Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Ж. Аймауытов




 

Шынында да, тіл – адам қоғамының туындыларының ішіндегі асылдардың асылы, қымбаттың қымбаты, адамды адам еткен ұлы күштердің бірі. Ол қоғам тарихының барлық дәуірінде де оның күресі мен дамуының құралы, рухани өмірінің, бүкіл мәдениетінің тұтқасы болып келеді. Қоғамдық ой-сана, дүниетаным тіл арқылы ғана қалыптасып, жарыққа шығады, басқаларға беріледі.

Тіл – адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та, тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған.

Адамдар өздерінің өмірлік серігі, бүкіл тіршіліктің құралы, рухани өмірінің айнасы – тіліне, оның тағдырына бейтарап қарамаған, оны қызғыштай қорып мәпелеген. Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен, тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу шеберлігін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіре беру талабынан басталып отырған.

Байырғы замандардан пайда болған алғашқы грамматикалық топшылауларды «өнертабысы», «грамматикалық өнер» деп атау, грамматиканы сөйлеу, жазу өнерін үйрететін ілім деп анықтау, тілді шебер қолдануға, шешендікке үйрететін «риторика», «стилистика» деп аталатын ғылымдардың пайда болуы айтылғандарды дәлелдесе керек.

Тіл тазалығына, сөйлеу шеберлігіне қазақ халқы ерекше мән берген. Ғылым-білім дегендерден алыс жүрген замандардың өзінде де тіл өнерін - өнердің өнері, «Өнер алды – қызыл тіл» деп бағалаған. Асылы, жақсы сөзді жанына азық ете білген, атқан оққа тоқталмаса да жүйелі сөзге бас иген, орнын тапқан екі ауыз сөзді ер құнымен теңестірген бір халық болса, ол қазақ халқы болар. Тіл ұстартқан халқымыз тіл өнерін мәпелеп отырып, сол қадірлісінің қадірін түсіретін, оған жауапсыз қарайтын, сөз мәнісін білмейтін көз жұмбайлыққа да жирене қарап, солардың атына да ащы, өткір сын айтқан. Мәселен: Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық; Аузына келгенді сөйлеу - ақымақтың ісі, алдына келгенін жеу - айуанның ісі, Өсекшінің тілі қышып тұрады; Іріген ауыздан - шіріген сөз шығады; Жақсы сөйлесе - аузынан гүл төгіледі, Жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі – деген мақалдар осындайларға айтылса керек. Сондықтан да «бауыздамай қан шығаратын», «мірдің оғындай өткір» ащы мысқылдарды тіл бұзушыларға, сөз жүйесін білмейтін бәтуәсіз адамдарға айта білген.

Халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан осындай жақсы дәстүрі бұл күндері қайтадан жалғасын тауып (егеменді ел болғаннан кейін), ғылыми негізде дамып келеді.

Жаңадан «тіл мәдениеті», «сөйлеу мәдениеті» деген күрделі ұғым-түсініктер пайда болды, кейін оның арнасы кеңейіп, өзіндік бір мақсаты бар жеке ғылымға айналды. «Сөз мәдениеті» дегеніміз – мағыналық өрісі кең дүние. Тіл жеке сөздерден тұрса да, оның әрбір сөзінде тура, ауыспалы, қосымша мағынасы болады (омоним, синоним, метафора). Мысалы: Ақындар «сөз» деп поэзияны ұғынса, ұлы Абай «... сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, «сөз» деген ұғымды жаңа сападағы поэзияға байланысты қолданады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, жүректен шығатын әрбір ойды бейнелі де көркем, қысқа да нұсқа бір негізі - поэзияда екендігін нақты мысалдармен айқындап береді. «Сөз» деп жеке адамның ой-пікірін де, сонымен қатар идеясын да айтады.

Мысалы: «Ол артында сөз қалдырды» (соңында өшпес мұра қалдырды), «сөзі өтімді» дегенде - «айтқан пікірі қонымды, нақты, иненің көзінен де өте алады» дегенді, «Ол маған сөз айтты» дегенде - «мені жақсы көретіндігін, сүйетіндігін білдірді» деп айтылғанын түсінеміз.

