Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 51 страница




– «Халық үшін қызмет қылайық!»

– Маужуши мың-мың жасасын! – Екеуінің мұрты да ойнақтап кеткендей болды. Аттан түсе қалдым.

– Маужуши мың миллион жасасын!– деп жастау семіз сарысы қалжыңын ашық байқата дауыстап жіберіп ұстады атымды. «Сәлем алған» үшеуі де жылы ұшырай қалды.

– Біздің үйге, біздің үйге баста!– Кекселеу жуаны екіншісіне осыны күбірлей сала қол алысты менімен. Амандық-саулықты сұрап қатарласа аяңдады. Таяғыма күш сала сүйеніп, аяғымды сылти бастым. Қызыл жеңді қарауылшы менің қасыма келе алмай қарап тұрып қалды. Қазақтың сыйлау салты бойынша бұл жерде ешкімнің ат-жөнімді асығыс сұрамауы қуандырып еді. Үйге кірген соң үлкені бәйбішесіне көрпе төсетіп, қатарыма отырғанда да ол жөнінен ауыз ашпай, жақын танысынша қарап күлімдеп, аулының жөнін сөйлеп кетті.

Бүгін гүңшенің үлкен әтіреті бойынша зор жиын ашатын күн екен. Бұрынғы таптық зұлымдық үстінен шер төгіп, помещик пен бай шаруаларды күреске алуға дайындалып жатыпты.

– Көне қоғамдағы кедейлердің тарихи тағамын бізбен бірге жесуге келгеніңіз, қуанарлық іс болды!– дей салды да, бірге келіп отырған екеуін қузады. – Ал, жолдастар сендер жұмысты орналастыра беріңдер, біз қазір шығамыз! – Екі мұғалімді сол сөзбен жолға салып оңашаланған соң малақайымды басымнан алып қоя сала қолымды қысты. – От жанып тұратын мейрімді көзіңнен таныдым Биғабіл жолдас! – Солқ ете түсті де, ыршып кеткен көз жасын сүрте қойды. – Айдалып кеткеніңнен бері есімнен бір де шыққан жоқсың. Мен бұрын осы мектептің бастығы едім. Үрімжідегі оқу–ағарту жиындарында үш рет көріп, сөзіңді тыңдағанмын. Коммуна құрылған соң мені осы өндірістік үлкен әтретіне дадүйжаң етіп сайлаған. Атым Омар... Есен-аман жүрдің бе, қашан қайтып келдіңіз?

– Ол жөнімді кейінірек сөйлеп берейін. Ал, әлгі екі жігіт кім?

– Мұртты үлкенірегі менің орныма мектеп бастығы болып сайланған, Әнуар дейтін мұғалім. Сізді тануы мүмкін. Күрсіне ескеріп жүретіндердің бірі сол. (Ақияның хат жазып берген сабақтасының бірі осы Әнуар екенін таныдым.) Ал, анау жас жігіт 61–жылы ашаршылықта шыққан мұғалім. Сауат жөнінен де сол шыққан жылы байқалып тұрады. Атыңызды қазірше кім деп атайын?

– Қазірше Құлжан. Құлжанның кім екенін білесіз бе?

– Ол итті білемін ғой. Соның жаман атын жамылмай-ақ қойсаңыз қайтеді?... Рас сол екен деп сізге жаңсақтан қастық сайлап қоятындар шығып қалар!

– Қызыл қорғаушылармен армияның шарлаушылары келіп қалса, оның ес қататын белсенділік кнешкелері менде еді!

– Япырай, ә!.. Ондай шарлаушылардың тыңшылардың тыңшылары да бар осында!... Қазіргі жиынды басқаратын кедей, төмен, орта шаруалар Жуши – сол ноғандардың бастығы. Сізді оқу-ағарту шарлаушысы деп соған мен таныстырып қояйын, сіз үндемеңіз. Оның түсінігінде ағарту деген – буржуазияның қызметі. Құлжанды, ол қадағалап жөнін сұраса ғана айтарсыз. Ал, мектеп бастығынан шын жөніңізді жасырмай-ақ қой! Ол, мықты азамат. Тым болмағанда қастықшылардан қорғай тұруға пайдасы тиер. Ашаршылықта туған әлгі сары да соның қолында ғой.

