Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Кэрол Дуэк 44 страница




Мен де «кәсіпке орналасушы» деген «лауазыммен» су құрылыс әтіретіне қайтарылдым. Іле-шала Үрімжі маңындағы түрмелерден шыққандар келген соң лаугайлардан «шынсың әтіреті» болып бөліндік.

Бөлінсек те бәрі-бір лаугай миқынаты. Ерте шығып кеш қайту, түнде істеп «зор секіру» жақтарынан одан қиынырақ тиді бізге. Айлық еңбек ақы ретінде беретіні, лаугай-лаужяу уақыттамыздағы тамақ пен киім расхоты ғана. Үкіметтен одан артық ешқандай қаражат шықпайды екен. Сөйтсе де арқамыздан автомат төндіріп әскер айдамай, өзімізді өз арамыздан сайланған группа бастықтары басқарғаны, біраз еркіндік болып сезілді өзімізге.

Мен тіпті де жаза майданынан жаралып «жаңа туған» емес екендігімді дәлелдеп арыз жаздым. Қылмыссыз адам қылмыс қалпағын кимейтіндігін, бұрыннан қылмыссыз, төңкерісші кадр қатарынан жаламен лаужяу болғандығымды, одан 64–жылы ағарған хабарым Қарашаһардағы саяси мектепте ұқтырылғандығын, бұрынғы қызмет орныма қайтар шағымда Сауху лаужяу майданы жабылып қалғандықтан Тарым майданынан жолдау қағаз алу үшін келіп қалғандығымды, лаугай әтіретіне заңсыз қосылып, солармен бірге тағы бір жыл ең жапалы жағдайда миқнаттанғандығымды баяндап арыз жаздым. Жоғары орындарға жолдағаным тағы да үнсіз жоғалып, осы майдан басшылығынан ауызша «жұп-жуас» қана жауап шықты: «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі басталып кетті. Бұл төңкеріс аяқтағанша арыздарыңа жауап қайтаратын және сендерге бізден басқа ие болатын ешкім жоқ. Қоғамда қазір ешкімді ешкім танымайды. Бар жерде буржуазияға қарсы аласапыран күрес болып жатыр. Осы майданның сыртына шықсаң-ақ жанышталасың. Төңкеріс толық жеңіске жеткенше соңын күтіп, тып-тыныш істеп тұр!» деді.

Енді білдім, былтырғы Қарашаһардан Үрімжіге қайтуыма жол ашпақшы болған орын «оңшыл оппортонизм» екен де, ал, қайтармай алдап әкеліп Тарымға қамаған, осы науқанға даярланушы әсіресе солшыл күш екен... Ысқақ қарттың түсі дәл келе қалғанына таңдандым. Қызы, «әке, бұқ-бұқ» деген ғой!

Мен де «бұғып» еңбектеніп, соңын күтейін десем, «жаңа өмірге шығушыларға» беретін жиырма юан айлығы киім түгіл тамағыма да жетпейді. Оның үстіне бала-шаға, туыс-туғанымнан дерексіз айрылуым, басыма тыныштық берер емес. Жындандырып, өзімді-өзіме жұлғызып жейтіндей. Не істеуім керек?... «Ешкімді ешкім танымайтын» осы қарақұйын астында «бұғып жатып», тұншығып өлуім қажет пе?... «Жоқ, жоқ, тым болмағанда семьямның дерегін білуім қажет!... Қоғам жынданғанда мен сап-сау тұра алармын ба, әйтеуір одан бәсеңірек жындансам болмады ма! Табылса, семьямды тауып, табылмаса соны іздеп мүлде жоғалмай, нерві азабынан құтыла алмаспын, кетуім дұрыс!...»

