Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 14 страница




«Тыңдаушы» аталып кейінгі келгендер түгел қол көтеріп, пікірлерін баяндауға рұқсат сұрады. Әбілемет аңыра қарады да алдында отырған мұғалімге баяу ғана күбірледі.

– Тыңдауға келгендер тәртіп сақтасын, оқушыларыңызға айтып қойыңыз!

– Назыр, біз, осы іске байланысты басшылықтан рұқсат алып, өз орындарымызға өкілдікпен қатынасуға, пікір ұсынуға келгенбіз!– деп мұғалім де күбірледі. – Биғабілдің мәселесі болса, оған қарсы күрес ашуға біз де ақылымыз. Не сайрағанын алдымен өзінен тыңдап көрмекшіміз!

– Күреске түскен адам, мәселесі болса мойын бұрмай тапсыруға борышты. Егер ақталарлық жайы болса, ақталуға да ақылы!– деген бір студенттің пікірін «тыңдаушылар» түгел қолдады.

– Сөйлесін!... Сөйлесін!...

– Қылмысын білмей жазғыру, жауап алмай жазалау, көне қоғамдармен бірге жойылған, сөйлесін! Алдымен не сайрағанын естілік!

– Сөйле Биғабіл!– деп Юсуп Қасым қасақана түйіле зекірді маған. – Не сайраған болсаң соныңды сөйле! Жалғыз тілшіге емес, көпшілік алдында сайрағансың, жасыра алмайсың! Сөзіңді титтей өзгертсең, көріп аламыз!

Күрес ашуға келген екпінділер арасын күбір-сыбыр кеулеп барып, өзара дабырласа жөнелді. Мен жиын бастығына қарадым. Сағатына қараған болып, қынжыла рұқсат етті Әбілемет.

– Уақыт бір жерге барып қалыпты. Ал, сөйлесең... қысқаша сөйле!

– Құрметті әріптестер,– дедім мен, дабырласушыларға қарап. – Жаңсақтық болмауы үшін әсіресе сіздердің сабырмен мұқияттап тыңдауларыңызды өтінемін! Автоном райондық партком үгіт бөлімінің жиын залында... айдың... күні бүкіл мәдени-ағарту лениясынан сайрауға барған елутөрт сақа қызметкермен үгіт бөлімінің өзінің гансылары алдындағы сайраған сөзімнің толық тексті мынау,– деп алып, сондағы сөзімнің қысқаша кіріспесінен бастап, ұйғыр тілінде нақтап-нықтап оқып шықтым. Жиын бастығынан басқасы қызармай-сазармай, ашық қабақпен тыңдады.

– Рахмет, ықыласпен тыңдағандықтарыңызға! –дедім соңында. – Өзімді ақтау ниетімен қосқан, иә, қалдырып қойған сөзім болса, толық жауапкермін! – Қағазымды жиын хатшысына тапсырып беріп қайтып сөйледім сонсоң. – Жиын райысының жаңағы оңшыл-ұлтшылдарға қарсы күрес жөніндегі түсінік сөзінде жауапкерге қойылған бір айқын сұрау бар. Енді соған жауап берейін. Ол: «сайраған пікірлерің жалпылай алғанда қандай мүдде де?» деген сұрау. «Ашылу – сайрау науқаны – партия ішінде стиль түзету науқанының дайындығы» деген түсінік бәрімізге сөйленген. Газетте де бар. Солай емес пе?... Сол бойынша сайраған бұл пікірлерімнің алғашқы тармағынан басқасы түгелімен ұлттық мүдде екендігі белгілі. Бірақ, бұл, басқашка «ұлттық мүдде» емес екендігі өзінен-өзі түсінікті. Біріншіден, бұл пікірлер өз ұлтымның ұлттық мәдени-ағарту қызметін жандандырудың ғана мүддесі. Бұған, «бұл ұлтшылдық емес пе?» дейтін сұрақ қойылса, саналы пролетарият түгел күлетін сұрақ болып шығар еді. Және бұл жөніндегі талаптарым, партия қызметіндегі нұқсан ретінде қойылған талаптар емес, сол «кейбір» жеке басшылардың қызметіндегі нұқсандар екендігін қайталап айтып ұқтырып сайрағандығым көрініп тұрыпты. Екіншіден, мен, өзім қазақ еңбекшілерінен шыққан интеллигентпін. Және сол ұлттың кенже қалған мәдени-ағартуының қызметкерімін. Осы пікір-талаптарым арқылы коммунистік партияның өзіме артқан міндетін орындаушымын. Әрқандай азамат, ең алдымен өз ұлт халқының қызметкері. Өз ұлт халқының адал қызметкері бола алғанда ғана басқа туысқан ұлт еңбекшілерінің дүние пролетариятының қызметкері бола алады. Өз ұлт халқының қызмет үддесінен шыға алмаған азамат басқа ұлтқа пайдалы қызметкер бола алмайды. Өзін танымаған адам, басқаны таниды деген құр әуре дәме! Марксизм диялектикасы бұл шындықты шетке қақпайды. Жауабымды жинақтап келгенде мен, оңшыл да, жерлік ұлтшыл да емеспін. Қоғам қызметінде де, жеке ісімде де ұлттар ынтымағына бөгетті іс істемедім. Партия мен халыққа, социализм ісіне титтей зиян келтірген жерім жоқ. Әсіресе, басқа ұлттар мәнпағатына титтей озбырлық істеген емеспін!... Сөзім бітті.

