Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 10 страница




«Жә, осы үлкен отаудағылардың мына талабы да сиымды талап қой, кіші ауыл аталып бөлініп шығар-ақ. Сонда менің мына қорқау жеңгем ауыл бәйбішесі болып талтаңдайды. Ондай дәрежеге жеткенде бұл қорқау маған, бала-шаға қанып тамақтанарлық тәуір қазан, бүтін шөміш бере ме!... Өзі пайданудан қалған қайдағы ескі-құсқы, әлгі тесік мескейі мен кетік ожауын, «мә қайыршы, сен-ақ разы болшы» деп, жарылқағандай лақтырар да отырар! Үлкен ауылдан бөлінуді талап етіп жатқан осы кезеңінде өздеріндегі қазан-шөмішімді мен де сұрай қояйын! Мұны саңырауша сайрап – әлемге жар салып талап етуімнің себебін енді ашық түсіндіруіме орай туылды ғой!... Әй, күншілдік-ай, пейілін Құдай тарлытқан қу жеңгелерім-ай!» деп күрсінгенімде көзіме «жеңге», орнына қошқардай Әбілеметтер елестеп, қатты күліп жіберіппін.

– Біздің қойып отырған талабымызға күліп отырсызба?– деп, қасымда отырған ағалардың бірі жалт қарады. – Орынсыз пікірме?

– Жоқ, орындалуын жоғары жақ білер, орынды пікір ғой. Мен, өз сайрайтын пікірлерімді ойлап, жақсы бұлбұл бола алмайтындығыма күліп отырмын...

Үшінші күні түстен кейін менен басқа сайраушылардың сөзі аяқтай бере жиын басқарушы маған қарап, дайындал дегендей иек қақты да елу төрттің қалған біріне сөз берді. Сайрауға сонда ғана бекідім де, сөзіме тезис жасау қамымен жанқалталарымды ақтардым. Қызыл сиялы редакциялық қаламым ғана табылды, қағаз жоқ. Тұсымдағы терезе алдында жатқан көне брашураның екінші жағындағы ақ тысын жыртып алып келіп отырдым. Жарты бет қана тезис, менің атым шақырыларда ғана бітті. «Осы тайдан жығылмай көзім ашылмайтындығы» айқындалған соң сөйлей жөнелдім.

«Жолдастар, достар!.. шындығында менің сайрарлық пікірім жоқ еді. Бұл жайымды тыңдай келе түсінесіздер. Сонда да айқындап айта өтейін, бұл сөйлер сөзім, қояр талаптарым түгел дерлік жеке адамдарға, айырым ұлттық басшыларға ғана қойылатын талаптар. Олай болатыны, бұл мәселелер жөніндегі міндетін партия өтеп, әлдеқашан нұсқау беріп болған. Сондықтан партия қызметінен өтілген кемшілік емес, қол салып істейтін айырым мекеме басшыларының кемшілігі. Ал, олардың бұл кемшіліктерін толықтап, мәселені тез шешу үшін, әлемге мәлімдеме жариялағандай алқымды көптіріп сайрамай-ақ, өздерімен жеке сөйлесу ғана кифая болатын еді. Демек, менің сайрамақ ниетім жоқ болатын. Бұл жайымды басшылыққа кеше айтып шықтым. Ол кісі, «қазір ешқандай жабық шешетін мәселе жоқ. Халық алдында сайра!» деді. Өзара сөйлесіп шешпек болуымды сайраудан қорыққандыққа ұйғарып күлді. Сөйтіп, қандай сөз болса да саңырауша саңғырлап, қандай пікір болса да айғырша арқырап сайраудың парыз екенін ұқтырды. Құлақтарыңызға лайықсыз дау жайсыздау тисе кешірерсіздер, ал, мен де сайрадым!» деп кірістім сөзге.

«Бақан жаққан бастабар» дегендей көпшілік ду күлді де сөз бастағанымда тына қалып тыңдады.

