Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 28 страница




– Күреске түссем түсейін, зор жиынын зор бастықтың өзі келіп басқарса болғаны, айт барып осынымды!

– Асықпа, өкпеңді баса тұр!– дей сала полк штабына жүгірді бір бастық.

Бұлақтың желкесіндегі сол тандырларға су құйыла берді. Іңірде де, түн ортасында да, тіпті таң алдында да шалдырлап-борылдап жатты. Ұрандап күрес жиынына шақырған ешкім болған жоқ. Таңертеңгі тамақ уақытында Үрімжіден бір автомобиль шелек келді. Полковниктің су жөніндегі жауабын осы екенін түсіндік те жотадағы тандырдың астын тағы да үңгіп қайттық. Түскі тамақты іше салып, тағы да үңгуге өрлей жөнелгенімізде бір бастық ақырып тоқтатты.

– Ей кербақпалар, қайда барасыңдар!... Қайт!... Ендігі жұмыстың мына домналарда ғана болатындығын түсінбейсіңдер ме!

– Үлкен «домналардың» бітуіне бір-ақ күн қалды. Біз соны ғана түсінеміз! Он күн істеп, шала тастағанымыз болмас!

– Қой шала-палаңды, енді жұмыс жоқ ол жаққа!... Ей, менің неме қарап тұрсыңдар, қайтыңдар, саңыраусыңдар ма?

Расында да «саңырау» болыппыз. Үрімжіден неше жүз шелек алдырғанымен жотаға су шығаруға оның да шара бола алмайтындығын «данышпан» полковниктің енді түсінгенін естімей қалыппыз. Мұнысын бізге ашық айтудан намыстанып, жаңа бұйрығын түскі тамақ уақытында жасырын түсіріпті. Бірқанша адамды құлатып-қиратып, мың машақатта жотаға әрең тасып шығарған көмір мен темір тасты қайтадан сайға тасуды сол екі ротаның өздеріне ғана сып-сыпайы сыбырлап, қайта міндеттеп болған екен. Мұның анығын жотаға өрлеп бара жатқан сол «пешкалардың» күбірінен ұғып қайттық.

Өзінің қатты қателескендігін жасыру үшін қаһар шашпаған бирократ, бирократпа. Бастық біткеннің түсі түгел бұзылып, доңыз айбаттарын танаулары мен қабақтарына орнатып ала қойыпты. Бұйрық деген шорт-шорт, шақ-шұқ. Жотадан қайта домалап жатқан тас пен адамға біреуі де бұрылып қарар емес.

Бір группаның бөлімше бастығы болып жүрген Мақұлбек тіпті түксиіп, дөңкие түсіпті. Бұл да намыстанып жүрме десек, маңызданып жүргені екен: бүгін су бойындағы он екі тандырдың «домна бастығы» болып тағайындалыпты. «Құрыш өндірудің ең даңықты міндеті сендерге жүктелді, тез шығарыңдар!» деп өте шықты алдымыздан. «Даңықты міндетті» –тандырға түсіп қоқыс шығару болып табылды. Жотадан терең зынданнан құтылысымызбен отты тозаққа бұйрылыппыз. Әр тандырдың ернеуіне аттарымыз жазылып та үлгеріпті.

Түсуге міндеттелген тозағымызға Әбілез екеуміз қатар келіп үңілдік. Ірге-іргесі әлі де қызарып қозданып тұр екен. Әбілез бұлаққа екі шелек ала жүгіргенде тіземде тіреніп, орта шеннен жалтыраған отқа еңкейе қарап қалыппын. Ту сыртымнан бір күшті қол итеріп кеп жібергенде қайрылып қарауға үлгере алмадым. Құлап бара жатқанымда қарманған қолым тандырдың қарсы жақ ернеуіне ілініп барып шығып кетті. Үстіңгі қабаты өшкен сияқты көрінгенімен асты әлі де қозданып жатқан қоқысқа басым түспей, алдымен аяғым түсті сөйтіп. Итеріп құлатқан кім екені ескерусіз қалып, бар назарым астымдағы отта болды. Ең құдіретті ажалым аяқ астымда жатпай ма! Өкпемді от жалыны қарып, тынысым тарая қалды.