– Ие, Әнуарға бір сабақтасының жазып мені тапсырған хаты да бар, соны беріп қойярмын...

Осылай келісіп алып, жиын ашылғанын естісімізбен мектепке қарай аяңдадық. «Қазіргі ішетін көжемізге жиркеніш көрсетпеңіз, бұл идея сынайтын, сойқанды көже!» дегенін Омар күбірлеп қана ескертті.

Екі жүз шақты адам сиятын жиын залының іші-сырты адамға лық толыпты. Бір-бір тостаған «көжені» өздері тайқазаннан құйып әкеліп, тақыр жерге алқақотан отырыса қалған екен. Омар дадүйжаң мені сол отырғандардың арасынан өткізіп, жиын залына кіргізді. Қолымнан және жетектеді. Төрдегі жалғыз үстел, жалғыз орындықта көже ішіп отырған жалпақ бет, божбан қара жушидың бізге қарауға пәлендей әуесі жоқ сияқты. Әркімге сығалай қарасынан, биіктеп «қызмет бабымен» отырғанын түсіндім. «Ата-бабасынан қалған мұра көжені» терлеп-тепшіп, қомағайлана тартып отырған да өзі екен. Омар екеуіміз екі терезенің арасынан мектеп бастығы ашқан орынға жетіп, құрғағырақ жерге орналастық. Семіз сары мұғалім біздің алдымызға да екі тостаған көжемен, қасық орнына бір-бір пұта ұстатты.

Әлгінде келе жатқанымда әйелдердің шақылдатып шауып, тайқазанға салып жатқандары осы көженің «қоюы» болып шықты: былтыр күздегі жиған жүгерілерінің қатқан малдегі. Оны қайнатып, өңештен өтетіндей жұмсартыңқыраған тұнық сарғылт суға жүгері үннің кебегін сеуіп лайлап, көже сиқына келтіріпті. Басқа дәм-тұздан таза-тақыр, жып-жымышы. Ал, осыны ішіп отырған көпшіліктің таңдайлары тақылдап, малдек қиындыларын қарс-қарс шайнайды. Неткен тәтті дескендей тамсансып, обыға жұтынады. Жиылған осы бес-алты жүз адам бір-біріне қарай алмайды. Сол «тағамнан» басқаға көңіл бөліп күбірлеген ешкім жоқ. Жым-жырт ауыздарды жұп-жуан малдектер керіп, бұлт-бұлт, бырт-бырт, күрт-күрт етеді.

Егер мұны осылай «құмартып» ішпесе, кедей таптарға қарсы помещик, бирократ буржуаз, шужыңжуий, жиянгерлердің жалданбалары болып күреске тартылатындығын білген соң мен де әдейілеп «құмарта» түстім. Кешеден бері ыстық тамақ татпағанмын. Асқазанымнан қайтар деп қауіптенерлік ештеңем жоқ еді. Терлеп – бұлаулана оуып, үшінші тостағанды алдырғанымда Омар бұға қарап жымыңдады. «Кедейлер жуши» да биіктен қарап қойып отыр екен.

Осы көженің нағыз мұрагері – кедей, төмен орта таптардың бірлескен қосынның төрағасы бір тостағанын әрең тауысып, сөзге айналыса бастады.

– Бұл кісі кім еді, таныспаппыз ғой?– деп сұрады Омарға қарап.

– Бұл кісі мектеп шарлаушысы, Үрімжіден осы тау мектептерінің мына босап қалған шағында бұзылып, отын болып кетуінен сақтандыру үшін шығыпты.

