Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 15 страница




Оқырман қауым да, көрермендер де кезінде драманы жылы қабылдағанын айтқанбыз. Пьесадағы басты олқылық ретінде Абылай бейнесінің әрлі-берлі жүгіріп, кіжінуі мол, айқайы басым болып бейнеленіп, толық күйінде, драмалық әрекет үстінде көрінбеуін атап өтер едік. Бұл шығармашылық еркіндікке тұсау болған сол кездегі тоталитарлық жүйенің әсері екені сөзсіз. Ең бастысы, пьеса оқиғалары тарихи шындықпен үйлесім тауып, бейнеленген тартыс тарихи оқиғалардың ақиқатымен үндеседі.

Тұжырымдар

1. Тарихи драманың сан алуан материалды мол қамтып, көп мақсатты ниет етіп жазылған шығарма екендігі ондағы сан алуан қаһармандар тобынан көрінеді. Пьесаның бас кейіпкері қазақ тарихындағы атақты хан – Абылай. Халық батырлары Бөгенбай, Жәнібек, Бұхар жырау, қалмақ нояндары Дабашы, Әмірсана – бәрі де тарихта белгілі, өмірде болған адамдар.

2. Ұқсас тақырыпта жазылған Т.Ахтанов пен Қ.Бекхожин шығармаларын қазақ драматургиясының жаңа бағыттағы, қиын саладағы алғашқы ізденісі деп санаймыз. “Ант” пен “Ұлан асу” көркемдік құндылығы жағынан ұлттық драматургиямызда М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтер салған дәстүрді одан әрі қарай жалғастыратын пьесалардың деңгейінде жазылған.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент Қ.Бекхожиннің «Ұлан асу» драмасындағы көркемдік шешім мен тарихи шындық, бас қаһарман тұлғасының ерекшелігі, дәстүр сабақтастығы туралы дәйектеме айта алуға тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Бораш Б. “Ұлан асудағы” тарихи шындық // Қазақ тарихы, 2003, №2, Б. 61-62.

2. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. А., 2007, 102-103-б.

14-сабақ. Ә.Кекілбайұлы. “Абылай хан” қаһармандық драмалық дастаны

Мақсаты: Ә.Кекілбайұлы. “Абылай хан” драмасындағы тарихи тұлға бейнесінің сомдалуы, шығарманың қазіргі заман шындығымен үндестігі туралы түсінік беру.

Сұрақтар:

1. ХХ ғасырдағы тарихи трагедия.

2. Бұхар жыраудың прототипі.

3. Сабалақ – Әбілмансұр бейнесі.

4. Шығарманың бүгінгі күнмен үндестігі.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: драмалық дастан, персонаж, сахна, ақ өлең, көрініс.

Сабақ мәтіні (тезис)

ХХ ғасырдың соңында қазақ әдебиетіндегі тарихи трагедия дәстүрін байытқан сүбелі шығарма – Ә.Кекілбайұлының “Абылай хан” қаһармандық драмалық дастаны. Бұл туынды – ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының азаттық үшін ерен ерлікпен күрескен тарихи кезеңін бейнелейтін, ақ өлең үлгісінде жазылған төрт көріністі пьеса. Қара сөз шебері Ә.Кекілбайұлының азаттық аңсаған халықтың басына түскен ауыртпалықты өлең тілімен баяндауы драмаға ерекше серпін беріп тұрғандай. Сонымен қатар Абылай ханның ақылшысы Бұқар жырау мұхиттың тереңінен маржан тере сөйлейтін ғұлама болған соң да, бұл шығарма өзінен өзі өлеңге сұранып тұрары сөзсіз.

Пьесаның беташарында:

“ – Пай-пай, сайын далам-ай,

Манаурап жатқан тау анау,

Балбырап жатқан бел анау,

Мөлдіреп жатқан көл анау.

Жүлгеден жидек тергізіп,

Жотаға малын өргізіп,

Жазыққа ауыл қондырып,

Жадырап жатқан ел анау,

Жарқырай шыққан жаз мынау.

Жақсылығы молағай,

Көңілден кірбің арылып,

Көкейде уайым жоғалған” – деп, жадырап келген жазбен бірге мамырлап жатқан қалың еліне қарап сүйсінген Кейуана-Көмей Әулиені көріп көңіл өссе, сол елге қарап тұрып:

“– Жадырай қапты,

жамырай қапты,

бәрібір ертең жау шабады.