Менімен бірге «жаңа туылған» Тоқты Баситпен келістім де группа бастығымыз болып сайланған Қапас арқылы мұндағы аға-бауырдың бәріне сәлем жолдап, хош айттым. Зытамыз деген уағдалы түннің іңірі түсіп, киімімді ауыстыра бастағанымда әтіреттің солтүстік жақ тұсындағы Шаяр жолынан мылтық атылды. Сол-ақ екен, жақын іргедегі лаугай әтіретінен әскери бұйрық үні сақылдап, тапыр-тұпыр жүгірген аяқ дыбысы естілді. «Қашты! қашты» деген дыбыс көтерілді өз әтіретімізден. Тораңғы, жыңғыл пұтақтарымен жабылған балағандарымыздан үдере шықтық сыртқа. Кадрлар ақырып қайта қуып тықты. Дүрліктірген мәселені жасыру үшін, кешкі үйреніс уақытын сырап қып қойғанымызды жазғыра ақырды. Тоқты Баситті бүгін-ертеңгі жүрістен әрең тоқтатып қайтып, жатаққа кіргенімде қыли зыдауянымыз қуа кірді соңымнан.

– Үйренуді бұзып сыртқа бастап шыққан кім? – Ешкімнен жауап шықпаған соң группа бастығымызға сыртқа ең алдымен шыыққандарын жазып беруді тапсырды да қатарымыздағы группаларды аралай жөнелді. Бәрінен де сұрап, тапсырып жүргені осы екенін ести отырдық.

Жасалып жатқан су қоймасының солтүстік қасы жақтан бірнеше мылтық қатар атылды да шырылдаған бірнеше адамның жан дауысы естілді. Бір жағында «зәнжу!... зәнжу»[96] деп зекірісіп әскерлер әлі қуып бара жатқандай.

– Біздің әтіреттен қашқаны үшеу ғана деп еді, мыналар көп сияқты ғой?– деп күбірледі. Бір ұйғыр сырттан. Оған тағы бір күбір жауап қатты.

– Мына су құрылысы әтіретінен қосылған лаугайлар бар ұқсайды!

– Ей ағайындар, өз жатақтарыңа барып сөйлесіңдер!– деп дауыстап Қапас қуып жіберді оларды.

Шырылдаған дауыстар жақындай түсті. Сүйретіліп келе жатқан сияқты. Үзіліп-үзіліп естіліп жақындады да, бірден-екіден өшіп, лаугай әтіреті жаққа өткенде біреуінің ғана шыңғырғаны естілді: «бұлай қинағанша жүректен атыңдар!» деген ұйғырдың үні, күрс еткізіп тепкендей бір дыбыстан шорт тоқтады.

– Өлді!– деп күбірледі Зарықбек. Қапас маған қарап күрсінді. Қаны қашып, сұрланып алыпты. Жақан, Ақбай, Асылбек те жалтақтайды. Жасаураған көздерінен «сіз қашпай тоса тұрыңыз!» дегендей қимастық жалынышы байқатады. Барлық зілмен басқан ауыр қараңғы түн, лашығымызды тұншықтырып өлтіргендей, жым-жырт. Қалың масаның ызыңы мен жын шырағымыздың жылтылы ғана қалғандай. Тыңдап байқасам, «жаңа өмірге шығушылар әтіреті» түгел қырылып қалғандай жым-жырт. Соңғы шырқырап барып, үні шорт өшкен адамның осы әтірет «шынсыңы» екендігін осы тұншығуларынан білдім. Лаугай әтіретіндегі дәретке шыққандардың «баугауы» мен постағы әскердің одағай-оспадар зіркілі ғана естіліп жатты.

Майдан штабы жақтан келген автомобильдің гүрілі естілді бір шақта. Тоқтағанда да маторы өшпей гүрілдеп тұрып, біраздан соң борбасты жолда қайта бырылдай жөнелгеннен әлгі қашқындарды әкеткені сезілді.

