Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 11 страница




Үнсіз қарасып отырып, шыныдағы шайды әрең тауыстым да әлгі қажетімді қайталап, ұмытпастай мықтап ескертіп шықтым.

Үйге қайтып бара сала Фубужаңға да өтініш хат жаздым. Сөйлеген тезисімді Нәжмиден гансыден алып көруін, газетке басылған хабар да «кейбір» деген сөзімнің қалдырылуы үлкен жала болатындығын, неғұрлым тез түзету беріп толықтамаса шарпулы, жаман ықпал тудыратындығын анықтап жазып өтініп, ертеңіне таңертең парткомға баратын бір аударушыдан жөнелттім. Үйге қайтып келе жатқанымда қақпа алдынан Асылқан көрінді. Қолында газет бар екен. Менің сайрау хабарым басылған кешегі газетті өзіме көрсету үшін әкеліп тұрғанын аңғардым.

– Әй Биғаш-ай тым жалаңаштанып шығыпсың-ау, тымау тиер ме екен!– деп қалжыңдай қарсы алды. Қабағы қаяулы, қамды көрінуінен, қалжыңсыз шын екендігін түсіне жауап қаттым.

– Жақсы-ақ киініп шығып ем, «күн – жаз, пысынайсың» деп ыштаныма дейін сыпырып алса не шара!

– Кім, сонша жалаңаштап жүрген?

– Ой әлгі өзіміздің Нәжмиден жазыпты!– деп қолтығынан үйге жетектей сөйледім. Кеше кеште соған барып сөйлескенімді, оның тапсыруы бойынша хабарға түзету бергізуі жөнінде үгіт бөлімінің Фубужаңына да өтініш жазып, қазір жолдап қайтқанымды сөйлеп бердім.

– Нәжмиден сонша неліктен қысқартқан себебін айтты ма?

– «Қысқартып жазуды тапсыра берген соң осылай шықты» деді де қойды. Кім қысқартқызғанын айтпайды. Өз құпиялықтары екенін сездім де әнеу басқы сөзден қалдырылған «кейбір» деген сөзді қосып газетке түзету беруін өтіндім. Сөйлеген тезисімнің қолжазбасын сұрап алып қалды.

– Ол сөзді қалдырған Нәжмиденнің өзі емес, газетке түзету бергізбейді, қарада тұр!– деп Асылқан күбірледі.

– Сонда партия нахақ күйдірмек пе?... Өз қолымен от көсеп, мені күйдіруге Нәжмиден шыдар ма? Өзі жазған хабардың қателігіне өзі жауапкер болатындықтан, өзі түзету жазуға құқықты емес пе!

– Сен қателессең де осы адалдығыңнан қателесесің-ау, Биғаш! Асылқан қарқылдап күлгенде бір жағымда шай құйып отырған Мақпал да күлді.

– Адалдығымнан қателессем, арманым болмас. Құдай тағала жүрегіме сайтан ұялатпаса екен! –дегенімде жарға деген сүйіктілігім арта түскендей, кең шанақты қамқор көз жаудырай қадалды маған. Көйлегімнің сыртына жабысқан мамықты адалаған болып, арқамнан сылайды.

– Нәжмиден сияқтылар өзінің ондай азаматтық құқығына дәл қазір таласа қояр деймісің,– деп күрсінді Асылқан. – Партияға қабылданған күні–ақ онысынан өздігінен айрылып болған шығар. Ондайдың барлық қамы – бұрынғы көп жіберіп дағдалған құйрығын қысып, салтағын жасыру ғана болса керек. Сонысын көзбен сөзге түсірмеу үшін не десе де дайын құралға айналған жігіт қой. Бәлкім, осындай ырықсыздығымен жағып, таңдалып келген шығар.

– Сонда, парткомның үгіт бөлімі оған осыны әдейі істетіп отыр деймісің?

– Саған сеніп қана ескертіп отырғаным ғой, оны атап сұрап қайтесің!

