Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи жыр 9 страница




Қазақтың діни дастандары – халқымыздың рухани әлемінде ерекше орын алған, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде ерекше қызмет атқарған фольклорлық жанр; олар ислам құндылықтарының жалпы адамзаттық моральдық қағидалармен сәйкес келетін тұстарын суреттеуімен құнды.

 

Ғашықтық (романдық) дастан

 

Қазақтың ғашықтық дастандары іштей үш топқа жіктеледі. Олар: 1) шығыстық сюжетке құрылған дастандар («Сейпілмәлік», «Дандан», «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра», «Баһрам», «Жүсіп-Зылиха», т.б.); 2) аймақтық фольклорлық сюжеттерге негізделген дастандар («Бозжігіт», «Қисса Бозаман», «Жаскелең», «Назымбек – Күлше», т.б.); 3) өмірде болған оқиға ізімен жырланған дастандар («Мақпал – Сегіз», «Қалқаман – Мамыр», «Еңлік – Кебек», «Ақбөпе – Сауытбек», «Сырым – Шынар», «Талайлы мен Айым қыз», т.б. Бұлар кейде әлеуметтік-сүйіспеншілік деп те жіктеледі).

Бұл шығармалардың басты тақырыбы – екі жастың шынайы махаббаты, ал, негізгі мазмұны – адал махаббатты аңсайтын қос ғашықтың сезімін, ойын, мұңын баяндап, ғашықтардың өз бақыты үшін қалай күресетіні мен кедергілерді қалай жеңетіндерін суреттеу.

Ғашықтық дастандардың аталған түрлері түп-төркіні жағынан ғана емес, бас кейіпкерлердің типі мен негізгі тақырыпты ашудағы түрліше тәсілдері жағынан да бір-бірінен өзгешеленеді.

Шығыстық және дәстүрлі фольклорлық сюжеттерге негізделген дастандарда махаббат тақырыбы ертегілік-таңғажайыптық мәнде сипатталады. Ең маңыздысы мұнда құда түсу, көбіне әлі тумаған балаларды атастыру, яғни ата-ана еркімен некелесу – сырттай ғашық болу мотивімен алмастырылады. Бұл мотивтің бірнеше түрлері белгілі. Кейіпкер сұлу қыздың суретін, шашын көріп, я қызды түсінде, не айнадан көріп, кейде портреті ауызша суреттелген қызға ғашық болады да, сұлуды іздеп, алыс та қатерлі сапарға шығады.

Демек бұл шығармаларда да эпос пен ертегідегі сияқты ғашығын іздеп шығу мен оны табуды кейіпкер өзінің парызы деп біледі, ал сырттай ғашық болу осы сапарға шығудың негізгі себебі ретінде алынады. Өйткені, түсінде, я портретін көрген, я біреуден хабарын естіген қызға жігіт шын жүрегімен ғашық болады да, құштарлығы арта түседі. Ал, жігіт ғашық болған сұлу жаны мен тәні елден ерек, ғажайып сипатта суреттеледі, яғни жоғарыда айтылғандай, ата-ананың шешімі, тағдырына жазылғандығы емес, «керемет сұлулық» пен «елден асқан ерекшелік» басты мәнге ие болады. Демек бұл шығармаларда қалыңмалға негізделген құдалық салты мен «жазмыш» мотиві ығыстырылып, бірінші қатарға естен тандыратын махаббат сезімінің оянуына түрткі болған асқан сұлулық мотиві шығады. Яғни, культтік ұғым өзгеріске түседі. «Тағдыр тартуы», «жазмыш» ұғымдарының орнын сұлулық пен махаббат культі алмастырып, дәріптеледі.

Ғашықтық дастандарда «сырттай ғашық болу» мотивінің түрлі көріністері өте әсерлі бейнеленіп, кейіпкердің сыртқы сұлулығы мен жан дүниесі жан-жақты суреттеледі, олардың бір-біріне беретін анты мен ғашықтық монологтары арқылы адам сезімінің түрліше сипаттары өрнектеледі. Махаббат дертінің әсерінен кейіпкер көз жасына ерік беріп, есінен танып, ауыр азап шегеді, үміттенеді, түңіледі. Яғни махаббат сезімі адамның жан дүниесіндегі өзгерістер арқылы сипатталып, адам табиғатын танып білуге ұмтылыс шығармаларға өзек бола бастайды. Бір сөзбен айтқанда, бұл шығармалар адам баласының сүйіспеншілік, махаббат сезімдерінің табиғатын шынайы тұрғыдан тануға талпыныс жасайды. Қыз бен жігіттің ғашықтық сезімі бірден оянып, олардың эмоциялық көңіл-күйі кеңінен баяндалады. Жинақтай айтқанда, шығыстық және дәстүрлі фольклорлық сюжеттерге құрылған шығармаларда махаббат тақырыбы шығыс дастандарының рухын сақтап, таңғажайыптық сипат иеленеді.

