Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Жалпы сипаты 14 страница




Ол: Лұқман ғ.с. бір аймаққа сапар шекпекші болып, ұлына үш өсиет айтты. 1. Сырыңды әйеліңе айтпа; 2. Жаңа байдан қарыз алма; 3. Сырын алмай, дос болма.

Хакімнің ұлы да хакім еді. Атасының өсиетін тәжірибе қылмақшы болып, бір күні сахарадан өзінің қойларынан бір қойды бауыздап, етін пісіріп, қапқа салып, үйіне алып барды. Қаптың аузын бекітіп байлады. Жаңа байдан борыш алды. Шаһар хакімінің жақын біреуіне достық көрсетті.

Үйге келген соң әйелі қаптың аузын аша алмай, еріне: «Бұның ішінде не бар?» – деп сұрады. Сонда ол: «Ей, менің сүйікті сұлуым! Сахарада бір адаммен сөзге келісе алмай, ақыры, өлтіріп алдым. Сен ешкімге айтпа, саған ғана айтқаным!» – деді. Бір-екі күн өткен соң ол әйелімен сөзге келісіп, басынан ұрып жіберді. Әйелі дереу қарауыл шақырып: «Менің ерім әнеугүні біреуді өлтірген, бүгін мені өлтіргелі жатыр», – деді. Халық жиналды. Бұл хабар шаһар бастығына жетті.

– Кім барып, Лұқман ұлын алып келеді, – деді қала бастығы. «Мен!» – деді Лұқман ғ.с. ұлынан достық көрген жігіт орнынан атып тұрып. Ол барып: «Жүр, сен кісі өлтіргенсің, хакім шақырады!» – дегенде, Лұқман хакімнің ұлы: «Әй, досым! Мені жібер, қашайын», – деді. Оған болмады, жолға алып шықты. Жолда мұны жаңа бай көріп, борышымды беріп кет деп жабысты. Борышын берді. Хакімге жетті. Ол: «Әй, Лұқман хакімнің ұлы, өлтірген адамың үшін өзің де сондай сазайыңды тартасың», – деді.

Лұқман хакімнің ұлы: «Мен шариғат не бұйырса, соған разымын. Өлген кісінің қандай жарақаты болса, мені онан да артық жарақаттап, жазалаңыздар», – деді. Қарауылдар қапшықты әкеліп, көптің көзінше ашса, пісірілген бүтін қойдың еті шығады. Таңқалған елге Лұқман хакімнің ұлы әкесінің өсиетін сынамақ үшін істегенін айтып береді»[635], – деп баяндалған.

Мұндай сюжеттің тууына аңыздауларға арқау болған әке сөзін тыңдамай, тыйымды бұзып, кейіпкердің қиын жағдайларға тап болу сарыны себеп болған. Тек мұндағы айырмашылық – Лұқман хакімнің данышпандығын көрсету үшін бағытталған. Әйелге сенімсіздік таныту, бай адамға деген көзқарас таптық дәуір мен патриархат салтына сай жасалған ерекшелік.

Ал, 1370 жылдары қыпшақ ақыны Хұсам Кәтиб жазған «Жұмжұма сұлтан» поэмасында жаһаннамдағы азапталушылар суреттелген. Бұл поэманың бас кейіпкері – Жұмжұма сұлтан (Жұмжұма – парсы тілінде бас сүйек деген сөз). Поэманың сюжеті – Ғайса пайғамбар кеудесі жоқ, қу басты көріп, оның тірлігінде қандай болғанын, не үшін мұндай күйге түскенін білу мақсатымен Құдайдан оны сөйлетуді сұрайды, кесік бастың әңгімесі бойынша ол бұрын пұтқа табынушы болған, бақ-дәулеті тасыған сұлтан ғашықтықпен отырғанында қызметшісі келіп, бір мүскіннің қайыр сұрап тұрғанын айтады. Жұмжұма сұлтан «осы қайыр беретін уақыт па?» деген соң қызметшісі шығып кетіп, мүскінге қатты сөйлеген. Содан мүскіннің көңілі жығылып, кетіп қалады. Қатесін кеш түсінген Жұмжұма оны қанша іздетсе де, таба алмайды. Бір күндері моншада жуынып тұрғанында Жұмжұманың басы айналып, бойынан әл кетеді. Ешқандай емші оны емдей алмайды. Бір күні бір қолында сүңгі, екінші қолында ыдысы бар Әзірейіл келеді. Жұмжұманың кеудесіне сүңгінің ұшын қойып, ыдыстағыны ішкізгенде оның жаны шығады. Осыдан кейін Жұмжұманың көрген азабын баяндау, жаһаннамдағы әр қауымның әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, тірлікте адамгершілікке жат істері үшін жеті қабатты тозаққа сипаттама беру – автордың мұсылмандықты насихаттау мақсатынан туған. Сол үшін шығарманың сюжеті мұсылмандық мифологияға сүйеніп жасалған.

