Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи жыр 3 страница




– Егер бір қарашы екіншіні өлтірсе, құны не болады? – деп. Хан:

– Ердің құны 30 түйе болсын! – депті.

– Төренің құны не болады? – депті Ағыбай.

– Төренің құны – 100 түйе һәм таңдамалы қыз, қара кілем, қара нар болсын! – депті Кенесары.

– Ұрғашының құны қандай? – депті Ағыбай.

– Қалың малы қандай болса, құны сондай және 20-30, 5-10 түйе үстіне артық төлейді[952], – депті хан.

Міне, бұл мәтін – кәдімгі шешендік сөздің үлгісі. Фольклорда жиі кездесетін «сұрақ-жауап» түрінде құрылған тапқырлық сөздерді айтқызу арқылы Кенесарыны ақылгөй, білгір шешен етіп көрсетеді аңыз. Бұл да – Кенесарыны дәріптеу.

Кенесары бекзаттықты, хандық жолды бәрінен жоғары қояды және өзі кісілікті, жомарттықты қатты ұстанады. Бір ғана мысал келтірейік. Наурызбай мен Ағыбай Тілеуқабақтың жылқысын барымталайды. Оларды Ханшайым қуып жетіп, өзінің тапқырлығымен, ержүректігімен Науанды тәнті етеді. Науан айдап келе жатқан жылқыны Ханшайымға сауғаға тастап кетеді. Ордаға келіп, Кене ханға болған жағдайды айтады. Риза болған Кенесары:

Етіпті, – деп, – қарағым, хандық жолды,

Жылқы алғаннан бұл ісі он есе артық![953] –

 

дейді де, елді шақырып, ұлан-асыр той жасайды. Кенесары ханның байлығы, сән-салтанаты кәдуілгі Шығыс елдерінің падишаларынан кем емес. Оның жомарттығы, кең пейілдігі хандық затына сай. Жыршылар Кененің мырзалығын көтермелей айтып, оның пайым-түсінігінің, ақсүйекке лайық заттылығын барынша дәріптейді. Мысалы, қалыңдығына кетіп бара жатқан Наурызбайға берген сыйы мынадай:

 

Қазына-жабдық артты тоғыз нарға,

Барсын деп салтанатпен мәхбур жарға.

Қос берді падишалық алтын шатыр,

Дүние мұқтаж емес еш оларға…

Не асыл інжу-маржан алды тастан,

Жабдығын тамамдады аянбастан.

Кене хан аттандырып, амандасып,

Айтады ақыл-хайла бір-бір бастан[954].

 

Бұдан да артық сый-сияпатты Кенесары хан Наурызбайдың қайын ағасы Мұсаға, онымен бірге келген жолдастарына жасап, қазақтың «тоғыз сыйлау» салтын толық орындайды. Келтірілген мысалдардан көретініміз – халықтың «хан қандай болуы керек» – деген түсінігі. Өмірде Кенесары осындай кең, осындай жомарт болды ма – белгісіз. Бірақ фольклор оны осындай етіп бейнелеп отыр.

Фольклордағы Кенесары – көріпкел, сәуегей, келешекті болжаушы. Үйде, Ордада отырып, түзде болып жатқан оқиғаны сезіп, біліп отырады. Наурызбайды, Ағыбайды, басқа да батырларды сынап, олардың қасиеттерін, ерекшеліктері мен кемшіліктерін жіті аңғара біледі.

Кенесарының тағы бір қасиеті – түс жорып, алдағыны болжауы. Бірде ол Ағыбайға өз атасы Абылайдың түсін еске алып: «Менің Сыздығымнан кейін солай боламыз ғой!» – дейді.

Кенесары өзінің көрген түсін Ағыбайға жорып, былай депті: «Біздің бағымыз алдымызда, артымызда қалатын бақ жоқ, өзімізбен бірге кетеді, ал сенің бағың артыңда қалды»[955].