– Сенсең айта бер естіген-білгеніңді!

– Сен өзіңнің не зат екеніңді түсінемісің?... Біздің дақ түспеген ең мықты азу тісіміз емеспісің!... Сені біраз егеп мұқалту, жұмсартып, жуасыту қажет болған шығар!

– Менің өткір азу тіс болып, партияға зиян келтірген жерім барма еді?

– Ол жағынан айтсаң жеңетініңе сөз барма. Бірақ, қазір бар адамнан өгіздей жуастық, бағынышты ғана ынтымақ қажет етеді. Ал, сен, пікірді ғылыми фактпен шындықтың бой бермес биігінен зымыратып бірақ тастайсың. Сөзің ешкім сайламай–ақ үкімге айналып кетеді. Сондықтан сайрауыңнан ашопкы шығарып, біраз сынға-күреске тартсақ, жүген-құрық тимеген асау басың ноқтаға көнетіндей болса дейтін шығар. Сондай бір іс бола қалса, әйтеуір жуас мүләйім ғана жауап беруге тырысарсың!... Осыны ескертіп қою үшін ғана келіп едім. Жә, қайтайын!

Асылқан түрегеле бергенде етегінен ұстай алдым.

– Қызырым сәл сабыр ет, отыр!... Мына сөзің тіпті де тегін емес, енді бір жайыңды айта кет!... Мұндай сөзге жуықтығы жоқ, үркек жүрегің, бүгін Құлжаннан да қомақтылау көрінді ғой, бұл ерлік бүгін қайдан бітті саған, соны айта кетші!

– Мен ғана емес, сенің сайрау сөзіңнің газетке мұншалық өрескелдікпен қысқарып шыққанын көрген достарыңның бәрі де ашынды. Сенің мұншалық дөрекі сайрамайтындығың, білетін адамның бәріне түсінікті. Сайрау жиынында бірге болғандар да сөзіңе аса мойындап шыққандықтарын айтады. Сол ашынышпен келіп, жұрт аңысын сездіргенім ғой. Құлжанша сайқалдықпен, иә, кері төңкеріс үгітімен келді деймісің. Алдымызда «от амалының» үскірігі барын әркім айтып жүр. Сайрағандардың сөзіне жазған түзетулерді газет баспайды екен. Соны суық амалдың белгісі деседі.

– Жоқ, ол, өсек сөз!– дедім мен. – Осы «ашылып сайрау» әрекеті партия ішінде стиль түзету үшін пікір топтау мақсатымен ғана жүргізілетіндігін газетпен де, радиомен де әлемге әйгілеп болмады ма! Ал, мен сайрар алдында Фубужаң кіріп, өз аузымен осыны тағы айтты. «Артық-ауыс сөйлегендіктерің үшін сендерге жаза келсе, мен кепіл!» деп кеудесін үш рет ұрды. «Бұлбұлдарын» бұлай алдап сайратып алып жұлмаласа, бар іс бұзылатындығын, халық алдындағы сенім-абыройынан жұрдай болатындығын компартия білмейді деймісің!...

Өлзе атты бурыл бас қарт ағартушы мұңғыл мені жазғыра кірді осы мезетте:

– Ой ынжық-ау, сайра-сайра дегенде осылай сайра деп пе едік саған!– орнымыздан қарсы ала түрегелгенімізде жырылып шыға жөнелмек болған Асылқанды қолынан ұстай төрлетіп келіп отыра жалғастырды сөзін. – Бір егінші кедей жайлауға шыққан байдың жылқысына екі атын қосқан екен. Әрине соқаға жегіліп арықтаған соң бас арқасы босап, жайлауда біраз күйленсін деп қосады ғой. Бірақ күйленгені сол, жайлау сарыжұрт бола бірі жоғалыпты да, бірі күзде жауыр болып жаурап, көтеремнен кібіртіктеп әрең қайтыпты. Қатты құсаланған иесі байға ештеңе дей алмай, сорлы атын оның көзінше байлап қойып, сабапты келіп:

Екеу едің бірің қайда, әкеңнің аузын!...