Жаз шықты дегенше,

Жау шапты десеңші” – деп, жақсылық атаулыдан зәресі ұшатын, жақсылықтың ұзақтығына ешуақытта сене алмаған Диуананың сөзін тыңдап, таразының екі басында тұрған екі көзқарасты іштей салмақтай бастайсың. Диуананың бейнесі әбден қорқып қалған халықтың үркек көңілі мен күдігінің бейнесі іспетті. Халықтың жақсы өмірге деген сенімі қазір бар да, қазір жоқ. Мұз үстінде тайғанағандай хал кешкен жұрттың бір парасы осындай ойда болғанда, дала кемеңгері Бұхар жыраудың прототипі Кейуана халықтың келешегіне өзі де сеніп, өзгені де сендіре алар ғұлама... Екеуінде де – бүгіннен бастау алар ертеңнің не болып кетеріне алаңдаған ала көңіл.

Оқиғаның ширығып, қуат алар тұсы – жас ноян Әбілмансұр мен ойрат батыры Шарыштың кездесетін сәті. Қазақты тапап өтердей құтырынып тұрған ойрат Шарыштың жекпе-жекке шақырғанына арыстандай айбаттана ортаға шыққан кешегі түйе баққан құл Сабалақ – Әбілмансұр еді. Дастандағы екі батырдың арпалысқан тұсы, жан берісіп, жан алысқан екі адамның жанталасының деңгейінен асып төгіліп, жабайы даладағы жабайы аңдар арпалысының ғаламат дауылына айналғандай. Әрі дастан, әрі драмалық шығарма болған соң, мұндай суреттерді оқырманның көз алдына дәл елестетіп беру оңай емес. Шебер қаламгер драмалық туындыға тән қысқалық пен нұсқалықтың бірден бір үлгісін көрсете білген. Кез келген қаламгер драмалық шығармалардың тіліне, қатысушы кейіпкерлердің сөзіне ерекше мән беруі керек. Бұл жердегі тағы бір қиындық – автор тарапынан оқиғаға араласуға мүмкіндік болмағандықтан, кейіпкерлер сөздерінен бар болмыс-бітімі айқындалып тұру қажет. М.Әуезов те, Ә.Кекілбайұлы да трагедияларының бас кейіпкерлеріне олардың өмір сүрген орталарына лайықты сөз саптатқан.

Дастанның өн бойындағы өз шешімін іздеген сұрақтардан бүгінгі күннің де сұрақтарын табамыз. Драмалық дастан оқып отырғандай емес, өз-өзіңді айнадан көріп отырғандай күйде боласың.

“Талауға түсер малың бар,

Таласқа түсер жерің бар,

Тағдырдан талқы көп көріп,

Талықсып жатқан елің бар…

Үзігі тесік үйің бар,

Іргесі ашық төрің бар,

Қайраңдаған қайықтай,

Қалтақтаған күйің бар…

Быт-шыт қылған басыңды,

Пыш-пыш қылған сөзіңді,

Бітпейтұғын дауың бар” – деп, өз өмір тарихы дәуірлік биікке көтеріп тұрған Абылайдың аузына асқақ сөздер салған автор кешегі күнді мысалға ала отырып, “кешегі заман саған айтам, бүгінгі заман сен тыңда” дейтіндей. Ә.Кекілбайұлының ұлы драмасының сара сипаттарының бірі де осы: мұнда Абылай заманы мен біздің заманның үндестігі тұспалсыз тура мағынасында көрінеді. Әрі мұның өзі қиялдан құрастырылған қисын емес, таза тарихи шындық ретінде оқушысын толық иландырып отырады.

Арада екі жүз жылдан астам уақыт өткенде тағдырдың қалауымен қайталанған тарихқа не дауа бар?! Бірақ бұл өкінішті емес, сүйінішті қайталау екеніне шүкіршілік етеміз. Драманың соңында үміт пен сенім жеңіп шығып, таразы басы теңеліп, ертеңгі айбынды ел болар ғажайып заманына асығып бара жатқан қалың елді көреміз.

Ә.Кекілбайұлының “Абылай хан” тарихи драмалық дастаны қазақ ұлттық әдебиетінің қоржынын тағы бір өшпес мұрамен толықтырды.