Халық аңызының айтпағы – Кенесары өз тағдырын, әулетінің болашағын алдын-ала болжап, біліп кетті. Өзінен кейінгі ұрпағы көптің арасына сіңіп кететініне, бүкіл ата-бабасынан келе жатқан бақ пен даңқтың өзімен бірге өшетініне көзі жетіп кетті.

Кенесары – идеалды кейіпкер болғандықтан оның бойында тағы бір ерекше қасиет бар. Ол – оның кереметтігі, көзінің магиясы. Ол сұқтанып, қатты мән бере қараса, көзі тиеді, сөйтіп оның назарына ұшыраған адам жарық дүниемен қоштасады. Осы халге Ханшайым сұлу ұшырайды.

Наурызбай қалыңдығы Ханшайымды Ордаға әкеліп, той өткізеді. Елдің бәрі келіннің сұлулығына қайран қалады. Жұрт мақтаған соң келінін көрейін деп Кенесары Ордаға келеді. Ағыбайға жабықты ашқызып қараса, Наурызбай мен Ханшайым әзілдесіп отыр екен. Кенесары қыздың сұлулығына таң қалып, оның нұрлы жүзіне назар салады. «Әйел заттың сұлуы екен», - деп, іштей риза болып, үйге қайтады, бірақ өзінің сұқтанғанынан секем алып қалады. Көп ұзамай Ханшайым да ауырып, әні-міне дегенше, қайтыс болады. Ештеңеге түсінбей, аң-таң боп, шулап жатқан жұртқа Кенесары келіп: «Жарандар, шешіндіріп қараңдаршы, ғаріпті өз назарым ұрды», - дейді. Айтқанындай, шешіндіріп қараса, екі өкпесі қарайып кетіпті.

Халық түсінігіндегі Кенесары – тек ақылды хан емес. Сонымен бірге ол ерекше адамға даритын керемет қасиеттердің иесі. Ол іспен, сөзбен ғана емес, көзбен де, ниетпен де нәтижеге жете алады. Ендеше халық ұғымындағы Кенесары жай адам емес, құдайдың таңдап алған құдіретті адамы, сол себепті оның өзі де, ісі де айрықша. Фольклордағы Кенесары – халықтың «әділ де, мінсіз патша» туралы идеалды образы. Оның бойында ханда болуға тиісті ізгілікті қасиеттің бәрі жинақталған, халық қиялындағы, ел арманындағы ханның бейнесі көрініс тапқан.

«Ағыбай батыр» жыры. Ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандарының бірі, Кенесары хан әскерінің бас қолбасшысы болған Ағыбай Қоңырбайұлы туралы халық жыры бізге екі нұсқа түрінде жеткен.

Жырдың негізгі оқиғасы Ағыбайдың жорыққа мінуге лайық жақсы жылқы алып келу үшін жорыққа аттануынан басталады. Бірінші нұсқада бұған Ағыбайдың Кенеге: «Қай жерде жақсы ат болса, жи. Барады бастан асып жау айласы», – деп ақыл айтуы, соған орай Кененің алты Алаштан ат іздеуі түрткі болады. Сөйтіп жүргенде, Ағыбайға біреу: «Бір ел бар күншығыста, жылқысы аса сұлу мінсіз жүйрік», – дейді де, Ағыбай қасына жеті жолдас ертіп, жолға шығады.

Екінші нұсқада бір соғыста Наурызбайдың астындағы бес ат өлгені, сондықтан Кенесарының Ағыбайды шақырып алып: «Қасыңа қырық кісі алып, атқа мінші. Наурызбайға мінетұғын бізде ат жоқ. Бір тұлпар түрікпеннен алып келші», – дегені баяндалады.