Жаздай алған шірің қайда, әкеңнің аузын!..

Таудың шөбі жақпады ма, әкеңнің аузын!...

Сені қазақ бақпады ма, әкеңнің аузын! –деп тұрып шықпыртыпты. Сенің парткомда сайрап, газетте жарияланған пікіріңді де осылай сабайын деп келдім, Биғабіл!

Мақпал бастап қатты күлдік бұл сөзге.

– Дұрыс, менің бұл «атымды» тіпті қаттырақ сабау керек!– деп күлдім мен. – Бұл иттің малы соқадан арықтаған мал емес, қысы-жазы өз жайлауымда семіріп, бәйгеге қосуға бабымен жаратылған ат болатын. Ол егіншінің атынша жауыр болып қана, тұралап қана қайтса керегі не. Тіп-тік құлақтан да, жібектей жал мен құйрықтан да, құралайдай жайнаған көз, құндыздай құлпырған жүннен де жұрдай боп, тұп-тура от жаққан ошақтың көмейінде үйітілген күшікше әрең қыңсылап шықты! Мұндай сорланғанды сойылдың үлкенімен соғу жөн шығар!...

Өлзеде Дөрбілжіндік, жерлес. Мен алғаш «диуаналар мектебіне» түскенімнен түс таныс. Аудандық «мұңғыл мектебін» ашқан. «Аудандық мұңғыл мәдени–ағарту ұйымының Елсадық тұрғылас ұйымдастырушысы еді. Шың Шысайдың мылтық жию «құрылтайына да» Елсадықпен бірге барып қамалып, ол өлтірілгенде «дәрілік мүйізі» жетіле қоймағандықтан тірі қалып, үш жыл түрмеленіп қана қайтқан болатын. Онан соң Шәуешектегі педагогикалық мектептің мұңғыл класына бас мұғалімдік міндет өтеп жүріп, күле жеткен гоменданның мылтығы шошайысымен Қобыққа – мұңғыл даласына сіңіп жоғалған. Партизандық соғысқа қатынасқан. Үш аймақ гоменданнан азат болып, «төңкерістік Шығыс Түркістан үкіметі» құрылысымен сол аудандық үкіметтің оқу-ағарту бөлім бастықтығына тағайындалды да өз кәсібіне қайта шықты. Өлке толық азат болысымен Үрімжіге оқу-ағарту баспасына шақырылып келіпті. Мен Үрімжіге қызметке келген соң аға болып танысты да, кешікпей құрдасқа айналып кеттік. Өйтетініміз, ол, кемпірі мен балаларын Қобыққа қалдырып келіп, салт жатақта тұр екен. Қызметтес бойдақтардың құрдас болуы қиын емес қой. Мақпал келіп «келінді» болған соң ғана ағалығы есіне түсті. Келіндері сәлем етіп бүгілгенін көргенде, иә, ағалығы ұстап ұрысқанда болмаса, әлде де құрдас сияқтымыз.

Сайраған пікірлерімді, оны қандай сөзбен сайрағанымды анықтап естіген соң Өлзе ұрсуды қойып, толық құптады. Өзі әлі сайрамаған екен. Менің сөзімнің осы қысқартылуы жөнінде алдымен сайрайтындығын айтып, аяғын ызамен нық тастай жөнелді.

– Сен осы партияда бол-болма бәрібір, марксизм–ленинизмнің Шынжаңда өскен, толыққанды өркені емеспісің, ес білгеннен-ақ компартияның көзі, тілі боылып келмеппе едің!– деп барып, табалдырықта бір қайрылып тұра қалды. – Сені бүйтіп қасақана қателестірмек болған кім екенін тексеріп тауып, өз алдымызға бетпе-бет күреске түсіріп беруін талап етемін!