Бұл іңірде шінсіңнің үшеуіне үш лаугай қосылып қашып, екеуінің өлгені ертеңіне анықталды. Басқалардың жүрегін алып, қашудан тию үшін, қолға түскен соң өлмейтін жерлерінен бәрі атқан екен. Мойындарына арқан салып сүйреткенде екеуі жолда өліпті де, төртеуі өлміші болып, жансыз қайтыпты. Зыдауянымыз, «оларға қашып бара жатқандарында оқ тиді» деп жариялады бізге. «Тоқта дегенде тоқтамағандықтан бәрінің сирағын шағып ұстапты» деді. Сөйтіп өздерінің барлық ісін заңдастырып қорқытып, екі сағат сөйледі. «Өлгілерің, иә, өлімтік, мәйіп болғыларың келмесе қашпаңдар!» деп зекірді сонсоң. «Қазір аспанға тор, жерге қақпан құрылып болғандығын», «ешкім қашып құтыла алмайтындығын» дәлелдей берді. Осы сөзін талқылап, қашу мақсатындағылардың өздерін-өздері әшкерелеп, кешірім алуға екі күн уақыт берілгендігін, жасырушыларды әшкерелеуге екінші сатыда рұқсат етілетіндігін жариялады соңында. «Қашпақ болып жүргендерің бізге әлдеқашан мәлім болған. Енді өздеріңді-өздерің әшкерелеп тәубаға келулерің, өздерің үшін ғана қажет!»...

«Жаңа туғандардың» аса қуланып, берік ынтымаққа келіп алғандықтары осы жиында көрінді. Әшкерелеудің орнына басшылықтың өзіне талап қойды: «партияға бірқанша жыл жұмыс істеп берген аяғымызды жаза ажырғысынан енді құтылғанымызда шақтыруға разы емеспіз. Өзімізге-өзіміз қас қылмаймыз. Бірақ, үйімізге барып, амандығын біліп қайтпай көңіліміз орнығар емес. Ет жүректі адамбыз, сағындық. Кесімді мүддетіміз біткенше үйге барып қайтуға рұқсат сұрау заңсыздық еді. Міне енді бітіріп, «жаңа өмірге» шықтық. Заңды рұқсат алу құқығына ие болдық. Үйге бір-бір рет қана барып, көрініп қана қайтып келеміз. Рұқсат ету сіздерден, қайтып келу бізден!» десті. Осылай жұмсақтап қана шарт қойды да, бірге кетуге уәделескендер өзара сыбырласа берді.

Совет одағына қашып өтіп қуылып қайтқандар жеке-жеке келіп, менімен сөйлесті: шекарадан өткенде ол жаққа атағы бар, кепілдікке жарарлық тамыр-танысы көп адамды қумайды екен. «Биғабіл қайда» деп арғы беттің шекара күзетіндегілердің бірнешеуі өздерінен сұрапты. Соны айтып, әрқайсысы мені бастап әкетуге тырысты. «Ол жаққа өткенде өз иемізді тауып алғанымызша сіз ие бола тұрсаңыз қуылмас едік!» деп бәрі жалынады. Екі рет, үш рет өтіп барып қайтарылғандар мені ешқандай көз түгіл дүрбіге іліндірмей, ап-аман өткізетіндіктеріне қайталап-қайталап ант айтып өтінді.

Егер ол жаққа өз семьяларым түгел өтіп алғандықтары анықталса, осы зарланған панасыз сорлыларға түгелімен-ақ ие болып әкетуге уәде берер едім. Амал не, кеткендіктері жаңсақ жорамал болып, Мақпал мен Асқарды тастап қашсам, ол жақта тірі жүруім мүмкін бе!...

Осындай жіпсіз байланып отырған жайымды түсіндірдім оларға. Мені шекара сыртынан сұрастырушылар барын ауыздарынан шығармауларын өтініп, өздеріне жалындым. «Шужыңжуйшылар»[97] жоқтап жүргенін мына «төңкерісшілер» естісе жоқтауымды асырмай ма! Шынжаңда кімімнің қалып, кімімнің кеткенін білмей шекара аттамайтындығымды бәріне айттым сөйтіп.

