Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

КІРІСПЕ 4 страница. Қазақ тілі сабақтарында сөйлемдерді оқытуда тапсырмаларды түрлендірудің маңызы зор




Қазақ тілі сабақтарында сөйлемдерді оқытуда тапсырмаларды түрлендірудің маңызы зор. Оқушыларға тапсырмаларды әр түрлі пішінде ұйымдастыруға болады. Сызбалар мен кестелер толтырту, логикалық тапсырмалар ұсыну және т.б. Тест білімді бекітуге бағытталады. Сабақты бекіту барысында пән мұғалімі тарапынан әр түрлі тапсырмалар ұсынылады.

Қазақ тілі сабақтарын жүргізуді ұйымдастыру формалары сан алуан. Қазақ тілі сабағы – оқу жұмысын ұйымдастырудың негізгі пішіні. Оқу қызметінің білім беру, тәрбиелеу, дамытуға бағытталған ықпалы болады. Сабақтарға қойылатын талаптар да бар. Дәстүрлі сабақтармен қоса, тіл сабақтарында дәстүрден тыс сабақтар да өтіледі. Қазіргі талаптар бойынша қазақ тілі пәнінен білім беруге қойылатын талаптар зор. Оқыту үдерісін құру логикасы жоғары деңгейде болуы шарт. Дәстүрден тыс сабақтардың ішінде мынадай түрлерін қолдануға болады: дәріс сабақтар, диспут-сабақтар, конференция сабақтар, кино-телесабақтар, икем мен машық қалыптастыру сабақтары жатады. Дәрістік-семинар формалары сабақтарында сирек қолданылады. Дидактикалық мақсаттар бойынша тиісті шығармашылық жұмыстар өткізудің де маңызы зор. Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың әрекеттерін ұйымдастырудың түрлері: жаппай, жеке, ұжымдық, топтық.

Қазіргі оқытудың тәжірибесінде қазақ тілі сабақтарында ойын технологияларын пайдалану кеңінен орын ала бастады. Қазіргі мектептерде ойын әрекеттері оқу үдерісін белсенді әрі қарқынды ету мақсаттарын көздей отырып, келесі жағдайларда қолданылады:

- оқу пәнінің тарауын, бөлімін, тақырыптарын игеру барысында қолданылады;

- сабақты бекіту, жинақтау, тұжырымдау, қорыту сатысында қолданылады;

Ойындар – балаларды оқыту мен тәрбиелеудің ертеден келе жатқан құралы. Басқа да әдістемелік пішіндер мен амалдарға қоса қазақ тілін оқыту барысында нәтижеге қол жеткізетін бірден-бір ұтымды технология. Ойын технологиялары сабақтарда, факультативтерде, үйірмелерде қолданылады, сол сияқты үй тапсырмасы ретінде ұсынуға болады. Ойындар мазмұны, өтілу мақсаты мен ұйымдастырылуы жағынан әр қилы болып келеді.

Ойын технологиясын қолдану мынадай тұлғалық қасиеттерді жетілдіреді:

- оқушылардың шығармашылық қабілеттерінің қалыптасуына ықпал етеді;

- шешімдер қабылдауға себепкер болады;

- пәнге деген танымдық қызығушылықты дамытады;

- оқушыларға белсенділіктерін жетілдіруге күшті ықпал етеді;

- мінез-құлық, болмысын дамытады;

- өзіндік ұстанымды қалыптастыратын шешімдерді іздеу жолдарын ынталандырады.

Дидактикалық ойын – оқушылардың ынта-ықыласын күшейтетін, оқудың қиын процесін жеңілдететеін, дамуды тездетуге көмектесетін, оқу барысында таным қызметін күшейту мен көтермелеудің қуатты қайнар көзі болатын оқыту әдісінің бір түрі. Дидактикалық ойынның негізгі мақсаты баланы қызықтыра отырып, жаңа сабақты немесе өткен материалды берік меңгерту болып табылады. Дидактикалық ойындардың ережесі оқушылардың түсінуіне оңай, қарапайым әрі қысқа болуы шарт. Дидактикалық ойынды сабақта қолданғанда оның мынадай шарттарға сәйкес болуын қатаң ескерту қажет:

- сол ойынның оқушыға беретін білімдік және тәрбиелік мәні болуы;

- баланың жан-жақты дамуына танымдық қызметінің артуына әсер етуі;

- өтіліп отырған материалға қызығушылығын туғызуы;

- ойын сабақтың мақсатын іске асыруды оқушыларға қажетті білік пен дағдыны қылыптастыруға көмектесетіндей болуы тиіс;

- өтілген тілдік материалды салыстыра алуы және қорытынды жасай білуі.

