Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Слайдтар кестелер




Бақылау сурақтары:

  1. Аралас орманның негізгі топырақ типтері қандай?
  2. Топырақ құралу процесінің ерекшеліктерін ата.
  3. Балшықтану процесі қалай өтеді?
  4. Ауылшаруашылығында пайдалану ерекшеліктерін атап өт.

Әдебиеттер:

  1. Почвоведение (под ред. И.С. Кауричева) – М., 1987 г.
  2. Жалпы топырақтану (Т. Тазабеков және авторлар бірлестігі) – Алматы, 1998 ж.
  3. Топырақтар геогрофиясы (Т. Тазабеков және авторлар бірлестігі) – Алматы 2000 ж.
  4. Топырақтану. Т. Тазабеков, С. Калдыбаев, Е. Тазабекова. Алматы, 2004 ж.
  5. Геогрофия почв. Г.В. Добровольский, И.С. Урусевская. М., 2004 г.

Дәріс 5

Орманды дала мен далалы аймақтың қара топырағы.

Топырақ түзілу жағдайы. Қара топырақтарды жіктеу, құрамы қасиеті. Шалғынды – қара топырақ. Ауыл шаруашылығында игерілуі.

Дәріс мақсаты: Аймақтың табиғи – топыраққұралу жағдайлары сипатталып, топырақ жаралу процесінің ерекшеліктері, жіктеліу, құрамы, қасиеті туралы толық мағлумат беріледі. Қара топыраққұралу процесінің ерекшелігі туралы айтылады.

Түйінді сөздер: Табиғи топыраққұралу, генезис, гумус гуминдер, гумин қышқылы, фульвоқышқылдар жіктеу, диагностика, қара топыраққұралу процесі.

Сұрақтар:

  1. Топыраққұралу жағдайлары.
  2. Қара топырақ тегі мен жіктелуі.
  3. Ормандық даланың қара топырағы.
  4. Даланың қара топырағы.
  5. Қара топырақты ауыл шаруашылығында пайдалану.

Қара және шабындық қара топырақтары мен ала кебiрлi кешендерi 191 млн га жердi немесе ТМД аумағының 8,6 процентiн алып жатыр. Қара топырақ Молдова мен Байкалдан арғы аралықтағы орманды дала және дала аймақтар-ында тараған. Таралу алаптары Молдова, Украина, Солтүстiк Кавказ, Едiл бойы, Батыс Сiбiр мен Солтүстiк Қазақстан.

Аймақ климаты негiзiнен жазы жылы және қысы суық /шығысында ызғарлы/ болып келедi. Батыс-шығыс бағытта жылу мен жауын-шашын мөлшерi азайып, климат ызғарлылығы артады. Орманды дала клима­ты, дала аймағына қарағанда, жұмсақтау және ызғарлылығы шамалы. Мұнда шiлде мен ақпан айларының орташа температурасы батыстан шығысқа қарай сәйкес iшiнде 24оС-дан 20оС-ға және -4оС-дан 27оС-ға дейiн төмендейдi. Температурасы 10оС-дан жоғарғы күндер саны орманды-даланың батысында 150-180, шығысында 90-120-ға дейiн азаятын болса, дала аймағында сәйкес 140-180 және 97-140 күнге тең. 10оС-дан жоғары жылдық тиiмдi температура қосындысы сол бағытта орманды далада 2400-3000о-тан 1400-1600о-қа, ал далада 2300 -3500о-тан 1500-2300о-қа дейiн төмендейдi.

Атмосфералық түсiм мөлшерi 500-600 мм-ден /Кавказ алды/ 300-350 мм-ге дейiн /Батыс Сiбiр мен Солтүстiк Қазақстанда/ және солтүстiктен оңтүстiкке қарай кемидi. Жауын-шашынның едәуiр мөлшерi /30-40-еуропалық, 50 проц. азиялық бөлегiнде/ жаз айларында түседi. Орманды-дала аймағының солтүстiк жағында жауын-шашын мен булану мөлшерiнiң арасалмағы бiрге жақындайды, оңтүстiгiнде ол =0,77, дала аймағында одан да төмен /0,50-0,66/.