Алайда, дастан шығарушылар мұнымен шектеліп қойған жоқ. Өйткені, мұндай сюжеттер әлеуметтік қайшылықтарды жан-жақты, әрі терең ашып бере алған жоқ. Сондықтан да махаббат тақырыбын жырлаудың жаңаша жолы іздестірілді. Бұл жол өмірде болған оқиғалар ізімен жырланған дастандарда көрініс тапты. Онда махаббат аса маңызды, рухани қажетті құндылық ретінде алынып, ал еркіндік сезімі әлеуметтік бостандық жолындағы күрес актысы ретінде көрінді.

Бұл дастандарда сезімнің романтикалық ғажайыптылығы, асқан қиял мен әсірелеу жойылады. Оның есесіне адам сезімдерін бейнелеудің шынайылығына, оқиғалардың көркемдік нанымдылығына мән беріледі. Мысалы, «Талайлы мен Айым» дастанында екі ғашықтың сезімі оқыстан оянып, ғайыптан пайда болмайды. Оны түсіндіру үшін көне матриархат дәуірінде қалыптасқан, дүниежүзі халықтарының эпосында кездесетін күйеу таңдау мотиві пайдаланылған. Бұл мотивтің негізгі мазмұны – қалыңдыққа қол жеткізу үшін үміткерлердің сынақтан өтуі. Фольклорлық шығарманың жанрлық ерекшеліктеріне қарай ол сынақтар әртүрлі болады. Ертегілерде үміткер қиын тапсырмаларды орындайды, мысалы, бас қатыратын жұмбақтарды шешеді, батырлық эпоста жаумен шайқасып, оны жеңеді, архаикалық эпоста қалыңдықтың өзімен жекпе-жегі болуы мүмкін.

«Талайлы мен Айым» дастанында күйеу таңдау мотиві психологиялық тұрғыдан сипатталады. Өзіне берілген ерікті пайдаланған Айым өзіне де, өзінен үміткерлерге де сын көзбен қарайды. Өзінің болашақ өмірлік жарының адами қасиеттері мен моральдық ұстанымдарына баса назар аударып, өз санасында бүкіл талап-тілегіне сай келетін қайырымды ердің идеалын жасайды. Бұл талапқа ақылды, ержүрек, қайырымды Талайлы ғана сәйкес келіп, Айым соны таңдайды.

Бұдан байқалатыны: кейіпкер махаббатының негізінде үйлесімділікке ұмтылыс, өзгені тану арқылы өзіндік жетілу, өзге адамның бойындағы адами құндылықтарды тану мен саралау. Бұл дастанда адам сезімінің телегей теңізі шынайы рухани құндылықтан, соның ішінде адамның ішкі мүмкіндігінен бастау алады. Яғни шынайы негіздегі дастандардың жанрлық ерекшелігі – шын махаббаттың табиғатын ашып көрсетуге ұмтылу, оны жырлаудың жаңаша шешімін нақтылау, шынайыландыру мен ескі тақырыпты жаңаша мазмұнмен байыту, өзгеше моральдық-этикалық талаптарға жауап беретін кейіпкерлер бейнесін жасау.

Үш топқа бөлінетін ғашықтық дастандардың сюжеттік құрылымы мен композициясының сипатында да өзіндік ерекшеліктер бар.