Шындығында, кесік бас сарыны әлемдік фольклорда да (орыстың «Колобок» ертегісі, т.т.), әлемдік әдебиетте де (Данте «Тәңірі комедиясы», т.б.) бар. Ал, Хұсам Кәтибтен бұрын Жұмжұма есімімен байланыстырылған қу бас сарыны ХІІ ғасырда атақты парсылық ақын Фарид-ад-дин Аттардың «Жұмжұма дастаны» болған. Ф.Аттардың да, Х.Кәтибтің де шығармалары бір сюжетке құрылған. Екеуінің айырмашылығы – көлемде, алғашқыда – 87 бәйіт те, екіншісінде – 293 бәйіт. Х.Кәтиб жаһаннамды суреттеуге кең көңіл бөлген.. Қазақ фольклорында Хұсам Кәтибтің шығармасы негізінде туған дастандар баршылық[636]. Мәселен, В.В.Радловтың «Образцы народной литературы тюркских народов, живущих в южной Сибири и Дзунгарской степи» жинағында басылған. Жалпы, Х.Кәтибтің бұл шығармасының әсерімен туған дастандар да бар.

Татар фольклорындағы кесік бас сарынын пайдаланған дастандарға дию араласқан. Ол Жұмжұманың ұлын жеп, өзінің бүкіл денесін жеп, басын ғана қалдырған да, әйелін құдыққа алып кеткен.

Қу бас болып жатқан Жұмжұмаға Ғайса кездесіп, оған Құдайдан жан тілейді және оның әйелін босатады. Сөйтіп, ол дастандарға хикаялық, ертегілік сарындар қосылған. Ал, Хұсам Кәтиб шығармасына диюдің орнына Әзірейілдің енгізілуі оның мұсылмандық мифологияны берік ұстанғанын дәлелдейді. Бұл сюжеттегі қу бас сарыны ежелгі дәуірлердегі бас сүйегін фетиш ретінде бағалаған сарыннан бөлек. Өйткені, ежелгі дәуірлердегі шығармаларда бас сүйегінен жасалған ұнтақты жеп, қыздың жүкті болу[637], кейіпкерге жол көрсететін адамның бас сүйегі[638] сарыны бар. Ал Х.Кәтибтің шығармасындағы қу бас кінәлі жанның қу бас болып қалғанын әжуалайтын сипат байқатады. Ол мұсылман идеологиясына орайластырылған.

Алтын Орда ханы Жәнібектің әкімдерінің бірі Мұхаммед Қожабектің тапсыруымен 1353 жылы Хорезми (лақап ат) «Мұхаббатнаме» поэмасын жазған. Оның композициялық құрылымы жігіттің қызға жазған 11 хатынан тұрады. Ғашықтықты жырлаған бұл шығармада:

Жүзіңіздің сәулесі – жұмақ бағы[639];

Алма бетің – жұмақтың гүлдеріндей[640];

Ей, бойың сенің тоба ағашының бұтағындай[641];

Оқтай мүсініңе жұмақ ағашының бұтағы да басын иер[642], –

деген жолдар мұсылмандық мифологиядағы жұмақ туралы ойлардан бастау алған. Мұсылмандық мифология бойынша, жұмақтың саялы бағы бар, оның ағаштары гүлдеп тұрады. Ал,

Шашыңның бір талына мың хор қызы жетпес[643];

Жүзіңнен жасырынып хор қызы жұмақта тұр[644], –

 

деген жолдарда тілге тиек болатын мифтік кейіпкерлер хор қыздары – жұмаққа жіберілген ең ізгі ниеттілерге бұйыратын қыздар. Хорезми шығармасында ғашық жігіттің өзінің сүйікті қызын хор қыздарынан артық етіп көрсетуі көркемдік тәсіл мақсатынан туған.