Бедерi тұрғысынан Еуропа бөлегi әр тереңдiктегi және қашықтықтағы өзен аңғарларымен бөлшектенген тегiстiктер немесе сәл толқынды жазықтықтарға жатады. Су айрықтарында түрлi ойпаңдар кездеседi. Тек Волын-Подол мен Орталық орыс тегiстiктерi, Днепр маңы мен Едiл қыраттары, Донецк адырлар қырқасы, Жалпы Сырт жыралы сайлармен жиi бөлшектенген. Аймақтың Азия бөлегi-сәл бөлшектенген тегiстiк Батыс Сiбiр ойпатымен жалғасады, оның көтерiңкi оңтүстiк бөлегi Орталық Қазақстан қыратының солтүстiгiмен шекаралас жатыр. Одан әрi шығысқа қарай дала жазықтығы Алтай тауының етегiн, Минусин казан шұңқырын және Шығыс Саян етегiндегi төбелi жазықтықтарды қамтиды. Байкалдан әрi шығыста үздiк-үздiк тектоникалык депрессиялар кездеседi.

Негiзгi топыраққұраушы жыныстарға лөс пен лөс тұрпатты құм-балшықтар жатады. Ока-Дон ойпаты, Кавказ етегi мен Едiл маңында, Қазақстанның кей жерiнде және Батыс Сiбiрде балшықты жыныстар кездеседi. Едiл маңы мен Оңтүстiк Оралда және Қазақстанда топыраққұраушы сынық тасты элювийлiк жыныстар да бар. Бұл аймақтарда топыраққұрайтын жыныстар көбiнесе карбонатты келедi. Батыс Сiбiр мен Солтүстiк Қазақстанда, шамалы Орталық орыс даласында тұзды жыныстар тараған.

Бұрын орманды дала аймағында орман ағаштары шабынды дала шөптесiндерiмен қатар өсетiн. Қазiр шұбар орманды алаптар тек өзен аралықтары мен сайларда және төменгi өзен террасаларында ғана сақталған: Еуропа бөлегiнде көбiнесе емен, Батыс Сiбiр ойпатыңда қайың, құмды террасаларда қарағай өседi. Шабындық да­ланың өсiмдiк жамылғысы ақселеу, бетеге, сұлы, арпабас, шалфей, сары жоңышқа және т.б. тұрлерден тұрады.

Олар түрлi шөптi-ақселеулi және бетегелi-ақселеулi топтар құрады. Бiрiншi топ ұсақ жапырақты шым түзетiн астық тұқымдас түрлерден /бетеге, ақселеу, сұлы т.б./ тұрады, олармен аралас шалфей, беде және т.б. түрлер өседi. Екiншi топ түрлерi онша биiк және құрамы көп емес. Негiзгi түрлерi қысқа сабақты ақселеу, көде, бетеге, еркек шөп, қияқ, өлең шөп. Оларға эфемерлер мен эфемероидтар /түптi мартұк, коңырбас, қызғалдақ және жусан қосылады. Қазiргi кезде қара топырақты алаптар түгел жыртылғандықтан, табиғи өсiмдiктер тек кейбiр жарамсыз учаскелерде /қыраттар, сайлар, тiк беткейлер/ және қорықтарда ғана сақталған.

Қара топырақ тегi-жаралуы /генезис/ туралы үш болжамды көзқарас /гипотеза/ айтылған олар: теңiздiк, батпақтық және құрылық-өсiмдiк.

Зерттеушiлер теңiздiк болжамды гипотеза бойынша қара топырақты теңiз орнында қалған лайы деп санаған /Паллас, 1799; Пецольд 1851/. Мурчисон болса /1842/ оны юра дәуiрiнiң мұз сулары шайып кетуiнен қалған балшықты қара тақта тастар азығы деп есептеген. Бұл болжамдардың қазiр тек тарихи маңызы бар. Батпақтық болжамды жақтайтыңдар дала аймағы бұрын аса батпақтанған тундра болған деп жорамалдаған. Бiрақ кейiн климаттың жылынуына және ыза деңгейiнiң төмендеуiне байланысты, лай батпақ орнында тундра өсiмдiгi ығыстырылып /Эйхвальд, 1850/, жергiлiктi дала өсiмдiктерi дамуы арқасында /Борисяк, 1852/ қара топырақ қалыптасқан. Құрылық-өсiмдiк /растительно-наземное/ пiкiр бойынша қара топырақ пайда болуын шабынды-далалық және далалық шөптесiндермен байланыстырады. Осы пiкiрге Ф.Рупрехт "Қара топырақ туралы геоботаникалық зерттеулер" /1866/ атты еңбегiнде бiрiншi негiздеме берген, яғни қара топырақ құрамын шөптесiндер қалдықтарының ыдырауынан жаңа күрделi органикалық зат-қарашiрiндi түзiлуiмен түсiндiредi. Аталған пiкiрдi В.Докучаев "Орыс қара топырағы" /1883/ атты еңбегiнде толық дамытып қалыптастырған, яғни қара топырақтың топыраққұраушы жыныста қарашiрiндi шоғырлануынан пайда болға-нын дәлелдеп көрсеткен. Сондайақ шөптесiндер дамуына, қалдықтарының ыдырауы жылдамдығы мен бағытына және қара топырақ құрамына дала климатының ықпалы ерекше екенiн айтқан.

