қайтып келуі; Базарбайдың Төлегенге қайтадан Жібекке баруына рұқсат бермеуі; Төлегеннің алыс жолға жалғыз кетуі; Төлегеннің Сансызбайға Жібекті тапсыруы; Жібектің Сансызбайды күтуі; Жібектің Сансызбаймен қосылуы, т.б. Жоғарыда айтқандай, жырдың бірінші бөлімі Төлегеннің және Жібектің өлімімен аяқталуы керек еді. Ғашықтардың арасына Бекежан кіріп, Төлегенді өлтіруге тиісті еді. Бәлкім, Ғабит Мүсірепов айтқанындай, бірінші бөлім әдепкі түрінде осылай аяқталған да шығар. Алайда, жырда Бекежан Төлегенді дереу өлтірмейді. Ол Төлегенге әйелімен үш ай тұруға мүмкіндік береді. Бекежан арам ойын ыңғайлы жағдайда орындамақ, яғни Төлеген жеке қалғанда өлтірмек. Ондай сәт туады да: Төлеген әкесінің рұқсатынсыз Жібектің аулына жалғыз шығады. Неге бұлай болады? Базарбай неғып өзгеріп қалды? Оның өзі емес пе еді Төлегенге қыз айттырмай, сүйгенін алсын деп, ерік беріп қойған? Төлеген Жібектің еліне алғаш аттанғанда рұқсат берген де өзі еді ғой? Енді неліктен ол екінші рет баруға қарсы бола қалды?

Жырда бұл сұрақтарға жауап берілмейді, Базарбайдың өзгеріп қалғаны да түсіндірілмейді. Жыр мен жыршылар үшін ең басты нәрсе бұлар емес. Олар үшін аса маңызды нәрсе – Базарбай Төлегеннің таңдауына риза емес, сол себепті ол баласына рұқсат бермейді. Ал, Төлеген болса, әкесінің рұқсатынсыз, батасын алмай, жолға жалғыз шығады. Оның соңынан еріп, біраз жерге дейін жылап шығарып салған – жалғыз інісі Сансызбай. Сансызбаймен қоштасып тұрып, Төлеген оған:

 

Олай-бұлай боп кетсем,

Асыл туған Жібекті

Еш жаманға қор қылмай,

Өзің бір алып, сүйгейсің! –

деп табыстайды.

Міне, осы ағайынды екеуінің қоштасуы мен арыздасуы – екінші бөлімнің жырға енгенін ақтап тұр. Төлегеннің осы сөздері жырдың бірінші бөлімінде айтылады, ал, осы мәндес сөздерді екінші бөлімде Жібек те айтады. Өзінің мүшкіл халін баяндай келіп, жөн сұраған Шегеге ол былай дейді:

Тірі болса Сансызбай

Жетер уақыты боп еді.

Біздей ғаріп міскінді

Неге бір іздеп келмейді-ай?!

 

Жырдың оқиға желісі бұзылмас үшін бірінші бөлімнің аяқталуы да өзгертіледі: Төлегеннің өлуі әдеттегідей емес, яғни ол Жібектің аулында өлмейді. Ол дұшпандармен айдалада шайқасып, Жібектің ауылынан жырақ жерде оққа ұшады. Сондықтан Жібек те, Сансызбай да оның опат болғанынан бейхабар. Тек сегіз жыл өткен соң ғана олар Төлегеннің өлгенін естиді. Міне, осы себепті Жібек Төлегеннің артынан қоса өлмеген дегенді айтады эпос. Жібек сегіз жыл бойы сарылып, Төлегенді күтеді. Жырдың қисыны бойынша Жібектің ендігі тағдырын баяндау қажет, сөйтіп, Сансызбай туралы сюжет еніп, жыр оқиғасы әрі қарай дами береді.

Осы екінші бөлімнің мазмұны лирикалықтан гөрі батырлық эпосқа жақын. Сансызбайдың Жібекті алуы – батырлық эпостағы қаһармандықпен үйлену болып шыққан. Ол кәдімгі батырларша жекпе-жекте өзі секілді батырды өлтіреді, қалың қалмақ қолын түгел қырады. Ал, Төлеген ондай емес-тін. Оның үйленуі ғашықтық жырдағыдай, яғни ол қиындықпен үйленеді: екі рет қырық күншілік шөлден өтеді, әкесінің назасына ілігеді, қарақшылармен шайқасады. Осыдан-ақ жырдың екі бөлімі мазмұн жағынан екі түрлі, біріншісі – ғашықтық, екіншісі батырлық екені көрініп тұр. Бірақ соған қарамастан «Қыз Жібек» жыры біртұтас көркем туынды, мұнда екі бөлім бір-бірін толықтырып, үлкен эпикалық шығармаға айналған, өйткені, бүкіл жырдың алуан түрлі эпизодтары мен мотивтерін жымдастырып тұрған нәрсе – махаббат тақырыбы.