Шығыстық сюжетке негізделген дастандар көбіне парсының ғашықтық дастандар схемасы бойынша құрылады, мысалы, «Сейпілмәлік», «Дандан», «Баһрам», т.б. Бұлардың мазмұны төмендегідей: кейіпкер – патшаның жалғызы, ол – көрікті, көп оқыған, өнерлі, тәрбиелі. Күндердің күнінде шаһзада алыстағы сұлуға сырттай ғашық болып, қызды іздеп, қатерлі жолға шығады да, жолда көптеген қиындықтарға тап болады. Кедергілерді жеңіп, мұратына жетеді. Мұндай сюжеттің негізгі элементтері: сырттай ғашық болу мотиві, ғашықтық дерті, сүйген жарын іздеп, шартарапқа жар салу, жігіттің ұзақ сапары, тап болған алуан түрлі қиындықтар, оларды жеңу, қызбен жүздесу, кездескеннен кейін көрген қиындықтар, кейіпкерлердің мұратына жетуі. Дастандардың басым көпшілігіне тән бұл сарындар типологиялық тұрғыдан ұқсас болғанымен, әр шығармада әрқилы сипатта көрінеді. Мысалы, сырттай ғашық болу мотиві «Сейпілмәлікте» Сүлейменнің жүзігі арқылы берілсе, «Данданда» кейіпкер сұлудың портретіне ғашық болады, ал «Баһрам» дастанында қыз кейіпкерге құралай бейнесінде көрінеді. Жігіттің сүйген жарын іздеп, сапарға шығуы да әр дастанда әртүрлі сипатталады. Мұнда эпостағыдай ат таңдау, ер-тұрман таңдау, т.б. суреттелмейді. Кейде шығармада жігіт ата-анасының рұқсатын сұрамай, жасырын жолға шығады. Ал үлкендердің батасын алған жағдайда оны шығарып салу тұсында қиялға кең орын беріледі. Мысалы, «Сейпілмәлікте» орасан зор бай жабдықпен жолға дайындық жасалады. Әкесі Қасымханның бұйрығы бойынша нағыз шеберлер қолымен жасалған төрт жүз кеме дайындалып, хан қазынасының байлығымен толтырылады. Бүкіл Мысыр халқы алыс жолға төрт жүз мың әскермен шыққан шаһзаданы жылап-сықтап шығарып салады. Ғашығын іздеп шыққан жігіттің сапары ауыр, ұзақ, қатерлі болады. Мысалы, Сейпілмәліктің төрт жүз кемемен Ирамбаққа жетер жолы алуан түрлі шытырман оқиғаларға, түрлі қауіп-қатерге толы...

Сейпілмәліктің ержүректілігі, шыдамдылығы, төзімділігімен бірге сезім тұрақтылығы да әртүрлі сынақ арқылы тексеріледі: зәңгі хан да, итбас хан да оны қыздарына үйлендіргісі келеді. Бірақ ол ешқайсысына да көңіл бұрмайды, өзінің сүйген сұлуын іздеп табу жолында жанын құрбан етуге даяр жан ретінде суреттеледі. Сюжеттің келесі елеулі бөлігін, әдеттегідей, патшаның сарайында өтетін кейіпкерлердің кездесу сәті құрайды. Ол да әр мәтінде әрқилы көрінеді.

Алайда, бұл композиция осы топқа жататын дастандардың бәріне тән емес. Мысалы, «Таһир-Зуһраны» алсақ, ол тұтастай «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» еске түсіреді. Мұнда да көне эпостағыдай сюжеттік байланыс қызметін тумаған балаларды атастыру мотиві атқарады. Ант бұзушылар да қалыңдықтың ата-анасы, т.б. «Таһир-Зуһра» мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының негізгі версиялары трагедиялық шешіммен аяқталады. Алайда, айырмашылықтары да жоқ емес.

«Таһир-Зуһра» дастаны ортағасырлық (Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның) қалалық тұрмыс-тіршілігінен хабардар етіп, сол кезеңдегі қоғамдық сананың сипатын танытады. Сондай-ақ «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында көне сюжет эпикалық дәстүр арнасында жасақталып, көшпелі өмір тұрмысын сипаттаса, «Таһир-Зуһрада» сол сюжет енді дастандық дәстүр аясында жырланып, онда феодалдық шығыстың қалалық өмір көріністері сипатталады, мысалы, дәруіш, базар, қалаға тән алаңдар мен бақшалар, медреседе оқу мотиві, махаббат символы – алма, т.б.

Екінші топқа жататын аймақтық фольклорлық сюжеттерге құрылған дастандарда да кейіпкер алыстағы сұлуға сырттай ғашық болып, оны іздеп тауып, онымен қосылуды мақсат етеді. Мысалы, 1875 жылдары Тінібеков Жақып айтып, таратқан «Қисса Бозаманда» Қарабайдың жалғызы, он бес жасар Бозаман өз елінен қиялындағы жарын таба алмай, әлек болады. Яғни сұлу жар іздеуі жағынан ол Қыз Жібектің Төлегеніне өте жақын. Мұнда да оқиға «Қыз Жібек» эпосындағы сияқты басталады. Ал «Жаскелең» дастанының кейіпкері түсінде көрген қалмақ ханы – Найманның қызы Қоңыршаға ғашық болады. «Бозжігіт» дастанының да кейіпкері «Бір түнде ұйықтап түс көреді, Алдында сұлу жақсы қыз көреді» де, оған ғашық болады.

