Студопедия

КАТЕГОРИИ:


Архитектура-(3434)Астрономия-(809)Биология-(7483)Биотехнологии-(1457)Военное дело-(14632)Высокие технологии-(1363)География-(913)Геология-(1438)Государство-(451)Демография-(1065)Дом-(47672)Журналистика и СМИ-(912)Изобретательство-(14524)Иностранные языки-(4268)Информатика-(17799)Искусство-(1338)История-(13644)Компьютеры-(11121)Косметика-(55)Кулинария-(373)Культура-(8427)Лингвистика-(374)Литература-(1642)Маркетинг-(23702)Математика-(16968)Машиностроение-(1700)Медицина-(12668)Менеджмент-(24684)Механика-(15423)Науковедение-(506)Образование-(11852)Охрана труда-(3308)Педагогика-(5571)Полиграфия-(1312)Политика-(7869)Право-(5454)Приборостроение-(1369)Программирование-(2801)Производство-(97182)Промышленность-(8706)Психология-(18388)Религия-(3217)Связь-(10668)Сельское хозяйство-(299)Социология-(6455)Спорт-(42831)Строительство-(4793)Торговля-(5050)Транспорт-(2929)Туризм-(1568)Физика-(3942)Философия-(17015)Финансы-(26596)Химия-(22929)Экология-(12095)Экономика-(9961)Электроника-(8441)Электротехника-(4623)Энергетика-(12629)Юриспруденция-(1492)Ядерная техника-(1748)

Тарихи трагедия 16 страница




Әбділдә Тәжібаевтың суреткерлік тәжірибесінен өмірлік материалдың ыңғайына қарай өрнек іздеудің бірталай үлгісін табуға болады: оқымыстылар ортасындағы, интеллигенттер тіршілігіндегі драматизмді бейнелейтін «Көңілдестер» пьесасы қара сөзбен жазылғандықтан осал түсіп отырған жоқ, қайта біздің ойымызша, бұл шығарма автордың «Майрадан» кейінгі үздік сахналық туындысы, қазіргі әдебиетіміздің олжасының бірі. Авторлық мұратқа, кейіпкер тұрпатына сәйкес стильдік бояумен жазылған «Қыз бен солдат» пьесасы өлеңдік формасымен даралануы өз алдына, өмірлік материалы, тақырыбы жөнінен де елеулі драма.

«Қыз бен солдат» шетел тақырыбына арналғандықтан ғана сахнада табысқа ие болған жоқ, бұл туынды тәжібаев драматургиясында көп жылдан созылған бір желіні тиянақтағандай еді. Қазіргі қазақ драматургиясы жайын қарағанда, сахнада қойылып, жинақтарда, кітаптарда басылып жүрген пьеса атаулыға тегіс пысқырына қарайтын нигилистікке де, түймедейді түйедей етіп көрсеткен желөкпелікке де жол беруге болмайды: әрбір шығарманы, эстетикалық-идеялық жағынан саралап, оның әдеби дамуындағы орнын анықтайтын анализ қажет.

Драмның жанрлық табиғатынан, сахна өнерінің ерекшелігінен туатын бірқыдыру заңдылықтарды білмеу, ескермеу, спектакль атаулыны мақтай жөнелетін, не пьесаны бағалауға, не режиссер шешімін талдауға шамасы келмейтін алыпқашпа, жалпылдақ рецензияларды қоздатып жіберді. Оларға бақсақ, қазақ артистері шебнрлік шыңына жетіп, драматургтеріміз жауһар туындылардың кеніш байлығын жасап тастаған секілді.

Бүгінгі пьесаларымыздағы психологизм шеберлігі, деректі материал һәм суреткер қиялы, шарттылық құралдарының шығарма жасаудағы мәні, қаһарман тұрпаты мен тартыс бірлігі деген мәселелерді қарастыру ләзім. Сірә, қазақ драматургиясының даму бағдары жайлы тұжырым асығыс баядамамен, көп есімдерді мұрнынан тізіп шыққан шолумен, келте шолақ рецензиямен емес, байсалды эстетикалық арнадан туса керек.

