Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 1 страница. Бұл кезең ХVІІІ ғасырдан бергі уақытты қамтиды




 

Бұл кезең ХVІІІ ғасырдан бергі уақытты қамтиды. Әлбетте, фольклор – өмірдің ағымы сияқты тез өзгере беретін құбылыс емес. Дегенмен, халық тұрмысымен, оның санасымен тікелей байланысты болған соң ол да әр кезде өзгеріске ұшырап отырады. Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен үш ғасырдай жүргізген соғысы халық өмірінің барлық саласына әсер етті, ал рухани мәдениетте ерекше із қалдырды. Фольклор да айтарлықтай жаңарып, оның жанрлық құрамы толыға түсті әрі көркемдік сапасы да артты. Бізге жеткен фольклор нұсқалары, негізінен, осы жаңа дәуірде, яғни ХVІІІ-ХІХ ғасырларда сұрыпталып, көркемдік жағынан әрленіп, жүйеленіп, осы күнгі қалпына жеткен деуге болады. Бұл кезеңде ертеден келе жатқан батырлық жырымен қатар жаңа эпикалық жанр – тарихи жыр барынша етек алып, жеке түр ретінде үлкен қарқын алды. Тарихи жырдың мазмұны да байи түсті. Оның шығармаларында енді тек қана қалмаққа қарсы соғыс жырланып қойған жоқ. Жаңа туындаған тарихи жырда Ресейдің отарлық саясаты мен іс-әрекетіне, сондай-ақ қоқандықтардың шапқыншылығына көрсетілген елдің қарсылығы жырланатын болды. Еліміздің әр тұсында бірінен соң бірі орын алған көтерілістерде қол жинап, ел басқарған қайсар азаматтардың батылдығы мен ерлігі халық санасында тарихи жыр түрінде жаңғырып жатты. Бұл жағдай жаңа жырмен бірге көптеген аңыздарды, өлең мен ән-күйді дүниеге әкелді. Олардың да мазмұны әр алуан болды. Бірде орыс әскерімен ұрыс баяндалса, енді бірде қоқандықтарға қарсы соғыс әңгімеленеді, бірде қазақ қайраткерлерінің елшілік істері айтылады. Сырым бастаған көтеріліс туралы аңыз, әңгімелер, «Ерназар-Бекет», «Досан батыр», «Жанқожа батыр», «Кенесары-Наурызбай» жырлары, Қаздауысты Қазыбектің Қонтажыға барған елшілігі жайындағы аңыздар қазақ фольклорына жаңа тақырып пен жаңа түр енгізіп қана қойған жоқ, олар фольклор құрамын өзгертті, фольклорға саяси мағына берді.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ фольклоры шешендік сөздермен және шежірелермен молықты, аңыздың ішкі түрлерімен, хикаятпен және әпсаналармен толықты. Тарихи жырдың тағы бір түрі – реалды тарихи эпос қалыптасты («Қаншайым-Наурызбай», «Айман-Шолпан», «Сұраншы батыр»). Бұл жанр, негізінен, Қытай жерінде қалған қазақтардың да «Мырзаш батыр», «Түкібай-Шолпан» сияқты жырлары түрінде айқын көрінді. Халық поэзиясының шағын түрлері де туындап жатты. Атап айтқанда, тарихи өлең мен қара өлең өмірде болып жатқан алуан түрлі оқиғаларды қамтып, халық санасына, эстетикалық талап-талғамына сәйкес баяндады. Атақты «Қаратаудың басынан көш келеді» мен халық тұрмысында жиі қолданылатын әдет-ғұрыптық мәндегі өлеңдер ел қажеттілігін өтеді. Мәселен, ел басына түскен қиын-қыстау сәттерде қоштасу сияқты жанр пайдаланылғанын айтуға болады. Кей жағдайларда тарихи өлең, қара өлең, қоштасу – бәрі араласып, астасып кетеді де, бір өлеңде бірнеше жанрдың белгісі бірігіп кеткені байқалады.