Залдағы екі қатардың арасында пайда болған аңдысу мен күбір-сыбырға алақ-жұлақ қараған Әбілемет, көпшілікті пікір баяндауға шақырды.

– Жолдастар, қане, пікірімізді басталық!

«Тыңдаушы» аталғандар жақтан бірнеше қол алдымен көтерілді де бір студенттің сөйлеуіне рұқсат етілді.

– Менің пікірім қысқа,– деді студент түрегеліп. – Биғабіл әфенді дәл осылай сайраған болса, біз алғыс айтамыз. Себебі, бұл халық мүддесі. Бұл сөзде ешқандай қателік жоқ. Егер қазір түзеп сөйлеп, жаман сөзін жасырып тұрған болса, оны анықтау үшін сол жиындағы адамдар мұнда әкеліп, бір сағат қана қатынасып берсін!

– «Қателік жоқ!»– деп, сөйлеуге екінші студент рұқсат сұрай түрегелді. – Адал талапты қателікке шығарсақ, партияға өзіміз адал болмақпыз ба!... «Сол жиында ең дұрыс сайраған Биғабіл әфенді болғанын» сондағы қатынасқандардың көбінен естідік. Бір тілшінің қате хабар жазғанына қарап қана сап-сау бір қайраткерді күреске тартып жарақаттауға, сөйтіп жау қатарына қосып беруге бола ма!... Идеялогиялық жақтан да, ғылымилық жағынан да сапалы оқу құрал шығарып беріп отырған Биғабіл ағайдың күреске тартылатын болғанын естіген сабақтастарымыздың барлығы наразы!...

Едірейе түрегелген бір екпінді шабуылдай жөнелді бұл студентке.

– Мына оқушының есімі кім? Кімге мүрит болып, кімнің сойылын соғып тұр! Маужушидың жаңа ғана оқылған өлшемін қайырып қойып, не деп тұр! Биғабілдің басқа қылмыстарын былай қойғанда, жаңағы өзі безендіріп, опа-еңлік жағып сөйлеген әдемі сөзінің өзі қай майданда тұрғанын түсіне ме! Буржуазияның «конфет қағазына оралған бомбысын» жаңа көріппе едік, һошяр[23] болайық жолдастар!

Ясын Әмәт пен Өлзе қатар көтерді қолдарын. Қарай қоймаған жиын бастығынан сөйлеуге дауыстап рұқсат сұрады.

– Жолдастар,– дей түрегелді Юсуп Қасым. Рұқсат сұраудың орнына. – Жауапкер естімеуге тиісті пікірлер пайда болып қалды. Биғабіл бүгінше қайтып тұрсын!

Екі жақ та қосылды бұл пікірге. Жиын бастығының ишарасымен шығып жүре бердім. Әбілеметтің бұл жиынындағы мінезіне ой жүгірте қайттым: бұрын өзінде жоқ кішпейілдік пен кеңдікті бүгін қайдан тауып келген?... Жығылып төрт аяғы байланған асауды союшының көп болатындығына, жауының басқа қолдармен жәркемделетіндігіне сеніп, тоқпейілсінген ғой. Енді қалыс-қамқор, жазықсыз болып көріне салғысы келген шығар. Ал, менің де оңайлықпен сойылмай, өзін жазым ететіндігімді, сайраған пікір-талаптарымның тегеурінін бүгін көрді. Бұл кезеңде ішінен тұншыға долырса да лажсыздығын байқатты. Жұртшылықтың көбі мені жақтайтындығын соңынан білді. Бүгінгі ерекше таңырқарлық мәселе, науқан басшылығының бұл жиынға осы шонжарды тағайындауында ғана.