 

* * *

«Сайраған» сөзімнің нақтылы көшірмесі мынау:

Біздің бұл сайраған пікірлеріміз, партия ішінде стиль түзету науқанына қажет дайындық екен. Сол қажет үшін алдымен мынаны әшкерелей өтейін: партия қатарына бұрынырақ өтіп алған біздің жерлік басшы кадрлардың, кейбірі өзінен жоғарыларға мойын омыртқасыз, ет мойынды басымен ал, өзінен төменгілерге буынсыз қақ сүйекті аяғымен жауап беретін бирократ феодалға айналып барады. Партияның стиль түзеу науқанында алдымен осындайлардың осы стильін түзетуге мықтап көңіл бөлу қажет! Құлдық жағымпаздық пен төрелік такаппарлық бір дене болып қатар жасайтын бір құрсақ, екі басты егіз жау. Заманалар бойына жалғасып, дүниені шірітіп дәнігіп-құнығып келе жатқан ең негізгі ең жансебіл, ең жылпың жау – осы екі басты жау болатын. Мұны алашұбар айырқұйрығынан мықтап ұстап соққыламаса осы жаңа заманымызды да жалмап шіріте салады. Ұлы Маркстың ең жек көретін бұл жауы ғылыми коммунизмші партияның белсенді қолқанаты бола алмақ емес!

Менің сайрамақшы пікірлерім де осы екі басты жау шірітіп бара жатқан жеке басшылардың қызметінен туылып отыр. Мәселен делік:

Ұлттық территориялық автономия әрбір ұлттың ұлттық мәдениеті мен ұлттық оқу-ағартуын шоғырландырып, даму қадамын тездету үшін берілген. «Шынжаң ұйғыр автономиялы районына» қарасты «Іле қазақ автономиялы облысы» құрылғалы үш жылдан асып барады. (бұл облыс, басқа аймақ-аудандардан бес жыл бұрын – 1945-ші жылы азат болған атақты үш аймақ. Яғни төңкерістік – демократиялық үкімет бес жыл бұрын қызмет істеп, жеміс өсіріп, біраз жетілдірген, бұрынғы төңкерістік үш аймақ еді). Автономия алған осы үш жыл ішінде сол облыстың мәдениеті мен оқу-ағартуы қандай күйге түсті? Соны көрсек, жаңағы айтылған екі басты жаудың автономия қызметіне қаншалық кесір, қаншалық зиян салғанын көріп алуға болады:

Бірінші, Үрімжіде ескі заманның кейінгі үш дәуірін басынан өткізіп, бостандыққа жалғасқан «Шынжаң газеті» атты бас газеттің қазақшасы да бар еді. «Іле қазақ автономиялы облысы» құрылған соң сол газет «малшылар» деп аталды да, сапасы төмендеп, мал шаруашылық хабарларының ғана газетіне айналды. Оның үстіне облыстағы бұрынғы аймақтық газеттердің аттары мен заттары бұрынғы қиқымбақай қалпында қалды. Қазіргі Шынжаң қазақтары кілең малшы ғана ма? Бұрынғы тіршілік күрестері мен төңкеріс талаптары бойынша жыл сайын кеңейіп келген егіншілік кәсібі қайда? Оны былай қойғанда, бостандықтан бергі науқандар қазақ халқына жүрілмей қалып па еді? Малшылықтан басқа кәсіптері тап жауы ретінде жойылыппа еді? Егіншілік кооперациялар құрылмай, қазақтар кетпен, иә балға немесе қағаз ұстамай, шопан таяғына сүйеніп қана қалып па еді?

Қазақтың бұрынғы көшпелі ауылдарының әр бірін бес үй деп есептегенде де ауыл шаруашылығы коллективтескеннен бері мал соңында қалғаны сол әрбір бес үйдің бір үйлік саны ғана. Бұл, қала-қыстақтардағы отырықты қазақтарды есепке алмағанның өзінде де кілең мал шаруашылық райондарындағы жан санының жиырма пайызы ғана малшы қалпында қалды деген сөз. Ал, басқа кәсіптердегі мүлде көпшілік санды ұстайтын сексен пайызының көзінде «малшылар» газетін жаба салғаны қалай? Қазіргі статистикаға қарамай, бүкіл бір ұлттың маңдайына «малшылар» таңбасын баса салғаны кімнің қылығы?

Екінші, Шынжаңда ұлттық территориялық автономиялар құрылған соң қазақ ұлтының мәдениетін орталықтандырып тұтастырғаны сол, бөлшектеп ыдыратып барады. Газетінің сиқын жоғарыда айттық. Баспа қызметінің басқа салалары да, көркемөнері де, радио қызметі де солай, ыңғай «малшыға» айналып қалды. Солтүстік Шынжаңның күншығыс шетіндегі Баркөл, Морилардан бастап, күнбатыс шетіндегі Шәуешек, Қорғасқа дейін әр ауданда бір шөкім «мәдениет кружоктары» ғана бар. Бұлардың кернайларынан малдың доклаты, малшылардың «батырлығы» ғана естіледі. Осыдан басқа тіршіліктің, кәсіптің, осыдан басқа мәдениеттің қажеті жоқ па бұл халыққа?... Иендегі әр төбенің басында бір-бірден шошайып мал бағып беруге ғана жаралған ба?... Жұңго коммунистік партиясы жариялап отырған теңдікке мұнымен қалай жетпек?