П.Костычев өзiнiң 1886 ж. басылған "Ресейдiң қара топырақты облыстары" кiтабында қара топырақ құрамында гумус түзiлу шөптесiн өсiмдiк тамырлары қатысуымен өтетiнiн дәлелдеген.

Қазiргi кезде далалық шөптесiн өсiмдiктер қатысуымен өтетiн биологиялық заттар айналымы туралы жиналған деректер-қара топырақ құралу үрдiсiн жан-жақты және терең түсiндiруге жағдай туғызып отыр.

Гумустену үрдiсiнiнiң жетекшi рөлi арқасында қара топырақ кескiнiнде құнды түйiртпектi, қалың қарашiрiндiлi жиек дамып, онда гумус пен қоректiк злементтер қоры жиналған.

Қара топырақты дала аймағында табиғи шөптесiн өсiмдiктер астыңда жылына едәуiр /100-200 ц/га/ органикалық қалдықтар түседi. Ол жалпы биомассаның 40-60 процентiне тең және қалдықтардың сондай мөлшерi өсiмдiк тамырларына келедi. Шөптесiн өсiмдiк қалдықтарының кұлдiлiгi басқа аймақ өсiмдiктерiне қарағанда, жоғары: шабынды далада 7-8, iрi жапырақты орман қалдығында-1,6-7,5 проц. аралығында болса, бүрiлi орман қалдықтарында тек 0,7-1,7 процент. Дала өсiмдiктерi күлдiк элементтермен қоса азотқа да бай. Егер бүрiлi орманда, жыл сайын өсiмдiк қалдықтарымен топыраққа түсетiн күлдiк элементтер және азот мөлшерi 40-300 кг/га, құрғақ далада -200-300 кг болса, қара топырақты далада олардың саны 600- 1400 кг жетедi.

Сондықтан қара топырақ құралуындағы биологиялық заттар айналымының негiзгi ерекшелiгi-өсiмдiк қалдықтарымен жыл сайын топыраққа азот пен күлдiк элементтердiң мол түсуi. Далалық өсiмдiктер қалдықтары ақуыз азоты мен негiздерге бай болғандықтан, олар даланың қолайлы ылғал-жылу, оттегi жеткiлiктi жағдайында және жыныстың сiлтiлi ортасында ыдырап, гумустену үрдiсiмен тартылады.

Аталған жағдайлардың бiрлескен әсерiнен далалық шөптесiндер астыңда қара топырақ қалыптасады. Гумустену үрдiсiне ең қолайлы жағдай жылу және ылғал жеткiлiктi көктем мен ерте жаз айларында туады. Құрғақ жаз айларында микробиологиялық үрдiстер тежелiп, гумустiк заттар минералданудан сақталып қалады, бiрақ топырақ кескiнiнде жалғаса беретiн үдемелi конден­сация мен тотығу реакциялары қарашiрiндi құрамын күрделендiре түседi.

Кұзде микробиологиялық үрдiстер қайта жанданып, жылу жетiспегендiктен тез сөнедi. Қыста топырақ тоңазуынан гумустiк заттар құрамы өзгерiске денатурацияға шалдығады.

Шөптесiн өсiмдiк қалдықтары кальцийге бай болғандықтан топырақта үздiксiз биотектi кальций түзiледi де, екi карбонатты Са/НСО3/2 түрiнде кескiн бойы жылжып отырады, соның салдарынан иллювилiк карбонат жиегi қалыптасады. Сондықтан гумустену үрдiсi кальций тұздарына қанған ортада жүрiп, гумустiк заттар топырақта кальциймен бекiнiп қалады.