Қонақта отырып, бір кеште естіген уақиға ретінде баяндалған Тахауи Ахтановтың «Жоғалған дос» әңгімесінде трагизм басым. Қанша жыл сарғайып екі көзі төрт болып күткен ері тірі жүріп, бір хабар бермеген әйел басындағы қайғы оқырманға ауыр әсер етеді.

Сол шығарма негізінде автор «Күтпеген кездесу» (Жоғалған дос) деген драма жазды. Екі туындыны текстологиялық жағынан салғастырып қарағанда, жанрлық формалардың бүгінгі түрленуі, суреткердің шығармашылық лабораториясы жайлы пікір айтуға болады.

Әңгіме мен пьеса кейіпкерлері бірдей, олар: Маңғас, Мырзахмет Естемесов, Ғайни, Ғалия, әңгімедегі Нұрлыбек есімі драмада Бабатай боп өзгертілген. Залға бет бұрып тұрып, ат үсті айтылған монолог, үзді-жұлды репликамен көрерменді баурап алу мүмкін емес. Драматург үшін аса керекті нәрсенің бірі, сахнадағы әрекетке деген назарды суытпау. Осы ретпен бүгінгі пьесаларда оқиғаларды бір адамның көзімен беру тәсілі жиі қолданылады.

Бұл жәйтті «Күтпеген кездесу» драмасынан да көруге болады. Маңғас аузымен айтылатын монологтар мен әрекеттік көріністер алмасып отырады. Тұтастай алғанда, пьеса Маңғастың көрерменмен сырласуы, ой бөлісуі секілді әсер қалдырады. Пьесаның бірінші бөлімінің үшінші көрінісі түгелдей жаңадан жазылған, төртінші көріністегі диалогтар әңгіме материалдарын ұлғайтудан туған. Тұтастай қарағанда, шағын прозалық туындыдағы мотивтерді тереңдету, кейіпкерлерді сомдау, басқа жанрлық түрге көшіру арқасында жаңа драмалық шығарма жасалған. Психологиялық шетін күйлерді, көзге бірден шалына бермейтін сезім иірімдерін көрсетуде «Күтпеген кездесу» пьесасының табысы мол.

Қазақ театрларында қазір табыспен қойылып, көрермендер ілтипатына ілінген пьесаларды атағанда, Сәкен Жүнісовтың "Ажар мен ажал" драмасына тоқталмау әділетсіздік болар еді. Шығарма Одақтық конкурста жүлде алғаннан кейін, орыс театрларында "Сильнее смерти" деген атпен қойыла бастады. Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мүхаметжанов қаламынан туған "Көктөбедегі кездесумен" әлемнің көптеген театрларында мыңдаған көрермендер тіл табысты. Драматургтер Ә. Әбішев, Т. Ахтанов, С. Шаймерденов, М. Хасенов, А. Шамкенов, С. Адамбеков, Ә. Тарази, С. Жүнісов, Қ. Ысқақов жаңа шығармалар берді. "Трибунал", "Арбаң аман болсын", "Махаббаттың әлегі", "Әкімдік", "Аңыратпақшы ананы" сияқты аудармалар қойылды.

Әлем әдебиетінің үлкен қаламгері Шыңғыс Айтматовтың қазақ өнерімен байланысы біздің тілімізге аударылу, театрларымыздың сахнасына шығу, жеке жазушыларымызбен қарым-қатынасы, әдебиетіміз туралы пікір айту ауқымынан асып, қазір нағыз суреткерлік достыққа айналды. Қазақ-қыріыз әдебиетінің төл қозысы болған, Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхаметжанов қаламынан туған "Көктөбедегі кездесу" пьесасы - бұл байламның айқын дәлелі.