Мен есік алдында тұрып қалдым да «қайнағасын» қақпаға дейін шығарып салуға шыққан Мақпал тоқтау айта ілесті:

– Мұның бұл сөзін бұрмалап қателестіргенде не табар дейсіз, аға, өзіңіз де сабыр сақтаңыз!

– Биғабілдан мәселе емес, олардың іздейтіні, найзадай тіл!– деп өрекпіді Өлзе. – Оны осы сылтаумен ортаға шығарып ерегестіріп, тілдетіп қателестірмек!

– Япыр-ай көкбасым-ай өстіп жүріп от басып кетерме екенсің!– деп Асылқан күңіреніп, күлдіре шықты қақпадан.

«Осы кәрінің осы сөзінде бір негіз бар-ау!»– ойлана күлдім. – «Менің тілімді өткір көріп, найзаға теңегені ғана жаңсақ. Шындықты сөйлеу найза ма!... Найза боп көрінсе, қылмыс боқшаларына ғана, сайтан жүректілерге ғана найза боп көрінер, «ұры көті қуыс қой», түйреп өтер деп сол екеуі ғана тітіренсе, ғажап емес. Ал, ондайлар жақтырмайды екен деп азамат атымды жойып, өз түсінігімді сөйлемей, өгіз боп пысылдамақпын ба, иә, түлкі боп жылтыңдамақпын ба! Менің пікірімнен еңбекшілер жұртшылығы мен компартияға найза түгіл түйретпек тікен тиген жері бар ма еді?... Жоқ!... Еңбекшілер партиясының табанына қадалған тікен өзімнің маңдайыма қадалсын! Пікір шыншылдығына жат көзбен қарайтындар – түптеп келгенде адал еңбек пен әділет атаулының жауы. «Әділеттің алтын таразысы» дейтіндеріміздің ешқайсысы шындықтан басқа материалдан жасалған емес!»

Асылқанның «қарада тұр» дегеніндей, менің сайрау хабарым жөнінде газетке түзету шықпады. Нажмиденді қысқаныммен дым шығар емес, қыссам, «әне-міне» деп қысылады да, сол хабарды жазған саусақтарын өзі де қысып, сырт-сырт, күрт-күрт еткізеді. Түңілдім де сайраған тезисімді сұрадым.

– Тезисіңізді Фубужаңға жазған өтінішіңіз барысымен бергенмін. Ол, «Бұл материалы өтінішімен бірге тұрсын. Бірер сөз қате кетті деп алаң болмасын, басқа сайраушылардың да түзету талап еткендері көп. Біреуіне түзету берсек, бәріне беруге тура келеді. Бәріне түзету беріле берсе, қаншалық сырапшылдық болатындығын ескеру қажет!» дейді. Сондықтан түзету жазуды да, сіздің тезисті де қайталап сұрап бере алмадым». – Нәжмиденнің менің сұрағымнан ең қатты терлегендігі және ең соңғы жауабы осы болды.

– Бүйткен тілшілік құқығыңның да, кадрлық сапаңның да құйрығына ұрдым!– дегенімде ол қарқылдап күлді, мен жымия күлдім. – Егер осы сайраудан бір қармақ шығатын болса, төңкерістік сөзді кері төңкерістік сөзге айналдырған саған бұғалық тастаймын, есіңде болсын!– деп кесетуіме ол тіпті қарқылдап күле қайтты да, күлкісін бұл қорқытумен де тия алмайтындығымды мен біле қайттым.

Достар көңілімді көтеруге келеме, көңіл айтуға, иә, көңіл сұрауға келеме, әйтеуір есігім тыншымады. Алғашында ақыл айтарлық, тәжірибелі ағалар бір-бір келіп жай сұрасып шығып еді. Соңынан іні мен қарындастар қаптады. Әсіресе Мақпалшыл қыз-келіншектерден танитыным да, танымайтыным да үйірлесіп алды. Бірнеше күннен бері тоқтап қалған жұмысымды істетпейтін болған соң қарсы үйге шығып, сыртынан құлыптатып қойып істедім. Мұқтажды бүйімтайы барларына бұрынғы әдетіммен кеште келуін Мақпалға тапсыра отырдым.