Анадайда тас соғып отырған әйелдердің шу ете түскен даусы естіліп еді. Әбілез жүгіріп жетіп, екі шелек суын менің үстіме дәлдеп төкті. Қалың мақталы бешпет-сымнан сырғып, пимамның іші мұздай суға тола қалды. Суға тойынған шарпым мен аузымды тұмылдырықтап тыныстадым. Табанымның асты борылдап, мол су талап етіп жатыр. Көмірдің жанып болуы мен темір тастың балқып сығылысуынан босаған тандырдың, үштен екі бөлігі қою буға толып, ешнәрсе көрсетпей қойды. Құтқаруға тұс-тұсымнан созылған қолдар бар сияты. «Қолыңды соз!», «қолыңды соз!» деп шуласып тұр үстімнен.

– Су, су!... Көп су керек!– деп мен айқайладым тозақтан, – әкел қолыма, қолыма бер!– дей сала қолыма ілінген шелектерді қозданып қызарған жерлеріне дәлдеп төге бердім. –Мақұлбек шошқа осыныңды ұмытпа!... Бұл мені пісіріп жеу үшін істегенің ғой, ұмытпа!... Осыныңды ұмытпа!... Әбе, енді сен түспей тұра тұр, керке мен күрегіңді бері бер!...

Тандырдың аузынан төнген көп көзді, жастары мөлдірей төнген көздерді де енді көрдім. Кейбір ірі тамшылары иығыма тамып тұрды. Қоқыстың үстіңгі жағы балқымай, ұстаспай, ұсатылған руда күйінде жартылай ғана жабысқан екен. Керкелеп шауып босаттым да алдымен соларды лақтырдым сыртқа. Ірірек кесекке айланып бөлінгендерін арқанның ұшына байлап, Әблезге тартқызып шығардым. Мүлде бөлінбей, аспаннан түскен метеоритша бедірейіп қалған тұтас қоқысты жалаңаштап болғанымша тандыр іші қараңғыласып, кеш батқанын білдірді.

Әбілездің тастаған арқанынан ұстап далаға шыққанымда, тісі қурап кеткен киімімнің іші термен шылқылдап алыпты. Ал, су толтырылған пимамның іші де құрғап, тандырдың оты соның ішінен білініп қарап тұр. Тұла бойым парға айналып кеткендей қою буға оранып тұрып қалдым.

Кешкі тамаққа сөйтіп аман-есен жетіп едім. Іле-шала комбат шақыртты штабына. Дүрсе қоя берді маған.

– Бастығыңды не деп тілдедің?...

Мен болған оқиғаны сөйлеп беріп едім. Мақұлбекке, «шошқа ұмытпа осыныңды» дегенімде ғана тергеді.

– Ей, сен де адам, мен де адам, адамгершілікпен тыңда!– дедім мен, бастық езеурей берген соң. –От қоздап тұрған терең құдыққа итеріп, ол күйдіріп өлтірмек болғанда, мен ондай ескерту айтпай-ақ өле салуым қажет болды ма?... Адам өлтірмек болған зиянкестігі үшін оның сотқа тартылуы қажет!.. Әділдікпен – адамгершілікпен анықтаңыз!

– Бастықты иянаттау дегеннің не екендігін біліп тұрып иянаттадың!– деп бастық ақыраңдай жөнелді. – Сенің тілдегенің Мақұлбек қана емес, бүкіл партиямызды тілдегенің! «Ұмытпа осыныңды» дегенің, коммунистерден кек алмақ, компартияны аудармақ болғаның!... Мұндай тілді кім берді сендей оңшыға!... Ол сені домнаға итерген жоқ. «Тез түсіңдер» деп иығыңнан ғана түртіпті. Даяужыңға қарсылығыңмен өліп алу үшін өзің секіріп түсіпсің! Бүгін өзіңді тексересің, дайындал!... Айтып қояйын, «адамгершілк», «әділдік» дегенің – абстракт түсінік. Таптық күреске оның қажет емес, бізге осы шындықты мойындауың, идеяңды өзгертуің ғана қажет! Қашан өзгергеніңше күресеміз сенімен!...

Ноғаласы өсіп кеткен бұл соқырдың қолына ұстатқандай қаншалық айқындап сөйлегенімен дәлел тыңдар емес. Өзімнің бір шындығымды ғана ескертіп шықтым.

– Адамды өзгерту – өзгеру ісі ақиқатқа ғана бағынысты. Балшық емес, адам санасы һақтық –әділетке мойындағанда ғана өсіп – өзгереді. Күресте де әділет пен һақтық жеңеді. Айқай мен зорлық жұдырық жеңеді дейтін дәмеден аулақ болыңыздар! Ал, мендей нахақ жаламен зиянкестік көріп жүрген адамды күреске тарта беруден өздеріңізге келер титтей де пайда жоқ!..