Сонымен дала аймағында ерекше жылу-ылғал құбылымы мен шөптесiн өсiмдiктер астында қарқынды биологиялық заттар айналымы қалыптасады. Олар сiлтiлi қосындылар мен өсiмдiк қалдықтарының ыдырауына да қолайлы болғандықтан, қара топырақта жоғары конденсацияланған күрделi гумустiк заттар-гумин қышқылының тузiлуiне себептеседi. Гумин қышқылы түзiлiсiмен топырақтағы кальций арқылы бекiнiп-шөгiп калады. Соның арқасында топырақ кескiнiнiң жоғарғы жағында қалың /35-150 см/, қарашiрiндiге бай /250-700 т/м/га/, қою қарасұр түстi қарашiрiндiлiк немесе гумус шоғырланатын гумустi-акумулятивтiк жиек /горизонт/ қалыптасады. Ол екi дара-жоғарғы көп гумусты А және төменгi, ағын гумустiк жиекке дейiнгi, өтпелi В1 жиекшелерге бөлiнген. В1-ге өту қоңыр рең пайда болуынан басталады да, төменгi жағында оның түсiнде осы рең басым болады. Гумустiк жиектен /А+В1/ төмен дара гумус ағыны бар В2 жиекше жатады. Одан төмен карбонатты немесе шайылымды иллювилi-карбонатты Вк жиегi жатады, ол бiртiндеп аналық жынысқа /С-ға/ ауысады. Тың қара топырақ үстiнде қураған өсiмдiк қалдықтары шоғырланған, оны дала жөкесi деп /Аж/ атайды. Ал игерiлген топырақ кескiнi үстiңгi жағында дара жыртылатын /Аж/ қабат қалыптасады.

Қара топырақтың гумустiлiгiнен кейiнгi негiзгi белгiсi-қарашiрiндiлi жиектiң дән-уақ кесектi, суға төзiмдi, түйiртпектiлiгi. Сондай-ақ қара топырақ өсiмдiкке қажет қоректiк элементтердiң едәуiр қорымен, қолайлы су-ауа және физикалық-химиялық қасиеттерiмен, яғни жоғары табиғи құнарлылығымен сыпатталады.

Қара топырақтың органикалық заттарына тән мына сапалық ерекшелiктерi бар-гуминдiк қарашiрiндi, оның күрделiлiгi, жоғары дәрежелi тотыққандығы мен хошиiстiлiгi, басым бөлегiнiң каль­ций гуматы түрiнде топырақта бекiп қалуы, еркiн фульвоқышқылдардың болмауы; бiрақ соңғылардың құрылысы күлгiн топырақтарға қарағанда кұрделi түзiлген.

Қара топырақтағы гумин қышқылдары, өсiмдiк қалдықтары құрамындағы негiздер және ерiтiндiдегi кальциймен жылдам бейтараптанатындықтан, топырақтың минералды бөлегiнiң ыдырауына онша әсер етпейдi. Тек күлгiнденген және сiлтiсiзденген қара топырақ тектерiнде минералдардың сәл гидролизi байқалады. Сондықтан қара топырақтың органикалық азықтары мен минералдық бөлегiнiң өзара әрекеттесуi нәтижесiнде ерекше тұрақты органикалық-минералдық кешен құралады. Оның құрамында гумус шоғырлануымен қатар өсiмдiкке қажеттi қоректiк элементтер де /N, Р, Са, К, т.б./ мол жиналады.

Қара топырақ жаралуындағы тағы бiр ерекшелiк-кескiн бойында карбонат тұздарының маусымды қозғалысы /динамикасы/. Жоғарыда сыпатталған қара топырақ құралуындағы жалпы ерекшелiктер аймақаралық өсiмдiк-климаттық жағдайларға сай өзiндiк айырмашылығымен айқындалған.

Қара топырақ құралуына ең қолайлы жағдай-орманды дала аймағының оңтүстiгi, мұнда ең қолайлы ылғал-жылу тәртiпте шоғырланған өсiмдiк қалдықтары ыдырауынан нағыз қара топырақ қалыптасады.

Оңтүстiкке қарай топыраққа түсетiн өсiмдiк қалдықтарының мөлшерi азайып, құрамындағы күлдiк элементтер мен азот саны кемидi, топырақтағы өсiмдiк тамырларының таралу тереңдiгi де жұқарады. Содан барып гумустену үрдiсiнiң қарқыны бәсеңдейдi. Орманды дала аймағының солтүстiгiнде климаттың ылғалдылығы жоғарылауына байланысты, өсiмдiк қалдықтарынан ыдырап шыққан негiздер топырақ кескiнiнен /күлгiнденген және сiлтiсiзденген қа­ра топырақтарда/ шайыла, қышқылдау органикалық заттар түзiле бастайды. Оларды бейтараптауға топырақ минералдарының ыдыраған бiраз бөлегi ғана қатысады, қалғандарының әсерiнен топырақ бiршама күлгiнденедi. Сонымен аталған сiлтiсiздену мен күлгiндену құбылыстар топырақ қасиеттерi мен белгiлерiне /қарашiрiндi жиегiнiң қалыңдығы, гумус мөлшерi, карбонатты жиек әлпетi, ылғалдану тереңдiгi, су және жылу құбылымы/, яғни фациялык ерекшелiктерiне елеулi әсер етедi.