Сабақта қазақ халқының ұлттық ойындары «Көкпар», «Бәйге», «Алтын сақа тәрізді» ойындарын қолдануымызға болады. Мұның бәрі викториналық сұрақтар арқылы жүзеге асады. Мысалы, «Қыз қуу» ойыны. Тақтаға бір қыз бен ұл шығарылып, сұраққа кезек – кезек жауап береді. Әр сұраққа аялдама белгіленіп, белгілі бір мәре қойылады.

Ғылыми жобаларға қатысатын дарынды оқушылармен де жеке жұмыс түрлері қазақ тілі сабақтарында іске асып отырады. Бұл оқушыларға мектеп бағдарламасынан тыс, күрделі тапсырмалар беріледі. Осындай бағытта дайындалған күрделі тапсырмалар ретінің оқушылардың логикасын ұштауда, танымдық қызығушылықтарын арттыруда пайдасы зор.

 

ІІ. МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ДАМЫТА ОҚЫТУДЫҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

 

 

2.1 Дәстүрлі оқыту мен дамыта оқытудың айырмашылықтары

Егеменді еліміздің бүгінгі таңдағы ең басты мақсаты – жан-жақты дамыған, алдыңғы қатарлы елдермен теңесу. Ал оған жетудің басты жолдарының бірі –әлемдік білім кеңістігінен орын алу. Мұның өзі ұлттық білім беру жүйесінің даму бағыттарын айқындап, оны тың арнаға, жаңа сапаға жеткізу қажеттілігін міндеттейді. Сондықтан да білім мазмұнын байыту, оқыту үдерісін жетілдіру, инновациялық технологияларды дүниеге әкелу, жан-жақты дамыған, рухани бай, өз елін, халқын жанымен сүйетін тұлға қалыптастыру өз шешімін қажет ететін, кезек күттірмей, іс жүзіне асыратын мәселе болып отыр.Білім – қазақ халқының болашаққа бару жолындағы үлкен стратегиялық қоры. Білім беру жүйесін заман талабына қарай өзгерту, дамыту, жаңа талаптарға бейімдеу – қоғамдық мәні үлкен мәселе. Қазақстандық білім беру жүйесі тарихының жаңа кезеңі оқытудың жаңа жүйелері мен жаңа технологияларын зерттеуді, тиімділігін анықтап, оқу үдерісіне енгізумен ерекшеленеді.

Жаңа білім беру жүйесі дәстүрлі оқыту үдерісін түбегейлі өзгертуді және оқытудың жаңа технологияларын оқыту үдерісіне тиімділікпен енгізу жолын негіздейді. Бұл жаңа бағыт оқудың нәтижесін алдын ала болжап және сол арқылы оқушылардың өзін-өзі дамытуға қатысуын мүмкін етеді. Жаңа педагогикалық технологиялар жүйесін қалыптастырған еңбектер мен зерттеулерде қазақстандық мектептердің болашағына игі ықпалын тигізер жолдар мен бағыттар да айқын танылады. Оқушыны білім беру үдерісінің нысаны ғана емес, сол үдеріске қатысушы маңызды субъектісі деп санап, оның ана тілінде терең ойлай алуы мен шебер сөйлеуін, сауатты жазу тілін дамытып, оқу барысында алған білімі мен игерген машық-дағдыларын өмірдің қажетті жағдаяттарына сай әрі дұрыс қолдана алатын дәрежеге жеткізу – жаңа педагогикалық технологиялардың негізгі мақсаты.

Инновациялық технологиялардың ішінде өзіндік орны бар технологияның бірі – дамыта оқыту технологиясы болып отыр. Бұл технология қазақстан мектептерінде біртіндеп қолдана басталды. Енді аталған жаңа технологияның дәстүрлі оқыту технологиясынан айырмашылықтарына көз жүгіртсек:

Дамыта оқытудың негіздері таным теориясы мен диалектика ілімінде жатыр. П.П.Блонский дамуға индивидтің абстрактіден нақтыға және керісінше, нақтыдан абстрактіге қарай қозғалыс жасай алуын жатқызса, Д.Н.Богоявленская мен Н.А.Менчинская – оқи алуды, яғни қысқа мерзімде жоғары үлгерімге жетуді, Л.В.Занков ақыл-ой қызметінің төмендегідей көрсеткіштері дамуды нәтижелі етеді деп есептейді: байқампаздық, ойлау және практикалық әрекеттер жасай алу. В.В.Давыдов дамудың негізгі көрсеткіші ретінде тұлғаның жинақтай, қорытындылай алу дағдысын жатқызады [1, 15].