«Қыз Жібек» эпосын махаббат гимні десе де болады. Оның нағыз көркем туындыға айналу мезгілінде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырларда қазақ қоғамында жеке бастың бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермейтін, рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болатын. Солай бола тұрса да, «Қыз Жібек» жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі – сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса керек.

Төлеген – қазақ эпосы, тіпті, бүкіл қазақ фольклоры үшін жаңа кейіпкер. Ол Қозы Көрпештен де өзгеше. Қозының бейнесінде батырлық қасиет көп. Ал, Төлеген – нағыз лирикалық кейіпкер. Ол бай болуды, батыр болуды көксемейді. Оның арманы – өзіне лайықты сұлуды сүю, соны өзіне өмірлік жар ету. Жыршы да осыны айтады: «Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа». Демек, сол кездің қоғамында осындай ой-пікір болған, яғни ел ішінде махаббатты – өте таза, бәрінен ерекше, биік сезім, оны кез келген адам біле бермейді деген ұғым қалыптасқан. Нақ осындай ерекше сезім Төлегенді әкесінің бата бермегеніне қарамастан алыс жолға жалғыз аттандырады. Төлеген үшін өмірдің мәні де, сәні де – махаббат, махаббат үшін күресіп, өмір сүру, сүйгеніңе үйлену. Сондықтан да болу керек, оның мінезі де, істері де әдеткі эпостағыдай емес. Ол аң да ауламайды, мал да бақпайды, жастайынан батырлық мінез де танытпайды, батырлық өнерді де үйренбейді. «Періште сипатты ұл» боп тууының өзі – оның ерекше сұлу болатынын білдіреді. Демек, ол батыр болмайды: Төлеген кәдімгі батырларша «сағат сайын» өспейді, бозбала кезінде ешбір ерлік іс-әрекет жасамайды. Есесіне он екі жасында өзіне пара-пар сұлу қыз іздей бастайды. Он алты жасқа толғанда ат тұяғы жететін жерді түгел шарлап шығады. Қыз Жібек туралы ести сала ол еш ойланбастан жолға шығады.

Егер Қозы Көрпеш қалыңдығының аулына жалғыз шығып, көп қиындық көріп, ұзақ жүріп жетсе, Төлеген қасына бірнеше нөкер ертіп, «жылқыдан екі жүз елу жорға алып, бірнеше күн жол жүріп, Шекті деген елге келіп, шатырды тігіп, жорғаларын жайып салып, жұртқа жар салады». Байқайтынымыз – Төлеген алыс елге шаршамай-талмай, еш қиналмай, аз-ақ күнде жетеді. Оның қызды таңдауы да өзгеше. Қызын көрсеткен әрбір адамға бір жорғадан береді. Тіпті, Төлегеннің өзі Жібекке құда түседі. Бұл да – оның ерекшелігі. Оның құда түсу әдісі де айрықша. Алдымен жұртқа жорға таратып, Шекті еліне «мырзалықпен» танылады да, Қаршыға арқылы Жібекті көруге мүмкіндік алады. Бұл жерде Төлеген тағы бір мінез көрсетеді. Ол Қаршығаның сөзіне сеніп қана Жібекке іңкәр болмайды, мақтаулы қызды өз көзімен көргісі келеді. Яғни Төлеген қызға сырттай ғашық болғысы келмейді, қызды өзі сынап, өзі тілдесіп қана бағаламақ. Міне, жастайынан өзіне тең қызды іздеген Төлеген мұнда да сол әдетінен таймайды.