М.Әуезовтің “Хан Кене” трагедиясын жазуына 1837 жылғы Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі себеп болса, жоғарыда аталған тарихи драмалар да халық басына түскен ауыртпалық пен еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлғалар Исатай, Махамбет, Әбілқайыр хан, Абылай хан ерліктері туралы сыр шертеді. Ұқсас тақырыпқа арналған бұл туындылар көркемдік құндылығы жағынан ұлттық драматургиямызда М.Әуезов салған тарихи трагедия дәстүрін әрі қарай жалғастыратын пьесалардың деңгейінде жазылған.

Тұжырымдар

1. Қара сөз шебері Ә.Кекілбайұлының азаттық аңсаған халықтың басына түскен ауыртпалықты өлең тілімен баяндауы драмаға ерекше серпін беріп тұрғандай.

2. Шебер қаламгер драмалық туындыға тән қысқалық пен нұсқалықтың бірден бір үлгісін көрсете білген. Кез келген қаламгер драмалық шығармалардың тіліне, қатысушы кейіпкерлердің сөзіне ерекше мән беруі керек.

Сабақ бойынша әдістемелік нұсқама

Студент Ә.Кекілбайұлының “Абылай хан” драмасындағы көркемдік шешім мен тарихи шындық, бас қаһарман тұлғасының ерекшелігін, автордың тіл шеберлігін талдай білулері керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Кекілбайұлы Ә. Дүние ғапыл. Алматы, 1999, 302 б.

2. Серғазы Л. Тарихи трагедия: дәстүр және сабақтастық. А., 2007, 104-106-б.

15-сабақ. Қазіргі қазақ драматургиясы. Тартыс пен шешім.

Характерлік даралық сипаттар

Мақсаты: Қазіргі қазақ драматургиясының ерекшелігі, көркемдік дәрежесі, тартыс пен шешім, кейіпкерлер бейнесінің берілу жолдары туралы түсінік беру.

Сұрақтар:

1. Қазіргі қазақ драматургиясы.

2. Тартыс пен шешім.

3. Характерлік даралық сипаттар.

4. Қ.Мұхаметжанов, Ш.Құсайынов, Ә.Тәжібаев, Т.Ахтанов пьесаларының көркемдік дәрежесі

5. О.Бөкеев, С.Жүнісов, Н.Оразалин, Д.Исабеков, Ә.Тарази, т.б. туындыларындағы тартыс және характер мәселесі.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: драмалық дастан, персонаж, сахна, ақ өлең, көрініс.

Сабақ мәтіні (тезис)

Қазақ драматургиясының бүгінгі жаңалықтарын, даму тенденциясын бағдарлағанда мазмұн мен форма арасындағы диалектикалық байланыс күрделілігін ерекше еске тұта отырып, бірнеше салаға жеке-жеке назар аударып, түйінді мәселелерді арнайы бажайлау шарт. Көркемдік құралдар, әдеби дәстүрлер оп-оңай, тез өзгере салуға ырық бермейді, алайда, суреткердің дүние танымы, тақырыпқа келуі, бейне жасауы – бұл орайдағы құбылыстар, түптеп келгенде, болмыстың, өмірдің ағымынан жырылып, томаға тұйық қала алмайды. Халық өнерпаздарының сан алуан буыны шыңдаған неше түрлі тамаша аңыздар, эпостық шығармалар, әбден арнаға түскен сюжеттер, дайын тұрған характерлер қазақ драматургтерінің алғашқы буыны үшін байтақ қазына, кеніш, ырыздық болатын.

Уақыт озған сайын қадым замандар дүниелерін өзек ете отырып, шығарма жасау дәстүрі әлсіреп, өз кезеңінің мәселелерін арқау қылған туындылар саны молая түсті.