– Бәсе, пратолдық үкіметіміз кімді қызметке қоюдың қажеттігін біледі!– деді жуши. «Пратолдықтың» пролетарлық деген сөзі екенін түсіне тыңдадым. – Көрдіңдер ме жамағат, бұрын күні үшін қол малай болып көрмеген адам бұл тағамымыздың қадірін білмейді. Біз осы тағамнан ғана күш алып, өсіп-өніп келгенбіз. Мына байлар қазы-қарта асқан қазандарының жуындысын да иттеріне беріп, бізге осыдан басқа нәр татырмайтын. Біз бұлардағы кегімізді тағы да осы тамақпен аламыз! Қазір Жолдыбай жолдас мына қожайындардың үстінен шер төгеді!

«Мына қожайындар» деп жуши нұсқаған босағада бас киімдері айналдырылып теріс кигізілген бір топ отыр екен. Тостағандай көжелерінен бас алмай тұқырысып алыпты. Жолдыбай аталған салпаң құлақ ескі тымақты көсе шал, жушидың оң жақ қатарына шығып тұра қалып, еңкілдей жылады.

– Братолдық жолдастар!... Біз не қорлық көрмедік... Бұл шошқалардан!... Осы тамақты иттің де ішпейтіндігіне арғы қолдарыңды бері әкеліңдер!... Кебегін молырақ салмаса тері илеуге де жарамайды! Осыны бізге осы байлар өз қатындарымызға зорлап қайнатқызып беретін!... Ей Бақберген, тұр орныңнан!... тұр! Осыны маған сенің бергізгенің рас па, өтірік пе?... Құдайшылығын өзің сөйлеші қане! – Жолдыбай «құдайшылық» деген сөзінен қатты қателескенін сезіп, көзі бағжаң ете түсті. – Астапралла қайда кетіп барамын өзім!... Маужушилық жөнін өзің сөйле қане, Бақберген!

Күлкіден қысылған көпшіліктің бет-ауыздары бүлкілдеп, қас-қабақтары дірілдеп кетіп еді. Бір-екеуіне зекіп қалған жушидың дауысынан тамаққа тиіп қойған мысықша жерге жабыса қалғандай бұқты көпшілік. Бақберген аталған шал аппақ сақалын дір қақтырып, қусырыла түрегелді орнынан.

– Рас, рас қой шырағым!... Бірақ, ол заманда мұндай қатты ағашты кім шапқылап, қайнатып әуре болған дейсің. Жақсы етімізді жалшылардан аяп, ішек-қарын, өкпе-соқпа беретініміз рас болатын, соған қарағанда рас қой, айтқандарыңның бәрі рас қарақтарым!

– Ей қақпас!– деп ақыра түрегелді бір әпербақан. –Ей қақпас, қатты ағаш қайнатқызып бермей, ішек-қарын, өкпе-бауыр, бас-сирақ, май сорпамен бағып келдім деп тұрмысың бізді! Маужуши мен біз саған жала жауып тұр екенбіз ғой, солай ма! Осындай қара көже жасатып бергенің өтірік екен ғой! Ей сақалды ит, ей, иттің тісі батпайтын мына қақ сүйекті кім кеміртіп еді бізге! – Сырттан әкеліп жамбасына басып отырған сиырдың кәрі жілігімен кеудеден періп кеп жіберіп, шалқасынан түсірді шалды.

Қалпақтыларға кіжіне түрегелген бірнешеуді кедей жуши қол ишарасымен тоқтатты да Жолдыбайға адырая қарады. «Кері төңкерісшілерден жөн сұрап, келіндерінше иілуді қашан қоясың!»– деп зекіріп қалды да Маузыдұңның үзіндісін ой жота саудырлата жөнелді.