Көптеген шығармаларда баяндалатын ғажайып түс сырттай ғашық болу мотивінің кең тараған, әдемі түрлерінің бірі деуге болады. Сырттайғашық болу мотиві, әсіресе, ғажайып түс мотиві парсы дастандарына тән екені белгілі. Жалпы «ғажайып түс» мотиві көп халықтарда типологиялық тұрғыдан ұқсас. Ол түп-төркіні жағынан ертегілік болып табылғанмен, дастанда ғашықтық мәнде жұмсалады, жаңаша эстетикалық мәнге ие болады.

Осы топтағы дастандарда екі жастың арасындағы сүйіспеншілік қарым-қатынаспен бірге басқа да тақырып, сарындар қоса өрбіп жатады. Мысалы, «Бозаман» дастанында екі сюжет қамтылған: жар іздеу мен ауыстырылған әйел туралы сюжет. Шығарманың алғашқы бөлімінде оқиға қаһармандық сипатта өрбіп, кейіпкер мақсатына жетсе, ертегілік сарынды сақтаған екінші бөлім мақсатына жеткен кейіпкердің жайын баяндайтын эпилог іспетті. Сол сияқты «Бозжігіт» дастанында да бас кейіпкер мен оның жан жолдасының шынайы достығы, бала мен ата-ананың арасындағы ыстық сүйіспеншілік қарым-қатынасы кең баяндалады. Бозжігіт адал жар болумен бірге әке-шешенің мейіріміне бөленген, оларды қадірлей білген мейірімді жан. Ол анасы мен әкесі қазалы хабарды естігенде қатты қайғырып, күйініп, зар жылайтынын алдын ала сезеді, өлер алдындағы сөзін әлпештеп өсірген ата-анасына арнайды.

Үшінші топтағы дастандарда дара шығармашылықтың қолтаңбасы айқын сезіледі. Мысалы, «Ақбөпе мен Сауытбек», «Мақпал мен Сегіз», «Сырым-Шынар», т.б. осы іспеттес шығармалардың сюжеттік қаңқасы былайша құралады: кедей жігіт пен байдың қызы бірін-бірі сүйеді, бірақ қыздың тағдыры о баста әке үкімімен шешіліп қойғандықтан, қосылуға жол жоқ, сондықтан жастар туған жұртынан қашуға әрекеттенеді, бірақ ол жүзеге аспайды. Зорлықпен қызды сүймеген адамына қосады да, ол ғашығын ойлап, құсалықпен өледі.

Бұл дастандарда дәстүрлі пролог болмайды, демек, баласыз ата-ананы баяндау, ұзақ уақыт мұрагерді күту, оның дүниеге келгенін тойлау, әлі дүниеге келмеген балаларды атастыру мен таңғажайып махаббат сарыны тән емес. Және дәстүрлі эпоста елден кету мотиві батырлық рухта баяндалса, мұнда тұрмыстық мән басым. Қашудың іске аспай қалуынан кейінгі ауыр сынақ – қыздарды зорлықпен сүймеген адамына қосу.

Кейіпкердің ғашығын тартып алып кететін тұста кейіпкер жігіттің көрінбеуі әлеуметтік шындыққа байланысты. Сауытбек те, Сегіз де ешқайда кетпейді, бірақ олар дәулетті байлар алдында дәрменсіз, себебі қалыңмал төлерлік мүмкіндігі жоқ. Сондықтан ғашығынан көз алдында-ақ айырылып отырады. Алайда, дастан тудырушылар сүйікті кейіпкерлерін бұлайша сипаттауды жөн көрмегендіктен, ғашықтардың айырылысатын тұстарында бас кейіпкерді елде болмады деп көрсетеді (ол сапарда, я аң аулауда). Дастан оқиғасының әрі қарайғы дамуы эпикалық дәстүрден көп ауытқиды. Классикалық фольклор кейіпкерлері сүйіктісін алып кететін тұсқа дөп келіп, жауын жеңіп, қалыңдығын құтқарады. Ал, аталмыш дастандарда дастан кейіпкері басқа жақта жүріп, оралғанда, ғашығын күштеп әкеткені туралы біледі. Эпос кейіпкері сияқты ол да ашу-ызаға булығып, ізіне түседі. Бірақ шығарма шешімі дастан табиғатына тән аяқталады. Мысалы, Сегіз де, Сауытбек те ғашықтарының соңынан жетіп, оларға жолығады, бірақ бұл ең соңғы және ауыр кездесу болады. Дастан кейіпкерлері қалыңмал мен әлеуметтік теңсіздік алдындағы дәрменсіздігін сезінеді. Басқаша айтқанда, жастар трагедиясының әлеуметтік табиғаты нақты, жүйелі түрде танылады.