Сәкен Жүнісовтің "Қызым, саған айтам" драмасының көрермен көңілінен шығуы режиссерлік әдіс тәсілдердің, актерлер шеберлігінің жебеуімен ғана болмағаны хақ. Бұл пьесаның композициялық құрылысында қазіргі драматургияның ең қажетті сапа белгілері бар. Драмалық әрекет хронологиялық ретпен жүріп, бір оқиғадан кейін екінші оқиға туатын сюжет түзудің ескі канондары бүгіңде заңды түрде бұзыла бастады. Форма жаңғыртудың осы процесінде басты рольді психологизм талаптары, бір құбылысқа әр қырынан келу арқылы объектіні тереңнен тану шарттары атқарып отыр. Сахнаға көп адамды шығарып алып, улатып-шулатып қойганша, шағын топтың жүрегіне, сырына үңілу дағдысы дәстүрге ене бастады. Қай жанрда да өмір көріністері ой ағымы арқылы берілсе, шығарманың эмоциялық мәні арта түсетіні суреткерлік тәжірибеден әбден аян.

Әкім Таразидің "Жолы болғыш жігіт" драмасының негізі белгілі қанондарды еске түсіреді. Институтты бітірген жас маман Бөкеннің бастамасына директор, ауыл ішінің белсендісі, облыстық мекеменің бір бастығы қарсы. Бірталай жыл өткеннен кейін бұрынғы бастамасынан енді үлкен қызметкер болып кеткен Бөкеннің өзі де бас тартады. Зады көркем шығарманың қадір-қасиеті оның эмоциялық әсеріне, эстетикалық информация-сигналына байланысты өлшенсе керек. "Жолы болғыш жігіт" драмасында автор таныс конфликтіні ала отырып, жаңа жағдайларды көрсетеді. Ең алдымен, драманың өзіне тән ерекшеліктері, бүгінгі талаптар ескерілген бе? Бірталай пьесаларымыз диалог жасаудан ақсап жүр. Кейіпкерлер сөзі - бір нәрсе туралы пікір, тұжырым ғана болып келеді. Олар синтаксистік жағынан алғанда дұрыс жазылған, сөйлем мүшелері нормативті грамматика заңдарына дөп келеді. Ал классика тәжірибесіне үңілгенде, драма тілі дегеніміз негізінен сөйлеу тілінің интонациясына, ырғағына бағынады ғой. Драма тілі - кейіпкердің жұрт алдында ойлануы, қателесуі, жеңуі, жеңілуі ғой. Ендеше, жып-жылмағай, жылтыраған, жұтынып тұрған судыр сөз ешқашан пьеса тілі бола алмайды. "Жолы болғыш жігіт" драмасының кейіпкерлері бүгінгі өзіміз білетін адамдардың таныс тілімен сөйлейді. Олардың лексикасында әр түрлі терминдер, географиялық, экономикалық атаулар, әлеуметтік, философиялық ұғымдар, тіпті ұзын-ұзын цифрлардың кездесуі бізді таңырқатпайды.

Жазушы Оралхан Бөкеев есімі ертерек қалың оқырманға белгілі бола бастады. Алтайдың марал өсіруші ауылында туып ержеткен қаламгердің әдебиетте бұрын игерілмеген тың, соны тақырыптармен, өз кейіпкерлерімен, өз объектісімен келуі қуантады. М. Әуезов атындағы академиялық драма театры коллективінің Оралхан Бөкеевтің тырнақ алды "Құлыным менің" драмасын сахнаға шығаруы әрі шығармашылық барлау, әрі жас қаламгерге көрсетілген сенім, қамқорлық айғағы. Оралхан Бөкеевтің драматургиядағы тырнақ алды шығармасының жақсы сипаттарымен қоса, кемшіліктерін айту керек. Ең алдымен бірінші, екінші бөлімдерінің арасында органикалық тұтастық жоқ. Тіл байлығы мол қаламгер ретінде танылған О. Бөкеевтің драмалық шығармалары өз сипатымен ерекшеленеді.

Драматургия – сахна машығымен талмай айналысытындардың тірлігі. Онымен сахна төрінде таласқа, тартысқа түсер, ашық күрес пен астыртын күресті анық сезгендер ғана шұғылданады. Осындай асау жанрда талмай еңбектеніп келе жатқан жазушылырамыздың бірі – Дулат Исабеков. Оның қаламының ұшынан дүниеге келген он беске тарта пьесалардың тақырыптық, жанрлық ауқымы сан қилы. Трагедия, драма, мелодрама, комедия деп бөле жармай, қаламгер қоғам, өмір, орта ұсынған қайсыбір мәселелерді болмасын сахна төріне ыңғайлауда өзінің жеке дара жазу стилін қалыптастырған суреткер. Д.Исабеков драмаларының негізгі тақырыбы – замандастар бейнесі.