 

Күн сайын жүзін бұрар күн қақпаңа

Жамалың салды Жүсіпті құдыққа...[645]

Жүсіптің жамалын сізге берді[646], –

 

деген жолдардағы есімі аталатын Жүсіп – сұлулықтың символы. Мұсылмандық мифологияда Хақ тағала сұлулықтың жүз түрін жаратыпты. Хауа анаға сұлулықтың тоқсан түрін берсе, Жүсіпке тоқсан тоғыз түрін дарытыпты деп айтылады.

1341-1342 жылдары Құтып жазған «Хұсрау-Шырын» поэмасы екі жастың сүйіспеншілігі, ғашықтығы, ізгілік пен адамгершілікті үлгі етеді. Мәтінде біршама мақал-мәтел енгізілген. Атап айтқанда, «кісіге ор қазба, өзің түсерсің», «асығыстың арты – өкініш», «өз қолын шанша алмас, жүрексінер», «сабырмен тілекке жетсе болар, темірді ақырындап исе болар», «не істі қылсаң да, өз халіңе шақта», т.б.

Фольклорлық туындыларда әке мен бала бір-бірін танымай соғысуы, өз шешесіне немесе өгей шешесіне ғашық болу сарындары бар. Бірақ Құтыптың «Хұсрау-Шырын» поэмасындағы Шеруя образы тарихи нақтылықтан алынған. Әкенің хан тағы үшін адамшылыққа жат әрекеттер Алтын Орданы билеген Жошы хан ұрпақтары арасында орын алған. Низамидің «Хұсрау-Шырын» поэмасын аударған Құтып Қыпшақ даласында орын алған жағдайларды, т.б. ерекшеліктерді енгізе отырып, өзіндік тың туынды ұсынған.

Қайқаус 63 жасында өзінің ұлы Гиланшахқа арнап жазған «Қабуснама» (1082-1083 ж.) атты дидактикалық шығармасында Ескендір Зұлқарнайын туралы ғибрат тұтар аңыз бар. Ол мәтінде Ескендір Зұлқарнайынның өлер алдында айтқан өсиетін баяндап: «Мені табытқа салып, оның бір жағын тесіп, қолымды шығарып, алақанымды ашық күйінде қойыңдар», – деген сөзін түсіндірген. – Жалпы жиналған жұрт көрсін. Бүкіл дүниені билесем де, дүниеден қолым бос кетіп бара жатыр... Иелендік, әурелендік, бірақ қолда еш нәрсені де ұстап тұра алмадық[647], – деген аңыз әлі күнге дейін қолданыстан шыққан жоқ. Ал, «Қабуснаманың» 31-тарауында сатиралық ертегі берілген. Сол ертегі бойынша жұрттан асқан ғалым, алдын болжай білетін іскер адамға біреу келіп, шағым жасайды. Қазы шағым жасаушының қарсыласын шақырып, куә бар-жоғын сұрап, біледі де:

«Сен ділдәні берген кезіңде қайсы жерде отырған едің?» – деді. Дау иесі «Пәлен дарақтың астында отырған едік», – деді.

Қазы: «Не себепті куәлерім жоқ дейсің?», – деп, қазы (дау иесінің қарсыласына қарап): «Сен осы жерде отыр», – деді, дау иесіне «Тез бар да, дараққа айтқын, қазы сені менің алдыма келіп, куәлік берсін», – деді. Қарыздар бұл сөзді естіп, білдірмей, миығынан күлді. Дау иесі: «Ей, қазы, дарақ менің айтқан сөзіме келмесе не істеймін?» – деді. Қазы «менің мөрімді алып бар да, дараққа айтқын, «бұл – қазының мөрі: қазы маған тапсырды, келуің қажет, бұл жайлы көрген істеріңді баяндайсың деп айтқын», – дейді. Дау иесі қазының мөрін алып, дараққа қарай тартты. Қарыздар қазының алдында қалды. Қазы басқа адамның дауымен шұғылданып, қарыздарға қарамады. Біраздан соң қазы қарыздарға қарап: – Жаңағы дау иесі дарақтың жанына барып жетті ме екен? – деді. Ол «жеткен жоқ» деп жауап берді. Қазы басқа даумен шұғылдану ісін жалғастыра берді.