Жаңа дәуірдегі фольклорлық дәстүрдің өрлей түсуіне ақындар мен жыршылар ерекше үлес қосты. Олар өмірде болған ірі оқиғалардың арасында болып, соның ізімен көргендері мен естігендері туралы неше алуан әңгіме, аңыз, өлең тудырып отырған. Олар тудырған шығармалар ауызша туып, ауызша тарағандықтан бірте-бірте фольклорлық айналымға түсіп, алғашқы авторлық шығарма халық дүниесіне айналған. Бізге жеткен көптеген жырдың, өлеңнің, ән-күйдің фольклорлық сипатта болуының басты себебі – осы. Әрине, фольклорлық циклге түскен шығарма айтыла-айтыла әрленеді, қосымшалармен толығады, сөйтіп, бірнеше орындаушының өңдеуінен өткен соң халықтың түсінік-пайымын бойына сіңіреді әрі дәстүрлі түрде айтылып, даралықтан айрылады. Сондай халді тек өлеңдер ғана емес, бұрыннан келе жатқан эпостар да бастан кешірді, сол себепті де олар біздің заманға көп нұсқалы болып жетті. Ақындар мен жыршылар жаңа оқиғаны ғана сөз етіп қоймай, олар ежелгі жырларды да бірде жаңғырта, бірде дәстүрлі түрінде жырлап, ескі мен жаңаны қатар өзінің жадында, репертуарында сақтап жүрді. Қазіргі кезде оқып жүрген классикалық эпостар, әсіресе, батырлық және ғашықтық жырлар осы күнгі қалпына сол ХVІІІ және ХІХ ғасырда жеткен. Әйгілі Жанақ, Шөже, Марабай, Мұсабайлардан ХІХ ғасырда жазылып алынған мәтіндер ойымызға толық дәлел бола алады.

Айтылмыш кезеңде қазақ фольклорына исламның, Шығыс фольклоры мен әдебиетінің әсері күшейеді. Ғұрыптық фольклорға енді мұсылмандық нышандары молдап еніп, тұрақты белгіге айналады. Ел арасына қисса, хикаят деген атаумен Шығыс дастандары кеңінен тарайды. Солардың үлгісімен ақын-жыршылар дәстүрлі қазақ сюжеттерін дастанға айналдырып, ұлттық фольклорда дастан жанрын қалыптастырады. Осының ықпалымен хикаялық (новеллалық) ертегі өріс алды. Ежелгі қиял-ғажайып пен батырлық ертегілер жаңа көркем сапаға көшеді, олар мазмұн мен идея жағынан хандық мемлекет ауанына ыңғайландырылады. Жаңа заманғы ұғым-түсініктер талабына сай ескі кейбір наным-пайымдар қайта қаралып, жоққа шығарылады, сыналады. Соның нәтижесінде сықақ күшейіп, сатиралық ертегі бой көтереді. Осындай сықаққа негізделген өтірік өлең ерекше көрініс береді. Өтірік өлеңде ежелгі ритуалдық күлкінің орнына әжуа-сықақ орнығып, күлкі үлкен сатиралық мазмұнға, аллегориялық мағынаға ие болады. Жаңа жұмбақтар мен жаңа мақал-мәтелдер де пайда болып, дидактикалық қызмет атқарады. Балалар фольклоры да осы кезеңде орнығады. Сөйтіп, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақ фольклорының барлық дерлік жанры даму үстінде болды, олар халықтың рухани қажетін толығымен өтеп отырды. Эпикалық жанрдың бұрынғы да, жаңа түрлері де, шағын жанрлар да, жаңадан пайда болған жанрлар да – бәрі біртұтас көркем жүйеге айналды, қоғамның мәдени сұранысын мейлінше қанағаттандырды. Фольклор толық сөз өнері ретінде авторлық әдебиетпен қатарласа өмір сүрді, әдебиеттің біраз қасиетін қабылдады, ал, дастан сияқты жанр әдебиетке жақындай түсті.

