Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Хайуанаттар туралы ертегі 2 страница




Енді мысал үшін «Керқұла атты Кендебай» ертегісін сипаттап көрсетелік. Бұл – қазақ батырлық ертегілердің ішіндегі ең көнелерінің бірі. Бұл ертегінің сюжеті – кейіпкердің өмірбаяны да, тақырыбы – ерлікпен үйлену және жаудан кек алу. Демек, бұл нағыз классикалық түрдегі көне ертегі. Осы ойымызды ертегінің мына белгілері толық дәлелдейді.

Біріншіден, көне батырлық ертегіге тән қаһарманның тууы мен ғажайып өсуі: «Кендебай ай сайын емес, күн сайын өсіпті; алты күнде күліпті, алпыс күнде жүріпті; алты жылда алып жігіт болыпты», – дейді ертегі.

Екіншіден, бала кезінен өте күшті, асқан мерген болып, керемет ерлік көрсетеді: «алысқанын алып ұра беріпті, күрескенін жыға беріпті, шыңырау құдыққа құлаған атандарды жалғыз тартып шығара беріпті, көкжалды құйрығынан ұстап алып, бұлғап-бұлғап лақтырып кеп жіберіпті».

Үшіншіден, батырға лайық керемет аттың туып, өте жылдам өсуі. Ол адамша сөйлей біледі, алдағыны болжап, өткенді біліп отырады. Желден де, құстан да жылдам, ақылды да айлалы ат – кейіпкер-батырдың жан серігі.

Төртіншіден, батыр ел намысын қорғаушы. Ол тыныш жатқан елді шауып кеткен ханның еліне барып, оның қиын тапсырмаларын орындап, тұтқынға түскен халқын, малын алып қайтады.

Бесіншіден, ол кәдімгі батырға лайық ерлікпен үйленеді, яғни ертегіге тән «қаһармандық үйлену» салтын орындайды.

Алтыншыдан, батыр жеті басты дәумен де, алып арыстанмен де, жәдігөй сиқыршы жалмауыз кемпірмен де жалғыз өзі шайқасады, оған бұл жерде ешкім жәрдем етіп, араласпайды. Міне, бұл батырлық ертегі жанрының ең басты белгілері. Бұл жанрдың тағы да басқа қасиеттері бар.

Ал, енді «Керқұла атты Кендебайда» бір ғана сюжет баяндала ма? Жоқ. Мұнда сюжеттік желі бірыңғай дамымайды, бір ізбен жүрмейді, яғни ертегіде екі сюжет бар және ол екеуі бір-бірінен шықпай, кірігіп тұр. Бірінші, әрі басты сюжет – Кендебайдың тұтқын болған елді іздеп, жау ханнан оларды босатып алуы. Ал, осының ішіне жеке сюжет енген: елді шапқан жау ханның тапсырмасын орындау. Шынтуайттап келгенде, бұл өте көне сюжет, тіпті, осы ертегіні көнелендіріп тұрған да осы. Бұл сюжет болмаса Кендебай жау елді тауып алып, шайқасқа түсіп, оларды ойсырата жеңіп, тұтқындағы халқын босатып алар еді. Ал, мұндай сюжет желісі кейінгі дәуір ертегілеріне тән. Оның үстіне жаңағы қосымша (екінші) сюжеттегі эпизодтар мен мотивтер бұл ертегіге қиял-ғажайыптық та сипат беріп тұр, себебі олар көне хикая мен қиял-ғажайып ертегілердің компоненттері. Бұл заңдылықты көне батырлық ертегілерінің бәрінен көруге болады.

Қазақ батырлық ертегілерінің екінші тобында рулар мен тайпалардың, тарихи адамдардың аттары кездеседі, кейбір тарихи оқиғалардың эпизодтары баяндалады. Мұндай ертегілердің көпшілігі қаһармандық эпостың әсерімен пайда болған немесе жырдың өзінен туған. Мысал үшін «Әлеуке батыр мен оның ұлы Орақ» атты ертегіні алуға болады.