Дау иесі дарақтың қасына барып, қазының мөрін көрсетіп: «Ей, дарақ, сені қазы шақырып жатыр», – деді, біраз күтіп тұрды. Дарақтан ешқандай жауап есітпей, қапаланып қайтты. Қазының алдына келіп: «Ей, қазы, дараққа мөріңді көрсетіп шақырғаныммен ол келмеді», – деді. Сонда қазы: «Сен білмедің, дарақ келіп, куәлік беріп кетті», – деді. Сонан соң қазы дау иесінің қарсыласына қарап: – Егер алтының болса, алған алтыныңды қайтар, болмаса кәнизәкті сатып, қарызыңнан құтыл, – деді. Қарыздар: «Ей, қазы, мен қасыңда отырмын, ешқандай дарақ келіп, саған куәлік берген жоқ қой», – деді. Қазы: «Егер сен бұл адамнан алтын алмаған болсаң, неліктен мен сенен дау иесі дараққа жетті ме екен деп сұрағанымда сен «жеткен жоқ» деп жауап бердің. Сен неге: «қайсы дарақ, дау иесі қай жаққа кетті? Мен оны білмеймін» деп жауап бермедің?» – деді. Қазы қарыздарды мойындатып, алған алтынын дау иесіне өндіріп берді. Даулы мәселені шешу үшін дарақты куәлікке пайдаланған сатиралық ертегінің сюжеті түркі халықтарының фольклорында да кездеседі.

Орта ғасырларда Дешті Қыпшақ елінің үстемдігін айғақтайтын әдеби жәдігер – «Кодекс Куманикус». Ол Жоңғар Алатауынан бастап Дунай өзеніне дейінгі аралықты билеген қыпшақтардың тілін үйреніп, рухани мәдениетінен хабардар болғысы келген европалықтар үшін арнайы мақсатта жазылған. Ол, сондай-ақ, латын тілін, сол арқылы европалық тілдерді үйренгісі келетін қыпшақтар мен парсыларға да қажет болады деген ойды көздеген.

Қолжазба 82 парақ – 164 бет, еңбектің авторы мен жазылған жері белгісіз, ол Венециядағы Марк Әулие шіркеуінің кітапханасында сақтаулы. Бірінші бетінде 1303 ж. деген жазуы бар. Түркітанушылар 1294 ж. жазылып, бірінші көшірмесі 1303 ж. жасалған деп есептейді. Ол Дешті Қыпшақта немесе Қырымның Солхат қаласында жинастырылып, бір ізге түсірілген.

Қолжазба екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде үш бағана етіп латынша-парсыша-куманша сөздік берілген, оны итальяндықтар жазған деп болжау жасалады. Ал, екінші бөліміне фольклорлық мұралар енген, олар – ертегі, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, христиан діни уағыздары, Мария Ана, Христос пен оның апостолдары туралы әпсана-хикаяттар, бұл бөлімді немістер миссионерлік мақсатта жазған[648].

Кодекс Куманикуста 47 жұмбақ бар, олардың көпшілігі қазақ жұмбақтары. Мәселен,

Ішер, жер, ініне кірер (Пышақ).

Буы бар да, ізі жоқ (Кеме).

Ерте тұрдым,

Алып ұрдым (Есік).

 

Белдеуде бес ат,

Бесеуі де қасқа ат (Бес саусақ).

 

Сонымен қорыта айтқанда, Алтын Орда дәуірі аталғанымен, түркілердің саясатта да, т.б. маңызды салаларда ықпалды болуына орай Дешті Қыпшақ атын сақтаған елдің әдебиетінде де түркілік рух үзілген жоқ. Ал, жазба мұралардағы фольклордың қолданысы олардың пайда болған мезгілін емес, халық арасында кемелденген түрге жеткенін аңғартады. Бұл кезеңде, сондай-ақ, мұсылмандық діннің қазақ жеріне терең бойлауына байланысты хикаяттар жанры дамып, көркемделген сюжеттер қалыптасты. Және мұсылмандық дінді өзек еткен мифология санаға сіңісті болды, соның өзінде ғажайып сыйлық сарынының қолданысын зерделегенде ежелгі дәуірлердегі сарындардың өзгеріспен пайдаланылғаны белгілі болды.

 

 

2-ТАРАУ. ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ КЕЗІНДЕГІ ФОЛЬКЛОР




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 2184; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.04 сек.