Бұл шығармалардың трагедиямен аяқталатын дастандардан ерекшелігі – мұнда ашық жекпе-жек көрінбейді, қыз күшпен ұзатылып, барған жерінде қорлық пен кемсіту көріп, сүйгенін аңсап, қайғыдан өледі. Бұл ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының кейбір шындығын көрсетеді.

Дастан кейіпкерлері. Шығыстық және аймақтық сюжеттерді арқау етіп жырланған дастандардың бас кейіпкерлері (қыз да, жігіт те) әдеттегідей бір топтың өкілі, яғни бір деңгейдегі тұрмыс дәрежесінде болады. Сондықтан бұл шығармаларда таптық қарама-қайшылық жоқ.

Шығыстық сюжетке құрылған шығармаларда махаббатқа шын берілген, сол жолда мал мен басын құрбан еткен жаңа типті кейіпкердің тұлғасы сомдалған. Ол – ханның немесе патшаның тәрбиелі һәм мінезді әрі көркем, белгілі бір өнер саласын меңгерген, «тілеп алған баласы». Шаһзада ғашық болған сұлу қыздың көркі таңғажайып, ерекше бейнеде сипатталады. Ол қызға деген махаббат жігіттің жүрегін, ақылын, бүкіл санасын жаулап алады. Яғни сүйіспеншілік «ғашықтық дертке» айналады.

Аймақтық сюжетке құрылған дастандарда да жігіт өз сезімін дертке, отқа ұқсатады, махаббат жолы қиын, үлкен сынақ екенін түсінеді, бірақ та алған жолынан қайтпайды, сүйгені үшін байлықтан да, тәж-тағынан да бас тартады, тіпті, жанын да құрбан етуге дайын. Әйтсе де, аймақтық сюжеттегі дастан кейіпкерлерінің жоғарыда талданған образдардан айтарлықтай айырмашылығы бар. Өйткені, бұл топтағы кейіпкерді сомдау үшін тек шығыстық қана емес, қазақтың батырлық және лиро-эпос жанрларының көрнекті әдістері де пайдаланылады.

Ал, реалды-тарихи негіздегі дастандарда бас кейіпкер – кедей тобының өкілі. Тегі кедей болғандықтан, ол дәулетті күйеу жігітпен бәсекелесе алмайды. Ал күйеу жігіт қомақты қалыңмал мен мал-мүліктің арқасында, күш көрсету мен қорқыту арқылы қыздың ата-анасын өз ықпалына көндіреді.

Яғни мұнда таптық қайшылық, айтулы шиеленістің әлеуметтік табиғаты анық көрсетіледі де, жастардың өз бостандығы жолындағы күресі дәріптеледі. Бұл дастандардың кейіпкерлері батырлық және ғашықтық жырлардың кейіпкерлерінен өзгешеленеді. Олар – «отқа салса, жанбайтын», «суға салса, батпайтын» жандар емес, шынайы өмірге жақын адамдар.

Ал, эпос пен дара ақындық шығармашылық дәстүрдің синтезі негізінде жасалған «Талайлы мен Айым» дастанында кейіпкер тұлғасы алғашында ертегілік сипатта көрінеді, бірақ бірте-бірте ол асқан ақылымен ерекшеленіп, ақындық өнерді меңгеруі мен қабілеті жөнінен өзгелерден дараланады. Сөз тапқыштық пен әзілқойлық, ептілігі жағынан байлар мен басқаларды артта қалдыруы бұрынғы құл Талайлының жаңа сападағы беделін көрсетеді. Осындай жолмен дастанда бас кейіпкердің өсу-даму эволюциясы айқын көрінеді. Халық арманы көксеген кейіпкер – бұрынғыдай аңшы, я рудың батыр қорғаушысы емес, ендігі жерде адами қасиеттері жетілген адам тұлғасы. Ал оның батырлық пен ержүректік қасиеттері жаңа типтегі қаһарманның образын жасауға қызмет етеді. Бұл – дәстүрлі эпикалық кейіпкердің лирикалық кейіпкерге айналу жолының жарқын мысалы.