Жасырын радио тыңдайтындар бір стансаның мені аштан өлді деп аза тұтып жариялап жатқанын айтып келді. Бұл жайт тіпті тынышсыздандырды мені. «Бұл хабарды естіген шешем мен Мақпал өлмей ме! Туысқандарым қандай күйге түсті екен?... Бәріне әаянышты ауыр қазаның күйігін артып, ажалдарынан бұрын өлтірмек болғаны ма, мына стансаның!... Қастығы ма, достығы ма?... Жаза майданында әрең тірі тұрған адамды жауларына «жауың әне» деп жар салып әшкерелейтіндей, естері дұрыс па өздерінің!» –осы ызадан жынданып кете жаздадым. Тоқты Басит екеуіміз ақылдаса сала қашуға дайындалдық.

Әшкерелеу жиынының мүддеті бітісімен әтірет зыдауянынан үйіме барып амандығын біліп қайтуға қасақана ресми рұқсат сұрап едім, құйрығына шоқ басқандай тулады.

– Осындай бұрынды-соңды болып көрілмеген «ұлы төңкеріс» уақытында рұқсат сұрайтындай жындымысың, ақымақпысың?– деп зекірді.

– Жынды да ақымақ та емеспін зыдайуян, сіздің нағыз коммунист екендігіңізге сеніп сұрап тұрмын. Коммунистер қол астындағы басқа адамның басына түскен қиыншылыққа өз басындағы қиыншылықтай қарап, қамқорлық етеді! Егер өз үйіңізден бірнеше жыл хат-хабар келмей қалса, өзіңіз де барып көріп қайтқыңыз келеді, күндіз-түні ұйықтай алмас едіңіз!

Зыдауянның екі көзі бір-біріне қайшы болғанымен, өзін «нағыз коммунист» деп сенетіндігімді білдірген соң сәл жұмсарып, шешіле түсіндірмек болды.

– Қазір ешкімге рұқсат берілмейді. Мен рұқсат еткеніммен майдан басшылығы рұқсат етпейді. Майдан басшылығы рұқсат етсе, одан жоғары үкімет рұқсат етпейді. Үкімет орындары қазір Маужушидан басқа ешкімді танымайды. Пролетарияттың зор мәдениет төңкерісі басталғаннан бері осылай. Бұл төңкеріс, тап жауларын әр бастың өз ішінен тауып жоятын төңкеріс, түсінемісің?... Бірден-бір ұлы көсеміміз «буржуазия слиңбуын[98] зеңбірекпен атқылау» жөніндегі ұлы бұйрығын жариялағаннан бері осылай қатал тәртіп орнатты, түсінемісің?... Төңкерістік жеңіспен аяқтағаны жарияланғанша ешқайда шығамын деп сұрап басты ауыртпаңдар!

– Зыдауян, «қазір ешкімді ешкім танымайды» дегенсіз ғой, осы кезеңде ғана ешкімге білдірмей ғана барып келе қояйын, өзіңіз басқаларға жарияламай ғана, тек өзіңіз ғана, бір рет қана, тек бір рет қана рұқсат ете қойыңызшы!

– Бар жұмысыңа!–ақырып қалған зыдауянның екі көзі бірдей ағарып, қарашықтары кеңсіріктің астына кіріп кеткенде шыға жөнелдім. – Сөз ұқпайтын неткен ақымақ!– деп кіжініп қала берді.

«Сылиңбуды атқылау» туралы мен жаңа естіген сөзін толық ұқпасам да қайталап сұрамай, білмей-ақ кетуге тырыстым. Өздерінің «оңшыл оппортонизм» атаған жауларының үлкен басшылары мен оның ордасын атқылауға кіріскені, бұл соғысты «мәдениет төңкерісі» желеуімен бастағаны жалпылық жағынан белгілі болды. Мұны анықтап сұрап, түсініп алып қашсам, жазатайым қолға түсе қалғанымда кері төңкеріс мақсатымен қашты деген зор қылмысқа қалармын деп сақтандым.