Көркем шығарма болғандықтан жырда Төлеген мен Жібектің бір-біріне деген сүйіспеншілігі бірден ашылмайды. Жібекке деген Төлегеннің ынтықтығы сатыланып көрсетіледі. Ең алғаш Жібек туралы ол өз елінде жүргенде естіп, сұлуды іздеп шығады. Содан соң Жібек жайында Қаршығадан қанығып, оны көруге асығады. Сөйтіп, Қаршығаға ілесіп, көштің соңына түседі. Көш үлкен, аяғынан басына дейін баруға тура келеді. Жол бойы бірінен бірі әдемі он үш қызды көреді. Әрқайсысын Жібек екен деп жақындағанда, Қаршыға «Жібек емес» дейді. Жырда қыздардың келбеті өте шебер суреттелген, оларды көрген Төлеген енді тезірек Жібекті көруге асығады. Қаршығадан озып, Жібектің күймесіне бұрын жетеді. Бірақ Жібек онымен «сөйлесуге намыстанады». Тек Қаршығаның үгітінен кейін ғана Жібек «бетін бір ашып, жарқ етіп көрініп, амандасты да, қайтадан бетін жауып, пәуескенің қақпағын түймелеп, жатып қалды», – дейді жыршы. Жібектің ғажайып көркін көрген Төлеген: «Жиһанда бұл сипатты әйел көргенім жоқ еді, енді мұны алайын!» – деп шешеді. Осы сәттен бастап Төлеген енді белсенділік көрсетеді.

Жалпы, Төлеген ғашықтық эпостың дәстүріне сәйкес, өзіне тиісті сынақтардың бәрінен сүрінбей өтеді: қалаған жары үшін ол өз елін, ата-анасын тастап, жалғыз өзі қауіпті сапарға шығады; махаббатқа адалдық танытып, жарық дүниемен қоштасады. Мұндай жағдай романдық эпос кейіпкерінің бәрінің басынан өтеді, Төлеген де осыны бастан кешіреді.

Тумысынан ерекше жаралған Төлегеннің мінезі Жібекке деген сезімінен кейін бұрынғыдан гөрі жұмсарып, оның болмысын байыта, нұрландыра түседі. Ол өте сезімтал, нәзік жанды болып көрінеді. Бұл қасиеті, әсіресе, Төлегеннің Сансызбаймен қоштасқан сәтінде және әуелеп жүрген алты қазға қарата зарын айтқан кезде барынша кең ашылады. Әсіресе, соңғы монологта Төлегеннің ішкі сезімі өте лирикалық, тебіреністі рухта суреттеледі.

Жібек те – өз теңін іздеген ару. Оның арманы – өзін де құлай сүйген, махаббатқа адал адамға қосылу. Жібектің идеалы – бай да, батыр да емес. Оған керегі – Қыз Жібектің жүрегін жалындата алатын, өзі сияқты жаны таза, ақылды әрі көрікті жігіт. Яғни Қыз Жібектің өзі қалай сүйсе, жігіт те оны солай сүюі керек. Міне, Төлеген осындай адам. Оны Жібек алғашқы кездесуде-ақ сынап, байқаған. «Жалғыз атты» адамсың дей отырып, Төлегеннің сөзінен, өзін қалай ұстайтын мінезінен оның парасатты бекзат екенін аңғарған.

Жалпы, Жібектің образы эпоста идеалды болып суреттеледі, оның бойында қазақ әйелінің ең асыл қасиеттері жинақталған. Жырда ол екі бейнеде көрінеді: сұлу қыз және адал әйел. Жырдың алғашқы бөлімінің біраз жері – сол сұлу қызға арналған. Оның сұлулығы алыс жерлерге жетеді, Төлеген де, қалмақ ханы Қорен де ару қыздың даңқын естіп келеді. Жібектің өз елінде де талай жігіт оған ғашық, бірақ Жібекке жолай алмайды, өйткені, Жібек тірі жанды менсінбейді, бұлан боп өскен ерке әрі өр мінезді.

Жібектің сұлулығына ақылы мен ақындығы да сай. Алғаш кездескен сәттегі Төлегеннің сөзіне берген жауабы өте ұтымды әрі әсерлі. Ол өзін үлкен шеберлікпен таныстырады жігітке, өзінің кім екенін кәнігі ақындарша баяндайды. Өзін халық құрметтейтінін, жоғары бағалап, сыйлайтынын айта келіп, Жібек Төлегенді әдейі кемсіте сөйлейді, сөйтіп, оның жігіттік намысын сынайды. Оның айтқан жауабына, көркі мен ұстамдығына риза болған Жібек енді өзі іздеген адам – осы Төлеген екеніне көзі жетеді де, соған тұрмысқа шығуға бел байлайды. Бірақ ол жігіттің ұнағанын сездірмейді, ойын ашық айтпайды. Іштей жақсы көріп қалса да, әліптің аяғын бағады, себебі әкесі қалай қарайды бұл жігітке, әлі белгісіз еді. Әкесінің батасын алған соң ғана Жібек өзінің сезіміне ерік береді, Төлегеннің шақыруын жылы қарсы алып, оның отауына өзі барады.