Қара топырақтар жiктеуiн бiрiншi рет В.Докучаев ұсынды. Оны дара тип ретiнде қарап, топографиялық /таратылу/ жағдайына байланысты, ғалым суаралық, беткейлiк және террасалық қара топырақтарды айырған; құрамындағы гумус мөлшерiне қарай /4-7; 7-10; 10-13 және 13-16 проц./ төрт топқа жатқызған. Н.Сибирцев /1901/ қара топырақ типiн солтүстiк, күңгiрт, кәдiмгi және оңтүстiк типшелерге бөлген. Кейiн С.Коржинскийше солтүстiк қара топырақ типшесiн деградацияланған денеге жатқызып, оның iшiнде дара екi-күлгiнденген және сiлтiсiзденген типшелердi айырған.

Қазiргi жiктеу /классификация/ бойынша қара топырақ типi арасында мына типшелер айырылады.

Қара топырақ жiктеулерi

 

СолтҰстiк типшелер Тектер Типшелер Тектер
Күлгiнденген Қалыпты жиектерi, сәл диференциалды /оқшауланған/, карбонатсыз Нағыз     Кәдiмгi Карбонатты, кебiрленген     Кермектелген терең саздау
Сiлтiсiзденген Терең таситын, карбонатсыз Оңтұстiк Тұтасқан, толық қалыптаспаған

 

Орманды дала аймағында солтүстiк күлгiнденген, сiлтiсiзденген және нағыз қара топырақтар бөлiнедi. Олардың алабы 603 млн га.

Күлгiнденген қара топырақтың сыртқы айырмашылық белгiсiне гумус жиегiнде күлгiндену үрдiсiнiнiң қалдық iзi-ақшыл жер-кремнийлi сеппе жатады. Күлгiнденген типшеде А жиегi сұр, сирек күңгiрт сұр түстi. В жиегi ашықтау келедi. Ақшыл сеппе көбейген жағдайда қара топырақ ақшылдау-күлгiн тұс алады, сондай-ақ В1 жиекше түйiртпектерiнiң бетiнде ақшыл опа сеппесi болады. Тым күлгiнденген түрiнде ондай сеппе А жиегiнде де кездеседi.

Карбонат тұздары гумус горизонтынан едәуiр терең /көбiнесе 1,3-1,5 м/ жатады. Бұл күлгiнденген қара топырақ кескiнiнiң карбонаттардан сiлтiсiзденгенiн /шайылғанын/ көрсетедi. Сондай-ақ күрең немесе қызыл-күрең гумус ағындарынан жалтыраған, қырларында ақшылдау сеппесi бар, жаңғақ немесе призма түрлi түйiртпектерден тұратын, иллювилi /шайылымды/ горизонт айқындалған. Кескiн тереңденген сайын бұл белгiлер бәсеңсiп, келесi, төмендеу жатқан, карбонатты-түйiрлер бетiнде түтiк-түрлi әк жарандылары бар, тау жылысына /С/ ауысады.

Сiлтiсiзденген қара топырақтың күлгiнденген типшесiнен айырмашылығы-гумус горизонтында жер-кремнийлi сеппенiң болмауында.

А горизонты борпылдақ, түсi күңгiрт-сұр немесе қара, құрылымы айқын дәндi немесе дән-кесектi түйiртпектi. Қалыңдығы 30-35 см-ден 40-50 см-ге дейiн ауытқиды. В1 жиегiнiң төменгi шекарасы 70-80 см тереңдiкте, кейде одан да төмен орналасуы мүмкiн. Бұл типшенiң тағы бiр морфологиялық ерекшелiктерi В1-жиекшенiң астында карбонаттардан сiлтiсiзденген В2 жиекше жатады. Оған айқын күрең тұс, гумус ағындары көп және онымен жағылған жаңғақ призма түрлi түйiртпектер тән. Келесi ВС немесе С жиегiне өту мұк жiпшелерi сияқты карбонат тұздары шоғырымен айқындалған. Тым сiлтiсiзденген қара топырақ құрылық бедерi ойлы жерлерiнде немесе жайпақ беткейлердiң төменгi бөлегi мен етегiнде және ойпаңдарда дамыған. Сондай-ақ механикалық құрамы жеңiлденген сайын сiлтiсiздену құбылысы кҰшейе түседi, сондықтан топырақтың сiлтiсiздену дәрежесi топырақ су құбылымымен тығыз байланысты екендiгiн ескерген жөн.