Сайрауымның жұртшылық алдына сабынша бұзылып шыққанына ең қатты қайғырған «Жанашырым» Әлия болды. Бір аптадай кейінгі бір кеште келсе де расымен-ақ көз жасын есіктен кіре төгіп, өксіп-өксіп қалды маған қарап.

– Аппай-ау не болды соншалық?– деп таңырқай сұраған Мақпалға жауап бермей егілді. Төрде отырған Ынтықбай мен Күләннің бір-біріне қарап күліскеніне қарамады. Мақпал қолымен көзжасы сүртіліп, шай ішіп уанған соң сұрадым мен.

– Не болды, байың ұрды ма?

Ұрттаған шайын бүрке күліп жіберген Күләнға жалт қарап, бірге сыңғырлады Әлия. Бұл сұрауға да жауапсыз күліп алып, ауыр күрсінді.

– Өй, әлде сол немең өліп қалды ма? – Бұл сұраумен әрине тіпті де жауап ала алмадым. Біраздан соң қарсы үйге тамақ дайындығына шыққан Мақпалдың соңынан кетті. «Нұрияш, Нұрияш!» дей шығып, ондағы ұлым мен Сайраны шөлпілдетіп сүйгені естілді.

– Нұрияш, мына кішкенесін де туып жібергенбісің?

– Аппай-ау мені тауық деп пе едің?

Екеуі сақылдасып алып, сықылықтаса жөнелгенде естіп отырған бізде күлістік.

– Жаңа ғана егіліп келіп еді, күлкісінің шаттығын қарашы өзінің!– деп Күлән еселеп күлді де, Ынтықбай маған қарап күбірледі.

– Осыны қаншалық опасыз дегеніңмен сені шын сүйеді екен!

– Шын сүйетіндігі деймісің, шын сайқал ғой бұл! – Күлән мұңая күрсінді. – Сүріне қалсаң, ең үлкен жауың осындайдан шығар!...

Әлия, неліктен екені белгісіз, «Күләннан ұяламын» дейді, біз отырған үйге қайта кірмеді. Қарсы үйден екі рюмка арақ қағып алып, қазаннан тамақтаныпты да велесипетіне міне жөнеліпті. Мақпал соны айта кіріп, дастарқан жасады. Шампанды төртеуіміз оңаша ғана іштік бұл кеште. Әлиядан Мақпал не себепті жылағанын қайталап-қайталап сұрап, әрең айтқызыпты. Бұл жайды Мақпалдың Күләнға күбірлеп отырғанын ортадағы Ынтықбай естіп қойып, елеңдей сұрады.

– Екеуің кімнен жасырып күбірлесіп отырсыңдар, біз де естиік.

– «Ешкімге айтпай қоя тұр» деп еді!– Мақпал қызарақтай күлді.

– Қоя тұратын өсек емес бұл, бізге қазір зәру хабар!

– Бұл саққұлақ сөйлеп отырып қалай ести қалды екен!– деп Күлән ымдады Мақпалға. – Айтып бере ғой, досыңның сыры емес қой!

– «Оңшылдар мен ұлтшылдарға қарсы әрекет жүргізіледі екен содан Биғанды аяп жыладым» дейді! – Мақпал осыны ғана айтып күлімсіреді де Ынтықбай ойлана қарап сұрау қойды оған.

– Сонда Биғабілді оңшыл, иә, ұлтшыл деп жылағаны ма?

– Қайдан білейін, әйтеуір «Биғанын» қиын аяйды өзі! – Мақпал маған қарап сық ете түсті де, Күлән ашық күле жауап қатты.

– Бұл әңгүдік екеуіңді араздастырудан әлі дәмелі!

– Сонда көзжасын көл қып өтіріктен-өтірік жылай ала ма!– деп Ынтықбай Әлияны бұл мәселеден ақтайтын рай байқатты.