Сөзге байланысты мынадай да тіркестер бар: «отты сөз», «жылы сөз», «жүйелі сөз», «орынсыз сөз», «жаман сөз», т.б. Бұлардың қайсысы болсын, сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесін қандай мақсатпен қозғалысқа түсетіндігінен хабар береді десек, артық айтқандық емес.

Қысқасы, санай берсек, сөздің беретін ұғымы өте кең. Сондықтан «сөз мәдениеті» дегенді - «сөйлеу мәдениеті», «тіл мәдениеті» деп те айта береміз. Сөз тілдің қолданыстағы көрінісі болса, «тіл мәдениеті» – тілдің жеке элементтерін, тұлға-тәсілдерін, оның тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз мәдениеті» тілдің фонетиканың нормаларын бұлжытпай сақтау ғана емес, айтайын деген ойымызды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі ұғымды дәл жеткізу жайын қамтиды.

Халқымыздың қазіргі мәдени-рухани жағдайын, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді байытуға байланысты баспасөз бетінде неше түрлі мәселелер көтеріліп жатады. Сондай мәселелердің бірі – халқымыздың мәдени өмірінің тұтқасы болып келе жатқан мол мұрасы, ел байлығы – тілін байытқан үстіне байыта, толықтыра, көркейте түсу. Ішкі мүмкіншіліктерімізді аша білгенде ғана мәдениетіміздің өркен жаяры сөзсіз. Сонда «тіл мәдениеті» туралы ішкі ойымызды тағы да жинақтауға болады. «Тіл мәдениеті» дегеніміз – сөздерді дұрыс қолданудың емле мен белгілері ережелерін сақтап, сауатты жазу, оның ғасырлар бойы сұрыпталып келген, сөз зергерлері оюлап берген көркемдігі мен әсем өрнегін орнымен қолдану сияқты амал-әрекеттерді қамтиды. Тіл мәдениеті - тілдік нормаларының, тіл тәсілдерінің жетіп, ширап даму дәрежесі. Тіл мәдениеті негізінен сөзді орынды қолдану деген ұғымды білдіреді. Сөйлеу коммуникативтік қызмет атқарумен қатар, адамның ішкі өмірінің рухани байлығын жарыққа шығарып, жан сарайын танытады.

Сөз адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, байыптылығын, ақыл-парасатын көрсетеді. Сондықтан да сөйлеу мәдениетіне қай уақытта болса да ерекше мән берген, қай халық болса да қатты бағалаған. Сөйлеу мәдениеті сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесінің тазалығына да, сөз өнеріне де қатысты. Сөзге шешен адам мәдениетті әрі шебер сөйлейді. Мәдениетті, ой-өрісі жоғары, өмірге сенімді, адал адамдардың сөйлеу тілі де жоғары болуға тиісті. Себебі, тіл - адамның ішкі жан дүниесінің айнасы.

 

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. «Тіл мәдениеті» курсы нені зерттейді, оның алдына қоятын басты мақсаты қандай?

2. Тілді қадірлейтін халқымыз тіл құдіретіне байланысты қандай қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер қолданған? Мұндай қанатты сөздердің ішкі сырына үңіліп көріңдер, оның тәрбиелік мәні, мағынасын қалай түсінесіңдер? Оны өз сөздеріңмен, өз ойларыңмен дәлелдеп көріңдер.

3. «Тіл мәдениеті», «сөз мәдениеті» деген тіркестердің арасында қандай табиғи байланыс бар, оны басқаша атау мүмкін бе?

4. Тіл мәдениеті дегеніміз не, оны қалай түсіндірер едіңдер? Тіл мәдениеті өз алдына қандай талаптар, міндеттер қояды?

5. Тіл мәдениеті мен мәдениетті, ой-өрісі жоғары, парасатты адамдарды бір-бірінен бөліп алып қарауға бола ма? Болса оны қалай түсіндірер едіңдер, оған өз орталарыңнан мысалдар келтіріп дәлелдеңдер.

1-тапсырма: Төмендегі тақырыптар бойынша ой толғай отырып, мазмұнды түрде шағын шығарма не мақала жазыңдар.

1.О, қасиетті туған жер!

2.Ана тілім – айбыным!

3.Ұлттық бренд.

2-тапсырма: Мына ұлағатты сөздерді өз ойларыңмен, өз стильдеріңмен жазып жалғастырып көріңдер, әдеби шығармалардан, баспасөз беттеріндегі материалдардан үзінділер ойлап байланыстырыңдар.