Осыны айтып шыққанымда зор жиын майданы "пешкаларға" лық толып, электр лампалары жарқырай қалыпты. Жақындап барғанымда ұран көтерілді. Қаптап отырған үлкен «пешкалардың» дауысынан» кішкене пешкалардың» шырылдаған дауысы басым. Қазақ бастауыш мектебінің оқушыларын түгел әкеліп, маған қарсы шулатып қойған екен. «Шегінен асқан оңшы Биғабіл жоғалсын!» деген қазақша ұрандарын ести жетіп едім.

– Ортаға шықсын, шықсын ортаға!– деген жуан бұйрықтар жуан кеңірдектерден атқақтап қоя берді.

– Ал, шықтым!– деп, оқушыларға жақындап барып тұра қалдым. Жас оқушылар, тағы да ұрандата жөнелді. Күле қарадым оларға. Мұғалімдері бұғып алыпты, көрінбеді.

– Балалар, менің не себептен күреске тартылғанымды білесіңдер ме?– дегенімде жым бола қалды. Бірқаншасы менің ыстық күлкіме қосыла күлді.

– Өзіңді тексер, тексер өз мәселеңді! –деген жуан кеңірдектер қайта арқырады. Алыстан Айғайкөк те келіп қосыла кеткен екен. Полковник көрінбеді, келмеген сияқты.

Біреуі ұран көтеріп еді, сол жуан кеңірдектердің өздерінен басқа көп ешкім қолдамай өшіп қалды. Өйтетіні, бағанағы оқиғаны көрген тас соғушы әйелдер жағы жым-жырт. Активтер қатары, өздері қиналғаннан бері тым азайып кеткен болатын. Сондықтан, көмірмен темір тасты таудан сайға, сайдан тауға шығарып, қайтадан сайға тасып жүрген екі ротадан қақшиған бір де бас көрінбеді. Мойындарын іштеріне түгел тығып алыпты.

– Күреске тарту – көпшіліктің ісі,– деп бастадым сөзімді. –Жазығым болса, көпшілік жазғырсын, бүгінгі болған істі көпшілікке сөйлеп берейін...

– Естіп болдық, тапсыр өз мәселеңді!– деп Айғайкөк ақырды.

– Сіз, бұл жерде болған оқиғаны Үрімжіден көріп отырмаған шығарсыз, түтін қалың ғой, «Биғабіл даяужыңға қарсы болғандықтан өзін «домнадағы» отқа тастап жіберді де Мақұлбекке жала жапты» деп естігеніңізді мен де естіп келдім. Көпшілікке нақтылы ахуалды өзім сөйлеп беруім қажет!..

Мәселен дәл өз қалпында сөйлеп бола бергенімде әйелдер бір дауыспен растай қойды. Өз көздерімен көріп отырғандықтарын айтты. Бұл жерге «құрыш қорытуға» келгенімнен бері бас тартпай–демалмай істегендігімді, Мақұлбек тандырға сыртымнан итеріп құлатқанда өртеніп кетуімнен өздерінің су құйып құтқарып қалғандықтарын да сөйледі. Ешқайсысының жеке бой көрсетпей жарыса сөйлеулеріне қарап, әдейі осылай істеуге ақыл қосып алғандықтарын байқадым. Сөйтіп бастықтардың менімен қосақтап соғуына лайық ешбірі дараланып көрінбей қойды. Сәйда да төмен қарап алыпты.

Жиын басқару столында отырған комбат пен Айғайкөк бір-біріне жалтақтасты да комбат көтеріліп, тәртіпке шақыра-ақыра сөйледі.