– Амалын асырғысы келіп, аздыруға шындап құмартқанда қай сайқал жылай алмайды дейсің. Және мына Әлияштарың «Биғанның» сайрауы мен осы хабарды естіп қуанғаннан тіпті жақсы жылай алатын шығар!

– «Әлияштарың» деуін өзінің!

– Коммунизмші партияның мүшесі болған соң сенің де Әлияшың болад та! – Күлән диван арқалығына шалқалай күлгенде Ынтықбай сүзе қарап, оның тоқ омырауын жастана құлады. Төменгі жағында отырған Мақпал ол екеуіне жымия қарап қойып, стол айлана ұмтылды маған қарай. Менің қолтығыма кіре кеп құлады.

– Ал, Әлияшың естігенді сен неге естімейсің? – Күлән бір қолымен Ынтықбайдың құлағын созды. – Саңырау ма едің?

– Өнебойы толған тесік ол естігеннің бәрін мен қалай естіп үлгермекпін! – Ынтықбайдың жауабына қарқылдап күлдік.

– Оның тұла бойы толған «құлақ» екенін қайдан білдің?– деп Күлән оны үстемелей тергеді. Бірақ, жырынды Ынтықбай тез құтылды бұл теңеуден.

– Үй, сенбесең Биғабілдан сұрашы өзің, сол айтқан маған!

– Ал, Биғаш, тергеу саған келді, рас па мынаның айтқаны?

– Құдай біледі ып-рас. Әлияшымыздың бойында ғана емес, төбесінде де, бақайшығында да, табанында да тесік бар, бәрімізге жетеді!

Ынтықбай ыдыстарға шарап құя тұжырды сөзін. – Соншалық күле көтерілдік. Ыгнтықбай ыдыстарға шарап құя тұжырды сөзін. – Соншалық мол тесіктерімен тәулігіне аз дегенде қырық хабар қабылдайтын Әлияш естігеннің бәрін мен қайтып естімекпін!

Күлән ыдысын алып бір ұрттады да күлімдеп тұратын өткір қара көзін маған қадады.

– Жә, Биғаш Әлияштарыңның сырына өзің жетіктеу сияқтысың, осы хабары рас па, өтірік пе, соны айтшы!

– Мақпал да осының анық-қанықтығын білгісі келгендей шыңырау тұнық көгілдір көзімен тұна қарады маған.

– Күн де сынап біліп жүрген күндесің екен ғой, –деп жымидым Күләнға. – Оның жан дүниесіне сен жетіктеу сияқтысың. Әлия «Нұрияшқа» ғана айтып, басқамызға айтпа дейтіндей қандай сиқыр хабар бұл, өзің бір сөйлеші!

– Осы «ашылу – сайрау» науқанын оңшылдармен жерлік ұлтшылдарды ашу үшін жүргізді деуге қандай қисын, қандай дәлел бар? Алдымен соны талқылап көрейік!– деп Күлән Ынтықбайға қарады. Ынтықбай бөгелмей айтты өз ойын.

– Меніңше бұлай деуге дәлел де, қисын да жоқ. Басқа ойымен емес партия ішінде стиль түзету үшін сайратып жатқанын осы өткен аптаға дейін нәсихаттап келді ғой. Инабаты мен абыройы ең зор партия жалт бұрылып қылыш жарқылдатады дегенге ақылым да батылым да жетпейді. Жалынып-жалбарынып пікір сұрап алып отамақ па!... «Әлияшым! өтірік айтады!».