Сонымен тұлға дамуының, сондай-ақ оны өзінің дамытуының негізгі тетігі қарама-қайшылықтарды шешу болып табылады. Өзін-өзі дамыту үдерісі тұлғаның барлық аясын қамтиды және әр ретте жаңа деңгейге көтеріліп отырады. Сөйтіп, оның «өзімінің» жетілуіне әкеледі. Өзін-өзі дамыту – субъект бағытындағы ерекше шығармашылық әрекет деген ғылыми тұжырым жасауға болады.

Л.С.Выготскийдің идеясын ұстана отырып, дамыта оқытудың мәні –оқушылардың теориялық ойлауын дамытуда деп тұжырымдаған Д.Б.Эльконин мен В.В.Давыдов, Л.В.Занков өз зерттеу еңбектерінде негізгі орталық ұғым ретінде – ойлау және сонымен байланысты даму ұғымдарын мәселе етіп қойды.

Ойлау – таным теориясының негізгі философиялық категориясы. Дүниені танудың екі жолы бар. Оның бірі - затты дерексіздендіру арқылы немесе абстрактылы ұғым арқылы ойлау болса, екіншісі – ұқсату, елестету, сезім арқылы ойлау. Дамыта оқыту бұл екеуін бірлікте қарай отырып, оқушылардың теориялық білімі мен ойлау қабілеттерін арттыру арқылы дүниені танудың ғылыми-теориялық және логикалық әдістерімен қаруландыруды көздейді.

Ғылымда танылатын нысанның алдымен сыртқы белгілері жете анықталады. Мұны танымның нақты (эмпирикалық) кезеңі деп атаймыз.

Адам қарастырып отырған нәрсесінен сезімдік-нақтылық белгілерді мол етіп анықтап алған соң, сол сыртқа бар қылып тұрған ішкі бір ортақ заңдылықтарды іздеуге кірісетіні белгілі. Сол ішкі заңдылықтарды анықтау барысы абстракцияға үйрену кезеңі болып табылады. Дәстүрлі оқыту жүйесінде оқушыларға білім беру осы логикамен аяқталатыны белгілі.

Дамыта оқыту – дәстүрлі оқытуға соңғы уақыттарға дейін балама жүйе деп қарастырылады. Оның нәтижесінде әр оқушы өзін-өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, соған оқыту барысында лайықты жағдайлар жасау үлкен нәтиже берді.

Дәстүрлі оқыту әдістемесі негізінде метафизикалық (сандық, мазмұндық) әдіснама, ал дамыта оқыту технологиясының негізінде диалектикалық (интенсивті, сапалық, мәнділік) әдіснама жатыр деп айтуға болады. Дәстүрлі оқыту балада білім, білік, дағды алуға қажетті ақыл, сана бар деп есептеп, сол ақылға дайын білімді құю керек деген көзқарасқа, ал дамыта оқыту бала бойындағы табиғи қабілеттерді, ойлауды, жаңа белестерге көтеруді мақсат тұтатын принциптерге негізделген. Дәстүрлі оқыту жаттауға, есте сақтауға, ал дамыта оқыту дербес жұмыс істеуге, алған білімді пайдалана білуге үйретеді.

Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – ойлау әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып оның білім алуға деген ынта-ықыласы артады, білім алуға әрекеттенеді. Сабақ мұндай жағдайда 3 құрамдас бөліктерден тұратын болады.

ДОТ-қа негізделген сабақ:

1. Оқу мақсаттарының қойылуы

2. Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру

3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу

Бұл – үшеуі дамыта оқытудың Д.Б.Эльконин – В.В.Давыдов жасаған жүйесінің негізгі компоненттері [2, 37].

Бөбек тілді өзі өмір сүре бастаған ортадан үйренеді, ал олардың мектепте оқуына байланысты сол табиғи процесс онан әрі жалғаса түседі. Сондықтан мектептегі тіл үйрету жұмыстары да үйдегі басталған табиғи процестің заңдылықтарына негізделіп жүргізіледі. Ең алдымен тілдің өз табиғатынан жеті заңдылық шығады.

