Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Туралы жырлар 5 страница




Сонымен, әзірге бізге мәлім тарихи жырлар үлкен үш топ құрайды. Соның ішінде ең ертелеуі деп есептелетіні – ХVІІІ ғасырға дейінгі оқиғалар туралы баяндайтын шығармалар. Оларды орта ғасырлық деп те атауға болады. Дәлірек айтқанда, ХІV-ХVІІ ғасырларда өмір сүрген ерлер мен олардың істері жөнінде айтатын туындылар. Бұл топқа «Орақты батыр», «Жәнібек батыр» («Жәнібек батырдың өлеңі»), «Сәтбек батыр», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Есім», «Олжаш батыр» сияқты жырлар енеді. Аталмыш шығармалар бұрын жарияланбаған және зерттелмеген.

 

* * *

ХІV-ХVІІ ғасырлар оқиғалары мен тұлғалары

«Орақты батыр» жыры. Жырда баяндалатын оқиғалардың болған уақытын Қалқа Жапсарбаев: «Он төртінші ғасырда», – деп анықтап көрсеткен. Дегенмен, бұл жырға, жалпы фольклор туындыларында, оның ішінде эпос үлгілерінде, жиі байқалатын көпқабаттылық (полистадиальность) тән екенін айту қажет. Оған көз жеткізу үшін жырдың мазмұнына назар аударайық.

Жыр Жалайыр руының әуел баста Жиделі Байсынның бер жағындағы Қырықжайын деген дарияның жағасындағы Ағашаяқ, Аққолтық деген жерлерді мекендегенін, бірақ өздерімен қонысқа таласқан Кіші жүз руларының шапқыншылығына ұшырай берген соң, сол кезде ержеткен Ескелді би мен он төрт жасқа келген Балпық би елге:

 

Бұл жерден көшіп, ауалық,

Бос жатқан кең жер табалық, –

 

деген ақыл беріп, соған орай бүкіл Жалайыр елі қоныс аударады. Олар әуелі Ақмешітке келіп, өздерінің саны көп болғандықтан, ол жерге де сыймай, ауа көшіп, Ақтесікке жетіп, ол жер де бос болмаған соң, тағы да көшіп, Қызылқұмды кезеді. Одан соң екі жыл Қаратауды мекен етеді. Өзбек пен қырғыз қысқан соң ол жерден де кетіп, Сырдариядан өтіп, «Теңіз деген жер бар», – деп, соған қарай жылжиды. Төрт ай тоқтаусыз көшіп, адам да, мал да арып-ашып, талып, қиналып, ақыры, Шудың бойына жетеді, Шудың жері малға да, егіске де қолайлы болып, өзенде балықтың молдығы ырысты еселей түседі. Ең бастысы оңаша жатқан кең жер халыққа жағдайлы қоныс болады. Бірақ сол жерден жалмауыз шығып, әр күні кісі жейтін болады (Жырда өзеннің «Шу» деп аталуына жалмауыздан жапа шеккен елдің шулап жылағаны себепші болғаны айтылады). Жалмауызды он жетіге жаңа шыққан жас батыр Орақты өлтіреді[889].

Бір қызығы: Орақтының жалмауызды өлтіру үшін қолданған тәсілі хикаялардағы батырлардың жезтырнақты өлтіру үшін қолданған амалына ұқсайды. Егер хикаяларда батыр жезтырнақты алдаусырату үшін бөренені ұйықтап жатқан адамға ұқсатып бүркеп қойса, Орақты батыр Андабай ұстаға тапсырма беріп, ағаштан екі қыздың, екі жігіттің және бір бәйбішенің мүсінін жасатады. Ұста бұл мүсіндерді тірі адамнан ешқандай айырмасы жоқ түрге ендіре безендіріп, киіндіріп, оларды үйдің ішіне отырғызып қояды. Соларды жеу үшін келген жалмауызды Орақты атып өлтіреді.

Адамның жезтырнақпен кездесуі туралы сюжет өте ескі болса да, оны көркем фольклорда пайдалану – әдеткі іс. Хикаяларды айтпағанда, мәселен, «Өтеген батыр» жырында бұл сюжет өте әдемі баяндалған[890].