а) Басқа ұлттың баласына бауырмал бол, ол сенің досың әрі көршің, қонағың. Қиналғанда қол ұшын бер, бірақ өзің сұраншақ болма. Көп ұлтты әлеумет ортасында өмір сүре біл.

б) Құдайға құлшылық еткен пенденің көңілін кірлетпе. Өз сенімі бар адамды сыйла, ешнәрсеге сенбейтін, ешкімді сыйламайтын кісіден қорық.

в) Ұлым, ата-анаңа мейірімді, халқыңа қайырымды бол. Қарындасқа «сен» деп сызданбай, «сіз» деп ілтипат көрсет. «Сіз» деп сөйлеу – кішіліктің емес, кісіліктің белгісі.

Ауызша сөйлеу мәдениеті мен дыбыс тілінің тікелей байланыстылығы

 

Ауызша сөйлеу мәдениеті сөйлеген кезде орфоэпия қағидаларын сақтап мәнерлеп сөйлеумен тығыз байланысты, яғни, сөздер қалай дыбысталса, сөйлеген кезде де әрбір сөздің дұрыс айтылуына мән беруіміз керек. Өйткені қазақ тілі – өз табиғатында үнді, әуезді тіл. Көркем тілмен сөйлеу, не мәтінді мәнерлеп, сөздің нақышына келтіріп айту – ауыз әдебиеті асыл қазыналарынан, айтыс өнерінен келе жатқан табиғи заңдылық. Сондықтан ауызша сөйлеу кезінде тілдің өзіндік заңдылықтарын сақтаумен қатар, сөйлеудің техникасын жетік біліп, қорымыздың да мол болғаны қажет.

Белгілі бір мәтінге грамматикалық талдау жасау, тәрбиелік мәні жоғары үзінділердің әдеби сырын ашып, басқа біреулерге үлгі-өнеге ету үшін де тілдік заңдылықты қатаң сақтаудың үлкен пайдасы бар.

Ойды жеткізер тілдің мәнері, нақышы жеткіліксіз болса, ойшыл ақынымыз Абай айтқандай: «көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда сәні кететінінің» бірі болмақ.

Ауызекі тілде бір сөзді қайталай бермей, оған мағыналас, мәндес синоним сөздерді қолдану да, ойды әсерлі, түсінікті жеткізудің айғағы.

Қашан да сөзді қарапайым қолдана отырып, тартымды да көркем айта білген ғұламалардың шешендігін, сөйлеу мәнеріндегі қатаң сақталған әуезділікті өзімізге өнеге тұтуымыз керек.

Академик, жазушы М. Әуезов өз сөзінде және жазылған мақалаларында халық даналығы болып есептелетін мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестерді, қанатты сөздерді қолданудың шебер үлгілерін ұсынғаны баршамызға белгілі. Ол қажет жерінде мифтік шығармалардан бастап, өз дәуірінің озық жазушыларынан, халықтың сөйлеу тілінен, керек десе, дүние жүзінің әдебиетіндегі озық үлгілерді алып, ойын дәл, әрі әсерлі жеткізуге дағдыланғандықтан, көркем сөздің атасы болып есептелінеді. Сол сияқты бұл бағыттағы Ғ. Мүсіреповтің, Ғ. Мұстафиннің, С. Мұқановтың шығармаларын атауға болады.

Сөйлеу мәдениетін арттыруда, әрбір сөздің мағынасын дұрыс түсініп, орынды жеткізе білуде сөздіктерді, нормативтік сипаттағы анықтағыштарды, орфоэпиялық, синонимдер, омонимдер, фразеологиялық сөздіктерді, тілді грамматикалық жағынан дұрыс көрсететін сөздіктерді пайдаланудың маңызы зор.

Ауызекі сөйлеу тілінің өзіндік ерекшелігі мынада: бірін-бірі бетпе-бет көріп отырған екі не одан да көп адамдардың өзара пікір алысу, түсінісу құралы.

Бірін-бірі түсіну үшін сөйлеуші адамдардың дауыс ырғақтары, сөз құралындағы әрбір дыбыстың орфоэпиялық нормаға сай естілуі қажет.

Мысалы: қонбады - қомбады, басшы - башшы, көкөніс - көгеніс, көзсіз - көссүз, өзенге - өзөңгө, айдын көл - айдың гөл, ай қабақ - ай ғабақ, тас бауыр - тас пауүр, жас бала - жас пала т. б.