ХІХ ғасырда қазақ даласына тіршіліктің жаңа бір түрі – үлкен өндірістік өмірдің енуіне байланысты фольклор құрамында «жаңа бір сала – жұмысшы жырлары туып, дами бастады... Күнделікті тірлік, азапты ауыр тұрмыстан туған әңгіме-жырлар мен мақал-мәтелдерден жұмысшының ой-пікірі, қоғамдық құрылысқа деген көзқарасы да аңғарылады»[905]. Қазақ жұмысшы фольклорын зерттеушілер оны «тақырыбына, дәуіріне қарай үш салаға жіктейді: 1) ауыр еңбек, азапты өмір жайындағы өлең жырлар; 2) орыс-қазақ жұмысшыларының достығы мен ерлік күресі туралы жырлар; 3) империалистік соғыс дәуіріндегі және 1916 жылғы көтеріліс жырлары»[906]. Әрине, бұл жіктеудің негізінде кеңес өкіметінің саяси-идеологиялық ұстанымы жатқаны анық. Дей тұрғанмен, зерттеушілер қазақ фольклорында мүлде жаңа жанр пайда болғанын дөп басып, көре білген, оның ерекшеліктерін де аша алған. Сол себепті де біз ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ фольклоры тағы бір жанрмен толыға түскенін айтуға тиістіміз.

Жалпы, фольклор – табиғатынан консервативті руханият, ол қоғамдағы өзгерістер мен тіршілік ағымына үнемі ілесіп отырмайды, жедел өзгере қоймайды. Бірақ соған қарамастан дүбірлі ХХ ғасыр фольклорды да айналып өтпеді, оған да өз ықпалын жасады. Күллі мәдениет сияқты, фольклор да кеңес өкіметі мен компартияның саяси-идеологиялық қыспағына түсті. Ең алдымен, фольклор екі жікке бөлініп қаралды. Оның біртұтас руханият екендігі жоққа шығарылып, оны бағалауда таптық көзқарас негізге алынды да, фольклорды «халықтық» және «халыққа жат» деп тану орнықты. Мұның өзі фольклорды біржақты жинап, зерттеуге әкеліп соқты. Соның салдарынан фольклордың дінге, әдет-ғұрыпқа байланысты салалары назардан тыс қалды, ал, классикалық фольклор жазба әдебиеттің заңдылықтарымен зерттелді. «Совет фольклоры» болуға тиіс деген идеологиялық ұран ежелгі фольклордың өзін бұрмалауға және жаңадан жыр, дастан, тіпті, жаңа ертегі мен әпсаналарды ойлап шығаруға, орындауға, жинауға, зерттеуге мәжбүр етті. Сөйтіп, халық ақындары «жаңа» фольклорлық шығармалар туғызды, таптық-әлеуметтік жырлар мен дастандарды шығарды. Партия көсемдері туралы жасанды әңгімелер мен ертегілер дүниеге келді. Бұл жасанды фольклор ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында-ақ сынға ұшырады, оның қате екені мойындалып, ғылым енді біртіндеп, негізінен, халықтың өткен замандарда тудырған фольклорын бөлмей-жармай, біртұтас мұра деп бағалап, тереңдей зерттеуге бет бұрды.