Бұл назыр, үгіт-насихат буының орынбасар Бужаңының бірі. Басшылық мұның өзінен мәселе таппаса, осы науқанның автоном райондық жетекшісінің бірі болуға тиісті. Мұндай басшы, мен дәрежелі қызметкер үстіндегі күресті төте басқаруға келмек емес. Әсіресе бүтіндей өзіне қарсы сайраған менің үстімдегі күрестің маңайына, зорламаса, келмек емес. Бұл қайшылығымызды сайрауымнан білген үгіт бөлімі Әбілеметіне жаны ашыса, «ашулы аюдың» үстіне жіберуі тіпті де мүмкін емес. Менің, сайраған сол сөзімді өз алдына сөйлеп, жағасынан ала түсетінімді де біледі. Шыңда тұрып жолбарыс таласын тамашалағандай, ешқайсымызды аямайтын мұншалық сайқал қастық қайдан шықты?...

Ертеңіне таңертең өзінің күрес майданыма келсем, есігі құлыптаулы екен. Қайта шығып бара жатқанымда бір зейіл дауыс қызыл жүректі залға шақырды. Қайта қайтып барып кірсем, даң–дұң. Жұлмалап жатыр екен бір жас шәиірді[24]. «Түз тұр!» деп бірі аяққа теуіп, «былай тұр!» деп бірі желкесінен артқа тартты да, бір мықтысы шеңгелін тұп-тура қарнына салып, алға тартты: «бері, жақын тұр!».

Қалай тартса солай барып ақын тұрды. Бірақ, «сөйле» дегендеріне мыңқ етпейді. Кеңірдектер барынша созылып, дауыстар жетісінше барқырап жатыр... Артқы орындықта «құйын соққан» отыр екен. Бір жағына қарай сырылып берген орнына отыра қалып едім, осы қасқыр шапқан шуылдан пайдалана қойды.

– Сізге де түн бойы бақсы ойнады деп естідім, рас па?– деп күбірлей сұрады.

– Маған іңірде ғана ойнап, өз араларында желікті ауруы көбейген соң мені қайтарып жіберген... қалай, бақсылар түн бойы ойнап па?

– Солай естідім, қатты ойнапты. Таңға жақын ғана тоқтапты дауыстары.

– Бәсе, қазір түс көріп болжап жатыр деші, ешкімі келмепті.

– Бұлар болжай алмайтын өтірік бақсылар ғой, өз араларында қайшылық туылса, көрген түстері мен болжауларын жоғары дәу перілеріне баяндап жорытатын шығар! – «Құйын соққан» осыны тез айтты да тына қалды, көпшіліктің даурығы бәсеңдеп қалған екен. Айқай қайта өрлегенде жалғастырды күбірін. – Ол бақсыларыңыз сізге енді ойнамауы мүмкін, саусыз ғой. Ал, егер, сізден ауру таппай қоймаймыз деп егессе, екі–үш күннен соң тіпті көтеріліп, ауыздарынан ақ көбіктерін бұрқырата жетуі мүмкін!

– Мына сырқатыңыз болмаса, ең «көріпкел» бақсы сіз көрінесіз!– дегенімде «құйын соққан» күліп жіберді.

– Ей неге күлесіңдер!– деп бір айқайшы зекіріп қалғанда көпшілік жалт-жалт қарасты бізге. Көрдіңдер ме мына екі ұлтшылдың құтыруын!

– Тұрсын орындарынан!... Тұрсын!– қатар шақылдады бірнешеуі.

– Не сөйлестіңдер? Мына серіктеріңнің жайілдігіне қыптарың қанып отыр ма?

«Құйын соққан» менен бұрынырақ түрегелсе де жауапсыз тұқырып алды.

– Ей бұқбажын, айт, неге күлдің?... Сөйле!..

– Жиын бастығы қол ишарасымен мені отырғызды да «құйын соққанды» өзі келіп тергеді.

– Жә, не мақсатпен күлдің?... Анау жайілге жаның ашып, күрес отын өзіңе қаратқың келді ме?

– Жоқ, Құдай сақтасын, оның сиқына күлдім!– деп «құйын соққан» сөлмірейе жауап берді. – Мұндай күресте шынын айтпай құтылуға бола ма! Өзіне-өзі пәле тауып, соншалық қиналғаны...

– Соған ғана күлдің бе?... Осы күлетін іс пе?... Басқа себеп бар мұныңда, айт!...