Бұл ертектің тақырыбы – қазақ пен қалмақтардың жауласуы, ал, мазмұны түгелімен осы екі халықтың соғысына құрылған. Ертектің сюжеттік желісі ұзақ, бірнеше ішкі сюжеттен тұрады, сонымен бірге сюжет бірнеше стадиялық қатпарды қамтиды. Сюжеттің схемасы мынадай:

I. Пролог:

1. Әлеукенің тоғыз баласы қалмақтармен соғыста қаза табады.

2. Баласыз қалған Әлеуке әулие-әнбиелерді аралап, Тәңірден бала сұрайды. Түсінде оған Баба Түкті Шашты Әзіз әйелің бір ұл, бір қыз табады деп аян береді.

3. Дүниеге Орақ пен Қарлығаш келеді.

II. Негізгі оқиға.

1. Әлеукенің Әліби деген досы жаудан кек алуға аттанады.

2. Жеті жасар Орақ бірге шығады.

3. Ол қалмақ қолымен жалғыз соғысады.

4. Орақ алданып, тұтқынға түседі:

а) қалмақтар оны зынданға салып тастайды, содан кейін аралға апарып тастамақ болады;

ә) Орақ қайықтағы қарауылды суға лақтырып, аралға шығады;

б) елсіз аралда өлермен болған Ораққа Баба Түкті Шашты Әзіз Қарақұс бейнесінде келіп, оны еліне апарып салады.

5. Орақтың елін Қодар құл билеп алған. Орақ Қодарды өлтіріп, елін жауыздан құтқарады.

6. Қалың қолмен қалмаққа барып, жалғыз өзі бәрін қырады, тоғыз ағасын өлтірген қалмақ батыры Көбіктіні жекпе-жекте жеңеді, онымен достасады.

ІІІ. Аяқталуы.

Жауды жеңіп келген Ораққа әкесі тағын береді.

Міне, бұл ертектің сюжеттік желісі жалпы батырлық ертегінің сюжеттік қалыбынан алшақ емес, көне батырлық ертегі мотивтері де ұшырасады (перзентсіз кәрі ата-ана, болашақ батырдың кереметпен тууы, оны елсіз аралдан Қарақұстың алып шығуы), қаһармандық эпостың да сарыны бар (қалмақпен соғыс, тұтқынға түсу, Баба Түкті Шашты Әзіздің көмегі, ағаларының кегін қайтару).

Жалпы, бұл ертегіде батырлық жырдың әсері басым және айқын сезіледі. Ертегінің мазмұнына қарағанда, бұл бір кезде жыр болған болу керек. Демек, «Әлеуке батыр мен оның ұлы Орақ» – жырдың батырлық ертегіге айналған үлгісі. Олай дейтін себебіміз: біріншіден, эпосқа тән шежірелік тұтастану бар (алдымен кейіпкердің тоғыз ағасы туралы айтылып, олар орындай алмаған істі Орақ жүзеге асырады); екіншіден, ертегі бірден жаугершілікпен басталады, ал, жауы – қазақтың тарихи жауы (қалмақ); үшіншіден, жеті жасар Орақтың жауға аттануға дайындалуы, оған қарындасының ат таңдауы, жас Орақтың қалың жау қолымен жалғыз соғысуы; төртіншіден, Орақтың жау қолына түсуі; бесіншіден, батыр жоқта құлы тақты тартып алып, қарындасын алмақ болуы, Орақтың келіп, оны жазалауы; алтыншыдан, тұтқыннан босаған Орақтың қайтадан қалмақты шабуы. Міне, осының бәрі – қаһармандық эпостың жанрлық сипатын көрсететін белгілер.