«Мақпал – Сегіз», «Сырым – Шынар», «Ақбөпе – Сауытбек» дастандарындағы бас кейіпкерлердің образдары қазақтың ғашықтық дастандарына тән образдардың соңғы үлгілері. Олардың Талайлыдан айырмашылығы – батырлық қасиеттер көрінбейді, таза лирикалық сипатта танылады. Аталған кейіпкерлердің шығыс және аймақтық сюжеттерге негізделген дастандардың кейіпкерлерінен атап өтерлік маңызды айырмашылығы бар: олар қоғамның төменгі табынан шыққан жалғыз атты жарлы, бұқара халықтың өкілі. Олардың образдарында эпикалық түсініктегі қаһармандық, батырлық белгі іс-әрекеттерінде де, сыртқы сипаттауында да көрінбейді. Мұнда кейіпкерлердің өзгеше қыры даралық сипатта танылады: ақындық, әншілік, орындаушылық шеберлігін сипаттауға мән беріледі. Ақындық, әншілік, сазгерлік қасиеттерін табиғи тұрғыдан таныта отырып, ақын-жыршылар оларды өз дәуірінің идеалына жауап беретін, халықтың арман-тілегін танытатын тұлғалар ретінде сипаттайды. Халық санасындағы сал, сері, ақын – адалдықтың, намыс пен ардың, тапқырлық пен ақылдылықтың жиынтығы, өнер мен сұлулықтың жаршысы. Сондықтан бұл кейіпкерлерді бейнелеуде керемет сұлулыққа немесе батырлық қасиеттерге емес, таланты мен жеке қасиеттеріне деген құрмет ерекше басымдық алады.

Аталмыш шығармалар кейіпкерлерінің прототиптері ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өмір сүрген тарихи адамдар екенін аңғару қиын емес. Бұл кезеңде ақындық, әншілік, орындаушылық қабілеттерді қатар меңгерген сал-серілер өмір сүрді. Халық олардың өнерін жоғары бағалап, еркелетті.

Өмірде болған оқиға ізімен жырланған дастандар кейіпкерлердің сезімін, сол сезімнің рухани негізі болып табылатын ғашықтардың ішкі жан дүниесін, жоғары адами қасиеттерін ашуға бағытталды. Бұл шығармаларда ХІХ ғасырдың әлеуметтік-тарихи жағдайы көрініс тауып, кейіпкерлердің бақыт пен бостандық жолындағы жеке күресі әлеуметтік мақсаттармен тығыз байланысты ашылады.

Қорыта айтқанда, қазақтың романдық дастандары өзінің даму барысында шығыстық әсерді қабылдады. Алайда, махаббат жолында «арып-ашып», «мәжнүнге айналған» шығыс дастандарының кейіпкері қазақ жерінде негізгі идеалға айналған жоқ. Бірақ шығыс дастандарының кейбір жанрлық белгілері, мысалы, психологизм, нақтылық пен шынайылық, т.б. жыршылардың назарын аударған негізгі мәселе болды. Яғни, шығыстық дастандарға тән көркемдік құбылыстар жергілікті материалдар негізінде қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде қазақ топырағында мүлде тың кейіпкерлерді дәріптейтін шығармалар дүниеге келді. Сөйтіп, халық ауыз әдебиетінің өзгеру, түрлену барысында классикалық ғашықтық эпосқа тән лиро-эпикалық дәстүр өзгеріп, бірте-бірте жаңа сипат қабылдады.

Ғашықтық дастандар діни, хикаялық дастандар тәрізді Қазан төңкерісіне дейін кең дамыды және көп таралды. Мыңдаған тираждармен басылып шығарылды, қолдан көшірілді, ел аузында жатқа айтылды. Махаббат символына айналған ғашықтық дастандар кейіпкерлерінің есімдері бірнеше ұрпақ жадында сақталды. Өз тағдырларын өзі шешуге ұмтылып, өмірлік серігін махаббат, сүйіспеншілік негізінде өзі таңдаған жастардың махаббат жолындағы күресіне халық аса үлкен құрметпен қарады. Екі жастың шынайы махаббаты мен сыйластығы, бір-біріне деген қайырымдылығы мен мейірімділігі сияқты таза сезімдерін дүниенің күллі байлығынан қымбат, жоғары бағалап, көркемдікпен жырлау – романдық дастандардың жанрлық ерекшелігін басты белгі етіп орнықтырды.

 

Әлеуметтік-сүйіспеншілік дастан




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 1443; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.035 сек.