– Жиын бастығы бұл сұрағына асығыста жауап ала-алмайтындығын біліп, жазаға тұрғызып қайтты. – Тұр солай, қашан шыныңды айтқанша отырмайсың!

– Мұнан соң жаныңа өтірік қана ес қатады, – «Құйын соққан» түрегеп тұрып тағы күбірледі маған. Өзінің дағдылы әдетімен тұқырған болып, еңкейе сөйледі. – Сіз бұрын күреске түсіп көрмегенсіз ғой. Шыншылдық деген мұндайда шылғи қырсық болады, әсіресе осы әрекетте!... Бұларды енді қылмыс қайыршысы дей бер. Кидіретін қалпағын толтыру үшін тиынның жартыкешін, нанның қоқымын тергендей тімтініп, көди-сөди сөзіңізді құрастыра береді. Мұнан соң қақпаңызды шын сөз жағынан мықтап бекіт! Миыңызға шындық пікір үйіріле қалғанда ұртыңызда оның өтірік жауабы тұрсын!... Осыны ұмытпаңыз, енді сөйлеспейік!

«Құйын соққан» мұнан соң расында да сөйлемей, кіндігіне қарап тұра берді. Осылай қуған көп қуғыншы шәйірді әрең құмалақтатқандай болды. Анда-санда түскен қатты құмалақтарын құрастыра келіп, ұлтшылдыққа шығарды да, талдай келіп өзіне мақұлдатты. «Өз ұлтын сүймейтін ақын болмайды» дегізді. Бұл махаббаты үшін сайраған сөздерін қосып салыстыра қуып барып, «мұндай пікірді ұлтшылдық десеңдер, ұлтшылмын» дегізді.

– Позицияң енді түзеліп келеді!– деген қортынды шығарды жиын бастығы. – Адам болу жолыңды енді таптың, қайта адасып қалма, ә! Ал, белгілі бір идея болған соң оның әрекеті де болады. Әрекетсіз идея болмақ емес... Түскі демалыс уақыты өтіп барады. Қайтып келгенше ойланып... жақсы ойлан, ә! Енді сол идеяңды әрекетіңмен қосып, бірін қоймай тапсыруға дайындалып кел! «Зорлықпен мойындағаннан өздігіңнен мойындағаның жақсы. Кешігіп мойындағаннан бұрын мойындаған жақсы. Шала мойындағаннан толық мойындаған жақсы!...» Ал, сағат дәл бірде осында боласыңдар!

Жиын бастығы көпшілікті түскі тамаққа осы өсиетпен қайтарды да «құйын соққанды» жеке тергеуге алып қалды. «Мынадай күрестен «пұт пен өлік» те кері төңкеріс жүргізіп жатқан қанды қол болып мойындар-ау!» деген оймен күрсіне қайттым.

Күреске түсіп жатқан шәйір түстен кейін жауап бергенде «адам болу жолынан» қайта «адасты»: өзінің сөз-әрекеттерінің ұлтшылдықтан парқын сөйлеп кетті. Белсенділер қайтадан шу көтерді. Қайта қуалап отырып, түскі тамақтан бұрынғы қамалған сөзіне екінтіде қайта әкелді. «Ұлтшылдықты» қайта тықпалады аузына. Зорлап жегізбек болған тамақша шашылған ұлтшылдық шәйірдің өне бойын бір-ақ былғады. Танауына да тықпалаған белсендінің қолы мұрнынан қанын сау еткізгенде ғана бір-біріне адырая қарасып, жым бола қалды көпшілік. Ыза болған шәйір, бар жынын сол қанмен қосып бүрке жөнелді. Оның аузынан шыққан боқтық, хатшының қағазына еселеп зорайып түсіп жатты. (танауына түртіп қалған белсендінің белсенділігін тілдегені «партияңды с...» болып жазылғанын кейін көрдім.)

Біреуі су, біреуі орамал әкеліп, «ұлтшылдың» нәжіс мұрны жиын бастығының таза қолымен жуылғанда ғана тоқтады шәйірдің өткір тілі. Күрестегі өз орнына қайта барып тұра қалды.