– Рұқсат алып бір-бірден түрегеліп сөйлеуді ұмыттыңдар ма! Тәртіп қайда!.. Кімнің дос, кімнің жау екендігін де ұмыта қалдыңдар ма?.. Зор секіріп ілгерілеумен оңшыл-ұлтшылдарға қарсы идеялогиялық күрестің айрылмас бірдене екендігін ұмыттыңдар ма!.. Бұл тәртіпсіздікті кімдердің өрбітіп отырғандығын басшылық білмейді деп ойлайсыңдар ма!... Бұл Биғабіл дейтін әбләхтың[51] күніне неше пәле өрбітіп, компартиямен ұлы Маужушиға қарсы қанша жала тарататын өзгермес жайыл ғұнсыр[52] екендігі бүкіл әлемге мәлім болмап па еді!... «Кімде-кім төңкерісшіл халық жағында тұрса, сол төңкерісші, кімде-кім империялизм, феодлизм, бирократ капитализм жағынан көрінсе, сол кері төңкерісші» деген данышпан көсеміміздің көзге тыққандай айқын нұсқауын естен шығардыңдар ма! – Комбат осындай шошытарлық сұрауларын нажағай ойнатқандай осқылап шұбыртып келіп, көпшілік арасынан әлдекімді іздегендей тінте қарап біраз тұрды. Майдан тым-тырыс. Тек, тістердің сақылдағаны ғана естіліп, иықтардың селкілдегені ғана көрінеді. Түтінді тұман айқара жапқанымен үскүрік тілді аяз жалаңдап – соққылап тұр. Комбат әйелдердің «қорқып жуасығанын» осы сақылдаған тітіректен білгендей, Мақұлбекті шақырды. – Жолдас Мақұлбек, сөйле, мына тоңмойын не деп тұр?.. Партияға тапсырған жүрегіңмен мәселенің шындығын ашып бер мына көпшілікке!

Мақұлбек күңгіртірек бір шеттен түрегелді. Бірнеше серігінің ортасына отырып алған екен.

– Жолдастар, мен басшылықтың төңкерістік бұйрығын орындау үшін бүгін төтенше асығып жүргенмін. Домнадағы темірді бүгіннен қалдырмай шығарып болыңдар деп анау жалақор оңшының иығынан ғана түртіп өткенмін. Онда жауап қатпай, домнаның түбіне қарап тұрып қалған. Мен төртінші домнаға барғанымда отқа секіргенін көріп... шу ете түстік. Болған оқиға осы!... Кері төңкерістік ұйымын жасырып кету үшін өліп алмақ болғаны!

– Ей қаражүз қанішер, еңкейіп тұрғанында артынан дыбыссыз келіп итеріп жіберіп, қанды қолыңды жанқалтаңа сала жөнелгеніңді біз, мына бәріміз көріп отырдық қой! – Әйелдердің артқы қатары осылай дүрілдеп барып тына қалды. Рота, звот бастықтары екі жағынан бірдей жалақтап жетіп келіп еді. «Оңшыны жақтап топ басшысы» болып ортаға шығудан бәрі де тартына қалғандықтарын байқадым.

Қасындағы төрт-бес серігі Мақұлбекті де ақтай жөнелді. Бұлар да өз көздерімен көргендей, қылмыскердің жаңағы өз жауабын растады.

– Ол шақта өздерің қайда едіңдер?– деп арт жақтан төрт-бес әйел оларға дүрсе қоя бергенде басшылық жағы ұран көтеріп долыра жөнелді.

– «Жойылсын оңшыл–ұлтшылдар!», «оппортонизм құйрықтарын қырып тасталық!», «қырағылығымызды арттырайық!», «жоғалсын социализм жаулары!»...

Ұранға бастықтардың ақшырайған көздерінен қорқып қосылған бірнеше активтен басқа көпшіліктің тағы да жым-жырт отырып алғанын, «төңкерісшілер» елемегенси жалғастырды ұрандарын.

– Жауап бер!... Сөйле!– деп ең соңында маған ақырды комбат.

– Жауабым да талабым да сол, қанішер қасқырды сотқа тапсырып беріңдер, сол жерде сөйлеселік! –мен де ақыра қарадым оған. – Даяужың дегеніміз төңкерістік әрекет болса, даяужыңшыларды отқа итеріп, қаскүнемдік әрекет жүргізу, нақпа-нақ кері төңкерісші!... Мұны тыңдамай, осы күреспен буып тастай алмайсыңдар!

– Өзгермеймісің?

– Кімдердің өзгеріп, кімдердің жазалануға лайық екендігін әлі білмедіңдер ме?– деп мен де кеңірдектегенде, қостаушы кеңірдектерін Айғайкөк бастап тағы да ұрандата жөнелді.

Бағанағы сұрауымнан соң үнсіз қалған жас оқушылар әлдекімдерінің күбірімен тізіліп кете берді. «Балалардың жатын орындары алыс, таң атысымен жұмысқа шығады!» деп оқытушылары жүре жауап берді бір бастыққа. Көпшілік арасын дабыр-күбір кеулеп кетті: «бұлар пікір тыңдар емес. Көргенімізді заң орнына бірлесіп жазып жіберелік!» деген пікір әйелдер жақтан анық естілді де ашық қуатталды.