Сөздерді жазылуынша айту, әсіресе, жастардың тілінде үйреншікті машыққа айналып бара жатқанын аңғару қиын емес. Мұны тіліміздің табиғи дамуының нәтижесі деп қарауға болмайды. Бұл – күнделікті өмір сүріп жүрген ортаның тілге мән бермеуінен және мектептегі оқытуда жіберіліп жатқан кемшіліктер.

Соның салдарынан, адам баласының бір-біріне деген қарым-қатынасы, түсініспеушілігі басталады, бір-бірінің ойын, ішкі жан-дүниесін түсінбейді немесе әр сөзін селқос, енжарлықпен тыңдап, босаңдық танытады.

Сөйлеу тілінде адам баласының бір-бірімен түсінісуі сөз арқылы ғана емес, сонымен қатар, бұған кісінің бет-аузы, қас-қабағы, қол-қимылы қатысып отырады. Яғни, өз сезімін, өз ойын бірнеше нұсқада, бірнеше әдіс-тәсілдерді қолдана отырып жеткізуге тиісті.

Оның үстіне сөйлеуші дауыс ырғағын құбылта сөйлеп, әр сөзіне жан бітіреді, көріктендіре сөйлейді, әсерін, мақамын келтіреді. Бұл жерде әрбір сөйлеуші радио, теледидар, лекторлар мен шешендердің, айтыс ақындарының сөз мәнеріне, сөз саптауына мән беріп, сол негізде сөйлей білуге тырысқаны абзал. Абай атамыз «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, әр нәрсені, жағымды нәрсені үлгі тұта білу керек.

Кейде ауызекі сөйлеу стилінде сөйлем мүшелерін қысқартып айту, сөйлемді аяқтамай бітіру, сөйлем мүшелерінің орын тәртібін өзгертіп айту, сөзді талғамай қолдану жиі кездеседі. Бұл кезде сөз немесе сөйлем ажарсыз, әсерсіз болмас үшін әр сөзді дұрыс қолданып, өз орнымен келтіріп отырса, сөйлем түсініксіз болмайды. Ол үшін синоним, омоним сөздерді талғампаздықпен қолдана білуіміз керек. Оның үстіне, көбінесе, дәстүрге айналып кеткен кейбір сөздер жиі кездеседі, көбірек айтылады.

Мысалы: «Жұрт, халайық, халық» деген синоним сөздердің ішінен «халайық» сөзі, «барлық, күллі, баршасы, барлығы» дегендерден «барлығы», «бет, жүз, рең, әлпет» дегендерден «бет әлпеті» өте көбірек қолданылады.

Ауызекі стилін жандандыру үшін жазба әдебиеттегі сияқты әрбір синонимдерді басқа да көркемдік тәсілдерді талғампаздықпен қолданса, ой дәл, анық, әсерлі жеткізіледі.

Мысалы: Қайғы, уайым, қасірет, шер т.б. синонимдердің орнын былайша алмастырып қолданса: «Солардың жетуін келтіріп, жазғытұрғы аласапыранға ұрындырсақ, қолда барды тауысып, құралақан отырсақ, Қарағанды қара қайғының астында қалады, мейрамдау түгілі кейде жақын адамның да көңіліне қаяу салады. Оңашада үйде аналы-балалы екі адам іштегі қайғы-шерін жаспен жібітті» (Ғ. Мүсірепов).

Әрине, ауызекі тіл жазба тілдегідей құрылымды, стилистикалық заңдылықты қатаң сақтай бермейді.

Десек те, тіл байлығын, халқымыздың сөз асылдарын тиімді, өз орнымен пайдалана білсек, ана тіліміз де жұтаңдамай, көркейе түседі.

Айтайын деген ойыңды бейнелі де әсерлі жеткізудің бір жолы - эпитет пен теңеуді пайдалану, сөзді бейнелі қолдану, сөйлеу тілінің стиліне мән беру, айрықша эмоциялық рең беру.

Тақырыптың мазмұнына қарай шешен сөзінің ішкі тебіренісі мен толқынысын, көзқарасын көбіне дауыстың ырғағы, күші, ым-ишара, қимыл-қозғалыс арқылы да жеткізіп отырады. Оның үстіне ауызекі тілдегі жеке сөздің айтылу интонациясы да оның қандай мәнде, қандай мақсатпен айтылып тұрғанын дәл көрсетіп тұрады.