Бұл ертектің жырдан пайда болғанына тағы бір дәлел – кейіпкерлердің есімдері: Көбікті – «Қобыландыдағы» қалмақ ханы, әрі батыры; Қодар –«Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» тоқсан құлдың басшысы; Қарлығаш – Алпамыстың қарындасы. Ал, Баба Түкті Шашты Әзіз – қаһармандық эпостағы батырлардың пірі. Ол туралы бірнеше дерек бар. Бір деректерге қарағанда, оның шын есімі – Баба Түклас. Оның әкесі – Керемет Әзіз. Баба Түкластың өзі Меккеде патша болған. Енді бір деректер бойынша, Баба Түкті Шашты Әзіз – Ахмет Яссауидың арғы бабасы, ислам діні Орта Азияға тараған кезде жасаған кісі, Қорқыттың замандасы (VIII-IX ғ). Тағы бір мәлімет бойынша, Баба Түкластың баласы Еділ-Жайыққа дейін келген, оның Құтлу-Қия деген ұлынан Едіге туған[651].

Кейінгі дәуірлерде туған батырлық ертегілердің бірі – «Таласпай мерген». Оның қаһармандық эпоспен байланысы жоғарыда талданған «Әлеуке батырдан» да тығыз. Бірақ соған қарамастан мұнда көне батырлық ертегінің элементтері көп.

Ертегі бірнеше сюжеттен құралған: 1) Қобыланды мен Қараманның шайқасы, Қараманның опат болуы; 2) таланған елдің жұртында кішкентай Таласпай мен кәрі шалдың, тайдың аман қалуы, аққулардың шалды сүйреуі, оларды Таласпайдың іздеуі; 3) Таласпайдың үш аққудың еліне келуі, малшыны өлтіріп, тазша кейпіне енуі, ханның кіші қызына үйленуі, қайын атасының тапсырмаларын орындауы; 4) алып Қарақұстың жаңа туған құлындарды ұрлауы; 5) құлындарды іздеген жолда өрттен жыланды құтқаруы, одан жан-жануарлардың тілін үйренуі; 6) Қобыландының елінен кек алу үшін жорыққа шығуы, онымен достасуы; 7) әкесінің кегі үшін Қосайдың Қобыландыны өлтіруі; 8) Таласпайдың Қосаймен соғысуы, артынан достасуы; 9) Қарақыпшақ еліне көшіп барып, хан болуы.

Сюжеттік схемадан көріп отырғанымыз: 3-ші және 4-ші сюжеттердің көне батырлық ертегіден екендігі. Оның үстіне мұнда қиял-ғажайып ертегілердің де белгілері кездеседі. Мысалы, алып Қарақұспен кездесу мен өрттен қашқан жыланға жәрдем етіп, одан керемет қасиет алу сарындары, сондай-ақ жалмауыз кемпірдің қайырымды болып көріну эпизоды – бұлар қиял-ғажайып ертегілерін даралайтын жанрлық ерекшеліктер.

Алайда, осының бәріне қарамастан, «Таласпай мергенде» қаһармандық эпостың компоненттері айырықша. Мысалы, ертегінің ә дегеннен жаугершілікпен басталуы, батырлардың өз руларының атынан соғысуы, бір-бірінен кек алуы, жеңілген батырдың достықты ұсынуы, т.т. Ал, батырлардың жекпе-жегі кәдімгі эпостағыдай суреттеледі: олар алдымен атысады, содан соң шабысады. Одан ештеңе шықпаған соң, найзамен соғысады, бұл жолы да бірін-бірі жеңе алмайды. Ең ақыры, аттан түсіп, жаяу күреседі. Жеті күн, жеті түн алысқаннан кейін ғана біреуі жеңеді.