Мұндағы барлық қылмысты «Іле қазақ автономиялы облысының» қызметін артсақ және обал. Себебі, ол отау – төрт дуалы соғылып, үсті жабылғанымен ішінде қазан-ошағы жоқ «отау». Үрімжі гомендаңынан азат болысымен сол үш аймақтың ілікке жарар қызметкерлері түгел осында өлке орталығына шақырып алынған. Бұдан бірқаншасы басқа аймақтарға таратылды. Автономиялы облыс болып құрылғанда оған бір бастықтың соқа басы сайланып барғанымен білім-мәдениет қызметкерлері сол ауыстырылған жерлерінде қалды. Отауыңды жөндеп ал деп қайтарып берілмеді. Сөйтіп, облыстың мәдениет қызметі бұрынғысынан әлдеқайда зор шегініске ұшырады. Мысалға сахна көркемөнерін алып көрелік:

Сонау Шың Шысай дәуірінде-ақ сол үш аймақтың қала-қалашықтарының бәрінде де ұлттық мәдени–ағарту ұйымдар құрған театр бар болатын. Атақты, ең ірі драмаларды да сахнаға шығара беретін. Ал, содан жиырма жыл өткен қазіргі бостандық дәуірінде, автономиялы облыс болып құрылғандағы сахнасы не күйде?... Драма–театр деген мүлде жоқ. Бір жігіт домбыра шертіп, екі қыз билеп шығатын сорлы көшпелі ауылдық халге қайта түсіп қалды. Себебі, сахна көркемөнері әдебиетшілер мен әртістердің мығым бірлігімен ғана дамитын көркемөнер. Облыстың төселген әдебиетшілері мен басбілігі актерлері ыдырап шашылып кеткендіктен жастарын баулып өсіретін ұлттық техникалық жетекші күштен айрылған. Сөйтіп, «Іле қазақ автономиялы облысының» сахна көркемөнері дамығаны сол, бұрынғы қалпына да келе алмай қалып отыр.

Ұлттық мәдениет қызметі шоғырланбаған автономия – қазан-ошақ, ыдыс-аяқ үлесі тимеген «отау» – үлкен ауыл шетіндегі мал күзетшісінің күркесі ғана ғой. Оны, отаулық тіршілігің жоқ па, түтінің қайда деп кінәлауға болмайды!

Үшінші, төңкерістік үш аймақтың бұрынғы зиялылары тарағаннан бастап оқу-ағарту қызметі де зор нұқсанға ұшырады. Қазан-ошақсыз «автономиялы облыс» әрине бұған да шарасыз қалып отыр. Өзінің ұлттық тіліне жетік мұғалім өте азайып кетті. Ондай оқытушы жетістіретін жоғарырақ мектебі жоқ. Үрімжідегі ұйғырша жоғары мектеп пен техникумдардан оқып қайтқандардың ең естиярлары да жартылай ұйғырша сөйлеп қайтады. Сөйтіп ондағы қазақ оқушыларына ештеңесін түсіндіре алмай, бастарының мыңғы-дыңғысын шығарады. Әсіресе өзінің ана тілі мен әдебиетін тақыр жерге отырғызады. Бұл жайт, «Іле қазақ автономиялы облысына» тірі масқаралық емес пе!... Үрімжідегі «Шынжаң ұлттар институты» деп аталған көлемді институттан қазақша бір кластың да ашылмауына күлейік пе, жылайық па?... Шынжаң бойынша екінші орындағы басты ұлт емеспе бұл ұлт!... Тетелес ұлтқа қарата мұндай қорқаулықты қандай «тақсыр» шығарып отыр?.. Сұрай қалсаңыз, «өздерінде автоном облысы бар» дейді. «Автоном облысынан» сұрасаңыз, «автоном районның оқу-ағарту назараты жоғары мектеп құруымызға рұқсат етпей отыр» дейді!