Екі нұсқада да Ағыбай мен оның серіктестері Шу өлкесіндегі Тектұрмас өзенінің басына келіп, тынығып жатқанда оларға бейтаныс жалғыз салт атты адам келеді. Бірінші нұсқада оның жіңішке, ұзын бойлы, тіп-тік, сида, сөйлер сөзге епті, сыпайы жас жігіт екені бейнеленеді. Ал, екінші нұсқада ол – ағармаған сары бурыл сақалы бар, бет-ажары қардан ақшыл, бес метрдей бойы биік, аяғы ат үстінде салақтап, шалғынға тиіп келе жатқан, саусақтары жас баланың білегіндей, алып адам.

Бірінші нұсқада жас жігіт келе сала бас қаһарманды бұрыннан танитын адамдай: «Есенсіз бе, Ағыбай, ағеке?» – деп, сәлем береді де, содан басқа сөзге келместен, атынан түсіп, етегін төсеп, жеңін жастық қылып, ұйықтап қалады. Ағыбай мен жолдастары өздері ет асып, жейді де, бейтаныс жігітке тағы да ет пісіріп қояды. Ұйқысы әбден қанып оянған бейтаныс жолаушы дәретін алып, өзіне берілген дәмді жеп алады да, тым болмаса, бір ауыз «қош» деместен, келген жағына қарай жүріп кетеді. Екінші нұсқада бейтаныс кісі Ағыбай мен оның серіктерінің ет асқан бақыршыдан басқалары, ұйықтап жатқан уақытында келеді де, бақыршы оның түрінен шошынып, есі ауып, құлап жатқанда, бақырдағы барлық етті найзамен түйреп алып, кейін қарай қайтып кетеді.

Екі нұсқада да Ағыбай бейтаныс жолаушының соңына түседі. Бірінші нұсқада ол бұл әрекетін жолдастарына: «Мынаның жайын білмей, үйге барсам, өлімнен артық маған үлкен арман», – деп түсіндіреді. Екінші нұсқада жолаушының қылығы ашуын келтірген Ағыбай Көкбестісін алдырып, қасындағы қырық жігітіне: «Бірің барма! Әкелем өзім», – деп, аттанып, сыры беймәлім адамды қуып жеткенімен, бейтаныс адам Ағыбайға көзін де салмайды, оның тұлғасы бас кейіпкерді шошытады. Жырдың бұл нұсқасы Ағыбайды сескендірген жолаушыны сипаттаған: «Ерегіссе егер де, шабатындай, ойран етіп кеткендей бір тайпа елін», – деген тармақтардан кейін шорт үзілген.

Бірінші нұсқада жас жігіт артынан жеткен батырға: «Жарайды, Ағыбай аға, қош келіпсіз», – дегеннен басқа сөз айтпай, өзінің алған бағытына қарай тарта береді. Осылайша он шақты күн бірге жортқанда Ағыбай жас жігіттің іс-әрекетіне қайран қалып, түрін ұнатпайды. Бірінші күні жас жігіт құланды құрықпен ұстап, екінші күні Ағыбайды сескендірген жолбарысты шоқпармен бір-ақ ұрып өлтіріп, екі олжасын да Ағыбайға сойдырады. Осы жерде Айнатасов Тәужи нұсқасында Тектұрмастың басында жатқанда Ағыбайдың жолбарысты садақпен атып өлтіргені суреттелетінін де ескерте кету ләзім.

Ақырында жас жігіт Ағыбайды жылқысы көп бір ауылдағы ақ орданың қасына ертіп келеді де, Ағыбайдың қанжарын сұрап алады да, батырға: «Осы жерде тілектес боп сіз тұрыңыз. Кешікпей, аман болсам, шығармын тез. Егер де үйден шықпай, өліп кетсем, бас сақтар ақ сұр атпен қам қылыңыз», – дейді де, ордаға кіріп кетеді. Шошынып, тері аққан Ағыбай, тәуекелге сыйынып: «Баланы қайтіп тастап кетемін?» – деп, жанын қиып тұра береді.

Аз уақыт өткен соң қанжары мен екі қолы қан болған бала үйден шығып, өзімен жылап, көрісіп жатқан әйелінің: «Залымның халі қалай?» – деген сұрағына: «Ақжолтай Ағыбаймен жолдас болып, түсірдім ішек-қарнын аяғына», – деп жауап береді.