– Өз ұлтын кім сүймейді,– деп бастады жиын бастығы нәсихатын. Енді жанашырлық көрсеткенси арбады. – Өз ұлтының мүддесіне келгенде сол махаббаттың ұлтшылдыққа айналуы оп-оңай емес пе, «қателесу айып емес, қателігін мойындамау айып» деп партия соны біліп айтып отырмай ма. Неден қиналасың сонша, «мойындағанға кеңшілік» саясаты, тіпті қылмысты істер заңының да ашық негізі ғой! – Жиын бастығы осы жылы – сөзбен шәйірдің бойын жылыта келе, хатшының дәптерін әкеліп, алдына жая қойды. – Жаңа ашу үстінде не сөйлегеніңді білемісің? Оқышы! – ақын оқып көріп аңқия қалғанда бастық қайта жалғастырды сөзін. – Біз сенің мәселеңді білмегендіктен қыстап отырғанымыз жоқ. Өзі сөйлеп, өзі танысын, қаншалық дәрежеге жеткенін өзі өлшесін дейміз. Адам идеясының өзгеруі субъектиптік талпыныспен ғана қолға келеді. Сені, мәселесін толық танып, сапымызға қайтадан қосылсын дейміз. Осыдан басқа ешқандай мақсат жоқ бізде. Ал енді өзің сөйле!... Ыңғай бейтке қарап қашып, ызамызды қайната бермей, мына көпшілік жаққа–төңкерісшілер жаққа қарай қаш! Партияға берілгендігіңді көрсет!

Жаңағы ашу үстінде «партияны тілдеп қойғаннан» қорқып қалған шәйір мына кеңеске бас иіп, жұмсара жауап берді.

– Көпшілік, мен қателестім!– деп күрсіне иілді.

– Қашан?– деп зекіп қалған хатшы қамқорлық еткенсіп, үнін бәсеңдете қайталап сұрады. – Бүгін ғанама, бұрыннан бар қателесу ме, ашып сөйлесеңші!

– Қазыр ғана мына райсымыздың қамқорлық нәсихатымен түсініп тұрмын. Менде ұлтшылдық бұрыннан бар екен. Мен өлеңдерімде ұлттық мақтаныштың сөзін көп қолданатынмын. Соның бәрі ұлтшылдықтан шығады екен!...

– Әп пәле, міне, енді келдің!– деп қостай қойды бір белсенді. – Тосыннан өткізген қателік өз алдына, негізгі мәселе тұп-тура идеяңды қазсаң табылады!

– Мен енді ойлап көрсем, ойлайтыным, «дүние пролетары жасасын емес, ыңғай «ұйғыр жасасын» деген тар рамкіге қамалып қана жүріппін! Сайраған сөзімнің барлығы сол тар мүддеден шығыпты. Нан беріп келген ханзу халқына мен ыңғай тас атып жүріппін!...

Шәйір осылай иіле-иіле бір жолата құлап түсе жаздап барып тоқтады да мәселелерін түн бойы ойланып реттеп тапсыруға уағда беріп қайтты. Бірақ, «түн бойы» ойлана келе құмалағы қайта қатып қалыпты: «ұлттық мақтанышын» ұлтшылдық емес деген қисынмен ертеңіне таңертең қайта шалқалап, қайта ақтала сөйледі. Қайтадан шулай жөнелді белсенділер. Кешегі «қанды тілін» суыра зекіріп, «әшәдди кері төңкерісшілдікке» көтере кергілегенде шәйір қайта иілді, тіпті мықшиып бара жатты. Ұлтшылдығынан жайлы қалпақ жоқ екен дегенге келгендей, сол қалпағын кептеп, милықтата киуге тырысты. Құмалақтау емес, енді сүргі ішкендей, өтірікті-шынды «ұлтшылдығын» кідіріссіз атқытты. (Осы қалпақты ықыласпен кисем, кешегі «тілдеп қойған» кері төңкерісшілдік пәледен құтылармын деген далбаса мен шатасқанын байқап отырдым.) Тағы да күшене түсті, ішінде дайын тұрған ештеңесі қалмаған соң ғана «тағы да ойланайын» дегенге келіп тоқтады. «Партиядан аяйтын ешнәрсем жоқ, барымды жазып тапсырамын, жуамын қылмысымды!»– деді соңында.

– Мұнан соң қайталасаң зор қатерге ұшырайсың, солай емес пе!– деп кесетіп, тағы да шұлғытып алған соң жиын бастығы шәйірді енді мадақтап «үлгіге» айналдыра қойды. – Міне, несі бар, қателесті мойындады. Сабымызға қайта келіп қосылды. Қадыр керімнің осы оңалысынан оңшыл–ұлтшылдар түгел үлгі алуға тиісті. Партия ешқашан мәселесін білмей, ешкімді күреске тартпайды. Тоңмойындықтан қылмыс үстіне қылмыс қоса беруден басқа ешкім ешқандай пайда таппайды!...