Ұрандарының қабыл болмағандығын түсінсе де кеңірдектеп тұрған Айғайкөкті жиын бастығы санынан түртіп тоқтатты. Сөйлетпек екен. «Жиынның күн тәртібі бойынша» өзіне сөз берілгендігі, түгі қурамаған тіп-тік салтанатпен жарияланғанда орнына отыра қалған Айғайкөк, тамағын қырынып-қырынып жіберіп, жалтақтап қарады маңайына. Мұндайда таза стаканымен алдына келе қалатын ыстық шай көрінбеген соң алқымын сипалап қақырынып алып бастады сөзін. Күшене-күшене аузына әрең түсіріп, «зор секіріп ілгерілеудің халықаралық маңызын» сөйледі: ұлы Маужуши басшылығындағы біздің бұл әрекетіміздің «жаһанды дүр сілкіндіріп, жаһангерлерді қалтыратқанын» айта келе, менің қызып тұрған «домнаға секіргенімді» соның бір дәлелі етіп көрсетті. Ерлер жағы тұншыға күлісіп, әйелдер жағы ызалана дабырласқанда шешен столды соққылап тоқтатып, сөз найзасын енді соларға қадай сөйлеп кетті: бұл науқанға қарсылық алдымен «еңбек жауларының» пассивтесуінен әшкереленетіндігіне, сөйтіп реакциондар мен жаһангерліктің құйрығына айналатындығына, ондайларға өз уақытында соққы берудің қажеттігіне, теориялық талдаулар жасап жатты.

Көпшілік жағынан келген бір қағазға қарап жіберген жиын бастығы маған түйіле қарады да отырып тыңдауыма бұйырды. Мен отырмай шеттеп шығып тұра қалғанымда жиын жабылғандығы жарияланды. Айғайкөктің тым алыстан бастаған сөзі лезде қалай жетіп тоқтағанын да ұқпай қалдым. Көпшілік бұл күрес жиынын сайқымазаққа айналдыра дабырласып-даурығысып тарады.

Қаншалық шаршасам да ашу-ызадан ұйқым келмей, қалған түнді дөңбекшіп өткіздім. Шегінен асып кеткен қастыққа шыдамым таусылса да кек алудың дұрыс жолы табылар емес. Таң ата қайта барып тандырға түстік. Әбілез екеуіміз штаннан басқа киімді тастап кірістік іске. Ыстық жалын әлі лапылдап тұр. Кешегі қалған тұтас қоқыстың екі жақ шетінен ломдап, керкелеп, темір сынамен сыналап жүріп, түске дейін екі тесікті әрең шығардық. Екі ломды екеуіне салып, екеуміз қатар ырғадық сонсоң. «Құршымыз» міз бағар емес. Тандыр іргесінен ажырату үшін бірнеше сынаны шет-шетіне қақтық. Нағыз құрыш сыналардың өзі шелпекке айналды. Керке де лом да жас шыбықша иілді. Шүмектеген термен күйеден қалың қарасауыт кигендей, бір-бірімізді танудан қалдық. Сыртқа айқайлап шелек-шелек суық су түсіртіп іштік. Сыртқа шығу жағдайымыздың жоқтығын біліп, кешкі тамақ та құдыққа түсті. Басқа тандырдағылар да осындай халде екен. Керектен шыққан құралдар сыртқа лақтырылып, жаңа құралдар таратылды. Бетпақ «меторит» оған да міз бағар емес, бөлінуінен үміт тіпті жоқ. Сілеміз қатып, қисайған ломды таяна құшақтап отырып ұйықтап қалыппыз.

Ертеңіне таңертең сәл тыңайған күшімізбен тесіктерді кеңейтіп ойдық та ломдарды қос-қостап салып ырғап әрең қозғадық. Жершарын бағындырғандай қуандық бұл «құдіретімізге». Ырғай бердік, тырнай бердік. Астына сына түсіріп, балғамен соққылай бердік. Сол күннің кешінде Құдай жарылқағандай үшке бөлінді. Астыларына бірнеше сына түсіріп, темір арқан өткіздік те, мосылы кран құрғызып, бір-бірден шығарып бердік. Бұл үстемдікке алдымен жеткен біз екенбіз.

– Алдыңғы жеңіс сендердікі!– деді техник тандыр аузынан үңіліп. Астыңғы бетіне іркілген шойын көрмеген Әбілез тағы да шорт қайырды жауабын.

– «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айрылыпты». Қаншалық көмір, қаншалық өмір беріп істеп, шойын темір түгіл қолымыздағы құрыш сайманнан, тіпті рудамыздан да айрылдық. Осындай «жеңіс» болар ма екен!