Ә.Сығай Дулат драмаутргиясының негізгі қасиеті ретінде мынадай ерекшеліктерді атап көрсетеді: Дулат драматургиясына тән жақсы қасиет – оның халықтық колоритке, ұлттық мінез құлық тегершіктеріне молынан назар аударатындығы. Диалогтардың оралымдығымен, юморға жомарт тапқыр тілмен дараланып жатады. Қай пьесасын алып қарамаңыз, өзегі – бүгінгі замандастарымыздың моральдық-этикалық кескін-келбеті. Д.Исабековтің “Әпке”, “Ертеңді күту”, “Ректордың қабылдау күндері”, “Ескерткіш операциясы”, “Мұрагерлер”, “Кішкентай ауыл”, “Қоштасу вальсі”, “Алтын тордағы тоты” т.б. пьесалары оқылуға да, сахнадан көруге де ыңғайлы да оңтайлы. Біз солардың бір-екеуіне тоқталуды жөн көрдік.

Автордың “Ертеңді күту” пьесасы – әке мен бала арасындағы мәңгі бітпес, зәру мәселені қозғайды. Қаламгер әке мен баланың ара қатынасына орай әлеуметтік-психологиялық моральды батыл қозғап, қазіргі зиялы қауым бойындағы мерездік белгілерді айқын бедерлеп, ар-ұждан алдындағы күрделі жауапкершілікті жақтап, тоғышарлық, алаяқтық мінез-құлықтарды айыптап, қаламгер ретінде үлкен қоғамдық іс атқарған. Пьеса – жас өспірімдер мен ересектердің талғамын еске ала отырып қағазға сәтімен түскен материал. Шығарманың психологиялық тұжырымы тереңдеген сайын, әке мен бала айтысының дұрыс-бұрыстығын көрермен талқысына қалдырады. “Әрине, ә дегеннен әкесінің бетінен ала түсетін ұлдың тым шапылдақ мінезі кімге де болса ұнай қоймайды. Дегенмен, шығарма құпиясын өзгеше ашуға талпыныс барлығы айқын байқалады.

Д.Исабековтің “Кішкентай ауыл” пьесасының негізгі нысанасы – соғыс тақырыбы, соның ішінде тыл өмірі, шалғайдағы ел тұрмысы. Майдан мен тыл арасындағы қайғы мен көлеңкелі күлкіні өз шығармасына өзек еткен автор мұраты театр ұжымдары тарапынан зор қолдау тапты. “Кішкентай ауыл” – шағын ғана елді мекеннің өмірі арқылы адамзат біткеннің көкейіндегі ащы шындықты көздің алдына тұтастымен алып келер мағыналы туынды. Сол сияқты “Қоштасу вальсі” пьесасының да философиясы – ізгілікті адамгершілікті, инабаттылықты паш етеді. Ертегі айту формасын пайдалана отырып, автор үлкендердің өздеріне өсиет боларлықтай әлеуметтік-тәрбиелік мәселелер қозғаған. Пьесаның құрылымы жатық, ұғынуға жеңіл. Диалогтары шымыр да жұмыр, әзіл-қалжыңға жомарт. Көруге қонымды, оқысаңыз ойға оралымды. Ересектер үшін де, кішкентайлар үшін де тартымды дүние. Ермек бейнесі жаңашылдығымен көңілге жақын. Жастық қиялға дөп келерлік көріністер автордың көруінде табиғи да шынайы.

Сафуан Шаймерденов соңғы жылдары драматургияға ден қоя бастады. Оның повестері негізінде жасалған инсценировка-пьесалар кейбір облыстық театр сахнасында қойылып жүр. "Дөкей келе жатыр" пьесасы арқылы С. Шаймерденов - драматург астана көрермендері талқысына тұңғыш рет түсті. Сахнада қимыл, әрекет мол. Кейіпкерлердің іс-әрекетінде динамика, қайрат, қуат бар. Пьеса авторының драматургия табиғатын жақсы танитыны байқалады. Комедиялық ситуацияға лайық кейіпкерлер мінезі көрінеді.