Міне, осыдан бастап Жібек – күйеуіне өте адал әрі қамқор әйел ретінде көрінеді. Төлегенге деген терең де мөлдір сезімін, шексіз берілгендігін ол, әсіресе, жаман түс көргенін жеңгесіне айтып, Төлегеннің сапарға шықпауын өтіну арқылы білдіреді. Осы эпизодта Жібек – сүйікті жар ғана емес, алдағыны болжай алатын көреген әйел болып бейнеленеді. Көрген түсін өзі жорып, Жібек жеңгесін Төлегенге жұмсайды, Төлеген жолға шықпасын деген тілек білдіреді. Екінші сөзбен айтқанда, Жібек Төлегенге тыйым салады. Бұл – жырда екінші тыйым: әкесі Төлегенге алыстағы Шекті еліне, Жібекке баруға келісімін де, батасын да бермеген-ді. Фольклордың поэтикасы бойынша тыйымды бұзған кісі бір қасіретке тап болады. Ал, қазақтың этикасы бойынша әке батасын алмаған баланың жолы болмайды. Ендеше Төлегеннің мерт болуының түпкі себебі – осы екі тыйымды бұзғаны дейді жыр.

Жібек Төлегенге ғана адал емес, оның еліне, руына адал. Сүйген жарына ғана емес, оның ел-жұртына деген махаббатын Жібек Төлегенді сегіз жыл бойы күту мен ол келмеген соң оның елінен біреу келуін тосу арқылы да білдіреді. Күйеуінің елін Жібек – өзінің қорғаны деп біледі. Қалмақтың Қорен ханы күш көрсетіп, Жібекті зорлықпен алмақшы болғанда, ол Төлегеннің руын есіне алып, Сансызбайдың неғып келмей жатқанына таң болады. Зарыға күткен Сансызбайы келгенде Жібек еш ойланбастан қайнысымен бірге қашуға бел байлайды. Өйткені, ол, біріншіден, Төлегеннің «өліп кетсем, артымда еш жаманға қор қылмас Сансызбай атты інім бар» деген өсиетін орындауы керек. Екіншіден, Жібек, өз заманының салты бойынша, өзін Жағалбайлының жесірімін деп есептейді де, әмеңгерінің келуін күтеді. Үшіншіден, Сансызбай Төлегеннен аумайды, сондықтан Жібек оны «Төлегеннің өзі» деп қабылдайды. «Сансызбайды көрген соң, Жібектің көңілі тояды», – дейді жыршы. Демек, Жібек енді өзі сүйіп қалады Сансызбайды. Яғни Жібек марқұм болған жарының өсиеті мен ата салтын орындау үшін ғана тимейді Сансызбайға. Ол өзі ғашық болады, сөйтіп, оның Төлегенге деген іңкәрлігі Сансызбайға ауысады.

Сансызбай болса өзін нағыз батыр, елінің таянышы, Жібекті өзі сияқты сүйе білген ер азамат ретінде көрсетеді. Ол Төлеген секілді емес. Ерте жасынан ерлікке даярланып, ағасы дайындап кеткен тоғыз қабат сауытты дулығаны киініп, найзасы мен садағын асынып, тұлпар атқа мініп, кәдімгі батырларша жолға шығады. Оның бұл сапары, бір жағынан, бұрынғы батырлардың қалыңдық іздеп, сапар шегуін еске түсірсе, екінші жағынан, жау қолына түскен әйелін (яки қалыңдығын) тұтқыннан азат ету үшін күреске аттанатынын қайталаса, үшінші жағынан, болашақ батырдың алғашқы ерлігін ойға оралтады. Ал, мұның бәрі классикалық батырлық эпосқа тән. Демек, «Қыз Жібек» жырының екінші бөлімі – көне заманнан келе жатқан «жігіттің ерлікпен үйленуі» туралы сюжет болып табылады. Бұл сюжет, әсіресе, батырлық ертегі мен көне эпоста жиі кездеседі. Осы ежелгі сюжетті жыршылар әдемі пайдаланып, жырға шеберлікпен енгізген, сөйтіп, екі сюжеттен тұратын өте көркем ғашықтық жыр тудырған.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1281; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.03 сек.