Бірінші заңдылық. Тілді ұғыну барысында адам фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарды меңгереді.Балалар ана тілінің фонологиялық мағынасын, әдеби тілдің орфоэпиялық мөлшерін мектепке дейін-ақ меңгере бастайды. Егер бала үйренбеген болса, мектептегі жүргізілетін жұмыстар да қиындай түседі (мысалы, оқу дағдысын қалыптастыру т. с. с.).

Оқушылар сөздің лексикалық мағынасын да мектепке дейін меңгереді. Олар мектепке оқуға түскеннен кейін мұғалім балалардың лексикалық қорын кеңейту, қолданылатын сөздердің мағынасын анықтай түсу сияқты жұмыстарды жүйелі түрде жүргізеді.Ана тілінің грамматикалық мағынасымен де балалар мектепке дейін танысады. Мектептің міндеті оқушыларға ана тілінің сан алуан грамматикалық қатынастары мен көріністерін үйретіп, тіл байлықтарын арттыра түсу.Грамматикалық мағынаны ұғыну үшін бала жан-жақты, кең ойлай алатындай болу керек. Сондықтан грамматикалық мағынаны ұғыну барысында олар шындықтағы заттар мен құбылыстардьщ арасындағы қаты-настарды түсінеді, ойлауға үйренеді. Міне, осыдан тіл мен ойлаудың тығыз байланысы келіп шығады.Сөйтіп, тілді ұғыну — ана тілінің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық фактілермен оқушылардың тіл байлығын арттыру. Мұғалім бұл міндетті әдістемелік құралдарды дұрыс іріктей алғанда ғана ойдағыдай іске асыра алады. Әдістемелік қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:

оқушыларда орфоэпиялық дағды қалыптастыру;

грамматиканы оқыту барысында логикаға үйрету;

қазақ тілі сабақтарын басқа пәндермен байланыстырып, балалардың лексикалық қорын байыту және оларды сөйлеуге үйрету.

Осы ережеге сай, бастауыш мектептерде бағдарламалар жасалады, дидактикалық материалдар іріктеледі және оқыту әдістері белгіленеді.

Екінші заңдылық. Тілді ұғыну үшін орасан сезімталдық керек. Зерттеушілер мұндай қасиеттің балада тіпті сәби кезден болатындығын айтып жүр.

Грамматиканы үйрету осы «тілдік сезімталдыққа» сүйеніп, іске асырылады.

Бұл қағида төмендегідей әдістемелік ережелерді сақтауды талап етеді:

балалардың бұрыннан білетін сөздерін тәртіпке келтіру (мұнда грамматика басты орын алады);

оқушылар өздеріне белгісіз грамматикалық көріністерді бұрыннан таныс көріністермен салыстыра алатындай дидактикалық материал іріктеледі;

тілдік фактілерді жинақтауға негізделген әдістерді кеңінен пайдалану.

Үшінші заңдылық. Фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналармен қатар сөйлеу мәнері, сезімге бөлене сөйлеуді меңгереді.

Мұндағы әдістемелік қағида: сөйлеу мәнеріне назар аудару.

Бұл қағиданы іске асыруда мына сияқты ережелер сақталады:

тілдің фонологиялық, грамматикалық және лексикалық мағыналарын үйрену барысында сезімге бөлене сөйлеу мәнерінің жолдарын түсіндіріп отыру;

ана тілі мен қазақ тілі сабақтарын міндетті түрде байланыстырып отыру;

тілдерін талдағанда көркем мәтіндердің сезімге әсер ететін бөліктерін таңдап алу.

Төртінші заңдылық. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеуді таңбалау жүйесіне аудару ретінде (дыбысты таңбаға көшіру) ұғынылады.

«Жазбаша сөйлеу бала үшін сөйлеуді меңгерудің жалпы екінші кезеңі болып табылады — дейді профессор Н. С. Рождественский. Ауызекі сөйлеудің өзі шындықтағы заттар мен қатынастардың таңбалары болып табылады. Жазбаша сөйлеу ауызекі сөйлеудің дыбыстары мен сөздерін шартты түрде белгілейтін таңбалардан тұрады».