Ал, енді жырдың тарихқа қатысын сөз ететін болсақ, мұнда тарихтан біршама алшақтық бар екенін байқаймыз. Жыршының айтуынша, «Орақты батыр» оқиғасы ХVІ ғасырда болған, демек, Орақты батырдың өзі де сол шақта өмір сүрген болып саналады. Жырдағы шындық – Жалайырлардың Сырдарияны, Шу бойын мекендегені. Бұл туралы М.Тынышбаев: «Жалайыр ордасы Темірдің өрлеуінің бас кезінде оған қолдау көрсетті, бірақ 1370 жылы ол оның қарсыластары – Дулаттар жаққа өтті, сол үшін оларды Темір талқандады және ыдыратты... Біздің Жалайырларымыздың негізгі бөлігін Шуманақтар құрайды, оларға 1370 жылы Сырманақтардың босқындары келіп қосылды»[891], – деп жазады.

Ал, жырдың бас кейіпкері Орақты батыр жырда Ескелді, Балпық билерден жас болып бейнеленеді. Алайда, зерттеуші О.Исмаиловтың айтуынша, Орақты ХV ғасырда туған сияқты.

«Демограф ғалымдардың есебі бойынша – деп жазады ол, – әр ғасырда үш ұрпақ өмір сүреді. Демек, он жеті ұрпақ алты ғасырға аздап толмайтын мөлшерге келеді. Екінші сөзбен айтқанда, қазіргі 1998 жылдан алты жүзге шамалы ғана толмайтын 578 жылды алып тастайтын болсақ, 1420 жыл шығады. Шамамен алғанда, бұл – Әлшағырұлы Орақты батырдың туған мерзімі»[892], – әрі қарай, О.Исмаилов «Демек, Орақты батырдың бұдан алты ғасыр бұрынырақ өмірге келгендігі шындыққа саяды»[893], – деп қорытады.

Мұндай ойды жыршы да айтады:

Орақты жайын айтайын:

Тұрлықожа баласы.

Орақтың тапқан қонысы –

Қаратал, Көксу жағасы.

Өткеніне олардың

Бес-алты ғасыр шамасы.

Жырда Орақтының ақылшы ағалары ретінде бейнеленетін Ескелді мен Балпық – Жалайыр руының ХVІІІ ғасырдағы ұлт-азаттық күресінің қаһармандары әрі көсемдері. Ал, жыр кейіпкерлерінің бірі – Андабай ұстаның да сол екі бидің замандасы болып табылатыны мәлім. Демек, бұл туындыда Жалайыр руының қазақ жерін мекендеген дәуірінің әртүрлі уақыттарында орын алған қонысқа орналасу, атамекенді басқыншылардан қорғау оқиғалары фольклордағы тарихи тұтастану мен эпикалық жинақтау тәсілі арқылы топтастырылып, Орақтының, Ескелдінің және Балпықтың саяси күрестерімен байланыстырыла баяндалған.

Жырға ел аузында сақталып келген аңыз әңгіме негіз болғанын жыршының өзі туынды соңындағы:

 

Осылай деп айтатын

Халқымыздың білгені.

Ел аузында айтылып,

Ертегі болып жүргені, –

 

деген шумақ арқылы сездірген.

Деректерге қарағанда, Қалқа жырға арқау болған оқиғалар туралы әңгімелерді кезінде өзінің ұстазы – Жолбарысұлы Бақтыбайдан естіген сияқты.

Классикалық қаһармандық эпос үлгілерінде бас кейіпкердің қарсыластары қалмақ, қызылбас, ындыс, т.с.с. тарихи жаулар болып табылатыны белгілі. Ал, тарихи жырлардың бірқатарында кейіпкерлердің әртүрлі құбыжықтармен арпалысуы да бейнеленген. Мәселен, «Бердіқожа батыр», «Өтеген батыр» жырларында бас кейіпкерлердің қарсыластары адам ғана болмай, айдаһар, жезтырнақ секілді мифологиялық кейіпкер болып келеді.

Осындай үрдісті біз «Орақты батыр» жырынан да аңдаймыз. Оған жоғарыда тоқталған Орақтының жалмауыздарды өлтіруі айғақ болады. Сонымен қатар жырда Орақтының айдаһарды және Қожа Ахмет Яссауидың қарғысына ұшырап, адамнан құбыжыққа айналған, бас жағы адам, бөксе жағы ит кейпіндегі Ақкөбік және Қаракөбік атты жалмауыздарды өлтіргені де суреттеледі. Бұның сыры сыртқы жаулардың шапқыншылықтарының салдарынан ел тәуелсіздігі ең бір көкейкесті мәселе болып тұрған уақытта ел қорғаған ерлердің ерліктері туралы жырлар халықтың рухани қуат алатын көзі ретінде сұранысқа ие болғандығында жатқаны анық. Ал, бертініректе бейбітшілік орнаған заманда көпшілік эпос үлгілерін тек ғибраттық, танымдық қажетін ғана өтеу үшін емес, көңіл көтеру үшін де тыңдайтын болған кезде жыршылар да осыны ескеріп, өздері орындайтын туындыларға сейілдік мақсатта қиял-ғажайып оқиғаларды қосуға бейім тұратыны байқалады.