Алайда, ақиқатын айтар болсақ, фольклор үлгілері ХХ ғасырда да туындап жатты. Бірақ ол ресми саясат қолдаған жасанды фольклор емес-тін, әрі үлкен эпос та, дәстүрлі ертегі де емес еді. Бұл дәуірде пайда болған фольклордың дені – өлеңдер мен анекдоттар, аңыздар мен әңгімелер, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер болды. Бұлар көп жағдайда болмыстың өзінен туындап жатты, кейде ескі фольклорды жаңашалаудың нәтижесінде пайда болып жатты. Жоғарыда айтылғандай, ХХ ғасырдың бас кезінде туған жұмысшы фольклорының басым көпшілігі бұрынғы формада туған өлеңдер мен аңыз-әңгімелер болды. Бұл жағдайды 1916 жылғы көтеріліске байланысты пайда болған фольклордан да байқау қиын емес. Мәселен, көтерілістің алғашқы кезеңіндегі ел басына түскен ауыр жағдайды суреттейтін толғаулар, одан кейінгі шақта, яғни ұрыстар туралы баяндайтын жорық өлеңдері, ал, көтеріліс жеңілген тұста туған қоштасу үлгілері, майданға барған жігіттердің елге жолдаған сәлем хаттары, бір жағынан, дәстүрлі формада болса, екінші жағынан, жаңа тақырыпқа арналған болатын. Сәлем хат жанры бертінгі Ұлы Отан соғысы жылдарында ерекше дамыды.

ХХ ғасырдың 30-40 жылдары ежелгі фольклор үлгілерін жаңғырта жырлау тәжірибесі орныққанын айтпасқа болмайды. Атақты ақындарымыз өзінің шығармаларымен қатар ескі эпостарды жырлаумен шұғылданып, оларды көркемдік жағынан әрлей түсті, бірақ идеялық тұрғыдан жаңаша пайымдады («Өтеген батыр», «Нарқыз», т.б.). Әлбетте, бұлар жаңа фольклор деп есептелмеді, алайда, олар кеңестік өмірде халық шығармашылығы тоқтамағанының дәлелі ретінде қабылданды. Ал, шындығында, бұл жаңғырулар идеологиялық тапсырыс пен талаптан туған еді. Сөз жоқ, қай заманда да халық шығармашылығы болады, бірақ ол әртүрлі сипатта, әртүрлі көрініс береді. Соның жарқын көрінісін ХХ ғасырдағы фольклордың жағдайынан аңғаруға болады.