– «Төңкеріс деген қонаққа шақыру емес, әшекей сызу, кесте тігу емес. Төңкеріс деген қозғалаң, бір тапты бір таптың... қысқасы, тақымға басып, додаға салуы». Жаңағы Дүйсен жолдастың, баяғыда өзіне Бақберген кемірткен сүйекпен өзі ұруы заңды іс болды. Төңкеріс қылуды Дүйсен жолдастан үйреніңдер!

Сөйтіп, «Дүйсеннен үйренушілер» шу көтеріп ұрандай түрегелді де қалпақтары алқымдап, тас дауалға жаныштауға кірісті. Ию-қию айқай, бірін-бірі тыңдар емес. Аяқ астында қалатын болған соң Омар мені жетектеп сыртқа шығарып әкетті.

– Әтіретіңіздегі адамдардың амандығына жауап беретін болған соң сіз «қалам күресін» айтып баспайсыз ба мыналарды?– деп күбірлеп едім, күрсініп жіберді Омар.

– Бар құқық қазір, осы маңдағы әскери қызыл қорғаушы комиссары «ортеке»[113] етіп ойнатып отырған осы «жушидың» қолында. Әкімшілік «кедей – төмен орта шаруалар қосынына өткізілген. «Төңкерістеріне пікір айтсам-ақ «құқық иесі», «кері төңкерісші» деген қалпақ өзімді бассалғалы тұр!...

«Құқық иесі» деп аталатын «қылмыстардың» қайдан шығып жатқанын енді толық түсініп, қоя қойдым. Алқылдатып құса жөнелісті даладағылар. Алдымен залдағы жүрегі қозғалған қалпақтылардан басталған «құсу науқаны» іле-шала көпшілікті түгел шабыттандырды. Дүние лақ-лұқ, сар-сұр болды да кетті. Ауыздардан малдек атқылақтап, сары өзен таси жөнелді.

Тұла бойлары құсыққа малшынған «кері төңкерісшілер» де, тізелері мен етектері ғана баттасқан «төңкерісшілер» де сұп-сұр болып шықты сыртқа. Енді құсу үшін емес, қалған-қатқанын құйрықтарынан ағызу үшін шыққан іспетті. «Бізге берген тамақтарың тәтті ме екен?» –деп жуши бастап ақырды да «төңкерісшілері» қостап, «жоғалсын-жоғалсынның» астына алды. Қалпақтыларды қамшылап шықпыртып қуалай жөнелді сонсоң. Жуан жуши азғана жерге бірге қуаласып барып тоқтап қалды да басқа қуушылар бел асырып әкетті. Жушидың ендігі міндеті, белге шығып, қай жерге дейін қуалап соққанын бақылап тұру екен.

Қызыл жең белгі тағынған жігіттерден екі-үшеуі жалбарақтай келіп қол берді маған. Бұлардың бұлай бірлесіп келіп «жалбарақтауының» түбі жағадан алуға саятындығын түйсіне қалғандаймын.

– «Халық үшін қызмет қылайық!» таптық туыс, атыңыз кім болады?– деп сұрады біреуі.

– Бұл кісінің аты Құлжан, – Омар менен бұрынырақ атап қалды. – Қане танысып қойыңыздар! –Олардың да аттарын атап таныстырды да менің «қыр мектептерінің амандығын бақылау үшін» Үрімжіден шыққанымды айтты. – Ал жігіттер, бұл кісі келгелі шай да ішкен жоқ. Әңгімелеріңіз болса, біздің үйге жүріңіздер!

«Тарихтық азап тамағынан» асқазандары азаптанып тұрған жасақтар өз жұмыстарын сылтауратып, үйлеріне жөнелгенде біз де Омардың үйіне беттеп едік. Мені Құлжан деп естігеннен-ақ үдірейе қараған семізше сары мұғалім үнсіз бөлініп үйіне кетті. «Әне!»– деді Омар мырс ете түсіп, «Әнуарға айтып қой» дегендей ымдап, алдыға түсе жөнелді. Мектеп бастығы екеуміз қатарласа аяңдадық.