Қазақ эпосы үлгілерінен жиі байқалатын құбылыстардың бірі – қазақ халқы және онымен туысқандық немесе тату көршілік қарым-қатынаста болған халықтардың арасында болған ірілі-ұсақты жанжалдарды қалмақтармен болған әскери қақтығыс етіп көрсету. «Орақты батыр» жырында да бас қаһарманның Дүнген деген қалмақтың ханы мен оның қалың әскерін жалғыз өзі тойтарып, ойсырата жеңгені бейнеленеді.

Жәнібек хан туралы жыр. Жыр Әзірет сұлтан заманында Ноғайлы елінің басшысы болған Әлібек деген байдың, қартайғанға дейін бала көрмей, перзентсіздіктің зарын тартқанын, оның жетпіс бес жасында әулие-әнбиелердің басына түнеп жүріп, Құдайдан бала сұрағанын, ақырында, оған түсінде Шашты Әзиз аян беріп, ұлды-қызды болатынын білдіргенін, содан кейін, көп ұзамай, Әлібек ұлды болып, оның атын Жәнібек қойғанын, одан кейін дүниеге келген қыздың атын Мақпал қойғанын баяндаудан басталады. Әлібек байдың қай жерді мекендегенін жырдың: «Ел-жөні Сырдарияның ар жағында», – деген тармағынан аңғарамыз.

Эпостың классикалық үлгілерінің барлығына «ортақ жер» болып табылатын осындай ғайыптан туу мотивін пайдаланудан басталған жыр одан ары қарай Жәнібектің өзінің ерлігін өте жас кезінде танытып, қазақ еліне жиі шапқыншылық жасап, тыныштығын кетірген қалмақтың ханы Қараманға қарсы он төрт жасында жорыққа аттанып, жеңіспен оралғанын суреттеуге ұласады. Одан кейін оған өзі жорықта жүргенде артта қалған елін басып алған Арқадан келген қалмақтармен соғысып, туған халқын азат етуге тура келеді.

Жәнібектің туып-өскен жері де, оның елінің мекені де Оңтүстік Қазақстан өлкесі екені жырда айқын көрсетіледі. Ол өз елін жиі-жиі шауып, тыныштық бермейтін қалмақтың ханына он төрт жасында жорыққа да сол жерден аттанады.

Жыр оқиғасы өткен елді мекендердің қатарында Алматы, Бішкек, Әулиеата сияқты қалалардың аттары да кездеседі. Сонымен қатар жырда анахронизмдер де ұшырасып қалып отырады. Мысалы, туындыда болыс, старшын сайлауының өткізілгені туралы да сөз болады. Бұл, әрине, Жәнібек хан заманының шындығы емес, Ресей патшалығының қазақ даласында ХІХ ғасырда қолданысқа енгізген жаңа мизамының салдары екені анық.

Жырда классикалық эпос үлгілерінде жиі байқалатын көпқабаттылық (полистадиальность) та ұшырасады. Ноғайлардың жерін басып алған қалмақтардың басшылары болып табылатын алты батырдың Ақкөбік, Қаракөбік деген екеуі жергілікті адамдардан: «Бұл жерде қандай мықты адамдар бар?» – деп сұрағанда, олар:

«Жәнібек деген батырымыз бар еді, жауға аттанып кетті. Әзірет сұлтан деген әулиеміз бар еді, сіздердің келгендеріңізді жақтырмай, жердің астына кіріп кетті», – деп жауап береді.

Қазақтардың «Әзірет сұлтан» деп Қожа Ахмет Яссауиды атайтыны белгілі. Ахмет Яссауи ХІ ғасырдың аяғында туып, 1167 жылы қайтыс болған.