«Шынжаң ұлттар институтындағы» бұл қорқаулық жақыннан бері тіпті үдей түсті. Іле облысынан келіп оқыған қазақ оқушылар ұйғырша оқығаны үшін камалатқа жеткендерін (тіпті қыздарын да) Оңтүстік Шынжаң мектептеріне бөлетінді шығарды. Сөйтіп енді Оңтүстіктегі ұйғыр оқушыларын жартылай қазақша балдырлатып қинауға кірісті. Биыл бітірген қазақ студенттерінің бір қаншасын Хотан мен Қашқар аймағына бөлген екен. Әр мекемеге арызданып жылап олар жүр. Өздерінің ата-анасы мен туған жұртының қарызын өтеу армандарына, табысқан махаббаттарынан айрылатын болғандықтарын айтып жылайды. Әсіресе, жоғары оқыған бойжеткендердің көшеде еңіреуі қиын екен! Оқу-ағарту назаратына барып жылаған екі-үшеуіне «төңкерістік қызметке бөгет болатын махаббаттарың керек емес, айрылыссаң айрылыса бер!» деп шығарыпты! Қараңыздаршы, жоғарырақ білімді мұғалімі қалмаған, жетігірек оқыған кадр жағынан мұқтаждығы артып отырған өз облысына, өз туған жерлеріне қайтып барып қызмет істеу, төңкерістік қызмет емес пе екен? Мұнысы Іле автономиялы облысын не деп бағалағаны?.. Коммунистік жаңа дәуір интеллигенциясын жетістіретін бір ғылыми меңгермеге жабысып алған қандай кесір бұл?

«Іле қазақ автономиялы облысын» захотқа отырғызған бір бөлім мәселені сөйлеп болдым. Енді бұл мәселелерді шешу жөніндегі пікірлеріме келейін:

Бірінші, «Іле қазақ автономиялы облысы» Шынжаң районына қарасты болғандықтан оның саяси орталығы әрине әлі де Үрімжі. Оның үстіне Шынжаң қазақтары автономиялы облыста ғана емес, Еренқабырғаны бойлап, бүкіл солтүстік Шинжаиңды тұтас қаптап жатыр. Сондықтан, саяси орталығымыздан қазақша «Шынжаң газеті» де шығу шарт. Осындай шарттық мықты негізі болғандығы үшін өткендегі кертартпа үкіметтерде бұл газетті жаба алмаған!

Екінші, «Іле қазақ автономиялы облысы» өзінің атына лайық міндетін өтеп, ұлт мәдениетін шоғырландыру үшін, таралып кеткен ғылым–мәдениет қызметкерлерінің Құлжаға қайтарылуы, «Іле газеті» баспаханасын негіз етіп, баспа қызметінің кеңейтілуі. «Іле халық баспаханасы», «әдебиет-көркемөнер бірлеспесі», «Шынжаң халық радио станциясының Іле облыстық бөлімшесі» құрылуы қажет. «Іле қазақ автономиялы облысы» қазан-ошақсыз, түтінсіз-түңіліксіз қуыс күрке болып қалған мазақтан сонда ғана біраз сейіледі.

Бұл мекеме, ұйымдардың бәрі де Жұңго компартиясының үгіт-насихат, тәлім-тәрбие органдары. Құлжаға бұл орындардың құрылуын талап етуіміз, әрине бөліну талабы емес, партия қызметін ала бөтенсіз тегіс те тұтас жүргізудің алдыңғы шарты.

Үшінші, ұлттар теңдігінің ең негізгі бір белгісі, ұлттық оқу-ағарту қызметтерінің тең жүргізілуінде. «Шынжаң ұлттар институты» деп бар ұлтқа ортақ аталған, өзіміздің қазіргі ең жоғары оқу орнынан қазақша бір факультетінің, тым болмағанда тіл-әдебиет класының ашылуынан ешкімнің ешнәрсесі күйіп кетпейді... Қайта сол институттың затын атына лайықтастырып, сапасы мен беделін өсіреді. Ал, «Іле қазақ автономиялы облысына» Құлжадан бір жоғары мектеп ашылуы қажет! Бұл, сол облыстың көрінісі ұлттық, мазмұны социялистік оқу–ағартуын дамытудың қазіргі шартына айналып отыр. Сайрарлық сөзім бітті.