Қазақ драматургиясының бүгінгі дамуындағы жақсы бір құбылыс – адам психологиясын ашуға ұмтылу екендігіне Зейіш Шашкиннің «Ақын жүрегі» пьесасы жақсы айғақ бола алады. Талай сахналық шығармалар салған жерден диалогтан ақсайды. Бірінің бетін бірі жыртып, ұрсып, айғайлап қоя беретін кейіпкерлер сөзін естігенде, мазасыз, кесірлі үйге еніп кеткендей боласың, Өмірден көріп, біліп ұшырасып жүретін адамдарыңа мүлде ұқсамайтын шарқаяқ, бар сырын, бар ашуын қолма-қол ақтарып тастайтын даукес, қызыл өңеш персонаждар мезі еткендіктен де шығар, жұмбағы жан түпкірінің тереңінде жататын, ашынса да кісіліктен арылмаған қаһармандарға бірден іш тартасың. «Ақын жүрегі» драмасы ең алдымен психологизмге ден қоюмен қызықты. Драматург кейіпкерлер мінезін психологиялық тебіреністер арқылы ашпақ болған ниетіне үнемі жете бермейді. Егде тартқан ақын Жұмат пен салиқалы әйел Шәрбан арасында айтылатын сөздер тым әсіре қызыл, мөлшерден артық жалт-жұлт. Кірпік қағуы қиындап кеткен сәтте Жұматтың үздігіп өліп-өшуі мүлде иландырмайды. Сахналық эффект үшін демесе, Жұмат ойын дауыс арқылы беру пьесаның драмалық материалына қабысып тұрған жоқ. Достық парызы, адамгершілік мұраты идеясын психологиялық арнада бейнелеген «Ақын жүрегі» пьесасы бүгінгі қазақ драмасының ізденіс жолындағы бір үлгісі. Драматургиядағы дәстүр жаңғыруы, ең алдымен қаһарманға қатысты әңгіме. Бұл мәселені «Сәуле» пьесасын талдау арқылы бірқыдыру пайымдауға болады. Рас, кісінің адамыдқ деңгейі әсте мансап дәрежесімен тепе-тең күйде өлшенбесе керек, бірақ мамандық қызмет орайы, жұмыс бабы жүктейтін салмақты мүлде ұмытып, оның мінезге, психологияға етер әсерін ескермесек, шындықтан шалғай кетеміз. Бүгінгі қазақ халқының рухани өміріндегі ерекше мағыналы құбылыстың бірі - әйелдердің қоғамдағы ықпалының артуы. Арғы төркіні нәсілдік жікшілдіктен шыққан шығыс елдерінде елдерінде әйелдер мүлде көрсоқыр, пұшаймае, қор болды дейтін теріс бір концепция көп уақыт орын теуіп келді. Тарихқа, әрбір дәуірге, әрбір халықтың дәстүріне қатысты пікір айтқанда нақтылыққа, фактіге, жүгінсек қана, көп күңгірт жайлардың беті ашылып, тұман сейілмек. Мұсылмандық догматтары, содан туған көп кесапат, қанаушылық, қалыңмал кеселі қазақ әйелінің көзінен жас, жүрегінен қан ағызған, бірақ біз еліміздің халықтық қасиетінің бірі - әйелге, анаға деген құрметтің зор болғанын, бұл орайда, тамаша дәстүрлердің мол өрістегенін, талай есті әйелдердің еркекетермен бірге ел билегенін, тіпті тұтас тайпалардың әйелдер есімімен аталуын, ақын қыздардың, батыр қыздардың шыққаны – рухани тарихымыздағы мақтанышты фактілер екенін, айқындап, даралап айттуымыз шарт. Бұл тұрғыдан Тахауи Ахтанов пьесасындағы түпқазық кейіпкер Сәуле бойынан бүгінгі замандас сипаттарымен қоса, иісі қазақ әйеліне тән бірталай қырлады көреміз. Автор табысының өзі, тиянақтап келгенде, осы кейіпкер бейнесінде жатқаны хақ. Драматург бала тәрбиесі, күйеу күтімі, үй шаруасымен ғана айналысатын, жеңіл –желпі жұмыс істейтін әйел емес, үлкен қызмет тұтқасындағы жанның басындағы сырларды көрсету арқылы шығармашылық марқаюға бет бұрғанын танытты.