Сауат ашу кезеңінде баланы жазуға үйретудің бастапқы шағында әуелі оған таныс емес әріптің бұрыннан таныс, естіп жүрген дыбысы айтылады. Мұнда тағы бір маңызды мәселе — ауызекі сөйлеудің жазбаша сөйлеумен салыстырылып тұруы. Мысалы, тыныс белгілерін қоюда дауыс ырғағының рөлі.

Сонымен, ана тілін оқытуда жазбаша сөйлеудің ауызшамен салыстырылуы мынадай әдістемелік қағидаға негізделеді.

Бұл қағида төмендегі ережелерді сақтағанда іске асады:

1) ауызекі сөздегі дыбыстар мен жазғандағы әріптерді салыстырып отыру; 2) дауыс ырғағы мен тыныс белгісін салыстырып отыру; 3) ауызша және жазбаша жаттығуларды ұштастыру.

Бесінші заңдылық. Фонетикалық, грамматикалық және лексикалық мағыналардың барлығы «тіл материясын», яғни тіл таңбаларын — дыбыс, морфема, сөз, дауыс ырғағы және тиісті жазбаша таңбалар (әріп, тыныс белгісі) — ұғыну барысында меңгеріледі.

Тілді оқушы мазмұны және формасы, яғни логикалық, грамматикалық ерекшеліктері тілдің көмегімен анықталады.

Ендеше тілді оқушы, практикалық жағынан белгілі бір тілді фактілерді тану құралы ретінде де пайдаланады.

Мұндай заңдылықтан тілді оқыту қағидасы келіп шығады.

Бұл қағиданы іске асыру ережесі мынадай:

1) көрнекілікті пайдалану (кесте, сызба, түрлі суреттер, теледидар, кино және т.б.)

2) есту құралдарын пайдалану (мәтіндер оқып беру, магнитофон, радио, теледидар, кино т. б.);

3) оқу құралдары, көркем мәтіндер, ғылыми-көпшілікке арналған мәтіндер, газеттер, журналдар;

4) ана тілін үйрену үшін оқушылардың басқа пәндерді оқу барысындағы сөйлеу практикасы (мұғалімнің, жолдастарының сөзі, оларды аңғарту үшін талдау) пайдаланылады.

Тіл материясына көңіл аудару қағидасы мұғалімге нақты жол көрсетеді. Оқушы әуелі көру не есту арқылы қабылдайды, ал оның мәнін сонан соң ғана аңғарады.

Алтыншы заңдылық. Тілге үйрену органдарының (өкпе, тамақ, тіл, беттің бұлшық еттері), жазатын қолдың жаттығулары, қимыл-қозғалыстарының тәртіптелуі, дағдының қалыптасуы арқылы ғана іске асады.Мұғалімнің айтқанын естіп немесе жолдастарының жұмысына қарап қана тіл үйренуге болмайды. Әрбір оқушы өзі оқып, жазып, айтып, түрлі сөздер мен сөз тіркестерін, сөйлемдер кұрастырып, сөйлемдерді сан салаға өзгертіп, өзі әрекет еткенде ғана нәтижеге жетеді.

Бұл заңдылықтан сөйлеу органдары мен жазатын қолды жаттықтыру қағидасы келіп шығады.

Жетінші заңдылық. Тілге жүйелі түрде сатылап үйрету. Тіл лексика және грамматикалық формалар арқылы дамиды, екінші жағынан тіл неғұрлым бай болса, тілдік фактілер де соғұрлым тез ұғынылады.

Сондықтан оқушыларға алдыңғы үйренгендерін ұмытып қалмайтындай етіп тілдік материалдарды бірте-бірте көбейтіңкіреп беріп, сөйлегенде қолданылып отыруына жағдай жасалады.

Мұнда қайталаудың алатын орны ерекше және бала есінде саналы түрде, түсініп сақтауы үшін ойлау операцияларын қолдану керек: салыстыру, талдау, жинақтау, дерексіз ұғым, жалпылау, нақтылау және индуктивтік, дедуктивтік ой қорытындыларын жасай алатындай болуға тиіс.

Тілге жүйелі түрде, бірте-бірте үдетіле үйрету заңдылығынан мынадай әдістемелік қағида шығады:

1) ұштастыра оқыту;

2) қайталау;

3) өз бетімен жұмыс істеуді күшейте түсу.