Әділетті тергеушім, сіздің алдыңызда мендей бір әлсіз жәндіктің өздеріңізбен іс жүзінде сәл теңірек жасауды талап етуінен зор қылмыс болған ба. 57–ші жылы жаздағы «ашылу – сайрауда» партияның стиль түзету науқанына арнап сайрағаным дәл осы. Қуаттырақ есек сайрағанда да қымсынбай тыңдайтын құлағыңыз менің бұл сөзіме келгенде жымқырылып, желкеңізге жабыса қалмай қайтсын. «Иен далада шопан таяғымен шошая бермей, шоғырланып біз де оқиық, көзімізді басқалармен тең ашалық» деп қоймадым ба! «Шоғырлануға», көз ашуға» қузап қайтпек едім соншалық, арам ниетімнің асқынғаны осы емес пе! Өз тіршіліктеріңіз үшін ет-майы ғана қажет болған мендей жәндікке көздің, білім-өнердің қажеті не еді!

«Құдай біледі, зау де болса» қылмыстарыңызды көруге талпынғаным-ғой, батылым қалай жетті екен осыншалық кері төңкеріске!

 

«Биғабіл Жаппардың сайраудағы сөзі» деген тақырыптағы қысқа хабар ұйғырша «Шынжаң газетіне» сол сайраудан екі күн өткенде шықты. Қойған пікір-талаптарым бырысып-бүрісіп құлақ-құйрықтан, жайнаған көз, құлпырған жүннен жұрдай боп күйген күшікше әрең қыңсылап шықты ошақтан. Мен сөйлеген сипат-дәлел, себеп-салдардан дәнеңе жоқ. Талаптарым, құлама жардан басын жерге қадап, тікесінен тік тасталғандай, тігіл-тігіл атылыпты.

Бәрінен ашынарлығы, қысқартып басу орайымен сөзіме жапқан бір жаласы болды: ең басындағы «партия қатарына бұрынырақ өтіп алған жерлік басшы кадрлардың кей бірі... бирократ феодалға айналып барады» деген сөзімді «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» деп бұзып басыпты. Саяси жақтан мұндағы ең қажеттісі «кейбір» деген сөз ғой. Ұйғырша «бәзі» деп бадырайтып, айқын-ақ сөйлеп едім ғой! Сондағы тілші болып отырған партком қызметкерлері қалдырмай ұғып жазсын деген оймен асықпай, ұйғыр тілінде баптап-ақ сайрап едім ғой, мұнысы несі?..

Сол газетті ұстай шапқылап газет редакциясына бардым. Хабардың жазба нұсқасын тапқызып алып салғастырсам, қателік, тілші жазбасының өзінде екен. Редакция қол тигізбей, сол қалпында бастырыпты. Одан хабар жазған тілшінің атын тауып, парткомға жүгірдім. Партия мектебінен оқып келіп, үгіт-насихат бөліміне гансы[18] болған, жаңа кадр Нәжмиден жазған екен. Қазақша, ұйғырша тілге бірдей сөйлей алатын, менімен толық таныс жігіт еді. Кеңсесінен табылмады. Сол күннің кешінде үйіне барып таптым.

– Үй, мынауың не? – Өзімнің қызыл сиямен жазып алып сөйлеген тезисім мен газетті қатар жайдым алдына. – Мен қашан осылай сөйлеп едім?

Қарап шығып, жауап берудің орнына қарқылдап күлді Нәжмиден.

– Қысқартып жазуды тапсырғандықтан осылай шықты.

– Осынша қысқарт деген кім?

–.....

Жауап бермегендіктен өздерінің құпиялығы шығар деген оймен негізгі таласар сөзімді ұстадым.

– Ал, қысқарт десін, сонда мына «кейбір» деген сөз, қысқартатын сөз бе!... Мұның қысқартылуы, менің өмірімді «қысқартудың» ісі ғой!... Егер тергей қалса, бұл сөйлем, бүкіл партияны қаралау – жала жабу болып шықпай ма!... Үй, мен қашан «партияның басшы кадрлары помещикке айналып кетті» деппін! Қарашы, мына тезисімнің өзінде де «жерлік басшы кадрлардың кейбірі» деген сөз бадырайып тұрмай ма!... Ал, өз естелігіңе бұл сөз асығыста жазылмай қалған болсын, өзің осы хабардың авторы болғандықтан басқа қызметтестеріңнің, жиын хатшысының дәптерінен де қарап толықтап жазсаң болмас па еді!... Басқа сайраушылардың сөзін хабарға толық жазғандарыңда менің сөзім осынша неге қысқарады!... Менікін ғана қысқарт деді ме саған?..

Әйелінің көзінше қадалғандығымнан ба, өзіне әйелінің де менше қадалып, суық қарап отырғандығынан ба, күлкішімнің жүзі төмендеп, күреңіте жымиып қалды. Әлденеден қатты қысылғандай.