Содан кейін Ағыбайды қонақ етіп, құрмет көрсетіп отырып, жас жігіт өзінің жиені күшінің басымдығын пайдаланып, мұның мал-мүлкін, әйелін тартып алып, өзін өлтірмек болғанын, сондықтан ақ сұр атпен қашып, жан сауғалап, жапанда қонып жатқанда, түсіне марқұм әкесінің кіріп, бұған Ағыбайдың жеті жолдасымен бірге Тектұрмасқа қонып жатқанын хабарлап, «Жолдас бол, тез бар, балам, оныменен... Қанжарын екі жүзді қару қылсаң, аласың дұшпаныңның басын кесіп», – деп ақыл айтқанын, аруақтың сол бір берген аяны айнымастан келгенін әңгімелейді.

Академик З.Ахметов жырда жас батырдың күш-қайраты Ағыбайдікінен басым екендігі баяндалуы «Ағыбайдың ақ жолды, аруақты батыр екенін айқындай көрсету мақсатын жүзеге асыру үшін қолданылған қызықты көркемдік суреттеу тәсілі» екенін дұрыс ашып көрсеткен[956]. Ағыбайдың жырда халық қиялындағы мінсіз батыр кейпіне енгізіле дәріптеле бейнеленгенін академик С.Қирабаев: «Ағыбай бар жерде жеңіс бар, Ағыбай жоқ жерде – қапысыз жеңіліс. «Ер Ағыбай» атты халық жыры осы концепцияны жақтайды»[957], – деп түсіндіреді.

Бұл жырда да фольклордың сан ғасырлық даму тарихында қалыптасқан бірқатар мотивтер пайдаланылған. Солардың қатарына жыр нұсқаларының бірінде Ағыбайдың жорыққа өз бастамасы бойынша аттануы да жатады.. Өйткені қаһармандық эпос дағдысында бас қаһармандар аса құдіретті тұлға, яғни, ешкімге тәуелсіз адам, өз елінің ең жоғарғы билеушісі ретінде бейнеленуі – басты шарттардың бірі. Екінші нұсқада Кенесарының тапсырмасымен сапарға шыққан Ағыбай бірінші нұсқада ханның өзіне ақыл беруші, өз қалауымен іс-әрекет жасаушы тұлғаға айналдырылған.

Кейіпкердің о дүние өкілдерінің қолдауы мен ықыласына бөленуін көрсететін мотивтер ғылымда «риза болған өлік» («благодарный мертвец») деген атау аясына топтастырылады.. Ағыбайдың аруағының мықтылығы, яғни, оның ғайыптан алар көмегі зор екені шартарапқа жайылғандығын бейтаныс жігітке марқұм әкесі тарапынан берілген аян айқын ұқтырады. Фольклор туындыларының көпшілігіне ортақ түс көру мотиві арқылы берілген аянның ешқашан жалған болып шықпайтыны бұл жырда да бұлжымастан қайталанған.

Бейтаныс жолаушының екінші нұсқадағы гротеск тәсілі бойынша үрей туғызатындай етіп суреттелген сыртқы кейпі Ағыбайдың аруағының зорлы-ғын сездіре түсу бағытында жасалған келесі бір адым секілді. Осы нұсқада жолбарысты өлтіруші Ағыбай екені баяндалуы да бірінші нұсқада бас ке-йіпкердің ешқандай ерлігі бейнеленбеуінің орынсыздығын сезінудің нәтижесі деп білеміз.

Ағыбайдың жолдастарының саны жырдың бір нұсқасында «жеті», екінші нұсқасында «қырық» деп көрсетілуі де қазақ фольклорында жиі бай-қалатын үйреншікті құбылыстың қайталануы болып табылады.