– Әнуар бауыр, менің шын атымды сіз ғана біліңіз! –Ақияның хатын ұстата қойдым. «Сіз ғана» дегенді баса айттым әдейі. Кейінгі кезде Биғабіл екендігім ашылып қалса, жаңағы Құлжан деп жариялаған Омар дадүйжаң қашқын жасырған болып күймеуі үшін, «ол мені Құлжан деп жаңсақ танып қалыпты» дей салуым қажет болатындығын ескердім.

– Өзім де шырамытып едім!– деп жымиған Әнуар қатты оқып шығып, басын изеп-изеп қалды. – Қолымнан келгенінше көмектесейін. Күлән мен Ыбырайды іздесіп берейін! Бірақ, сіз... қалпағыңыз жоқ екен ғой, бұл жерде оншалық жасырынбасаңыз да боларма екен. Қазір басында миы бар жұртшылық сізден көрі Құлжанға өш! Мына үздіксіз жүргізіліп жатқан төңкеріссымақтарына түгел өш. Тек, әркім өз бастарын аман алып қалуды ғана ойлайтын ақымақтықтарымен ғана өстіп жүр!

– Ие, дәл солай. «Әркім өз бастарын ғана ойлайтын ақымақтық», осы қоғамдағы барлық ақымақтықтардың анасы. Бұдан әлі талай жаңа ақымақтықтар туыла береді ғой. Мені үздіксіз сорлатып келе жатқан әлеуметтік осы ақымақтық, бұл сапарда Құлжан бола тұруыма мәжбүр етті!

Бұл сөзіме қарқылдап күліп жіберген Әнуар күрсініп алып айқындады өз жайларын:

– Біздегі бұл ақымақтық қазірше қастық дәрежесіне көтеріле қойған жоқ. Тек шын сөзден ғана қалдырып тұр. Мәселен:

Осы ауылда маған ең жақын дос – Омар ақсақал өз сырын маған айтпайды да мен оған айтпаймын. «Ашылу–сайрау» науқанынан бергі тағдыр бізді өстіп түгел зымиянға айналдырып барады! –деп күлді.

Мен де өз ойымды айқындап түсіндірдім.

– Жұртшылық арасында Құлжандарға өш адам көбейген екен деп, бүтіндей Биғабіл болып жарияланбауым қажет. Биғабілдің қалпағы жоқ болғанымен қазір сол атының өзі зор қалпақ. «Қашқын қасқыр» етіп шығаратын қалпақ!

– Биғабіл әшкереленсе, мәселесін қайта тексеріп анықтауы мүмкін. Ал, Құлжанды, жалақорлығын естіп ашынып, қаны қарайған әрқандай азамат, тексеріп–тектемей-ақ жасырын жайлай салуы мүмкін.

– Менің өз ойым, әлгіндей бақылаушылар алдында Құлжан болсам, оның кінешкелері менде, оңай құтыламын. Ал, басқа жайды өздеріңіз біліңіздер! Мен Тарым майданында қалпақсыз, уақытша кәсіпке орналасып тұрып, хат-хабары болмай кеткен бала-шағамды тауып қайту үшін ғана қашып шыққанмын. Күлән мен Ыбырайды іздеп жүрген мақсатым да сол. Семьямның қандай жағдайын болса да Күлән білетін.

– Түсіндім!– деді Әнуар, Омар үйінің есігін ашып кіргізді.

Бір шлапшынды жеке өз алдына алдырып алған Омар, құсып болып та үлгерген екен.

– Осындай оңашада сіз де әлгі үш тостаған азабыңызды қайтарып тастаңыз!– деп шлапшынды маған итерді. Мен күліп жібердім.

– Мұндай тамақтың ең «пратолдығын» жеп көнігіп алғанмын. Біздің қожалар бұдан да зорын берген ғой!