Роллан Сейсенбаев пен Есмұқан Обаевтың "Өзіңді тап" драмасы тақырыптық жағынан театрларымызда қойылып жүрген Аманжол Шамкеновтың "Табамын сені", Оралхан Бөкеевтің "Құлыным менің", Ж. Тәшенов пен И. Саввиннің "Қаладан келген қылжақбас", Әкім Таразидің "Асау Бөкен" пьесаларымен ұқсас.

Қалихан Ысқақовтың «Қараша қаздар қайтқанда», «Таңғы жаңғырық», «Есеней – Ұлпан», «Жан қимақ», «Сабатаж!», «Қылкөпір», «Мазар», «Ерліктің екі сағаты», «Апатай», «Жәке-Жәкетай», «Сайқының тұқымдары», «Қазақтар» (Шахимарденмен бірлесіп жазған) барлығы жиырмаға жуық пьесасы бар.

Иранбек Оразбаевтың (Иранғайып) «Хайуандық комедия», «Алтын адам», «Естайдың Қорланы», «Қорқыттың көрі», «Махамбет», «Мауглидің оралуы», «Шоқан», «Мен ішпеген у бар ма?..», «Былыққа батқан қала» пьесалары бар.
Нұрлан Оразалиннің «Шырақ жанған түн», «Тас киіктер», «Ақ құс туралы аңыз», «Қара қазан ғасыры» пьесалары оның ақындық сыршылдығы ықпалындағы лирикалық, психологиялық сарындылығымен ерекшеленеді.

Сұлтанәлі Балғабаев – қазіргі казақ әдебиетіндегі көрнекті драматург-қаламгер. Жазушының «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ең әдемі келіншек», «Қыз жиырмаға толғанда», «Қазақша күрес», «Жамбала, Мико және қасқыр», «Біз де ғашық болғанбыз», «Ғашықсыз ғасыр», «Әйелдер әлемі» пьесаларында өмір шындығының сан түрлі мәселелері камтылған. Жазушының пьесаларында қазіргі заманғы отбасылық-тұрмыстық өзекті мәселелер драмалық, трагедиялық, комедиялық сипаттар тұтастығымен бейнеленген. Мысалы, «Ең әдемі келіншек» лирикалық-психологиялық әуенді пьесасындағы кейіпкерлер тағдыры қайшылықты тіршілік келбетін, әралуан адамдар тағдырларын романтикалық және реалистік болмысымен көз алдымызға әкеледі. Пьесаның басты кейіпкері – Гүлбаршын. Осыдан он жыл бұрын Алматыдағы жоғары оқу орнын бітіргендер сол айтулы күнді атап өту үшін жиналып, тойлап жатқан қауышулар сәттеріндегі сезім өрнектері, тағдырлар тоғысуы – сахналық койылым жағдайына орайластырыла берілген. Басты кейіпкер Гүлбаршын мен жанама кейіпкерлердің (Абдолла, Алтай, Жиенбай, Мадина, Зухра) монологтары мен диалогтары арқылы – әйелдер мен еркектер арасындағы шынайы махаббат пен тағдыр ықпалындағы қарапайым жұбайлық ғұмырға көнетін тұрмыстық психология қайшылығы көрсетілген. Студенттік жылдарының алғашқы курсында он алты жастағы Гүлбаршын бірге окитын Алтайға ғашық болған екен. Алтайға деген алғашқы махаббат сезімін ұмытпаған Гүлбаршынды аласапыран көңіл-күйдегі хал-ахуалымен көреміз. Өзі сүйген адамы Алтайға қосыла алмағандықтан, күйінішті болып жүрсе де, өлердегі сөзін айтып соңынан қалмай қойған Жиенбайға тұрмысқа шыққан, бірақ оның қызғаншақтығынан, ақыры сотталып кетуінен кейін жалғыз жүрген Гүлбаршын тектес тағдырларды елестетеді. Пьесаның сюжеттік-композициялық құрылысындағы Гүлбаршынның сырт сұлулығына, мінез тартымдылығына еліккен Абдолланың да, бұрынғы өзіне ғашық қыздың ықыласына қайта ие болғысы келген Алтайдың далбаса – екіұдай көңіл-күйі де сенімді өрілген. Пьесаның көркемдік_түйіні – ғұмырдың сұлулығы өзіңді жақсы көретін адамның сезімі екендігін бағалау. Пьесаның көркемдік шешімін танытатын кейіпкер Жиенбайдың диалогтары мен монологтары әйелді жан-тәнімен сүйген еркектердің орынсыз қызғанышқа ерік беретініне де, маскүнемдікке салынатынына да, қызғанған адамдарымен төбелесетініне де, содан сотталатынына да кейіпкер тағдыры сендіреді. Бірақ, өзі ғашық болып қосылған әйелден ешқашан ажырағысы келмейтін, жылдар өтсе де қайта қосылудан күдер үзбейтін еркек махаббаты Жиенбай тағдыры арқылы жинақталып берілген. Пьеса сюжетінің шешімінде адамдардың алып-ұшқан асау сезім құрсауына қанша түссе де, бәрібір тұрмыс заңдылығына бағынатындығы дәлелденеді. Өзіне өліп-өше ұмтылған Абдоллаға да, бір сәттік қайта оянған сезімін білдірген Алтайға да берілмей, қанша алабұртып толқыса да, өзіндік өмірлік тұрағына мәңгілікке оралған Гүлбаршын тұлғасы арқылы тиянақты шешімді тектес адамдардың мінез-құлық психологиясы көркем шындықпен жинақтала көрсетілген.
Жазушының «Біз де ғашық болғанбыз», «Қыз жиырмаға толғанда», «Ғашықсыз ғасыр», «Әйелдер әлемі немесе ең жақсы еркек» атты пьесаларында да еркек пен әйел арасындағы сан алуан кайшылықтар егізделген тұрмыстық-әлеуметтік хал-ахуал мәселелері қамтылған.