Ертегідегі кейіпкерлер түгелімен дерлік – қаһармандық эпостың батырлары: Қобыланды, Қараман, Ер Көкше, Ер Қосай. Бұлардың тарихта болғандары да мәлім. Демек, «Таласпай мерген» ертегісінде тарихи элементтер бар. Мұнда баяндалатын батырлар қақтығысынан, әскери жорық пен ұрыстардан XIV-XVI ғасырлардағы феодалдық дүрбелең мен шет жауларға қарсы соғыстың тынысы сезіледі. Қаһармандық эпос ширатқан сюжеттік линияны дамыта отырып, ертегі эпикалық батырлардың тарихын тәмамдап шыққан, яғни ғұмырнамалық және шежірелік тұтастануды толық сақтаған: батырдың өмірін түгел қамтыған және әке кегін бала, аға кегін іні қайтарған.

Рулар қақтығысы мен кек қайтару тақырыбы «Ер Көкше мен оның ұлы Ер Қосай» ертегісінде барынша толық дамыған. Қақтығысқа мұнда да эпикалық қаһармандар қатынасады. «Таласпай мергендегідей» бұл ертегі де Ер Қосайдың қарақыпшақ Қобыландыны жеңуімен аяқталады. Әйелін құтқару үшін Ер Қосайдың жапалаққа айналатын жері болмаса, мұнда фантастикалық элемент шамалы ғана, ал, көптеген ұрыстар мен жекпе-жектер, ру аралық тартыстар бірінші орынға қойылады. Жалпы, эпикалық қаһармандар бейнеленетін ертегілердің өте көне батырлық ертегілерден айырмашылығы сол – мұнда ру аралық тартыстар тақырыбы ерекше орын алады. Бұл кездейсоқ емес. Өйткені, мұндай тартыстар патриархалды-рулық қатынастардың ыдырау процесі күшейіп, феодалдық қоғамға көшу жағдайында жиі болып тұрған.

Батырлық ертегілер қиял-ғажайып ертегілердің көркемдік жүйесінің көптеген қасиеттерін өзіне қабылдаған, бірақ сөйте тұра, қаһармандық эпостың да бейнелеу құралдарын бойына сіңірген. Бұл жанрдың халық прозасының басқа жанрларынан айырмашылығының бірі – кейіпкердің белсенділігі мен күштілігі. Аса күшті, әрі тапқыр болғандықтан ол сиқырлы күштердің көмегіне сирек сүйенеді. Батырлық ертегінің қаһарманы – эпикалық қаһарман, оның ерлік істері қиял-ғажайып ертегілеріндегідей сиқырлы көмекшілерсіз-ақ жасалып жатады.

Батырлық ертегілердегі қаһарманның айнымас серігі мен көмекшісі – ат. Көшпелі-бақташылық тұрмыс жағдайындағы түрік пен моңғол халықтарының батырлық ертегілерінде адал көмекші ретінде атқа айрықша орын беріледі. Ұшып бара жатқан құстарды тісімен қағып түсіретін, «алты айлық жолды алты аттайтын», желден жүйрік жануар, тамаша тұлпар Керқұла ержүрек иесі Кендебайға қапысыз қызмет етеді. Ер Төстіктің Шалқұйрығы бұдан асып түспесе, кем емес. Мұндай ғажайып аттар адамша сөйлейді де.

Батырлық ертегілердің қаһармандық эпоспен байланысы олардың рухы мен сюжеттік оқиғаларының бірлігінде ғана емес, баяндау мәнерінде де. Тіпті, әрбір батырлық ертегіде дерлік жырға жақын өлеңмен берілетін эпизодтар кездеседі. Әдетте, олар қаһарманның достарымен, не қастарымен айтысатын диалогы болып келеді. Мәселен, қойшы бала жүрген алқапқа арнайы ұшып келген алты қаз Кендебайды былайша іздейді:

 

- Кендебай сал мұнда ма?

Керқұла аты қолда ма?

Бауда нұры балқи ма?

Балақ жүні шалқи ма?

 

Кендебай да жауапты өлеңмен қайтарады. Алайда, ертегілердегі өлеңдер қаһармандық жырға қарағанда әлдеқайда қарапайым келеді, бірақ солай бола тұрса да, ертегіге өлеңнің енгізілуі оның қаһармандық эпоспен туыстығын тағы бір дәлелдемек.