Менің үстімдегі үзіліп қалған күрес жиыны үшінші күні шыт жаңа болып қайтадан басталды. Алдыңғы жиындағы партиялы – айбарлы екпінділер қызыл жүректі залдың жұдырықты белсенділеріне келіп қосылғанда-ақ сезе қойдым. Мені ақтаушы батырлар түгел шектелген сияқты. Бірі де көрінбеді. Осы залдағы жиынға бұрыннан қатынасып келе жатқан Асылқан мен Ынтықбай өздерінен-өздері бүрісулі. Оларды маған төнген өрттің шарпуы оп-оңай ғой.

Әбілемет келмеді. «Құйын соққандар» мен «тоңмойын» шәйірларды жуасытқан қарасұр жиын бастығы бастады сөзді.

– Биғабіл Жаппар!– деп шақырды да, қызыл жүрек астындағы, жауапкерлер орнын иегімен нұсқады. Барып тұра қалдым. «Отыр!» дегенін қолымен нұсқады. Отыра қалдым. Зал толы содырларда, жуастар да жым-жырт. Маған алара қарағандардан төмен қарағандар әлдеқайда көп екені байқалды. Жиын бастығы ауыр құйрығын қозғап, жөнделе отырды да тышқанға ыршитын мысықша күржиып, иығын бүлкілдете сөйледі. Алдыңғы сөзі, басқа жауапкерлерді күреске тартқандағы дағдыланған сөзі еді. Күніне неше қайталаса да шипалы дұғадай көретін нұсқаулары мен алты шартын оқығанда төмен қарап отырғандардың көздеріне түрткендей көбік шаша нақтап, қайталап-қайталап зіркілдеді. «Оңшыл–ұлтшыл зор блоктың бастығы Биғабіл Жаппар тұрсын орнынан!»– деп ақырып жіберді соңында.

Жүрегім тоқ соққандай зырқ ете түсті де тұла бойымнан от лап ете түскендей сезілді. Түрегеліп, залды шола қарадым. Көпшілік соғыс түсіне ене қалыпты. Асылқан мен Ынтықбай да сұрлана қалған екен. Адамның қатты қорыққаны да жауынгерлік шырай болып көрінсе керек, әйтеуір барлық көз адырая қарады маған.

– Төмен қара!– деп екі-үшеуі маған қатарынан ақырды. – И басыңды!

Көзім де от алып кеткенін сезіп, төмен қарадым. Бірақ, басым иілер емес. Арт жақтағы біреуінің бастауымен көпшілік ұрандата жөнелді. «Жоғалсын әшәдди кері төңкерісші Биғабіл Жаппардан» бастап, «кері төңкерістік оңшыл – ұлтшыл блогын әшкерелесінге» дейінгі, заманымыздың ең қорқынышты, ең ойранды он шақты бомбысы іркес–тіркес атылды маған. Бір ғажабы, осы бомбы қопарылыстары мені ширатып, бұрынғы сабырлы қалпыма келтіре қойғаны сезілді.

– Өздігіңнен әшкереле, сөйле!– деп жиын бастығы бұйырды да, екі-үш екпінді жартас болып жаңғырықтырып жауап беруімді қузады.

– «Төңкеріс жолындағы бұл әділетті бұйрықтарыңыз» маған келгенде мүлде орындалмайтын бұйрық болып қалды!– деп жымидым мен. – Неге десеңіздер, мұндай тілсіз күштің бұйрығы – тарс етіп жүректен сап ете түскен бір ғана оқ. Оқ қайта қайтпақ емес те, өлер адам жауап айта алмақ емес. Менің сөйлеуімнің қажеті қалмады! – Бұрынғы сайланып келген әріптестеріме қарап сөйледім. – Үш күннен бері талқылап, тауып келген шындықтарың осы болғаны ғой, «әшәдди кері төңкерісшілдік» қылмысым анықталған екен. Шартым толыпты! Болыпты ғой, сөз бітті, ақырғы жауабым осы!

Бірі көшіріп дайындап әкелген қағазын ашып ұрандата жөнелді. Тағы атылды, сол күйреткіш бомбылар. Маңайым түгел қопарылып, зал тітіреп, дүние әлемтапырақ болып жатқанда жиын бастығы бір-екі ақылшысымен сөйлесе кетті, тыжырынысты. Мен күлдім. Ұранды тоқтата қойып, зекірісе жөнелді.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 350; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.