Драматургия саласында да халық ықыласпен қабылдаған тың туындылар жазылып, республика театрларының сахналарында қойылумен келеді.
Сәкен Жүнісовтің «Кемеңгерлер мен көлеңкелер» (Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов бейнелеріне арналған), Әбіш Кекілбаевтың «Абылай хан», М.Байсеркеұлының «Абылайханның ақырғы күндері», «Кек қылышы Кенесары», Жолтай Әлмашұлының «Сана дерті», «Абақты-ғұмыр», «Фрустракция» (Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанбек Қожанов, Сәкен Сейфуллин туралы) пьесалары – қазақ тарихының ақтандақ беттерін көркем шындықпен өрнектеген туындылар.
Жолтай Әлмашұлының пьесаларындағы қазақ тарихының қайраткер тұлғаларының бейнеленуі – әдебиетіміздің өзекті тақырыпты игерудегі жаңашылдық.
Ж. Әлмашұлының «Сана дерті» (драма-элегия) пьесасындағы басты кейіпкер Төреқұлов Нәзір (1892-1937) – ғалым-ағартушы, мемлекет және қоғам кайраткері, публицист. Жазушы осы қайраткердің Сауд Аравиясындағы елші болып тұрған кезіндегі бір сәтін ғана пьесаға арқау еткен. Төрт көрісті драма-элегияның сюжеттік-композициялық желісіндегі басты кейіпкер Нәзірдің монологтары, диалогтары арқылы тарихи тұлғаның жан ділі әлемі дүниетаным кеңістігі, қызметін қазақ ұлтының және жалпы адамзаттың ортақ игілігіне арнаған гуманистік ойлары саралана танылады. Жазушы тарихи шындық деректерін негізге ала отырып, Нәзірдің көптеген тілдерді меңгерген қабілеттілігін, Алаш көсемдерімен (Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, т.б.) ниеттес болғанын, пьесаның идеялық желісінде айқындаған. Мәскеуден келген шақырудың ажалға апаратын суық лебін сезінген Нәзірдің бұған дейінгі мағыналы өмір жолын шолып өткені, ғашығы Еңліктің елес-бейнесімен, басмашылар қолынан қаза тапқан әкесі Төреқұл-рухымен сырласуы, орынбасары болып жүріп Нәзір туралы жалалы мәліметтерді Мәскеуге жіберіп отырған жалақор-бәлеқор Сыпкинмен бет ашысуы, сенімді серік қызметкері, әдебиет пен өнерге тілеулес жас жігіт Сабыржанмен сұхбаттары – бәрі де шығармадағы көркем шындық поэтикасы заңдылықтарының шеберлікпен орындалғанын таныта алады. Халықтың қызметшісі болып еңбек етіп, барлық іс-әрекеттерімен, мінез-құлық дағдыларымен адамгершілік-имандылық ұстанымымен жүрген Нәзірдің монологтары оның табиғи-тарихи жан ділі болмысын айқын елестетеді. Жазушы басты кейіпкердің монологтарынан Кеңес мемлекетіне адал көз қарасын баяндалған.