Бұл қағидаларды іске асыру үшін:

1) бағдарламаны тиянақты құру;

2) жоспарлы түрде қайталап отыру;

3) жаттығу жұмыстары;

4) оқушыларды ойлау мен сөйлеуге үйретудің тиімді әдіс-тәсілдері іріктеу сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.

Сөйтіп, ана тілін меңгерудің заңдылықтары оны мектепте оқытудың негізі болып табылады; ал әдістемелік қағидалар осы заңдылықтардан туындайды, мұндай қағидаларға негізделген әдістеме, сөз жоқ, оқушыларға ана тілін үйрету жұмыстарын жүйелі жүргізуге көмектеседі.

Бағдарлама балаларға нені оқыту керектігін көрсетеді, бағдарлама бойынша оқулықтар жасалады.Ал бұл материалдар оқушыларға қалай үйретіледі? Белгілі бір пәнді үйрету барысында оқушылардың әрекетін ұйымдастыруды оқытудың әдісі дейміз. Оқыту әдістерінің қайсысы болмасын, оқушы мен мұғалімнің ара қатынасын білдіреді. Бұл олардың бірлесіп әрекет ету тәсілдері болып табылады.

Оқыту әдістерінің дидактикалық жүйесі оқыту жолдарының жалпы заңдылықтарын көрсетеді.

Оқыту әдістерін зерттеуші ғалымдар, жалпы алғанда, былайша топтайды:

1) балалардын оқу-таным әрекетін ұйымдастыру және оны іске асыру әдістері;

2) оқу-таным әрекетіне түрткі (мотивация) жасау, әсер ету әдістері;

3) оқу-таным әрекеттерінің тиімділігін тексеру әдістері.

Бұлардың әрқайсысына бірнеше жекелеген әдіс енеді. Мысалы, І топқа сөздік, көрнекілік және практикалық әдістер (олар қабылдау мен есте сақтауға негізделеді); индуктивтік, дедуктивтік әдістер (логикалық ойлауға негізделеді), өздегінен орындау, мұғалімнің басшылығымен орындау әдістері (қиялға, ерікке негізделеді). Ал II топқа балалардың қызығу мүддесін туғызу, зейінін жинақтау және оқуда борыш, жауапкершілік туғызу әдістері; III топқа ауызша тексеру, жазуша тексеру, лабораториялық-практикалық тексеру және өзін-өзі тексеру әдістері енеді.

Қазақ тілін оқыту барысында бұл әдістердің қайсысының, қай кезде тиімді екенін мұғалімнің өзі айқындап алып, іріктеп қолданады.

Оқушылар оқыған материалдарының мазмұнын дұрыс қабылдап ондағы негізгі ойды жақсы ұғыну үшін, оқу сабақтарында алуан түрлі жұмыстар ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстар оқылатын материалдардыц сипатына, оқушылардың жасына, дайындықтарына, білімі мен дағдылану дәрежесіне байланысты іріктеледі, Оқушылар мәтінді дұрыс қабылдау үшін негізінен мынадай жұмыстар жүргізіледі:

Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау.

Мәтінге байланысты сөздік жұмысын жүргізу.

Шығарманы оқу.

Әңгіменің жоспарын жасау.

Оқыған шығарманың мазмұнын айту.

Шығарманың мазмұны бойынша жүргізілетін шығармашылық жұмыстар.

Мәтінді қабылдауға оқушыларды психологиялық дайындау.

Көркем шығарма жазушының сөзі арқылы жасаған көркем бейнесі, картинасы арқылы қабылданады. Шығарманы оқыған кезде оқушыда елес (адамдардың портреті, табиғат картинасы т. б.) туады. Бұл оқушының сезімін де қозғайды. Балалар қояннан қорыққан қасқыр туралы оқығанда күледі. Бомба түсіп: «— Ей, тілсіз жануарлар. Мені, де, сені де балапанынан айырған американдық қарақшылар...» деген сөздерді оқығанда, көздеріне жас келеді. Осы ішкі көрініс айқындала түсу үшін, оқушының санасында осы бейне анық жасалу үшін шығарманы оқымас бұрын оқушылармен алдын ала дайындық жұмысы жүргізіледі. Бұл көбіне әңгіме түрінде үйьмдастырылады. Дайындық әңгіме оқығалы тұрған шығармадағы оқиғаға ұқсас, балалардың өз өмірінде болған оқиғаларды еске түсіру сияқты тәсілдермен өткізіледі.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-07-13; Просмотров: 1269; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.092 сек.