– Оны сөйлеме!– шошынғандай күбірледі техник. – Бұл зиянды айтсақ шатаққа қаламыз. Осы дашқалды тұтасымен шойын есебіне өткіземіз. Биылғы міндетіміз өтелсе болмады ма! –Техник сырттағы біреуге тапсырып, жуынуға екі шелек су келтіріп берді.

Тозағымыз бұл маңнан табылмайтын ең жақсы моншаға айнала кетті. Таза жуынып киініп бірақ шықтық. Бұрын бітірген Әбілез екеуіміз техниктің мадақ сөзімен көпшілік алдына жүлдегер болып өттік. «Өзгеру деген осы. Өзгергенін адамның өзі де сезбей қалады!» деп комбат данышпансыды.

Мақұлбек бізге көп көрінбейтін болып, шеттеп кетті. Жауларының кек алуынан басшылық сақтандырып қойған тәрізді. Ши түбірін шауып тандырға тамызық даярлайтын бес-алты ақсаққа ғана бастық болып тағайындалыпты. Бұл ақсақтар, әнеу түндегі домалаған тастардың соққысынан емделіп, әжетке жарап шыққан жеңіл мертіккендері екен.

Бір күн берген демалысында екі орынға арыз жазып жөнелттім. Кешкі тамақтан соң тағы бір «оңшының» үстінен ашылған күрес жиынына шақырды. Тағы да нахақ, тағы да жала. Шаршап-шабандап қалған «күш-көліктерін» тарту арқылы қорқытып жүгіртіп дәніккені ғой. Күрес жиынының құлағы тағы да салбырап тоқтаса да, босаған тандырларға тағы да көмір тасытты. Көмірді лық толтырып, үстіне, әйелдер ұсақтаған руданы тағы да үйгізіп болып, таң ата «ұйықтатты». Шындығында ұйықтату емес, көзімізді жұмдырып қойып қоңырау соқты да жотадан қайта тасылып бітпей қалған көмірмен рудаға айдады. Сөйтіп, біз де домалай бердік.

Тандырларды тағы да морлатты. Бес тәуліктен соң тағы да екі тәулік «сыбырластырып» алып, тағы да су құйғызды. Бір «оңшыны» тағы да күреске тартып жіберіп, «таптық» қамшы үйірді де, тозаққа тағы да бізді салды...

Сөйтіп, тозақтан үшінші рет тазаланып шыққанымызда «құрыш» деп атайтын қоқысымыз тау болып үйілді. Қолымыздағы нағыз құрыштарды балшықша илеп шыққан бұл «құрышымыз» аспаннан түскендей, асқан такаппар бейтаныстығын бейнелеп бедірейе түсті. Қаншалық аймаласаң да жылт берер емес.

Бұл реткі құрыш өндіру міндетін «артығымен орындап» болғанын білген бастықтар сол ақшамда кетіп болыпты. Мақұлбек те жоқ. «Таптық күрес» солармен бірге кеткендей, актив пешкалармен пассив пешкалар құшақтаса кетіп, ойын–күлкімен бірге тамақтанды.

Автомобильдер мен тракторлардың «құрыш» тасудан босамайтындығын айтқан бір жарты бастық, үйге қашан қайтсақ та рұқсат екенін жарияласымен көбі түнделетіп шұбай жөнелді. Ақсақ Сәйда бұрын ұшып, жүк аптомобилімен кетіпті. Иісшілдік түгіл естен де айырлып болған «авчаркаларым» өзді-өз беттерімен жоғалды. Мен таң атқан соң бір топ әйелді бастап соқпақ жолмен Үрімжіге төте тарттым. Төсек-орнымыз «құрышқа» мініп қайтпақ.

Ынтықбайдың қайтып келгеніне үш күн болыпты. Мақпал оның төсек тартып ауырып жатқанын айтты. Үнсіз меңірейіп отырып, партияны тосыннан тілдей жөнеледі екен. Күләннің айтқан сақтандыру сөзін ести сала жастыққа қисаяды екен де жан-жағына өз әдетінше қабақ астымен сүзе қарап алып, сыбырлап тілдейді екен. «Ең қатерлі гомендаңды өзіміз шақырып алыппыз-ау, осындай партияға мүше болыппын-ау!» деп көкірегін тырнайды екен. – «О сенің соқыр социализміңді, отаршы коммунизміңді!..»




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 326; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.034 сек.