Ал, жырда біресе «батыр», біресе «хан» ретінде көрсетілетін Жәнібек –ХV ғасырда Керей сұлтанмен бірге Қазақ хандығының негізін қалаған белгілі тарихи тұлға деген қорытындыға келіп отырмыз. Мұндай тұжырым жасауға жырда Жәнібектің Сыр бойын мекендеген ноғайлылар арасында туып-өсіп, сол жердің тәуелсіздігін қорғауға басшылық жасағаны, одан кейін біраз уақыт Еділ мен Жайық өзендері бойында билік құрғаны, одан кейін Арыс жағасында хандық құрғаны баяндалуы негіз береді. «Қазақстан тарихында»: «Қазақ рулары мен тайпаларының едәуір бөлігі сонау 40-50-жылдардың өзінде Қазақстанның оңтүстік жерлерінде – Қаратау баурайларында, Сырдарияның төменгі ағысында, Түркістанның солтүстік бөлігінде Керей мен Жәнібектің төңірегінде топтасқан еді. Әбілқайыр хан қырда өз билігін нығайту жолындағы күреспен, Жошы ұрпақтарының және рулар мен тайпалардың бағынбаған басшыларының қарсылығын басумен әлек болып жүргенде Ақ Орда ханының мұрагерлері бұл аумақта тұрақты билігін қамтамасыз етіп алды»[894], – деп жазылуы осыны айғақтайды.

Ал, жырда Жәнібектің қазіргі Оңтүстік Қазақстан өлкесін мекендеген халықтың өздеріне хан болуын өтінгеніне қарамастан, ол өлкеден кеткені, бірақ осы өлкені екінші рет жаудан қорғап қалғаннан соң ғана хандық билікті қолына алғаны баяндалуына келсек, тарихи фактілер де Жәнібек пен Керейдің Түркістан маңындағы жерлерден ХV ғасырдың 50-жылдарының соңында Батыс Жетісуға қоныс аударғанын, Әбілқайыр қайтыс болғаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақты өз иелігіне қайтадан қосып алғандығын растайды. Бұл туралы жоғарыда аталған кітапта: «ХV ғасырдың 60-жылдарының аяғы мен 70-жылдарының басында және одан кейінгі жылдары қазақ хандарының билігі Қазақ хандығының құрамына енгізілген басқа жерлері мен оны мекендеген халықтары, Түркістан (Оңтүстік Қазақстанның Сырдариядағы қалаларының бір бөлігі) және шығыс Дешті Қыпшақтағы ұлан-ғайыр далаларда бірте-бірте кеңіп, тарай бастады»[895], – деп жазылған.

Жырда Жәнібектің Еділ мен Жайық бойын мекендеген қалмақтарды жеңіп, өзіне бағындырғанына келсек, ол өлкені 1391 жылдан ХVІІ ғасырға дейін Ұлы Ноғай Ордасы мекен еткені, ал, оның билеушілері мен Орыс ханның ұрпақтары болып табылатын Қазақ хандарының қарым-қатынастары бірде татулық, бірде жаулық сипат алып, сан құбылып отырғаны көпшілікке мәлім.

Қазақ фольклорында үнемі Әзірет сұлтанның керемет қасиетіне орай адамнан құбыжыққа айналған кейіпкерлер ретінде суреттелетін Ақкөбік пен Қаракөбіктен халықты құтқарушы ретінде «Орақты батыр» жырында Орақты көрінсе, «Жәнібек хан» жырының бас кейіпкері де дәл осы қызметті атқарады. Екі жыр оқиғасының айырмасы – Орақты өз қарындасының өмірін саналы түрде қатерге тіксе, Ноғайлы адамдары Ақкөбік пен Қаракөбіктен құтылудың жолын ойласа келіп, оның жолына жемтік қалдырып, көшіп кетуді дұрыс көреді. Олар: «Бұл өзі адамнан құбыжыққа айналған пәле ғой, малды да, қызды да керек қылатын шығар», – десіп, құбыжықтардың келетін жолына бір жабағы мен жорықта жүрген Жәнібектің қарындасы – Мақпалды байлап кетеді. Сол кезде елге жеткен Жәнібек Ақкөбік пен Қаракөбікті өлтіріп, қарындасын аман алып қалады.

Ақкөбік пен Қаракөбіктің адамнан жынға қалайша айналғаны бұл жырда анығырақ баяндалған. Онда Әзірет сұлтанның өздерін жақтырмағандықтан жер астына түсіп кеткеніне шамданған Ақкөбік пен Қаракөбік Әзірет сұлтанды қорлауды көздеп, оны ұры етіп көрсету үшін әулиенің жер үстін мекендеген кезде тұрған үйіне екі жылқы сойып апарады. Осыны сезген әулие әлгі екі жауызды: «Сендер итке айналып кетіңдер! Заһарларың жеткен жердегілердің бәрі қырыла берсін!» – деп қарғайды.