Қорыта келгенде, сөйлеген сөздерді дұрыс айта білу, әсіресе, сөз ішінде, сөз аралықтарында, сөз тіркестерінде орфоэпиялық негізгі заңдылықтарын сақтап, әуезді де мәнерлі сөйлей білу. Мысалы: протеза - сөз алдынан дауысты дыбысты қосып айту: лашын - ылашын, рақат - ырақат, радио - ырадио, рақым - ырақым; элизия - қатар келген қос дауыстының бірін түсіріп айту: ала алмады - алалмады, жақсы өнер – жақсөнер т.б. Оған қоса дауыс ырғағын, интонацияны дұрыс белгілеп, сонымен бірге, әр түрлі бет қимылы мен дене қозғалысы, ым-ишара сәйкес келіп бірін-бірі толықтыру арқылы тыңдаушыны қызықтыра түсу - шешен адамдардан бастап, жеке адамдардың өзіне қойылатын талап-тілектердің бірі.

Ауызекі сөйлеу тілінің өзіне тән мынадай стильдік ерекшеліктері бар:

1) сөйлеу тілі қарапайым қарым-қатынас жасау кезінде айтылады (бір- бірін жақсы танитын, жақын адамдардың арасында);

2) көбіне-көп алдын-ала дайындықсыз өтеді (көзбе-көз сұрақ қою, оған жауап беру, спонтандық – сыртқы әсерден емес, ішкі себептерден пайда болу);

3) сөздердің, сөйлемдердің қалыптасқан қалпы өзгеріске түседі;

4) қаратпа, одағай, қыстырма сөздер жиі қолданылады;

5) дауыс ырғағы, интонация, бет-әлпет, қол қимылдары қосымша қызмет атқарады.

Ауызша сөйлеу дәстүрін жандандырып, шешендікке үйрету - тіл мәдениетінің ең басты міндеті.

 

Сұрақтар мен тапсырмалар:

1. Ауызша сөйлеу мәдениеті дегенді қалай түсінесіңдер, оның жазба тілден қандай айырмашылыгы бар?

2. Ауызша сөйлеу мәдениетіне дыбыс тілінің қандай қатынасы бар, оны қалай түсіндірер едіңдер? Орфоэпиялық дағдының ауызекі тілге әсері қандай, мысалдармен дәлелдеңдер.

3. Тіл мәдениетін қалыпқа келтіру үшін қандай жагдайлар керек, оны әдеби нормага қалай жеткіземіз? Әдеби тіл дегеніміз не?

4. Ақпарат құралдары: радио, теледидар тілдерінің дыбыстық ерекшелігі, ортага бейімделуі, көпшілік қауымды өздеріне тарта білетін қасиеттері неге байланысты? Оны қандай ғылыммен тікелей байланыстыруга болады?

5. Әдеби тіл нормасы бай болса да оның сезімге, ой-санага әсер етпеуін қалай түсінеміз? Дауыс ырғағы, интонация, мимика, дикция сияқты ұгымдардың, ерекшеліктердің ауызша сөйлеу мәдениетіне қатысы бар ма, мысалдармен дәлелдеңдер.

6. Ритмикалық топ деген не, ауызша сөйлеу мәдениетіне оның әсері туралы айт, шешендік сөздерден, поэзиялық шыгармалардан мысалдар келтіріп айтып көріңдер. Сөз бен сөз аралыгында кездесетін «элизия», «протеза», «редукция» құбылысына әдеби шыгармалардан мысалдар келтір, мәнеріне, дыбыстың ерекшелігіне көңіл бөл.

1-тапсырма: Түсіндірме сөздіктен сөйлеу тіліне тән ерекшеліктері бар 20 сөз алып, түсіндіріп көріңіздер. Ол сөздерді сөйлем құрау арқылы айтып орфоэпиялың нормаға сай қолдана біліңдер.

2-тапсырма: Төмендегі мәтіннен ауызекі тілге тән сөздерді көрсетіп, мағынасын түсіндіріңдер. Оны дыбыстық тілмен, сахналық тілмен айтып көріңдер.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-01-20; Просмотров: 2176; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.065 сек.