Тоқты Басит екеуміз сол күннің ақшамында зыта жөнелдік. Қашатын бағдарымыздан адастыру үшін, керісінше, Тарым өзенінің оңтүстік жағына өте шықтық. Майдан малынан ептеп жиған жол расхоттық малымызды да, жолға керекті мүлкімізді де Тоқты Баситтің сол жақтағы ұры достарының үйлеріне жіберіп қойғанбыз. Сол жақтағы қалың жыңғыл мен тораңғы орманына ішкерілеп барып жаттық.

Малшы достардың айран-шалабымен сусындап, қой сойып сорпаландық. Қалаға да, сахараға да бөтен көрінбейтін, ұйғырша көне тоз киімдер тауып, айырбас жолымен мықтысынан екі есек алдық. Артылған малымызды ақшаға айналдыру ісіне бір спор саудагер жүріп тұрды.

Ең қызығы, Тарым дәриясының екі жағы екі дүние екен. Такламакан жағы аса бейпіл. «Мәдениет төңкерісінің» жын ойнағын алыстап көріп, «аятул күрсіні»[99] оқып қана қоятын тәрізді. «Хұңуй бең», «ху шяубең»[100] аталған ағаш мылтықты, найзалы жасақтардың ізі де түспепті. Әр түкпірде бір шарбақ үй. Мал жайылымына қарай қоныстарын жиі ауыстыратындықтан, тіпті баспанасыз тораңғы түбінде де жата береді екен. Ал, сондай бола тұра радио қабылдағыш арқылы бәрін тыңдап, бәрін біліп жатыпты. Маузыдұңның бас суреті сызылған знакты омырауларына төрттен-бестен қадап алып, қаперсіз жүре береді екен. Тек, коммунаның әтірет бастықтары сияқты кадрларымен кездескенде ғана «мәдениет төңкерісінің» дәстүрі бойынша «сәлемдесетінін» жыңғыл арасынан сығалап жатып көрдік.

Сәлем беруші сәлем орнына «Маужуши жасасын!» деп ұрандайды да сәлем алушы әлкі алу орнына «мың-мың жасасын» деп қостайды. Мұнан соңғы хал-жай сұрасу орнына сыпыра Маузыдұң сөздерінен жаттаған үзінділер оқылады. «Халық үшін істелік!» деп бірі, «белді бекем байлап, құрбан болудан қорықпай, барлық қиыншылықты жеңіп, үздіксіз жеңіске жете берелік!» деп екіншісі зулатады. Қысқа үзінділер ауыздарына түспей қалса, амандасушылар тіпті аянышты халге түседі екен. Ондайда, әрең жаттаған ұзақ мақаласын былдырлата жөнелуден басқа лаж жоқ. Оны тыңдамай кетуге қарсы жағында құйрық та жоқ. Сөйтіп жан терлерін сорғалатып әрең құтылады бірінен-бірі. Екі «саясатшы» иенде кездессе де өзара сеніспей аңдысады. Бұл дәстүрден жаңылса, кері төңкерісші болғаны.

Осындай дәстүрлерінен бір қаншасын үйреніп, «Маужуши сөздерінен үзінді» атты қызыл кінешке мен қызыл знактарды біз де таптық. Мұнан соңғы қорғаушымыз да, жолхатымыз да осы сияқты.

Бір апта жатып, лагердегі бізді іздеген абыр-сабыр басылды деген шақта қозғалдық. Мен бір шоқ қана ақ сақал, көк бурыл қаспен, балдаққа сүйеніп шойнаңдап, Тоқты Басит қаба қара сақалын желкілдетіп, екі есекке міне жөнелдік.

Омырау толы қызыл знак, шінсің әтіретін жара кеуделеп өте шыққан тері бөрікті «екі шалды» кадрлар мен әскерлер түгел өз жолдастарымыз да танымай қалды.