Қазақ эпосының тұрақты сюжеттік инвариантын құрайтын мотивтердің «Жәнібек хан» жырында кездесетін үлгілері жоғарыда келтірілген мысалдармен шектелмейді. Дегенмен олардың барлығына бірдей тоқталуды біздің еңбегіміздің көлемі көтермейді. Сондықтан біз бұл жырда эпикалық әсірелеу тәсілдері де жан-жақты қолданылғанын, мысалы, Жәнібек хан қаптаған жауға жалғыз өзі аттанып, жеңіске жететін эпикалық қаһарман дәрежесіне көтеріле бейнеленгенін атап өтумен шектелеміз.

«Сәтбек батыр» жыры. Халық жадында сақталған жырлардың шындыққа ең жақыны – «Сәтбек батыр» жыры. Бұндай қорытынды жасауға жырдың өзге эпикалық туындылардан бірқатар елеулі өзгешеліктері болуы негіз береді. Эпикалық жырларда, әдетте, бас кейіпкерді дәріптеу, оны өзгелерден қай жағынан болса да артық, яғни мінсіз етіп бейнелеу мақсаты басты нысанаға айналатыны баршаға аян. Эпостың ғасырлар бойы қалыптасқан осынау дәстүрі қарастырып отырған жырда бұзылған. Оған бас кейіпкердің бірқатар әлсіздіктері жырда жасырылмай баяндалуы – айғақ. Ермак бастаған жауыздардың жасаған қанды сойқанын көріп-білген Сәтбектің жаны шығардай болып үрейленуі, тіпті, алғашқы сәтте қырғыннан аман қалған жалғыз жақыны болып табылатын қызы – Бәтішті тастай қашуға оқталуы, тек кейінірек қана өзін-өзі әзер тоқтатуы, өзге қаһармандық жырлардағыдай жауымен ашық айқасқа түспей, олардың қапысын тауып, байқаусызда бір-бірлеп өлтіруі, Ермактың жалғыз қолына әлі келмей, дәрменсіз күйге түскен сәтте қызын көмекке шақырып, оған итті босатуды тапсыруы, сөйтіп барып, жанын аман сақтап қалуы – пікіріміздің дұрыстығына дәлел.

«Сәтбек батыр» жырында халық эпосының өзге нұсқаларында кездесетін поэтикалық қоспалар: бас кейіпкерді әсірелей бейнелеу, оқиғаларды халық мұратына сәйкестендіре әрлей баяндау, суреттеу және тағы да басқа мінсіздендіру тәсілдері, көркемдік қиялдың нәтижелері, тағы сол сияқтылар байқалмауы шығарманы алғаш тудырушы да, оны сақтаушылар да халық тарихында орын алған елеулі оқиғаны келер ұрпаққа ешқандай қоспасыз, болған қалпында жеткізуді мақсат етіп қойған деген ойға жетелейді. Соның нәтижесінде шығарма көркемдік жағынан ойсырағанымен, танымдық-мағлұматтық жағынан ұтқан.

«Еңсегей бойлы ер Есім» жыры. Жырдың қысқаша мазмұны мынадай:

Іле бойында өмір сүрген қазақ ханының қызы пәк күйінде жүкті болып қалады. Қызының жүкті болып қалғанын біліп, қаһарланған хан қызды өлтіруге бұйрық береді. Бұйрықты орындауға тиіс болған ханның інісі қарындасын аяп, оны өлтірмей, алтын сандыққа салып, дарияға тастайды. Сумен ағып келе жатқан сандықты аң аулап жүрген Есукей мен жолдасы судан шығарып алады. Есукей сандықтағы қызға үйленеді. Сөйтіп, болашақ билеуші Делікүн дүниеге келеді. Оның атын Темушин қояды. Темушин өзінің болымдылығын көре алмаған бауырларының қастық қылуынан қауіптеніп, дарияның жағасындағы елден аулақ, оңаша жерде жалғыз өзі аң аулап, күн көреді. Сөйтіп жүргенде он екі би оны елге хан болуға шақырады да, ол келісім беріп, хан тағын алу үшін өткізілген сынақта жеті жебесін сағымға іледі. Осы арқылы өзінің әмірші болуға лайық екенін дәлелдейді.