 

§ 3. Батырлық жыр

Жалпы сипаты. Қазақ фольклорының құрамындағы ең көрнекті әрі сөз өнері деңгейіне толық жеткен жанр – батырлық жыр. Ол өте көп қырлы, көп қабатты, көп сатылы. Оның сюжеттерінде талай ғасырдың ізі жатыр, алғашқы қауымның неше түрлі нанымы, салты, ғұрпы мен түсінік-пайымы көркем бейне, бейнелеуші құрал, әдемі қиял түрінде көрініс тапқан.

Ең алдымен қаһармандық эпос елдің сан ғасырларда бастан кешкен тарихын, салт-санасын өзгеше көркем жинақтайды, түрлі оқиғаларға өзіндік көзқарасын, бағасын белгілейді, алдан күткен үмітін, аңсарын білдіреді. Тарихта орын тепкен белгілі оқиғалар мен істердің дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болмағанымен, эпос сондай құбылыстардың терең, түпкілікті мәнін, тұжырымын аңғартады. Осы тұрғыдан алып қарағанда батырлық жырлар тарихтың желісі де емес, әрі сол желіден мүлде «қара үзіп» те қалмайды. Эпостық жинақтаулардың қайталанбас ғажайып табиғатының бір қыры осында.

Қаһармандық эпостың халыққа қызықты болып, атадан балаға, әулеттен әулетке ауысып, ұмытылмай келуінің тағы да бір құпиясы оның теңдесі жоқ көркемдік бітіміне, өз бойына қиялдау, бейнелеудің алуан өрнектерін сыйғыза білгендігіне байланысты. А.М.Горькийдің «ең жарқын, терең, көркемдігі кемел тұлғалар ауыз әдебиетінде жасалған»[652] дейтін тұжырымы мейлінше, ақиқат. Ерліктің, отансүйгіштіктің, белгілі бір мақсат жолында жан аямай күресетіндіктің, намыстылықтың неше алуан үлгісін танытатын қаһармандар эпос туындыларында көптеп кездеседі.

Адам бойында ұшырайтын ұнамды, ұнамсыз мінездер мен қасиеттерді әсірелеп, ірілеп, естен кетпестей көрнекті етіп бере білушілік те эпоста әрдайым биік үлгі ретінде саналады.

Әсіресе, қаһармандық жырларды ел жүрегіне жақын ететін олардың отаншылдық идеямен суарылғандығы. Адамзат қоғамы дамуының барлық кезеңінде де рудың, тайпаның, мемлекеттік бірлестіктердің тыныштығын, бүтіндігін қорғау, қастасқан жауды жеңіп, бақытты өмір орнату мәселесі ең күрделі проблема болып келген. Дәл осы аңсар батырлық жырлардың айрықша сипаты болып табылады.

Батырлық жырлардағы ерліктің сипаты өзгеше. Мұндағы қаһармандар ел үшін қандай да болмасын қауіпке қарсы барады, жаулармен арпалысады, неше түрлі сергелдең, сарсаңға, ауыр сындарға душар болады; ақырында, жеңіске, мұратына жетеді. Міне, осындай «жеңілмейтін қаһармандарды» суреттеу және оның басына ең асыл қасиеттерді жиып беруі халық қиялының шексіздігін көрсетеді және эпостық жырлардың ерекшелігін танытады.

Тарихтың ұзына бойында орын тепкен түрлі ұрыстар, ел басына түскен ауыртпалықтар эпостың ішкі заңдылығына бағындырыла сипатталады. Белгілі бір соғыстың немесе тартыстың ауқымында ғана қалу эпосқа тән емес. Эпос өмірде болған оқиғалардың санын да, хронологиясын да қуаламайды. Батырлық жырға қандай да болмасын құбылыстардың ел аңсарына сәйкес тұстары ғана іріктеліп алынады.