Шәяр қалашығына жеткенімізше шаңытқан буалдыр көкжиекке күн еңкейді. Жол жөнекей молырақ үзіндіден және бір-екеуін жаттап алып едік. Кіре беріс көше аузында қызыл шашақты найза ұстап, қызыл жең белгі таққан екі бала көрінді. Кезекші хұңшяубең екенін таныдық. Кеудемізде ең семіз бастан бірнешеуі бадырайып тұрғанда тиісе қоймас деген оймен батылданып өте бергенімізде екеуі жолдың екі шетінен қатар шақылдады.

– «Ең жоғары нұсқау?»– десті. Тоқтай қалдық. Маужуши сөздерінен үзінді оқуымызды талап еткенін түсініп, жаңа ғана жаттап алған ұзынырақ біреуін зулата жөнелдім. Біреуі маған бас изей сала Тоқты Баситке қарады. Одан «сәлем бергендей» ғана қысқа бір үзіндіні естіп үңіле түсті. – «Ең жоғары нұсқау?»– тағы сұрады біреуі.

– Бірінші қиыншылықтан қорықпайық, екінші өлімнен қорықпайық!» деген надүрістеу үзіндіні Тоқты Басит тағы да шолтаң еткізді де өздерін сөге жөнелді. – Ұлы көсеміміздің теңдессіз данышпандық нұсқауларын ұзын-қысқа, жақсы-жаманы деп таңдайсыңдар ма?... Маужуши сөзінің де сіздерге жақпайтыны бар ма еді?

Жеңілгендей бір-біріне қызарақтай қарасқан екі бала күліп жіберіп шегініп жол босатты. «Роталарыңа қайтып барғанда осы идеяларыңды тексеріңдер!»– деп түйілген Тоқты Басит тебіне жөнелді есегін.

Қызғыш қоңыр, қалың жүзін түк басқан, балуан денелі досымның жүрегі де түкті екендігі айқындала түсті. Кішкене есіріктердің осы жеңілуінен осал жерлерін тапқандай болдым.

Көше-көшеде ағаш мылтықты «қызыл қорғаушылар» халыққа қырғидай тиіп жүр екен. Әр есекті тепкілеп-соққылап шағып тінтіп, «төрт көнені»[101] құртуға кірісіпті: оюлы текемет, шытыра нақысты сандық, өрнекті шкаф, европа скамейкасы, әйелдердің өрілген бұрымы мен біз өкше туфлиі, кестелі, әшекейлі көйлектер сияқты өнер бұйымдары әр жерге үйіліп, құралды әскерлер күзетінде өртеліп жатыр. Көнеге есептелетін дін кітаптары ғана емес, славян жазуындағы химия, физика, астрономия, анатомия, биология сынды жаратылыс ғылымдарының оқу құралдары да көзіме оттай басылды. Көбі өртеуге лайықталып-жұлмаланып үйілген екен. Ғылым мен мәдениеттің Шаярға әрең жеткен асыл қазыналары «пролетарияттың зор мәдениет төңкерісінің» жауына айналыпты! Менің неше жыл бойына тер төгіп құрастырған оқу құралдарым әлдеқашан өртеніп болды деші!...»– жүрек жара күрсіндім.

Базар көшесінің бәр жерінен осы улы түтін ғана көрінді көзіме. Жаңа дүние қарайып күйіп, будақтап-морлап жатыр! Кідірмей өте шықтық. Қалашықтың солтүстік жақ сыртына шыққанымызда алдымыздан сөлекет сойдақтаған ұзын қағаз қалпақтылар тізбегі көрінді. Оларды «кішкене қызыл батырлар» шақылдап найзалап қуып келеді. Бауырларын "қырандыққа" баулып жүрген «қызыл қорғаушылар» да борбас жолдың екі жақ шетімен жүгіріп келеді.