«Моңғолдың құпия шежіресінде» Бодонжардың билікке қол жеткізгенге дейін өзен жағасында аң аулаумен күн кешкені баяндалған. Осы мотивтің қазақ жырында Шыңғысқа таңылуына қарап, монғолдың аталмыш шежіресінің сюжеттері қазақ даласына ауызша айтылу арқылы жайылғанын шамалаймыз. «Аңшыбай» жырының да бас кейіпкерін балалар сабап, ауылдан қуып жібереді де, Аңшыбай төрт жастан он жасқа толғанға дейін дарияның жағасында жалғыз өзі құс атып жеумен күнелтеді.

Бодонжардың, Шыңғыстың, Аңшыбайдың билікке келместен бұрын аң аулаумен күн көруі инициация ғұрпын өткерудің соңғы кезеңінде кәмелеттік сынақтан сүрінбей өткен жасөспірімдердің ормандағы үйде тұрып, не аңшылықпен, не қарақшылықпен күн көруге міндетті болғанын еске түсіреді.

Шыңғыс ханға қатысты оқиғалар баяндалғаннан соң жырдың «Тәуекел хан» атты тарауы басталады. Жыршы Тәуекелдің он сегізінде хан болып, қырыққа жасы келгенін айтады. Жырда Есімнің есейген соң өзінің пірі – Аппақ қожаға сәлем беру үшін Қашқарға аттанғаны баяндалады. Сонда Тәуекел оған:

 

Шаһары Ташкент, Самарқанд

Қатаған деген бір жұрттың.

Шибани дейді хандығы,

Осыдан үлкен жауың жоқ, –

деп ескертеді.

Жыршы бұл жұрттың басшысы – Тұрсын ханның Ташкент, Самарқанд, Жызақ, Қоқанның барлығына билігі, ықпалы жүрген билеуші екенін атап өтеді. Одан кейін Тұрсын ханның Есімнің елде жоқтығын пайдаланып, Тәуекелге шабуыл жасағаны, жорыққа шығар алдында қарамағындағыларды:

 

Түркістанда Тәуекел –

Қазақтың қазір ханы бар.

Қымыз ішіп, мас болған

Халқының аңқау әлі бар.

Ұлы кетті Қашқарға

Адамын алып жарамдар, –

 

деп жігерлендіреді.

Содан кейін, көп ұзамай Түркістанды қоршауға алады. Аз әскерімен көп жауға қарсы тұрған Тәуекел сол ұрыста қаза табады.

Тәуекелдің өзіне дейінгі қазақ хандарының Шайбани нәсілдеріне кеткен есесін қайтару жолында бірқатар ірі жеңістерге жетіп, Орта Азияға жасаған ең соңғы жорығын сәтті тәмамдауға, яғни ең соңғы бекіністі – Бұқарды алу ғана қалған сәтте жараланып, сол жараның зардабынан Ташкент қаласында қайтыс болғаны – тарихи шындық. Есім сұлтан ол кезде жырда баяндалғандай Қашқарда жайбарақат қыдырып жүрмей, ағасының қасында болған. Тәуекел басып алынған Самарқандты ұстап тұру үшін Есімді жиырма мың қолмен қалдырып, өзі жетпіс мың қолмен Бұқарға аттанған. Кейін Бұқардың маңындағы істің қиынға айналғанын білген Есім де Тәуекелдің әскеріне қосылған.

Жырда бұл шындық бұрмаланған. Бұның себебі – ақындық қабілеті бар айтушылар дайын жырды өзгеріссіз айта беруді місе тұтпай, өз біліктілігінің дәрежесіне сәйкес жырға өзгерістер мен толықтырулар да енгізіп отыратындығында. Мұндай жағдайларды өзге де жыршы-ақындардың репертуарындағы жырларды талдау барысында молынан ұшыратамыз.

Жырда Есім ханның Қатаған қауымын түгел қырып жібергені баяндалуы да – тарихи шындыққа сәйкес келмейтін әсірелеу. Есім және Тұрсын хандардың арасындағы қанды қырғыннан кейін Қатағандардың ежелгі атамекені – Қазақ даласынан Өзбек еліне қоныс аударғаны да рас. Дегенмен, олардың елеулі бөлігі қазақтың Шанышқылы руына сіңген. Сонымен қатар Есім ханның қалмақты шабу үшін алып барған және Тұрсын ханмен шешуші шайқаста пайдаланған қолының да құрамында Қатаған руының жауынгерлері болған. Зерттеушілер қақтығыстан аулақ жатқан жерлерде, солардың ішінде Шығыс Түркістанда да, Қатаған қауымының адамдары көп болғаны туралы жазады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1268; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.