– Ойпыр-ау!– деп қалған Омар, «бұдан да зорының» нендей тамақ екендігін Әнуардың көзінше ашық сұрай алмай, қарап қана қойды. Биғабіл екендігін мына досымның көзінше білмей тұра тұрайын деген оймен тартынды. – Бәйбіше олай болса шай жасап жібер, Құлжан жолдас үш тостаған ішкен. Құспаса, асқазанына мәлдек сіңе қоймас, ерітіп жіберетін жұмсақ тамақ болсын!

Қара бұрыш, қалампыр қосқан қою қара шай, сарымай, құртымен келді дастарқанға. Омар мен Әнуар бірге отырып, менен ашық жөн сұрай алмай, бір-біріне қарап қипақтасты.

– Жақында маған Биғабілдан хат келді!– деді мен. Құлжан болып отырып-ақ олардың көкейіндегі әңгімені қысқаша сөйлей бастадым. Биғабілдің Құлжанға хат жазбайтындығын білетіндіктерін де бір-бірінен жасырғандай, өзара көз астымен қарасып қойып қана тыңдасты. Биғабілдің басынан кешкенін, қалпағы қалай алынғандығын, қазір қандай жағдайда тұрғандығын сөйлеп болып, бұл жазған хатында оның сұраған қажетін баяндағанымда ғана тілдері шешілді. Күлән мен Ыбырай жөнін бір–біріне айқындап ұқтырыса келе айтты білетіндерін: Ыбырай тұрған ауыл шалғайырақ болып, көптен бері қарым-қатынас жасай алмапты. Ал, қазір Ыбырайдың ол ауылда да жоқ екендігін білмегендіктерінен көңілсіздендім. Екеуі «ертең бір сенімді адам жіберіп, біліп берелік!» дегенге келісті.

Семіз сары мұғалім шай ішіп бола бергенімізде де кірді. Қызара бөртіп алыпты. Маған қараған қарасы сотқар:

– Құлжан жолдас, сен менің төңкерістік саптасымсың. Және бүгін икупән[114] ішкенбіз. Өткенде көрген азап-машақатымызды еске түсіріп, Биғабілдардан қалған ыза-құсамызды қозғап та алдық...

– Жоқ, жоқ, Азат жолдас, Құлжан жолдастың қазір Биғабілға өштігі жоқ, хат жазысып тұрады екен!–деп Омар бөлді оның сөзін.

– Һы, сол оппортонспен хат жазысып!... біз пролетарият төңкерісшілері ешқашан өз пікірімізді жасырған емеспіз. Егер онымен хат жазысып тұрған болса, бұл кісі де оппортоншы болғаны. Жауға тізе бүккендік!... Олай болса келісе алмайды екенбіз!

Азаттың «келісе алмайды екенбіз» дегеніне қарай, әдейі мен де кердие қарап жауап айттым.

– Жас жолдас, бізге Маужуши, «қателеспейтін адам болмайды» деп үйреткен ғой. Сіз, біз қателескен адамды түзелгендігіне қарамай, мәңгі жау қатарына қоса берсеңіз маңайыңызда дос қалмайтындығын ескеріңіз! – Бұл сөзімде «Құлжан болсам да жақсырақ Құлжан болғым келді. – Биғабілдармен болған күрес дәуірінде партиямыздың ұраны «ауруды емдеп адамды құтқару» болатын. Біз оның ауруын таба алмай, өзін ұрып жықтық. Енді жығылған үстіне жұдырық ұра беру қажет емес қой! Ал, қазір ол да түзелді, қалпағы алынды. Мен де түзелдім. Бұрынғы ұстазымнан кешірім сұрап хат жаздым. Қазір үздіксіз хат жазысып тұрамыз. Қалпағы жоқ адаммен бұлай байланыс жасаудың несі оппортонизм болмақ!