Орманды даланың нағыз қара топырақтары қалыпты жағдайда қалың гумус кескiндi /80 см/ және карбонатты жiпше немесе түтiк түрлi болады. Карбонаттық жаңажарандылар негiзiнен 66-70 см тереңдiктен басталады. А жиек түсiне қарай АВ1 және АВ2 жиекшелерге бөлiнедi. АВ1-дiң түсi күңгiрт-сұр, төменгi жағы сәл күреңдеу, ал В1-дiң түсi айқын күрең. Бiрiншiнiң төменгi жағында, көбiнесе В1-де карбонаттар ұнтағы кездеседi. В2 /ВС/ жиегi мен жыныста карбонаттар әк жiпше және түтiкшелер түрiнде кездеседi.

Дала аймағында кәдiмгi және оңтүстiк қара топырақ типшелерiн айырады. Олардың алабы кебiрлiк ала кешенмен 99 млн га жердi алып жатыр.

Кәдiмгi қара топырақтың А жиегi қалың /30-40 см/, күңгiрт-сұр немесе қара түстi, айқын дәндi немесе кесек-дәндi түйiртпектерден тұрады. Ол бiртiндеп келесi күрең реңдi күңгiрт-сұр кесектi немесе кесек-призма түрлi В1 жиекшеге ауысады. Жалпы гумус жиегiнiң /АВ1/ қалыңдығы=65-80 см.

В1 астында гумус ағыны бар В2 жиекше орналасқан, ол көбiнесе карбонатты иллювилiк жиекпен ұштасқан немесе оған дереу ауысады. Карбонаттар “ақкөз” түрiнде айқындалған. Бұл белгi-кәдiмгi қара топырақтың жоғарыда сыпатталған типшелерiнен айырмашылығы.

Оңтүстiк қара топырақ дала аймағының оңтүстiк бөлегiн қамтып, күңгiрт-қара қоңыр топырақтармен шектеседi. Гумустық жиек қалыңдығы - 25-40 см, оның түсi күңгiрт-сұр немесе коңыр-күрең, кесектi келедi. Одан төмен айқын қоңыр-күрең түстi, ке­сек-призма түрлi, түйiртпектiлi В1 жиекше жатады. Жалпы гумустық жиек /А+В1/ қалыңдығы 45-60 см жетедi. Иллювилiк жиекте /Вк/ карбонат "ақкөздерi" айқын көрiнедi. Тұз қышқылынан тасу тереңдiгi В1-дiң төменгi бөлегiнде немесе гумустық жиектiң шекарасында жатады. Төменгi 1,5-2 м, кейде одан терең жыныста, ұсақ кристаллды ғаныш, кейде көтерiңкi мөлшерде жеңiл еритiн тұздар кездеседi. Қара топыраққұралу үрдiсi нәтижесiнде топырақтың механикалық құрамында кескiн бойы айтарлықтай өзгерiс болмайды. Тек күлгiнденген, кейде сiлтiсiзденген, тектер кескiнi төменгi жағында тозаңды түйiрлер мөлшерiнiң аздап көбейгенi байқалады. Керiсiнше кебiрленген және кермектелген тектер кескiнiнiң жоғарғы бөлегiнде тозаң мөлшерi артқаны байқалады. Минералогиялық құрамында бiрiншiлiк минералдар басым, екiншiлiк /жоғары дисперстi/ минералдар монтморилонит пен сулыслюда тобынан тұрады. Тозаң тобына солармен қатар кристаллданған бiр жарым тотықты минералдар /гетит, гибсит/, аморфты заттар мен аз мөлшерде жоғары дисперстi /тым майда/ кварц кiредi.

Кара топырақтың химиялық құрамына мына негiзгi ерекшелiктер тән: кескiнiнiң жоғарғы жағында гумус пен қоректiк заттардың / N, Р, K, микроэлементтер/ биотектi жиналғаны, кескiн бойы минералды бөлшектiң жалпы құрамы салыстырмалы тұрақты болуы /11-кесте/ және одан карбонаттардың иллювилi /шайылымды/ типтi таралуы және одан жеңiл еритiн тұздардың шайылғандығы. Топырақ кескiнiндегi қарашiрiндi таралуын алсақ, оның мөлшерi жоғарғы жиекте көтерiңкi де, кескiн тереңдеген сайын бiртiндеп кеми бередi. Гумус түзiлудегi бұл ерекшелiк шөптесiн өсiмдiк тамырларының тарауымен тығыз байланысты екенiн көрсетедi. Қара топырақ қарашiрiндiсi құрамында гумин қышқылдары /гқ/ басым /Сгқфқ=1,5-2/. Олардың өзегiнде /ядро/ жоғары дәрежелi конденсацияланған /күрделенген/ және кальциймен байланған топ басым; күлгiн топыраққа қарағанда, фульвоқышқылдар тобы күрделi келедi де оның еркiн-"белсендi" фракциясы мүлдем болмайды. Сондықтан қарашiрiндi суда шамалы еридi /1/200-1/250 бөлегi/.