Дегенмен, «Ағыбай батыр» жырының дүниеге келген уақыты, оған арқау болған тарихи шындық пен бұл туынды қағазға түсірілген сәт арасындағы уақыттың шығарма толық фольклорлық тұтастануға ұшырап үлгеруі үшін жеткілікті болмағаны жырда бейнеленген оқиғалардың да, кейіпкерлердің де, өзге жағдайлардың да қалыпты сипаты басым түсіп жататынынан айқын сезіледі.

«Жанғожа батыр» жыры. Жанғожа Нұрмұхаммедұлының бозбала шағынан бастап, өмірінің ақырғы сәттеріне дейін елін сыртқы жаулардың зорлық-зомбылықтарынан қорғаумен өткен аса атақты батыр екені жазбаша дереккөздерінде де, халық ауыз әдебиеті үлгілерінде де кеңінен ашылып көрсетілген. «Жанғожа батыр» атты жыр нұсқаларының бізге жеткен бірнеше нұсқасын оқи отырып, батырдың ең алғашқы жауға аттануынан бастап, Қоқан, Хиуа, Бұқар хандықтарының қазақ жеріне өз үстемдіктерін орнатуға бағытталған басқыншылығына және Ресей патшалығының елімізді отарлауына қарсы әр жылдары болған халық көтерілісінде батырлығын әрі ұйымдастырушылық дарынын танытқан айтулы оқиғаларының көрінісін толығымен көзге елестетуге болады.

Жырдың Н.Қарабатыров қағазға түсірген, «халық жыры» деп аталатын нұсқасы қарақалпақтан шыққан Тықы деген батырдың Сыр бойындағы қазақтарға көп уақыт бойы тізесін батырып келгенін баяндаудан басталады. Оның Жылқыайдар бидің ауылын шабуы Кіші жүздің айтулы батырларының ұйымдасып, жауға аттануына түрткі болады. Тықының қаласына таң ата барып, лап қойған қазақ қолы қорғаннан өтіп, кіре алмай, қамалап тұрғанда, Тықы жекпе-жек ұрысуға шығады. Оған ешкім қарсы шыға алмай тұрған уақытта астында жабылау ғана тайы бар он жеті жастағы Жаңғожа майданға шығып, Тықыны өлтіріп, қамалға ат қойып, тосқан қолға тоқтамай,, дарбазаны талқандайды. Оның жеңісті жалғыз өзі қамтамасыз еткені жырдың: «Бір қасқыр қырды мың қойды. Ұрттап ішіп, қан төгіп, арандады, бір тойды... Қоралап айдап малдарын, толтырды батыр Қараойды»,– деп суреттелген. Елге қарай келе жатқанда ер Дабылдың бөркі жауда қалғаны білінгенде, Жанғожа кейін қайтып, аға батырдың жоғын түгендеуі Доспам-беттің қамшысын, Тарас Бульбаның трубкасын жауға қалдыруды намыс санап, соны қайтарамын деп жүріп мерт болғанын еске түсіріп, бұндай мотивтің типологиялық сипатын аңдатады.

Одан кейін Жанғожа өз елінің ханы – Қылышбайды жаудан түскен олжаның көбісін күйеуі мен атасына үлестіргені үшін балталайды. Бұны естіген батырдың әкесі – Нұрымбет пен Өтеген баласын Қылышбайға алып келіп, соның жолына шалмақшы болғанда, Қылышбай: «Балаға азар бермеңдер... Мен кешемін қанымды... Қор қылмайды ешкімді, дегеніне көнсеңдер... Өзімнен болды білместік»,– деп, Жанғожаны жеті Ғайып берендер қолдайтынын білдіріп: «Бетіне келіп жүрмеңдер»,– деп өсиет айтып, өмірден өтеді.

«Жанғожа батыр» жыры нұсқаларында Орта Азия хандықтарының және Ресей патшалығының қазақтарға үстемдік жасауына қарсы халық көтерілісінің көріністерін бейнеленуін қарастырғанда, бір оқиғаның өзі фольклор заңдылығына орай әр жыршының өзгеріске түсіруіне ұшырамай қоймайтынын аңғарамыз.