Егер фольклордың тарихын оның қоғамда атқарған әлеуметтік әрі эстетикалық қызметі тұрғысынан қарасақ, қазақ фольклорының шарықтап, халықтың бүкіл рухани сұранысын өткерген кезеңі – ХХ ғасырдың бірінші жартысымен шектеледі деуге болады. Бірақ қазақ фольклоры ХХ ғасырдың екінші жартысында да өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Ол өміршеңдік танытып, осы дәуірде де өзінше, профессионалды әдебиетпен, мәдениетпен қатар өмір сүріп жатты, әрине, бұрынғы қалпындағыдай емес. Ол үш түрлі, яғни үш бағытта ғұмыр кешті. Біріншісі – ескі жанрлардың кейбірі пассивке көшіп, ұмытыла бастады (бақсы сарыны, арбау, жалбарыну, жарапазан, төрт түлік туралы өлең, бәдік); екіншісі – эпикалық жанрлар жаңа туындылармен байыған жоқ. Олар классикалық мұраға айналып, жаңа дәуір мәдениетіне негіз болды, оның қайнар көзі әрі ажырамас бөлігі ретінде өмір сүрді (батырлық жыры, ғашықтық жыры, тарихи жыр, ертегілер). Олар көркем әдеби, музыкалық шығармаларға негіз болып, профессионалды кино мен театр туындыларына айналды, сөйтіп, қоғамға әрі тәлімдік, әрі танымдық, әрі эстетикалық қызмет атқарды. Сондай-ақ, халықтың классикалық мұрасы ретінде фольклорлық шығармалар арнайы түрде, ресми мерекелі шараларда, кейде жасөспірімдер үшін орындалып жүрді (өлеңдер, халық әндері мен күйлері, халық биі мен қолөнер бұйымдары, ертегілер); үшіншісі – ХХ ғасырдың өзінде де, бүгінгі күнде де фольклордың жаңа түрлері туындап жатқаны. Мәселен, өлең, мақал, мәтел, жұмбақ сияқты жанрлар Кеңес өкіметі тұсында соны сипат ала отырып, жаңа үлгіде де пайда болып отырды. Бұлармен қатар қазақ фольклорында анекдот жанры да бой көрсетті. Мұның өз себебі бар еді. ХХ ғасырда қазақ халқының біраз бөлігі үлкен қалаларға қоныс аударды, өндірісте, мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында жұмыс істеді. Олар қала тұрғындарының фольклоры болып саналатын анекдоттарды дүниеге әкелді. Бұл процесте орыс фольклорының әсері де болды. Кеңес өкіметінің, партия көсемдері мен мемлекет басшыларының келеңсіз шешімдері мен іс-әрекеттері туралы халық өз пікірін, ресми саясаттан мүлде басқа, кейде оған кереғар көзқарасын осы анекдот арқылы білдіріп отырды. Тұрмыстық жәйттар мен қызметтегі, жұмыстағы әртүрлі жағымсыз жағдайлар жайында да көптеген анекдот айтылып жүрді. Қазақ жұртының арасында да бұл анекдоттар кеңінен тараған болатын. Қазақтар да өз өміріне қатысты анекдот шығарып жүрді. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да бар. Ел арасында қазіргі тұрмысқа, кейбір оқиғаларға байланысты өткір анекдоттар айтылуда. Олар халықтың өмірдегі құбылыстар мен тұрмыстық жағдаяттарға деген бейресми қатынасын көрсетеді. Демек, анекдот бүгінгі қазақ фольклорының жеке жанрын құрайды деп айта аламыз, өйткені, халық ешқашан ештеңе шығармай отыра алмайды, өмірге, оқиғаға, жеке тұлғаға деген өз ойын, көзқарасын білдіріп, бейжай қарай алмайтынын көрсетеді. Әрине, бұл анекдоттар халықтың эстетикалық, көркемдік сұранысын өтей алмайды. Бұл түсінікті де. Өйткені, бүгінгі өркениет заманында, кино, театр, теледидар сияқты ғаламат әсер ететін күштер тұрғанда, қоғамның, халықтың мәдени талап-тілегін фольклор қандай түрде болса да орындай алмайды. Рас, фольклордың кейбір түрлері жаңа дәуір талаптарына байланысты басқа түрге көшіп, жекелеген топтар мен қауымдардың қажеттігін атқара алатынын көруге болады.

ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап фольклор көркемөнерпаздар үйірмелері, отбасылар ансамблі, халықтық театрлар түрінде де көрініс бергені белгілі. Олардың репертуарында дәстүрлі фольклормен қатар әдеби шығармалар да, әуесқой сазгерлер шығарған ән-күйлер де орын алды. Халықтық театрлар профессионалды сахнада қойылып жүрген «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Айман-Шолпан» секілді эпостық туындыларға негізделген пьесаларды да қамтып жүрді. Әрине, бұлар фольклор туралы классикалық түсінік тұрғысынан қарағанда таза фольклор бола алмасы анық. Алайда, бұл жерде басты критерий етіп алуға негіз болар нәрсе – халықтық өнер мен шығармашылық. Орындаушылар да, авторлар да кәсіби актер, я болмаса композитор емес. Олар ежелгі ақын-жыршылардың рөлін атқарды, яғни «жалғыз актер театрының» орнын басып, белгілі дәрежеде бұқара көпшіліктің көңілінен шығып жүрді.

Тәуелсіздікке қол жеткеннен кейінгі тұста қазақ фольклорының бұрын шет қалып жүрген жанрлары, әсіресе, тарихқа, әдет-ғұрыпқа, наным-сенімге қатысты түрлері қайтадан активті процесті бастан кешіруде. Үйлену салты бойынша орындалатын жар-жар, беташар сияқты жанрлар жаңаша түрде, соны мазмұнмен айтылатын болды. Егер ертеде жар-жар қыз ауылында жігіттер мен қыздардың диалог түрінде айтылатын өлеңі болса, бүгінде тойға жиналған қауым түгел бірігіп айтады, ал беташар мазмұн жағынан мүлде өзгеріске түсті. Сол сияқты аңыз, шежіре, шешендік сөз тәрізді жанрлар да үлкен сұранысқа ие болды, олардың жаңа нұсқалары да пайда болып жатыр, бірақ бұрынғы фольклор секілді ауызекі айтылу, елге тарау цикліне түсіп жатқан жоқ.