– Және Жұңго компартиясына ең толық сенетіндер ғана толық ашылып сайрады,– дедім мен. – Сенбейтін қай жау өз қарнын өзі жарып бермек. Сенбейтіндері демін ішіне тартып мақтап қана, жеңіл-желпі қасып-сипап қана өте шықты. Олардың пікірсымақтарына суда жұқпайды. Отаса, партия өзінің ең сенімді қолқанаттарын отайды. Мұның обал болатындығын білмей ме, обалды былай қойғанда да өз образын – өз беделін ойрандайтын, өзін-өзі жұлып, рәсуә ететін партия бола ма!– дей келіп, Фубужаңның кеуде қағып тұрып берген сертін толығымен сөйлеп бердім. – Жиып айтқанда Ынтекеңнің «Әлияшы» жеткізген хабар, менің Күләшімнің алғашқы берген бағасына лайық, сайқалдық қана өсек! – деп күлдіре тоқтаттым сөзімді.

Мен қарағанда Күләштің кірпігі жиы қағылып, төмен қарап кетті. Маған жамбастап, қабырғама жабыса тыңдап Мақпалымның арқасын сылай беріппін. Күлән оған сұрау қойды.

– Ал, Нұрияш, сенің қандай пікірің бар?

– Мен де осы айтылғандардан басқа пікір жоқ. Партия бұрынғы жүргізген науқандарының ешқайсысында да өз мақсатын, саяси нысанасын жасырмаған ғой. Мұндай амал қолданып, көпе-көрнеу алдап, күн ашықта тұйыққа тірелетін жолға бастамайтын шығар!

– Мен де осылай ойлайтынмын,– деді Күлән сәл кідіріп. – Осы «ашылу–сайрау» науқаны басталғаннан бергі көрген-білгеніміз ұп-ұқсас екен. Енді осы науқанның алдындағы ауқымды талдап көрсек қалай?... Әсіресе осы жақыннан бері неғып науқаннан – науқан болып кетті, бірін көңілдегідей тиянақтандыра алдық па?

Күләннің бұл сұрауынан көзім жарқ ете түсті менің. Өз сенімімдегі бір әсерлік кінәрат бадырайып айқындала кетті.

– Жалғыз ұлына кір жуытқысы келмейтін ата-ана сияқты өзінің аяулысына жаңсақ баға беріп қалу – бар адамға жалпыласқан кемшілік қой, жақсылығын асырып, жаманшылығын жасыруға дайын тұрады,– дедім. – «Қарға баласын аппағым дейді», «кірпі баласын жұмсағым дейді» деген мақалдар соның қортындысы. Бұл, өзі, адамзатқа өте ертеде, меншіктенушілік пайда болғаннан бері жабысқан өзімшілдік дерт. Жершарын жейтіндер көбейіп, тапшылық төнген сайын күшейетін бұл дерт, адамзат қоғамының ажалы, ең зор қатері. Осы дертті шектеп, осы ажалға ара түсетін бірден-бір күш – жалғыз, яғни, коммунистік партияның басшылығы ғана деп сенемін. Мендегі бұл сенім аса күшті. Бұл, әрине ең ардақты сенім ғой. Сол ардақты сеніміме келгенде мен де әйеншек екенмін. Компартия басшылығынан мін тапқым келмейді. Мендегі өзімшілдік дерт осы болса керек. Сайрауға тиісті пікірлерім бола тұра сайрағым келмей, «партиядан өтілген мәселе емес, жеке сойқандардан өтілген мәселе» деп партия басшылығына әшкере сайрап кір келтірмей, жазып ұсынуды ғана ойлап жүріппін. Ал, шындығында партия басшылығында ондай жекелер жоқ деуге бола ма!... Коммунистік партиядан кемшілік-қателік іздегім келмей, ондай айыбы көзіме түссе де көргім келмей көз жұмып келіппін. Бұл кемшілігіме екінші жағынан қарағанда «Өзімшілдік дерт» деуге де болмас, ата-ананың ұятты жерлеріне қараудан беті күйетін баланың қанындағы әдебі – ар-намысы шығар. Ал, қарамай қою арқылы ата-анада ондай ұятты мүшелер жоқ деуге бола ма! Бізде ата-ана болып отырмыз ғой, ондай мүшелер бізде жоқ па!...




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 371; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.01 сек.