Гумустiң мөлшерi топыраққұралу жағдайлары мен аналық жыныстар құрамына байланысты өзгередi: ең көп қор орташа балшықты және ауыр құмбалшықты, қалыпты, сiлтiсiзденген және кәдiмгi қара топырақ типшелерiне келедi. Топырақтағы азот үлесi /0,2-0,5 проц./ гумус мөлшерiне сәйкес өзгередi.

Кремний қышқылы мен бiр жарым тотықты қосындылардың таралу жалпы мөлшерi кескiн бойы бiркелкi, яғни топырақта минералдар бұзылуының жоқ екенiн көрсетедi. Тек күлгiнденген және сәл сiлтiсiзденген қара топырақтар кескiнi жоғарғы бөлегiнде бiржарым тотықтылар азайғанымен кремний қышқылының өскенi байқалады; бұл құбылыстар топыраққұралу үрдiсiнiң ерекшелiктерiне /күлгiндену, кебiрлену немесе кермектенуге/ байланысты. Карбонаттардың иллювилi /шайынды түрлi/ таралуы топырақ кескiнiнде су-жылулық құбылымдар ерекшелiктерiне, топырақ ауасы мен ерiтiндiсi арасында жүретiн көмiр қышқыл газы динамикасына /жылжуына/ байланысты.

Қара топырақты аймақ ТМД-ның негiзгi егiншiлiк ауданы. Мұнда бидай тұқымдас және техникалық дақылдар өсiрiледi /күздiк және жаздық бидай, жүгерi, қант қызылшасы, кенеп, т.б./; сондай-ақ мал мен жемiс шаруашылығы кең дамыған. Қара топырақтарға ТМД-да жыртылатын жердiң 50,2, шабындықтың 15,5, жайылымның 5,0 және ормандар мен бұталардың 0,6 процентi келедi. Егiншiлiктiң негiзгi мақсаты-қара топырақтың жоғары қорлы құнарлылығын тиiмдi пайдалану және қарашiрiндi жиегiн бұзбай сақтау. Ол үшiн топырақты лайықты тәсiлмен өңдеу, тыңайту, ондағы ылғал қорын толтыру мен оның шығынын азайту, ауыл шаруашылық дақылдары жоғары өнiмдi сорттарын егу және топырақты эрозиядан сақтау.

Әр типше iшiнде қара топырақты агрономиялық бағалау төмендегi тектiк өзгешелiктерге негiзделген: гумус горизонтының қалыңдығы және қарашiрiндiнiң жалпы қоры /т/га/, механикалық құрам, бҰзылу /эрозиялану/ дәрежесi, топыраққұраушы жыныстар құрамы мен калыңдығы, сондай-ақ топырақтың мәденилену деңгейi. Гумустiк жиек қалыңдап, ондағы қарашiрiндi қоры артқан сайын, қара топырақтағы қоректiк элементтер саны да көбейе түседi. Гумустiк жиегi қалың қара топырақтарда су құбылымыда лайықты болады. Сондықтан да ауыл шаруашылық дақылдар өнiмi мен қарашiрiндi жиегiнiң қалыңдығы және ондағы қарашiрiндi қоры арасында тiкелей корреляциялық /үйлесiмдi/ арақатынас бар екенi мәлiм. Сондай-ақ топырақтың қоректiк және су құбылымдары қалыптасуына механикалық құрамының әсерi де тiкелей. Себебi, топырақтың гумустенуi мен түйiртпектену дәрежелерi оның механикалық құрамына тәуелдi. Жоғары гумустенген және суға берiк түйiртпектi қара топырақ жеңiл балшықты және ауыр қүмбалшықты келедi, ал бұл көрсеткiштердiң төменгi деңгейi құмайтты қара топырақтарға тән.

Үстiртiн эрозия қара топырақтың жоғарғы ең құнарлы қабатын шайып кетiп, оның ауа-су, қоректiк және микробиологиялық құбылымдарын, физикалық-химиялық және физикалық-механикалық қасиеттерiн нашарлатады, сайып келгенде топырақ құнарлылығын кұрт төмендетедi.