Пьесаның етек-жеңі жинақы, композициясы ширақ, тартысқа қатысатын адамдар он шақты ғана. Драматургтің сахна заңдылығын, театр талаптарын ескергендігі аңғарылады. Автор адмдарды отырғызып қойып, ұзақ-сонар тәжікелестіретін сөз қуғызатын кінаратқа бойын алдырмай, шағын әрекетті көріністерді ауыстырып отырады. Суреткердің шығармашылық марқаюы әр түрлі ыңғайда көрінетін күрделі құбылысы: бұл өзекті тақырыпты тереңдей, жан-жақты қамтудан да, соны шеберлік кестелерінен де, өзге жанрға ауысудан да байқалуы мүмкін. Қазақ сахнасында бірнеше сапалы комедия әкелген драматург Қалтай Мұхаметжановтың «Жат елде» драмасы автордың өзі үшін де, әдебиетіміз үшін де мәнді шығарма болды. Тарихи туындылар демесек, дәл дерек, факт негізінде жазылған пьесаларымыз сирек. Адам ойының, ғылыми-білімінің тереңдеуіне байланысты құр қиял, бекер болжам кейін шегініп, дәл нәрсе, цифр, болған уақиға қадыры артып, деректі шығармалардың бел алуы – бүгінгі әлем әдебиетінде айқын байқалған тенденция. Әңгіме, повесть, роман өз алдыына, документке ғана сүйеніп жазылған туындылар драматургияда тіпті поэзияда көбейіп барады. Қайткен күнде де өнер табиғатынан туатын заңдылық көркемдік талаптары аяқ асты етілмесе керек, хас шебердің қолынан өтпесе, қандай мен мұндалап, айқайлап тұрған қызық материалдың өзі әдебиет дүниесі бола алмайды.

Драматург әрбір кейіпкердің аузына өзіне лайық сөз салуды құптаған. Германияда білім алған, қаршадайынан тыңшы болып, қиын күндерде сапты аяқтан сары су ішіп, сәтті кездерде үлде мен бүлдеге бөленген уәли Хасан тілінен өзбек мақамы, ескі шағатай дәстүрі арыла қоймаған: жоғары тұрған биік мансап иелерінің қолтығына кіріп, төменде жатқан пенделерді үркіте, қорқыта сөйлеуі – сүйегіне сіңіп кеткен дағдысы. Кең пейіл, ашық-тесік көрінгенсіп, басқаның істегенін өзі иемденіп, өтірікпен жамап-жасқап, жалған атақ шығарып қалудан қашпайды. Ең негізгі өзгермес сипаты, тірлікте берік ұстаған қасиеті – опасыздық. Құлқыны үшін, өңеші үшін сенім атаулыны, дос атаулыны сатып жүре береді. Бісмілла деп Отанды сатып кеткен Уәли Хасанның Мұстафа Шоқайға у беруі, христиан дініне енуі сөз емес, асылы, әкесін атып құлатқан жендеттің торғай өлтіргенге қолы дірілдемесе керек.

Мінездік даралығы жағынан пьесадағы сәтті бейненің бірі – Ева Бройер екендігін көрмеу әбестік болар еді, өйткені ол шықса болды, сахнаға әрекетті қимыл, уытты сөз, сайқалдық келеді. Оқырман үшін, көрермен үшін батыс агентурасының мұндай сұмдықтарды жасайтын көкжалдарының мінез-құлық ерешеліктерін, психологиясын, дүние көзқарасын, пиғылын білу қажет. Бұл орайда Асан өзгелерден оқшау тұр. Өмірдің тәлкегіне түсіп, тентіреп жүрген сорлы деумен шектелсек, келте қайырған болар едік. Қапыда жау қоршауында қалса да, құдіретті жырымен фашизмнің тас түрмесін бұзып шыққан Мұса Жалил сынды ақын еске оралады.

Пьесадағы Асан – маңдайының соры бес елі пақыр. Табиғаттың асыл сыйын, мыңның біріне әрең беретін кеніш бақытын басқа теуіп, сатқын тірлікке ауысқан, өрісі кесілген, қылтасы қиылған қазір. Төңірегіндегілерге қарағанда әлі де оның мойны озық, еңсесі биік, сөйлесе ірге бермей суырылып, бауыры жазылып сала береді. Тебіренсе – зар илеп, жас төккен өлең ақтарылады. Халқының тағдырымен өмірін сабақтастыра алмай ескілікті аңсап, қасқырлар ортасынан дос таппақ болған сор маңдай жыршы – трагедиялық бейне. Шәлкем-шалыс сөз, ұнатпағанды қиып түсу, лағып кету, мас боп ләйліп жүру – мұның бәрі Асанның ортасына жасаған қарсылығы. Гамлет тентектігіне ұқсас қырсқтық бір.

Әрине, драматург Асанның фашистер қолында қалай қалғанын, әлеуметтік – қоғамдық пиғылын тәптіштегенде, образдың бояуы айқындалып, салмағы ауырлап түскен болар еді.