Қазіргі таңда ескі халық әндері мен күйлері де, қолөнер бұйымдары да жаңа сапада көрінуде, сөйтіп, олар елдің бүгінгі мәдени қажеттігін өтеп отыр. Әндер мен күйлер жаңаша аранжировкаға түсіп, ұлттық музыкалық аспаптар эстрадалық аспаптар мен техникалық құралдардың қосындысы арқылы соны саздық әуенге, ырғаққа, эстетикалық мәнге ие болды.

Сонымен ойымызды қорыта айтқанда, жаңа дәуірде қазақ фольклоры нағыз көркем өнер болып қалыптасып, бізге классикалық мұра әрі өнер түрінде жетіп, бүгінгі мәдениеттің бір бөлігі ретінде өмір сүруде, қоғамға қызмет етуде.

 

1-ТАРАУ. ХVIII-ХIХ ҒАСЫРЛАРДАҒЫ ФОЛЬКЛОР

 

§ 1. Новеллалық ертегі

Қазақ фольклорында өзінің сюжеттік құрамы мен мазмұны, композициялық құрылымы мен стилі жағынан оқшауланып тұратын бірталай ертегі бар. Алайда, ұлттық фольклортану ғылымымызда олар жеке зерттелмей, «тұрмыс-салт ертегілердің» тобында қарастырылып жүр. Ал, бұл ертегілер өзінің сипатты белгілері бойынша таза «тұрмыс-салт» ертегі емес. Біріншіден, онда тұрмыс-салт ертегіге тән емес қиял-ғажайыптық элементтер көп, оқиғалар өте таңғажайыпты, шытырман болып келеді; екіншіден, мұнда сюжет өте күрделі, ол бірі-бірінен асқан қым-қиғаш оқиғалар тізбегінен тұрады. Үшіншіден, кейіпкерлер өз мұратына қулықпен емес, ақылмен жетеді, дұшпандарын да ақылмен жеңеді.

Әрине, бұл ертегілердің ерекшелігі осымен ғана шектелмейді. Қолдағы материалды саралап, зерттеп қарағанда, бұл топтағы мәтіндер – қиял-ғажайып пен тұрмыс-салт ертегілердің аралығында тұрған шығармалар екені байқалады. Біздіңше, оларды «новеллалық ертегі» деп атаған жөн сияқты. Өйткені, мұнда новеллаға тән хикаялық, яғни шытырман оқиғалық сипат басым. Рас, бұл ертегілер көлемі жағынан новелла сияқты шағын емес, бірақ бұл жерде біз әдеби емес, фольклорлық жанрды атап отырмыз және бұл атауымыз шартты түрде алынып отыр. Қоғамның дамыған кезінде, сауда-саттықтың, қолөнер мен өндірістің өскен шағында қиял-ғажайып ертегі тыңдаушысын баурап әкететін өзінің бұрынғы қасиетінен айырыла бастайды. Енді оның негізінде әрі онымен таласа, күресе отырып, басқа ертегілік жанрлар пайда болып, қалыптаса бастайды. Сөйтіп, бұл дәуірде новеллалық, ал, кейінірек сатиралық ертегілер өмірге келеді. Әрине, бұл бір ғана дәуірде пайда болған жоқ. Профессор Мәлік Ғабдуллин дұрыс айтады:

«Халықтың тұрмыс – тіршілігіне, салтына байланысты туған ертегілері бір ғасырдың ғана жемісі емес. Ол талай ғасырдың жемісі. Бұл ертегілердің ішінде көне заманда, феодалдық қарым-қатынастар кезінде және соңғы дәуірде туғандары да бар. Олардың бәрі ауызша айтылып, ауызша тарағандықтан көптеген тарихи кезеңдер, талай таптық, қоғамдық орта тудырған әртүрлі көзқарастарды, сан алуан ұғым түсініктерді бойына жинастыра келгендері де белгілі. Бірақ солай бола тұрса да, халықтық ортада туған ертегілер өзінің халықтық сипатын жойған жоқ. Қайта, оны әрбір жаңа дәуір, жаңа кезең жағдайларына қарай өзгертіп, шыңдап, жетілдіріп отырғанын, өткірлеп мәнерлегенін де байқаймыз»[907].

Сырттай қарағанда новеллалық ертегілерде әдеттегіден тыс құбылыстар, яғни ертегіге тән ғажайыптық белгілер жоқ сияқты. Бірақ шындығында олай емес: мұнда айырықша өмір ағымы, шындық өмірде болмайтын жағдайлар бар. Новеллалық ертегілердегі нәрсенің көбі тосын, ерекше, мұнда фантастика да (ғажайып) бар, бірақ оның сапасы қиял-ғажайып ертегіден басқаша. Мұндағы қиял (вымысел) өте көркемделіп кеткендіктен көне мифтік ұғымдармен, діни нанымдармен тектік байланысын үзген. Сол себепті бұл ертегілердегі сиқырлық, құбылушылық сияқты нәрселер кейіпкерлердің тек өз басының ғана қасиеттері деп саналады.

Мұндағы баяндаудың барысы үнемі әділдік пен ақылдың жеңісіне бағытталып отырады, ал, күнделікті тұрмыста кездесетін қарапайым шындық моральдық уағыз арқылы емес, уақиғаның табиғи дамытылуы арқылы дәлелденеді. Рас, кейде, ертекші баяндауды афоризммен түйеді. Бірақ ертегіде айтылып отырған шындық былай да көрініп тұратындықтан үнемі мұндай әдіс қолданыла бермейді.

Новеллалық ертегіде өте қызғылықты, қорқынышты сапарлар, шым-шытырық жағдаяттар, адамның қым-қиғаш тағдыры, отбасы өмірі, ерлі-зайыптылардың басынан кешкен оқиғалары, тағы да басқа небір керемет те сұмдық уақиғалар туралы баяндалады. Тақырыбы жағынан бұл жанрдағы шығармалар әралуан. Бір топ ертегі, мысалы, қарапайым қыздың өзінің тапқырлығы арқасында ханға, яғни хан баласына тұрмысқа шыққаны жайында әңгімелейді. Ал, енді бірқанша ертегіде ерлі-зайыптылардың тағдыр тәлкегіне түсіп, өмірдің небір тауқыметін тартқаны, әйелдің ақылдылығы мен сабырлылығы арқасында ері таққа отырып, бақытқа кенелгені туралы айтылады. Көптеген ертегілерде ақымақ еркекті ақылды әйелдің адам қылғаны жайлы баяндалады.

Көлемі жағынан ұзын-сонар, мазмұны шытырман оқиғалы көптеген новеллалық ертегілерді «фольклорлық» немесе «халықтық роман» десе де болады. Олардың сюжеттері тек қазақта ғана емес, сондай-ақ бүкіл шығыс елдерінде кең тараған ондаған мотивтерді қамтиды. Мәселен, мұндай шығармаларға сотты билеп-төстеген және бидің берген жұмбақтарын лезде «қағып тастайтын» ақылды ағайындылардың хикаясы, патшаны ғажайып дәу улы жыланнан құтқарған уәзір туралы әңгіме, өлім жазасына кесілсе де, сабырлылық сақтаған уәзірдің тарихы, патшаның қолындағы уға толы тостағанды тарпып түсірген бүркіт туралы және тағы басқа көптеген ертегілер жатады.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 912; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.024 сек.