Мысалы, Сыр өңірін шулатқан Бабажан сарт халық жырында Хиуа ханының, өзге нұсқаларда Бұқар ханының қазақ жеріне жіберген қызметшісі ретінде көрінеді. Халық жырында Жанғожа елден жырақ жатқанда Ақтан батыр бастаған қол жау қамалын ойрандап, қарсыласқан әскерді жеңіп, баласы – Майқарабекті атына мінгестіріп алып, жан сауғалай қашқан Бабажан-ды ұстап алып, өлтіреді. Жырдың ендігі бір нұсқасында екі мың әскері бар Бабажанға Жанғожа бастаған жеті батыр және Ақтанға ерген елу жігіт қосылып, шабуыл жасағанда, Бабажанның өзі де, оның ұлы – Байқадам да елеулі қарсылық көрсетіп барып, өледі. Одан кейін жаудың сансыз әскерін шалғын шөптей орған Жанғожаның қолынан өлген жаудың саны жоқ екені айтылып, батырдың бұл әрекеті «дәудің ісі сықылды-ай» деп сипатталады. Сұлтан Қарманов жинаған нұсқада Ақтан, Жанғожа және өзге батырлардан жеңіліп, қашып бара жатып қолға түсіп, өлім құшқан Бабажанның қамалы дәрменсіз екені: «Құр қорғаны болмаса, ішінде әскер жоқ екен. Босқа тұрған қала екен»,– деген сөздерден аңғарылады.

Халық жырында Бабажанның Хорезмнен алдырылған Әйімбет, Нұртай батырларға сенім артқаны, бірақ олардың қастарына ерген алпыс әскерімен қоса жалғыз Жанғожадан ажал тапқаны айтылады. Сұлтан Қарманов нұсқасында Бабажан өлгесін Бұқардың ханы түрікмен ханына адам жіберіп: «Біздің Жанғожаға баратын адамымыз жоқ. Оған қарсы батырыңыз бар ма?»– деген соң түрікмен ханы Айымбетті жібереді. Жанғожа өзімен жеке ұрысуға келе жатқан Айымбеттің үстінен шамшырақты көріп, аруақтылығын сезеді. Одан арғы керемет оқиға жырда: «Екі жолбарыс көк тарлан – ер Жәкеңнің аруағы иығына барып асылды. Шамшырағы басылды»,– деп баяндалады.

Эпостағы бас кейіпкерді жырдағы өзге кейіпкерлерден артық етіп көрсету дағдысы жыр нұсқаларының барлығынан байқалады. Мысалы, Созақ қаласы үшін Қоқан әскерімен соғысты суреттеуде жеңіс тек Жанғожаның арқасында ғана мүмкін болғаны аңғартылады. Халық жырында Жанғожа бастаған он мерген ұрыс тағдырын шешсе, жырдың ендігі бір нұсқасында Жанғожа жаудың ханы және ең алып батыры болып табылатын, қорғанның қақпасын күзетіп жататын ерін жалғыз өзі барып, қолға түсіреді. Өзіне жалғыз өзі отыз кісі болып көрінген Жанғожаның аруағы зор екенін білген Созақтың билеушісі елін бағынуға көндіреді. Соңғы мысал эпостың классикалық үлгілерінің бас қаһарманының қарсыласы үнемі жау елдің ханы немесе патшасы болып келетінін еске түсіреді. Осы үрдіс «Жанғожа батыр» жырының бір нұсқасында батырға қарасы соғысқан дұшпан әскерін орыс патшасы – Николайдың (жырда ол «Мекалай» деп аталады) тікелей өзі басқаруынан да байқалады.