Халқымыздың тарихында тәуелсіздік үшін жүргізілген оқиғалардың ұзын тізбегі бар. Жеріміздің байлығына көз тігіп, халықтың ішіндегі түрлі қайшылықтарды, сәтсіз жағдайларды пайдаланып, замандар бойында сыртқы жаулар ауық-ауық қырғын соғыстар ашып, елді ауыр апаттарға ұшыратып отырған. Тарихи еңбектерде сол оқиғаның нақты себептері, жағдайлары, қатысушылары, нәтижесі тізілсе, эпос әлгіндей құбылыстарды өзінше пайымдайды. Өмірде орын тепкен үлкен күрестердің қашанда себеп, түрткілері нақтылы болып отырса, эпос соларды барынша екшеп, сығымдап, ең нәрін ғана талғайды. Тарихи еңбекте озбыр жаулаушының аты-жөні анық ескертіліп, мекені, кәсібі, салты неғұрлым толық қамтылуы шарт. Ал эпос үшін дұшпанның аты емес, «заты» қажет. Сондай-ақ батырлық жырда «пәлен соғыста түген батыр ерлік көрсеткенін» дәл білу міндет саналмайды. Эпостағы қаһармандар көбінше өмірдегі болған адамдардың емес, ел түсінігі бойынша болуға тиісті жандардың бейнесін елестететіні осыдан.

Батырлық жыры сөз өнері ретінде орта ғасырларда қалыптасса да, олар мазмұны мен идеясы, қаһармандардың іс-қимылдары жағынан архаикалық эпос, ру-тайпалық және мемлекеттік эпос деп бөлінетіні белгілі. Архаикалық эпос, негізінен, аңшы-мергеннің неше түрлі мифологиялық мақылұқтармен күресін баяндаса, ру-тайпалық эпос классикалық патриархалды ру мен тайпаларды қорғаған батырлар туралы әңгімелейді, ал, мемлекеттік эпоста ел басшысы мен оның сарбаздарының мемлекеттің бірлігін, тәуелсіздігін сақтау жолындағы қаһармандық істері туралы жырланады. Дей тұрғанмен, бұл жіктеудің өзі белгілі дәрежеде шартты және үш топ бір-бірімен астасып, араласып, тұтас бір эпикалық жүйе құрайды. Сол себепті фольклорлық поэтика, эпикалық сана бәріне ортақ. Мұны «Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар» жырынан айқын көруге болады.

«Қобыланды батыр» жырында қаһарманның айқасатын жауларының ұлты бірде қалмақ, бірде қызылбас деп аталады. Осының өзі де эпостық жинақтаудың заңдылығына тән көрініс. Жыршы мен тыңдаушы жұртшылық үшін жаудың аты кім болғаны онша есеп емес, сол дұшпанды жеңіп, кеткен есені қайтару, елдің бірлігін қалпына келтіру, бейбіт өмірге қолын жеткізу маңызды. Басқа жырлардағы эпостық жаулар табиғаты туралы да осыны айтамыз. Бүкіл қазақ жырында эпостық жаулардың екеу-ақ – қалмақ пен қызылбас болып келуі де осы пікірімізді дәлелдей түседі. Тек Мұрын жыраудан жазылып алынған жырларда ғана тағы да бір эпостық дұшпан – ындыс аталады. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ұшырасқан жауларының аты-жөні бұл көрсетілгеннен анағұрлым көп болғанын білеміз. Бірақ олардың нақтылы аттары уақыт өте келе ұмытылып, кейінгі замандағы көп жауласқан ел – қалмақтар ғана эпостық дұшпан деп саналған. Мұның тағы да бір себебі эпостық шығармалар тек өткен дәуірдің шындығын ғана бейнелеумен шектелмей, өз кезеңінің де жанды сауалдарын қамтып отыратындығында. Эпостың ұмыт болмай, ғасырдан-ғасырға ауысып, ұласып келуінің де мәні оның заманалық тілектерге жауап бере алатындығында. Міне, мұндай жағдайда ұмыт бола бастаған бұрынғы эпостық жаулардың, ру мен тайпалардың атаулары кейінгі нақтылы тарихи жағдайларға, эпикалық процестерге лайық өзгеріп отыруы заңды құбылыс. Асылы, өмірде орын тепкен кішігірім істер, күрестер халық жадында сақталмайды. Тағдыр жолында сан рет қайталанған, ел есінен мәңгілік кетпестей болып із қалдырған, жер бетінде бар болу мен жоқ болудың тайталасы секілді орасан оқиғалар ғана жыршы, жырау назарына ілінген. Сол себептен эпикалық санада нақтылықтан жалпы шындық басым жатады.