Қалпақтылардың бет-жүзі мен киімдері адам баққысыз, сатпақ-сатпақ. Кигізген қағаз қалпақтарына қара бояу мен баттасып қылмыстары жазылыпты. Помещик, бай диқан, кері төңкерісші, жерлік ұлтшыл, құқықты, кертартпа ғылым беделдісі, сасық зиялы деп аталыпты. Айдағардың, түлкінің, қасқырдың суреттері тұла бойларына сау жер қалдырмай сызылған. Мойындарына сүйек, тозған шелек, тесік легендер асылыпты. Салдырлатып-күлдірлетіп, шаңғырлатып, алуан-аласапыран, әлемтапырақ үнмен жүгіріп келе жатқандықтан арт жақтарындағы әйелдердің бажылы әрең естілді. Сәукілдеген тізбекке ілесе алмай, ең қатты найзаланып келе жатқаны – құрсақты екі әйел екен...

Өз бойынан екі есе ұзын қағаз қалпақ кигізілген бір кәрі кемпір үлкен жол үстінде құлапты. Кесілген ақбурыл бұрымын қос қолдап қысып, таласқан екі хұңшяубеңге бермей жығылған екен. Тартып алмақ болып, қарт ананың кеудесіне бір «батыр» қона түсті де екінші «батыр» қолына жармасты. Ана екпеттей аунап түсіп, бауырына басты бұрымын. Тізбекті қуалап бара жатқандардың ересектеу екеуі қайрылып келіп, найзаларын кемпірдің құйрығына, шонданайына сұққылады.

– Бұның ісімі «мәдениет төңкерісі» болыпты!– деп гүр ете түсті Тоқты Басит.

– Үн шығарма!– деп тоқтаттым оны. – «Төрт көнеге» жатқызып жасанды сақалымызға жармасса біткеніміз! Жан-жағыма қауіптене қарадым. Жиырма-отыз метрдей кеңдіктегі ойран топырақты жол шетінде қалшылдап тұрып қалған екенбіз.

Кемпірдің бөксесінен шыққан қан іш киімі мен ақ мата көйлегінің сыртына қып-қызыл болып шыға келді. Қайсар ана үн шығармай қатып қалған сияқты. Төрт хұңшяубең қанша жабылса да бұрымды тартып ала алмады.

Қалпақтылар тізбегін қуалағандар недәуір ілгерілеп кетіп еді. Біздің қарсы жағымызда жолдың арғы шетінде жүрелеп әскер киімді бір дәу біздің хұңуйбең отыр екен. «Батырларына» түсірген бұйрық үні қаттырақ шыққанда көрдім.

«Шалқалатыңдар!»– деді ханзу тілінде. «Білегіне ұрыңдар!»... «буындырыңдар!»... «шешеңнің бәтегін...», «екі қолын екі жаққа айырыңдар!»... «неткен пәле қақпас!»...

Тарамыстары тартылып сіресіп қалған кемпірдің уысындағы бұрымды төрт «батыры» жабылып ала алмаған соң шыдамнан айрылған хұңуйбең сыбанып түрегеліп жалтақ-жалтақ қарады маңайына. «Кетіңдер!» деп бізге ақырды. Ашудан жасанды сақалы құйын соққандай ұйтқып кеткен Тоқты Басит, атылғалы тұрған арыстанша көз алмай қадалды оған. Бір шатақ шығарғалы тұрғанын біліп, балдағыммен есегін ұрып айдай жөнелдім. «Әттең-әттең!» деп бар дауысымен кіжінген палуан жігіт өзін-өзі шапалақтап-шапалақтап жіберді де қайта бұрылды. Мен есегін қатты ұрып қуа жөнелдім. Қанталап кеткен көзін сонда да ол жақтан аударар емес.

Хұңуйбің жан жағына қарап тұрды да өлген кемпірге қарап жолдың борпылдақ топырағын кеше ұмтылды. Келе тепкілеп бірнеше домалатты да табанымен алқымынан басып тұрып, шірей тартты бұрымды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 375; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.035 сек.