Жыр нұсқаларында Жанғожаның жалғыз өзі Ресей патшасының қалың әскерін де жалғыз өзі қырып, беттетпегені баяндалады. Солардың бірінде Мекалайдың өзі Жанғожадан әлденеше рет қорлық көргені, сондай бір ұрыста Жанғожа орыс әскерінің он жеті адамын өлтіргені, батырдың аты өліп, жаяу қалғандығынан ғана өлімнен аман қалған Мекалайдың өз еліне кетіп, елші арқылы тарту беріп жібергені баяндалады. Екінші нұсқада жау әскеріне үш күн, үш түн бойы дамыл көрместен жалғыз өзі қырғын салып жүрген Жанғожаға Арынғазы мен Мұса деген кісілер: «Көпке әлің жетпейді. Жалғыздың ісі бітпейді»,– деп, ақыл айтып, тоқтау салғаны айтылады.

Жанғожаның серіктерінің де аруақ қолдаған ерлер екеніне жыр нұсқаларында айрықша назар аударылады. Мысалы, Ақтанның үстінде бұлт ілесіп жүретіні айтылады. Бір нұсқада осындай бұлттың Жанғожада да бар екені бейнеленеді.

«Жанғожа батыр» жырының осы және өзге де ерекшеліктері бұл туынды нұсқаларының да эпос жанрының қыр-сырын жақсы меңгерген өнерпаздар қолынан шыққанын сездіреді.

«Досан батыр» жыры – Маңғыстау өлкесі қазақтарының 1870-1873 жылдардағы Ресей патшалығының отаршылдығына қарсы ұлт-азаттық көте-рілісі туралы эпикалық туынды. Бұл шығарманың мазмұны толық және көркемдігі жоғары нұсқасын жырлаған – атақты ақын Сәттіғұл Жанғабылов.

Жырдың негізгі оқиғалары Досан мен Исаның ақ патшаның қазақ халқына жазған: «Көнсін»,– деген қатынас хатын айырып тастауынан басталады. Патша Баймәмбет биді шақыртып алып, өзіне көнуді, салық беруді талап етеді, егер бұйрығы орындалмаса, ықтиярсыз алуға өзінің күші жететінін ескертеді. Бұл хабарды естіп, Хиуаға қарай босуды ойластыра бастаған халықты тоқтату үшін ояз бастығы полковник Рукен сексен солдаттан құралған әскерін бастап шығады. Қырық жігітке бас болып, інісі – Шабайды қасына ерткен Досан батыр оларға қарсы шығады.

Досанның жолдастары жаудың қарасынан қауіп етіп, кейін шегінгенде, бас қаһарманның жалғыз өзі бораған оқтың ішімен өтіп барып, Рукенді де, оның әскерін де түгелімен өлтіреді.

Бұл оқиғадан үрейленіп, сасқан халық Хорезмге жол тартады. Көтеріліс бастаған батырлар да Маңғыстауда баяндап жүре алмай, елмен бірге кетеді. Бұл хабарды естіген падиша солдатын қойдай шұбыртқан генерал Ломакинді жібереді. Оның: «Қырамын шетіңнен!»– деген хабарынан қорыққан халық оған бағынады. Ломакин қашқан елдің соңына түсіп, он бес күн жол жүріп, Хорезм өлкесіндегі Айладырдың Ақдариясына барып, тынығып жатқанда, Иса, Досан бастаған алпыс кісі аламан оларды таң атқан кезде қамап алады. Бір өзінің қайратын мың кісіге балаған Тәжінің ұлы Досан иіріліп жатқан жау әскерінің арасын жарып өтіп, төрт солдатты өлтіріп, он солдатты тұра алмастай етіп жаралайды. Ломакиннің отряды содан соң беркініп, топ құрып, барабан қағады. Сонда Досан өзінің серіктеріне: «Жерім жоқ енді тиетін»,–деп, қалың қамысы, жалғыз аяқ қана жолы бар Лаузан деген тоғайға барып, жауды сол жерде күту жөнінде ұсыныс жасағанда, жолдастары оны мақұлдайды.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-04; Просмотров: 807; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.046 сек.