Ел жадында, әйтеуір, батырлық, күштілік атаулының бәрі сақтала бермейді. Батырлық ру, тайпа, ел қорғауға, азаттық күреске жұмсалғаны ғана ерекше ілтипатқа алынған. Рулар арасындағы жүріп отырған әдеттегі талас немесе көрші халықтарға жасалған әділетсіз шабуыл халықтың эпикалық санасында сақтала бермейтіні байқалады. Халықтың әділетсіз соғыстарды, кімге де болса, нақақтан тиісіп, зәбір көрсетушіні қолдамайтын көзқарасы эпостың өзінен де айқын көрініс беріп отырады. «Қобыланды батыр» жырында Қобыланды, Қарамандар Қазан ханды жеңіп, қайтар жолында Көбіктінің де елін «олжалай» кетпек болған әрекеті тосын қиыншылықтарға кездестіретіні мәлім. Осы жолы Қобыландының өзі қолға түсіп, Қарлығаның көмегімен ғана тұтқыннан босайды. Эпикалық сана әділдік пен қиянат мәселесінде ешқашан ауытқымай, адаспай отыратынының бір мысалы осы.

«Қобыланды батыр» жырында батырлар бастан-аяқ қыпшақ елінің, кең мағынасында алғанда ноғайлы жұртының мүддесі үшін күреседі. Қобыландылар Қазан ханның еліне ежелгі кекті қуалап, ата жау болған соң ғана аттанады. Қазан да, Көбікті де, Алшағыр да кез келген сәтте қыпшақты шауып алуға әзір тұрған бітіспес, мәмілеге келмес жаулар деп есептеледі. Сондықтан да Қобыландының оларға аттануын «эпикалық сана» ақтайды, өте қажет, орынды әрекет деп есептейді. Қобыландының жорығына ноғайлы қауымының бір бөлегі болып саналатын Қият руы, оның Қараман бастаған батырлары да қатысады.

Зерттеушілердің көрсетуі бойынша қаһармандық жырлардың көбіне тән негізгі белгілердің бірі – болашақ батырдың ғажайып тууы болып табылады[653]. Бұл сарын (мотив) эпостан басқа жанрларда да (ертегі, аңыз) кездесетіні белгілі. Болашақ батырдың ғажайып туысының мифтік персонаждармен генетикалық байланысы, мифологияның ыдырауы кезеңінде пайда болған кейіпкерлерге қатысы бар екендігі кәміл. Қаһарманның қандай жағдайда туғанын тәптіштеп айту тек композициялық тәсіл немесе өмірбаяндық қажетті элемент қана емес, мұның мәні тереңіректе жатыр. Байқап қарасақ, батырдың туғанына дейінгі ахуалды ескерту үлкен идеялық қызмет атқарады екен. Қартайған ата-ананың, дүйім бір елдің жаратқаннан перзент сұрап, мінәжат етуі жеке отбасының ғана тілегі емес, белгілі бір ру, тайпаның шын мүддесі де болып есептелуі эпостың басталуына ерекше құпия қуат дарытқандай болады. Демек, қаһармандық дастан экспозициясы аса үлкен көркемдік рөл ойнайды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 2012; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.008 сек.