Тұтасқан карбонатты және кебiрленген кәдiмгi, сондай-ақ оңтүстiк қара топырақтардың агрономиялық қасиеттерi төмен. Олардың карбонатты тегi эрозияға жеңiл ұшырайды және берiлген фосфор тыңайтқыштары құрамындағы Р2О5 химиялық жолмен сiңiрiлiп кетедi. Соларға қарсы шаралар қолдану керек. Топырақтың /әсiресе кәдiмгi және оңтүстiк типшелерде/ тиiмдi құнарлылық деңгейiн көтеру мақсатымен ылғал жинау және оны дұрыс пайдалану қажет екенiн айту керек. Осы тұрғыдан агротехникалық шараларды /екпе сүрi, сүдiгердi ерте терең сыдыра жырту, топырақты дер кезiнде тырмалау, беткейлердi көлденең өңдеу, ерiген сулар топыраққа жақсы сiңу үшiн егiстiктi саңылаулау және бороздалау, егiн суару/, әсiресе көктемдегi егiстiк жұмыстарын қысқа уақытта өтеу, сол арқылы топырақта лайықты ылғал құбылымын қамтамасыз ету керек. Егiстiкте қар тоқтатудыңда маңызы зор.

Эрозияланған жеңiл қара топырақты күзде аудармай сыдыра жырту /плоскорезбен/, өсiмдiк сабақтарын /егiс аңызын/ топырақ үстiнде сақтап қалу, қарды үрленуден сақтап қалу /Алтай, Батыс-Сiбiр, Солтүстiк Қазақстан, т.б./ келесi жылғы өнiм кепiлi.

Орманды дала қара топырағының қорлы /потенциялық/ құнарлылығы жоғары және дымқылдану жағдайы қолайлы болған жағдайда тыңайтқыш енгiзу-нәтижелi iс. Азот тыңайтқыштарының оң әсерi балшықты, ауыр құмбалшықты түршелерiнен жеңiл құмбалшықты және құмайттарға қарай артады. Сондықтан азот қорегiнен барлық, әсiресе ерте себiлген, ауыл шаруашылық дақылдары өнiмi жоғарылайды.

Карбонатты және кебiрленген қара топырақтар жылжымалы фосфорға тапшы, сондықтан оларға фосфор тыңайтқышын берудiң маңызы ерекше. Барлық, әсiресе жеңiл механикалық құрамды қара топырақтарда көң оң әсер етедi. Оны көбiнесе бидай, жүгерi, қант қызылшасы және картоп егiсi астына бередi.

Қара топырақты аймақта /әсiресе орманды-дала, Солтүстiк Қазақстан, Кубань, Башқұртыстан жеңiл топырақтарында/ ықшам кли­мат пен топырақтың су құбылымын жақсарту үшiн егiн корғаушы орман жолақтарын отырғызу және топырақты эрозиядан қорғау шараларының маңызы зор.

Батыс Сiбiр мен Солтүстiк Қазақстанда кең тараған кебiрленген қара топырақты жақсартуда ылғал жию шараларымен қатар олардың тығыз кебiрлi қабатын қопсыту қажет. Себебi-топырақтың кебiрлену күйi артқан сайын оның агрономиялық қасиеттерi нашарлайды; мысалы, орташа кебiрленген тектiң сапасы канағат болса, аса кебiрленгенде ол төмендейдi. Кебiрленген қара топырақ құнарлылығын көтеру мақсатымен ауыл шаруашылық дақылдары астына 1 гектарға 3-4 центр ғаныш бередi. Кей өңiрлерде /Батыс Сiбiр, Солтүстiк Қазақстан, Алтай алды/ қара топырақ жамылғысы ала-құла келедi, қара топырақтар алабы құрамында кебiрлер мен кермектiлер кең тараған. Соңғыларды мелиорациялау /жақсарту/ жалпы қара топырақты алапты пайдаланудағы шаралар кешенiне кiредi.

Орманды дала мен дала аймақтары iшiнде құнарлылығы жоғары, ылғалдылығы тұрақты, топыраққа шабынды типше жатады. Сондықтан оның құнарлылығы аймақтық топырақтардан жоғары. Бiрақ, ол ойпаң жерде қалыптасатын және онда ұзақ уақыт су iркiлiп тұратындықтан, көктемгi егiстiк жұмыстар кеш басталады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2014-11-06; Просмотров: 959; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.051 сек.