«Жат елдені» бағалағанда, автордың қазақ драматургиясы үшін тың тақырыпқа барғандығын, дұшпан ортаны, жау ішін бейнелеудің ерекше қиындығын ескере отыруымыз керек. Әйтпесе пьесадағы Сайыпты өмірдегі – Баймырза Хаиттың парапар бейнесі деп айта алмаймыз. Шығармадағы ұзын-жүлде тартысқа бел шешіп, белсене қатыспайтын Сайып әр жерде үзіп-жұлып айтқан сөздерімен жөнді есте қалмай, тез ұмыт болады. Көптеген кітаптарымен Европаны шулатқан мықтының тұрпатына мән бергенде, автор көп ұтатын еді.

Шығармада персонаждың бәрі неге жұтынып тұрмайды, шайқалған жорға болмайды деген талапты ешкім де қоя алмайды. Суреткердің ең басты мақсаты - әр түрлі бояумен, ырғақпен, әуезбен көркемдік құралдармен өзек жарды ойын жеткізу. Бұл тұрғыдан «Жат елде» пьесасы мақсатын орындаған. Бұрынғы шығармаларында көбіне комедиялық ситуацияларды, күлкі тудыратын сөз айшықтарын күйттеген драматург айтылмыш драмасында тіл ұстарту арнасында ізденгенін, шайырлы, қорғасынды монологтар жасауға ұста боп қалғандығын көрсетті, эпос қазынасына, халық қазанына, Әуезов байлығына ден қойып, стиль, мақамды байыта түскен.

Әлем драматургиясындағы бірқыдыру жауһар шығармалар ақ өлеңмен жазылған, оларды сахнаға қойсаңыз – тамаша спектакль, щқысаңыз - әдемі поэтикалық туынды. Қазақ драматургтерінің ішінде, әсіресе Әбділда Тәжібаев жырмен өрнектелген пьесаларға айрықша ден қояды, өзінің зерттеу еңбектерінде бұл ойын ерекше шегелеп, бажайлай баяндайды. Көне грек трагедиялары мен комедиялары, Ренессанс туындылары, Шекспир, Гете, Шиллер, Пушкин асылдары өлеңмен жазылғандары көпке аян. Режессура өз алдына жеке отау тігіп, декорация, музыка сахнаға келмеген кезде, артистер маска киіп, дауысын күшейтетін құрал пайлаланатын шақта көрерменге әсер ететін бірден бір нәрсе – дыбыс, әуез, ырғаққа негізделген, құлаққа жағымды, жүрекке жақын сұлу диалогтар, жарқыраған ионологтар болғаны хақ. Ұлы Толстой данышпан Шекспирді мінегенде, тұяқ тіреген ілгішегі, аң алдымен, кейіпкерлер сөзінің өмірдегі жағдайға көп келе бермейтіндігі еді.

Әдеби дамудың тенденциясы барлық жанрда бірте-бірте реалды болмысты өз көрінісіне лайық формада бейнелеуге мүмкіндік тудырады. Тегінде синтетикалық сипаттағы драмаға режиссура табыстары, өнердің әр түрлі саласындағы олжалар жемісті ықпал жасап, ескі дәстүрлерді жаңғыртты. Классикалық әдебиеттегі көп актылы пьесалар енді театр талаптарына, көрермен ықыласына орай ықшамдалып қойылатын болды. Қазіргі пьесалардың негізінен үлкен екі бөлімнен құрылуына сахна шарттары әсер еткендігін көру қиын емес. Бүгінгі драматургияда әр түрлі жанрлық формалар, сан алуан стильдегі туындылар, көп өрнекті шығармалар қатар өмір сүріп отырғанда, тіл мәселесіне бір-ақ талаппен қарай алмаймыз. Драматург, ең алдымен, өзінің талант ерекшелігіне байланысты, алдын алып отырған материалының ыңғайына қарай, идеялық мұратына шақтап, көркемдік құрал таңдаса керек. Қоғаммен, табиғатпен арадағы байланысы қат-қабат күрделеніле түскен, сан алуан әлеуметтік, экономикалық факторлардың ықпалы психологиясында мың сан із қалдырған ХХ ғасыр адамын сахнаға шығарғанда, оның басындағы драма, трагедия, комедия тек өлең тілімен ғана баяндалса, аздық етер еді. Мұндай жолға түскен әдебиет өзін-өзі тұсаған, күні бұрын жасап алған қалыпқа мойынсұнған, неоклассицизмге ден қойған әдебиет болар еді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1127; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.035 сек.