– Құлжан жолдас, мынауың түлкілік!– деп тіке қарады семіз сары. – Қазақ арасына келген соң Биғабілшыл бола қалуың-тоныңды аударып кигенің ғана!... Мұндағы мақсатың да түсінікті!

– Не мақсат бар екен, қане, соны да айтыңызшы!

– Менің қазірше айтатыным, сен Биғабіл бола алмайсың да Биғабіл сен бола алмайды!... Кел онан да арақ ішелік. Икупанның бүгінгі керегі осы ғана! – Азат аталған семіз сары сөздері осылай ғана шегінді де екі бөтелке арақты жанқалталарынан суырып дастарқанға қойды. Бірінің темір қақпағын тісімен қарс еткізіп жұлып алып, лақылдата құйды шай шынысына.

Омар мен Әнуар жалтақтасып, бір-біріне қарай түсті де Әнуар сөйледі.

– Азат жолдас, біз осы төртеуімізде бір халықтың ағартушыларымыз. Қазақтың әдет-әдебімен үлкеніміз үлкенше, кішіміз кішіше, қонағымыз қонақша, ауыл адамымыз ауыл адамынша байланыс жасалық! Бұл жерде ешқайсынымыз да оппортонистік қылмыс өткізіп отырғанымыз жоқ! Тегінде...

– Тарт ары феодалдық әдет-әдебіңді, сен менің бастығым болып, төңкеріс жолымды буа алмайсың, бұл құқықшылығыңды істет пе маған!

– Кімдікі төңкеріс екендігін су тұнығанда көріп алармыз. Бірақ, бұл пікір, саған менің саяси құқықпен емес, педагоктық құқықпен айтып отырғаным. Барлық қастерлі ахлақты феодализмнің зынданына тыға берсең, социализм бақшасына не қалдырмақсың! Сені көрген жас оқушылар не оңбақ!... Әр берден соң осы істеп отырғаныңның өзі үкіметсіздік! Жоғары жақтан мектеп қамымен келіп отырған бастығымызға не қалпақ дайындап отырғаныңызды түсінемісің!

– Ал, қойдым, қойдым!...Бірақ менің жас оқушыларға адамгершіліктен қателеспеуі жолынан басқа жаман әдет жұқпайтындығына сіз де сеніңіз! Нәтижесін ұзаққа қалдырмай-ақ көрсетермін, «үкіметсіздік» дегеніңіз де қаңғыған сөз. Ха–ха–ха–һа.....а... бәрі де қалжың ғой ағай, қойдым! Мына арақты Құлжан жолдаспен, сіздермен қағыстырып ішу үшін әкеліп едім. Қане, төңкерістік ынтымақ–берекеміз үшін алып жіберелік!

– Басқа сөзіңнің ешқайсысына мен де қосыла алмай отыр едім,– деп күлімсірей қабылдады Омар. –«Төңкерістік ынтымақ–берекеміз үшін» дедің ғой, алсақ алып жіберелік! Қазіргі кезеңде осыдан басқа жақсы тілек жоқ. Қане, төңкерістік ынтымақ–берекеміз жасай берсін!...

Басқа үшеуіміз ішіп жібердік. Әнуар ішпей шегініп отырып алып еді, Азат оның тізесін құша жығылды барып. Бастығы онысын тыңдамады. Дәретті сылтауратып аяғын серпе тастап шығып кетті. «Үкіметсіздік дегеннің қаңғыған сөз» емес екендігін Омар қасып-қасып айтып еді, оны тыңдамай Азат қайта шалқыды. Үкіметсіздік деген сөзді «құқық иелерінің» өрбіткенін, сөйтіп «төңкеріске тұсау» болып жүргенін айтып желіге жөнелді. «Құқықтылықтан» қорқып жүрген Омар, «көзімізге түртпесе көрмейтін ауруға шалыққамыз ғой, мен қойдым» деген күлкімен сөзден тоқтап қалып еді. Азат мені айландыра бастады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 322; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.011 сек.