– Макұл, мақұл!– деді сәлден соң, орамалын алып, тершіген маңдайын, мойынын сүрте отырып, сыздықтата, ойлана жалғастырды сөзін. – Мақұл! Тым болмағанда мына... «кейбір» деген сөзіңізге... өз атымнан... газетке «түзету» жазайын!... Басшылыққа көрсету үшін керек болар, мына тезисіңіз мен де қалсын! – Менің қызыл сиямен жазылған тезисімді алып, өзінің қатты мұқабалы жиын естелік дәптерінің арасына салды. – Осы тезисті сол жиын залының өзінде жазғансыз ғой, солай ма?

– Иә, сайрағым келмей отырып-отырып, сөйлер алдында ғана жазғанмын!...

– Осы жайыңызды қосып, ертеңдер... сөзіңізге түсінік жазып, Фубужаңға да... түзету бергізуін сұрап... өтініш жазып жіберіңіз!... Менің газетке түзету жазуыма оңайлық туылсын!

– Өзің тасырқаған атша кібіртіктеп қалдың ғой, өз жазған хабарыңа түзету жазу да қиын ба сонша?

– Бір ғана сөз үшін сізде хауіптенбеңіз, Фубужаңның сондағы сайраушыларға берген уағдасын естідіңіз ғой!

Нажмиденнің бұл сөзі көкейіме қонса да бұл түзетуге бейғам қарамаудың қажеттігін қайталап айтып доғардым пікірімді.

– Менің қауіптенетінім, жазалануда емес, партия қаратқан көзқарас жақтан халыққа жарамсыз әсер тудыруда. Компартияға әлгіндей сөзбен бір нұқсан келтірсек, қарапайым жұртшылық не деп түсінбек?... Халық жүрегіне партияны қаралап сіңірген болмаймынба!... Сондықтан, Фубужаң серт берді деп ауызға келгенді көкудің титтей де пайдасы жоқ. Мына хабарыңды неғұрлым тез түзетпесең болмайды!

– Мақұл, мақұл, мақұл!

Сол шақтағы партия кадрларының үлгісі бойынша қарапайым ғана дастарқан жасалып, Құбақан шай құйылды. Әйеліне ым қағып, екі памидор туратты да, асалалынан екі рюмкаға арақ құйып әкеліп, бірін маған ұстата сала шық еткізді. Аузына қағып салып, бұл күнәмді біреу көріп қойды ма дегендей терезеге жалт қарады. Босаған екі рюмканы қосақтап апарып, қайта құлыптап келіп отырды.

Бұрын көмекейіне бөтелке мен лақылдатып құйып, иегіне түкіре салатын ноқтасыз – тежеусіз бұл мырза арақханада да отыра алмай, сол ішкіштігін көшеде бөтелкесімен сарапқа сала қиралаңдаушы еді. Әрине ауыз жаппай былжырап, әркімді тілдей қираңдайтын. Сом денесіне көктайғақ бешпет сымды кептей киіп алған бүгінгі күні ондай хулигандықтан иіс сездірер емес, сып-сыпайы. Өз үйінде де перделі терезеден ұрлап ішіп отырғанына күліп жібере жаздадым.

Партия тәрбиесін «тез қабылдап», «албастыдан адамға айналған» жаңа кадрдың көбі осылай еді. Мұндайлар жалпы екі түрлі ысқылмен көрінді. Бір түрі, адамдар ара байланысқа жоқ, әлеуметтік мәселеден жұмған аузын ашпайды. Жауап берудің орнына күледі. Етінен ет жұлып алсаң да ашуланбай, ыңқ етіп қана жымияды. Қарсы пікір білдірерлік жерде де ыржия, иә, бас изей салады. Бірақ сол жымиысынан да, күлкісінен де жылу табыла қоймайды. Ал, ендігі бір түрі, туа сала шешесі саясатпен ауыздандырғандай үгітші. Саяси теориясыз сөйлемейтін, сүйген қызына хат жазса да жүрек сөзі жоқ, басын саяси үгітпен қайырып, аяғын пәлсапамен тұсайтын, буынсыз тілмарлыққа, суық шешендікке салынып шықты. Алғашында көк тайғақпен киініп шыққандықтан мұндайларды жұртшылық «көкшолақ» атай бастаған болатын.

Ал, Нажмиден, «көкшолақ» емес, қызметтес екі топтың алғашқы түріне тән болып көрініп қалған гансы.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 339; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.047 сек.