Ж. Әлмашұлының «Фрустракция» атты драма-элегиясында қазақ тарихындағы көрнекті ақын, прозашы, драматург, мемлекет қайраткері, ағартушы-ұстаз, ғалым Сәкен Сейфуллиннің жазықсыз қамауға алынар алдындағы алаңжар көңіл-күйдегі хал-ахуалы бейнеленген. Тақырыбы – Қазақ халқының ұлттық мәдениетіне зор үлес қосқан С.Сейфуллиннің тарихи тұлғасын даралай бағалау, идеясы – адамгершілік-имандылық жолындағы адал қызметтің бағаланбауына күйзелген адам жан ділі әлемінің қасірет шеккен жағдайын таныту. Психология ғылымының анықтамасы бойынша: «Фрустракция (от лат. frustratіo – обман, расстройство, разрушение планов) – психическое состояние человека, вызываемое объективно непреодолимыми (или субъективно так воспринимаемыми) трудностями, возникающими на пути к достижению цели или к решению зад^ачи; переживание неудачи. Фрустракцию можно рассматривать как одну из форм психологического стресса». (Психология: Словарь / Под общ. ред. А. В. Петровского, М. Г. Ярошевского. 2-е изд., испр. и доп. – М.: Политиздат, 1990. – 494 с; С. 433-434).
Аталған пьесаға осы психологиялық анықтама-атаудың тақырып болып қойылып, туынды кейіпкері С. Сейфуллиннің, онымен тағдырлас қазақ зиялыларының жан әлемін аңғартқандай мағынаны байқатады. Пьесадағы С. Сейфуллиннің әдеби-драмалық тұрғыда бейнеленуі – туындының тақырыптық атауына орай психологиялық сипатымен көрінеді. Пьесаның идеялық, көркемдік шешімі – жақсылық, әділдік салтанат құратын қоғам, мемлекет болатынына сөнгендердің үміттері үзіліп, керісінше зұлымдық, жендеттік жазалаулар, тәркілеу, аштық, қуғын-сүргін орын алған кезеңге дұшар болғаны Сәкеннің пьесадағы монологымен де айқындала түскен: «Фрустракция!.. Фрустракция!.. Қоғам, қазақ жұртының көңілі құлазып тұрған шақта біз қалай серпіліп, желпіліп кете аламыз, бауырларым-ау!.. Елді, жерді тастап, қайда, қай жаққа барамыз, туғандар-ау! (күрсінеді)». Жазушы қазақ халқы үшін жан-тәнімен қызмет еткен дарынды, күрескер қайраткерлердің сергелдеңге түскен тағдырларын пьесаларының тақырып нысанына ала отырып, оқырмандарды-көрермендерді азаматтық-отаншылдық парызды сезіну, адалдықты сақтау ұлағатымен тәрбиелеу мұратын бағдарлаған. Жазушы-драматургтің бұлардан басқа пьесаларында да уақыт пен кеңістіктегі адамтану тұрғысындағы өзекті тақырыптар арқау етілген.




Поделиться с друзьями:


Дата добавления: 2015-06-26; Просмотров: 1485; Нарушение авторских прав?; Мы поможем в написании вашей работы!


Нам важно ваше мнение! Был ли полезен опубликованный материал? Да | Нет



studopedia.su - Студопедия (2013 - 2024) год. Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав! Последнее добавление




Генерация страницы за: 0.021 сек.